Семинар сабақ 15 сағат ожсөЖ 45 сағат Барлығы 135 сағат Орал 2009 ж


Шетел әдебиеті пәні бойынша глоссарий



бет7/12
Дата05.11.2016
өлшемі2,18 Mb.
түріСеминар
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Шетел әдебиеті пәні бойынша глоссарий
1. Антикалық әдебиет - латынның “антикус” сөзі қазақшаға аударғанда “көне”, “ежелгі” деген мағынаны білдіреді, яғни, антикалық әдебиетті көне, ежелгі дәуір әдебиеті деп түсінген жөн.

2. “эллинизм дәуірі” немесе “эллиндік кезең” – ірі құлиеленушілік қарым-қатынастар дәуірі.

3. “полистер” - шағын қалалық мемлекеттердің орнына тарих сахнасына шыққан ірі әскери-монархиялық бірлестіктер

4. дифирамб – Дионис құдайға арналып айтылатын мадақ ән

5. Сатирлер – түр-әлпеті ешкіден аумайтын, адам қалпындағы мақұлықтар (демондар)

6. Тирандар - Грекиядағы жаңадан дамып келе жатқан демократиялық мәдениеттің бастаушыларын атады.

7. “мелос” - әндік лирика

8. «Эмбаторий» - шабуылдық ән

9. трубадурлар - рыцарлық әдебиеттің алғашқы негізін қалаушылар, ақындар (trobar-іздеу, табу.).

5. Дәрістік кешен (дәріс тезистері, көрнекілік, таратылу материалдары, қажетті әдебиет тізімі).
1 Дәріс. Пәнге кіріспе. Антика мифологиясы.

Қарастырылатын сұрақтар: Көне дәуірлердегі Грекиядағы алғашқы қоғамдық – тарихи құрылым – қауымдық құрылыс. Қауымдық идеология. Грек мифологиясының бастаулары.

Дәріс мақсаты: Көне дәуір, яғни антика әдебиеті және мәдениетінен толықтай хабардар болу.

Дәріс мазмұны:

Туған тілдің мемлекеттік дәреже алуы өзіміздің ана тілімізде көршілес елдермен шетелдің мәдени-рухани құндылықтарын игеріп, салыстырмалы тұрғыда меңгеруге жол ашты. Қазақ өзінің дүнияуи (материалдық) және рухани жетістіктерін Шетелге таныстырып, ырзығына ортақтастығына ынталы ел екендігін ескерсек, сондай ынтызарлықпен өзге елдің де жетістіктеріне зер салып, ең болмағанда шетелдің әдебиетін меңгеруге ұмтылуы бұл да, құптарлық.

Көне дәуірлердегі Грекиядағы алғашқы қоғамдық – тарихи құрылым – қауымдық құрылыс. Алдымен ауызша, соңынан жазбаша формадағы әдебиет үлгілерін өмірге әкелген грек халқының бүкіл бітім-болмысы мен тұрмыс-тіршілігі осы құрылыспен тығыз байланысты. Бұл кезде мемлекет пен оған байланысты қоғамдық институттар әлі пайда болған жоқ, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық салалар да орнықты дами қоймаған болатын. Осындай қауымдық құрылым жағдайында өмір сүрген адамдардың санасы, олардың өмірге деген көзқарасы мен ол туралы наным-сенімдері, ұғымдары да осы тарихи белеспен тығыз байланысты, оған тікелей тәуелді болды. Қандай да болмасын қоғамдық топ тек стихиялық-ұжымдық (коллективизм), яғни туыстық қарым-қатынастар негізінде ғана пайда бола алды. Бұл жағдай қауымдық идеологияның пайда болуына себепші болды да, ал бұл идеология, өз кезегінде, адам өміріндегі, оның ішкі жан-дүниесі мен сыртқы ортасындағы қандай да болмасын құбылысты танып-білу мен сараптау әрекеттерінің барлығына да тікелей ықпал етті.

Сонымен, алғашқы қауымдық идеология – ең алдымен, туыстық қарым-қатынастар идеологиясы. Не себепті? Себебі, осы көне дәуірлерде тіршілік құрған адамдарға жалпы қоғамдық қарым-қатынастардың тек осы түрі ғана таныс, түсінікті болды. Ежелгі гректер мұндай қарым-қатынастар тек жанды құбылыстардың ғана арасында болады деп есептеді. Сол себепті қауымдық құрылыс өкілі табиғат және әлем туралы ой қозғаса, бұл нәрселер оған жанды және бір-біріне жақын құбылыстар болып көрінді. Яғни, бүкіл ғалам, бар космос жанды нәрселерден тұрады, сонымен қатар бұл құбылыстар да адамдар секілді белгілі бір қауым құрайды.

Сөйтіп, Күн, Ай, жұлдыздар, өзен-көлдер, тау-теңіздер және тағы басқалары бір-біріне деген белгілі бір туыстық қатынастары бар жанды нәрселер болып түсінілді. Бұл құбылыс ғылымда “мифология” деп аталады. Сөйтіп, мифология – алғашқы қауымдық құрылыстың идеологиясы болып саналады.

Антикалық әдебиет ғасырлар бойы қалыптасып дамыған халық ауыз әдебиетінен бастау алып, өз бойына оның көптеген қасиеттерін қабылдады. Ежелгі римдіктер өздерінің дербес, ұлттық наным-сенімдері бола тұра (олардың бізге кейбір жұрнақтары ғана жеткен), б.э.д. ҮІ ғасырдан бастап грек мифологиясына көшіп, грек құдайларына римше, яғни датынша атау бере бастаған. Римдіктердің өзіндік мифологиясы грек мифтерімен толысып, грек мифологиясымен қатарласа дамыды. Бізге рим мифологиясының көптеген үлгілері белгілі, әсіресе ежелгі рим аңыздары: Ромулдың Рим мемлекетінің негізін қалауы, Эней батыр туралы, Горацийлер мен Куриацийлер арасындағы қанды қырғын, өз-өзіне қол жұмсаған Лукреция, Римді күйреуден аман алып қалған қаздар туралы аңыздар және т.б.



Грек мифологиясының бастаулары.

Антикалық теогонияны (яғни құдайлардың пайда болуы, өсіп-өрбуі) төмендегідей схема арқылы қарастыруға болады: түпсіз Хаостан (тұңғиық, түпсіздік, тәртіпсіздік) – Космос (тәртіп, әлем, сұлулық, үйлесім) пайда болады. Сонымен қатар алғашқы құдайлар да, яғни құдайлардың бірінші ұрпағы дүниеге келген: Гея (Жер), Никта (Түн), Эреб (Қараңғылық), Тартар (Тұңғиық), Эрос (Махаббат). Геядан Уран (Аспан) мен Понт (Теңіз) дүниеге келеді. Бұл құдайлардың сыртқы тұлғалық пішіні жоқ, олар көп жағдайда табиғи стихиялармен теңестіріледі. Бұлар құдайлардың алғашқы, бірінші ұрпағы боп саналады.

Құдайлардың екінші ұрпағы осылапдың бір-бірімен құрған некесінен туындайды. Эреб пен Никта өмірге үш мойраны (тағдыр иесі әйел құдайлар: Лахесис өмір жолын өлшеп береді, Клото тағдыр жібін иіреді, ал Атропос оны қияды), үш эринияны (кек алушы әйел құдайлар: Алекто, Мегера және Тизифона), Гипносты (ұйқы құдайы), Момды (ащы мысқыл құдайы), Немезиданы (әділ жаза беруші әйел құдай), Танатосты (ажал құдайы), Харонды (өлген адамдардың жанын Стикс өзені арқылы өлілер патшалығына жеткізуші), Эриданы (дау-жанжалдың әйел құдайы), Эфирді (ауа стихиясы) және т.б. әкелген. Гея мен Хаос қорқынышты жылан Пифонды туса, Гея мен Тартар аузынан от шашқан дәу Тифон мен жартылай әйел-жартылай жылан Ехиднаға өмір берген. Гея мен Понт - Нерейді (теңіз астының мейірімді қария иесі), теңіз құбыжықтарының әміршілері – Форкий мен оның жұбайы Кетоны дүниеге әкелген. Гея мен Уран - үш гекатонхейрді (жүз қолды, елу басты дәулер), үш циклопты (бір көзді дию), 13 алыпты (гигант), 12 титанды (олардың ішінде Океан, оның жұбайы Тефида, Гиперион, оның жұбайы Тейя, Фемида - әділ сот, Крон – Уақыт, оның жұбайы Рея бар) және т.б. таратқан.

Крон мен Реядан құдайлардың үшінші ұрпағы тарайды: Гестия – шаңырақтың әйел құдайы, Деметра – табиғаттың гүлдену, жетілуінің әйел құдайы, Гера – неке құдайы, Аид – жер асты елінің патшасы, посейдон – теңіз құдайы, Зевс – Кронның кенже ұлы, грек пантеонының ең жоғарғы әміршісі. Осы ұрпаққа Океан мен Тефиданың ұрпақтары жатады: өзен-көлдердің 3000 құдайы, 3000 океанидтер (олардың ішінде Азия, Калипсо, Плуто, Стикс, Электра бар), Нерей мен Дориданың ұрпақтары – 50 нереидтер (олардың ішінде Фетида, Галатея бар), Гиперион мен Тейяның ұрпақтары – Гелиос (күн құдайы), Селена (Ай ханшайымы), Эос (таңғы шапақтың әйел құдайы), Тавмант пен Электраның ұрпақтары – Ирида (кемпірқосақтың әйел құдайы), гартиялар (қорқынышты жартылай әйел-жартылай құстар), Форкий мен Кетоның ұрпақтары – Ладон (Атлас тауындағы алтын алмалы бақты қорғаушы айдаһар), граялар (тумысынан ақ шашты, үшеуге ортақ бір көзді және бір тісті кемпірлер), горгоналар (Медуза, Сфено, Эфриала) және т.б. Тифон мен Ехиднаның ұрпақтары – Кербер, Лерней гидрасы, Немей арыстаны, Зевстің қыраны, Орф, Сфинкс, Химера: Иапет пен Клименаның ұлдары – Атлант, Прометей және т.б.

Құдайлардың 4 ұрпағына Зевстің 2 ұрпаққа жататын әйел құдайлармен бірлесіп өмірге әкелген балалары жатады. Оның екінші жұбайы Фемидадан – оралар (тәртіп пен әділдіктің әйел құдайлары), Мнемозинадан – музалар (өнердің әйел құдайлары: Каллиопа (эпикалық поэзия), Клио (тарих), Мельпомена (трагедия), Полигимния (салтанатты гимндер), Талия (комедия), Терпсихора (би), Урания (астрономия), Эвтерпа (лирикалық поэзия), Эрато (махаббат поэзиясы)) өмірге келген.

Зевс және 3 ұрпаққа жататын әйел құдайлардан: бірінші жұбайы Метидадан – даналықтың әйел құдайы Афина, Эвриномадан – хариталар (сұлулық пен тіршілік қуанышының әйел құдайлары), Плутодан – Тантал, Летодан – Аполлон (өнер мен көркемдік шабыт құдайы) мен Артемида (аңшылықтың әйел құдайы), Деметрадан – Персефона, үшәншә әйелі Герадан – Арес (соғыс құдайы), Геба (жастық шақтың пірі), Гефест (от пен ұсталық өнер құдайы) тараған.

Зевс пен 4 ұрпаққа жататын әйел құдайлардан: Эгинадан – Эак (өлілер патшалығындағы сот), Майядан – Гермес (сауда құдайы және құдайлар хабаршысы) өмірге келген.

Сонымен қатар, Зевстің ұрпақтары – Ү-ХІІ ұрпақтарға жататын әйел құдайлар мен адамдардан туған құдайлар мен батырлар: Семеладан – Дионис (шарап жасау ісінің құдайы), Ледадан – Сұлу Елена, Данаядан – Персей, Алкменадан – Геракл. ІҮ ұрпаққа, сонымен бірге, Посейдонның ұлдары (Антей, Тритон, Пегас, Протей, Полифем, Тезей және т.б.), Атланттың ұрпақтары – плеядалар, Гелиостың балалары – Фаэтон және т.б. жатады.

Құдайлардың ұрпақтан-ұрпаққа қарай өсіп-жетілу барысында мынадай тенденция байдалады: алдымен нақтылы пішінсіз, жыныссыз бастау – сонан соң табиғи стихиялар – құбыжықтар – адамға ұқсас құдайлар – батырлар (ажалды пенделер), яғни Хаостан (түпсіз, пішінсіз, қараңғы да мағынасыз тұңғиықтан) – әсем де сұлу, заңды да үйлесімді әлем Космосқа, жағымсыз, сүйкімсіз формалардан - әсем, үйлесімге толы формаларға деген қозғалыс.

ІІІ және ІҮ ұрпаққа жататын құдайлар негізгі антикалық құдайлар тобын құрай ды. оларды кейде 12 Олимп құдайы деп те атайды. грек мәдениетімен бірге наным-сенімдерін де қабылдаған римдіктер грек құдайларына өз римше атаулар берді: Зевс – Юпитер, Гера – Юнона, Аид – Плутон, Посейдон – Нептун, Гестия – Веста, Деметра – Церера, Аполлон – Аполлон, Арем – Марс, Гермес – Меркурий, Гефест – Вулкан, Афина – Минерва, Артемида – Диана, Дионис – Вакх, Бахус, Афродита – Венера, Эрос – Амур, Крон – Сатурн, Ника – Виктория, Пан – Фавн, Тихе – Фортуна, Эос – Аврора, мойралар – паркалар, музалар – каменалар, хариталар – грациялар, Геракл – Геркулес, Одиссей – Улисс және т.б.



Дионистік және аполлондық бастау.

Әйгілі неміс философы Ф.Ницше өзінің «Трагедияның музыка рухынан пайда болуы» (1872) атты еңбегінде екі ежелгі грек құдайының есімін пайдалана отырып, жалпы адамзат мәдениетіндегі бар бір-біріне қарама-қарсы екі бастау, екі сарынды көрсетіп берді. Біріншісі – дионистік бастау (өміршең, асау сезім, сонымен қатар надан, қараңғы, ессіз оргияға бейім сарын), екіншісі – апллондық бастау (ақыл, парасат, логика, сұлулық пен нұрға талпыныс), Ницшенің пікірінше, ең жан-жақты дамыған адам, яғни идеал адам – осы өз бойындағы екі бастауды бір-бірімен ұштастыра алған, оларды бір-бірімен теңестіре алған адам деп есептейді. Шын мәнінде, нұрлы да парасатты Аполлонның бойында көлеңкелі тұстар да бар, ал қараңғы да асау сезімді Дионистің бойында ақыл мен әсемдік жұрнағы да табылады.


2- дәріс. КӨНЕ ДӘУІР ӘДЕБИЕТІ. ЕГИПЕТ

Қарастырылатын сұрақтар:

  1. Көне дәуірлердегі шығыс елдеріндегі тарихи жағдай.

  2. Ежелгі Египет әдебиетінің қалыптасу тарихы. Діни әдебиет.

Дәріс мақсаты: Көне Мысыр әдебиеті және мәдениеті қазынасының әлем мәдениеті дамуына ықпалы турасында хабардар болу.

Дәріс мазмұны:

Көне дәуірлердегі шығыс елдеріндегі тарихи жағдай. Ежелгі Египет әдебиетінің қалыптасу тарихы. Діни әдебиет. «Пирамидалар кітабы» - ежелгі египет әдебиетінің көрнекті ескерткіші. Байырғы мысырлықтардың наным-сенімдері. Гор, Сет, Осирис, Исида, Нефтида – көне мысырлықтардың құдайлар пантеонының басты образдары. «Өлілер кітабы» - ежелгі дәуірден біздің заманымызға дейін жеткен әдеби ескерткіш.

3 Дәріс. Антика дәуіріндегі әдебиет.



Қарастырылатын сұрақтар: Грек әдебиетінің алғашқы жазба ескерткіштері. АНТИКАЛЫҚ ӘДЕБИЕТТІҢ КЕЗЕҢДЕРГЕ БӨЛІНУІ.

Дәріс мақсаты: Көне грек әдебиеті және мәдениеті қазынасының әлем мәдениеті дамуына ықпалы турасында хабардар болу.

Дәріс мазмұны:

Латынның “антикус” сөзі қазақшаға аударғанда “көне”, “ежелгі” деген мағынаны білдіреді, яғни, антикалық әдебиетті көне, ежелгі дәуір әдебиеті деп түсінген жөн. Алайда, жалпы әлемдік әдебиеттану ғылымында қалыптасқан дәстүр бойынша “антикалық әдебиет” термині тек ежелгі грек пен рим әдебиеттеріне қатынасты ғана қолданылады. Яғни “антикалық әдебиет” деп біз ежелгі Грекия мен ежелгі Рим әдебиеттерін түсінеміз.

Грек әдебиетінің алғашқы жазба ескерткіштері біздің эрамызға дейінгі ҮІІІ ғасырға жатады, ал ежелгі рим әдебиетінің алғашқы үлгілері – б.э.дейінгі ІІІ ғасырда пайда болған деген ғылыми болжам бар.

Тарихтан белгілі, сонау көне бір замандарда бақ-дәулеті көкке шалқыған, айналасындағы күллі ұлан-ғайыр территорияны өз қол астына қаратқан даңқты Рим империясы бірнеше ғасырға созылған үстемдігінен кейін ішкі алауыздықтардың кесірінен ақыр аяғында Шығыс Рим және Батыс Рим империялары болып екіге бөлінді. ұлы державаның соңғы қалдығы боп саналатын Батыс Рим империясының құлауы мен көне рим әдебиетінің соңы бір уақытқа тап келеді. Бұл – біздің жыл санауымыздың Ү ғасыры. Әлемдік әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, бұл кезең ежелгі грек әдебиетінің де аяқталған уақыты. Сөйтіп, жалпы антикалық әдебиет тарихы 1200 жылдай көлемді тарихи уақыт аралығын қамтитын әлемдік әдебиет тарихының қомақты бір бөлшегі боп саналады.



АНТИКАЛЫҚ ӘДЕБИЕТТІҢ КЕЗЕҢДЕРГЕ БӨЛІНУІ.

Әдебиет зерттеуші ғалымдардың пікірінше, антикалық әдебиет, негізінен, 3 кезеңнен тұрады.

І – кезең – ғылымда “Классикаға дейінгі” немесе көне (архаикалық) кезең деп аталады. Бұл дәуір халық ауыз әдебиетінің сан ғасырлар бойғы тарихын қамтып келіп, біздің жыл санауымызға дейінгі І-ші мыңжылдықтың алғашқы жартысына дейін созылады. Бұл заман шығармалары бізге жетпеген, олар туралы нақты деректер де тым аз. Бұл шығармалардың тарихта болғандығын ғалымдар, негізінен, кейінгі дәуірлердің жекелеген авторларының шығармаларында кездесіп қалатын олардың атауларына ғана сүйеніп пайымдайды. Бізге толығымен болмаса да жеткені – соқыр жырау Гомердің “Илиада” мен “Одиссея” атты ерлік эпостары. Олар, шамамен, б.э.д. ҮІ ғасырда жазылған.

ІІ – кезең – Ежелгі Грекияның құлиеленушілік құрылысының гүлденіп, дамыған уақытына сәйкес келеді. Ол біздің жыл санауымызға дейінгі ҮІІ - ІҮ ғасырлар аралығын қамтиды. Әдетте, бұл кезеңді “классикалық” кезең деп атайды, себебі, бұл дәуірде жеке тұлғаның ішкі жан-дүниесінің, сезім табиғатының, оларды сыртқы ортаға көрсету, шығару формаларының дамуына байланысты оларды оқырман мен көрермен көңіліне жеткізудің бірден-бір құралы ретінде лирика мен драманың көптеген түрлері дүниеге келді. Сондай-ақ ежелгі грек философтарының, филологтарының, тарихшыларының және шешендерінің (Сократ, Платон, Демокрит, Эпикур және т.б.) дана да көркем шығармаларынан тұратын бай прозалық әдебиеттің дамуы да – осы дәуір ерекшелігі.

ІІІ – кезеңді ғалымдар, әдетте, “эллинизм дәуірі” немесе “эллиндік кезең” деп атайды. Бұл дәуір – ірі құлиеленушілік қарым-қатынастар дәуірі. Сол замандарда елді әлеуметтік-саяси тұрғыдан ұйымдастырып, басқарудың бірден-бір үлгісі боп саналатын, “полистер” деп аталатын шағын қалалық мемлекеттердің орнына тарих сахнасына ірі әскери-монархиялық бірлестіктер шықты. Қоғам өмірінде орын алған осындай тарихи аумалы-төкпелі кезеңге байланысты қоғам өмірімен әркез тығыз байланыста болатын әдебиет пен мәдениет салалары да көптеген өзгерістерге ұшырады.

Жалпы эллиндік дәуір – классикалық кезең мәдениетінің құлдырау дәуірі болып саналады. Әрине, бұл кезең өте ірі уақыт көлемін қамтыған кезең болды. Ол біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІІІ ғасырдан біздің эрамыздың Ү ғасырына дейін созылды. Сол себепті бұл дәуірдің өзін кейбір ғалымдар “Бастапқы эллинизм дәуірі” және “Кейінгі эллинизм дәуірі” деп екіге бөліп қарастырады. Сонымен қатар, осы эллинизм дәуірі рим әдебиетінің де бастау алып, дамуымен қатар келеді. Сондықтан да бұл заманды кейде “эллиндік-римдік дәуір” деп те атайды.

Б:д.д. ІІІ ғасырда пайда болған рим әдебиеті архаикалық (көне) кезеңді өзі пайда болған уақыттан кейінгі екі ғасыр бойы басынан кешірді.

Б.д.д. І ғасыр, әдетте, рим әдебиетінің кемеліне жетіп, гүлденген уақыты деп саналады, яғни бұл – рим әдебиетінің классикалық кезеңі. Ал кейінгі белес – біздің жыл санауымыздың І - Ү ғасырлары – классикадан кейінгі кезең деп есептеледі.


3 дәріс. Тақырыбы. Араб әдебиеті

Қарастырылатын сұрақтар:

  1. Араб әдебиетінің пайда болуы мен даму баспалдақтары.

  2. Құран — араб жоне әлем әдебиеттерінің классикалық үлы ескерткіші.

Дәріс мақсаты: Студенттердің шығыстық мәдениеттің ірі саласы – араб әдебиетінің пайда болу, даму тарихын білуі.

Дәріс мазмұны:

Ежелгі ауызша араб поэзиясы. (Өсиет, мақал-мәтел, шешендік өнер). VII ғ. Араб жазба әдебиетінің пайда болуы, 3-кезеңнен өтуі: біріншісі — ерте орта ғасырлық (VII ғ. - ортасынан VIII ғ. оргасына дсйін); екіншісі - классикалық ( VIII ғ.-ХІІ ғ. ортасы), үшіншісі — кейінгі орта ғасырлық (ХІІІ— XVIII гғ.). Араб поэзиясындагы дәстүрлік, шешендік-риторикалық мазмұнды иелену" бағыты.



Ежелгі арабтардың сөз өнері (VI гасырдан VII ғ. ортасына дейін). Б.з.д. 1 мыңжылдықтың бірінші ғасырындагы Сабей мемлекетінің жоғары мәдениеті. "Муаллақ" атанган үздік өлендерін жазған ақындар: Имруль-кайс, Тарафа, Зухайра, Аль-Хариса, Амра ибн Кульсума, Антара, Лабила шығармаларын VIII ғ-да Хаммадтың "аль-Муаллакат" атты ерекше жинақта жинауы. Муаллақ өлеңінің өзге авторлары: аль-Муфалдалем ад-Даббидың) VIII ғ. екінші жартысы), аль Асманидың (740—825/31) және ақындар Әбу Таммам мен аль-Бухтурилар жинағы.

Құран - араб жоне әлем әдебиеттерінің классикалық үлы ескерткіші. Ислам дінінің пайда болуы. Мұхаммед пайғамбар. Қүранның 114 сүреден тұратындығы. Қүранның ең үзақ (екінші сүре 286 аят) ең қысқа сүрелері (103,109,110: үш-ақ аяттан). Құран кітабының ішіндегі тарихи естелік тәрізді оқиғалы көркем әңгімелер. Осы көркем әңгімелердегі Адам Ата мен Хауа Анадан бастап, ең соңғы Мұхаммед пайғамбарға дейінгі адамзат тарихының елеулі оқиғаларының суреттелуі.
4 Дәріс. Драманың пайда болуы. Трагедия және комедия

Қарастырылатын сұрақтар: Ежелгі грек драмасының тақырыптық, көркемдік ерекшеліктері.

Дәріс мақсаты: Студенттердің мәдениеттің ірі саласы - әдебиет бастауында болған драманың пайда болу, даму тарихын білуі.

Дәріс мазмұны:

Драма жеке әдеби жанр ретінде Грекияда б.д.д. ҮІ ғасырда пайда болды да өз көрерменіне, ең алдымен, трагедия және комедия түрінде жетті. Ежелгі грек драмасының тақырыптық, көркемдік ерекшеліктері, олардың өзектілігі әлі күнге дейін бізді таңғалдырып келеді. Бұл туралы қысқаша айтар болсақ, грек драмасының өн бойындағы негізгі сюжеттік желі – жеке тұлғаның өздік еркіндігі, қоғамдағы тұлғалар қақтығысы және олардың өзара қарым-қатынастары, яғни осы күні де өзінің өзектілігін жоймаған мәселелер еді. Сондай-ақ, жеке тұлғаның қоршаған ортаның тылсым табиғаиына деген көзқарастары мен оның ішкі және сыртқы әлемнің бітім-болмысын тануға деген құштарлығы да драмалық шығармалардың мазмұнынан қомақты орын алды. Әрине, драма мұндай дамыған озық күйде тек Грекияда ғана пайда бола алды. Себебі, драма жеке жанр ретінде өмірге келген кезең – Грекияда демократиялық өркениеттің орныққан тұсы еді.

Қауымдық тайпадан бөлініп шыққан жеке тұлғаның бойында қауымдық сананы жеңіп, өзінің ішкі жан-дүниесі мен оны қоршаған ортаның табиғатын тануға, жаратылыстың өндіргіш күштерін түсініп-білуге деген ұмтылыс пайда болды. Осындай қажеттіліктердің салдарынан бұл кезде бабалардан бері қалыптасып, ел санасына әбден сіңген Олимп құдайларының пантеонына да бірқатар өзгерістер енді, жаңа құдайлар мен оларға табынушылық пайда болды.

Солардың бірі – Дионис құдай (немесе римше - Вакх). Жалпы бұл құдайға табынушылық Грекияға өзге жерден – Фракиядан келді.

Дионис – табиғаттың гүлдену құдайы, яғни ежелгі гректердің түсінігінше, табиғаттағы жаңарып, жасару процестері осы Дионис құдайдың қолында-мыс. Бұл құдайға табыну ұжымдық табыну болып, кейіннен ол оргиастикалық сипат алды. Дионис құдайдың алдында адамдардың әр түрлі әлеуметтік топтарға, таптарға бөлінуі күнә болып саналды. Оған табынушылар өздерін ерлер – вакханттар, ал әйелдер - вакханкалар деп атады. Диониске арнап жыл сайын әр түрлі діни рәсімдер - мистериялар, мерекелік шерулер өткізіліп тұрды. Оларды “Дионисий мейрамдары” деп атады.

Бірақ, уақыт өте келе Дионис құдай да, оған арналған рәсімдер де ұмытылып, тек солардың жұрнағы ретінде бізге трагедия мен комедия түрінде драма ғана жетті. Әрине Дионис құдайға табынушылықтан гректің классикалық драмасына дейінгі жол өте ұзақ та ауыр болды. Дегенмен де, жалпы әдебиеттегі драманың бастауы осы Дионис құдайға табынудан шыққан діни рәсімдер – мистериялар болып саналады.


ТРАГЕДИЯНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ.

Драманың негізгі жанрлары трагедия мен комедияның нақты неден бастау алғаны туралы әдебиеттану ғылымында бірқатар болжамдар бар. Әрине, түрлі зерттеуші ғалымдар түрлі деректер келтіріп, түрлі болжамдар айтады. Десек те, солардың бірнешеуіне тоқталып көрелік.

1-болжам. Аристотель өзінің бір еңбегінде трагедияны дифирамб айтушылардан пайда болды деп жазады (дифирамб – Дионис құдайға арналып айтылатын мадақ ән). Шынында да, дифирамб Дионисті мадақтауға арналған хромен айтылатын әннің түрі. Сол себепті, трагедия сахнадағы жеке әнші мен хордың алма-кезек ән айтуынан пайда болған. Біртіндеп, жеке әнші әртіске айналып, ал хор трагедияның негізі ретінде қалыптасқан. Эсхил, Софокл, Еврипид секілді ұлы грек трагиктерінің шығармаларын сарапқа салсақ, олардың өн бойынан ежелгі грек классикалық драмасындағы хордың даму жолын анық көруге болады. Бұл жолда Эсхилл шығармаларынан бастап хордың маңызы азайып, ал Еврипид шығармаларында хор тек музыкалық үзіліс ретінде ғана қызмет еткен, яғни ол трагедиядағы оқиға желісінен біртіндеп мүлде алшақтаған.

2-болжам. Екінші бір еңбегінде Аристотель трагедияны сатирлердің ойынынан пайда болды дейді. Сатирлер – түр-әлпеті ешкіден аумайтын, адам қалпындағы мақұлықтар (демондар). Ешкілер, текелер – жалпаы Дионис құдайға деген табынушылықта жиі пайдаланылатын жануарлар болды. Тіпті Дионис құдайдың өзі де жиі теке түрінде бейнеленіп, оған деген құрбандыққа да текелер шалынатын. Бұл жерде құрбандыққа шалынған текенің етін жеген адам Дионис құдайдың бір бөлшегін де өз бойына сіңіреді-міс деген сенім айқын көрінеді. Жалпы “трагедия” сөзінің грек тіліндегі тікелей мағынасы “текелер әні” немесе “текелер туралы ән” (трагос – теке, оде - ән).

3-болжам. Ежелгі Грекиядағы Элевсин қаласында жер асты құдайы Аидтің әйел құдай Деметраның қызы Персефонаны ұрлап алуын бейнелейтін мистериялар өткізіліп тұрған. Ғылымда афинылық трагедиялардың дамуына осы элевсиндік мистериялар зор ықпал етті деген болжам бар.

4-болжам. Әр трагедияның мазмұнында белгілі бір тұлғалардың өлімін жоқтау бөлімі бар. Сондақтан да кейбір зерттеуші-ғалымдар трагедияны френостан, яғни қазақша жоқтаудан пайда болған деп санайды.

5-болжам. Сондай-ақ, қазақ болған ерлер мәйітінің жанындағы мимикалық би туралы да жиі айтылып келеді, яғни бірқатар ғалымдар бұл билердің де трагедияның туындауына бір септігі болған деп есептейді.

Әрине, бұл болжамдардың бірін де жоққа шығара алмаймыз. Бірақ олардың әрқайсысы жеке-дара трагедияның бастауы бола алмайтыны да анық.

Сөйтіп уақыт өте келе трагедия көңілді сатирлік драмадан бөлінді. Ал кейін мифологиялық трагедия мен сатирлік драмадан мифтік тақырыптарға тәуелсіз комедия бөлініп шықты. Бұл бөлшектену тарихта ежелгі грек драмасының дамуындағы елеулі кезең болып қалды.
АРИСТОФАНҒА ДЕЙІНГІ КОМЕДИЯНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ ЖӘНЕ ДАМУЫ. КОМЕДИЯНЫҢ БАСТАУЛАРЫ.

Ежелгі грек комедиясы б.э.д. ҮІ ғасырда пайда болды. Оның пайда болуына төрт түрлі элемент себепкер болды:



  1. Пародиялық немесе карикатуралық мағынадағы шулы да көңілді қойылымдар;

  2. Ауылдық тұрғындардың Дионис мейрамдарында қалаларға барып, қала тұрғындарын келемеждеп айтатын әндері.

  3. Құрамында оргиастикалық элементтері мен құрбандық рәсімі бар Дионис құдайға бағышталған мистериялар

  4. Дионис мейрамдарында айтылатын табиғаттың гүлденуне ықпалы бар Олимп құдайларына арналып айтылатын әндер.

Осы төрт элементтің бірігуінен көңілді де шулы меркелік шерулер – карнавалдық қойылымдар туындады. Мұндай шерулер көңілді әндерге, әзілгі, тіпті кейде дөрекі қылықтарға да толы болды. Оған қатысушылар әртүрлі жан-жануарлардың кейпіне еніп, солардың табиғи мінез-құлықтарын бейнеледі. Жалпы «комедия» сөзінің төркіні бірнешеу: 1. комос – мерекелік көңілді тобыр, 2. соме – деревня немесе ауыл және оде - ән деген сөздердің бірігуінен шыққан деп те саналады.

КОМЕДИЯНЫҢ ТАРИХИ-ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ.

Мұндай түрлі-түсті киінген, өздерін еркін ұстайтын ауыл тұрғындарының бұл мерекелік ойындары жүре-бара біртіндеп әлеуметтік – саяси мағынаға ие бола бастады. Енді бұл мерекелерді тек ойын деп қана түсінбей, оларды ауыл тұрғындарының байыған қала кәсіпкерлеріне қарсы көрсеткен саяси қарс үні деген көзқарас қалыптасты. Себебі байыған қала шонжарлары мен кәсіпкерлері елді қайта-қайта жаңа жаулап алушылық соғыстарға итермелей бастады. Екіншіден, олар қалалық экономикалық күштерді одан әрі қарай дамытып, қала мен даланың арасындағы экономикалық теңсіздікті күшейтті. Осының салдарынан ауылдардың өндіргіш күштерінің ел экономикасына деген ықпалы күрт азайды. Сол себепті қала мен ауыл секторларының арасындағы саяси антагонизм одан әрі өрши түсті. Осындай қоғамдық-саяси катаклизмдер әдебиет пен мәдениет салаларына өз әсерін тигізбей қоймады. Мысалы, ежелгі аттикалық комедия біртіндеп демократия мен софистерге қарсы бағытталған өткір драмалық шығармаға айналды.

Сөйтіп, классикалық комедия қарсыласқан екі саяси күштердің ықпалының астында дамыды. Олардың бірі – еркін және ұсақ жер иелері (шаруалар мен консервативтік аритократия), екіншісі – қалалық әскери және сауда-өндірістік демократия. Бұл екінші күш грек-парсы соғысынан кейін Ү ғасырдың ортасында пайда болған еді.


КОМЕДИЯНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰРБАНДЫҚ РӘСІМІНЕ ЖӘНЕ ТРАГЕДИЯҒА ҚАТЫНАСЫ.

Ежелгі грек комедиясына Дионис құдайға деген табынушылықтың (культ) көптеген элементтері карикатуралық және пародиялық түрде енді. Олар – хор, агон (екі жартылай хордың айтысы) енді екі – жаңа дәстүр мен ескі дәстүрдің айтысы ретінде енді, парабаса (хордың көрермендерге қарай қозғалып, оның ақын атынан көрермендерге қарата айтатын сөзі), өте бай безендірілген және түрлі-түсті бетперделер (маскалар), алтарь жанындағы күлдіргіш пен оның жанындағы жиналған тобыр – бұл абыз бен халықтың көшірмесі.



Аристотельдің айтуынша, трагедияда көрермендерге әсер ететін басты күштер – қорқыныш, кейіпкерлерге деген аяушылық сезім, сондай-ақ көрермендердің күнделікті тұрмыстан бір сәт арылып, өмірдің қатал да әділ заңдарына тікелей куә болып, жан-дүниесі бір серпілген көңіл-күйі. Ал комедия болса, көрерменді жалған мұқтаждық көріп жүрген кейіпкерлерге деген күлкімен жұбатады. Дегенмен де, бұл екі жанрдың – трагедия мен комедия – екеуі де, негізінен, Дионис құдайға табынушылықтан пайда болған. Трагедия мен комедия өздерінің діни-рәсімдік мағыналарын өте ерте жоғалта бастады да, көп ұзамай құлиеленуші полистің ең өміршең идеяларын бейнелейтін көркем қойылымдарға айналды. Сөйтіп олардың құрамындағы діни рәсімдердің тек жұрнағы ғана қалды. Ауылдық мекендерде пайда болған комедия алғашында қалалық мәдениетке қарсы антагонизм жағдайында дамыды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет