Сегізінші бөлім
МИНИСТІРЛІККЕ ҚАЙТА ОРАЛУ
«Қайтқан мал да қайыр бар!» Бұл нақыл осы жағдайға дәл келе ме, келмей ме білмейміз, әйтеуір, Есенов өзі жақсы көретін геологиясына оралғаны бір жағынан дұрыс та шығар деп ойлады. Ал, бұл қызметтің де қайыры бола ма, болмай ма оны әзірге өзі де білмейді. Себебі күмәнді. Соңғы жылдары Орталық Комитет пен Ғылым академиясы арасындағы, анығын айтқанда өзіне қолдау көрсетіп, ақ жол тілеп, президент болуына бірден-бір жағдай жасаған Бірінші хатшы Қонаевтың көз-қарасы мүлдем өзгерген-ді. Неге өзгерді? Кімдер өзгертті? Бұл сауалдарға біз емес, сол уақыттың адамдары, яғни, Қоневты танитын, қызметтес болған, олар да Қазақстан республикасы басшылығының бір жағында жүрген азаматтар айтатын болады.Алда әңгімеленеді.
Шахмардан министірлікке келе Қазақстан бойынша жүргізіліп жатқан геологиялық және геофизикалық іздестіру-барлау жұмыстарының барысымен танысты, кен орындарын тағы да бір рет аралап шықты, проблемалармен көзбе-көз танысты. Ол кезде Геология министрлігі тікелей Мәскеу министрлігіне қарайтын, сол да оған оңтайлы болып тұр. Шешуін күтіп тұрған көп мәселені Мәскеу арқылы шеше берді, біраз істің басын қайрып алды. Есновтың бұл іс тәсілі оларға—Қазақстанның Орталық Комитетіне ұнамады. Бір рет ескерту де жасады, ақыр соңында көреалмаушылық пен қызғаншақтықтың ауруы асқынып, Мәскеуге іссапарға шығуға тиым салды. Бірақ, ол қол қусырып қарап отырмады, министрліктің көп шаруасын хат пен телефон арқылы шеше берді. Мәскеудегі абырой-беделін қазақстандық басшылар біржолата жоя алған жоқ. Мына хат соны да байқатады.
Достарыңызбен бөлісу: |