Шетел тілдері факультеті Шетел филологиясы кафедрасы О. Қ. Жармакин тіл біліміне кіріспе гуманитарлық мамандықтар студенттеріне арналған негізгі дәрістердің конспектісі Павлодар



бет6/8
Дата25.08.2017
өлшемі2,49 Mb.
#26082
1   2   3   4   5   6   7   8
1.Сөз таптарының шығуы мен дамуы Бірсыпыра зерттеушілер сөз таптарының шығуын мүшелерімен байланыстырады. Мысалы, акад. И.И Мещанинов өзінің "Сөйлем мүшелері мен сөз таптары" (М., 1945) деген кітабында былай деп жазды: "Сөйлемде зат есім - бастауыш немесе толықтауыш, сын есім - анықтауыш, үстеулер – пысықтауыш, етістіктер баяндауыш ретінде жұмсалады. Олай болса, сөз таптары сөйлем мүшелері болу арқылы бөлініп шықты", - дейді (203б.).

Бұл пікір онша дәл емес. Мүмкін кейбір сөз таптары (мысалы, үстеу) солай жасалынса, жасалған шығар. Бірақ барлық сөз табы сөйлем мүшелерінен бөлініп шықты деу әр уақыт дұрыс бола бермейді. Мәселен, зат есім, сын есім, етістік дегендер өз алдына жеке-жеке жасалуы немесе бірінен-бірі бөлініп шығуы әбден мүмкін.

Ескерте кететін нәрсе: бұл құбылыс бірден бола салған жоқ. Ол тарихи даму барысында біртіндеп жасалып қалыптасты. Аталған ойды тіл білімінің әйгілі білгірлері А.А.Потебня мен В.М.Жирмунскийлер де айтқан болатын.

Мәселен А.А.Потебня: "Сын есімдер зат есімдерден бөлініп шықты.Зат есімнен сын есімнің бөлініп шығуы дегеніміз зат есімнің (анықтауыш) мүше ретінде қолданылуы деп жазды, өзінің 1899 жылы шыққан «Из записок по русской грамматике» деген еңбегінде ( ІІІ бөлім, 86-6.).

Көне дәуірде зат есімдер мен сын есімдердің жігі ажырамаған. Мысалы, жас, көк сөздерінің әрі зат есім (жас келсе іске, ертең көкке шығалық) , әрі сын есім (жас бала көк шөп) болуы сол көне кұбылыстың ізі екендігін көрсетеді. Тілімізде әрі зат есім, әрі сын есім болатын сөздер (ыстық, жарық, салқын, суық) ғана емес, әрі зат есім, етістік болатын сөздер де бар. Мысалы: көш (көш келе жатыр, бүрсігүні жайлауға көш) той, тоң, ық, т.б. Кейде тіпті бір сөздің өзі үш түрлі сөз табына жатуы мүмкін. Мысалы: ауыру зат есім (ескі ауру), ауыру — сын есім (ауру жүрек) ауыру — етістік (ішінің ауыруы жанына қатты батты). Бұлар лексикалық омонимдер. Бұлардың зат есім сыңары - зат есімдерше, сын есім сыңары — сын есімдерше, етістік сыңары —етістіктерше түрленеді, олардың әр қайсысына тән категориялармен сипатталады.

Бұл нені көрсетеді?



Бұлзат есімдер мен сын есімдердің, етістіктердің, үстеулердің дамуы барысында біртіндеп жігі ажырап, дербес лексика-грамматикалық категориялар ретінде қалыптасқандығын көрсетеді.

Яғни сөздер қолданылу ыңғайына, атқаратын қызметіне, мағынасына карай сараланады, топтасады. Осылайша дамудың барысында сөз таптары жасалады.

Сөз таптарының бірден пайда болмай, тілдің тарихи даму барысында біртіндеп жасалатындығын үстеулердің сөз табы ретінде қалыптасуынан да көрінеді. Мысалы: қазақ тілінде босқа, зорға, бірге (барыс сеп.); кейде, қапыда, бірде (жатыс сеп.) жүресінен, кенеттен, (шығыс сеп.); жайымен, ретімен (көмектес сеп.); орыс тілінде: вечером, порой, издавна, вплотную т.б. Бұлар үстеулер. Олардың түбірлері — зат есімдер (қапы, жайы, реті), сын есімдер (бос, зор), сан есімдер (бір), есімдіктер (кей). Бұл есім сөздерге септік жалғаулары жалғаньш, пысықтауыш қызметінде жұмсалу барысында үстеулерге айналған. Көрсетілген үстеулердің құрамындағы жалғаулары сол сөздердің айрылмайтын бөлшегіне айналып, көнеленіп кеткен. Оларды сөздердің түбірінен бөліп алып қарастыруға болмайды. Олар түбірге сіңісіп кеткен. Сөйтіп, сөз лексикаланып, пысықтауыштық қызмет атқарып, басқа сөз табына айналған.

Яғни есімдерден үстеу сөздер жасалыну үшін үш түрлі шарт керек екен. Олар:



1) есім сөздерге септік жалғауларының біреуі жалғанып, оның әбден орнығып калыптасуы және көнеленуі;

  1. олардың мағына жағынан әуелгі төркіндерінен алшақтауы;

  2. пысықтауыш қызметінде жұмсалынуы.

Қазақ тілінде көсемше формалы етістіктердің пысықтауыш қызметінде үнемі жұмсала келіп, әбден қалыптасуынан және ондай формалардың көнеленуінен жасалған үстеулер де бар. Мысалы: аздап, аз-аздап, қайыра, жағалай, таласа-тармаса, т.б. Бұлардың көсемшелерге тек форма жағынан ғана ұқсастығы бар. Әйтпесе олар — үстеулер.

Олардың үстеу екендіктерін мыналардан көруге болады:

1) бұларға тікелей жіктік жалғаулары жалғанбайды;

2) олар сөйлемде баяндауыш болып қызмет аткармайды;



3) бұл сөздерде етістіктерге тән шақтық, жактық т.б. қасиеттер жоқ;

4) бұлар сөйлемде тек пысыктауыш болып қызмет атқарады;

5) бұларға етістіктерге жалғанатын болымсыздық жұрнағы (-ма, -ме) қосылмайды.

Қазақ тіліндегі сүзеген, тебеген, қабаған, жатаған тәрізді сөздер формасы жағынан есімшелер. Бірақ бұлар тілдік табиғаты жағынан - сын есімдер. Өйткені олар ұдайы анықтауыш қызметінде жұмсала келіп, өздерінің есімшелік мағыналарынан айырылып калған да, сын есімдерге айналып кеткен.

Сөз таптарының бір-біріне ауысуы сөздің лексикалық мағынасының өзгеруімен тығыз байланысты. Лексикалық мағынада өзгеріс болмай тұрып, бір сөз табының басқа бір сөз табына ауысуы мүмкін емес. Мәселен, жоғарыда айтылғандай, ауыру деген тұйық етістік семантикалық жақтан дами келіп, бұл күнде сын есім мағынасында да (ауру адам), зат есімі мағынасында да (ауруды емдеу) қолданыла береді. Қазір зат есімдер болып қалыптасып кеткен егеу, көсеу, бояу, жабу деген сөздер де тұйық етістіктердің заттануынан жасалғандар. Бұл сөздер, сонымен бірге, етістік қалпын да сақтап қалған. Сондай-ақ, батыр, ер, қарт деген сын есімдер субстантивтеніп, зат есім түріңде де қолданыла береді.

Сөйтіп, сөз таптары бір-біріне ауысып жатады. Ол ауысу сөздердің лексикалық мағыналары мен грамматикалық мағыналарының өзгеруі нәтижесінде іске асады. Бір сөз табының екінші бір сөз табына ауысуына карай ғылымда олардың атаулары да әр түрлі болып келеді. Мысалы, басқа бір сөз табы зат есімге ауысса, оны субстантивтену (больной, ученый, трое), сын есімге ауысса — адьективтену (қашаған, сүзеген), есімдікке ауысса — прономиналдану (біреу келіп кетті), үстеуге ауысса - адвербиалдану (күнде, кешке, босқа, лажсыздан, қайта, жата-жастана), шылауға ауысса — конъюнктену (күн ашық, әрі ыстық), етістікке ауысса – вербалдану (Махамбет ақын, Махамбет - батыр) деп атайды.

Шылаулар да бір кездері жеке-дара қолданылатын дербес мағыналы атауыш сөздер, олардың кейбіреулері мағыналары солғындап, дербестігінен айырылып, көмекші сөздерге айналуы нәтижесінде бірте-бірте қалыптасты, сөйтіп, жеке категория болды. Мысалы: шейін (шек+ін), сияқты (сиық+ты), бойы (бой+ы), жөнінде (жөн+ін+де), шамалы (шама+лы) деген септеулік шылаулар есімдермен тектес, ал дейін (де+й+ін), қарай (қара+й) тәрізді септеулік шылаулар етістіктермен тектес.

Қорыта келгенде, сөз таптары бірден емес, тілдің тарихи дамуы барысында біртіндеп сараланды, дамыды. Олардың әрқайсысы өзіндік жалпы категориялды мағынаға ие болады, морфологиялық жағынан тұлғаланады. Сөз тудырушы және сөз түрлендіруші арнайы формаларға ие болып, сөйлемде белгілі бір синтаксистік қызмет атқаруға икемделеді.

8.2 Сөз таптарының топтастырылуы Тіл білімінде сөз таптарының табиғаты жайында әр түрлі көзқарастар бар. Мәселен, А.А.Потебня, А.А.Шахметов, И.И.Мещанинов, В.В.Виноградов сияқты ғалымдар сөз таптарын лексика-грамматикалык категория деп қарайды. Бұлардың пікірінше, әрбір сөз табының мағынасы сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасынан құралады.

Ф.Ф. Фортунатов болса сөз таптарын морфологиялық-грамматикалык, (формалъды-грамматикалык) категория деп қарайды. Ол сөздерді алдымен "түрленетін" және "түрленбейтін" (үстеу) сөздер деп топтастырады да, түрленетін сөздерді "септелетін" (зат есімдер), "жіктелетін" (етістіктер) сөздер деп, іштей тағы да жіктейді.

О.П.Суник пен А.А.Реформатскийлер сөз таптарын таза грамматикалық категория ретінде қарастырады. Мәселен, О.П.Суниктің пікірінше, тіл білімінде сөз таптарын топтастыруда негізге алынып жүрген заттылық (зат есімдерге тән), анықтауыштық немесе атрибутивтік (сын есімдерге тән), іс-әрекеттік немесе процессуальдық (етістіктерге тән) мағыналарды жалпы грамматикалық мағыналар деп қарап, бұларды басқа сөз таптарынан ажырататын белгілер деп есептейді.

Біздің ойымызша, сөз таптарын лексика-грамматикалык категория деп қарайтын ғалымдардың пікірлері дұрыс. Өйткені сөз таптары, шындығында да, бір-бірінен тек грамматикалық жағынан ғана емес, сонымен бірге, олар лексикалық мағынасы жағынан да ажыратылады. Мәселен, зат есімдерге тән мағына заттылық мағына, сын есімдерге тән мағына - атрибутивтік мағына, етістіктерге тән мағына процессуальдық мағына. Бұлар олардың сөз табы ретіндегі мағыналары. Бұл мағыналар әр сөз табына енетін күллі сөздердің бәріне ортақ.

Сөз таптарына тән категориялды (жалпылама ортақ) мағынаны сөздің лексикалық мағынасымен де, оның грамматикалық мағынасымен де шатастыруға болмайды. Сондықтан да, бұл мағына, сөз таптарына тән жалпылама ортақ мағына тіл білімінде — жалпы категориалды мағына деп аталынады (ол сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасының жалпылану арқылы бірігуінен жасалады).

Сонымен, сөз таптары бір-бірінен, біріншіден, жалпы категориялды мағыналары жағынан ажыратылады, екіншіден, олар өздеріне тән грамматикалық белгілері арқылы (көптелу, жіктелу деген сияқты) ажыратылады. Грамматикалық белгілердің өзі екі түрлі. Оның бірі морфологиялық белгі, екіншісі синтаксистік белгі.

Морфологиялық белгінің қатарына сөз тудыру формалары (жұрнақтар) мен сөз түрлендіру формалары (жалғаулар) енеді.

Мысалы: етік+ші, өн+ім зат есімдер; дене+лі, тұз+ды, айт+қыш, тап+қыш сын есімдер; таға+ла, шеге+ле, қан+а, өрт+е етістіктер. Бұлар - сөз тудырушы аффикстер арқылы жасалған. Ол аффикстер әр сөз табына телініп, олардың грамматикалық белгісі ретінде қызмет атқарып тұр.

Ал үй+лер, қала+ға, кіші+рек, кел+ді+к, бар+са деген сөздер түрлендіруші формалар арқылы жасалғандар. Бұл сөздердегі жалғаулар да жоғарыдағы жұрнақтар сияқты бір сөз табын екінші сөз табынан ажыратуға себепші болып тұр. Мысалы, осы сөздердегі -лар, -ға жалғаулары зат есімдерге тән болса, -рек сын есімдерге тән. Ал ді+к пен -са жалғаулары етістіктерге тән. Бұлар - тиісті сөз таптарын сипаттайтын морфологиялық белгілер.

Сөйтіп, морфологиялық белгі дегеніміз - бір сөз табындағы сөзді басқа бір сөз табындағы сөзден ажырататын грамматикалық формалардың белгілі бір жүйесі.

Ал синтаксистік белгі дегеніміз белгілі бір сөз табына қатысты сөздердің сөйлемдегі қызметі, яғни сөйлем мүшесі болу қызметі мен олардың басқа сөздермен тіркесу қабілеті. Айталық, зат есімдер етістіктермен тіркеседі де, бастауыш немесе толықтауыш қызметін атқарады. Бұл оның жалпы категориялды мағынасы; олар - заттық, ұғымдық мағыналармен тығыз байланысты.

Сын есімдер мен сан есімдер зат есімдермен емін-еркін тіркесе алады. Бұлай болуы занды да. Өйткені сапа, сан әрқашан затқа телулі болады. Осыған орай сын есімдер мен сан есімдер анықтауыш қызметінде жұмсалады. Бұл жердегі бағынышты мүше - сын есімдер мен сан есімдер.

Үстеулердің сөйлемдегі негізгі қызметі - пысықтауыш болу. Олар етістіктермен тіркесіп (олардың алдында тұрып), іс-әрекетін қимыл-сынын, мезгілін, мекенін, күйін білдіреді.

Етістіктердің негізгі қызметі сөйлемде баяндауыш болу. Ол бастауыштың іс-әрекетін, қимылын білдіреді.

Бұл айтылғандарға қарап, зат есім тек бастауыш пен толықтауыш, сын есім мен сан есім анықтауыш, үстеу - пысықтауыш, етістік — баяндауыш болудан басқа ешқандай сөйлем мүшелері бола алмайды екен деген үғым тумасқа тиісті. Олар қолданылу ыңғайына карай сөйлемде кез келген мүше бола алады. Бірақ жоғарғылардан басқа қызмет атқаруы - оларға тән басты қызмет емес, қолданылу барысында туған, екінші қатардағы қызмет.



Қорыта айтқанда: сөз таптары дегеніміз ~ бір-бірінен 1) жалпы категориялды мағынасы, 2) морфологиялық 3) синтаксистік белгілері арқылы ажыратылатын, лексика-грамматикалық (дұрысы семантика-грамматикалық) сипатқа ие сөздер тобы екен.
9. Тоғызыншы дәріс. Дүние жүзі тілдері және олардың топтастырылуы (классификациясы)

Дүние жүзінде шамамен 7 мың тіл бар. Олардың ішінде тайпа тілдері дс, халық тілдері де, ұлт тілдері де жоқ емес. Кейбір тілдер кең қолданылып, халықаралық тілдер дәрежесіне дейін жеткен. Олар: қытай, ағылшын, испан, орыс, араб, француз тілдері.

Тіл білімінде дүние жүзіндегі тілдерді екі түрлі тұрғыдан топтастырады: біріншісі - тілдің шығу тегі тұрғысынан, яғни туыстығы, бір негіз тілден бөлініп шыққандығы тұрғысынан; екшшісі - шығу тегіне байланыстырылмай, грамматикалық құрылысы мен типінің ұқсастығы тұрғысынан. Топтастырудың бірінші түрі - тілдердің генеалогиялық топтастырылуы, екінші түрі типологиялық (немесе морфологиялық) топтастырылу деп аталынады.

9.1. Тілдердің шығу тегі, туыстығы (генеалогиялық) жағынан топтастырылуы Дүние жүзіндегі тілдер өздерінің шығу тегінің бірлігіне, яғни туыстығына қарай әр түрлі семьяларға, семьялар әр түрлі топтарға бөлінеді.

Семья деген термин - шығу тегі бір, біртектес тілдердің бірнеше топтарының жиынтығы дегенді білдіреді. Ал топ деген термин - бір семьяға жататын, бірақ туыстығы басқаларға қарағанда тіптен жақын тілдерді білдіреді. Мысалы, түркі тілдері өзара туыстас тілдер. Олар жалпы түркілік бір негізден шыққан. Сондықтан оларды түркі тілдер семьясы деп атаймыз. Ал роман тілдері үндіеуропа тілдер семьясына жатады. Оның ішінде өздері бір негізден, яғни латын тілінен шыққандығына орай олар роман тілдері тобын құрайды. Үңдіеуропа тілдер семьясына жататын герман тілдерінің негізі грек тілі болғандықтан олар өз алдына бөлек топ құрайды.



Тілдердің туыстығы, өзара жақындық дәрежесі әр түрлі. Сондықтан туыстас тілдердің кейбіреулері бір-бірімен өте жақын болуы мүмкін, кейбіреулері алшағырақ болуы мүмкін. Мысалы, бір ғана ундіеуропа тілдер семьясына жататын тілдердің бәрі де туыстас тілдер. Алайда бұлардың бір-біріне жақыңдық дәрежесі біркелкі емес. Сондықтан да, үндіеуропа тілдер семьясы өз ішінде: 1) славян тілдері, 2) роман тілдері, 3) герман тілдері, 4) индия тілдері, 5) иран тілдері деген сияқты т.б. топтарға бөлінеді.

Осы топтардың әрқайсысына енетін тілдердің де өзара жақындық дәрежесі әр түрлі болады. Мысалы, бір ғана славян тобына жататын орыс тілі мен чех тілінің жақындық, ұқсастык жақтары орыс, украин, белорус тілдерінің өзара жақыңдық, ұқсастық жақтарына қарағанда әлдеқайда алшағырақ.



Осындай белгілеріне қарап жоғарыда аталған топтардың әрқайсысы өз ішінде тағы да бірнеше кіші топтарға (подгруппаларға) бөлінеді. Мысалы, славян тілдер тобы өз ішінде: 1) шығыс славян, 2) оңтүстік славян 3) батыс славян тілдері болып үш кіші топқа бөлінсе, түркі тілдер семьясына жататын тілдер де өз ішінде осылай үлкен топтар мен кіші топтарға жіктеліне алады.

Сөйтіп, туыстас тілдердің бір-бірімен жақындығы, ұксастығы бірдей бола бермейді екен. Олардың ішінде негізгі сөздік қоры мен фонетикалық жүйесі және грамматикалық құрылысы жағынан бір- біріне өте жақын, ортақ белгілері көп тілдер де болады, керісінше, айырым жақтары молырақ, демек ортақ белгілері азырақ тілдер де болады.

Шығу тегі, туыстығы жағынан топтастыру барысында дүние жүзіндегі тілдер былайша жіктелінеді:

I. Үндіеуропа тілдері семьясы. Бұған туыстас тілдердің төменгі топтары енеді:

1. Индия тобы. Бұл топқа енетін тілдер: бенгал тілі (Үндістан мен Пакистанда), Пенджаб тілі (Индия мен Пакистанда), синдх тілі (Үндістан мен Пакистанда), сингаль тілі (Шри-Ланкада), непал тілі (Непалда), урду тілі (Пакистанда), хинди тілі (Үңдістанда), цыған тілі.

2. Иран тобы. Бұл топқа мына тілдер енеді: парсы тілі (Иран), пушту тілі (Ауғанстан), тәжік тілі, курд тілі (Түркия, Иран, Ирак, Азерб.), осетин тілі т.б.

3. Славян тобы. Бұл топ, жоғарыда айттық, өз ішінде тағы үш топқа бөлінеді: а) шығыс славян тілдері (орыс, украин, белорус), ә) оңтүстік славян тілдері (болгар, македон, серб, хорват, словен), б) батыс славян тілдері (чех, словак, поляк).

4. Балтық тобы: литва, латыш тілдері (өлі тіл - прус тілі).

  1. Герман тобы. Бұлар іштей үш топқа бөлінеді: а) солтүстік герман (скандинав) тілдері: дат, швед, норвеж, исланд; ә) батыс герман тілдері: ағыл., нидерланд, неміс, голланд, идиш; б) шыгыс терман тілдері: гот, вестгот, остгот.

  2. Роман тобы. Бұл топқа енетін тілдер: француз, итальян, испан, португаль, румын, молдаван тілдері (өлі тіл - латын тілі).

  3. Келт тобы: ирланд, шотланд (өлі тіл - галль).

  4. Грек тобы: грек тілі.

  5. Албан тобы: албан тілі.

  1. Армян тобы: армян тілі.

II.Семит-Хамит (афразия-афро-азият) тілдері семьясы:

1. Семит тобы: араб, иврит тілі көне еврей тілі, бервер-ливия тілі, кушит, чад, финик, моавит тілдері.

2. Египет тобы: көне египет тілі - копт тілі.

III. Кавказ (Иберия-Кавказ) тілдері семьясы. Бұларға жататын тілдер: грузин, абхаз, адыгей, кабардин, черкес, шешен, ингуш, дағыстан, авар, лезгин.

ІҮ. Фин-угор (угро-фин) тілдері семьясы. Бұлар екі топка бөлінеді:

  1. Угор тобы: венгер тілі, манси (вогуль) тілі, ханты (остя) тілі; сонғы екеуі Ресей Федерациясында.

  2. Фин тобы: фин, веп, вод, ижор, карель, эстон, коми-зырян, коми-перм, удмурт (вотя), марий, саам, мордва (эрзя, мокша) тілдері.

V. Түркі тілдері семьясы. Бұлар ең алдымен а) батыс хун бүтағы және ә) шығыс хун бұтағы деп, екіге топтастырылады:

А. Батыс хун бұтағы төртке бөлінеді:



  1. Оғыз (Оңтүстік Батыс) тобы: түрікмен, азербайжан, түрік, гагауз.

  2. Қыпшақ (Солтүстік Батыс) тобы: қазақ, қарақалпақ, татар, башқұрт, ноғай, карайым, құмық, қарашай, балқар, қырым татарлары.

  3. Қырғыз-қыпшақ тобы: қырғыз, алтай.

  4. Бұлғар тобы: чуваш.

Ә. Шығыс хун бұтағы екіге бөлінеді:

  1. Қарлұқ (Оңтүстік Шығыс) тобы: өзбек, жаңа ұйғыр.

  2. Ұйғыр-оғыз (Солтүстік Шығыс) тобы: якут, тува, хакас, шор, көне ұйғыр.

ҮІ. Монгол тілдері семьясы. Оған мына тілдер енеді: монғол, бурят, қалмақ, моголь (Ауғанстан), монгор (Қытай), дагур (Солтүстік Шығыс Қытай).

ҮІІ. Тұңғыс-манжұр (тунгус-маньчжур) тілдері семьясы. Бұл тілдер екі топқа бөлінеді.

  1. Тұңғыс тобы: эвенк, эвен, орок, ороч.

  2. Манжур (маньчжур) тобы: манжүр, негидаль, нанай, удэгей, ульч т.б.

ҮІІІ. Қытай-тибет тілдері семьясы. Бұлар да екі топқа бөлінеді:

  1. Тай-қытай тобы: қытай, дүнген, тай, лаос, въетнам.

  2. Тибет-бирма тобы: тибет, бирма, лоло, акха, тангут, качин

IX. Палеоазиат тілдері семьясы. Бұл үш топқа бөлінеді:

  1. Чукот-камчат тобы: алютор, ительмен, коряк, чукот тілдері.

  2. Эскимос-алеут тобы: алеут, эскимос.

  3. Нивх-юкагир тобы: кет, нивх, юкагир.

X. Самоди тілдері семьясы. Бұған ненец, энец, тавгий, нганасан, селькуп тілдері жатады.

Бұл семьялардың ешқайсысына жатпайтын тілдер де бар. Олар: жапон, корей, т.б. тілдері. Себебі бұлар әлі тұгел зерттелініп біткен жоқ. Зерттеушілердің айтуынша жапон, корей тілдерін алтай тілдері тобына жатқызуға болатын сияқты.

"Алтай тілдері" демекші, кейбір ғалымдар жоғарыда аталған біраз тілдер семьяларын біріктіріп, Алтай тілдері және Орал тілдері деп екіге бөледі де, Алтай тілдеріне: түркі, монгол, түңғыс-манжүр, корей, жапон тілдерін, ал Орал тілдеріне: фин-угор, самодей, дарвид (Үндістанда) тілдерін жатқызады.
9.2 Тілдердің құрылымдық (типологиялық) ерекшеліктері жағынан топтастырылуы

Құрылымдық яғни морфологиялық ұқсастық бір негізден тараған туыстас тілдердің арасында ғана емес, сонымен бірге, әр басқа негізден тараған тілдердің арасында да бола беруі мүмкін.

Басқаша айтқанда, шығу тегі жағынан әр басқа тілдердің арасында да құрылымдық яғни морфологиялық ұқсастық болады.

Мұны түсіну үшін, ең алдымен әр түрлі тілдердегі грамматикалық мағыналарды білдіру тәсілдеріне, сөз, сөйлем кұрамындағы мағыналық бөлшектердің өзара байланысу сипатгарына, яғни синтаксистік қатынастардың берілу әдістеріне көңіл қою керек. Мысалға "М.Әуезовтың кітабын мен туыстарымнан алдым" деген сөйлемді оның "Книги М.Ауэзова я взял у родственников" деген орысшасымен салыстырып көрелік. Мұндағы ту+ыс+тар+ым+нан деген мен у род+ствен+ник+ов дегендерге көңіл қойсақ, олардың кұрылымдық ерекшеліктері мен байланысу тәсілдері, грамматикалық мағыналарды білдіру әдістері әр түрлі екенін байқауға болады. Анығырақ айтсақ, орыс тілінде грамматикалық мағыналар ішкі флексия арқылы да, сыртқы флексия арқылы да (Мыс: И. что? окно-окна, Р. чего? окна-окон; Д. чему? окну-окнам; В. что? окно-окна; Т. чем? окном-окнами; П. о чем? Об окне — об окнах) беріледі.



Ал қытай тілінде "Жаңа үй+де терезе+лер жоқ" деген ұғым "Терезе жаңа үй жоқ" деген формада айтылады. Өйткені бұл тілде сөздер түрленбейді. Олардың арасындағы синтаксистік байланыс екпін немесе интонация арқылы, орын тәртібі, көмекші сөздер арқылы белгілі болады.

Осы айтылған құрылымдық ерекшеліктеріне қарай дүние жүзі тілдері мынандай төрт типке бөлінеді:

  1. Жалғамалы (агглютинативті) тип. Бұлардың қатарына түркі тілдері, монгол тілдері, угоро-фин, венгр тілдері жатады. Бұл тілдерге тән негізгі қасиеттер: 1) грамматикалық мағыналар түбірге қосымшалардың (аффикстердің) жалғануы арқылы беріледі; 2) қосымшалардың әрқайсысы көбінесе бір ғана грамматикалық мағынаны білдіреді; 3) ол қосымшалар бірінің үстіне бірі жалғана береді; 4) қанша қосымша қосылғанмен сөз түбірінің дыбыстық құрамы өзгермейді (сол күйінде қалады). Мыс: үй+ім+нің терезе+лер+і, біз+дің бала+лар+ы+мыз.

  1. Даралаушы (аморфты) тип. Яғни сөздерге қосымша (жалғау, жұрнақ) жалғанбай, түбір күйінде қолданылатын тілдер. Бұларды кейде түбір тілдер деп те атай береді. Даралаушы типке қытай, въетнам, бирма, тай, тибет, малайя-полинезей тілдері жатады.

Бұл тілдерге тән қасиеттер:

1) жоғарыда аталғандай қосымшалар қосылмайды (яғни сөздер түрлене бермейді);



2) сондықтан ол тілдерде омоним сөздер көп (мол) болады;

3) олар бір- бірінен музыкалық екпін арқылы ажыратылады;

4) синтаксистік жағынан негізгі тәсіл - қабысу (қой қора, көк терек, мың қой, ана кісі) және жанасу (тез келді);

5) синтаксистік қатынастар сөздердің орын тәртібі, интонация және көмекші сөздер арқылы беріледі;

6) сөз тудырудың ең басты тәсілі түбірлерді біріктіру.

3. Қопарылмалы (флективті) тип. Бұған орыс, неміс, араб, грек т.б, тілдер енеді. Бұл тілдерге тән қасиеттер:

1) грамматикалық мағыналар негізінен ішкі флексия арқылы беріледі. Мыс: Он шел - она шла; Я ем — ты ешь; Он (она) ест. Я бегу, ты бежишь, он бежит.

2) сонымен бірге, грамматикалық мағыналар сыртқы флексия арқылы да беріледі. Мысалы:



И. что? книг+а, книг+и;


два (две);

он




Р. чего? книг+и, книг;


дв+ух;

его




Д. чему? книг+е, книг+ам;


дв+ум;

ему




В. что? книг+у, книг+и;


два (двух);

его




Т. чем? книг+ой, книг+ами;


дву+мя;

им




П. о чем? о книг+е, книг+ах;


о дв+ух;

о нем





3) жалғамалы тілдерде қосымшалар көбінесе дара мағыналы больш, бір ғана қызмет атқарса, қопарылмалы тілдерде бір қосымша бірнеше грамматикалық мағына білдіріп, әр түрлі қызмет атқарады.

Мысалы: книг+и дегендегі и жалғауы әрі атау септік пен көптікті, әрі ілік септік пен жекешелікті, әрі табыс септік пен көпшелікті білдіреді; 4) флективті тілдерде аффикстер сөздің түбіріне сіңісіп кетеді де, түбірлер аффикссіз дербес қолданыла алмайды. Мыс: пис+ать, пись+мо, пис+ание, дет+и, дет+ство, дет+ский;

5) флективті тілдерде аффикстер префикс, суффикс, инфикс больш бөлінуіне карай олар сөз құрамында әр түрлі орынға (басында, ортасында, аяғында) ие болады. Мыс:

по -кетті

при -келді

во -кірді

Он (она, они) вы > шел (шла, шли) -шықты

до -жетті

на -тапты

за -келіп кірді

пере -жүріп өтті

4. Полисинтетикалық немесе инкорпоративті тип. Бұған палеоазиат (чукот, коряк, ительмен, эскимос, алеут, кет, нивх, юкагир) тілдері мен американдық үндістердің тілдері жатады.

Бұл типтің ерекшелігі: жоғарыда аталған үш түрлі типтегі тілдерде сөйлем арқылы белгілі болатын синтаксистік қатынастар бұл тілдерде бір сөзбен беріле алады. Мысалы "мен семіз бүғыларды ғана өлтіремін" деген сөйлемді чукот тілінде ты+ата+каа+нмы+ркын деген жалғыз сөзбен береді. Мұндағы тыбірінші жақтың көрсеткіші, ркын етістіктің жұрнағы, ал басқалары есім (семіз, бүғы) және етістік (өлтір) түбірлер.

Бұл құрылымдық тип бойынша, бір сөз (негіз) екінші бір сөздің негізі мен қосымшасының (немесе префикс пен негіздің) арасына сыналанып, қыстырылып кіреді де, синтаксистік топ құрайды. Мақсаты - әлгі бірліктердің арасындағы синтаксистік қатынастарды білдіру. Мұндайда аффикстік морфема өзінің негізінен бөлініп калса да, бұрынғы қызметін атқара береді.



Қысқартып айтсақ, тілдердің типтерін анықтау - оның құрылысын айқындау болып шығады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазақ тіліне синтетикалық тәсіл ффиксация, сыртқы флексия), қытай тіліне аналитикалық тәсіл (екпін, сөздердің орын тәртібі, көмекші сөздер, интонация) тән екен. Ал орыс тілінде екеуі де (ішкі флексия мен сыртқы флексия, екпін, көмекші сөздер, т.б.) бар. Яғни онда синтетикалық кұбылыс та (аффиксация), аналитикалық құбылыс та (көмекші сөздер, сөздердің орын тәртібі) кездесе береді.

Олай болса, грамматикалық құрылысына қарай тілдер негізінен 1) синтетикалық тілдер, 2) аналитикалық тілдер болып екіге бөлінеді екен. Синтетикалық тілдерде грамматикалық мағыналар сөздердің түрленуі арқылы беріледі, яғни сөздер ішкі, сыртқы флексияға ұштасып барып, бір-бірімен байланысады. Мұндай қасиет әсіресе литва, неміс, түркі, славян тілдеріне тән. Ал аналитикалық тілдерде грамматикалық мағыналар (синтаксистік қатынастар) сөздердің формалары арқылы емес, олардың орын тәртібі, интонация жене көмекші сөздер арқылы беріледі. Бұл қасиет әсіресе ағылшын, француз, болгар, дат, грек тілдеріне тән.

Әрине, бұлай бөліну шартты нәрсе. Өйткені бұл тілдердің көпшілігінде грамматикалық мағынаны білдірудің тәсілі әрі синтетикалық, әрі аналитикалық болып та келе береді. Рас, бір тілдерде синтетикалық тәсіл басым, екіншілерінде аналитикалық тәсіл басым. Қай тәсіл басым болса, әлгі тілді сол типке жатқызамыз.
10.Оныншы дәріс Жазудың шығуы мен дамуы Жазудың өмірде атқаратын рөлі зор. Оның да шығу, даму тарихы бар. Жазу адамдардың кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді. Ал ауызекі сөйлеу тілі туралы мұны айта алмайсың. Өйткені сөйлесу жүзбе-жүз кездескенде ғана болатын нәрсе. Жазу арқылы алыста жатып та, жақын тұрып та "сөйлесе" беруге болады. Жазусыз мәдениет атаулыны, өркениет атаулыны көзге елестету қиын. Олай болса, жазудың шығуын көне замандарда ашылған ұлы жаңалықтардың бірі деп есептеу керек.

Жазудың тарихы өте ерте замандардан басталады. Көне жазуды да, қазіргі жазуды да білудің әрі теориялық, әрі практикалық мәні зор.

Біз қазір жазуды сөздердің әріптер тіркесімен белгіленуі деп түсінеміз. Бірақ ол алғашында бұлай болмаған. Сөзді әріппен (дыбыспен) таңбалау кейінірек пайда болды. Оған дейін жазу (таңба) не бүтіндей сөйлемді (хабарды), не жеке сөзді, не жеке буынды белгілеген. Осыған орай жазудың мынандай түрлері бар екендігін айтқымыз келеді: 1) пиктографиялық жазу, 2) идеографиялық жазу, 3) буын жазуы, 4) әріптік немесе дыбыстық жазу.

10.1.Пиктографиялық (суретті) жазу Бұл - жазудың ең алғашқы түрі. Ол суретке негізделген. Сондықтан мұны кейде суретті жазу деп те атай береді. Пиктографиялық жазудың таңбалары - суреттер. Әрбір сурет (пиктограмма) өздігінен бүтіндей сөйлемді білдіре алады. Мәселен, қолына садақ ұстаған адамның суреті "мен аңшымын", "аң аулауға бара жатырмын", "аң аулап тіршілік етемін" дегендерді білдіреді. Мұндай жазуды әр түрлі тілдерде сөйлейтін адамдар да түсінетін болған. Оның шыққан мерзімі тым көне дәуірге (неолит дәуіріне) барып тіреледі.

Пиктографиялық жазудың қалдығын (жұрнағын) қазір де кездестіреміз. Мысалы, даралаушы (аморфты) тілдерде сөйлейтін халықтардың жазуы басқалармен салыстырғанда осы пиктографиялық жазуға жақындау келеді. Қазіргі кезде жиі қолданылатын, көшеде жүру тәртібін білдіретін әр түрлі белгілердіц, дүкендер мен шеберханалардың маңдайшаларындағы бас киімнің, аяқ киімнің, сағаттың суреттерінде пиктографиялық сипат бар.

Пиктографиялық жазудың кемшілігі: пиктограммалар өте күрделі болады. Сондықтан да, адам ойының бәрін суретпен (пиктографиялық жазумен) жеткізе алмайсың. Әсіресе онымен абстракты мағыналы сөздерді (сын есімдер мен етістіктерді) таңбалау өте қиын.

Мұндайда ол образды-символдық сипаты бар бейнелерді пайдалануға мәжбүр болады. Мысалы: ~~~~ "су", аяқтың атталу бейнесі - "жүру", нан + ауыз суреті - "жеу", құс + жұмыртқа - "туу" т.б.

10.2 Идеографиялық немесе логографиялық жазу Бұл пиктографиялық жазудың біртіндеп дамуы, жетілуі нәтижесіңде пайда болған жазу. Егер пиктографиялық жазу бүкіл сөйлемді (хабарды) білдірсе, идеографиялық жазу бүтіндей бір сөзді бір-ақ таңбамен белгілейді. Алғашында суретпен (пиктограммамен) белгіленіп жүрген нәрселер жазудың даму барысында біртіндеп одан алшақтап, ақырында олар белгіленетін заттың сыртқы формасына дәлме-дәл негізделуден қалып, соған ұқсас шартты таңбалар ретінде қолданыла бастаған. Ондай таңбалар идеограммалар деп аталынады. Идеограмманың пиктограммадан ең басты айырмашылығы - таңбалардың формасында емес, олардың мағынасында. Жоғарыда айттық, егер пиктографиялық таңба бүтіндей бір сөйлемді белгілесе, идеографиялық таңба бір сөзді немесе сөздің түбірін не негізін белгілейді.

Ертедегі шумер, египет, қытай жазулары әрбір идеографиялық таңбаның белгілі бір түбір сөзге немесе түбір морфемаға сөйкес келіп, соған телінуіне негізделген. Бұл тілдердегі идеографиялық таңбалар сөздің дыбысталуын емес, мағынасын білдіреді (сондықтан да, аталған тілдердегі омонимдер әр түрлі иероглифгермен белгіленеді).

Осы жағынан алып қарағаңда, идеографиялық жазудағы графикалық таңбалар цифрлар тәрізді. Айталық, 1, 2, 3 деген т.б. цифрлардың сандық мағынасын барлық халық бірдей ұғынады, бірақ бұлардың дыбысталуы әр халықта әр басқа.

Дүние жүзі тілдерінің ішінде идеографиялық жазудың дамуына қолайлы тілдер ретінде, әдетте, түбір тілдер (мәселен, қытай, ацтек, америкалық үнді т.б.) аталынады. Өйткені түбір тілдерде сөз грамматикалық жақтан өзгеріске көп түсе бермейді.

Идеографиялық жазудың үлгілерін казіргі кездегі математика, химия, физика терминдерінің ішінен де кездестіреміз. Мысалы: +"қосу", = "тең", N - "түбір", Н - "сутегі", Ғ - "күш" т.б.

Идеографиялық жазудың жетіле түскен түрі - морфема- идеографиялық жазу. Бүл жазудың ұстанымы (принципі) бойынша, таңбалар бүтіндей сөзді емес, оның құрамына енетін морфемаларды белгілейді. Осы ерекшелігіне орай ол морфемаларды белгілейтін таңбалар морфемаграммалар деп аталынады. Қазіргі қытай иероглифі морфема-идеографиялық жазу болып табылады.

Бұл тұрғыдан идеограммаларды екі түрге бөліп қарауға болады. Оның біріншісі - сөздердің мағыналарымен тікелей байланысты болса, екіншісі - сөздердің фонетикалық жағымен байланысты. Осыған сәйкес біріншісін - идеографиялық иероглифтер (идеограммалар), екіншісін - фонетикалық иероглифтер (фонограммалар) деп атайды. Айырмашылықтары — идеограммалар көбінесе синоним сөздерді белгілеу үшін қолданылса, фонограммалар омонимдерді белгілеу үшін қолданылады. Сөздерді дәлме-дәл белгілеуде идеографиялық жазудың бұл екі түр-тармағы, әдетте, бір-бірімен ұштастырылып жұмсалынады.

Енді пиктографиялық жазу қоғам дамуының қай дәуірінде пайда болған? - дегенге келелік. Ғалымдардың айтуына қарағанда, бұл жазудың пайда болуы құл иелену дәуіріне сай келеді. Өйткені бүл дәуір мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың, сауда- саттықтың күшейген кезі болатын.

Идеографиялық жазудың бірсыпыра кемшіліктері бар. Олар: 1) идеограммалар өзі белгілеген сөздің дыбысталуын білдіре алмайды; 2) идеограммалар көп болады және күрделі болады; 3) идеографиялық жазу грамматикалық формаларды белгілеуге келгенде өте икемсіз келеді.

Соңына қарай айтарымыз: кейбір ғалымдар идеографияны логографиялық (гр. logos"сөз" + grapho "жазамын") жазу деп атаған дәл болар еді, - дейді. Осыған орай олар идеограмманы логограмма деп атағанды жөн көреді.

10.3. Буын жазуы

Идеографиялық немесе логографиялық жазудың даму барысында буын жазуы пайда болды. Бұл жазудың шығуына, біріншіден, бұған дейін қолданылып келген идеографиялық таңбалар аффикстерді, әсіресе шетел сөздерін, кісі, кала аттарын таңбалауға икемсіз болуы, екіншіден, ол идеографиялық таңбалардың саны көп болып, оларды меңгерудің қиынға соққандығы себеп болды. Оның үстіне біраз тілдердің (мәселен, шумер, жапон т.б.) морфологиялық кұрылысы да (сөздің түбіріне аффикстердің агглютинативті ұстаным бойынша жалғануы) буын жазуын қажет етті.



Буын таңбалары ең алғашында бір буынды сөздерді белгілейтін идеографиялық таңбалардың негізінде жасалғанымен, кейіннен олар көп буынды сөздердің өздерімен яғни бір буынды сөздермен ұқсас дыбысталатын бөлшегін (буынын) белгілейтін болған. Сөйтіп, ол таңбалар дербес сөздердің таңбасы емес, буынның таңбасы ретінде ұғынылған. Мысалы, идеографиялық- фонетикалық жазу бойынша, яғни фонетикалық иероглиф бойынша шумер тілінде "садақтың оғы" дегенді ti деп белгілесе, осы таңба кейіннен (біздің заманға дейінгі үш мың жылдықтың ортасында) сөз құрамындағы ti деген буынды да таңбалау үшін қолданылды.

Олай болса, буын жазуында таңба сөзді емес, сөздің буынын белгілейді. Айталық, буын дара дауысты болса — Г (шумер тілінде: е ~ "үй", / і- "бес"), дауысты мен дауыссыздың қосындысы болса ГС (as"бір", an - "аспан"), керісінше дауыссыз бен дауыстының қосындысы болса СГ (su"қол", lu - "адам"), болмаса дауыссыз+дауысты+дауыссыз болса - СГС (kur — "ел") деген сияқты. Жазудың мұндай жүйесін ертедегі ассирия, вавилон, крит, кипр, эфиопия, үнді, жапон тілдері пайдаланған.

Идеографиялық жазуға қарағанда буын жазуы оқыту үшін де, қолдану үшін де қолайлырақ болды. Бұл жазудағы таңбалардың саны да жоғарғылармен салыстырғанда аздау. Егер идеографиялық жазуда мыңдаған таңбалар болса (тілде қанша сөз болса, сонша таңба), жазудың буындық жүйесінде ол 50-60-қа дейін (кейде 200-ге дейін) кеміген. Буын жазуы сөзді, әсіресе оның грамматикалық формаларын дәл беруге икемдірек келеді.

10.4 Әріп (дыбыс) жазуы Әріп жазуы буын жазуынан кейін пайда болды. Ғалымдар бұл жазудың шығуы "біздің заманымызға дейінгі бір мың жылдықтың басында" - дегенді айтады.

Әріп жазуының шығуына және дүние жүзіне кең таралуына оның қарапайымдылығы, сөздердің дыбысталуын дәл беретіндігі, әр түрлі тілдерге қолайлығы себеп болды деуімізге болады.

Әрине, қазіргі кезде қолданылып жүрген әріп жазуына адамзат баласы бірден келе салған жоқ. Ол алғашында дауыссыз-дыбыстық жазу болды (мысалы, финикий, египет, арамей жазулары). Бұл ұстаным бойынша, таңбалар сөздегі дауыссыз дыбыстар мен жартылай дауыстыларды ғана белгілеп, ал толық дауыстылар ешбір әріппен таңбаланбаған. Кейіннен, жазудың даму барысында, біртіндеп дауысты дыбыстар да белгіленетін болды. Біреулер олардың әрқайсысын сөздегі өз орындарына қойып жазатын болса (мысалы, грек жазуы), екіншілер дауыстыларды дауыссыздардың асты-үстіне тиісті диакритикалық таңбаларды қою арқылы белгіледі (мысалы, араб жазуы).

Зерттеушілер ең алғашқы таза дауыссыз-дыбыстық жазу деп финикий жазуын атайды. Онда 22 таңба болған. Бұлардың әрқайсысы жеке дауыссыз дыбыстарды таңбалаған. Олар өздерінен кейінгі дауысты-дауыссыз-дыбыстық жазу жүйелерінің жасалуына негіз болды (біз бұл жерде дауысты-дауыссыз-дыбыстық жазу деп - тек дауыссыздарды ғана емес, сонымен бірге, дауысты дыбыстарды да жеке таңбалармен белгілеген жазуды айтып отырмыз).

Әріп жазуы бір елден екінші елге ауысып отырған. Мәселен, жоғарыда аталған финикий әліпбиінің негізінде грек әліпбиі, грек әліпбиінің негізінде бүкіл Батыс Еуропа халықтарының әліпбиілері жасалды. Ал шығыс халықтарының (араб, Иран, еврей т.б.) жазуы арамей әліпбиінің негізінде пайда болды.

Ескерте кететін нәрсе, әліпби бір халықтан екінші халыққа ауысқан кезінде негізінен әр тілдің дыбыстық ерекшеліктерін көрсететін қосымша әріптерді қосьш альш отырған. Мысалы, грек әліпбиінің негізінде жасалған славян әліпбиін түзу үстінде ағайынды Кирилдер (863 — жылы) гректерден 24 әріп алған да, оның үстіне славян тілдерінің ерекшеліктерін көрсететін 19 әріпті қосқан (сонда бәрі 43 әріп). Сөйтіп, олар грек жазуын өз тілдеріне дәл келетіндей етіп ыңғайластырған. Орыс әліпбиі осы аталған славян әліпбиінің заңды жалғасы болып саналады.

Ал Батыс Еуропа халықтарының латынға негізделген әліпбилері жайында мұны айта алмайсың. Өйткені олар тілдерінің дыбыстық құрамының әр түрлі болуына қарамастан, байырғы латын әліпбиін сол күйінде, яғни ешбір өзгеріссіз, толықтырусыз қабылдаған. Бұлардың үстіне әліпби иелері тек W. J деген екі-ақ жартылай дауысты дыбыстың әрпін қосқан. Соның салдарынан Батыс Еуропа тілдерінің дыбыстық құрамы мен әліпбиінің арасында алшақтық пайда болды. Мысалы, ағылшын тілінде (дифтонгтарды қоспағанда) — 15 дауысты, 15 дауыссыз, француз тілінде - 17 дауысты, 18 дауыссыз, неміс тілінде - 16 дауысты, 21 дауыссыз дыбыс бар. Дыбыстардың осыншама мол түрін белгілейтін әлгі тілдердің әліпбиінде тек 26 ғана әріп қолданылады. Оның алтауы дауыстыларды, жиырмасы- дауыссыздарды таңбалайды. Аталған тілдердегі біраз сөздердің бір түрлі жазылып, екінші түрлі айтылатын себебі сондықтан. Мәселен, ағылшын тілінде And you (Сіз ше?) дегеннің айтылуы — Энд ию (ию).

Түркі халықтары болса, оған дейін сына жазуын пайдаланып келгенімен орта ғасырдан бастап араб әліпбиін қолдана бастады. Қазақ тіл білімінің негізін калаушы А.Байтүрсынов оны 1910-15 жылдары өз тілімізге ыңғайлап, кайта жасаған болатын. Әріптердің ұзын саны - 28 ғана. Амал не, қүйтұрқы саясаттың кесірінен ол әліпбиіміз 1929 жылы латынға, ал 1940 жылы кирилицаға көшірілді. Сөйтіп, қысқа уақыттың ішінде біздің әліпбиіміз өз еркімізден тыс бір емес, әлденеше рет өзгеріске ұшырады. Бұл, әрине, жазу- сызуымыздың дамуына, қалыптасуына кесірін тигізбей калған жоқ.

Қысқасы, әріп (дыбыс) жазуының пайда болуының дүние жүзілік мәдениеттің дамуы үшін маңызы орасан зор болды. Өйткені бұл жазу - жазу жүйелерінің ішіндегі ең ыңғайлысы. Тілдердің қайсысында болса да, ондағы сөздердің саны мен буын санынан дыбыстардың саны әлдеқайда аз. Осыған орай, әдетте, дыбыстарды таңбалау үшін 20-дан 40-қа дейінгі таңбаның өзі жеткілікті болады. Әріп таңбаларының мұндай шағын мөлшері жазуды меңгеруді, сауаттылыққа үйренуді жеңілдетеді. Бұл жазу, әсіресе, сөздердің дыбыстық жағы мен олардың грамматикалық формаларын дәлме-дәл беруде өте-мөте қолайлы.

Қорыта келгенде, жоғарыда айтылғандардан жазудың бірнеше түрлерінің бар екендігін және олардың ұзақ тарихы болғандығын көреміз. Сонымен бірге, жазу өте ерте замандарда шығып, мыңдаған жылдар бойы біртіндеп өзгеріп, дамып, жетіліп отырғандығын байқауға болады.
Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет