Шыңғыс айтматов таулар қҰЛАҒанда



бет3/19
Дата25.12.2016
өлшемі2,98 Mb.
#4695
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Кілт бұрылмалы және құзды асуға барар жол заңғар биікте жататын және ешқашан жібімес қар арқылы асуды бауырлай жөңкілетін және оның арғы жағында жоғалатын еңістерге төмендеп, тауда жел қуалаған отар – отар қой секілденіп сонау бұлттарға барып тірелетін. Бұның барлығы көз алдында еді... Тіпті, қол ұшы жететіндей жерде... Бұның бәрін Жолбарыс тоқтап, екі аяғын кезек–кезек көтеріп, бір жайда қозғалмай шолып тұрды, ойша есептеді, тағы да қанша уақыт күртік қар арқылы жүруге тура келеді деп. Және де жүрді, басып қалған қарды таптап, қарға тамағына шейін көміліп және де тағы да тырбанып, барлық төрт табанындағы тырнақтарымен сіресіп, тастың мұзды бетіне барлық денесімен құлай бауырлай жүрді. Бірақ мұнда тынысы мүлдем жетіспеді, дәл бір олжасының соңынан жан ұшыра қуалағандай, құлақ тұндырарлық жүрек ұрысы құлағында сартылдады және де ең қорқыныштысы- аяқтан шалып құлататындай, артқа лақтырардай ауыр тыныс демікпесі пайда болды, жылт етіп көрінген жердегі қоршаған әлем көз алдында бұзылып жатты. Одан ары қарай, жоғарырақ қозғалуға күші жетпеді, ол қырылдады, тұншыға ыңырсыды, бір адым да ілгері жүре алмады... Бұрынғысынша күші болғанда, бірер сағаттан соң–ақ, Үзеңгілес асуынан асар еді, сөйтіп, өзі ниет еткен өзге әлемге барар еді. Аспандағы жұмақ сарайына... Бірақ қолы жетсе де, ол осы жерге бұл жолы сонда мәңгіге соңғы демі, өмірінің соңғы сәті қалғанша қайтып оралмау үшін келетін еді... Аяқ баспас жоталармен көмкерілген биік таулы үстірттің маңында мазасы қашып, титықтаған Жолбарыс жан далбасасымен басын шайқап, тырнақтарымен мұз болып қатқан тас топырақты тырнады және де табиғатынан оған дауыстап жылау дарығанда, онда ол айналасындағы таулар теңселердей өкірер еді.

Жолбарыс бірнеше рет асудан аспақшы болды, алайда сәті түспеді... Бірде оны демікпе қысып, азаптаған кезде жанына таяу жердің өзінен–ақ, секіре басып, оншақты мүйізді тау арқарлары өтті, дәл бір жыртқыш барыс жақын маңда болмағандай–ақ. Олар бұны көрді, ал бұл оларды көрмегендей рай танытты...

О, таулар, жарық дүниеде мұндай бола ма?! Бірақ таулар үн қатпады. О, зеңгір аспан, жарық дүниеде мұндай бола ма? Ұлы аспан да үн қатқан жоқ. Жолбарыс мұңды өкініштен езіле бастады...

Уақытында болды, бәрі де сәттілікпен өрілетін, ол шауып келіп, күрт бұрылысты сарқырамадан қалай болса солай өтетін, бір жағдай болса кім болғанына қарамастан шыңырауға құлатып, тастарға ұрып, бытша– бытшасын шығарар еді. Бірақ ол, Жолбарыс сол кезде соншалықты күшті және епті болатын, оған кедергі еш нәрсе жоқ еді, шыңырау да, құлама жар да, боранның өзі оны туысындай құшағына алатын еді және де тау жақтан әлдебір құдай–ана үн қатар еді: “ Жақында маған Жолбарыс, жақында!” деп. Ол және де садақтың жебесіндей жылдамдықпен ұшып, жүгірер еді... Сол кезде оған бүкіл әлем өзіне тиесілі болғандықтан, ешнәрсе түкке тұрмайтын, бәріне үлгеретін, жарыса озатын, қуып жетіп құлататын және әрқашанда жеңетін! Қоршаған әлем оның әлемітұғын.

Ендігіде, жеңе алмас асу алдында арып–ашып, тырбаңдап, дәрмені қалмай және қорланып, ол өкінішпен және жаны ауырып сонау өтіп кеткен күндерді еске түсірді.

Тал түс еді. Талтүс күн сайын болады, бірақ бұл естен кетпес жазғы талтүс еді...

Және де жаздың өзі естен шықпастай болатын...

Осындай биіктерде бұлтсыз ашық күндері күн еңістегідей күйдірмейді, жандырмайды, көлеңкеге қуалап тықпайды, керемет, жап – жарық нұрымен сәулеленеді, тау әлемін өзінің жарығымен нәрлендіріп, жанға қуат дарытатын күш көзіне айналды, жерде тіршілік ететін, тыныс алатындай бәріне де, жай ғана шөптен бастап, осы маңға сайранға келген және жоталардың үстінде айналып ұшқан құстардың тобына дейін жайлы тиеді. Және де барлық тірі жаратылыстар осы сағатта күн астында болмыстың игіліктеріне рахаттанады...

Сол кездегі талтүс те дәл осылайша болған еді, екеуі Үзеңгілес үстіртіне өз еріктерімен шауып бара жатты, күн мен таудың ұлылығы еліктіріп, бір тән, бір дене болып алға ұмтылды, ия бір–біріне көздері сонда тоя берді...

Олар мұнда бір күн бұрын келген–ді. Асудан өтіп, жүрістерін бір сәтке де баяулатпай, жолда түнге қалмау үшін, боран үйіріп кетпес үшін, күні бойы дамыл таппады. Және де Жолбарыс пен оның құрбысы ұрғашы – барыс молжалдаған мақсаттарына күн батқанша, жарық барында жетуіне мүмкіндік туды. Және де бұл соған татыды! Өз түйсіктерінің шақыруы бойынша сәтті келгендерге сол күні табиғат бәрін сыйлады. Жолдан шаршағандары басылған соң, аңдар түнгі түнеме үшін орын қарастырып, жанарларын тіге бастағанда, олар жақын жерден тау еліктерінің оншақты тобын көрді, олар да асу арқылы шалғынға, мол көкке, аспан асты суына келген–ді. Бірақ қос тұяқтылар үшін асудан ауыр өткен сапар қорытындысы қырсықпен, ал жыртқыштар үшін сәттілікпен тәмамдалды. Барыстар демде – ақ шабуылға шықты. Олжаны қуып жету олар үшін қиынға соққан жоқ: сәл ғана бұрын асудан өткен еліктер әбден титықтаған еді. Олардың бірін барыстар жерге атып ұрды, қалғандары зымырай жөнелді. Қаны сорғалаған етпен түнге қарай жайбарақат тойып жегендері өте жақсы болды: дәмді, сіңімді және жеткілікті мөлшерде. Көктегі жұлдыздар бұны бейнебір білгендей, самаладай жарқырады және оларға да тау үстінен де жымыңдай түсті.

Ал таңертең ашық аспан аясына күн көзі жүзіп шықты, өздерінің және заңғарлығының мызғымастығын дәлелдегендей жоталар мен тау шыңдары қайтадан жадырады, қырлары айқындала түсіп жарқырады.

Жолбарыс серігімен серуенге шығып үлгерген–ді және кездейсоқ олжаны аңдып қана емес, аяқ баспаған қалың шөп мен көкмайсаны аралаумен біргелікте, биік таудың ауасымен рахаттанды. Ал түске таман, күн тас төбеге көтерілгенде барыстар секіре жүгіріп, бірте–бірте ұзақ шабысқа көшті. Күн күшінің өзі бейнебір тау қабыландарын еліктіріп және шабыттандырғандай, сол сәтте өздерінің бір тән секілді болмысын ұғынсын дегендей, оларға бұрын болып көрмеген сұлулық пен қуатты дарытты. Ол бұлардың үйлесім құрған салтанаты еді.

Олар жарыса ешбір тізгінсіз бүйірме–бүйір шауып келе жатты және сол сағатта олар үшін әлемде күн мен таудан өзге ешнәрсе көздеріне ілінбеді. Олар ешқандай олжаны талап етпеді, тіпті, ол жолда кезіксе де. Олар күнге мас болды, шапқан сайын оның жарығы мен жылуын бойға сіңірді, ешқандай шаршауды білмей, өмірге рахаттанудың шыңына ұмтылды. Солай болған...

Ғарыш тербелісінде жер шары дөңгелене берді, жердегі барша тіршілік атаулысы мәңгіліктің көзге білінбес айналымында еді және тау сілемдері мен жазықтарын таң шапағы нұрландырған жарық арасында Жолбарыс өз серіктесі ұрғашы - барыспен жарысып бара жатты, ал күн оларды талтүстегі биіктен аялады, өзіне шақырды, аспандағы құстарға қол бұлғады, өйткені, олар да жүгірген қос періште жыртқыш – аңдар тұқымынан қалыспады... Кей–кейде аңдар да періште бола алады. Солай болған...

Соған қарамастан, жанға жайлы жаз күндері өте шықты, тау астындағы сайран маусымы түгесілді және сонда әлемнің мүлдем қарама – қарсы шұғыл айналымы басталды, кенеттен бұралаң шыңдардан еңістер бойында әп–сәтте жан түршіктірерлік құтырынған боран өзінің өкпек суық желімен және құйынымен долданды және аспан ашылмастай қоюлана түсті. Сонда барыстар кері қарай бұрылды, зорға дегенде жан сақтап үлгерді. Ал өзге мақұлықтар тап сол жерде қар бұрқасыны астында қалды, құстар да аспанда көздері тұнып, жоғарыдан тастардай семіп құлай бастады. Сондай болған...

Мінеки, сол жаққа, таудағы аспан астына Жолбарыс тырбана ұмтылды, сиқырлы күн алдына жетіп, жападан – жалғыз өзінің соңғы күнін күтуді, мәңгіге жоғалуды ниет етті. Тек қана сонда ,тек қана солайша және өзгеше болуы мүмкін емес іс-әрекет осы аластатылған аңды өзінің өмірлік сапарын аяқтауға итермеледі.

Өзге жол болмады. Ол үшін асу бермес асуға барар жол тарс жабылған–ды. Жолбарыс ыңырсыды, күңіренді, бұралаң биіктерге тырбана ұмтылды, төмен қарай құлады және де діріл қаққан табанынан тік тұрды...

Неліктен ғана тағдыр осынау тау барысына сәл–пәл оңтайлы әл– қуат сыйламады? Өйткені, бар–жоғы, қажет еткені асудан ары қарай асып, сонда із–түзсіз, мәңгіге қалу ғана еді ғой... Бәлкім, тағдырдың бұған ерекше себебі болды ма? Бәлкім, ол тағдырға неге екені белгісіз, нақ осы тұста Үзеңгілес тауы алдындағы жотада қажет болғаны ма? Тағдырдың амалында не болды екен?

IV
Бұдан екі күн бұрын ол: “Жан деген не сонда? Оған қажет нәрселердің барлығын да өткізу мүмкін. Ерік пен сана – мінеки, адамдағы ең бастысы!” деп шікірейіп мәлімдеген бір оқырманмен пікір таласу үшін мақала әзірледі. - Солайы солай–ау, бірақ біз жанымызда кейде не болып жатқанын есептен шығаруды, мәнін жоюды ескермеуіміз мүмкін емес, мейлі біз бұл мәнділік жайлы өзімізге есеп бермей–ақ қоялық. Жанның оянуы көбінесе, тіпті, тарихи оқиғаларда шешуші жәйт болып табылады. Жан – қайнар бұлақ, одан өзінің тұла бойына алғаш рет жақсылық пен зұлымдық дәні бітеді. Жан – ішкі сананың аккумуляторы!... ” Кейде ол осылайша себебі табылса, орайы келгенде қайдағы мен жайдағыны пәлсапалауды жаны қалайтын.

Енді, дегенмен, пәлсапалаудың реті жоқ. Арсен Саманчин компьютерге сол кеште қол тигізген де жоқ және де еліктірген терең ойлы мақаланы ешқашанда жазып тастай алмайтындығына күмән келтірмеді. Кеш бойы әдетте тыңдайтын әуенді де қоспады. Және де оны бос уақытында енді ешқашан тыңдамайтындығына күмәнданбады.

Өзімен осынау қарғыс атқан “ Евразия” шоу–мейрамханасында болған жәйттен соң, оның жаны ормандағы өрттей лаулады. Ол жанының жойқын апаттан қирағанын сезінді, өзіне қалай бекем болуды білмеді, тұңғиыққа батты және де бастан кешкен, ашу буған пәлекеттен қайта босанды. Ол өзінің бойдақтық ғұмыр кешкен тұрғын үйінің жалғыз ғана терезесіне жақындап, не үшін, неге екені белгісіз ешнәрсені түсінбей, бірнеше рет барды. Әдеттен тыс ол енді өзін сырт көзбен қарап, бейнебір өзіне-өзі бөгде болғандай ой кешті.

Тұрды, ухіледі, басын айналдырды, галстугіне тыныштық бермеді, мейрамханадан оралғалы бері мойнынан оны шешпеді және де қараңғы кеңістікке көз салды, қарсы беттегі үйде дәл осындай көп пәтерлі, көп қабатты, сондай сұр ірі панелді ғимаратта барлық терезелер әлдеқашан сөнген. Ал егерде жарығы жарқырағаны болғанда пайдасы қанеки? Коммунальды көршілердің қайсысына үшінші корпустағы жетінші қабатта тұрушы, қазірде терезе жанында қақайып, ойларынан жол таба алмай азаптанған типпен не болып жатқандығында не ісі бар?

Бостан – босқа сызданғанда және міңгірлегенде мән бар ма? Кімді ол жазғыра алады, кімді қорқытпақ? Өйткені, нүкте қойылды. Таксист оны мұнда, жабырқаңқы жеті қабатты аулаға әкелгенде, оларды барлық уақытта ізбе–із қуалаған шетелдік көлік бетке ұратын жарықтармен көз жанарын қарықтыра ауыртып, түк көрместей етіп шұғыл түрде озды және де Арсен Саманчин жарық қарықтырған жанары қалпына келмесе де көліктен түсті, шетелдік көліктегі екі бірдей бойшаң ер кісілер оған жақындады.

Олардың жүріс – тұрысына қарағанда бұлар оны қорқыту және қорлау үшін, тіпті ұрып – соғуға әдейі жіберілгендей. Бірақ ең алдымен, олар таксистің көзден жоғалуын талап етті: “ Бері қара, дереу құры бұл жерден!”

Ал Арсен Саманчинді қабырғаға тақады:



  • Ия, аса қадірлі, баспанаңа жеттің бе? Осындай исі мүңкіген жайда қазықтай қағылсаң да, шляпа киесің, ә! Арсен Саманчин бір нәрсе деп жауап беруге шамасы келмеді. Олардың бірі күрт қимылмен оның шляпасын көзін жапқыза төмен қарай тартты. - Сен бері қара, өзіңнің ісің болмаса, басқа жерге тұмсығыңды тықпа! Ал өз мақалаларыңды топырлатып жібере бергеніңмен, бұның барлығы дерлік босқа кетпейді. Саған, сен сияқтыға оқ қашанда табылады! Түсіңдің бе, сұмырай? Енді тағы жазбайтынды жазып көрші, сауатыңның бәрін ұмытасың! Ой, антұрған, ішіп алғанын қарашы. Көзіңді құрт бұл маңнан! Және де есте тұт: әлі де кеш емес, құйрығыңды қыс.

Бұны қалдырып, олар сол арада зулаған жылдамдықпен көзден таса болды. Олардың соңынан жарыстыра тас лақтырса еді... Алайда, қайда оған! Есеңгіреп қалды. Және де күңгірт ымыртта кіре беріс үйге баруына тура келді. Қолынан келген жалғыз нәрсе – бұл маңдайындағы шляпаны жөндеу ғана еді.

Ал ендігі ретте бейнебір аңқау бозбаладай әл–дәрмені қалмады: қайтпек керек, не істеу қажет, бұдан былай қалай өмір сүруге тиіс, қайда барып сыймақ? Өзімен не болып барады? Өйткені, соншалықты көргенінің өзі қаншама...



Үйленген де. Үйлену тойын өткерген. Бәрі ұмытылды. Ал туыстары үнемі мыжыңдайды: біріншісі болмаған соң, екіншісін соза бергеннен не пайда? Әрекет ет! Ия, сол жұптасу да ұзаққа бармады. Өкініштісі сол, өзге адамға айналу мүмкін емес екен. Мінеки, және де айырылысты, ажырасты, бірін – бірі тәрк етті. Солай да шығар, әйтпесе, шындығын айтқанда махаббат таң шапағы, бір–ақ рет жанады, өйткені мәңгі жарқырайтын таң сәресі болмайды ғой. Тек қана ешкім де бұнымен көндікпейді, өзіне мәңгі, өшпейтін таң шапағын талап етеді... Мейлі, құдай ақы, қойшы соны. Таң шапағы, таң шапағы емес пе, айырылысты, бейнебір бірін–бірі білмегендей болып. Енді, мінеки, осынау мөлтек ауданға орныққанына үшінші жыл толды. Әрине, дені сау әйелге ондай адаммен сиысу мүлдем оңай емес. Және де әйелі босанбады. Үлгермеді. Туыстары бұны бетіне басты. Ал бұған кім кінәлі? Бір ғана шаруамен өмір сүрді, банкке арымай-талмай жұмыс жасады. Ақша! Ал бәрібір мынадай бірбеткеймен дәм–тұзың жараспайды. Ол есі ауысқан идеяшыл, егер де осылай айтуға болса. Идея оған жарық әлемде бәрінен де жоғары. Соры бес елі идеалист. Сонымен бірге ол “кафедралды түлек”. Орталық Азияға өңір бойынша аналитикалық шолу даярлау үшін келген ағылшын журналист әйел оған дәл осылайша ат тақты. Анау – мынау туралы олар өзара көп әңгімелесіпті. Ол реті келгенде ағылшынша шүйіркелескенді жақсы көретін. Мінеки, сонда ғана лондондық журналист әйел былай депті:

  • Саманчин мырза, неге екенін қайдам сіз біздердің өз идеяларына ерекше түрде берік сенетін кафедралдық түлектерді еске өте–мөте түсіресіз. Мінеки, сіз де өз идеяңызды қырағы қорғайсыз, ұшырып алғыңыз келмей, алақаныңызда мықтап ұстайсыз.

  • Рахмет, тыңдағанның өзі жанға жайлы, жасырмаймын. Алайда мен, анығырағы “таудан шыққанмын”. Тауда өскенмін, ал тауда әрдайым жинақы болуды және жардың шетінде сүрінбес үшін назардан тыс ешнәрсені қалдырмауды талап етіледі.

  • Сонда таулар сіздің кафедра екен де қайткенде де, - деп күлді ағылшын әйел, - сіздерде таулар жеткілікті. Әнеки, жоталар қандай ұзақтан көрінеді!

  • Түсінікті жәйт, өйткені, біздер таулы елміз. Тек қана мен туған жердегі таулар ең алыс және ең биік, сондықтан да олар Үзеңгілес деп аталады, яғни бұл шыңдар көкке шаншылған үзеңгілер...

  • Қандай сұлу. Маған осы бейнелі сөз өте ұнайды. Ағылшынша – стиррап. Сондықтан сіздердің тауларды ағылшын тілінде стиррап таулары деп атауға болады.

  • Тамаша! Қырғызша да стиррап – тоо! Үзеңгілес таулар! Менің жерлестерім мақтан ететін болады. Ал мен кафедральды және тек қана тау түлегі болуға қарсы емеспін. Өйткені, кафедралар әмбебап, жаһандық идеялармен шұғылданады.

  • Белгілі болды, мен қателеспеппін. Рахмет. Сені емеурініңнен түсінетін әріптеспен сөйлесу қандай ғанибет.

Ендігіде, терезе алдында тұрып, ауладағы қараңғылыққы мәнсіз, бейжай үңіліп, Арсен Саманчин өткендегі әңгімені есіне түсірді және оған: мінеки, осылай “кафедралық түлек” деген ой келді. Бүгін сен өмірдің және бір “тәтті” сабағын алдың. Таттың! Балын ұрттадың! Жарайсың! Енді жеткен шығар! Нарық топаны алдында ешқандай кафедалар шыдас бермейді. Мінеки, нарық сені қамшысын ала желкеңе үйіріп қуа жөнелді, ақ өкпе етіп тұмсығыңды бұзуға сес көрсетті. Және де махаббатты тауар секілді нарық қатарына ығыстырды. Ал сен бұны енді ғана ұғынбақсың. Сен бизнес – заманға жарамсыз екенсің. Тағы да бұл соцреализм деген атауға жеке басыңның өтеуі деп түсін, ауылдағы туыстар көрдің бе, сені әсіресе, қайта құру жылдарында мақтан ететін, “Стиррап түлегі ” болғаның бар болсын. Енді естерін жияды. Ия, ендігіде қайда барып тығылмақ және де одан соң, не істеу керек? Ұмыт, ұмыт сол “Мәңгілік қалыңдықты”. Кімге қажет ол? Ойға алғанын мазмұнында – ақ, жатырында–ақ поп әуендері таптауда. Поп әуендері салтанат құруда. Бізде поп әуендер заманы туды! Ал сен сөзсіз мойынсұн немесе қоштаспай тұрып, көзден жоғал. Сонда да қалай болуы керек? Мәскеуге кетсе ше, онда өз адамдары бар, сенімді, бірақ онда да поп әуендердің шарықтаған кезі! Бір сөзбен айтқанда, жаппай туннель және соңы көрінбейді... Бұдан екі жыл бұрын бұның барлығы тұнғиыққа батқандай аударылып түседі деп ойлап па еді? Қой, одан да қоштасу хатын жазайын, оған және бауырыма...

Терезе алдында тұрып, ол осы ойларынан әлі де ұзақ шаршады. Содан соң, өзінің де есінде жоқ, толық тыныштықта көзін жұмып, ұйықтап кетіпті. Ғажабы сол, кеште не ұялы, не қалалық телефон арқылы ешқандай қоңыраудың болмағаны. Әдетте, оны қоңырау дауыстарымен түн жарымына дейін тыныш қоймайтын. Журналистке, оның үстіне тәуелсіз, егемен деп аталатын Арсен Саманчинге сөз бостандығының ауыр жүгі тиесілі еді. Жүкті көтеруге кірістің бе, ендігіде айтпа, зілмауыр деп. Қаншама шағымдар жауды! Баспасөз арқылы кейбірін шешуге мүмкіндік туды, кейбірінің реті келмеді, ол енді адвокат емес қой, бар болғаны БАҚ – тың қара нары. Түрлі іскерлер өз мүдделерін баспасөз арқылы өткізіп, көптің көзінше бір көрініп қалуға, жеңіске жетуге жанұшыра ұмтылып және де даңқ пен дақпырты зор атақты иелену үшін иттік бәсекені ұйлықтырған аттанына ол үн қатсын деп қандай қитұрқы істерге бармады дерсің...Ал бүгін олардың дымдары өшкен. Түсініксіз. Неге бұлай? Оның қор болғанын білді ме екен?

Бәлкім, оған көңіл аударудың мәні жоғалғанын, бар–жоғы “әнші- вокалшы” әйел баласына, қайсы бір кездері опера сахнасының құдайына, ал қазірде әрбір бұрыштарда әсем көрініспен жарқыраған “эстрадашы- плакатқа” өзі үшін емес, олармен біргелікте соңғы уақытқа шейін жаппай ойластырған опера жайлы идеяны есіне салуға жасаған әрекетімен ауыр соққыға жығылғанын аңдарға тән иіс сезгіштігімен аңғарған болар. Ендігіде бір нәрсе айқындалды, опера–утопия. Оның өзі кенеттен барлық байланысты үзді, біреу басын сиқырлағандай, өз күзеті қоршауында қол жетпеске айналды. Түптің түбінде құдай ақы, қойшы соны, бірақ сазгермен не ету керек? Жетеді, болды деймін бе? Мұндай сазгерлер, сол маэстро секілділері опера әншісі үшін классикалық операны ойлағандары қазірде бірен – саран ғана. “Мәңгілік қалыңдық” идеясын ынты – шынтымен қабылдаған, музыка ортасында аса құрметті сазгер Аблаевқа және осындай сирек кездесетін меценаттыққа қадам бастыруға оңай болмаған, келісім–шарт түзген демеушіге не деп түсіндірерсің, оларға мейрамханадағы адам естімеген жағдайды қалайша ұғындырмақсың? Қандай масқара! Күзетшілер оны көше бұрышына шығарып, таксиге итере тықсырды, жұдырықтарын түйді, ал таксишіге: “Тыңда, шал, мына типті жеткізіп сал, азын–аулақ жұтыпты. Және де ешқайда тоқтаушы болма. Төтесінен Ортасай мөлтек ауданына тарт!” деді. Бұл аз болғандай таксишіге ақша тықты.

Мінеки, Арсен Саманчинді осылайша “жер аударды”. Ең жаманы фойэден шыққанда ол кенеттен өзінің тұла бойын кіре берістегі жарқыраған айнадан көріп, сансырағанынан айқайлап жіберуге сәл–ақ қалды. Ол қандай керексіз, қорланған және сұмпайы болып көрінді. Оның үстіне мынау ділқұлы шляпасы, оны да классикалық, сәнді дейді–ау. Бірақ сол сәтте ол қоғамдық орыннан аяқпен теуіп шығарылатын жексұрынға айналды.

Ал ол өз ожданын қорғау орнына, үн–түнсіз жылыстап барады, тапсырыспен жасалған сән–салтанатты айнадан көрген жәйт көкейінде жатталып қалды. Оның әрқашанғы иненің көзінен өткендей кірпияздығы, өзіне тартар сүйкімділігі, зиялылығы зым–зия қайда кеткен? Оны бостан – босқа егемен, тәуелсіз деп айтпаған, ол шынында да, өзінің сыры ма, сәттілігі ме, азиаттық БАҚ – та өте сирек кездесетін ауқатты, тәуелсіз журналист болатын. Және де Айдана, ол оны еркелетіп, аялап айтатын Аясы кейде сыбырлап қана: “ Егеменім менің! Мен де егемен болғым келеді және де мен сенімен егемен жұп боламыз!” дейтұғын. Қайда оған! Бәрі де керісінше шықты. Ол бизнес–элита тарапынан жоққа шығарылды, күшпен ығыстырылды. Ал ол, иығын көтеріп, кеудесі жап–жалаңаш көйлегімен бизнес–жұмаққа қарай ауып кетті. Жұмаққа кімнің барғысы келмейді? Оған барлығы сыймайды, ал оның жолы болды. Оның қолында жұмақтың кілті болсыншы, оған есігін ашып берер еді, бірақ оның қолында жоқ...

Ендігіде өзін мезі еткен идеясы “Мәңгілік қалыңдық” қойылымымен қайда бармақ, бастапқыда соған бола, оның жанды жаулап алатын меццо – сопрана дауысы үшін ойластырған–ды. Көз алдында кері кетіп жатқан қазіргі заманғы опера театрының зәруліктерін қай тұңғиыққа лақтырмақ, таланттар одан ағылып кетіп жатыр, ешнәрсемен тоқтата алмайсың? Театрдың дәстүрлі репертуары бәлкім сақталар, бәлкім жоқ. Бұл және де ұлттық және де әлемдік проблема. Ия, бұқаралық мәдениеттегі алыпсатарлар бұның морт сынып, көз алдында қорлануы, жоғары материя туралы бұдан былай ойланбауы үшін епті түрде, сондай бір жасанды құлшыныспен сазайын тартқызды. Және де бұл соңы емес, олар егемен-идеалисті одан әрі моральдық тұрғыдан үзілді – кесілді титықтату үшін және де оның өзі жолдан таю үшін, аяқ астында шырмалмас үшін қорлауды, келемеж етуді одан әрі жалғастыра бермек. Және де бұны шектен шыққан арсыздықпен шоу–бизнестегі, поп-модернизмнің топ-модельшілері аталатын сыпырғыштары құмарлана істей бермек. Бұл орайда олар табыстан табысқа жетуде. Оларға сол үшін барлығы, барлық құралдар-интернеттен ғарышқа дейін берілген. Және де күн сайынғы қосалқы құралдар да олардың еншісінде-эстрада, баспасөз... Ах, сорлы, сорлы баспасөз! Тоталитаризм кезінде сөз құлдығына қарсы күресті, күресті де өзі нарық құлы болып шыға келді. Және де тікелей эфир соған қызмет етеді, өйткені, әрбір автокөлікте радио бар... Тіпті, ғарыш спутниктері ендігіде жаһандық айналымда шоу-бизнесті қозғаушы ролін атқаруда. Және де бұның барлығы классикалық құндылықтарды күресінге қарай ығыстыру үшін, футбол стадиондарында адамды таң қалдыратын асып-тасқан толқындай көрерменнен түсетін табыс табу үшін бағытталады. Барлығы олардың қолдарында.

Ал сен, сен адасқан энтузиаст-утопияшы, яғни утопист бақытсыз тұлдыр неге олардың жолында тұрасың, неге және қалай екенін біле тұра? Тілі жоқ құрбаны сияқтанып және де өзіңді діріл қаққан қолдарыңмен неге шоуменнің ордасына өзіңді басыбайлы ұсынасың? Және де өз махаббатыңды ыдыс салғышқа салып ұсынасың: алыңдар, тек біздерге кедергі болмаңдар дегендей. Және де бұл сенің өмірдің мәні мен сұлулығы құдайдың өзі жіберген мәңгіліктің сыйынан өзіңді зорлап, бас тартқаның болмақ, өйткені махаббат Ғаламдық сый, мәңгілік әлеуетінің қуаты. Мінеки, сондықтан жұптасып қосылудың ең биік нүктесін мәңгілік пен жердегі өмірдің өзара іс-әрекетінің шарықтау сәті сипатында түсіндіру мүмкін және де сол себепті құйынды құмарлық пен махаббат сезімінің салтанаты аспан мен жер арасындағы қарым-қатынастың күрделілігін айқындап, трагедия мен драманы өзінде жасырады. Махаббат тарихының қайбірі болмасын, хақ өліммен тәмәмдалады, бірақ құдайдан бұйырған махаббаттың мәңгілік квотасы келесі ұрпақтарға алмастырылады және олар да махаббатқа берілуі және махаббат арқылы мәңгіліктің ағымына қосылады. Бірақ қашанда жойымпаз күштер аярлықпен махаббат әлеміне басып кіреді, өйткені олардың көпшілігі адам баласының қараңғы қалтарыстарына тығылады және өте-мөте қитұрқы бола түседі, сол себепті адамдарда ішкі арпалыс азаймайды.

Мінеки, сен де аңғал қалдың және де мұндай жағдайларда оңбай таяқ жедің деп айтпай ма, қорландың және қазір де өз махаббатыңды аяқ астына тастадың, өйткені, саған да, ақыл-есі толған адамға және де оған махаббат жоғарыдан жіберілген-ді. Масқара болдың, сен шоумен алдында ұнжырғаң түсті, ол соншалықты жексұрын болған, сондықтан, тіпті атын да өз ішіңмен айтқың келмейді. Бірақ оған бұдан мысқылдай келіп-кетер зиян жоқ. Олар тойлап жатыр, ол мәртебелі. Өйткені, істің мән-жайына келгенде ол сен тәңір тұтқан әйелді еліктіріп және де баршаның көз алдында қолтықтап әкете алды, егер де әділін айтсақ, оны сатып алды және де оны продюссерше асқан сәттілікпен саудаға салды. Сен болсаң жай-күйсіз қалдың және де сенің бойыңда мейлі дилетанттық үстірт, мейлі әп-сәтте жарқ ететін, мейлі өзгелерге естілмес және түсініксіз болған, көз жетпес мұхит секілді өзіңде жасырынған жан әуеніне деген табиғи махаббат әп-сәтте сарқылды, бірақ сен онымен ажырасуға күшің жетпес-ті. Енді мінеки, азаптана бер, сенің санаңдағы көз көрмес симфония жай ғана кетіп барады, себебі, ол үшін өмір сүру ортасы қалған жоқ.

Және де осы орайда Арсен Саманчин өзіне келуге, ақылын қолына алуға ұмтылды: бұның бәрі сезім, жерге түс, салауатты ойлауға тырыс дегендей. Өйткені, егер де “Мәңгілік қалыңдық” фабуласы негізіндегі опера жазылғанда және партитура күйінде бар болғанда, басты рольге лайықты орындаушыны басқа қалалардан және өзге елдерден табуға мүмкін-ді. Қымбатқа түсер еді, бірақ “ұйымдастыру мәселелерін” шешуге болатын. Жүйелеп ойлағанда осылайша болғаны лазым еді...



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет