Білімді пысықтау мен бағалауға арналған сұрақтар?
1.Пікірсайыс дегеніміз не?
2.Пікірсайыс технологиясының негізгі кезеңдерін көрсетіңіз?
3.Пікірсайыс технологиясының маңызын ашып көрсетіңіз?
4.Пікірсайыс технологиясының ерекшеліктеріне тоқталыңыз?
5.Пікірсайысшының іс-әрекетіне сипаттама беріңіз?
Ұсынылған әдебиеттер
1. Кларин М.В.Инновационные модели обучение в зарубежных педагогических поисках. Пособие к спецкурсу для высших педагогических учебных заведений, институтов усовершенствования учителей, повышение квалификации работников образования. - М.: Арена, 1994.-221с.
2. Селевко Г.К.Современные образовательные технологии. – М.:Народное образование. 1998.- 225с.
3. Беспалько В.П.Слагаемые педагогической технологии. – М.:Педагогика. 1989.-192с.
4. Мұратов Ж.С. Пікірсайыс - педагог мамандарды даярлаудағы жаңа технология// «Ұстаздарды дайындаудағы педагогикалық инновациялар» атты Халықаралық ғылыми - практикалық конференция еңбектері: - Тараз: ТарМПИ, 2005. - Б. 149-150.
5. Тоғатаева Т.Г. Оқушылардың шығармашылық қабілеті мен белсенділігін арттыруда пікірсайыс рөлі // «Ұстаздарды дайындаудағы педагогикалық инновациялар» атты халықаралық ғылыми – практикалық конференция еңбектері: - Тараз: ТарМПИ, 2005. - Б. 155-158.
4.16 Ойын арқылы оқыту технологиясы
Белгілі психолог Е.А.Аркиннің пайымдауынша, ойын және ойыншық балалар өмірін сипаттайтын бірден-бір жалпы ұғым. Ойын бала үшін жаңа ортаға тезірек үйренуге мүмкіндік береді. Жаңа ортаға, оқу үдерісіне өту үйреншікті өмір сүру әдістерін өзгертуді қажет етеді. Ал Ю.К. Бабанский ойынды бастауыш сынып оқушыларының барлық әрекеттерін ынталандырудың түрлері мен әдістерін ұсынады.
1. Ойын арқылы балаларды өмірге ең қажетті қасиеттерге: өжеттілікке, іскерлікке, жауапкершілікке, ептілікке тәрбиелейді. Балалар ойын үдерісіне жаңа білімдер, пайдалы іскерліктер, әдеттер мен дағдылар үйренеді.
2. Ойын түрлерінің материалдары сабақтың тақырыбы мен мазмұнына неғұрлым сәйкес алынса, оның танымдық, тәрбиелік маңызы да арта түседі. Оны тиімді пайдалану сабақтың әсерлігін, тартымдылығын күшейтеді, оқушылардың сабаққа ынтасы мен қызығушылығын арттырады. Н.К. Крупская: «Бала жас болғандықтан ғана ойнамайды, балалықтың өзі оған ойнау үшін, яғни жаттығу арқылы өмірде қажетті дағдыларды игеру үшін берілген» деген болатын. Ойынмен ұйымдастырылған сабақ балаларға көңілді, жеңіл келеді. Ойынды іріктеп алуға нақтылы сабақтың мақсаты, мүмкіндіктері мен жағдайларын ескеруге ерекше назар аударылған жөн. «Ой- ойыннан басталады» десек, баланың ойын жетілдіріп, сабаққа қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін бастауыш сынып мұғалімінің қолданатын басты тәсілі-ойын.
Н.К. Крупская өзінің көптеген еңбектерінде ойынның бала өміріндегі маңызына үлкен мен берген. Қандай ойын болмасын, әйтеуір бірнәрсеге үйретеді, ең бастысы баланы - мұқияттылыққа, еңбекке, жолдасымен ынтымақтастықта болуға үйретеді.
Ойын - балалар үшін оқу да, еңбек те. Ойын- айналадағы дүниені танудың тәсілі. Ойын балаларға өмірде кездесетін қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймайды, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады дегенді айтады.
Ал заманымыздың талантты педагогы В.А. Сухомлинский «ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармасыз ойсыз толық мәндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» деп санайды.
Тиімді қолданылған ойынның түрлері мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын, оқушылардың зор ынтамен тыңдап, терең меңгеруіне көмектеседі. Өйткені, төменгі сыныптағы оқушылардың аңсары сабақтан гөрі ойыңға ауыңқырап тұрады. Қызақты ойын түрлерінен кейін олар тез серігіп, тапсырманы ықыласпен орындайды.
Сабақ барысында ойын түрлерін дидактикалық әдіс ретінде пайдаланудың маңызы зор. Ойын арқылы баланың адамгершілік қасиеттермен қатар білімге, өнерге құштарлығы қалыптасады. Тіпті нашар оқиды-ау деген оқушылардың өздері ойын түрлері араласқан сабаққа зер салып, ынталана түседі. Ойын араласқан жерде жарыс болмай тұрмайды. Оқушылар жолдастарынан қалып қоймау үшін сабаққа белсенді қатысып, қойылатын сұрақтарға жауап іздеп, ойлана бастайды. Сабақта ойын түрлерін оқушылардың ой-өрісін дамытуға әсер етеді. Педагогика ғылымында баланың жеке адам ретінде дамуы үшін ойын ерекше орын алады. Ойын-бұл жасөспірімнің өзінше еңбегі. Жалпы өмірде ойынның да қоғамдық мәні бар. Ойын барысында белгілі бір әрекет жасай отырып, жасөспірім қоғамдық өмірге қатысудың алғашқы үлгісін алады, ересектермен арадағы қарым -қатынас құрылымын түсінеді. Бала ойын арқылы өзі өмір сүріп отырған, дамып отырған белгілі бір әлеуметтік ортадағы норма мен әрекетті қабылдайды. Ойын белгілі бір ұстамдық тәртіптің көрінісі болып табылады.
Ойын-әлеуметтік қызмет. Ол баланың жасына қарай өзін қоршаған ортаны танып білуге құштарлығын арттыратын құрал. Онда екі қызмет: таным және бағдарлық бар. Ойынның танымдық қызметі тануға деген мүдделікті қалыптастыру, ол бағдарлық қызметке араласуға ынтаны арттырады. Жас өспірім шақтағы мейілінше көп тараған ойындар таным сипатындағы спорт және басқа қозғалмалы және шығармашылдық рөлді ойындар балып табылады. Ойынға қызығу ойыншының жасына, жынысына, өмір жағдайына байланысты.
Тілдің дамуына да ойын әсер етеді. Ойын ақыл-ой дамуына да әсер етеді, бала ойын үстінде заттар мен іс-әрекеттерді жалпылауды, сөздің жалпылама мағынасын қолдануды, т.б. үйренеді. Ойын баланың психикасында сапалы оң өзгерістер туғызады: онда мектеп жетекші болатын оқу әрекетінің негіздері қаланады.
Сабақты ойын түрінде жүргізу оқушылардың білімге ынта-ықыласын арттырады. Ойын арқылы ұйымдастырылған сабақ балаларға жеңіл әрі тартымды, түсінікті болады. Оқытудың түпкі мақсаты –оның сапалы болуы, яғни сабақтың түрлері мен әдістерін, мазмұнын жетілдіруге оның әдіскерлік танымдық, білімдік, тәрбиелік қызметі мен практикалық бағытын күшейту де осы міндеттерден туындайды. Сабақта ойын түрін пайдалану – сабақтың әдістерін жетілдіру жолындағы ізденістердің маңызды бір буыны. Ойын түрін оқу үдерісінде пысықтау, жаңа сабақты қорытындылау кезінде, қайталау сабақтарында пайдаланған тиімді. Ойын түрі сабақтың тақырыбы мен мазмұнына неғұрлым сәйкес алынса оның танымдық, тәрбиелік маңызы да арта түседі. Оны тиімді пайдалану сабақтың әсерлігін, тартымдылығын күшейтеді, оқушылардың сабаққа ынтасы мен қызығушылығын арттырады. Дидактикалық ойындар барлық сыныптарда қолданылады.
Оқушылардың шығармашылығын дамыту педагогикада басымды бағыт болып есептеледі. Жалпы алғанда, өркениеттің прогрессивті дамуының негізгі қозғаушы күші шығармашыл тұлға екені белгілі. Өйткені біздің заманымыздың электрондық, атомдық, ғарыштық пен аталып жатуының өзі адамның ақыл –ойының, санасының жетілгендігінің көрінісі. Сондықтан оқушылардың оқу үдерісінде дамуын жүзеге асыру білім алу кезіндегі шығармашыл белсенділігі, өз беттерімен білімді игеру дәрежелері дидактика мен мектеп өмірінде үнемі басты мәселенің бірі болып қала береді.
Әлеуметтік тұрғыда адамның белсенділігі мен дербестігі оның еңбегінің жемістілігін айқындайды және тапқырлығынның мәнін құрайды.Ендеше оқушыларда осы қасиеттің пайда болуын тудыру әрбір ұстаздың негізгі міндеттерінің бірі болып саналады.
Жеке тұлғаның ақыл-ойын, танымдық үдерісін жетілдірудің, әлеуметтендіру мен жан-жақты тәрбиелеудің көрсеткіші ретінде бағаланатын оқу үдерісінде оқушылардың жас және дербес ерекшеліктерін ескере отырып, ойын әрекеттерін ұтымды пайдаланудың мүмкіндіктері мол.
Ойын – бала әрекетінің бір түрі, адамзат мәдениетінің қазынасы. Ұлы педагогтар, ғалымдар баланы тәрбиелеудегі ойын рөлін жоғары бағалайды. Бала ойын арқылы өмірге енеді, табиғатпен, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түседі, таным-түсінігін арттырады, еңбек ете білу дағдысы қалыптасады.
Психологтар мен педагогтар ежелден-ақ ойын мәселесіне өз назарын аударған, тек XIX ғасыр аяғында ғана ойын арнайы зерттеу пәніне айналды. К.Гроссқадейін итальян Д.Колоцца балалар ойыны туралы материалдарды жүйеге келтіріп, ойынның педагогикалық, психологиялық маңызын ашуға әрекует жасады. Ал ғалым-психологтар К.Гросс, Э.Клапаред, А. Диваев, Р. Гаупп, Н.Виноградов, В.Вахтерев және т.б. ойын теориясын құрастырды және ойын мәселесін көтеріп, іс әрекеттің маңызды түрі ретінде оның теориялық, әдіснамалық негізін ашты.
Ойын мәселесінің жан-жақты зерттеуіне, ойынды топтастыру, жүйеге келтіру, жинақтау, дамыту, ойын түрлері, технологиясы, әдістері көптеген ғылымдар саласында: әлеуметтік, этнопедагогикалық, философиялық, педагогикалық, психологиялық, дидактикалық тұрғыдан қарастырылғанына қарамастан әлі толық шешімін таппаған.
Алғашында іскерлік ойындар әлеуметтік- экономикалық міндеттерді шешу үшін қолданды. 1932 жылы Ленинград инженерлік-экономикалық инситутында М. Бирштейннің басшылық етуімен Львов машина зауытының іске қосылуын көрсету үшін іскерлік ойыны өткізілді. Бұдан кейін іскерлік ойындар 1950 жылдары экономиялық қатынастар, 1960 жылдары басқару және педагогика саласына тарады. Ол ойын түрлері Н.Грейф, Р. Уорфорд, Г.Шедровский еңбегінде дамыды.
Г. Шедровский анықтамасына сәйкес, іскерлік ойындардың төмендегідей ерекшеліктері бар:
а) қоршаған ортаға ерекше қатынас;
ә) ойынға қатысушылардың субъективті іс-әрекеті (әрбір ойынға қатысушыға өзінің білімділігін көрсету үшін ең жағымды жағдай қамтамасыз етіледі. Ойыншының өз «Менін» тек қана ойын жағдайында ғана емес, сонымен қатар тұлғалар арасындағы қатынастардың барлық жүйелерінде көрсетуге мүмкіндік береді);
б) іс-әрекеттің тапсырма түрінде берілуі (ойынның енжарлық күйде емес, белсенді қатынас негізінде «жеңісті», ұтыс бағытында ойналуы);
в) түсінудің ерекше мазмұндылығы (ойынға қатысушыларда теориялық, әдіснамалық тәжірибелік білім мен дағды қалыпты жағдайда қабылдауымен, көлемді ақпаратты есте сақтауға мәжбүр етпейтіндігімен анықталады).
Қазақ халқы жасаған мұралар сан алуан. Солардың бірі- ұлт ойындары. Ойынға тек ойын деп қарамай, халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, бір жүйеге келтіретін тамаша тәрбие құралыдеп қараған орынды.
Аға ұрпақ өз білгенін, өз көкейіне тоқығанын кейінгі ұрпаққа мирас еткен. Солардың бірі- ұлт ойындары. Ойынға баланың көңілін өсіріп, ойын сергітіп қана қоймай, оның таным-түсінігін де арттырады. Ойнай білген бала сол халықтың мінез-құлқынан, ой санасынан, тұрмыс салтынан хабар алады.
Ұлт ойындар-халық педагогикасының негізгі бір саласы ретінде оұушыларға жан-жақты білім беруде, олардың өмір тәжірибиелерін кеңейтуде, дүниені танып білу қабілеттерін жетілдіруде аса қажетті тәрбие құралдарының бірі. Ұлттық ойындарды тәрбие құралына айналдыру үшін бірқатар әдіснамалық талаптардың қатаң сақталуы талап етіледі.
1. Тәрбиеші ұлт ойындарын неғұрлым көп білуі керек.
2. Ұлт ойындарын балалардың жас ерекшелігіне және қызығушыларына байланысты іріктей білу.
3. Барлық ойындардың тәрбиелік мақсатын анықтап алу (белгілі бір ойынмен балалардың бойында қандай қасиеттерді тәрбиелеуді көздейді).
4. Ойын ережесін өзі жетік біліп, балаларға да түсінікті етіп жеткізе білу.
5. Ойын барысында ережені катаң түрде қадағалау. Көптеген жағдайда ойын ережесінің бұзылуы балалар арасында ұрыс, келіспеушілік, реніш тудырады.
6. Ойынға арналған құрал-саймандарды даярлау. Қажет болған жағдайда өз қолымен әзірлеу немесе басқа құралдармен алмастыру.
Іскерлік ойын – бұл оқытуды ұйымдастыру формасы, ол мұғалімнің басқаруымен, оқушылардың максималды өзіндік ұйымдастырушылығымен жоспарланған ойын сценарийі арқылы мақсатты бағытының негізінде жүзеге асырылады. Білім беру тәжірибесінде оқытудың ойын формасы оқытудың тәжірибелік бағыттылығын мақсат тұтатын іскерлік ойындар арқылы игерген білімдерін шығармашылықта қолданады және бекітеді. Оқу үдерісінде іскерлік ойындардың төмендегідей түрлері қолданылады: рөлдік, операциялық, ұжымдық-іскерлік ойындар.
Іскерлік ойындардың педагогикалық мәні мынада: оқушылардың ақыл-ойын дамыту, ойлауды жандандыру, танымдық белсенділігін қалыптастыру, оқыту үдерісіне шығармашылық рух енгізу.
Іскерлік ойындарының негізгі педагогикалық мәні- оқушылардың ақыл-ойын дамыту, ойлауды жандандыру, танымдық белсенділігін қалыптастыру, оқыту үдерісіне шығармашылық рух енгізу.
Іскерлік ойынның негізгі ерекшеліктері:
1. Шешімін күтетін мәселелердің болуы.
2. Ойынға қатысушылар арасында рөлдерді бөлу және рөлдеріне сәйкес белсенді өзара әрекетімен және мұғаліммен байланысының болуы.
3. Ойынға қатысушылардың ортақ мақсаттарының болуы және ұжымдық шешім шығаруы.
4. Шешімдердің көп нұсқалығы.
5. Ойын соңында талдау жасау.
6. Қатысушылардың жоғары эмоциялық күйі.
Әдетте ойын элементтерінің 2 түрі қолданылады:
1) белгілі бір мәселені шешуге бағытталған жалпы танымдық тапсырмалар (міндеттер);
2) арнайы тапсырмалар.
Іскерлік ойындарын өткізудегі мұғалімнің міндеттері:
- белгілі бір мәселеге, материалға байланысты қажетті иллюстрацияларды іріктеу;
- дидактикалық материалдар дайындау;
- әр оқушыға тапсырма беру;
- оқушыларды рөлге, топтарға бөлу;
- міндеттерді белгілеу;
- мүмкін болатын жауаптар туралы ойлау;
- оқушылардың қызығушылығын ояту.
Іскерлік ойындардың тәрбиелік міндеттерді шешуде үлкен үлесі бар:
1) танымдық: ойын барысында оқушылар сынып жұмысын ұйымдастырып, өздерінің жеке міндеттерімен танысады.
2) тәрбиелік: іскерлік ойын барысында ұжымдық түсініктері қалыптасып, әрқайсысының ойынға қатысу дәрежелері анықталады, жалпы міндеттерді шешуде өзара қарым-қатынастары білінеді, барлық сұрақтарды ұжымдық талдау барысында сыншылдық, ұстамдылық, басқаның пікірін түсіну, ілтипат көрсету қалыптасады.
3) дамытушылық: қабілеттері, сөйлеу мәдениеті, пікірталасқа қатысу білігі дамиды.
Іскерлік ойындарды ұйымдастыруда төмендегідей психологиялық-дидактикалық жағдайларды атап көрсетуге болады:
- белсенділік- ойын барысындағы оқушының дене және интеллектуалдық күштерінің белсенді көрінісі, бұл ойын әрекетінің негізгі ұстанымы болып таблады;
- рөлдерді орындау- адам әрекетінің ойын негізінде нобайлануы және қайта жасау құбылысын көрсетуі. Рөлдерді орындаудың дидактикалық құндылығы оқушылардың кәсіби даярлығына бағдарланушылығы болып табылады;
- ұжымдық сипаты- оқушылардың ойын топтарына бөлінуі. Ойынның ұжымдық сипаты негізінде оқушылардың өзіндік қарым-қатынасы, достығы, ұйымшылдығы, өз ойларын айту, пікірлесу сияқты жағымды қасиеттері дамиды;
- кері байланыс- оқушы өзінің әрекетін өзі басқарып ойын барысында тікелей әсер етеді;
- мәселелік- ойындағы ойлаудың қисынды психологиялық заңдылықтарын көрсетеді;
- нәтижеге жету-ойын әрекеті негізінде белгілі бір мақсатқа жету, міндетті орындау;
- сайыс-ойындарға елсене қатыса отырып оқушылардың нәтижеге жетуге ұмтылысы түрінде көрінеді.
Іскерлік ойындарының негізгі міндеттері төмендегідей болады:
- Оқылған материалды еске сақтау және терең ұғынуға жағдай жасау;
- Дұрыс шешім қабылдау және жағдаяттарға баға беру білігін қалыптастыру;
- Қабылданған шешімді жүзеге асыру дағдыларын қалыптастыру;
- Шығармашылығын дамыту.
Іскерлік ойынды өткізудің кезеңдері төмендегідей түзіледі:
1-кезең: мұғалімнің тақырыпты таңдауы, мақсаттар мен міндеттерді белгілеп, күтілетін нәтижені болжауы, құрылымын анықтау, сыныптағы ойынға қатысушылардың рөлдік қызметіндегі қасиеттерін ескеру, ойын барысындағы әсер етуші жағдайларды зерттеу.
2-кезең: соңғы оқу материалын талдау, мәселені шешудің әдіс-тәсілдерін талдау. Тиімді әдістемені таңдап алу және оны ойша қолдануда шығармашылық өңдеу, сценарийді дайындау, рөлдерге бөлу.
3-кезең: мұғалімнің оқушыларды іскерлік ойынның сценарийі, мақсаты, мазмұнымен таныстыруы, ойынды ұйымдастыруы, оқушылардың рөлдік қызметтерін орындауы, мұғалімнің, оқушының ойынды басқаруы, ойын барысын, нәтижесін талдау, мұғалімнің қорытынды жасауы жүзеге асырылады.
Іскерлік ойындардың әлеуметтік мәні мынада: белгілі бір міндеттерді шешу барысында оқушыларды меңгеру белсенділігін ғана арттырып қоймайды, сонымен қатар күрделі шешімдер қабылдай білуге үйретіп, ұжымдағы өзара қарым-қатынасты дамытуды көздейді. Ең бастысы, қандай да болсын ойын түрлері арқылы адам баласы қоғамдық тәжірибені меңгереді, психикалық қасиеттері мен танымдық ерекшеліктері қалыптасады.
Ойын сабақтары. Ойын сабақтары-дәстүрлі емес сабақтардың ең көп тараған түрі. Ойын сабақтарының ерекшелігі- оқу-тәрбие удерісінде балаларға таныс ойын элементтерін білім алуға пайдалану.
Ойын - балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы басты құрал. Бала ойын ойнағанда өмірде көрген-білгенін өзіне ұнаған адамның іс-әрекетіне еліктеп отырып бейнелейді. Бала үшін өзіне ұнаған адамнан артық ештеме жоқ, оған барлық жағынан ұқсағыш келеді. Жалпы бала табиғаты өзін бірнеше есе үлкейтіп көрсетуғе бейім.
Балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның рөлі ерекше. Мұғалім бағдарламада көрсетілген көріністі рөлдік, қимыл қозғалысты, ойын түрлерін пайдалана отырып, баланың ойын әрекетін ұйымдастыра білуі тиіс. Ойын барысында оқушылардың айналасындағы дүние жайында мағлұматтары кеңейіп, таным белсенділігі артып, білім- машықтарының негізінде бір көрініске орай басты кейіпкерге еліктеуі, ойын ойнауға өзіне серік тауып алуы, онымен шынайы қарым-қатынас орната отырып, таңдап алған рөлеріне деген жауапкершілігі.
Дидактикалық ойындардың мақсаты- баланы оқыту, олардың ойлау қабілеттерін жаттықтыру және дамыту, игі қасиеттерді тәрбиелеу.
Дидактикалық ойындардың мазмұны қандай да болмасын ақыл - ой міндеттерін жүзеге асыруға негізделеді. Ережені орындау ойды, қиялды, есті дамытуға ықпал етеді. Дидактикалық ойын арқылы дүниені тану басқаша түрге ие болады, ол күнделікті оқытуға ұқсамайды, мұнда қиял - ғажайып та, жауапты өз бетінше іздеу де, белгілі болмыс пен құбылысқа жаңаша көзқарас та, білімді толықтыру мен кеңейту де, жекеленген құбылыстар арасында өзара байланысты, ұқсастық және айырмашылықты тағайындау да бар. Ал ең бастысы, оқушыларға ешқандай күш түсірмей, олардың өздерінің қалауы бойынша дидактикалық ойын арқылы оқу материалын әртүрлі тұрғыдан бірнеше рет қайталауға мүмкіндік туады.
Сонымен бірге дидактикалық ойын өзара жарыстыру мүмкіндігін туғызып, оқушыларға білімдерін әртүрлі жағдайда қолдануға негіз береді.
Дидактикалық ойынның арнайы құрылымы болуы шарт. Оның құрылысы төмендегідей:
1. Міндеті.
2. Әрекет.
3. Ереже.
4. Нәтиже, ойынның аяқталуы.
Әрбір дидактикалық ойынның белгілі міндеті болады, ол дидактикалық мақсаттан келіп туындайды. Ойынның міндеті оның оқу мазмұнын құрайды. Ойын мазмұны балалардың қызығушылығын оятады, олардың танымдық іс - әрекетін белсендіреді және жаңа білім, білік, дағдымен байытады.
Әрекет – ойынның негізгі бөлігі. Әрекетсіз ойынның мақсатын жүзеге асыру мүмкін емес. Әрбір дидактикалық ойынның міндеті әрбір оқушының мінез – құлқын анықтап, ұйымдастырып, біртұтас ұжымға біріктіретін әрекет арқылы іске асады. Ол балалардың қызығушылығын тудырып, олардың ойынға деген эмоциялық қатынасын анықтайды. Дидактикалық ойында әрекет нақты анықталған және анық түрде белгіленген. Ол әртүрлі болуы мүмкін, бұл жағдайда төмендегі негізгі шарттарға сәйкес келуі тиіс:
а) ойын міндетіне бағыну керек, сол арқылы ойын мақсаты жүзеге асырылуы шарт;
ә) ойын аяғына дейін тартымды, әрі қызықты болуы шарт.
Ереже дидактикалық ойынның қажетті бөлігі болып табылады және ерекше орын алады, сондықтан кейде дидактикалық ойындарды ережеге құрылған ойындар деп те атайды. Ереже ойын міндетіне бағынады. Олар іс - әрекетті ойынның міндетін жүзеге асыруға бағыттай ұйымдастыруды көздейді. Сондықтан дидактикалық ойында іс - әрекет ережемен тығыз байланысты. Ережелер баланың ойын үстінде не істеу және қалай істеу керек екендігін анықтайды. Дидактикалық ойынның ережесі іс - әрекетті ұйымдастырып қана қоймайды, сонымен бірге оның тартымдылығын арттырады.
Ойын нәтижесі - бұл міндетті шешу мен ережені орындау. Нәтиже мен ойынның аяқталуын екі тұрғыдан бағалау қажет: баланың көзқарасы тұрғысынан және мұғалімнің көзқарасы тұрғысынан.
Егер ойын нәтижесін баланың көзқарас тұрғысынан бағаласа, онда мұғалім ойынның балаға моральдық және рухани ләззат беру жағын есепке алады.
Дидактикалық ойынның міндеттерін шешу баладан белгілі бір күш - жігерді талап етіп, олардың іс - әрекетіне талаптар қояды. Балалар ойын барысында ұшқырлық, алғырлық, тапқырлық танытады. Мұның барлығы балаларды моральдық тұрғыдан қанаттандырып, олардың өз күштеріне сенімін арттырады, қуаныш сезімге бөлейді.
Мұғалім сабақты талдау кезінде міндеттің орындалғанын, әрекеттің жүзеге асырылғандығын, ойынның белгілі бір нәтижеге әкелгендігін қадағалау қажет.
Ойын сабақтары оқушыларды қайырымдылыққа, достыққа үйрете отырып, олардың бойындағы белсенділік қатынастардың дамып, шығармашылықтарының артуына себебін тигізеді.
Ойын сабақтарының түрлері көп. ойын сабақтарына: саяхат, театр, концерт, тренинг, жұлдызды сағат, ғажайыптар алаңы, "ойлан тап!", аукцион, бақытты сәт және т.б. сабақтар жатады.
«Ойлан, тап!» сабағы - ойын сабағының ең маңыздысы. «Ойлан, тап!» сабағы- білімді жүйелеу, қайталау және тексеру сабақтарында пайдаланған ұтымды. Сабақтың ерекшелігі- сабаққа қызықты шытырманды мәселелер қарастырылып, шешуін табуда оқушылардан терең білімді талап етеді.
Осындай «Ойлан, тап!» сабақтарының оқушылар үшін маңызы зор болады, өйткені олар көпке дейін оқушыларға үлкен ой салып, танымдық қызығушылықтарының артуына жол табады.
«Ойлан, тап!» сабағы әсіресе сыныптағы дарынды балалармен жұмыстар жүйесінің бастамасы болуға тиіс, себебі, осындай сабақтар оқушылыларды ізденімпаздыққа, шығармашылыққа итермелеп, олардың бойындағы жеке дара қабілеттерінің қалыптасуына жол ашады.
Аукцион сабақ. Аукцион сабақ - дәстүрлі емес сабақтардың негізгі түрлерінің бірі. Аукцион сабақтары көбінесе пысықтау- қайталау сабақтарында пайдалану қолайлы. Аукцион сабақтарының негізіне- бәсеке жүргізу жатады. Аукцион сабағында әртүрлі заттар көрмеге қойылады, оқушылардың ол заттарды сатып алуы үшін, ол заттардың қасиеттерін айтып, не артындағы тапсырмаларды, есептерді шығаруы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |