Сынақтарының сыры». Қарағанды: «Tengri Ltd»



бет30/37
Дата08.07.2018
өлшемі11,09 Mb.
#48541
түріСынақтар
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   37
Өмір сынақтарының сыры

Бірақ адамдардың барлығы сені мен Қожа Ахмет Яссауидай таза емес. Оларға билік керек. Билік қолына тиген адам өзі-ақ керегін алады, молырақ алады. Күшпен алады, айламен алады, тартып алады. Ал басқалар бергісі келмейді. Алғызбаймыз дейді. «Өмір дегеніміз – күрес» дейді. Бұл біз көзіміз ашылғалы естіп келе жатқан ақиқат.

Билікқұмарлық, мансапқорлық, шенқұмарлық, бұл негізінен, адамдардың өзі тауып алған індет. Өмірде осы жолда қаншама адам шейіт болды десеңші. Бұл күні бүгінге дейін үзілмей келе жатқан үрдіс. Сонау замандардағы Әлішер Науаи сияқты ғұламалардан бастап кешегі Алтынбекке дейін қанша таланттар өзі істеп жүрген қызметінен бас тартты десеңші?

Себебі, қай хан сарайына барсаң да, іші толы өсек-аяң, аярлық, арамдық, сайқал тірлік. Өзім жақсы танитын кейбір жоғары лауазымды қызметкерлерге қарап менің түсінгенім: хан сарайында ұзақ қызмет істеген адамдардың сөзіне де, ісіне де сенуге болмайды. Олардың мемлекеттік мәдениеттілігі түгіл, ақыл-ойлары, тіпті адамдық-азаматтық сезімдері де ақауға ұшырамай қоймайды екен. Өзгелерді айтпағанда, олар өз үйлеріндегі сүйген жарларымен, бала-шағаларымен де, жақын туыстарымен де дипломатиялық қарым-қатынас жасайды. Өзінің қабағын, өзінің тілін күзетумен күндері өтеді. Қарқылдап күле алмайды, еңкілдеп жылай алмайды. Тым болмаса, екеуміз сияқты аузын толтырып, айызын қандырып боқтай да алмайды. Ішіне қаракүйе түскен сұлыдай, көзге көрінері жылтыраған түрі ғана. Тәуба Құдайға, сен билікқұмарлық, мансапқорлық, шенқұмарлықпен ауырмадың.

Екеуміз де көктемде тудық қой. Біздің өмір көктеміміз өткелі қай заман. Қарап отырсам, 9-шы көкек, сен 8-ге толған күні 1951 жылы, Совет кохозы мен Үштөбе колхозы бірігіп, біздің үй екі өгіз арбамен Саробалы ауылынан жаңа орталық Аққора ауылына көшіп келдік. Аққорамыз кәмпескенің құрбаны, атақты Әміре байдың үйі дейтін. Бұл үй кейіннен бірде ауыл советтің кеңсесі, бірде ауыл мектебі, енді бірде көп пәтерлі тұрғын үй болған. Босағасы құтты шаңырақ деп айтуға бола ма, болмай ма білмеймін, әйтеуір Әміре жарықтыққа опалы болмады.

Аққора ауылы жан-жағы тау етектерімен көмкерілген, бір өзінде төрт бұлағы сарқырап ағып жатқан, үш алқабында қайың, терек аралас, орташа-орташа үш тоғайлы алқабы болатын. Бүкіл ауыл маңайы көкжиекке дейін гүлдері жайқалған көкорай шалғын болатын. Тауларының қырқаларынан таңертең ерте арқарларды жиі көретінбіз. Бұлақ жағаларынан бастап тау етегіне қарай шөптің арасы аттың тұяғын бояйтын бүлдірген, сайлары толы қарақат, тау биіктеріндегі тастарды шиесі көмкеріп жататын. Құстардың, жәндіктердің неше түрлісі болатын. Таудан 1939 жылғы қалың өрттен соң кеуіп қалған жуан-жуан аршаларды отынға таситынбыз. Ауылдың етегіндегі Нарықтыға шығар жолдағы өзеннен балық ұстап, суға түсуші едік.

Қазір соның бірі жоқ. Қой жапқан қырат, беткейлер, қасқалдақ, қаз қонған өзен-көлдер, тай мініп шулап жүрген балалар – бірі жоқ.



Енді қолдан келері, болашақтың тұтқасы, иесі көкірегі ояу ұрпақ үшін естелік жазып, оларға амандық, парасаттылық, ізеттілік, өжеттік, мейірім, өнер-білім, құт береке, ұзақ өмір, үлкен табыс тілеп, бата қалдыру.

Болат ҚАЖЫ КӘРІМ Алматы қаласы, 25 желтоқсан, 2014 жыл

190




Жарылқасын Бикенов

ӨМІРДІҢ ҰМЫТЫЛМАС БЕЛЕСТЕРІ

Осыдан біраз уақыт бұрын Жарылқасын досымыз телефон шалып: «Руза, мені көптен бері бір ой мазалап жүр, өткенге көз салсақ, жасымыз жетпістен асып, өмірдің біраз ащы-тұщысын көрдік. Оның көбін балаларымыз біле бермейді, сол кезеңдердегі достығымыз туралы, сол уақыттың қызығы мен қиындықтары туралы жазып, ой бөлісіп, естеліктер қалдырсақ», – деп айтқан еді. Сондай ойлар біздің жасымыздағы көпшілік адамдарды да мазалайтын шығар десем, артық айтпаспын.

«Өмір – өзен, ағып өте шығады», – деп әкем Ібжан жиі айтушы еді. Бүгінгі күні ойлансақ, көңіліңде бәрі кешегідей сайрап тұр, бірақ сол өмірдің барлық сыр-сипатын ұрпақтарға жеткізіп айта аламыз ба, жоқ па, ол бір Аллаға ғана мәлім. Сондықтан өзіміз еркелетіп Жәкеш деп айтатын досымыздың ойына да, тілегіне де шын жүректен қосыламын.

Мен өзім Жарылқасын мен Әнияштың отбасымен Сапар жарыммен қосылып, шаңырақ көтергеннен кейін таныстым. Содан бері қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Сапкең екеуіміздің үй болу тарихымыздың өзіндік ерекшелігі бар. Біз жасымыз есейіп, ақыл тоқтатқан, ұстаз болып еңбек етіп, елге танымал болған шақта кездестік. Мен өз отбасымда ерекше өскен бала едім, себебі мені әкемнің үлкен ағасы Жәкім атам мен жеңгесі Жамал әжем қиын-қыстау заманда асырап алып, он үшке келгенше сол кісілердің қолында ұл балаша тәрбиеленіп өскен болатынмын.

Менің болашақ өміріме , мінезімнің қалыптасуына тоғызыншы класқа дейін ер балаша киініп келіп, одан соң қыз баланың киімін киіп, шаш өсіріп, бұрым өріп, қыз болу өте үлкен әсер етті. Студенттік жылдарда, аспирантура да оқып, кейін қызмет істеп жүрген уақытта жігіттерді бетіме қаратпай, сөз айтқандарды маңыма жолатпай, біраз жасқа келгенімді де білмей қалыппын.

1977 жылы тамыз айында үйде отыр едім, Сапар телефон соқты. Бұрын ешқашан телефонмен сөйлесіп көрген емеспіз, таң қалдым. Ол кісі өте сыпайы болушы еді, хал-жағдайымды сұрағаннан кейін: «Реке, достармен бір серуенге шығып, демалсақ қайтеді?», – деді. Мен өзімнің үйреншікті әдетім бойынша. бара алмайтынымды айтып, рахметімді білдірдім. Бірақ Сапкең қоярға қоймай қолқа салды, өзім не дерімді білмей састым. Тіпті бәлсініп тұрғандай болмайын деп келісімімді бердім.

Кейіннен білсем, Сапкең достарына сырын айтып, осы Рузаны ұнатамын, мен қалайда жолығуым керек, ол ешкімге көнбейтін қыз, не істеймін деп ағынан жарылған екен. Оны естіген достары жиналып, қастарына жұбайларын алып, менімен серуенге шығуды жоспарлап, «Ал телефон соқ», – деп өздері дайындыққа кіріскен. Сол күні біз Алтынтөре-Сақып, Кеңесбек-Нұрзада, Еркен Ертісбаев, тағы басқалар бар, Нұраның жағасына барып демалдық.

Сол тамыз бен қыркүйек айларында Сапкеңмен екеуміздің арамызда шынайы сезім қалыптасып, өмірге деген көзқарасымыз, дүниетанымымыз, туысқа, досқа деген қарым-қатынасымыз, өмірге құштарлығымыз, арман-ойымыз ортақ екеніне көзіміз жеткен сияқты болды. Сапкең үй болайық, болашақтың отын бірге жағайық, екеуміз бақытты болуға тиіспіз деп, маған сөз айтты.

Маған Сапкеңнің жүріс-тұрысы, ашық мінезі, әзілі, жымиып күлген келбеті, достарымен қарым-қатынасы ұнады. Екеумізді Құдай қосты десем, артық айтпайтын шығармын. Біздің әкемізді Тоқа елі өзіміздің ағамыз деп сыйлайтын еді. Енді сол кісінің қызына құда түсуге Хасен атамыз бастаған топ біздің үйге аттанды, папамның өткір мінезіне қанық ол кісілер не айтар екен, қалай қарсы алар екен деп уайымдап барған еді. Бірақ, бәрі де дұрыс шешімін тауып, үйге қуанып қайтқан.




191










Өмір сынақтарының сыры

Содан мені өз үйімнен ұзатып салды да, Сапкеңнің туған-туысқандары, досжолдастары қолдап, үлкен қызықты той жасап, шаңырақ құрдық.

Жаңа үй болған біздерді құрметтеп, қошаметтеп, бірінші болып шақырып, үй көрсетіп, дастархан жайған осы Жарылқасын мен Әнияш еді. Оны қалай ұмытарсың! Адамның қандай екенін білгің келсе, досының кім екенін сұра дегендей, сол күні жиналған достар Жарылқасын-Әнияш, Ермек-Зәуреш, Ғалымбек-Орынбасар, Сәлім-Дәметкен, Болат-Сақыпжамал, кейіннен қосылған жас отбасы Ерқара-Гүлнұр, міне, қырық жылға таяу уақыт ішінде қимас дос, жанашыр ұжым болып қалыптасып, қызығымыз да, қиыншылығымыз да ортақ болып келеді. Арамыздан аяулы азаматтарымыз Сапар, Ермек, Сәлім мәңгілікке аттанды, иман байлығын беріп, жандары жәннатта болсын, біз оларды әрқашан арамызда деп есептейміз.

1977 жылдың қараша айынан бастап, Сапкең екеуміздің жаңа өміріміз басталды. Осы жылы Алла Тағала бізді үлкен сынға алды. Тамыз айының төрті күні кешке Хасен атамыздың үйінен қайтып келе жатқанда. белгісіз жандар Сапарды соққыға жығып, ол ауруханаға ауыр халде түсті. Бұл бәрімізді үлкен күйзеліске салған жағдай болды. Дәрігерлер Сапкенді күні-түні жалғыз қалдыруға болмайтындығын қатаң ескертті.

Сондай басқа қиындық түскен уақытта қасымызда шынайы, адал достар мен жанашыр туыстар болды, әсіресе Жәкештің денсаулығына қарамай түні бойы көз ілмей, Сапкеңнің палатасында отырып, оны күткені баға жетпес еңбек еді. Сол жақсылықтарын мен ешқашан ұмытпаймын, Алладан сол азаматтарға, отбасыларына амандық-саулық тілеймін.

Аллаға шүкір, Сапкең сол апаттан аман-есен қалып, біраз уақыт бақытты өмір сүрді, қызы Гүлнұрды көріп, қызықтап, жақсы адам етіп өсірді. Бірақ сол зардаптың әсері ақыры дүниеден ерте өтуіне себеп болды. Дәрігерлер Сапкеңе ғылыми жұмыстармен айналасып, диссертациясын бітіруге шектеу салды. Біз бір-бірімізге сүйеніш болып, қолдап, әртүрлі белестерден өттік. Барлық жағдайларда достарымыздың, әсіресе, Жәкеш пен Әнияштың, Елеусіз бен Розаның қолдауына ризалығымызды білдіремін.

Осы бірге өткен уақытта талай-талай қызық оқиғалардың куәсі болдық. Сол біз үйленген кезден бастап, бір ұжым болып қалыптасқан жеті отбасы барлық мейрам-тойларды, қызықтарымызды өзіндік бір ерекшелігімен әдемі тойлап жүрдік. Әрбір отбасында сол кездерді еске түсіретін ескерткіш бұйымдар, суреттер, жазған өлеңдер, т.б. бар.

Біздер алғашқы автокөліктерді, үй жиһаздарын да бірігіп, ақша жинап, кезекпен алып, сол кезек келген үйге барып ет жеп, шай ішіп, өлең айтып, әзілдесіп, әңгіме-дүкен құрып, мәз-мейрам болып қайтатынбыз; ол да бір қызық дәуір екен гой!

Біздің Гүлнұр туғанда Елеусіз бен Роза оған өкіл ата мен кіндік шеше болды, мен өзім бұрын ондай нәрсені білмеуші едім, дос келіншектерден көп жаңа мәліметтерге қанық болып, біраз білмейтін нәрселерді үйрендім.








Жарылқасын Бикенов

Жәкеш пен Әнияш та сәбилі боламыз деп күтіп жүрді, оған бәріміз де қуандық. Бұл тамыз айы еді, Сапкең екеуміз қабылдау емтиханына қатысамыз, ағайын-жұрт бізге маза бермейді. Сапкең екеуміз «конспирация» жасап, басқа жаққа кетуді жөн көрдік. Ол оймен Жәкешпен бөліскен екен, біздің үйге келіп тұрыңдар депті. Біз қуана-қуана Гулечканы алып, сонда келдік. Бір ай бойы досымыздың үйінде мәз-мейрам болып қонақтадық және бір қызығы, біздің жатқан мекен-жайымызды іздеген адамдар тез-ақ тауып алатын болды. Біздің отбасын былай қойғанда, Әнияш енді бізді іздеп келген адамдарды күтіп алып, дастархан жайып, қабақ шытпай, қонақжайлық көрсетті! Қазіргі заманда кімдер сондай мінез көрсетуге жарар екен деп ойлаймын. Ондай достық, адамгершілік азайған заман болды емес пе?

Сонымен, тамыз айының аяғында дүниеге Ерқанатымыз келіп, бізді қуанышқа бөледі! Ерқанат қояйық деген жалпы ойымызға қосылып, баламыз Ерқанат сияқты мәнді де, сәнді де атқа ие болды. Біз өкіл ата, кіндік шеше атандық. Ұлан-асыр той жасап, достығымыз туыстыққа айналды. Балаларымыздың қызықтарын бірге қызықтап, өміріміз жалғаса берді.

Сапкеңнің денсаулығы түзеліп, ғылыми жұмыстарын аяқтауға күш салды, ол үшін Алматыға барып, біраз материал жинап, диссертациясын жазуға кірісті.

Біраз тәуір болған соң, Сапкең қайткенде диссертациямды бітіремін деген ойын жалғастырды, күні-түні сол жұмыспен шұғылданды. Ақыры, Алматыға авто-рефератын жазып, жұмысын тапсыруға аттанды. Бүкіл жанашыр достар үйге жиналып, тілектерін айтып, осы жол жақсы нәтижелі болсын, әйтпесе, Қарағандыға қайтқанда «шлагбаум» жабық тұрады деп, әзіл-шынын араластырып, қайрап, шыңдап, шығарып салды.

1986 жылы Сапкеңнің көптен күткен еңбегі жанып, ақпан айында жұмысын қорғауға рұқсат алды. Сол диссертациясын қорғағанда қасында болайық, қолдайық деп, туған-туысқандары, достары Алматыға аттанды.

Әкем Ібжан, ағатайым Елеукен, Жарылқасын-Әнияш, Елеусіз, Сатыбалды, Сапкеңнің мектептес досы Сейіт, баламыз Аманберлі бар, Шахан ағамыздың үйінде бас қосып, ойдағыдай той-думан өткіздік. Содан елге абыроймен оралып, қуанышымызды өз ортамызда жалғастырдық.

Тоқсаныншы жылы Қарағандыдан бір топ азаматтар Түркияға сапар шектік. Ол бір керемет саяхат болды, көбі шетелге алғаш рет шыққан еді, бәрі де бір-бірімен таныс, тіпті сырлас, жолдас кісілер, соның ішінде біздер – Жарылқасын-Әнияш, Сәтбек-Таня Уәйісбековтер, Галина Рахимқызы, Қымбат Асқарқызы, Науханбай, Талғат-Нелли Аманбаевтар, Бану жеңгей. Түркиядағы қандастарымызбен танысып, олардың үйлерінде қонақ болып, көп әңгіме-дүкен құрдық.

Елге қайтып келген соң, телестудияда қызықты хабар дайындап, өзіміз көрген-білген жәйттардан жұртты хабардар еттік. Сол кезде, әрине, бұл жалпы жұртқа таңсық нәрсе еді. Совет заманында шетелге шығуға көп адамдардың мүмкіндігі болмады, сондықтан бәрі бізге қызық, көрмеген, білмеген нәрсеміз көп екен деп, өзара сыр шертістік. Түркияның талай тарихи жерлерін аралап, мәдениетіне, сұлу табиғатына, тұрмыс жағдайларының ерекшеліктеріне, адамдарының қарым-қатынастарына таңдана қарадық. Сол кезде біраз жыл өткенде осы жағдайлар біздерге үйреншікті болып кетеді деген ой үш ұйықтасақ түске кірмеуші еді.











Өмір сынақтарының сыры

Біздің жүрегімізде әрбір досымыздың алатын өз орны бар, өйткені сол қиын да қызықты заманда әркім өз жолымен өмірдің талай қиындықтарынан өтіп, басымыз бірге қосылған шақта талай тәжірибе алған азаматтар едік. Ермекпен әріптес және таныс болғанмен, онымен Зәуреш екеуі отбасын құрған соң етене араластық. Ерекең біздің үйде өтетін той-думандарда асаба, ал Сапкең ол үйдің асабасы болып, өз арамызда бекітіліп, талай қызықты күндер өтті.

Жарылқасын-Әнияш, Ғалымбек-Орынбасар, Сәлім-Дәметкен, Болат-Сақыпжамал, Ерқара-Гүлнұр, әр үйдің дастарханының өз нақышы, өз өрнегі, өз сәні болды. Біздер бір-бірімізден үйреніп, ақылдасып жүруді қалыптастырдық, білмегенімізді сұрауға арланған жоқпыз.

Біздер азаматтар атап өтетін 23 ақпан тойына келіншектер болып қатты дайындалатынбыз: өлең жазатын қыздар өлеңдер арнап, сурет салатындары сурет салып, басқа өнері жоқтары сыйлықтар іздеп, әуре-сарсаң болатынбыз. Біздің ойымыз, әйтеуір, азаматтардың көңілінен шығу, ризашылығын алу, соның бәрінің негізінде сүйіспеншілік сезімі жатқан екен ғой.

Азаматтар да жылда келетін әйелдер күніне өзара келісіп, дайындалып, бізді барынша ырза егіп, әзіл-ойынмен мейрамханаға шақырып, мәз болатынбыз. Қайран сол думанды күндер-ай! Қартайған шақта, қолымыз бос уақытта сол күндерді көз алдымызға елестетіп, еске аларлықтай өмір сүргеніміз қандай бір ғанибет деп ойлаймын.

Тоқсаныншы жылы Сапкеңнің елу жасқа толған мерейтойын туыстар мен достар болып, думандатып тойлап өткіздік. Жақсы тілектер, көңілді билер, шырқалған әндер, не керек, тамаша бір қызықты дастархан болды.

Келесі мерейтойға жете алмай, елу жеті жасын үйде, өз шаңырағында, өз дастарханында сол жанашыр достар мен туыстардың арасында тойлап, соңғы асын ішіп, бұл дүниеден өте шығатынын кім білген? Сапкең көп арманына жете алмады, сүйікті Гүлнұрының бойжетіп, тұрмыс құрғанын көре алмады, немерелерін иіскеп, аймалап, ата деген сөздеріне құлағының құрышын қандыра алмай, көз алдымда өз иманын өзі айтып, мәңгілік сапарына аттанып кетті.

Сапкең дүние салған кезден бастап, менің өмірімнің сипаты да, мазмұны да өзгерді, маған үлкен салмақ түсті, бұрын ойламайтын ойлар, бұрын жасамайтын амалдар, күнделікті қимыл істер менің серігім болды. Отыз бес жасқа дейін әкемнің шаңырағында қыз болып, тұрмыс кұрған соң, Сапкеңнің қамқорлығында болып, көп нәрсеге мән бермей жүріппін.

Содан бергі он сегіз жыл ішінде сол Рузаның қабылдаған талай шешімдеріне, іс-қимылдарына, мінездеріне енген өзгешеліктеріне бүгінгі күні таңқаламын.

Тоқсан сегізінші жылдың жаз айында жиырма жастағы қызым Гүлнұр тұрмысқа шығатын ойын жеткізді. Мен сезімің терең бе, кейін өкінбейсің бе, әкең болса жоқ, қиын жағдайға ұшырамайсың ба деген сияқты сұрақтар қойып, көп толғандым. Менің жасымда әжептәуір жас, ертең мен көз жұмып кетсем, Гулечкам не болады, әрине, туыстары бар, кем болмас, бірақ ана мен әкенің жөні бөлек қой деп, түн ұйқым төрт бөлініп, уайымға салындым. Сол кезде мені қолдаған осы Жәкеш пен Елеусіздің отбасылары болды.

Сонымен, Ерұлан баламыз біздің ортамызға келіп, Гүлнұр екеуі бақытты шаңырақ көтерді. Туысқандар мен достар Гулечкамның ұзату тойын дүрілдетіп өткізіп, құтты жеріне қондырып салды. Сол кезеңдерде папасының жоқтығын білдірмей, құдаларды қарсы алып, біздің жақтың шоқтығын көтермелеген, жеткізіп айта білген осы Жәкеш, Елеусіз сияқты достары болды. Ол бір баға жетпес, табылмас қазына емес пе?












Жарылқасын Бикенов

Достардың ішінде ерекше орын алатын – Ерқара мен Гүлнұрдың отбасы. Мені бір жағынан ұстаз деп, бір жағынан ағайын деп сыйлайды. Біздің ата-аналарымыз сыйлас, сырлас болған жандар, өз орталарында беделді, адал еңбекпен атақтары шыққан, халыққа жандары ашып, қолдан келген көмектерін аямаған абзал азаматтар. Сол кісілердің көзін көріп, сөзін тыңдап, жас та болса бас болып жүрген Ерқараға риза емес адам кемде-кем шығар.

Мен елу алты жасымда 1998 жылы зейнеткерлікке шықтым, сол күні ректор Ерқараға мені жұмыстан босатуға өтінішпен кірдім, өйткені жастарға жол берейін, орнымды босатайын деген шын ойым еді. Ерқараға көптен-көп рахмет, менің өтінішімді қабылдамай, қызметімді әрі қарай жалғастыра беруді дұрыс көретінін айтып, көңілімді көтеріп тастады. Бұл да адамгершіліктің, достық ниеттің белгісі емес пе? Содан бері, Құдайға шүкір, адал еңбектің арқасында, өзім осыдан елу жылдай бұрын келіп, шаңырағын көтеріскен университетімде ұрпақтар тәрбиесіне қолымнан келгенше үлесімді қосып жатырмын.

Астана қаласына көшемін, сонда тұрамын деген тіпті де ойымда болмаған нәрсе еді. Бір күні Розаның (Қазкен) үйінде қонақта болып, Елекеңнің Асқары үйге апарып салайын деп келе жатқанда, ол менен: «Ерұлан мен Гүлнұр неге Астанаға көшпейді?», – деп сұрады. Мұның бір ойланатын нәрсе екен дедім. Үйге келе сала балаларға айттым. Олар ойланып қалды. Мен балаларыма қиындықтан қорықпаңдар, алға басу үшін тәуекел қимыл керек, мен сендерді әрқашан қолдаймын дедім. Сонымен, олар 2003 жылы Астанаға тұңғыштары Алуаны алып аттанды. Үй жоқ, жинаған ешқандай қор жоқ, әйтеуір, бір Аллаға сендім, Ерұлан қызмет тауып, Гүлнұр біздің университеттің филиалына ұстаз болып ауысты.

Мен енді күндіз-түні не істеймін, қандай амал табамын деп, ойлана-ойлана, Ерқараға барып ақылдастым. Балалардың жағдайын айтып, мен де Қарағандыдағы үйімді сатып, Астанадан бір баспана алғым келетінін айттым. Ерқара, тілеуін Алла берсін, менің шешімімді толық қолдап, кафедра ашамын, соның жұмысын түзу жолға салыңыз деп, демеу көрсетті.

2002 жылы менің жасым алпысқа толушы еді, бұдан бір жыл бұрын кенже және сүйікті бауырым Марат көп ауырмай, кенеттен қайтыс болды. Бұл жағдай бәрімізді қатты күйзелтіп тастады. Енді өмірімізде ешқандай қызық болмастай сезіндік.

Аманберлі бас болып, менің алпысқа толғанымды тойлайық деп сөз қозғады, бірақ мен оған көңілім бармады. Бір күні мені Ерқара шақырып: «Руза Ибжановна, үлкен жасқа келіп отырсыз, өміріңіз осы ұжымда өтіп жатыр, ол еңбегіңізді қалай атап өтпейміз?», – деп өзінің шын ниетін білдірді. Менің көңіліме бұл үлкен ой салды, шынымен, бүкіл өмірім бір ғана жерде адал еңбекпен, аянбай ізденумен, елімізге талай білімді мамандар дайындау жолында, жасыма жас қосылып, осындай құрметке оралып отырғанда, неге сол ортада бір бас қоспасқа деген шешімге келдім.

Сыйлаған ұжымыма көптен көп алғысымды айттым, мені құттықтап, жылы сөздерін аямай, төбемді көкке жеткізгендей болды.

Бұл жыл біздің үйімізге үлкен қуаныш әкелген жыл болды, көптен сағынып күткен балапанымыз – немерем Алуа дүниеге келіп, өлгенім тіріліп, өшкенім жанды десем артық айтпаспын. Өйткені оның алдында бала шетінеп, ешкімге айтпасақ та, жүрегім күпті болып жүрген. Сол қуанышты барлық достар мен туыстар болып дүрілдетіп тойладық.



2004 жылы мен де Астанаға қоныс аударып, қызметке кірістім. Бес жыл бойы үй мәселесі бізді қатты қиналтты, ол туралы айтсам, ол бір хикая. Талай үйлерде уақытша тұруға тура келді.










Балалармен бір үйден бір үйге көшіп-қону оңайға соқпады. Құдағи Сағатты шақырып алып, заттарымызды буып-түйіп, көшуге әбден төселіп алдық. Бір күні үйге сіңлім Тоғжан келе қалды, далада жаңбыр жауып тұрған, төбеде тұрған люстрадан саулап су ақсын келіп! Тоғжанның зәресі ұшып, мынау не нәрсе, ертең өртке ұшырайсыңдар ғой деп, алды-артымызға қаратпастан, өз үйіне көшіріп алды. Сол үйде бір жыл бойы рахаттанып, бірге өмір сүрдік, бауырыма алғысым шексіз.

Ақыры, Алланың қолдауымен, достардың, туыстардың көмегімен, 2009 жылы осы қазір тұрған үйге көштік, бүгінгі күніме тәубе деймін!

Астана қаласында Әлижан мен Амира немерелерім дүниеге келіп, шаңырағымыз шаттыққа, өміріміз қызыққа, көңіліміз қуанышқа толды, Аллаға мың да бір шүкіршілік! 2012 жылы балаларым менің жетпіске келгенімді үлкен той жасап өткізіп, жұрттың ризашылығына ие болып, батасын алды.

Осылай өмір жалғаса берді, жетпістен асып, жалғанның әр түрлі қырларын көріп жатырмыз. Осы он жылдың ішінде дүниеден қимас бауырларымыз, жақын туыстарымыз, достарымыз өтті, атамай-ақ қояйын, әрқайсысының орны толмас, жүректің түбінде жатқан сағыныш бәрі. Тоқсаннаң асқан анам Зүбайра айтпақшы, сол абзал жандарды аңсаймын, оларға дұға арнап, әрқашан есіме алып отырамын және де балаларыма айтып, кейін біздің көзіміз кеткенде де, еске алып отыруларын өсиет етемін. Балаларым Ерұлан, Гүлнұр, немерелерім Алуа, Әлижан, Амира ойымнан шығып, күнде мені қуанышқа бөлеуде.

Осыны оқыған кісілер бұл Руза тек өз өмірі туралы жазыпты, неге әрбір досы туралы толығырақ жазбаған деп ойлауы мүмкін ғой. Сондықтан айтарым, біздің ортаның қай-қайсысын алсаң да, әркімнің өмірлерінде осындай қиындықтардан өткен, белестерден асқан жағдайлар, көпке айта бермейтін сырлары бар ғой деп ойлаймын және де солардан барлығы хабардар, қолдан келген көмектерін кезінде аямай, ат салысып, жылы сөзімен, шын, адал ниетпен қолдау көрсеткен жандар.

Соның ішінде, әрине, күнара телефон соғып, бір мереке, бір туған күнді ұмытпай құттықтап, халымызды біліп, ақыл-кеңесін аямай, біздің айналамызда өтіп жататын қызықты тойымыздың көркін келтіріп, басқа ауыр жағдай түскен уақытта басу айтып, көңілімізге тоқтау салатын осы Жарылқасын бауырымыздың біз үшін орны ерекше. Әнияш екеуіне Алланың нұры жаусын, балалары мен немерелерінен өмірдің бар қызығын көрсін!

Айта берсем, еске түсетін жәйттар көп қой, әр достың орнын, ерекшелігін, қарым-қатынастарды, бүкіл өміріміздегі болған жағдайларды жазсақ, үлкен кітап боларына сенімім мол, бірақ осы естеліктердің өзі талай өткен белестер туралы біраз мағлұмат беретін сияқты.

Енді бар тілегім: өзімді қоршаған үлкен ортам аман болса екен, Алла қалған азды-көпті өмірімде еш жамандық көрсетпей, қадір-қасиетімізді азайтпай, балаларымыздың, туған- туысқандарымыздың, дос-жарандарымыздың арасында, дұрыс мінезден айырмай, бар достарымызға әдемі кәрілік берсе екен деп тілеймін. Бұрын үлкен кісілердің қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман дегендерін жиі естуші едік, ол қалай болады екен деп таңғалатынбыз. Балаларымызға, дос-жаран, жолдастарымызға, елімізге, бүкіл ұлтымызға сондай бейбіт заман болсын деп тілеймін!



Руза Ібжанқызы РАХЫМЖАНОВА, Қарағанды экономикалық университетінің профессоры


Өмір сынақтарының сыры









Жарылқасын Бикенов

АТЫ АҢЫЗ АЗАМАТ

Мен Жарылқасын Бикенұлын 1971 жылы Қарағанды облыстық Тұтынушылар одағының орталық бухгалтериясына бас бухгалтер болып келгенінен бастап білемін. Білуімнің бірінші себебі –жұбайым Сәлім Қошқаровпен екеуінің арасындағы достық қатынас.

Одан кейін 1977 жылдан бастап Қарағанды кооператив институты салған «Жданов, 32А» (қазіргі «Комиссаров, 32А») мекен-жайындағы үйде көрші болып, өте жақсы араластық. Бірін-бірі білу үшін ең сенімді нәрсе көрші болу керек деп білемін. Жәкеңнің кіші баласы Ерқанат сол үйде туды. Ат қою, шілдехана тойын өзіміз тойладық. Сол үйде жеті отбасы достық ұйым құрдық. Бәріміз балаларымыздың, өзіміздің туған күндерімізді, соғым омыртқасын бөліп жеп, ерекше күндерге ескерткіш ретінде сөз жазып, әртүрлі заттар сыйладық. Қазір, міне, аттары жазылған заттар бар, кейбір достарымыз жоқ (Алмажанов Ермек, Исабеков Сапар, Қошқаров Сәлім). Өз ортамыздан өзіміз президент сайлағанбыз, ол Жарылқасын Бикенұлы еді. Мен орынбасары едім, яғни хатшысы. Міне өткен өмір сағымға айналып бара жатыр, кейде сол күндерді сағынады екенсің. Қандай азаматтар еді, қазір ортамызда жоқ. «Өмір - өзен», өлімнің ақиқат екеніне көзіміз жетіп отыр. Ғұмыр деген қамшының сабындай қысқа екен-ау!!! Өмір өзен болып ағып жатыр, біреуге ерте, біреуге кеш.

Мен бүгін еліне елеулі, халқына қадірлі, досқа сенімді азамат Жарылқасын Бикенұлына арнап көңілге түйгендерімді жазғым келіп отыр. Адамдар бірге жүргенде көңілдегі ойдың бәрі бірдей айтыла бермейді. Жәкеңнің әні қандай, сәні қандай, досқа, жолдасқа деген жүрегі қандай, ортамыздағы орны қандай! Әнімен ортамыздың сәнін келтіретін, ешнәрсені ұмытпайтын, бәрін жадында сақтайтын, сөзге шешен, алғыр, дос-жолдасқа қоң етін кесіп беретін, қазақтың біртуар талантты ұлы дер едім. Жақынға да, жатқа да әділ, жұртқа жақсылық істеуге даяр адам. Барына қанағат ететін, ар-намысты ардақтап, адамға жан жылуын жеткізе білетін, рухани байлығы мол жан. Жәкең адам баласына қылдай қиянат жасамайтын, адамға болсын деген ойдан басқа пікірі болмайды.

Жәкеңді танитындардың бәрі оны өте құрметтейді. Өйткені өзі соларды солай құрметтейді, осындай абырой-беделге, құрметгеуге өзі алғышарттар жасаған. Асыл жары Әнияш әрдайым қасынан табыла білді. Қандай адам болса да, әйелі құрметтемесе, дос-жолдастары үйіне кіре алмаса, ер-азаматтың біртіндеп бағы тая бастайды. Әнияш қашан барсаң да құшақ жая қарсы алып, ашық-жарқын отырады. Жәкеңе Алла лайықты етіп Әнияшты кездестірген.

Ойлай білетін адам жаза да біледі дейді. Қанша ойлансам да, ойымды толық жаза алмадым. Егер тіл мамандығын меңгерген болсам, Жәкеңе арнап көркем шығарма жазар едім. Тілім қысқа, мамематика тілімен теориямның дәлелденуін жаздым. Әрбір адамның өмірі бір теорема ғой.












Өмір сынақтарының сыры

Жәкеңнің жұмысы жайлы жаза алмаймын. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берген болатын. Ондай атақ кім көрінгенге беріле бермейді. Сол атақ берілген кезде Қайрат Жұмағалиев «Нұра перзенті» деген деректі поэма жазған болатын. Жәкеңнің еңбегі жайында одан артық айту қиын шығар.

Жәке, менің сізге тілерім: өмір атты дарияда еркін жүзе беріңіз, думанды шақтарыңыз көп болсын! Бала-шаға, жарыңыз аман болып, жапырағыңыз жайқалып, тамырыңыз тереңдей берсін! Қосағыңызбен қоса ағарып, Алладан тілеген жасыңызға дейін өмір сүріңіз! Көретін күндеріңіз ашық, жүрген ортаңыз жайлы, ішер асыңыз майлы болсын!



Дәметкен КОШҚАРОВА Қарағанды қаласы, 20 желтоқсан, 2014 жыл

БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ АБЗАЛ АЗАМАТЫ

Мен Жарылқасын Бикенұлын жарты ғасырдан артық уақыт білемін. Саналы өмірімнің әр сатысында тағдыр мені осы ғұлама азаматпен кездестіріп, бухгалтер мамандығын алуда бір оқу орнында қатар оқып, қызметтес болып және отбасымыздың дос болуына нәсіп еткеніне өте ризамын.

1962 жылы Целиноград кооператив техникумының бухгалтерлік есебі мамандығына түсіп оқып жүргенімде Жарылқасын Бикенұлымен сыртынан алғаш таныстым. Сол техникумның кеңсесінде ілініп тұрған озат оқушыларға арналған Құрмет тақтасының төрінде тұрған Бикенов Жарылқасынның фотосуретін көрдім. Ол ақсары, ашық мандай және оның көзқарасынан ерекше ақыл-ой мен асқан жігер көрініп тұрған еді. Жәкеңнің суреттегі сол бозбала кезіндегі бейнесі әлі де көз алдыма келеді.

Біз оқуға келген жылдары Ақмола қаласы Целиноград деп аталып, жаңадан құрылған. Тың өлкесінің орталығы болып, тарихи мәні күшейген кезең еді. Сол жылдары Целиноград қаласының даму жоспарымен сәйкес жалпыодақтық құрылыстар жүргізіліп, Тың игерушілер сарайы (қазіргі Конгресс Холл), телеорталық, вокзал, ЦУМ, т.б. зәулім ғимараттар салынғанына тек куәгер болмай, техникумның Жарылқасын Бикенов бастаған студенттері де қажымай, шәршамай өз үлестерін қосып еді. Сол кезде Жарылқасынның ұйымдастыру мен басқарушылық қабілеті айқын байқалып, оқытушылар мен студенттер арасындағы беделі одан әрі көтеріліп еді.



Целиноград кооператив техникумы сол уақытта заман талабына сай білікті оқу орны болды. Техникумның бірінші директоры А.П. Корольченко оқытушылардың білім беру деңгейіне, оқушылардың тәрбиесі мен тәртібіне өте қатал қараушы еді.



199








Жарылқасын Бикенов

Техникум оқытушыларының көбі Мәскеу, Львов, Новосібір кооператив, сауда институттарын үздік бітіріп, Тың өлкесіне комсомол жолдамасымен келген білікті мамандар еді. Сол кезде Львов кооператив институтын бітіріп келген, бізге бухгалтерлік есептен сабақ берген білімді де білікті оқытушыларымыз Харжевская Елена Михайловна мен оның жұбайы Харжевский Михаил Владимирович қазір Астанада тұрып жатқан ардақты зейнеткерлер. Олардың хал-жағдайлары мен денсаулықтарын Жәкең тек өзіне ғана тән адамсүйгіштігі мен қамқоршылығының арқасында қарым-қатынасын үзбей, әлі күнге дейін біліп отырады. Жәкең білімге кұштарлығымен, қабілеттілігімен сондай оқытушылардың мақтауына ілігіп, техникумның да ең ілгері сатыдағы студенті атағына ие болған. Ол үлкен еңбегі мен қажырлылығымен келген жетістіктері еді. Мектепті қазақша оқып бітірген Жәкеңе орыс тілінде озат оқу оңайға түспегені біздерге айдай анық. Сонымен, Жәкең Целиноград кооператив техникумын үздік дипломмен бітірген жылы Новосібір советтік сауда институтының бухгалтерлік есеп факультетіне сырттай оқуға түскен екен. Ал мен болсам Жәкеңнен төмен курста оқығандықтан, техникумда әрі қарай оқи бердім. Оқуымды бітіргеннен кейін сол Новосібір советтік сауда институтына бухгалтерлік есеп факультетіне күндізгі оқу бөліміне түстім. Сөйтіп, мамандығымызды шыңдаудағы ізденісте біз тағы да бір оқу орнында оқып, бірдей оқытушылардан дәріс алдық. Новосібір советтік сауда инситутын үздік бітіріп, мен Центросоюз жолдамасымен жаңадан ашылған Қарағанды кооператив институтына бухгалтерлік есеп кафедрасына оқытушы болып келдім.

Целиноград кооператив техникумын бітіргеннен кейін Жәкеңмен арамызда қатынас үзіліп кеткен еді. Бірақ, тағдыр мені ойламаған жерде Жарылқасын Бикенұлымен Қарағандыда кездестірді. Бұл кездесу Жәкең Қарағанды экономикалық институтын бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы ретінде келгенінде болды. Біздің институтқа комиссия төрағасы болып келуі мен үшін ерекше тосынсый болғаны рас. Осы кездескенімде Жарылқасын Бикенұлының байсалды да келбетті азамат, білікті де алғыр маман екендігін байқап, қатты риза болдым.

Сол кезде Жарылқасын Бикенұлы Қарағанды Тұтынушылар одағының бас бухгалтері қызметін атқарып жүр екен. Совет өкіметі кезінде қызмет сатысы мен облыстық басқару орындарына жасы 27-ге ғана келген азаматтың көтерілуі кездеспейтін жағдай еді. Жәкең тек қана өзінің жоғары деңгейдегі білімімен, алғырлығымен, зеректігімен көзге түсіп, жоғары сатыға көтеріле білді.

Сол кездерде Мәскеуде аспирантурада оқып жүрген жолдастары Сәлім Кошқаров, Сапар Исабеков, Болат Қажыкәрімов, Ғалымбек Жақыповтармен Жәкең талай кездеулер ұйымдастырып, олардың көңілдерін көтеріп қайтатын.



Жарылқасын Бикенұлы Қарағанды кооператив институтының бухгалтерлік есеп кафедрасын қалыптастыру мен даму кезеңдерінде баға жетпес көмегін көрсетті. Институттың бухгалтерлік есеп кафедрасының бірінші меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент С. Қошқаров, одан кейінгі кафедра меңгерушілері э.ғ.к., профессор К.А. Китебаева, э.ғ.к., профессор К.С. Мәдиева және Қарағанды Тұтынушылар одағының бас бухгалтері Ж.Б. Бикенов теория мен бухгалтерлерге өте керек тәжірибенің өзара қатаң байланысуына күш салып, біздің институтта бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша оқытудың ерекшілігі мен деңгейін көтеруге ат салысты.









Өмір сынақтарының сыры

Жарылқасын Бикенұлының Қарағанды экономикалық институтының бухгалтерлік есеп мамандығын бітіретін студенттердің мемлекеттік емтиханының комиссия төрағалығын тапжылмай 25 жыл атқаруы және бухгалтерлік есеп мамандығын бітірегін студенттердің дипломдық жұмыстарының ғылыми жетекшісі болуы студенттер үшін тәжірибелік және өмірлік маңызы қандай зор еді. Сол кезде Қарағанды кооператив институтының бухгалтерлік есеп мамандығында оқып, Жарылқасын Бикенұлының қолынан диплом алған студенттер қазір еліміздің түкпір-түкпірінде беделді де белгілі қызметтер атқарып жүр. Осы азаматтардың Жарылқасын Бикенұлына деген жүректерінен шыққан алғыстарын талай көріп, естіп жүрміз.

Сонымен қатар, Қарағанды Тұтынушылар одағы жүйесіне студенттер тәжірибе алуға жіберіліп тұрды. Жарылқасын Бикенұлы студенттердің бухгалтерлік тәжірибелерінің өту жағдайын қадағалап отырды. Оны білетін студенттер бухгалтерлік тәжірибеден өтуге бар ынталарын салып, институтта алаған білімдерін нығыздап, білмегендерін сұрап біліп, риза болып қайтушы еді.

Жарылқасын Бикенұлы бухгалтерлік есеп мамандығына оқитын студенттермен талай кездесулерге қатысып, олардың мамандықтары туралы тереңінен тербеп, бухгалтерлік есеп мамандығының ой-қырларына ерекше тоқталып, қиыншылықтары мен басым жақтарына көңіл бөліп, қоғам мен ұйымдарға осы мамандықтың қажеттілігіне мысалдарын келтіре отырып сендіруші еді. Міне, Жарылқасын Бикенұлының жас мамандарды оқытып тәрбиелеуге аянбай қатысуы, жастарға деген қамқорлығы мен олардың келешегіне үміт артуы олардың талай биіктерге жетуіне сеп болғаны сөзсіз.

Жарылқасын Бикенұлының Қарағанды экономикалық институтының бухгалтерлік есеп кафедрасының оқытушыларына да көрсеткен көмектері шексіз. Кафедра оқытушыларының қорғаған кандидаттық диссертацияларына көмегі тиді. Диссертацияға керекті материалдар жинауға, диссертация тақырыбы бойынша пікір алмасуға, рецензия алуға аспиранттар Жәкеңе баратын.

Жарылқасын Бикенұлының жаңалық сүйгіштігі, қашанда алдыңғы қатардан көрінуге талпынысы біздің кафедраға да әсерін тигізді. Мысалы, Жәкең бастап, кафедра меңгерушісі, э.ғ.к., доцент С. Қошқаров пен э.г.к., доцент С. Аяжанов және кафедра мүшелері қатысып, алдымен Мичурин райпосында, одан әрі басқа да аудандық Тұтыну одақтарында республикада бірінші болып бухгалтерлік есеп механизациясы енгізіліп еді.

Жарылқасын Бикенұлы бухгалтерлік есептегі болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді жан-жақты зерттеп, әрқашан біліп отыратын. Бухгалтерлік есепте туындаған мәселелер бойынша пікір алмасып, оны тәжірибелік жағынан шешу жолдарын білгісі келген кафедра мүшелері кез келген уақытта Жәкеңе хабарласып жатады.

Орталық немесе Қазақ Тұтынушылар одағы ұйымдастырған конференция мен семинарларға бірге қатысып жүргенімізде, Жарылқасын Бикенұлының өте маңызды баяндамаларын қатысушылар сүйсіне тыңдаушы еді, ал біз болсақ мақтанып бір көтеріліп қалушы едік.

Қарағанды кооператив институтында, бертінгі Қарағанды экономикалық университетінде, Қарағанды Тұтынушылар одағы жүйесінің бухгалтерлері мен кафедра оқытушыларының қатысумен, Жарылқасын Бикенұлының басқаруымен, талай ғылыми-тәжрибиелік конференция, семинарлар өткізілді. Сол конференция, семинарларда бухгалтерлік есепшоттардың өзгерулері, бухгалтерлік есеп жүйесінде ақпараттар қалыптастыруды дамыту, бухгалтерлік баланстың үлгісі мен мазмұнының өзгерулері, т.б. өзекті мәселелер қарастырылатын. Жарылқасын Бикенұлы белгілеген мәселелер бойынша бухгалтерлер мен кафедра оқытушылары баяндама дайындап, оларды тыңдап, талқылап, пікірталас ұйымдастырылатын. Жарылқасын Бикенұлы бухгалтерлік есептің қандай мәселелерін қарастырмайық, оларды тыңдаушыларға оралымды, жатық, ұғымды тілмен тура түсіндіріп беретін.












Жарылқасын Бикенов

Міне, сол кездегі теория мен тәжірбие арасындағы байланыстың арқасында, Жарылқасын Бикенұлының жан-жақты көмегімен, көп институттардың қолы жетпейтін нақтылыққа біздің ҚЭУ жетті. Теория мен тәжірибе арасындағы байланыс арқасында кафедра оқытушыларының лекциялары, практикалық сабақтары мен семинарлары тәжірибелік материалдарға негізделетін, соның арқасында студенттердің білімге қызығушылығы артып, келешекте жақсы мамандар даярлап шығаруға әсерін тигізді. Осының бәрі Жарылқасын Бикенұлының өз халқына деген ерекше сүйіспеншілігін, айналасынан қолынан келетін қамқорлығын аямайтынын көрсетеді.

Жарылқасын Бикенұлы өз таңдаған мамандығының қадір-қасиетін бағалаған және оның шыңына жеткен, адал еңбек істеп, одан ләззат алған. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болған, ең бастысы халқының құрметіне бөленген азамат.

Қарағандыда кездескенімізден бері біз Жәкеңмен отбасымызбен де дос болдық. Достығымыздың ұйытқысы да, темірқазығы да, сәні де, әні де Жәкең деп білеміз. Досың болса Жәкеңдей болсын: адал, әділетті, кімге болсын бірқалыпты, тұрақты, мейірімді, қай жағдайда болсын қасыңнан табылатын, қол ұшын беретін, біздің сенімді «Президентіміз».

Жәкеңнің жетістіктерге жетуі, халықтың сый-кұрметіне бөленуі, әке, ата болып бақытты өмір сүруінің негізі Әнияштай сүйікті өмір серігінің, қажымайтын қолдаушысының болуы деп білеміз. Әнияш сияқты жаны да, тәні де көркем, ақылды да абзал әйелдер қазақтың дастандарында сипатталса керек. Бес саусағынан бал тамған Әнияштың тағамдарының дәмін татқандар ешқашан ұмытпайды. Жәкең мен Әнияштың өзара сүйіспеншіліктері, бірін-бірі қадірлеуі балаларына, немерелеріне және ортасына тәлім-тәрбие, өнеге. Біздің өмірлік достарымыз Жәкең мен Әнияш осы қадір-қасиеттерімен, балалары мен немерелерінің қызығын көріп, ұзақ өмір сүрсін деп тілейміз!



Орынбасар ЖАҚЫПОВА, ҚЭУ-дің бухгалтерлік есеп және аудит кафедрасының доценті,

Ғалымбек ЖАҚЫПОВ, ҚарМУ-дың профессоры, э.г.к.

Қарағанды қаласы 20 желтоқсан, 2014 жыл









Өмір сынақтарының сыры

ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫР

Адам туғаннан соң есейіп, мектеп бітіріп, жоғары білім алып, отбасын құрып, қасымызға тілегі бір, ойы бір жолдастарды жинап, бәріміз де бастан кешкен, жаздың аптап ыстығының сағымындай, кейде ашық, кейде бұлыңғыр көрінетін шіркін жастық шаққа не жетсін! Міне, сол жастық шағымдағы есте қалған кейбір сәттерді қағаз бетіне түсіруге талпындым.

Адам есейген соң, оны қандай дос, қызметтес жолдас, азамат болғаны туралы жаныңда болған адамдар айтқаны жөн ғой. Сондықтан да, менің суреттеуге талпынғаным сол бір тәтті жастық шақ еді.

Жастық шақ туралы естеліктердің бір ерекшелігі – есте қалған оқиғалар, әрине күрделілігімен, күнделікті өмірде сирек кездесетінімен ерекше болады ғой. Сондықтан да бұл естеліктің хронологиялық тәртібі, нақты болған уақытынан әрлі-берлі ауытқуы мүмкін, бірақ ол оқиғалар болған һақ жағдай.

Біз Жарылқасын, Әнияштармен 1977 жылдың тамызында Қара теңіз жағалауындағы «Жубга» демалыс орнында таныстық. Жолдасым Ермекқали екеуміз жолдамамен санаторийге келгенбіз. Орналасып, келесі күні асханадан тамақ ішіп шығып, жан-жағымызға қараймыз: қазақтар жоқ қой деп айтқанымыз сол екен, Ерекең шапшаң адам ғой: «Міне, қазақ!», – деп бір келіншекті қолынан ұстап алыпты. Сол Әнияш болып шықты, артынан Жәкең де көрінді, сұраса келе олар да Қарағандыдан екен. Ол өзін облыстық Тұтынушылар одағының бас бухгалтерімін деп таныстырды. Сол жерде демалысымыз біткенше бірге демалдық. Ол кезде демалыс қазіргідей 10 күн емес, 24 күн болатын, ұзақтау. Сол демалыста өміріміздегі ең жарқын күндеріміз өтті. Ресторанда Ермекқалидың 24 тамыз күнгі туған күнін тойладық. Жәкең өте жақсы ән айтады екен. Сол кеште Жәкең «Дос-Мұқасан» ансамблінің «Той жыры» әнін оркестрмен қосылып айтты, олар қазақша сол өлеңнің мотивін біледі екен. Тау халықтары есерлеу ғой, «Лезгинка» биін билегенде қолдарына ақша қыстырып билейді екен. Соларға еліктеп, біз де солай істедік, содан соң музыканттарға бердік.

Қарағандыға келгесін де таныстығымыз жолдастыққа, достыққа айналып, жалғасын тапты. Бәріміз бір үйде тұрдық, қазіргі «Комиссаров, 32а» (бұрынғы Жданов, 32а) көшесінде. Балаларымыз бірге өсті. Біздің Ерекең Жәкеңді өте қадір тұтатын, әр істейтін ісіне ақыл сұрайтып, былай істесем дұрыс па, бұрыс па? – дейтін. Жәкең өте шешен адам ғой, дауысының өзі зор, дикциясы жақсы. Бір жерлерге Жәкеңмен барып келгенде, пай-пай шіркін, Жәкең бүгін көсілді ғой, айызымызды қандырды деп масаттанып, мақтанып келетін.

Жарылқасын сегіз қырлы, бір сырлы азамат қой, Алла Тағала бәрін берген: ақыл да, шешендік те, бой да, бітім де. Тек денсаулық бермеген. Қазақта мақал бар ғой, «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген. Сол сияқты, ерекше, біртуар адамдарға сондай қиындық беретін сияқты. Алла Тағала да айтқан ғой, қиындықты көтеретін адамға берем деп. Жәкеңді мен осы заманның батыры дер едім. Он екі мүшесі түгел адам да ондай қиындықты көтере бермейді; ал ол соған мойымай, қатал тағдырмен күресіп, оны жеңе білген адам.

Жәкеңді мен бақытты адам дер едім. «Бақыт деген не?» деп түсіну әрқилы сияқты, ер адамға үш нәрсе керек дейді: өткір қамшы, жүйрік ат, жақсы әйел. Жәкеңе берген бір бақыт - жақсы әйел - Әнияш. Әнияш құрбым жөнінде айтсам, міне 37 жыл болды біз танысқалы, содан бері бірге келе жатырмыз.












Жарылқасын Бикенов

Жәкеңнің өмірде алшаң басып жүруіне Әнияштың қосқан үлесі мол. Қолы ашық, мінезі жайлы, дастарханын жарқыратып, достарды шашау шығармай, келгенде қабақ шытпай, күн болсын, түн болсын, зыр жүгіріп жүреді. Жәкеңе кейде әзілдеп айтамын ғой: «Әнияштың артынан қалушы болма, Алладан осы күннен сұрай бер, Әнияшымды аман қыл!», – деп. Жәкең жөнінде әрбір эпизодты жазсам, көп болып кетер, осымен доғарайын, Жәкеңе шығармашылық табыс тілеймін, сөзімді мынадай өлең жолдарымен бітірейін:

Өр тұлғаң жаралғандай парасаттан,

Уақыттан озып алға дара шапқан.

Жарылқасын, тек қана елім деген,

Жеке бастың қамына телінбеген.

Бітіріп Новосібір институтын,

Маман боп ауылыңа барған едің.

Көп ұзамай ер еңбегі көпке еленіп,

Сол жерде бас бухгалтер болған едің.

Бөленді қабілетімен абыройға,

Сайланды бас бухгалтер районға.

Көп өтпей көпшілікке белгілі боп,

Бас бухгалтер болдың сен облысқа.

Басшылар қызметіңе баға беріп,

Болдың сен уәдеңе өте берік.

Облысты алға сүйреу мақсатымен,

50 жыл еңбек еттің терді төгіп.

Жүрсең де қай шетінде ер еңбектің,

Аянбай қабілетіңді сен көрсеттің.

Бағалап еңбегіңді, халқың саған

«Нұраның Құрметті азаматы» деген атақ берді.

Қайраттай атақты ақын поэма жазып,

«Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері» атақ, оны да алдың.

Ол аздай. Пенсияда болсаң-дағы,

«Құрметтей» орденге сен ие болдың.

Жанұяңда көп жастарға үлгі болдың,

Тағдырдың қиындығына төзе білдің.

Асқан көрегенділікпен, ақылменен Әнияштай асыл жарды таңдай білдің.

Ал қазір сол Әнияштың арқасында,

Жүрсің сен қалың елдің ортасында.

Бір қуаныш сен басқармай өтеді ме,

Бір реніш сен жұбатпай кетеді ме?

Дүрілдетіп той жасап,

Ерқанатты үйлендірдің,

Динарадай алтын қызды

Өз ұяңа қондырдың.












Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет