Сынақтарының сыры». Қарағанды: «Tengri Ltd»



бет2/37
Дата08.07.2018
өлшемі11,09 Mb.
#48541
түріСынақтар
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37
Жарылқасын Бикенов

Бисмилләһир-рахманир-рахим! Ия, Алла Тағала, мына бүгін облысымыздың бас имамы Өмірзақ қажыдан, Астана қаласындагы «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажыдан бата алып, «Әлхамдулиллаһ-ир-раббил ғаләмиин!» деп, «Өмір сынақтарының сыры» деген кітабымды бастағалы отырмын.

Кітапты жазбас бұрын көп ойланып, көп толғандым. Осы ғұмырымда өмірдің сан асуларынан өтіп, тағдырдың талай сындарын бастан кештім. Өмірім ұрпақтарыма – соңымнан ерген бала-шаға, немере-шөберелеріме өнеге, үлгі болсын, санасына түйіп, жадына тоқысын деген оймен қолыма қалам алдым.

Біздің руымыз Қуандық, Алтай болады. Алтайдың ішінде Мойыннан тараймыз. Мойынның ішінде Рахпанқұл, Рахпанқұлдан Әлібек, Қалыбек, Қалыбектің ішінде Алтыбай – Жақсыбай деп аталады екен. Жақсыбайдан – Әділбек, Тараш, Сәтжан, Жиенбек. Жиенбектен Бикен, Зейнолла, қарындасы Дариға туады. Зейнолла азамат болып қалған шағында Нұра өзенінің бойында суға кетіп, қайтыс болған. Дариға апамыз Жамбыл облысына барып, сонау 1955-56 жылдары бір хабарласты да, одан кейін ол кісімен қарым-қатынасымызды үзіп алдық. Әкеміз Бикен Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Атамекеніміз - Айғырұшқан, мына бүгінгі Шет ауданындағы Қызылтау ауылының аумағы. Анамыз Зағипа сол Мойынның Әлібегінен өрген Бекше руынан, кешегі Байдалы бидің ұрпағы. Ата-анасы, яғни менің нағашы ата-әжем Мейірбек пен Бибісара деген жандар. Мейірбек атам Бекше болса, Бибісара әжем Алысайдың қызы болған екен.

Әкем Бикен 1899 жылы, анам Зағипа 1909 жылы дүниеге келген. Әке-шешем қол ұстасып, шаңырақ көтергеннен кейін, 1930 жылдардың басындағы қиын-қыстау заманда, Ақмола облысының аумағындағы Жарлыкөл деген жерге келіп тіршілік етіпті. Одан кейінде мына Нұра ауданындағы Көбетей ауылына (бұрынғы «Калинин» колхозы) қоныс аударып, әкей сол «Орталық» аталатын елді мекенде қызмет жасаған. Анамыз негізі тоғыз құрсақ көтерген. Балаларының аты – Зейнеп, Дәметкен, Әуес, Мәуеш, Бекболат, Жұмабек, Жарылқасын, Рахметолла (Рахат), Мерқасым. Өкініштісі сол, Зейнеп, Дәметкен, Бекболат, Жұмабек төртеуі екі-үш жастарында әлдебір аурудан шетінеп кеткен. Оларды мен көре алмадым. Апам Әуес, одан кейінгі Мәуеш пен қос інім көз алдымда өсті.



Сол баяғы Жаңаарқадан Ақмола жағына көшіп бара жатқан жолда бір оқиға болыпты. Бибісара әжеміз ол кезде орта шаруа саналады екен. Ашаршылық уақыты. Жүктерін ат-арбаға артып, қой-ешкісін айдап, өздері жаяу-жалпы аяңдап келе жатқанда, жол торыған әлдекімдер кездеседі. Өткен-кеткеннің малын, дүние-мүлкін тонап, қарақшылықпен күнелтіп жүргендер болса керек. Қас қарайып қалған шақ екен. Әжеміз: «Би атамның аруағы-ай, ешкімнің ала жібін аттап көрмеп ек. Ойлағанымыз жақсылық, қолымыздан келсе, біреуден көмегімізді аяған кезіміз жоқ. Сормаңдай халге қалай душар болдық, бір Аллам, өзің оңғар! Би атамның аруағы, қолда!», – дегенде, жаңағылардың басшысы: «Тоқта!», – деп айқай салған екен. «Би атамның аруағы атады, бар мал-жанын өздеріне қайтарыңдар», – депті қасындағыларға. Сөйтіп, би ағасы Байдалының аруағына сыйынған бұлар сонау Жарлыкөлге аман-есен жеткен екен.









Өмір сынақтарының сыры

* * *

Анамыз Зағипа Мейірбекқызы соңғы сапарына Мәуеш, мен, Рахметолла, Мерқасым төртеуіміздің қолымыздан аттанды. Қабілетті, қажырлы жан еді. Көп сөзге жоқ, қолы іс білетін адам-тұғын. Көйлек-көншегін, қазақы шапанды, көрпе-төсекті өзі тігетін. Алдыңа қойған асы қандай, тұздап әзірлеген сүрлері мейіздей болушы еді. Ешқашан біреудің алдына кеп, қатты сөйлеу дегенді білмей өтті. Ертеректе, елуінші жылдарға дейін ауылда көкпар, ат жарыс, балуан күрес өтіп тұратын. Сондай бір дүрмекте Василий Иващенко деген дәу қазақ жігіттерін қоймай жығып, түйе балуан атанып, онымен шығатын адам болмай қалған ғой. Шешейдің қажыр-қайратын көріп жүрген ел оған: «Зағипа, сен шықшы!», – деп болмапты. Мұндағылардың бірнешеуін тырапай асырған Василий әйелді менсінсін бе? Шәниіп, кісімсіп жүргенде, ұстаса кеткен шешей іштен шалып, бір-ақ лақтырған! Менсінбей тұрған Василий қалай топ ете қалғанын білмей, масқара болыпты...

Артық сөзі жоқ анамыз балаларын жақсылыққа, адалдыққа тәрбиелеп, әкеміздің оң қолы болып, шаңырағымыздың ырысы, берекесі, мерекесі болған адам. Өте қадірлі еді. Бала тәрбиеледі, колхозға мүше болды. Еңбекте жүрген адамдарга нан пісіру керек. Үйде пешке нан салып, колхоз жұмыскерлеріне таратып беруші еді.

Сол әке мен шешенің тәрбиесін көріп өстік. Алақандай ауылдағы халықтың рулары сан алуан, білім-білігі әртүрлі дәрежеде болғанымен, бірін-бірі бөліп жармай, өзара сыйласып өмір сүрді. Ешкімде тасып жатқан байлық болған жоқ. Бәрі бір-біріне қолғабысын тигізіп, біріне бірі жақсылық жасап, қуаныш пен қайғыны бірге өткерді. Хасеннің ағасы Құсайын, жары Әниша, балалары Сағындық, Қуаныш, Орақбайдың баласы Кәрімтай, бұлар да біздің туыстарымыз. Біздің туған нағашы-жиендеріміз болған жоқ. Сонда да болса, бір-бірімізбен туған ағалы-інілідей болып өстік.

* * *

Әкеміз жастайынан аса қабілетті, еңбекқор, ортасына абыройлы болыпты. Отбасымен Көбетей ауылына көшіп барып, өз қолымен үй салған. Сол елде қызмет істеп, колхоз мүшесі болады. Бригадир, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарған.



Сөйтіп жүргенде соғыс басталады. Ол уақта балаларынан Әуес, одан кейінгі Мәуеш бар. Әкем майданға аттанғанда мен құрсақтамын. «Өмірге ұл келсе, атын Жарылқасын қойыңдар», - депті әкем кетерінде. Сөйтіп, 1943 жылдың 9 сәуірінде дүниеге келген менің атымды әке аманатымен Жарылқасын қояды.

Әкей соғыста сержант шенімен атқыштар бөлімшесінің командирі болган. Бір емес, екі жараланады. Екінші ретінде жағы сынып, иығынан оқ өткен. Содан мүгедек есебінде елге қайтарады. Елге келіп, ауыр жарақаты жазылғаннан кейін, тылдағы еңбекке араласып, сол кездегі «Заготживсырье» мекемесінде қызмет істеген. Халықтан тері, жүн, ескі кітап-қағаздар, тағы да басқа заттар жинап, солардың орнына былғары, ұлтан, шай, мұздақ, тағы-тағы неше түрлілерді әкеліп, елге таратып отырган. Жинаған тері-терсекті үйде өңдеп, тұздап, сұрыптап барып өткізіп, сондай еңбегімен өмір сүрді.



Әкемнің өмірге деген құлшынысы керемет еді. Балаларымды жеткізсем, үй қылып, қызығын көрсем деп барынша тырысты. Ешқандай ауыртпашылыққа бой алдырған жоқ. Әкейдің тәрбиесімен жастайымыздан еңбекке араласып, жер нанымызды маңдай терімен табуды үйрендік.










Жарылқасын Бикенов


* * *

Соғыстан кейінгі жылдары үлкен апам Әуес мектеп бітіріп, Мәуеш оқуын жалғастырып жатты. Әуес Ақмола облысының Жалғызқұдық деген жерінде тұратын өзіміздің нағашыларымыз Байноқат, Бибіжар деген кісілердің Орынтай деген ұлына тұрмысқа шықты. Көбетейдегі Калинин мектебі тоғызжылдық болғандықтан, Мәуеш оныншыны аудан орталығы Киевкадағы интернатта жатып оқыды. Соғыста алған жарақаттың салдарынан әкейдің көзінен кінәрат шыға бастады. Қарағандыда ота жасатқаннан кейін көруден қалып, бірінші топтағы мүгедек болып қалды. Бұл 1952 жыл еді. Сол бір қиын-қыстау шақта әкеме әуелде Әуес, ол тұрмысқа шыққаннан кейін Мәуеш көмекші болды. Шөп, тал, қамыс шабу, қи ою, оны жинау сияқты қара жұмыстың бәрін апаларым білек сыбана атқаратын еді. Ол уақытта көмір деген жоқ, тал-қамыс, тезек жағамыз.

Апаларым Әуес пен Мәуешке өмірбақи ырзамын. Әкейдің кемқадамдығын білдірмеді. Қызметін істеуіне жәрдемші болып, зейнеткерлікке шыққанынша қолғанат болды. Олардың орнын кейін мен, менен кейін Рахметолла бастық. Мектепке 1948 жылы бес жасымда бардым. Руы Қалыбек Тиышбала деген апамыз бар еді, Хасен деген ұлы, Күлбарам деген келіні болды. Тиышбала – Рахат екеуміздің кіндік шешеміз. Үлкені Баукен қыз мектепке барғанда, онымен бірге мен де мектепке барам дегенде, бес жасар баланы алмаймыз деп қайтарып жіберген. Келесі жылы әкем мектепке қайта апарғанда, сол кезде бірінші сыныптың мұғалімі болып жүрген Мырзағали Сардаров деген азамат: «Жас қой, оқуды алып жүре алмас. Журналға кіргізбейін, бірақ бір айдай мына балалармен отырсын. Алып кететін қабілеті болса, бірінші сыныпқа қабылдайын», – дейді. Содан, екінші жұмада-ақ: «Журналға кіргіздім, балаңыз оқиды», – деген екен. Сөйтіп, 1949 жылы 6 жасымда мектеп табалдырығын аттадым. Сол кезде мектеп директоры Рақым Сыздықұлы Асубаев деген кісі.

Өстік-өндік, ағайын-туыстың қасында болдық. Әкейдің туған інісі Зейнолланың жасында суға кеткенін айттым ғой. Содан басқа бір туғаны болмаса да, Омар әкейдің туған інісіндей болды. Мәжібек, Тәжібек дейді, соның ұлдары Төлеу, сол Төлеуден туған Рысбала, Тәстенбек, Айтжан. Тәстенбек те туған інісіндей болған жан. Көбетей ауылында Тәжмағамбет Сарыбайұлы, Темір Таубайұлы, солардың бала-шағасы, Рақым, Уәш деген Қалыбек балалары әкеймен қатарлас адамдар еді. Солардың бәрі туыс болып, Қалыбек атаның балалары бір, оның ішінде Алтыбай, Жақсыбайдан тарамағанымен, бірі Таластан тарап жатса, тағы басқалары бар, әкей сол алыс жерде жеті-сегіз үйдің басшысы, ақылшысы болды. Баршасына сыйлы еді.



* * *

Әуес апам ер мінезді қыз болды. Ата-анамызға күн-түн демей көмектесіп жүретін. Нұра өзенінің жағалауындағы Көбетей мен Шахтер ауылдарының арасы











Өмір сынақтарының сыры

өскен тал, шөп, қара сулар. Апам жаздыгүндері сол аралықтан малға қол шалғымен шөп шауып, маялап, оны арбаға артып, қораға тасиды. Бұл аралықтың шөбі таусылса, Құдықты, Шөптікөл, Саумалкөл, Құймақ деген жерлерге барып шабады. Отынға Нұраның бойында өсетін талдарды шауып, арбамен тасимыз. Колхоздың отары тұрған жерден қи оямыз. Кептіріп, арбамен үйдің қасына әкеліп үйіп, қысқа әзірлеп қоямыз. Ал жазда әзірлегеніміз қыс бойына жетпей жатса, қасымыздағы Көрпеш көлінің жағасынан қамыс шауып әкелеміз. Үйдің қасында құдық жоқ. Ауылдың бір шетінде Рябик деген неміс кемпірдің тас құдығы болатын. Суды сол құдықтан және орыс көршіміз Василий Корнеевич Иващенконың құдығынан тасимыз. Көшенің шетіндегі су тұщы да, Василий Корнеевичтің суы ащы болатын. Шайға тұщы судан әкелеміз де, басқа қажеттіліктерге көршінің құдығынан аламыз. Сол шаруалардың бәрінде әкеміздің басты көмекшісі Әуес болды. Қыстыгүні ат-шанамен, жаздыгүні ат-арбамен жүріп, шаруа тындырады. Малға қарайды, суын, жем-шөбін беріп, қора тазалайды. Қыста суатқа барып, мойынағашпен жылқыларды суарады. Әкей жүн, тері, макулатура, тағы басқа заттарды жинап, ат-шанамен, ат-арбамен жиырма бес шақырым жердегі аудан орталығына тасығанда да қасында апайым жүреді. Және әлгі дүниелерді елден қабылдап алғаннан кейін сұрыптау, тұздау қажет. Бәрін бөлек-бөлек жинап, қаптайды. Әуес апам, ер-азаматтарша, жүз келілік қаптарды көтерісетін. Әкейдің өзі де қуатты еді. Жүз келілік қапты бір өзі өңгеріп алып жүре беретін. Көзінен қиындық көргені болмаса, басқа жағынан мықты. Ол кісі шөп шапқанда, біз артынан кішкентай шалғымен еріп отырамыз.

Әуес мектепті жаңа бітірген кез. Нағашыларымыз - Досмағамбет қажының балалары Байноқат, Сәтен, Жалмағанбет деген кісілер болатын. Сол Байноқаттың Орынтайына құда түсті. Сәтен, Қайша, балалары Бәшен, Күләш, Мейрамбайлармен, Жалмағамбеттің қызы Алтынмен бірге өскен едік. Жездеміз Қалу деген үлкен туысқанымыз болды. Бұлардың бәрі әкейдің бастан кешкен қиындықтарында бірге болған, ауыртпалықты бірге көтеріскен кісілер.



* * *

Нұраның ар жағында бүгінгі «Шахтер» елді мекенінің орнында «Спецпереселен» деген болды. 1954 жылдың басында «Спецпереселен» жабылып, ондағылар көшті де, қолда ұстаған түйелерін сатты. Соның бірін біздің әкей де сатып алды. Ол уақытта түйені суреттен көргеніміз болмаса, жайын біле қоймаймыз. Сол түйені үйде бір жұмадай ұстады. Бір жұманың ішінде ішкен суы жарты шелек те болмайды. Шөпті де көп жемейді екен. Әкей қасап жасап, елге сатпақ. Бірақ соны ала қоятын адам жоқ. Төрт-бес келіден қарызға алады, елде ақша тапшы. Түйенің етін өзіміз де жедік. Өркеші кітірлек келеді екен. Жұрт сол кезде «Ауруы бар адамға түйе етін жеуге болмайды, себебі қырық жылғы ауруды не жазады, не қозғайды», «Аяғы ауыр әйел түйенің етін жесе, баланы он екі ай кетереді» деген сияқты сөздерді айтып жүретін.



Колхоздар совхозға айналып жатты. Сол жылдары Калинин колхозы болып тұрған біздің Көбетей тек 1960 жылдары ғана «Черниговский» кеңшары болып өзгерді.









Жарылқасын Бикенов

* * *

Әуес кеткен соң, орнын Мәуеш басқан. Біз ол кезде баламыз. Киевкадағы мектеп-интернатты жақсы бітіріп келген соң, үйдің іші Мәуешті Қарағандыға институтқа түсірейін деп отырған болатын. Аттестатын таппай қалсын. Чемоданын олай ақтарады, былай ақтарады. Ертеңінде ауданға бардық. Мектепке барсақ, газетке хабарландыру беріп, одан кейін күту керек екен - қағаз машақаты көп. Оны біз түсіне қоймайтын адамдармыз. Өйтіп-бүйтіп, әйтеуір біршама уақыттан кейін дубликаты қолға тигенде, Мәуеш оқуға құжат тапсыратын уақыттан кешігіп қалды. Содан, ауылдың кітапханасына орналасты. Жоғалған аттестаттың табылғаны туралы хабар қара күзде келді. Өзімен бірге оқып, интернатта бірге тұрған қыз алған болып шықты. Өзі емтиханнан екі алып қалып, аттестат бермейтін болған соң, Мәуештікін ұрлап, орнына өз атын жазып қойыпты. Бұл біз үшін аса жайсыз хабар болды.

Мәуеш апам ауылдың көркі болды. Өжеттігі бар, сұлу. Ән салады. Түрлі ойын- тойда қазақы көйлек киіп, қамшы ұстап, атқа шабатын. Қасында Нәсіп Дүйсенбіқызы деген құрбысы жүреді. Сөйтіп жүріп, өзіне лайықты жар боларлық азаматқа жолықты. 1959 жыл болса керек. Қалкеш Ақмантайұлы Досанов - «Урожайныйдағы» (ол кезде Киров колхозы деп аталады) мектепте мұғалім. Көпей деген анасы болды. Кезінде Ақмоланың педагогикалық училищесін бітірген, шаңырақтағы жалғыз ұл. Сол жігіт Мәуеш апамның жары болды. Қалкеш екеуі «Урожайныйда» тұрды. Сондағы мектепте істеді. Мектептің директоры Мәжит Қалиұлы Қалиев Қалкешке туыс болатын.

Мен әскерде жүргенде Мәуеш көз қысымы дертіне шалдығыпты. Бір көзі жетпіс, екінші көзі қырық пайыз ғана көреді екен. Қарағандыда бір көзіне ота жасатқанда қан құйылып, одан айырылып қалыпты. Ол уақытта көз дәрігерлерінің қарым-қабілеті әлі нашар кез. Мен бұл жайдан бейхабар, әскердемін. Қоярға қоймай, екінші көзіне де ота жасаған. Оған да қан құйылып кетіпті...

Қалкеш екеуі тату-тәтті тұрды. Черниговкадағы біздің үйдің жанынан үй салып алды. Қалкеш Мәуешті өмірінің соңына дейін сыйлап өтті. Бірде сырын ақтарып: «Мәуешімді он екі мүшесі түгел, дені сау ана жүрген әйелдердің біреуіне айырбастамаймын. Өйткені, Мәуештің орны бөлек», – дегені бар-тын.

Мәуештің ақыл-ойы, даналығы, адамгершілігі ерекше еді. Тек өзінің отбасына емес, ортасына, еліне қадірлі болды. Көзі көрмей қалғанның өзінде, үйдегі тазалыққа ұқыпты болып, от жағу, тамақ істеу, кір жуу сияқты жұмыстардың бәрін өзі атқарды. Істеген тамағы сондай дәмді болушы еді. Мәуеш пен Қалкештің Ғабит деген ұлы мен келіні Алтынай және Әсет деген немересі бар, Киевкада қызмет істейді, өсіп-өніп жатыр. Қызы – Нәсіп, күйеу баласы – Әділ, жиендері – Ғалия, Аягүл, Манас. Нәсіптің қазір екі немересі, Ғалиядан жиен немересі бар. Нәсіп кооператив институтының бухгалтерлік факультетін бітірген. Одан кейін заң факультетінде оқыды. Қазір балаларын өсіріп-жеткізіп, Астанада қызмет етіп жатыр. Ғабит – Киевкада. Мұхтар Петропавлдың индустриалды-педагогикалық техникумын, кейін экономика университетінің заң факультетін бітірген. МАИ-да қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты. Балаларының алды Әділет ҚарМУ-да оқып жатыр. Жары Майдагүл екеуінің Меруерт, Гүлназ деген қыздары бар. Абай болса, өзіміздің Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетінде білім алды, қазір Қазақстан темір жолында қызметте. Үйленген, зайыбының есімі – Жадыра.











Өмір сынақтарынық сыры

Қалкеш жездем кезінде Қарағандының педагогикалық институтын, кейін сырттай Қарағанды мемлекеттік университетін бітірді. Черниговкадағы Калинин мектебінде өмірінің соңына дейін мұғалім болып қызмет етті. Ол да елгезек еді. Ауылда шахмат үйірмесін ұйымдастырып, өзі аудан, облыс көлеміндегі жарыстарда олжа салып жүретін. Шахматты жақсы ойнаушы еді жарықтық. Ағайын-туыстың ішінде өте қадірлі болды.

...Менен кейінгі, 1946 жылы туған Рахметолла және 1950 жылы туған Мерқасым інілерім ол кезде мектепте оқитын.



* * *

Әуес тұрмысқа шыққалы да бірталай уақыт өтті. Нұраның сыртында астық қоймасы болатын. Сонда әкейдің досы Жағыпар отбасымен қызмет істеп жатты. Жаз уақыты. Жас баламын, мектепте оқимын. Диірменге барып, ұн тарту керек. Одан нан пісіреміз. Ақмолаға апарып сатып, қант, шай, киім-кешек аламыз. Көп мал жоқ, бар-жоғы бір бие, бір сиыр, бес-алты қой, бес-алты ешкі. Соның өзінде ауылдағы ең бір берекелі, дастарханы мол үйдің бірі саналушы едік. Бірде сол Жағыпар досына барып қонып, сол үйден таңғы бес-алтының шамасында сегіз қап бидайды артып алып, Нұраның сыртымен алпыс-жетпіс шақырым жердегі Антоновкаға бардық. Мен атқосшымын. Арбаға көк құнанды жегіп алғанбыз. Кер биенің құлыны еді. Жегуге құнан күнінен үйретілген. Соныменен сағат он-он бірдің кезінде Антоновкаға келіп жеттік. Жолда Бұғыбай қыстауы, «Шахтер» кеңшары, Өріксай, «Киров» колхозы, одан кейін Қуаныш, Нұра Кеңесі, одан кейін Ақмола Кеңесі, одан соң Антоновка. Қойма меңгерушісі Аманжол деген кісі біздің бидайымызды кезексіз қабылдап, ұны мен кебегі ертең дайын болады деді. Біз содан сол ауылдағы Мырзағали деген бір жақынымыздың үйіне барып шай іштік. Дастарханнан тұра әкем: «Балам, бекер отырғанша, Жарлыкөлдегі Әуеске, Байноқат, Бибіжарларға барып қайтайық», – деді. Ол уақытта қазіргідей сайрап жатқан жол жоқ. «Мен айтып отырам, осы арадан төтесінен бір-ақ түсеміз. Бес қырдан ассақ, ар жағында көл бар. Сол көлді жағалап, оңға қарай алсақ табамыз», – деді әкей. Содан екеуміз ат-арбамен тартып келе жатырмыз. Бірталай жүрдік, бес қырдан да астық, бірақ ешқандай көл көрінбейді. Жөн сұрай қоятын да ешкім көзге түсер емес. Әкей де сасайын деді, білем, бірақ білдірмейді: «Жүре бер, ешқайда бұрылма. Тек тура жүр», – деп келеді. Содан алтыншы қырға да іліктік. Осы қырға көтерілгенде алдымыздан айнадай жарқыраған көл шыға келді. Мен қуанғанымнан: «Қайқат, Қайқат», – деп айқайлап жібердім. Біздің Көбетейде «Қайқат» деген көл бар. Мынау да сондай үлкен көл, жайқалып жатыр екен. Әкем де қуанып кетті. «Бұл – Білеубай көлі. Енді осы көлді жағалап оңға қарай жүрсек, Білеубай ауылына жетеміз. Кіргендегі бірінші үйге тоқта», – деді. Айтқанындай, бірінші үйге келіп тоқтадық. Шарбақпен қоршалған орыс үйі екен. Біз атымызды доғарып үлгермей жатып, ар жақтан бір орыс: «Ой, Бикен», – деп құшақ жая шықты. Әкей де: «Ой, Иван», – деп құшақтасып, арқа-жарқа болып жатыр. Бізді төріне шығарып, дастархан жайды. Алдымызға үйінде бар картобы мен балығын, қаймағын қойып, күтіп-ақ жатыр. Әкем орысша қағаз білмегенімен, ауызекі түсінісе алатын. Бұл кісіні сонау Жарлыкөл, Жалғызқұдық жағында болған кезінен таниды екен. Әкейдің осындай тамырлары көп болушы еді. Мына кісілер үй-ішіміздің, шешеміздің жағдайын











Жарылқасын Бикенов

сұрап, жік-жапар болып жатыр. Қазан көтерейік дегендеріне әкем: «Уақытымыз аз. жүрейік», – деді. Содан қайтадан жолға шығып, әлгі кісілердің көрсетуімен сапарымызды жалғастырдық. Жалғызқұдықтан өтіп, Жарлыкөлге жеттік. Ауыл шетіне кіре бергенімізде ойнап жүрген бір баланы кезіктірдік. Сол баланы тоқтатып: «Әй, ана Байноқат пен Бибіжардың үйін білесің бе? Орынтай, Әуес деген балалары бар», – деп жөн сұрадық. «Білем, олардың үйі анау арада. Бірақ, Әуес қайтыс болған, кеше ғана жерледі», – деп қойып қалды бала. Бейіт басына барсақ, жас топырақ. Әкей қабір топырағын құшақтай құлап, біраз жылады. Соңынан Құран оқып, маған бұрылды да: «Балам, ешқайда бармаймыз, кейін қайталық», – деді. Ешқайда соқпастан, келген жолымызбен қайтадан Антоновкаға келдік. Шаршап-шалдығып жеткен бетімізде диірменге барып, болған жағдайды айтып едік, ешқандай кезекке қаратпастан, ұнымыз бен кебегімізді арбамызға ар- тып берді. Ауылға жүріп кеттік. Келе жатырмыз, екеумізде де үн жоқ. Көк құнан бүлкілдей тартып келеді. Ауылға да жеттік. Қораның есігі ат-арба сыятындай үлкен болатын, бірден қораға кіріп, әкем үн мен кебекті үн-түнсіз түсіріп жатыр. Шешей келіп хал-жайымызды сұрады. «Әуеске бардыңдар ма?», – дейді арасында. Әкейде үн жоқ. Мен де үндемеймін. Әкей жұмысын бітірген соң, сол үндемеген күйі үйге кірді де, өкіре жылап қоя берді. «Сенің туыстарың баламның қайтыс болғанын естіртуге жарамады-ау», – дейді күйініп. Сонда деймін-ау, бір ғажабы, жас бала болсам да, қаншама жол жүріп келгенде не қарным ашқан жоқ, не шаршаған жоқпын. Бұрын мұндай ұзақ сапарға шығып көрмеген көк құнан да соншама жүкпен қаншама шақырым жүрсе де, қиналу, болдыру дегенді білген жоқ. Әкемнің қайғысын бала мен де, жануар көк құнан да үнсіз ұғысқандаймыз.

Тағы бір есте қалған жағдай қыстыгүні болып еді. Қолдағы малға шөп жетпей жатты. Шөптікөл деген жерде біздің әкейге күйеу бала, маған жезде Қабден мен жары Күмісжан бала-шағасымен тайынша бағып отыр еді. Сол кісілерден шөп сұрап әкелуге бардық. Соғымға тайынша сойған екен. Ет асты. Сонда Әліп, Әбілда, Жұмаділда деген үш ағайынды болатын. Жұмаділда жылқы бағады екен. Біз барғанда ол да болып, ортаға ет келді. Жұмаділда: «Мен құстамақпын», – дейді. «Құстамақ» деген сөздің мағынасын біле қоймаймын. Біз еттен азғантай жедік те, былай отырдық. Ал ана кісі табақтағының бәрін жеп қойды. Белбеуін босатып қойып, тегенедегі сорпадан үлкен ағаш аяқпен екеуін ішті. Оның артынан шай ішіп отыр. Қарап отырмын. Бір уақытта жылқыға бару керек деп киіне бастады. Тон, оның сыртынан тұлып киді. Мініп жүрген айғырына сүйемелдей көтеріп мінгізіп жібердік. Сонда айтып жатыр ғой, жаңағының бәрі қыстыгүні жылқы бағып жүрген адамға қуат береді екен.



Біз болсақ, керек шөбімізді алып, Қызылжұлдыз арқылы ауылға қайттық. Қызылжұлдыздың Жаңақала, Жаманқала дегені бар. Жаңақаласынан өтіп, Жаманқаласына келдік. Алдымыздан абалаған иттер шықты. Қолдарына шам ұстаған кісілер қора-қопсысын қарап, малдарын түгендеп жүр. «Ойпырмай, біраз шөппен келе жатырмыз. Біреу ұстап алып, қайдан әкеле жатырсыңдар деп тергеп жүрмей ме» деп қорқып та келеміз. Одан да өттік. Ауылға үш шақырымдай қалған. Шанаға жеккеніміз құлынды бие. Бір уақытта құлын шыр етіп, биенің алдына түсіп алды. Не болды деп қарасам, артымызда ит сияқты, бірақ көздері шоқтай жанған екі хайуан келе жатыр. Мен: «Әке, анау ит емес, қасқыр ғой!», – дедім жүрегім аузыма тығылып. «Ә?!», – деді әкем де қобалжыған үнмен. Енді бір уақытта жаңағы екі қасқырдың біреуі секіріп









Өмір сынақтарынық сыры

алға түсті. Сол-ақ екен, бие де жүрістен тартынып, шегіншектей берді. Құлыны бауырына тығылды. Әкей қолына екі айырдың бірін алды да, барып биені жетекке алды. Сонда көзі де көрмейді, ат-шананың жолымен адымдап жүре берді. Шана үстіндегі маған: «Алдымызды бағып, маған айтып отыр», – деді. Арттағы қасқыр артта келеді, алдағысы алда. Ескі жолмен ауыл жанындағы Тоқа Тілен бейітіне таяғанда ауыл иттері шулап қоя берді. Екі қасқыр тайсалған болуы керек, кейіндеп қала берді. Қасқырды алғаш рет көргенім сол. Әйтеуір, Құдай сақтады.

Сондағы әкемнің жүрекжүтқан табиғатына, салмақ-сабырына әлі күнге таңғаламын. Құдайдың құдіреті, егер әкем сол жерде абыржып, қорыққан кейіп танытқанда, жыртқыштар тарпа бас салар ма еді!? Әкем жүрісімізді тоқтатпай, алға түсіп берген соң, бие жарықтық та иесін ес көріп, аялдамастан тарта берді. Сол бір жан қысылған екіталай шақта адам мен жануардың арасындағы түйсікпен түсінісу, сенімділік қандыауыз жыртқыштың мысын басып кеткен еді. Қолындағы айырын алға қарай ұмсына ұстап, адымдай басқан қайран әкемнің айбарынан амалсыз ыққан бөрілердің сондағы ақсиған азу тістері, қан толған көздері есіме түссе, күні бүгінгі дейін жаным түршігеді...



Көбен Бегімбаев деген көршіміз болды. Әйелінің аты – Ақмантай. Жеңіс деген ұлымен он жыл бір партада отырдық. Жеңістен кейін Меліс, Күлән, Мүсілім, Мұстафа, тағы бір кішкентай қызы Үрлән деген бар еді. Солармен біте қайнасып, бірге өстік. Бірде қыстыгүні, мектептегі каникул кезі, ат-шанамен диірменге бару керек болды. Біздің ұн тарттыруға бара жатқанымызды білген көрші: «Жеңіс те бірге барсыншы, біздің бидайымызды ала барсын. Көтерісіп, айтқандарыңды істейді ғой», – деді. Содан Жеңісті ертіп, Антоновкадағы диірменге барып, кезегімен бидайымызды тарттырып, ұн мен кебегімізді алдық. Қайтуымыз керек. Мұндағы малдан аусыл шығыпты, карантин. Ақмола кеңесінен әрі қарай өткізбейді, бәрін тоқтатып тастаған. Шығармайды, қалай қайтамыз? Қайтатын басқа жол жоқ. Тәуекел десіп, Нұраны кесіп өттік те, ар жағындағы «Рождественка» совхозының Ворошилов бөлімшесіне жеттік. Мұнда әкейдің Сұлтан деген танысы тұрушы еді. Ауыл тұрғындары негізінен шешендер. Әлгі үйге тоқтағанымызша болған жоқ, өз тілдерінде әлдене деп жетіп келген шешендер шанаға жеккен атымызды, құлынды биемізді шешіп алып, әкетейін деп жатыр. Сұлтан шығып: «Әй, тоқтаңдар!», – деді. Балуан денелі, бетті жігіт еді. «Сендер қоя тұрыңдар, әуелі басшыларыңа барайық. Қазір онымен мына кісі сөйлеседі, сосын бәрі шешіледі», – деді. Кетіп бара жатып, әкей екеуі маған: «Біз аналарды алып кетеміз. Ал сендер аттарды қайта жегіп, ана жолмен ауылға бір-ақ тартыңдар», – деп сыбырлады. «Жеделдетіп жүріңдер. Шекарадан өтсеңдер ғана тиіспейді, оған дейін үлгермесеңдер, сендерді қайтадан ұстап әкеледі», – деді тағы. Жеңіс екеуміз екі ат-шанаға мініп алып, тартып бердік. Желіп келеміз, кейде шапқылатып қоямыз. Арасында жануарларға жеңіл болсын деп, шанадан түсеміз де, соңынан жаяу жүгіреміз. Біраз ұзаған соң артымызға қарасақ, соңымыздан үш салт атты қуып келеді. Біз де шабысымызды үдете түстік. Әлгілер барған сайын жақындай берді. Әбүйір болғанда, шекараға жақындап қалған екенбіз. Екеуміз жерге секіріп түсіп, шананың артында жүгіріп келеміз айқайлап. Ат-шана, пәлен қап ұн мен кебек. Бес жүз, төрт жүз, үш жүз метр қалды. «Міне келіп қалды қуғыншылар, міне ұсталамыз». Жүз метр қалды, міне елу метр! Шекарадан өтіп, таяқ тастам ұзаған соң, уһ дедік-ау. Олар да шекараға жетті. Одан









Жарылқасын Бикенов

бері өтуге қақылары жоқ, сол жерден қалды. Осы арадағы Ақтөбе бөлімшесінің қыстағында қой бағып отырған, руы Тарақты Жолдыбай деген туыстай болып кеткен ағамыз бар еді. Сол кісінің үйіне тоқтадық. Әкей бізге осында тосыңдар деген. Жолдыбай мен баласы ат-шанамызды қолма-қол доғарып, жүктерімізді жауып жатыр. Бикен келеді деп қазанға ет салды. Ол кісінің қай уақытта келетінін Құдай біледі. Ұйықтап қалыппыз. Әкей түнгі он екінің кезінде келді. Бізді оятты. Сұлтан екеуі екі салт атпен келген екен. Ет жеп, шай ішкен соң, Сұлтан екі атының бірін жетекке алып, қайтып кетті. Біз сол үйде қонып, ауылға таңертеңгісін қайттық.

Әкеміз кез келген жағдайда не істеп, не қою керектігін біліп отыратын шешімді жан еді. 1956 жыл болса керек, Черниговкада онжылдық мектеп болмаған соң, Мәуеш Киевкадағы интернатта жатып оқыды. Қыстыгүні үйге келген. Әкей ауылдан жинаған тері, жүнді шанаға артып, аудан орталығына жүретін болды. Мәуешті ала кетпек. Шанаға кер биені жекті. Кер бие текті мал еді. Аудандағы «Заготживсырьеның» тері қабылдайтын қоймасына Абзи Айтняк деген татар, жүн қоймасына Иван Носков қарайтын. Бұл екеуі біз дегенде, әкем дегенде, ішер асын жерге қояды. Құрметтеп қарсы алып жатады. Үйлеріне шақырып, патшаны күткендей күтетін. Әкей де олардың әкелген заттарын қолма-қол қабылдап, түбіртегін жазып береді. Біздің әкей сонда бір теріні немесе бір жүнді тексеріп, оның салмағын тәптіштеп жатқан емес, сенеді. Олар да өмірі әкейдің есебін жеу дегенді білмеді.

Апарған заттарды өткізгеннен кейін қайту керек. Әкей жиырма бес шақырым жердегі аудан орталығынан ауылға кешкі төрт-бестің кезінде шығады. Көзі көрмейтін болғандықтан, кер биені біздің ауылға бастайтын жолға Абзи салып жібереді. Үйреншікті жолға түсіп алған кер бие тіпті жолдағы басқа ат-шаналарды басып озып жүйткиді екен. Оны көрген жұрт: «Е, мынау Бикен ғой кетіп бара жатқан. Бұның көзі көрмейді емес, көреді екен ғой», – десетін көрінеді. Кер бие сол тартқаннан тартып отырып, өзіміздің қораның алдына келіп бір-ақ тоқтайды. Есті жануар еді.

1956-57 жылдар болса керек, қар қалың түсіп, көктемде Самарқаннан жүрген су қатты тасыды. Көктем кешіректеу шықты да, елдің жем-шөбі таусылып, малын далаға ерте шығарды. Көк шыға қоймаған, айнала қар аралас су. Жылқы малы Нұраның жағасындағы Ақтөбе деген жердегі Оразбек қыстауының маңында жайылып жүрген. Самарқаннан жайылған су ауылдың шетіне дейін келді. «Шахтермен» екі орта аппақ теңіз. Жайылып жүрген сиырлар тасқынға ілігіп, сең соғып, өліп жатты. Сол кезде бір табын жылқы айнала су қоршаған аралда қалып қойды. Біртін-біртін су көтеріліп, жылқыны шығару мүмкін болмай қалды. Сол уақытга әкей бүкіл ауылдың адамдарын жинап, жылқыны аман алып қалудың қамын ойластырды. Бәріміз жылқы қалып қойған тұсқа жақын бардық. Қарап тұрсақ, арал барған сайын кішірейіп барады. Жиылған жұрт айқайлап, шулап жүр. Одан бірдеңе шыға ма. Аңшы етігін киіп, ат мінген бір жігіт аралға өтуге тәуекел етіп көріп еді, бірақ астындағы аты екі-үш аттады да, ары қарай баспай қойды. Судың тасқыны сұмдық. Жылқылар қаперсіз жайылып жүр. Құлындары да бар. Көбен көрші: «Әй, кер бие, Бикен шақырады, Бикен шақырады», – деп айқайлап қояды. Бір уақытта аралдың тарылғаны сонша, жылқылар ол арадан енді кетпесе, суға кетері анық еді. Бір кезде кер бие басын көтеріп, жан-жағына қарады. Енді бір сәтте жылқыларды бастап, судың неғұрлым жіңішке тұсымен емес, жалпақ жатқан жағына қарай тартты. «Ой, ақылың жоқ, кер бие, қайда барасың?!», – дейді шулаған ел. Бірінің соңынан бірі тізілген жылқылар ара-арасындағы құлындарды











Өмір сынақтарының сыры

тұмсықтарымен демеп, жүзіп келеді. Әлден уақытта судан жылқылардың басы ғана көрінеді. «Құрыды-ау, мына ақымақ кер бие не істеді!?», – дескен жұрт. Сөйткенше болған жоқ, жаңа ғана қинала жүзіп келе жатқан жылқылар тізеден келетін суға шығып, құрғақ жерге жайбарақат шыға бастады. Сөйтсек, сол арада бір ғана жер бар екен – ойпаң аралығы екі-үш метр, содан өтіп кетсе, бергі жағын жалдап өтуге болады. Жылқылар аман қалды. Содан кейін елдің бәрі біздің кер биені жылқының төресі деп кетті. Өзіміз де жануарды мақтан тұттық. Сол кер бие қатарынан бес жыл қысыр қалды. Әкей оны соймады да, сатпады да. Құлындамайтын болған соң, ат орнына ұстаймыз. Әкем оны сойсам, өзім ғана соямын деп жүрді.

Ол уақытга жылқыны қолда ұстап семіртеді. Ауыл адамдары бір-біріне көрсетіп, қазысының неше елі шығатынын болжап, соятын күнін белгілейді. Жылқының күйін жақсы білетіндердің бірі біздің әкей еді. Бір күні біздің үйге топ кісі келді. Доғабаев Жаман – Жәмекең: «Мына кер биеден шынтақ шыға ма, шықпай ма?», – деді айқын күмәнмен. Әкем бұлқан-талқан ашуланып: «Жәмеке, сіз өзі жылқы баққан адамсыз, бірдеңе біледі-ау деп жүрсем, не айтып тұрсыз? – деді. – Осыны қазір сойсам, үш елі шығады». «Бикен, сен де айтады екенсің. Айтқаным айтқан, бұл биеңнен шынтақтан артық шықпайды», – деді Жәмекең де қайтпай. «Ендеше, қазір осы арада соям», – деген әкей соятын кісілерді шақыртып, кер биені сойды да тастады. Ол уақытта бауыздап болысымен, теріні түсірмей жатып, кіндіктен жарып жіберіп, алдымен қазысын көруші еді. Сол дәстүрмен биенің ішін жарып, қазысын қараса, үш елі екен. Сонда Жәмекең: «Ши қазанат екен ғой, ши қазанат. Қазанат сыртынан көрінбейді, бәрін бойына жинайды деуші еді», – деді...

Ауылдан Ақмолаға мал апаратындар, қандай мал болсын, алдымен әкеліп әкеме көрсететін. Әкей оның күйін айтып, қанша шығаратынын тәптіштеп, бағасын дәл айтып береді. «Мынауың сонша шығарады, пәлен сомадан кемге беруші болма», – деп кеңес беріп жатады. Ақмоланың базарына барғанда, әкейдің айтқан бағасы мен болжамы тура келетін. Малға қатысты мәселесінде елдің бәрі әйтеуір әкеммен ақылдасып тұрушы еді.

* * *

Әкеміз өмірімізге бала күнімізден үлкен қолдау жасап, тәлім-тәрбие беріп: «Адал бол, адам бол, балам. Еңбекке құштар бол. Елден, өзіңнің қатарыңнан қалма. Бізге қарама. Біз күнімізді көреміз. Әйтеуір, адам бол», – деп отыратын. Мектепті төрт пен беске оқыдым. Одан да жақсы оқуыма болар еді, бірақ мен алты күн оқудың екі-үш күнін әкеймен бірге біресе анда, біресе мында шапқылап, үйдегі мал-жанның шаруасымен өткізіп алып жүрдім. Қабілетті болдым. Мұғалімдерім жаман болған жоқ. Қазақ тілін мектеп директоры Рақым Сыздықұлы Асубаев, математиканы Нұрғали Махметов пен Есім Жүпенов, тарихты Мәжит Қалиев, физиканы сынып жетекшім Зүбән Қасымқызы, дене шынықтыру пәнін Николай Корнеевич Иващенко, неміс тілін Махмет Темірұлы оқытты. Қайсысы болсын, өмірлік тәрбиеме, білім алуыма, адами болмысыма көп еңбек сіңірді. Еңбегімді, оқуымды, білімімді бағалай да білді. Дұрыс жолға салып, ақылдарын айтты. Ол кісілер қазір арамызда жоқ. Аруақтарына дұға бағыштап, шәкірт ретінде басымды иемін.











Жарылқасын Бикенов

* * *

Күндердің күнінде «Шахтерге» қызметке тұратын болдым. Соның алдында ауылға отбасымен көшіп келген Темірболат деген ақсақал бізбен көрші тұрды. Өзі көп сөйлемейтін, оқыған, жан-дүниесі сондай таза, келбетті, ат жақты, шоқша сақалды, әдемі киініп, әдемі жүретін, сөзі де, ісі де дұрыс адам еді. Сол кісінің қызы Әнзия рабкооптың төрайымы болып қызмет істеді. Әкей бір күні қонақта отырып, Темірболат ақсақалға: «Әнзияға айтып, мына баламызды «Шахтерға» қызметке алдырсаңыз», – деп бұйымтай айтады. Ақыры не керек, 1959 жылдың аяғында Әнзия Темірболатқызы мені «Шахтердегі» бухгалтердің шәкірті қызметіне алды. «Шахтерге» қыстыгүні бірде ат-шанамен, бірде салт атпен, енді бірде шаңғымен барып жұмыс істедім. Қуаныш Былқыловтың Дәукен деген інісі сонда «Заготзерноның» бас бухгалтері болып істеді, ол жаяу қатынайды. Кейін сонымен бірге мен де жаяу барып қайтатын болдым. Жазғытұрым су тасып кеткен уақытта Темірболат ақсақалдың «Шахтердегі» үйінде жаттым. Мәркен, Дәркен деген балаларымен сол үйде қатар жүрдік. Ауылға бару керек болса, Рақым Жаманбаев деген қайықшы Бұғыбай өткелінен өткізіп жібереді.



* * *

... Темірболат ақсақалдың қызы Әнзияны ауылдың үлкен-кішісі «Ағатай» деп атаушы еді. Өте қадірлі, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі әдемі, жүріс-тұрысы да бір керім еді. Екі сөйлемейтін. Кесіп айтатын, адамның бетіне айтатын жан-тұғын. Жұмысына мықты болды. Соңынан ерген Жөкен деген қызы мен Әлкен деген ұлы болатын. Жөкен қайтыс болып кетті. Әлкен спортқа жақын еді, Мәскеуде оқып, кейін экономика ғылымдарының докторы болды. Балалы-шағалы, өз саласында аса білімді азаматтың бірі.



Сол Әнзекеңнің тәрбиесін көріп, көп үйрендік. Мені бухгалтер шәкірті қылып қызметке алғанда, аға бухгалтер Мелихова Екатерина Михайловна деген жап-жас қыз болатын. Целиноград техникумын бітіріп келген. Өзі балалар үйінде өскен, менен бірер жас қана үлкен. Мынаны үйретесің деп соған алып келіп отырғызғанда, принципшіл адам еді, «Менімен ақылдасып-келіспеді» деп ерегісті ме, маған татымды жұмыс бермей қойды. Келем, отырам. Сұрыптау дейді: жөнелтпе құжаттарды, чектерді санаймын, болды. Есесіне, келетін газет көп. «Правда» сияқты одақтық газеттерден бастап, республикалық, облыстық, аудандық басылымдар бар, менікі – таңертеңгі сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін газет оқу. Әнзекең де тапсырма бер деп айтқанмен, оны тыңдаған Мелихова болмады. Әнзекең мені кабинетіне шақырып: «Жарылқасын, сен жұмысқа тоғыздан қалмай кел. Бастығың кеткен уақытта ғана кет. Бестен ерте кетуші болма. Дұрыс жүр, айтқанын істе. Ешуақытта сөз етпе. Енді оның мінезі осындай, балалар үйінде өскен, онымен ұрысатын жағдай жоқ. Бірақ, ақылы бар, сені бір күні бәрібір жақсы көріп кетеді, жұмыс береді», – деді. Солай тағы алты ай өтті. Әнзекең екі жыл алмаған демалысын алып, екі айға Кисловодскіге жол жүріп кетті. Кетуі мұң екен, соның ертеңінен бастап, Екатерина Михайловна маған жұмысты бере бастады, үйретті. Жүрмей жатқан жұмыстарға тартып, қалып қойған сальдоны түгендетіп, ана кітапты, мына кітапты береді. Күні-түні отырып,
















Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет