Өмір сынақтарының сыры
соларды игердім. Қате десе, кітапты ашып қараймын да, қайта жазам. Екі айда дәреже-деңгейім әжептәуір көтерілді. Өзімнің досым Дауылбай Теміров сол жерде аға есепші болатын. Тағы бір орыс әйел болды. Бәрі техникумда білім алған. Мен түк бітірмегем. Мен үйретіп-үйретіп, бір күні кассир қылды. Кіші есепші, одан кейін аға есепші етіп тағайындады. Бұл 1960 жыл болатын. 1961 жылға қарай, техникум бітірген екі бірдей маман бола тұра, мені аға бухгалтердің орынбасары етіп қойды. Мен ұялам, ешқандай білімім жоқ. Қабілетімнің арқасы.
Әнзекең сонда мені тәрбиелеп, егін жинасуға келген солдаттардан көмекшілер шығарып, он-он бес машинаға басшы қылып, Қарағандыға жүкке жібереді. Машиналарды бастап, арақ-шарап зауыты, кондитерлік өнімдер шығаратын кәсіпорындар, ұн комбинаты, сыра зауыты сияқты бірқатар нысандардан жүк алып жүрдім. Қазір ойласам, сол кезде небары он сегіз ғана жаста екенмін. Барлығы сол кісілердің үйретуінің арқасында – қалай бару керек, қалай жүру керек, кімге бару керек, кімнен сұрау керек, не істеу керек, солдаттармен, басқалармен қалай есеп айырысу керек. Әнзекең мені өмірімнің соңына дейін қатты сыйлап өтті. Әке-шешемді, Әнияшты да сыйлады. Біз де сол кісіні өмір бойы құрметтеп өттік. Ақтық сапарына арулап шығарып салдық. Көзі тірісінде менің ата-анамды жерлеудің басы-қасында, Әнияш екеуміздің отау тіккен тойымыздың бел ортасында өзі жүріп еді. Әнзекеңнің бауыры Мәркен мен келіні Күлтай марқұмдар да өте қадірлі, сондай бір жақсы адамдар еді. Өмірбақи сыйласып өттік. Сәбит бастаған балалары өсті, өнді, жетті.
Ал, енді, Дәркен мен Мәрия екеуінің қолында тұрдым. Дәркен туған ағамыздай болды. Сонау күні Мәрия қайтыс болғанда, басы -қасында болды. Темірболат әкеміз бен Дәржан анамыз ұрпағына құдай беретін адамдар. Ол кісілерді де өз қолымызбен жөнелттік, өмірі айырылғанымыз жоқ... Темірболатовтар әулетінің о дүниелік болғандарының жатқан жері жайлы болсын. Еліне қадірлі, сыйлы, адами қасиеттерімен, жүріс-тұрыстарымен үлгі болған адамдар. Өмірбақи есімізден кетпейді. Жаңағы айтып отырған, «Шахтердегі» Екатерина Михайловна Мелихованың Петр Романюк деген жолдасы, Сергей деген баласы болатын. Баласы, немересі кооператив институтында оқығанда, оны бітіргенде түрлі шаруаларына көмектесіп, қол ұшымды беріп жүрдім. Екатерина Михайловнаның өмірден өткен туралы хабар келгенде, Қарағандыдан «Шахтерге» арнайы барып, қаралы жиында әдейілеп тұрып бір ауыз сөз айттым. Көзкөрген жанның өзі болмаса да, 2013 жылы немересі тұрмысқа шыққан тойдың басы-қасында болдым.
* * *
1961 жылы әкей жаңадан үй тұрғызатын болып шешті. Бірден екі үй тұрғызып, біріне «Урожайныйда» тұратын апам Мәуеш пен Қалкеш жездемді көшіріп әкелмек. Кірпішті қолдан құямыз. Сол уақытта біздің үйде бір тиын ақша да жоқ. Ауылда бір Гаузер деген неміс болатын. Әкей содан тәуліктің қай уағында барып қарыз сұраса, қолын қайтармай сұрағанын беретін мырзалығы бар еді. Және ол ақшаны қашан әкеп бересің деп сұрамайды да. Әкем ол қарызды малының күйі келгенде сатып, пұлды болған кезінде бір қайтарады. Ақыры, не керек, үй тұрғызуға керекті құрал-саймандарды, құрылыс материалдарының күллісін тауып әкелді.
Сөйтіп жүргенде, ұмытпасам, 23 шілде күні жұмыстан келсем, әкей менімен сөйлеспейді. «Кет осы үйден», – дейді жекіп. Мұнысы несі деймін ештеңенің байыбына бара алмай, бүлдірген ештеңем жоқ сияқты еді. Не болды деп шешемнен сұрасам, «Әкең саған ашулы. Мені асырамай-ақ қойсын, кетсін деп отыр», – деді ол кісі. «Не боп қалды?». «Болғаны сол, елдің баласы институтқа кетіп жатыр дейді әкең, ал сен оқуды ойлап та жүрген жоқсың. Бухгалтер болып, мені асырап жүрмін дей ме. Одан да барып оқысын, оқымаса, кетсін. Маған үй салып бермей-ақ қойсын деп отыр». Әкейдің әмірімен, ертеңіне барып «Шахтермен» есеп айырыстым. Әнзия қайда барасың дейді. «Целиноград кооператив техникумының бухгалтерлік бөліміне жолдама беріңіз», – дедім. Әнзекең сөзге келмей, жолдама берді.
Содан екі жыл бұрын, 1959 жылы мектеп бітіргеннен кейін барып, Целиноград ауыл шаруашылығы институтының инженер-механик факультетіне құжаттарымды тапсырғам. Емтихан тапсыруға барсам, толған жастар, соның ішінде ең жасы мен екем. Көбіміз нан сұрап жеуге ғана жететін бір-екі ауыздан артық орысша білмейміз. Алдымен математикадан жазбаша есептер берілді. Қарасақ, сұрақтары орысшадан қазақшаға олақ аударылған-ау деймін, дұрыс түсінбедік. Енді біреуден сұрап алайын десең, оған рұқсат та жоқ, қасымыздағы бір-екі бала сөйлесіп еді, шығарып жіберді. Содан зәреміз ұшып, берілген есептерді түсінген-білгенімізше шығарып, шығып кеттік. Берілген тапсырманың бәрін бір қағазға жазып, ала шыққам, қазақшаға дұрыстап аударып барып көрсем, шығарғанда жаңылысқан екенмін. Институтқа түспей қалып, содан бері де екі жыл өте шығыпты. Жұмыс істеп жүріп, ешқандай кітаптың бетін ашпаған адаммын. Дайындық жоқ. Үшке тапсыра алсам, конкурстан тыс қабылдауы керек. Солай болды да, бухгалтердің шәкірті, аға бухгалтердің орынбасары қызметін істеп келгенім сеп болып, оқуға қабылдандым. Техникумды кілең беске бітірдім. Бастапқы семестрден бастап, техникумды бітіргенге дейін жоғары стипендия алдым. Оқуды тәмамдаған 1963 жылы Нұра ауданына жолдама берді. Кадр бөліміне, Тұтынушылар одағы төрағасының кадр жөніндегі орынбасарына барсам, Щербаковский рабкоопына қатардағы бухгалтер болып барасың ба дейді. Оқымай тұрып-ақ аға бухгалтердің орынбасары болып ем, оның үстіне, Щерба- ковский өз ауылымнан жүз шақырымнан артық жерде, бас тарттым. Қайтадан Ақмолаға келдім. Мемлекеттік емтихан қабылдағанда төрағалық еткен, «Целинный край» Тұтынушылар одағының бас бухгалтері Петр Кузьмич Андриановқа бардым. Жағдайымды айтып едім, ол кісі қолма-қол: «Қазір Целиноград облыстық Тұтынушылар одағына қоңырау шаламын. Өзің тәжірибеден өткен Балқашин ауданына аға ревизор болып барасың», – деді. Целиноград облыстық Тұтынушылар одағының бас бухгалтері Хафиз Мусикаевқа жіберді. Сөйтіп, Балқашин ауданында 1963 жылдан 1964 жылдың күзіне дейін қызмет істедім. Тұтынушылар одағының кеңсесі орналасқан көшенің бір басындағы қызметтік үйде тұрдым. Василий Иванович Переверзев деген бас бухгалтер болды. Өте қадірлі, бүкіл ауданға сыйлы кісі еді. Сол кісінің қол астында қызмет істеп, көп нәрсені үйрендім. Комсомол ұйымының хатшысы болдым. Сол уақытта ұжымда елу шақты комсомол мүшесі болды. Жұмысымды белсенді атқарып, абыройға бөлендім.
Жарылқасын Бикенов
Өмір сынақтарының сыры
* * *
Ауданның орталығында Тұтынушылар одағы, жұмысшылар кооперативі, қоғамдық тамақтандыру, астық қабылдау мекемелері сияқты бірқатар іргелі ұжымдар болды. Аудандық комсомол комитетінде сыйлы болдық. Аудандағы комсомол ұйымдарының ішіндегі үлкені біздің ұйым еді.
Бірде сол уақытта қат саналатын үнді шайынан бес келі алып, басқа да заттармен бірге үйге сәлем-сауқат жібердім. Оған қоса, байланыс бөлімі арқылы 150 сом салдым. Сөйтсем, үйде сол кезде бір тиын ақша жоқ көрінеді. Елге қарыз, салынып жатқан үй де бітпеген. Менен азын-аулақ қаражат барғанға әкем сондай қуанып: «Әй, айтқанын орындады ғой, айтқанын орындады!», – дей берген екен. Бала кезімде әкеме бір еркелеп отырып, «Мен ертең қызмет істеймін, сол кезде ай сайын сіздерге жүз сомнан беріп отырам», – деген екем. Бала көңілден шыққан сөз ғой, әйтпесе, кейін не жұмыс істеп, қандай жалақы табатынымды кім болжаған. Қызмет істеп жүргеніме жеті-сегіз ай болғанда жіберген азын-аулақ ақшамды керемет бір қаражат жібергендей көріп, марқайып қалғанын көрмейсіз бе.
Комсомол хатшысы болып жүргенімде, аудандық атқару комитетімен, прокуратура, сот, милиция органдарымен бірлесіп, кооперативтік меншікті қорғау бағытында көптеген жұмыстар атқардық. Жас та болсақ, басшылармен, лауазымды тұлғалармен араластық. Сонда олар бізді жассынбайды, дұрыс қабылдап, айтқан дұрыс сөзімізді, дәлелімізді қолдап, ризашылықтарын білдіріп отырады. Ауданда қазақ шаңырақтары санаулы, халықтың дені орыстар, солардың бәрімен ортақ тіл таба білдік.
Бірде мынадай жағдай болды. Целиноград кооператив техникумының түлегі Лида деген қыз бас рабкоопқа тауартанушы болып орналасқан еді. Дүкенші болмай, сол қызметті атқарды. Үш ай қызмет істегенде, мойнына қомақты ақша мінді. Әкесі жоқ, шешесімен бірге тұратын жалғызілікті қыз еді. Жұмыстан шығарып, сотқа беру керек деген сөздер шықты. Басына іс түсіп, тығырыққа тірелген қыз, жаны қысылса керек, сірке суын ішіп қойыпты. Дәрігерлердің дер кезінде араласуымен әйтеуір аман қалды. Комсомол ұйымының жиналысын шақырдым. Жиынға рабкооп төрағасы, бухгалтері қатысты. «Сіздер жас маманға көмектеспедіңіздер, үйретпедіңіздер. Оқуын енді бітіріп келген жасты дүкенге қойдық. Кім алдағанын, қалай шатасқанын білмейді. Енді келіп соттаймыз, ақшаны тап дейсіздер. Қайдан алады, кім береді оған?», – деп мәселе көтердім. Жиналыс қорытындысында комсомол хатшысы ретінде шешім қабылдадым да, жетпейтін қаржыны орнына келтіру үшін 40 комсомол күнде қосымша жұмыс істейтін болдық. Күнделікті сағат алтыда жұмыстан шығамыз да, жетіде барып, түнгі он екіге дейін астық түсіріп, үйеміз. Он шақты күннің ішінде шығынды жаптық. Бір жағынан дәрігерлер, бір жағынан біз болып, азаматтық, комсомолдық борышымызды орындадық. Сол кездегі түсінік басқа. Қазір сондай комсомолдар жоқ қой... Сонда ешкім де бармаймын, істемеймін деген жоқ. Ұлы бар, қызы бар, тұрмыс кұрғандары бар, бәрі бір кісідей тік тұрып, көтеріп әкетті. Жастар ғой, 26-28 жастағы комсомолдар.
Өзіміздің басқарушы партия ұйымымен, аудан басшылығымен «Жөнді, жолды білетін үлкендіктеріңізді көрсетіп, жастарға қамқор болмайсыздар ма» деген сыңайда сөзге де келіп қалдық. Ол кезде, бірақ, бірінші кезекте мемлекеттің, кооперативтік
меншіктің мүлкі мен қаржысы орнында болуы керек. «Дегенмен, қаржы бір басқа, адамгершілік болуы керек қой. Болашақ ұрпақты тәрбиелеп отырмыз», – дейміз біз. Осының бәрі – өмірдің сынақтары.
* * *
Мен техникумда сабақты үздік оқып, топтың комсомол жетекшісі болдым. Оқуға 1961 жылы түсіп, бізбен бірге оқығандардың ішінде Теміртас Жетпісов, Мейрам Мұшанов, Бақыт Есенбеков болды. Рахила, Әмина, Үміт, Рахима, Сергей, Анвар, барлығы 26 бала оқыдық, бесеуі ұл да, жиырма бірі қыз болды. Оқу озаты, комсомол жетекшісі болып қана қойғаным жоқ, спортшы да болдым. Алдыңғы қатарда, түрлі шараның басы-қасында жүрдік. Техникум директоры Александр Петрович Корольченко тәртіпке қатал, турашыл, сонымен қатар мейірімі де мол жан еді. Сынып жетекшіміз Елена Михайловна Харжевская, оқытушыларымыз Берта Федоровна Люфт. Вера Александровна, Вера Константиновна Середа, Татьяна Наумовна, Нина Яковлевна Полякова, Надежда Федосовналар мол білім мен тәрбие берді.
* * *
Оқып жүргенде егін, картоп жинау науқандарына қатысамыз. Бірде Социалистік Еңбек Ері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Михаил Евграфович Довжиктің бригадасында еңбек еттік. Сөйтіп жүріп, Ленинград студиясының журналына да түсіп қалғанымыз бар еді. Бұл да бір қызық... Айта кететін жайт, Бақыт дейтін курстасымыз болатын. Бір қолы бала күнінде күйіп, кем болып қалған. Бәріміз Михаил Евграфович ортамызға келгенде сөзін тыңдағымыз келіп, жиылып тұра қаламыз. Атағына болмысы сай, еңбексүйгіш, салмақты адам. Біз әңгіме тыңдап тұрғанда, Бақыт қырмандағы бидайды бір қолымен жалғыз өзі үйіп жатады. Ол әкесінен ерте айырылып, ағасының қолында өскен жігіт еді. Адал азамат. Бірбеткейлігі де бар, айтқанынан қайтпайды. Науқан аяқталып, жалақы тағайындаған кезде, Михаил Евграфович Бақытқа бәрімізден бір жарым есе көп ақша жазыпты. Бір қолмен жүріп басқалардан артық жұмыс істеген еңбегін ескергені. Сол Бақытпен тонның ішкі бауындай араластық. Әлі күнге доспыз. Отбасымызбен араластық. Алтын деген бәйбішесімен Жезқазғанда тұрады. Немере- шөбере сүйіп отыр.
Техникум, Балқашиндегі өмір мен үшін үлкен университет болды. Маған кезіккен ұстаздар, басшылар, араласқан адамдардың баршасы менің өмір, еңбек университетімнен. Олардан мен теориялық біліммен қатар, өмірдің талай сынақтарына төтеп бере білуді үйрендім. Сондықтан, Целиноград кооператив техникумының (қазір Коммерциялық колледж деп аталады) ұжымы ұйымдастырған түрлі шараларға арнайы барып қатысып, араласып тұрамын. Ұстазым Елена Михайловна Харжевскаямен, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болған жұбайы Михаил Владимирович Харжевскиймен осы күнге дейін қатысып тұрамыз. Бақыт, Теміртас сияқты бірқатар курстастарыммен де хабарласып, араласып тұрамыз.
Жарылқасын Бикенов
Балқашинде бас бухгалтер Переверзев Василий Ивановичтен басқа, Тұтынушылар одағының төрағасы Егор Егорович Вагнермен, аға ревизор Зайцев Федор Григорьевичпен қатар жұмыс істедік. Біз олармен бір үйдің адамдарындай жақын араластық.
Менен бір курс төмен оқыған Қошқарбай Ғалиев деген азамат болды. Үйінде талай болып, ата-анасын көрдім. Адамгершілігі керемет еді, өтірік айтуды білмейтін. Қорқуды білмейтін жүректі де. Техникумда оқып жүргенде пәтер жалдап тұрды. Қарама-қарсы үйде қыздар тұрады. Солардың ішінде Майра деген дос қызы бар. Жастық шақ қой, сол қыздарға қонаққа барып тұрады. Бірде келсе, сол үйден бір жігіт шығып барады екен. Жаңағыны есік алдында орыстың төрт-бес жігіті қоршап алады. Өздері ішіп алған, ұрайын деп жатыр. Қошқарбай біреуін танып қалады, техникумда оқиды. «Әй, тиіспеңдер, ол біздікі», – десе, өзіне тап беріпті. Қошқарбай әлгі жігітке: «Қаш!», – дейді де, өзі қалып қояды. Өзі бокспен шұғылданатын. Шаңғы, велосипед теуіп, спортпен тұрақты айналысатын. Ентелей алға ұмтылып, алдында тұрғанды маңдайынан пергенде, ол ұшып кетіпті. Содан секіріп өтіп, қарама-қарсы тұрған үйге жүгіре кіріп кетеді. Есік алдында абалап тұрған ит бар. Қуып келген аналар итті бауыздап тастайды. Үйдің иесі Қошқарбайды шифоньердің ішіне тығып. сыртынан кілттеп қойыпты. «Қайда, қайда» деп кіріп келгенде, жаздыгүні ашық тұрған үлкен терезені нұсқаған көрінеді. Жігіттер секіріп шығып, қуып кетеді. Сол үйдің иесі кейін Қошқарбайдыц енесі болды. Мәжит деген ұлы бар екен, қызы Гүлжан. Енесі милицияға хабарлайды, бір уақытта Мәжит те келеді. «Кім?», – деп сұрайды. «Осындай да осындай». «Танисың ба? Табасың ба?». «Танимын, табам». Пышақ алып, «Ендеше, жүр кеттік», – дейді. Техникумда оқитын баланың үйіне барады. Әкесі техникумда мұғалім екен. Қошқарбай баланы әке-шешесінің көзінше сабайды. Келесінің мекен-жайын алады. Солай, бесеуінің де сазайын беріпті. Қошқарбай ұрады, Мәжит пышақпен тұрады.
Милиция жетіп, Қошқарбай мен жаңағы жігіттерді алып кеткенде, Қошқарбай: «Мен ешкімді де өлтірмеймін, маған тиіспесе болды, мен ешкімге тиіспеймін», – деген екен. Мұны бүкіл техникум естіп, қыз-қырқын Қошқарбайды баяғының батырындай елестеткен кез болған. Қошқарбай досым сондай еді. Өмірден озып кетті. Қазір балалары өсіп жетті. Олар хабарласып тұрады.
Техникумды тәмамдаған 1963 жылы курстасым Теміртас Жетпісов Қорғалжыңнан қыз алды. Басымыз енді қашан қосылады деп, топтағы 26 бала Ақкөл станциясына, одан 25 шақырым жердегі Кеңес бөлімшесіне тойға бардық. Әлі есімде, Теміртастың әкесі халық мұғалімі, еңбегі сіңген атақты адам, орден иегері еді. Теміртас балаларының алды болғандықтан, ерекше қуанып, үлкен той жасады. Сонда, біздің жастығымыз ғой, 26 бала ештеңені ойламастан, сол үйде үш күн жатыппыз тойлап. Едендегі киіздің үстіне төселген төсенішке жата кетеміз. Қазір ғой, үйің төрт-бес бөлмелі болса да, бір кісі келсе, қашан кетеді, екі кісі келсе, тіпті көп деп жүреміз. Сол бір албырт шағымызда Теміртасымыздың тойын тойлағанда үй иелерінің жағдайын ойламаппыз, ол кісілердің де кеңдігі ғой... Өкінішке қарай, Теміртасқа алып барған сол қызымыз өмірден ерте озып кетті. Теміртас кейінгі алған жары Әсиядан төрт бала сүйді. Алдыңғы жарынан төрт бала бар, барлығы сегіз бала көріп, немере-шөбере сүйді, бүгінде жасы сексеннен асқан. Сол Кеңес ауылында ардақты әке, ата, елінің қадірлі ақсақалы болып өмір сүріп жатыр.
Өмір сынақтарының сыры
* * *
Техникумды бітірген жылы бірден Новосібір институтының күндізгі бөліміне оқуға түсуге құжат жинадық. Қабылдау емтихандарын әркім өз өлкесінде, біз Ақмолада тапсыратын кез. Емтихан математика, орыс тілі, жағрафия, тарих және шет тілі пәндері бойынша. Емтихандарымды сәтті тапсырып келем: бір бес, қалғаны төрт. Кезек неміс тіліне келіп жетті. Техникумда бұл тілді өте жақсыға оқыған едім. Емтиханды қабылдап жатқан – өз мұғалімім Александр Адольфовичтің жұбайы. Бір уақытта ол кісі: «Үш», – дейді. Емтихан парағына қояйын деп жатыр. Қолынан тартып алдым: «Кешіріңіз, мен үшке келіспеймін. Маған үш алуға болмайды. Әке- шешем – зейнеткер. Сонау Новосібірге маған ақша салатын адам жоқ. Стипендия алуым керек». Шыға салып, үйіндегі отағасы – Александр Адольфовичке жетіп бардым. Барсам, ол кісі бақша суарып жүр екен. Өзі маңғаздау, баяу қимылдайтын адам еді. Бұл жолы тездетіп жуынып, киінді де, екеуміз техникумға қайтып келдік. Емтихан аяқталайын деп қалған, екі-үш бала қалыпты. Алдымен Александр Адольфович кіріп шықты да, соңынан кірсем, ары қарай ештеңе сұраған жоқ, емтихан парағыма төртті қойып берді...
Оқуға түстік деп қуанып жүрміз. Сөйтсек, «Целинный крайда» мамандар жетіспейді. «Кооператив ашуда қиыншылықтар бар. Өркендету, дамыту үшін жастар керек. Оларды институтқа жібермей, алып қалу қажет. Сырттай оқысын», – деп қаулы қабылдаған көрінеді...
Қыркүйек болды, оқу орнынан хабар жоқ. Телефон шалып, хабарлассам, сырттай оқуға іліктің дейді. «Қалайша?», – деймін таңырқап. Негізі, сырттай оқуға бес емтихан тапсырып әуреленбейсің. Техникумды кілең беске бітірген соң, мен, тіпті, бір-ақ пәннен емтихан тапсыруыма болады екен. Жағрафиядан бес алсам болды. Оны Новосібірге бір барып келгенімде ғана білдім.
Сөйтіп, Новосібір институтының «Бухгалтер» факультетіне оқуға түстім.
...1964 жылы әскерге кетерде, Новосібірден рұқсат келді. Емтиханды кейбір сабақтардан Ақмоладағы оқу-консультациялық орталықта, саяси экономияны ауыл шаруашылығы институтында, жоғары математикадан педагогикалық институтта, тағы бір пәннен инженерлік-құрылыс институтында, күндізгі бөлімде оқитын балалармен бірге тапсырдық. Ауыл шаруашылығы институтындағы емтиханда билетті ала салып жауап берем десем, «Сен тоқта, шырағым, отыр, дайындалмайсың ба?», – деді. «Жоқ, дайындалмаймын». «Шынымен білесің бе?». «Иә, білем». «Жоқ, тұра тұр. Басқа билет алып жауап бересің бе?», – дейді. «Беремін». Үстелдің үстінде жатқан отыз билеттің ішінен бір билетті суырып берді. Сұрағын біліп тұрмын. «Барып отырып, дайындал». «Жоқ, отырмаймын, жауап беруге дайынмын». Техникумда оқыған білім. Оның үстіне, емтихан тапсырардың алдында жақсылап дайындалдық. Жаттанды түрде емес, түсініп оқитынбыз. Техникумға дейін екі жыл қызмет істеп келгенімнің шапағаты сол, мағынасын-маңызын түйсініп тұрасың. Есейіп қалған уақытым. «Бес, – деді емтихан алушы. – Бірақ емтиханның соңына дейін кетпе». Емтихан аяқталғаннан кейін, бізді күндізгі бөлімде оқитындардың алдында үлгі қылды. Жоғары математиканы да солай тапсырдық.
Жарылқасын Бикенов
* * *
Рафқат апамның әке-шешесін біздің де ата-анамыз деуге болады. Шешемнің сіңлісі Дәмеш пен жұбайы Жәкіш Қарағандыда тұрды. Рафқат апам – сол кісілердің үлкені. 1950 жылы Көбетейдегі біздің үйде болғанда, Рафқат апамды Қабдолла алып қашады. Хабар естіген Жәкең жетіп келіп: «Бикен, қай қарызыңа беріп қойдың біздің қызымызды?», – дегені бар. Ол кезде Рафқаттың жасы он жетіде. «Қызымды дқрыстап бермесең, осы жерде бауыздаймын», – деп кездігін қынынан алып шықты. Онымен қоймай, Қабдолланың әке-шешесі Мұхамедия мен Халиша анамыздың үйіне барып: «Қызымды әкеліңдер, өз еркімен келмесе, сойқан сонда болады», – деді. Мен баламын, әкемнің қасында тұрмын. Бұл – Жәкеңнің қатты кетіп тұрғаны. Рафқат өз ырқыммен келдім деген уақытта, қолындағы кездігі түсіп кетті де, тұрған жеріне сылқ етіп отыра кетті. Сөйткен Рафқат апамыз, сіңлілері Рымжан, Үмітжан, Еркін, Кенжетай, бауыры Жансерік, барлығы қазірде үйлі-күйлі. Жезделеріміз Нұрлан, Жақан, күйеу баламыз Амангелді, бауыры Жансерік пен келіні Күлән немерелі-шөберелі болып жатыр.
Рафқат апамыз 1950 жылдан Көбетей мектебінде кітапханашы болды. Қабдолла сол мектепте мұғалім болды, одан кейін аудандық комитетте, комсомолда істеді. Ауылдық кеңестің төрағасы, совхоз парторгы да болды. Өмірінің соңғы кезінде аудан орталығында, Қарағандыда сақтандыру компаниясында қызмет істеді. Балалары Сатыбалды, Гүлнар, Гүлнара, Мұрат, Гүлсара, Гүлмираны тәрбиелеп жеткізді. Барлығына жоғары білім алғызды.
Қабдолла, Алланың жазуы, 1991 жылы алпыс жасқа жетер-жетпесінде фәниден бақиға аттанып кете барды. Соған дейін етене жақын араласып, сыйласып өттік. Мен Қалкешті де, Қабдолланы да жезде деп айтып көргенім жоқ. Ағалы-інілідей болдық. Қабдолланың әкесі Мұхамедия ақсақалмен құда ретінде қатты сыйластық. Мұхаң бізге қашанда шалғы шыңдап беретін. Шалғы шыңдау дегеннің өзі ерекше іс. Оны қайрамайды, балғалап отырып жасалатын үлкен жұмыс. Үй салғанымызда, құдық қазғанымызда да Мұхаң көрсетіп, үйретіп отырды. Әнияш екеуміз қосылғанда, ол кісі мұсылман жолымен некемізді қиды. Еліне сыйлы, құрметті болды. Өмірден озарынан аз уақыт бұрын бір кезіккенімізде: «Қабдолла жалғыз, Жарылқасын. Екеуің ағалы-інілі болыңдар», – деп аманат айтып, батасын берді. Сол аманатын өмірбақи бұлжытқан жоқпыз. Қабдолланың үйінде бір шаруа болса, хабарласып, ақылдасып, бірге атқаратын едік. Және менің сөзімді әрдайым дұрыс көріп, құп алып тұратын. Ауылға демалысқа бара қалсақ, қай уақытта болсын алдымыздан шығып, машинасымен күтіп алады. Қуанышымыз бен қайғымызды әрдайым бірге бөлісті. Ал Дәмеш апамыз бен Жәкіш әкеміздің орны бір бөлек. Рымжан, Үмітжан, Еркін, Кенжетай, Жансерік туыстарымның да менің жүрегімнен алған орындары бар. Бұл кісілер туралы айта берсем, бір кітап аздық етер еді. Қазір Рафқат апам балаларымен Астанада тұрады. Үлкен ұлы Сатыбалды Көбетейде. Бала-шағасының қызығын көріп отырған апамыздың ғұмырын Алла Тағала ұзақ етсін.
Өмір сынақтарының сыры
* * *
Осы орайда атай кеткім келетін тағы бір кісілер – Жанмұхамед пен Сараш. Жақаң – Қалкеш жездеміздің інісі, бір жағынан ағалығы бар. Сараш – Кұстия апамыздың туған сіңлісі. Бірге өсіп, біте қайнадық... Сараш қазір оншақты бала- шағасының жанында. Бұрын Батыр ана атағын дүниеге он бала әкелген жандарға ғана беретін. Сараштың ол кезде тоғыз баласы бар. Жанмұхамед елдегі арқасүйер азаматтардың бірі еді. Бір күні қонақтан келгенінде Сараш айтыпты: «Жұртта бала он-оннан бар. Менің олардан нем кем еді?», – деп күйеуіне кәдімгідей ренжіпті. «Құдай берген тоғыз бала бар ғой», – деп азар да безер болған Жәкеңе бой бермепті. Осы әңгімені бүкіл ауыл бертінге дейін күле айтып отырушы еді. Сол Сараш құдайдың қалауымен оныншы баланы өмірге әкелді де. Сөйтіп, жастарға тәрбие беріп, үлгі болды. Топырағы торқа болғай.
* * *
Ауылымызда елге белгілі, сыйлы кісілер болды. Солардың бірі Қуаныш Былқылов пен зайыбы Құстия. Қуекең – ардагер адам, соғысқа қатысқан. Соғыста алған орден-медальдары өз алдына, бейбіт өмірдегі еңбекте де жанқиярлық танытып, Ленин орденімен, Халықтар достығы, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталған. Бұл кісінің ағалық қамқорлығын көргендер көп. Әнияшым осы кісінің қызындай болып өскен еді. Екеуміз елге келгенде, бірінші болып қойын сойып, қонаққа шақыратын. Інісі Текеш пен келіні Зекенді де жақсы білемін. Текеш – Осакаров ауданында елге белгілі заңгер, адал, таза адам. Інісі Дәукенмен дос болдым. Оның зайыбы Қамар да ибалы, тамаша жан еді. Дәукен «Шахтер» совхозының бас бухгалтері қызметін атқарды. Ол да сондай адал, бірбеткей, сөзіне мығым, достыққа берік, адамгершілігі мол еді. Осы аталған замандастарымның балаларымен қарым-қатынасымды үзген жоқпын. Олар бізді аға, біз оларды іні-қарындас деп сыйлап келеміз. Осы жерде айтылғандардан Зекен апамыздан басқасы о дүниелік болып кетті. Жатқан жерлері жайлы болсын.
Ауылымыздағы үлкен ақсақалдар елдің ырысы еді. Руы бөлек болса да, бір-бірін сыйлауы, бір-біріне деген ілтипаты, білімділігі, айтқан әңгімелерінің өзі адамға үлкен тәрбие-тін. Соларды көріп өстік. Ауылымыз жайқалып тұруші еді. Қазір қарап отырсам, тұрғылықты азаматтардан алпыстың маңайындағылардың өзі екі-үшеу ғана қалыпты. Ойлап отырсам, ауылдың көркі, әдебиеті мен мәдениеті сол кісілер екен. Солар тәрбиелеген балалар қандай жақсы азаматтар болып шықты. Олар жоғары оқуды бітірмегенмен, өмірдің қызығы мен шыжығын қатар татқан адамдар. Соғыстан кейінгі жылдары колхоз бен совхозды көтеруге, тұрмыс деңгейін, білімді арттыруға ат салысты.
* * *
Өзіміздің ауылда Сарыбай баласы Тәжмағамбет деген ақсақал болды. Қайырбек, Қайырден, Абылай, Гүлжан, Шолпан деген балалары бар-тын. Қайырбек пен Абылай өмірден озып кетті. Қайырденнің Рымбала зайыбы ептеп ауырыңқырады, Әуесхан деген ұлы бар. 1936 жылы туған Қайырден ақсақал қазір ауылдағы Қалыбек балаларының үлкені, батагөй ағамыз.
Жарылқасын Бикенов
24
Рақым, Уәш деген ағаларымыз болды. Рақаңның Мәра, Үмітжан деген қыздары болды. Мәра Бұқпа деген жігітке тұрмысқа шықты. Олардың баласы Қайрат пен оның зайыбы Рысты қазіргі уақытта үбірлі-шүбірлі. Уәш атамыздың балалары Дана, Қуаныш, Дәулеттерді білем. Осы үшеуінің ішінде Қуанышы ерекше. Техникум бітіріп, Көбетей ауылында ветстанцияны басқарды. Өзі домбыра тартып, ән айтатын. Ауылда көркемөнерпаздар үйірмесін басқарып, жан-жақтағы ауылдарға барып, концерт қойып жүретін. Өзі көрікті жігіт, уақытында «Путь Ленина» совхозынан Баян деген қызға үйленіп, содан көрген балалары өсіп, жетілді. Бәрі жоғарғы білімді, ел қатарлы жүріп жатыр. Дәулеті біздің Рахатпен құрдас. Пединститутты физика мамандығы бойынша бітірген. Жары Галя екеуі балаларын асырап-жеткізді, бәрі де жоғары білімді. Дәулет уақытында мектептегі физика кабинетін республика бойынша үлгілі сыныптар қатарына қосып, балалардың осы пән бойынша үлгерімін күрт өсірді. Оқытқан шәкірттері үлкен дәрежеге жетті. Сонымен аты шығып, Мәскеуде өткен Одақ шеңберіндегі физика мұғалімдерінің съезіне қатысқан адам. Бүгінде ол зейнет демалысында.
* * *
... Осы кітапты жазып жатқанымда, Астана қаласында ұстазым Махмет Темірұлы 92 жасында қайтыс болды. Бұл кісі маған неміс тілінен сабақ берген адам еді. Зайыбы Мараш екеуі он бала тәрбиелеп-жеткізді. Махаң – көпшілікке танымал ақын, бірнеше кітаптың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ол біздің ауылға алғаш келген 1958 жылдары неміс тілін тек немістер оқытатын. Оған сенбей, немістер сабағына қайта-қайта кіріп тексергені бар. Әке-шешесімен тұрады. Таңертең мал жайғап жүрсе, еңгезердей екі неміс келеді. Олар салған беттен: «Тормоздың» немісшесі қалай?», — деп сұрапты. Мына немістер мені таңғы жетіден тексеріп жатыр-ау, қателесіп кетпесем екен деген оймен, «Мен білсем, «тормоздың» немісшесі «bremse», – деп жауап береді. Сөйтсе, бұл сөздің аудармасын екі неміс өздері де білмейді екен. «Сенбесеңдер, жүріңдер», – деп үйіне кіргізіп, неміс-орыс сөздігін алып қараса, дәл солай болып шығады. Содан былай, Көбетейдегі неміс атаулы Махаңа сенбеуін доғарады. Осы оқиғадан кейін жұрт Махаңды неміс атап кетіпті. Бұл кісі «Еңлік-Кебек» хиссасын жатқа айтатын. Тарихи әңгімелерді де көп білетін. Ақын Бүркіт Ысқақовпен дос болған, екеуі де елуінші жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, бірі Степлагта, бірі Степнякта отырған. ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясының) мүшесі болды. Институттан шығып қала жаздап, Білім министрлігіне барған. Министрдің орынбасары болған бір орыстың көмегімен оқуын жалғап, бітірді. Кейін біздің мектепте сабақ берді. Өмірі кісіге сен деп сөйлеуді білмейтін. Әрдайым жымиып жүреді, ешуақытта қатты сөз айтып көрген емес. «Жарайды» деп қана қайыратын биязылығынан танған емес. Құдайға шүкір, балаларын өсіріп жеткізді. Барлығы жоғары білімді, отбасылы адамдар. Қарағанды, Ақмола өңірінде тұрады... Енді сол Махаңның өмірден озғанын естіп отырмыз. Ол кісі мен жайында екі поэма жазып, газет беттерінде бірнеше мақала жариялады. Әлі есімде, әскерде жүріп, Новосібір институтында сырттай оқыған уақытымда, неміс тілінен әдістемелік нұсқау келді. Әскердегі менің қолымда сөздік, кітап ештеңе жоқ. Хат жазып. тапсырманы Омбыдан Көбетейдегі Махаңа салдым.
Өмір сынақтарының сыры
Ол кісі бақылау жұмысын орындап, бірден өзіме қайтарды. Соның арқасында Новосібірден жоғары баға алып қайттым. Махаң әрқашан қызық-тойымыздың басы-қасында болды. Мәуеш апам мен Қалкеш жездем, Махаң мен Мараш дос болды, бірге жүрді. Махаңның жасы Қалкештен үлкен болғанымен, Мараш кіші болғаннан кейін, Махаңды күйеу бала деп қалжыңдайтын. Мараш – Тіленнің қызы болса, Қалкеш оның ағасы емес пе? Махаң бақилық болды, енді бала-шағасы, барша ұрпақтары аман болсын деймін...
* * *
Мектеп қабырғасында Тыныс Әбдірахманова деген қызбен оқыдым. Руы Қыпшақ болатын. Біз мектеп бітіргенде, құрбы-құрдастарының алды еді. Аттестатында бір-ақ төрт, қалғаны бес-тін. Талапты еді. Институтқа түсетіннің бірі осы Тыныс дейтінбіз. Алайда, оны Ақмолаға оқуға тапсырмаққа бара жатқанда, Болат есімді жігіт кезігіп, алып қашып кетті. Тыныстың біліміне ақылы, адамгершілігі сай болатын-ды. Оқу үлгерімі туралы айтқанда, біздің сыныпта бірінші Тыныс, кейін мен тұрушы едім. Тұрмысқа ерте шықты, бала сүйді, немере көрді, өмірден де ерте озды... Тыныс екеумізден кейінгі кезекте Жеңіс Бегімбаев болатын. Бір партада отырдық, көршіміз. Аса алғыр, ерекше қабілетгі. Ұл бала болған соң, кейде оқиды, кейде оқымайды. Астрономиядан сабақты Бәуеш Досжанұлы Рахматуллин марқұм беретін. Жеңісті тұрғызып қойып сабақ сұрайды. Мен қасында отырам. Жеңіс екі партадан кейінгі партада кітапты ашқызып қояды. Соны көзі көріп тұратынын айтсаңшы! Сол қалпы оқымайды, алғаш кәріп тұрғанын өз сөзімен жеткізе мазмұндап, баға алады. Ал Бәуеш мұғаліміміз сабақ айтқанға сыбырлап қалсаң, не кітапты ашып берсең, үн-түнсіз «бір» қоя салатын адам. Дыбысымызды шығармай оқитынбыз. Жеңіс спортпен шұғылданды. Құрылыс техникумын бітіріп, бірнеше облыстың бірнеше совхозында құрылыс жұмыстарын басқарды. Осы күнде Астананың тұрғыны. Балалары жеткен. Бірінші әйелі Рая қайтыс болып кетті. Жеңіс екеуміз бірге өстік, бір-бірімізге сырымыз белгілі, әртүрлі жағдайда кезігіп жатамыз. Үлкен азамат.
Сәлима Әліповамен бірінші сыныптан оныншыға дейін бірге оқығанбыз. Әкесі – Әліп, шешесі – Үндемес. Ғабиден деген ағасы болды. Сәлима өмірінің соңғы уақытында ауырды. Сол кезде өзін жерлеуді маған аманаттаған еді. Жолдастары жиналып, Көбетей ауылына қойдық. Ауылда бір, Киевкада бір ас берілді... Сәлима Қарағандыдағы үйін мектебіміздің директоры болған Мәжит Қалиұлының қызы, қиналғанда қасынан табылған Зураға өсиеттеп кетті. Зура университетте шет тілінен сабақ беретін. Мәжит Қалиұлы бізге де, Сәлимаға да аға болады. Осы орайда, айтқым келетіні – Зураның биік адамгершілігі, дүниеге қызықпаушылығы туралы. Марқұмның дүние-мүлкін, үйін сатып, керегіне жаратуына болса да, олай етпеді. Сәлима қайтқаннан кейін, үйді марқұмның жиенінің атына жаздырып берді.
Мектеп қабырғасында бірге оқыған сыныптастармен қоян-қолтық жүрмесек те, тілегіміз бір. Гүлден Әнесқызы қазір Қарағандыда тұрады. Бір-бірімізді дәмге шақырып, хабар алысамыз. Гүлденнің азаматтығы бар, адал, немере, шөбере өсіріп отыр. Шекен Садықов деген болды. Бізден жасы бірталай үлкен. Сабақты жаман
Жарылқасын Бикенов
26
оқыған жоқ. Қыз-қырқынға қырындағыш еді. Қазір Шахтинскіде, бала-шағасының қасында жүріп жатқан жайы бар. «Шахтер» совхозынан Аманай есімді қыз келіп оқыды. Әкесі Өмірбек ақсақалды, ағаларын көргенбіз. Бұл күндері Аманай да Астанада көрінеді. Бірге оқығандардан біразы өмірден озды. Көбетейден он бес шақырымдай жердегі Жамбыл колхозынан Көшмұхамбет Ыбыраев деген азамат болды. Ауыл шаруашылығы институтын бітірген еді. Зоотехник болып қызмет істеп жүріп, қайтыс болды. Одан да жас кеткендері бар – Дәметкен, Бораш Мақбозов, жатқан жерлері жайлы болсын. Бірге оқығандар бірталай едік. Көбісі 1936-40 жылдар аралығында туғандар.
* * *
Техникумның тауар ісі факультетін менімен бірге бітірген Ибрагим Байжановтың жездесі әскери комиссар еді, сол кісілермен араласып бірге жүрдік. Күндердің бір күнінде Ибрагимнің жездесімен ақылдасып, оқу, қызметпен әскерден осы күнге дейін қалдырылып келем, енді бармай-ақ қойсам қайтеді десем, ол кісі: «Жоқ, шырағым, ендігі жыл соңғы жылың, әскерге қалайда барып кел», – деді. Үймен хабарласып, жағдайды айтып ем, «Барсаң, барып қайт», – деді әкем де.
1964 жылы қазан айында Балқашиндегі қызмет орныммен есеп айырыстым да, елге келдім. Таяуда әскерге кетуім керек. Ибрагимнің жездесі: «Сен басқасын қойып, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскеріне жазыл», — деп кеңес беріп еді. Сол кісінің айтқанын істеп, Омбыдағы әуе шабуылына және зымыранға қарсы қорғаныс полкіне түстім. Әскерге аттанған қараша айында әкем, Рафқат апамыз және Омар деген ағамыздың әйелі Күлбағила жеңгеміз үшеуі Ақмолаға дейін шығарып салды. Байқауымша, әкем қобалжып, әскерге барғанымды хош көрмегендей. Ақмолада нағашыларымыз Байноқат ақсақал мен Бибіжар анамыздың үйіне түстік. Қыздары болды: Қайыржан деген қызы, үлкен ұлы Қапыш, Орынтай деген жездеміз, Сәлима – кейін алған әйелі, Серік деген ұлы үйленіп жатқан кезінде жол апатынан қайтыс болып кетті.
Үш күн комиссиядан өткен соң әкем: «Әскери комиссариатқа барайық, сені әскерден алып қалам», – деді. Бардық. Әкем соғысқа қатысқан, бөлімше командирі болған адам. Полковник шеніндегі комиссарға жағдайын айтты: «Бірінші топтағы мүгедекпін, мынау арқасүйер балам». «Жоқ, болмайды», – деді комиссар шорт кесіп. Әкей де бұйымтайын қайталаған жоқ, «құп!» деп бұрылды да, шығып жүре берді. Комиссиядан өтіп, әскерге кететін болдым.
Балқашин, Атбасар аудандарынан, басқа да өңірлерден әскерге шақырылғандар эшелонның жөнелтілуін үш күн тосып жаттық. Әкейлер қайтпақшы болды. Автостанцияға шығарып салдым. Қош дескен соң әкем орындыққа жайғаса беріп еді, басы айналып кетті. Есін жиған соң: «Балам, жолың оң болсын, алға», – деді.
Әкем, Рафқат, Күлбағила апаларым мені әскерге шығарып салып, қайтып кеткен күн 12 қараша болатын. Қазір әскерге шақырылғандарды бөліп-бөліп, ұшақпен, басқамен әкетіп жатады. Ол кезде Ақмола облысынан жиды да, бір пойызға пәленбай вагон етіп салды да жіберді. Жалғыздық дегенді сол пойызға отырғанда тұңгыш рет сезіндім. Оған дейінгі бір жайт, ЦЭРЕМ-нің клубына күніне екі рет келіп кетем, түске жақындағанда бір. кешке қарай екінші қайтара. Қай уақытта жүретінімізді
Өмір сынақтарының сыры
біліп тұру керек, телефон жоқ. Бір күні клубқа келсем, бәрі түскі ас ішуге кетіп қалыпты. Ешкім жоқ, еденде матрастар жатыр. Дәлізде орындықтар бірінің үстіне бірі үйіліп қойылған, ортасынан екі кісі қатар өте алмайды. Алдымнан әскерге бара жатқан жігіттердің бірі шығып: «Тоқта, – деді, – қалтаңдағы ақшаңды, қолыңдағы сағатыңды тастап кет». Ар жағында тағы біреуі тұр. Сәл кідіріп ойланып қалдым да, шешетін сияқты қолымды сағатқа апара жатып, маңдайынан ұрдым. Жалп ете қалды. Жүгіре басып, есіктен шығып кеттім. Қуып келе жатыр еді, алдымызда Балқашин ауданының орыс, қазағы бар жастарын бір капитан саппен алып келе жатыр екен. Саптағылар жаңағы екеуін қолдарын қайырып ұстап алып, ұрып жықты. Бұлар Атбасардың жігіттері екен. Сол сәтте мына жағынан атбасарлықтар келе қалып, опыр-топыр төбелес болып кетті. Ертеңінде Балқашин ауданынан келген қырық- елу баланың төрт-бесеуін әскерден алып қалыпты. Айта кетерлігі, біздің ауданның жігіттері спортқа мықты болатын-ды. Орыс-қазағы шетінен спорттың шаңғы, футбол, ауыр атлетика сияқты түрлерін серік еткендер.
...Омбыға келдік. Арнайы машина тұр екен, кендірмен жабылған. Міндік те тарттық. Кеш болып қалған, бес-алтының кезі. Бөлімшеге жетіп, сапқа тұрдық. Сібірде қыс болмағанмен, салқын. Басымда елтіріден тігілген бөрік, қолымда саусақ қолғап. Жігіттердің ішіндегі тәуір киім кигені мен. Сапта келе жатып, асханаға кіре бергенде, басымдағы бөрікті біреу қағып алды да кетті. Пойыздың ішінде келе жатқанда да, қолғабым мен сағатымды, ақшамды алам деп жабысқандар болған. Ешқайсысына бермегем. Тамақ іштік. Моншаға түсірді, киімімізді тапсырдық. Гимнастеркасын, ішкиімін, етігін, шинелін киіп, солдат болып шыға келдік.
Әскерде жүріп жатырмын. Карантин дейді – кіші сарбаз мектебінде он бес күн оқыдық. Жатып-тұруды, сапқа тұруды тәптіштеп, КСРО Қарулы Күштерінің жарғысын жаттадық. Сөйтіп, карантиннен өттік, ант қабылдадық. Әскери бөлім қала шетіндегі Чкалов елді мекенінде орналасқан, аэродром да қала сыртында. Онда МИГ-17, МИГ-19, СУ-7, СУ-9 ұшақтары бар екен. Гарнизон құрамында бірнеше бөлім бар – біздің жойғыш полк, күзет ротасы, өзге де толып жатқан автокөлік, тасымалдау, құрылыс бөлімдері.
Бірде мені Новосібірден оқуға шақыртты. Полк командирінің орынбасары, саяси бөлімнің басшысы подполковник Шутов Василий Кузьмич аса қадірлі жан еді. Жоғары пилотаждың I дәрежелі ұшқышы, Мәскеуде Ленин атындағы жоғары саяси академияны бітірген. Сол кісіге жағдайымды айттым. «Оны мұнда ешкім шешпейді, дивизияға жаз», – деді. Жаздым, ол жақтан «Рұқсат жоқ» деген хабар келді. Командармға жаздым. Округке жаз деді, оған да жаздым. Василий Кузьмичтің рұқсатымен, сол кездегі Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының маршалы Родион Михайлович Малиновскийге дейін жаздым. Күндер өтіп жатты. Үстімізде арнайы киім – аяғымызда пима, үстімізде жылы күрте. Қыс. Аэродромда жүрміз. Сібірдің аязы 35, 40, кейде 50 градусқа дейін барады. Бірде біреу: «Қатардағы Бикенов қайда?!» – деп айқайлап жатыр. Бөлім инженері екен. «Полк командирі шақырып жатыр», – деді. Арнайы көлік жіберіпті. Машинаға отырып, казармаға бардым. Қолма -қол жуынып-шайынып, гимнастеркамды кидім де штабқа жетіп бардым. Сақшыдан өтіп, үлкен кабинетке ендім. Командир орнынан тұрды да: «Қатардағы Бикенов, КСРО Қарулы Күштерінің жарғысын білесің бе?», – деді. Бірден жауап беруім керек, не білем, не білмеймін деуім қажет. Білмеймін деп айтуға он бес күн оқытты, жаттатты.
Жарылқасын Бикенов
Білем деуге, сұрап қалып, білмей қалсам, не айтам? Білмеймін десем, тіпті жаман. Бірден: «Білем!», – деп сарт еткіздім. КСРО Қарулы Күштерінің жарғысы қолында тұр екен. «Жоқ, қатардағы Бикенов, Кеңес Одагының маршалы, Қорғаныс министрі Родион Михайлович Малиновский хат жолдады. Қатардағы Бикеновке КСРО Қарулы Күштері жарғысының осындай бабын түсіндіру туралы», – деді. Бапты оқып берді: «Әскери міндетін атқарып жатқан кісіге ешқандай оқу, басқа шаруашылықпен шұғылдануға болмайды, себебі ол Отан алдындағы міндетін атқарып жатыр». «Түсіндіңіз бе?», – деді. «Тап солай. Кетуге рұқсат па?». «Рұқсат». Қолды шекеге апарып, кері бұрылды да шығып жүре берді Жарылқасын.
Казармаға келсем, балалар сұрап жатыр. Сырттай оқитындар күтіп жүрген, біз де жазайық деп. Айқайлап келе жатыр, ішінде қазақтың он шақты баласы бар, Алматыдан, Талдықорғаннан, біз – Ақмоладан. Мені бәрі «Женя» дейтін.
Кеш. «Қызыл бұрышқа» келдік. Мұнда газет, кітап оқимыз немесе хат жазамыз. Шеткі үстелге барып жайғастым. Қолыма газет алғанмен, оқығым келмейді. Хат бірдеңе жазып та қиратып отырғаным жоқ. Ойланып, не істерімді білмей отырмын. Бір уақытта кезекші сақшы: «Полк, тік тұр!», – деп бұйрық берді де, саяси бөлімнің басшысы Шутов кірді. Өр солдаттың қасына барып, оқып отырған кітабы, газеті немесе жазып отырған хаты туралы бірер ауыз сөз алмасып, ақырын аяндап келе жатыр. Басымды көтермей, көзімнің қиығымен қарап, газет оқыған болып отырмын. Қасыма жетті-ау бір кезде. Орнымнан атып тұрдым. «Не істеп отырсың? Көңіл күйің жоқ қой», – деді. «Жоқ, барлығы дұрыс», – дедім. «Уайымдама, барлығы дұрыс болады», – деді. Кеңес Одағының маршалынан анадай хат алғаннан кейін, басқасы не істей алады деп ойладым ғой өзімше. Шутов бір кезде тұрып: «Новосібірдегі облыстық әскери комиссариатқа барып, іссапар куәлігіне белгі соқтыра аласың ба?», – деді. Новосібірге барып көрмеген адаммын. Бәрі тек хатпен, сырттай емтихан тапсырам. Қазіргі жағдайым болса мынау. Бірақ, сол сәтте өжеттік бітті ме, «Соқтырам», – дедім. «Ендеше, абыржыма, ертең барасың». Ішімнен «Мұнысы қалай?» дедім де қойдым. Тағы бір жазған хатыма бірнеше институттан рұқсат келіпті. Омбының ауыл шаруашылығы институтында статистиканы, педагогикалық институтында пәлсафаны, милиция мектебінде саяси экономияны, неміс тілінен емтихан тапсыруға рұқсат беріп, басқаларын Новосібірде тапсырасың деген екен.
Таңертең сапта тұрмыз. Василий Иванович Синюкаев – полк командирі, соғыс ардагері, Ұлы Жеңістің құрметіне Мәскеуде өткізілген бірінші авиациялық шеруге қатысқан, еңбек сіңірген ұшқыш. Өзінің түрі, жүріс-тұрысы, киім киісі адамды тамсантпай қоймаушы еді. Адамгершілігі зор, көп сөзі жоқ, қысқа-нұсқа сөйлейді. Мәдениетті адам еді. Солдаттар техникалық киімдерін киіп алған, машинамен аэродромға жүруіміз керек. «Бикенов, қалыңыз, – деді командир. – Шутовқа барыңыз». Барсам, Шутов: «Штабқа бар, іссапар шығысын аласың. «Новосібірден қосалқы бөлшек алуға жіберілді», – деп жазып береміз. Новосібірдегі бөлімге баруың міндет емес, негізгі міндетің — әскери комиссариатқа барып, іссапар құжатыңа белгі соқтырып алу. Оқуыңды оқисың, отыз күнің міне. Жолкірең, пойызға билетің, құрғақ азығың мынау». Жүгіріп штабқа бардым, барлық құжаттарым дайын екен. Теміржолға барып, қосымша ақы төледім де, ұшаққа билет алдым.
Азғантай уақытта Новосібірге жеттім. Қалтамда ақшам бар. Іссапар қаржысынан бөлек, үйден келген қаражатым бар. Такси ұстап, бірден әскери комиссариатқа бардым.
Өмір сынақтарының сыры
Кезекші подполковник отыр екен. Жайымды айтып: «Кеткен уақытымды белгілемесеңіз бола ма, Новосібірді білмеймін, ертең уақытынан кешігіп қалып жүрсем. Кейін өзім қоя саламын», – деп өтінім ем, адамгершілігі бар екен, келісті. Қайтадан таксиге отырып, Новосібірдің Кеңес кооператив саудасы институтына бардым. Сабақ кестесін алдым. Енді, жатақханаға орналасайын десем, орын жоқ. Есесіне, жалға берілетін пәтер туралы мәлімет ілініп тұрады екен. Бір орыс әйел кезігіп, соның үйіне орналастым да, емтихан тапсыруды бастап жібердім. Емтихан тапсыру кестесі бір айға жоспарланғанмен, мерзімінен бұрын тапсыруға рұқсат алғам. Техникумда алған білім бар, кітапты ашып қарап алам. Жеделдетіп, бірінен соң бірін тапсырып тастадым. Енді қалғаны «Бухгалтерлік есепті механикаландыру» деген сабақтан тапсыру керек. Барсам, кабинет толы машина екен. «Фактура», «Аскота» машиналары, тағы басқалары, әйтеуір толып жатыр. Оның бәрінің сипатын оқып біліп, жұмыс істеп үйренуге тиіссің. Емтихан алатын кісі жайлы сұрасам, Неешсало деген әйел екен, «Целинный край» Тұтынушылар одағында істеген болып шықты. Жерлес деп, жаңағы кісімен танысып, «Целинный крайдың» көп адамын білем, анасын-мынасын айтып жатырмыз. Ақыр соңында: «Мен сізге емтихан тапсыруға келдім. Маған бір үш қойып берсеңіз жетеді, ризамын», – дедім. «Жүр», – деді. Үш қойып берер деп ойлап тұрмын. Жаңағы лабораторияға алып келді. Меңгеруші әйелге маған күллі машинаны үйретуді тапсырды. Басқа да емтихандарым бар-тын. Бірақ, күніне үш сағаттан үш күн отырып, барлық машинада жұмыс істеуді үйреніп, сипаттамасын біліп шықтым. Емтиханға күндізгі бөлімде оқитындармен кірдім. Басқалар дайындалып отыр. Билетімді алдым да: «Жауап берем», – деймін. «Дайындалып ал». «Жоқ, дайынмын». Сұрақтарына жауап бердім. Ана машинаға, мына машинаға апарды. Емтихан парағы мен сынақ кітапшамды алып, баға қояйын деп жатыр. Техникумда оқығаным ба, ана отырған балалардан үлкендігім бе, әскери өмірдің әсері ме: «Қанша қояйын деп жатырсыз?» – деп сұрадым. «Төрт». «Кешіріңіз, – дедім. – Мен төртке келіспеймін. Мен анаугүні үшке келіскем. Бірақ, бүгін сізбен келісе алмаймын. Мен дайындалмай-ақ бірден жауап бердім. Әне, балалар әлі отыр. Қай машинага апарсаңыз, соны айтып берем. Сұрағыңыз болса, қойыңыз, бірақ төрт керек емес». Бетіме бір қарады да, бесін қойып берді. Шығып кеттім. Отыз күнгі емтиханды он күнде тапсырып, «Келесі курсқа өтті» деген жазуы мен мөрді бастырдым да, Новосібірден Ақмолаға ұшып келдім. Ауылдың бәрі аң-таң. Үйде жиырма күн болдым. Үйдегілер сұрайды, маған айтуға болмайды. Үш жыл әскери борышымды өтегенде, үш рет Новосібірде емтихандарымды он күнде тапсырып тастап, жиырма күннен үйде демалып жүрдім. Одан бөлек, солдатқа тиесілі он күн демалысымды алдым. Сөйтіп, әскерде жүрген үш жылда 60-70 күн демалған адам едім. Сол уақытга Новосібір институты оқытушыларының мықты тәрбиесін, жоғары білімін көріп, бойыма сіңірдім. Омбыда жүргенде, ауыл шаруашылығы институтында статистикадан, пединститутында пәлсафадан емтихан тапсырдым. Бірде пединститутқа әскери киіммен бардым. Пәлсафадан емтихан тапсыруға кіріп, билет алсам, сұрақ тарихи материализм мен диалектикалық материализм туралы екен. Біреуіне жауапты білем, екіншісін білмеймін. Логикалық түсінігім бар, бірақ дайындалып үлгермегем. Білген сұрағымды келістіріп айтып жатырмын. Мұғалім бөліп жіберді де: «Екіншісіне өт», – деді. Дәлме-дәл кітаптан оқығаным жоқ, білгенімше айтып отырмын. «Мынаны білмей тұрсың ғой», – деді. «Білетінімді тыңдамай, білмейтінімді сұрадыңыз-ау», –
Достарыңызбен бөлісу: |