Сынақтарының сыры». Қарағанды: «Tengri Ltd»



бет4/37
Дата08.07.2018
өлшемі11,09 Mb.
#48541
түріСынақтар
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37
Жарылқасын Бикенов









деймін мен. «Жарайды онда, төрт қоюға артықшылық болар, үш қойып берсем, риза боласың ба?», – деді. Адамгершілігі ғой. Пәлсафаны техникумда оқымаған едік. Омбыда жүріп, қалған пәндер – саяси экономия, статистикадан қиындық көрмедім. Енді, неміс тілін тапсыру керек. Демалыс алдым. Кірсем, алдындағылардай емес, мұнда сырттай бөлімде оқитындармен тапсырады екенмін. Бірінші болып кірдім. Немісше газет берді, бір бетін аудару керек. «Дайын емеспін, келесіде келейін», – дедім. Есік алдында тұрған студенттер алдымен: «О, солдат!», – деп құттықтауға ұмтылып еді, тапсыра алмағанымды білген соң, бірі газетін, бірі толық аудармасын беріп жатыр. Енді біреулері «Менің институтым», «Менің қалам», «Өмірбаяным» тақырыптарындағы орысша-немісше нұсқаларын беріп көмектесті.

Аэродромдағы жұмысымыз – ұшақты әуеге шығарып салу. Ол бір сағаттай ұшады. Сол аралықтарды пайдаланып, алған материалымды сөйлем-сөйлемімен жаттап алдым.

Тағы да бардым. Басынан сұрайды, ортасынан, аяғынан. Аудармасын тақылдап айтып берем. Газеттің ортасынан бір сөзді алды да, мына сөздің аудармасын айтшы деді. Білмеймін. «Неге білмейсің? Сөйлемді аударшы». Аударып берем. «Бұл қалай?». «Мына мәтінді толық білем. Бірақ, көп сөздің аудармасын білмеймін». Үш қояйын деп еді, мен тұрып: «Болмайды. Төртке де келіспеймін», – дедім. «Не деген дөрекі солдат едің?» – дейді. «Өткенде үш қойсаңыз ештеңе демес едім. Енді осынша еңбектеніп келгенде қалай келісемін. Қабілетімді көріп тұрсыз. Түптің түбінде, неміс тілін шын мағынасында оқығым келетін болса, біліп те кетем», – деймін мен. «Жарайды, бестік бәрібір артық болады, төртке келіс», – деп, төрт қойып берді. Неміс тілін сөйтіп тапсырғаным бар...

Алтайға, Свердлов облысындағы Ирбит қаласына, Кіші авиациялық мамандар мектебіне оқуға жіберді. Алты ай оқып бітірсек, ұшақ механигі атанамыз. Оқу озаты болдым. Армавир қаласындағы әскери ұшқыштар училищесінде Ю. Гагаринмен бірге оқыған офицерлерден дәріс алдық. Темірдей тәртіпке үйренумен қатар, телегей-теңіз білімге қарық болдық.

Ирбит – ерекше қала. Қала тұрғындарының 85 пайызы әйелдер екен. Ер-азаматтар қалған 15 пайызын ғана құрайды. Біз оқыған мектепте жарақ сайлаушы механик, бекітілген жабдық механигі, аспаппен жабдықтау механигі, ұшақ қозғалтқышы механигі мамандықтарына оқытады. Мен соның ішінде ұшақ қозғалтқышы механигіне оқыдым. Оқу бітіріп шыққан солдатты қала халқы патшадай күтеді екен. Кейбіреулер сонда қалып, кейбірі үйленіп кететін көрінеді. Экскурсияға апарды. Үш дөңгелекті «Урал», «Ирбит» мотоциклдерін шығаратын зауытта, уақытқа шаққанда, бес минут сайын бір мотоцикл құрастырылады. Конвейермен жүріп жатады, бірі анасын, бірі мынасын бұрайды, бір тоқтау жоқ. Шетелге дейін шығарылатын мотоциклдер жалт-жұлт етеді. Сол кездері Кеңес Одағы бойынша тек бір ғана жерде жасалатын тағы бір тауарлардың нүктесі осы Ирбитте орналасқан болып шықты. Кезінде Екатерина II келіп демалған жер бұл. Әйелдердің сонша көп орнығуының бір себебі де сол көрінеді. Орыс пен татар көп. Қалада татардың сабантойы, өзге де мереке-мейрамдары болып жатады.

Полкқа қайтып келген соң, бөлімше командирі ретінде, Ирбитке алты ай сайын барып тұратынбыз. Қасымда капитан мен екі сержант жүреді. Солдаттарды алып барып, алып қайтамыз. Спортпен шұғылдандым, үлгілі әскери атандым. Әскер қатарында жүргенде де комсомол ұйымдастырушысы болдым.



Өмір сынақтарының сыры









Сол, соңғы 1967 жылы партияға өттім. Полк командирі болсын, саяси бөлім болсын, мені бетке ұстады. Алдымен үшінші дәрежелі, кейін екінші, бірінші дәрежелі механик, бөлімше командирі, старшина болып, дәрежеме байланысты ақша алып отырдым. Кейде үйден де ақша келіп тұрады. Ақшаны жұмсамаймын. Гарнизоннан шыға бергенде, әскери дүкен көрініп тұрады. Ай сайын ақшама сол дүкеннен бес келі үнді шайын алып, үйге жіберем. Әскерден кетерде, костюм-шалбар, көйлек, туфли сатып алғаным есімде.

Есте қалған бір жағдай, Алматыдан Жұмағали Нүсіпов деген солдат болды. Әскерде жүрген кезінде үйленемін деді. Әке-шешесі келіп, құда түсіп алып бермек. Қыздың әке-шешесі Омбыдан 25 шақырым жерде тұрады, өзі қаланың басында құрылыста жұмыс істейді, қалалық кеңестің депутаты екен. Надя дейміз, татарша есімін жастықпен сұрамаппыз да. Өзі Омбы қалалық кеңесінің депутаты. Тәрбиелі, жақсы қыз еді. Қыз алуға баратын ешкім жоқ. Жұмағали келіп, маған өтініш жасады. «Женя, сен командирсің ғой, менімен бірге құда түсуге жүр», – деді. Эскадрилья командиріне барып, бөлімдегі он солдатқа демалыс сұрадым. Өзіме – үш күн, басқаларына – той тойлайтын белгілі уақыт. Жұмағали екеуміз автобусқа отырып, совхоздың орталығына жеттік. Сөйтсек, қыздың үйі совхоздан ары алты шақырым жердегі бөлімшеде екен. Көлік жүрмейді. Жаяу тарттық. Аяғымызда етік, үстімізде гимнастерка. Құда түсуге бара жатырмыз. Жұмағалидан үш жас үлкенмін. Жөн-жоралғыны екеуміз де білмейміз. Ауылдың шеті көрінді-ау. Әке-шешесі жұмыста екен, не айтып, не қоярымызды білмей келе жатқан біз қуанып кеттік. Надя үйінде, шаңырақта одан басқа тоғыз бала бар көрінеді. Балалар жүгіріп кетті. Әкесі осы бөлімшеде тракторшы, шешесі сауыншы екен. Хабар жеткен татарлар келіп жатыр. Ешкі сойды. Бірден той жасалды. Ол уақытта аста-төк заман емес, қарапайым дастархан. Өлең айтылып, сырнай ойнап жатыр. Сөйтіп, ертеңіне алты шақырым жерді ат-арбамен жүріп, совхоздың орталығына, одан Омбыға, Надяның бір бөлмелі үйіне жеттік. Омбының қазақ жігіттерімен таныс екен, үстелді дайындап қойыпты. Ортамызда қыз атаулыдан Надя мен бір қазақ әйелі ғана бар. Сол аядай үйде сыйысып отырып, Жұмағалиды үйлендіріп кеттік. Әскерден оралғаннан кейін, 1968 жылы Новосібірге мемлекетгік емтихан тапсырмаққа екі рет барғам. Екі ретінде де жолай Омбыға соғып, Жұмағалимен кездесіп, тіпті ол істейтін құпия авиациялық зауытты да көріп қайтгым. Бірақ, кейін ол хабарсыз кетті.

Омбыда әскерде жүргенде, қаланың барлық мәдениет орындарында – опера. академиялық театрларында, циркінде, саябағында, «Нефтяник» шағын ауданында болдық. Омбы саябағының бір ерекшелігі – үлкен, тоғай деуге де болады. Жолдары асфальтталған, би алаңы, концерт қоятын, кино көрсететін жерлері бар. Бір жақ шетінде қазақ, татарлар жиналып, қазақтар домбырасын, татарлар сырнайын тартып, ән салады, ойын ойнайды.

1966 жылы Лондонда футболдан әлем чемпионаты өткен еді. КСРО кұрамында ойнаған әйгілі шабуылшылар Игорь Численко, Валерий Поркуяндар үшінші-төртінші орындарды иеленіп қайтқан кезі. Мәскеудің «Динамо» командасы мен атақты Тимур Сегізбаев бастаған, алаңның орта шенінен гол салатын шебер қорғаушы Вадим Степановтар қостаған «Қайрат» командасы екеуі бейтарап алаңда Омбыда кездесті. Бізге арнайы демалыс берілді. Тимур допты тепкен кезде айызың қанады-ау! Сол ойында «Тимур, Тимур! «Қайрат», «Қайрат»!», – деп айқайладық. Абырой болғанда, «Қайратымыз» жеңілмеді, тең түсті.



Жарылқасын Бикенов









Өмір сынақтарының сыры

Командаға айқайымызбен дем бергендей, өзіміз жеңіске жеткендей болып қайтып едік. 7 қараша, 1, 9 мамыр сынды мереке күндері жаңағы айтқан театрларға, басқа да көпшілік орындарға апарады. Енді бірде шина зауытына бардық. Қатты тексерді. Оны да араладық, бірақ бір құпия цехына кіргізбеді. Онда реактивті ұшақтарға шина жасайды. Сонымен қатар, Бараев атындағы ұшақ жасайтын зауытқа табан тіредік. Оған кіру үшін құжатымызды ұзақ тексерді. Кейбір жерлерде өзіміз концерт қойып, жергілікті жұмыскерлердің қызметі мен тұрмысын көзіміз көрді.

Новосібірдің де көрікгі жерлерін араладым. Сырттай бөлімде бірге оқығандардан үш-ақ қазақ болдық – мен, Теміртас Қалимуллин және Шакира Жексенбина. Сол уақыттағы Новосібір теміржол вокзалы заман талабына лайықтылығы жөнінен дүние жүзінде үшінші орында екен. Терминалға дейін бар. Ерекше салынған бұл вокзалдың мейрамханасынан да дәм таттық. Академиялық Тундра қалашығы Тайганың ішінде орналасқан. Мұнда біз бұрын-соңды кермеген жиырма-отыз қабатты биік үйлер бар. Шырша, қарағайына қарасаң, баскиімің жерге түседі. Орталық әмбебап дүкенінде эскалаторлар бар, оны да алғаш көрдік. Ең мықты ғалымдар Мәскеуде емес, Новосібірдегі сол бір академиялық қалашықта десетін сол кезде.

* * *

Әскерде бастан кешкен жағдайлардың қысқаша мазмұны осындай. Бәрін айта берсең, жеке бір кітапқа жүк болар еді. Көпке жаюға болмайтын құпия дүниелер де бар... Бір атап өтерлігі, авиацияда бірге қызмет істеген жігіттер шетінен спортшы еді. Әскери тәлім менің кейінгі өміріме үлкен сабақ болды. Үш жыл әскери өміріме ризашылығым зор.



1967 жылдың қазан айы. Әскерден қайтып келем. Ақмолаға жетіп, ауылға келе жатсам, өзін Ахмет ауылынанмын деп таныстырған қасымдағы кісі: «Кімсің?», – деп сұрады. «Бикеннің баласымын». Содан әлгі кісі жолдағы Ахмет ауылынан түспей, менімен бірге Көбетейге жетті. Үйім аялдамадан екі жүз метрдей жерде. Сөмкемді асынып, кетіп бара жатсам, «Тоқтай тұр, алдыма түспе!», – дейді жаңағы кісі. Сөйтті де, үйге менен бұрын жетіп, әкемнен сүйінші сұрап, бір қой алды.

* * *


Әскерден келген бетім, қараша айында Нұра аудандық Тұтынушылар одағына бардым. Төрағасы – Ахметжан Қамзаұлы Дәуітов, жұрт Ақтай Дәуітұлы деп атап кеткен. Бір елдің тумасы, үлкен азамат ағамыз. Ақылды, ойшыл адам еді. Бас бухгалтері – Иван Иванович Карстен. Владимир Иванович Самсонов – төрағаның сауда жөніндегі орынбасары. Бірінші Иван Иванович Карстенге бардым. Ол кісі құжаттарымды, техникумнан алған дипломымды көрді. Институт бітіруге бір жыл қалған. Сол сәттен бастап, ол мені «Женя» емес, «Жарылқасын Бикенович» деп атады. «Бос тұрған аға ревизордың орны бар, соған аламын, жоғары білім туралы дипломыңды алып келген соң бас бухгалтердің орынбасары боласың, ары қарай өзіңді көрсетерсің», – деді. Ақаң да бір сөзге келмеді. Аға ревизор ретінде жұмысты бастадым.









Сонда жүріп, Мәжит Мадинмен таныстым. Ол да ревизор болып істейді, жұмысымыз жүріп жатты. Қаңтар айында Новосібірден соңғы курстың емтихандарын тапсыруға шақыру келді. Ол уақытта жұмыстан жолақың төленеді, жалақың сақталады.

* * *

Сол 1967 жылдан 1968 жылға қараған, қараша-қаңтар айлары өміріме өзгеріс енгізді. Техникум бітірдім, әскерге барып келдім, институтты тәмамдаймын, енді не істеу керек? Үйлену қалды. Әке-шешем көргісі келер ендігі қызығым – отбасын құру. Ойланып жүрмін. Ауылда ананың қызы, мынаның қызы бар деп айтып жатты. Әнияшқа тоқтадым. Анасы Бақытты білетінмін. Әкесі өмірден ерте озған. Нағашы ата-әжесі Әбутүсіп, Рақия деген кісілермен әкей қатты араласып, соғымын сойысатын. Сонымен не керек, Әнияшқа бармаймын ба. Бір-екі рет киноға шақырып, сөйлестік. Маған тұрмысқа шық десем, Әнекең: «Мен жиырма беске дейін тұрмысқа шықпаймын. Жұмабала құрбым екеуміз солай серттескенбіз», – дейді. Бұл әңгімені әке-шешеміз біледі. Сол екі ортада Құстия апам да естіп қалып, «Жиырма бесі несі? Жарылқасынға шығуы керек», – деп, ақыры не керек, ол кісілер Әнияштың жиырма бес деген сертін бұздырды. Новосібірге барып келгеннен кейін құда түсіп, Ақмолаға барып, тойға шақыру қағазына суретке түстік.

Теміртас екеуміз емтихандарымыздан өте жақсы деген баға алып, курстастарымызбен «Советская Россия» мейрамханасында соңғы рет бас қосуға бардық. Тойлап жатырмыз. Сағат он бірдің кезінде ақшамыз бітіп қалсын. Үстіне үш сомнан қосып жинауымыз керек, ал ақша ешкімде жоқ. «Кімде бар, ертең диплом алуға келгенде береміз», – дейді ғой. Қалтамда 150 сом бар. Елу баламыз, сол 150 сомды қалтамнан алып бере қойдым. Ертеңіне 30-40 сом ғана жиналды. «Мекен-жайынды беріп кет», – дейді бәрі. «Үш сомды поштамен салып отырасыңдар ма?», – деймін күліп. Сәуір айында үйленуім керек. Қазір ойлап отырсам, жастық екен ғой, 150 сом деген ол уақытта көп ақша.

Новосібірде жүргенде, Киевкадағы Ақаңа күнара қоңырау шалам. Уақытқа қарамаймын, сөйтсем, мен телефон соққанда Нұрада түнгі екі-үштің кезі болады екен. «Ақа, мен оқуды бітіріп жатырмын, біздің үйде бір тиын ақша жоқ. Маған қаражат керек», – деймін. «Әй, Жарылқасын-ау, ол ақшаны қайтесің, ауылға қайт. Келгеннен кейін ақшаны табамыз», – дейді. Алыстағы бастығымнан ақша сұрап жүргенде, қалтадағы бар ақшам әлгіндей далаға кетті.

Қойшы, әйтеуір, аман-есен елге келдік. Тойға дайындық жүріп жатыр. Тұтынушылар одағының кассасында ақша жоқ. Соған қарамастан. Иван Иванович 800 сом ақшаны алты айға жазып берді. Бұл арада бір айта кетері, Қашаубек деген ақсақал болды. Совхоздан мал жинайды да, балалар үйіне, ауруханаға, балабақшаға, мектеп-интернаттарға арзан бағамен үлестіреді. Жұмысы сол. Қашекеңнен тойға деп өтініп, бір семіз сиырды әкеліп сойдық. Еті жылқының етінен дәмді шықты. Ақаңнан сұрап, бір жәшік армян коньягын, бір жәшік «Столичный» арағын, бір жәшік шампан алдым. Ол уақытта мұның бәрі өте қат. Есептесеңіз, ауданның тоқсандық қоры болып қалады. Мәуеш апам да бір жәшік арақ, бір жәшік шарап, бір қой, үстінен 100 сом алып келіпті. Басқалары да барын әкеліп, тойды дұрыстап өткіздік.

... Бүкіл ауданда бір ескі «Волга» бар еді. Ол бар болғыр сынып қалыпты. Шаплюк дегеннің «Москвичі» бар, Әнияш екеуміз соған отыратын болдық. Қабдолла марқұм үш дөңгелекті мотоциклімен, учаске милиционері болған ағамыз Өмірбай «ГАЗ-51» жүк көлігімен жүрді, бұл біздің той кортежіміз, баяғы.



Жарылқасын Бикенов









Құлжан Ахмесов, зайыбы Зүбайра – Әнияштың анасы Бақыттың нағашылары, Нұрғиса ағамыз, Қаят апамыз, Жолдыбек, Ерубай аталарымыз, олардың күйеу балалары Амантай Раушанымен, Раукен Сапарымен, тағы басқалары келген екен. Қыз ұзатуды өткізіп, «Москвичке» отырдық. Артымызда үш аяқты мотоцикл мен бір көлік, ауылды азан-қазан қыла, келінді үйге әкеліп түсірдік. Шашу шашып жатыр. «Сұмдық болды!», – дейді бір кезде. Абдырап-сабдырап жүріп, Қарағандыдан келген құдаларға тойға жүріңіздер деп айтуды ұмытып кетіпті. Кешірім сұрап, оларды да тойға алып келдік. 1961 жылы өзіміз салған әкеміздің үйінде, бір бөлмесінде елу адам үлкендер, екінші бөлмесінде жүз адам жастар отырмыз. Есік алдында баян тартылып, магнитофон ойнады. Би билеп, өлең айтып, тойымызды жасадық. Той үстінде Әнияш екеуміз отырмыз. Кезек-кезегімен тілектер айтылып жатыр. Раукенге соз берілгенде, Сапар сөйлеп тұр, Әнияшқа жезде ретінде. Көзінен жас тамады. Сөз Амантайға тиді. Амантай мен Раушан – Қаят апамыз бен Нұрғисаның күйеу баласы мен қызы. Амантай да жылап тұр. Енді бір уақытта басқа Амантай мен Раушан сөйледі. Амантай металлургия комбинатында істейді, Раушан – дәрігер. Бұл Амантай да жылады. Әнияшқа сыбырлап: «Әй, мыналар шетінен жылағаны несі?», – деймін. Сөйтсем, бұл кісілер Әнияшты соншалық жақсы көретін, ағасындай болып кеткен жезделері екен.

Көбетейде жүріп жаттық. Әкейдің Мұхамедия құдасы (Қабдолланың әкесі, Рафқат ағамыздың қайын атасы) мұсылманша некемізді қиды. Ауылдық кеңестен неке туралы куәлігімізді алдық. Ауданға барып-келіп жұмыс істеп жүрмін. Таңертең кетем, кешке келем. Іссапарға барам. Күздің кезінде пәтер алып, аудан орталығына көштік. Әке-шешеміз төсек-орын, ыдыс-аяғын беріп, бөлек отау етіп шығарды. Ертеңіне Әнияш екеуміз шаруашылық дүкеніне барып, бес-алты кесе, оншақты қасық, шанышқы, стаканымызды алдық. Солай үй болуды бастадық. Аудан орталығында Мадин Мәжиттен басқа ешкімді білмейміз. Мәжит – Телғозы шоңның ұрпағы. «Казгородокта» тұрады. Маруся деген әйелі бар. Ол уақытга анасының, Самар деген жездесінің көзі тірі. Киевкада Мұқатай Смағүлұлы ЬІсқақов деген ағасы болды. Ол кісі поселкелік кеңестің төрағасы болып қызмет істеді. Әйелі Жамал Алтайдың қызы болғаннан кейін, маған апа болып келеді. Мәжит сол үйде жататын. Мәжит арқылы Мұқатай, Жамалмен жақын араласып, өмірлік дос болып кеттік. Бірінші соғымға әкей семіз тайынша сойып берді. Шешей бөліп берейік деген екен, әкей тұтас береміз депті. Сол тайынша етінің тәттілігін Әнияш осы күнге дейін айтып отырады.

Раукен, Раушан, Рәшила деп келетін. Рәшиланы Бәя мен Бікі Бақыт пен Әнияшқа барып көмектесуі үшін тойдан екі-үш күн бұрын жіберген болатын. Аудан орталығынан керек заттарды алып, Амангелді (Аманкен) Есенов досыммен келе жатқан бетім еді. Аманкен Тұтынушылар одағында шопыр болып істейді. Қатыш деген анасы, Қатпа дейтін әжесі бар еді. Зайыбының аты – Рахима. Жолда Бақаңның үйіне аялдадық. Шай жасаулы тұр екен. Басымыз қосылған соң, Рәшиламен қалжыңдасып отырып, әртүрлі ішімдіктерден ішуін сұрадық. Ол тек армян коньягін ішемін деді. Өзінше ол коньяк табылмайды деп ойлаған. Өзіміз әкеле жатқан армян коньягін алып шыктық. Сол шишаны өзі ішіп, көмектескеннің орнына, үш күн демалды. Рәшила Еркінмен қосылды, балалы-шағалы болды. Қатынасып тұрамыз.

Той өтті. Келесі күні Тұтынушылар одағының төрағасы Ақаңды, Зейнеп апамызды, Карстен Иван Иванович пен Самсонов Владимир Ивановичті әйелдерімен, Тұтынушылар одағының басқа да адамдарын шақырып қонақ еттік.



Өмір сынақтарының сыры









Ішінде Әнзия Темірболатқызы мен Екатерина Михайловна да бар. Әнияш екеуміздің тойымызға куә болған сол кісілерден қазір Зейнеп апамыздың көзі тірі. Карстен өмірден озып кетті, әйелі Евгения бар. Олардың бәрі есте. Иван Ивановичпен өмірінің соңына дейін бірге болдық. Дивизия командирінің орынбасары болған кісі. Әскерге Солтүстік Қазақстанға алынып, кейін әскери қызметте болған. Тәрбиесі мықты, айтқан сөзінде тұратын адам. Дипломымды алғаннан кейін, уәдесінде тұрып, мені бас бухгалтердің орынбасары етіп қойған еді.

Айтпақшы, тойдың ертесіне қарасақ, шашудан бірталай ақша жиналыпты. Одақтан алған 800 сомды қайтарып әкеліп тұрсам, Ақаң айтады: «Әй, Жарылқасын-ай, Новосібірден түнгі үште қоңыраулатып, әурелеп ең. Сондағы ақшаң осы ма!?», – деп. Иван Иванович өмірінің соңына дейін біздің шаңырақпен бірге болды. Қызық-қуанышымыздың басы-қасынан табылды. Менің жолымда, өмір университетімде кілең осындай жақсы кісілер кездесіп, солардың арқасында бүгінгідей дәрежеге жетіп, осындай адам болдым.

* * *

Новосібірдегі институтта дипломды қолыма проректор Фольковичтің өзі тапсырды. Сонда ол кісі: «Бикенов жолдас, сені бухгалтер факультетінің аспирантурасына қалдырсақ деп отырмыз», — деді. Ол кезде Кеңес Одағының өзінде ғылым кандидаттары аз. Сонда мен: «Жоқ, мен аспирантураға қала алмаймын. Осы жасқа дейін техникумды бітірдім. Міне, институтты бітіріп отырмын. Әскерде де болдым. Әлі үйленгем жоқ. Әкем-шешем – зейнеткер, бауырларым жас», – дедім. Сол уақытта ол кісілердің сөзін тыңдап, аспирантурага түсіп кетсем, қазір кім болатынымды құдай біледі. Сол кісілердің сөзі мен көзінің дұрыстығы, ұлтына қарамай, біліміне, адамгершілігіне қарап, біз секілді жастарды көтермелегеніне мен осы күнге дейін ырзамын. Өмірден өтіп кеткен шығар, жатқан жері жайлы болсын.



* * *

... Күндер өте берді. Иван Иванович Солтүстік Қазақстанның Преснов ауданына бас бухгалтер болып кететін болды. Мені Қарағандыға ертіп апарып, облыстық Тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары Қадырсызов Камал Қожанұлына кірді. «Мынау — Жарылқасын Бикенов, менің орынбасарым. Мен кетіп бара жатырмын, міне арызым. Орныма осыны қойыңыз». Камал Қожанұлы мені білмейді. Карстенге ерегісіп: «Әй, Иван, сен не деп тұрсың? Біз сенен сұрадық па, кімді қоямыз деп. Жетіспегені сол еді. Алып келіп, мынаны қой дейсің. Болмайды оның. Басты қатырма, шығып тұр», — деді. Иван Иванович шыққасын маған: «Ашумен айтып жатқаны ғой, жүр», – деді. Төрағаның қаржы жөніндегі орынбасары Николай Васильевич Байчиков деген кісі еді. Ол іссапарда екен. Облыстық Тұтынушылар одағының бас бухгалтері Мұхтар Ілиясұлы Азамбаев ауруханада жатқан көрінеді. Иван Иванович екеуміз сәлем-сауқат алып, аруханаға бардық. «Мұхтар Ілиясұлы, мен отбасы жағдайымен көшіп барамын. Бас бухгалтерді алыстан іздемеңіз. Мына Жарылқасынның білімі бар, дипломы бар. Қолынан келеді.



Жарылқасын Бикенов









Осыны бас бухгалтер етіп қойыңыз. Осыдан түптің түбінде үлкен бас бухгалтер шығады, бұйыртса. Маған сеніңіз», – деді. Сол жерде танысып-білістік. Жөн-жобамды сұрап білді. «Жарайды, ендеше, бәрі дұрыс болады», – деп шығарып салды.

Киевкаға қайттық. Иван Иванович мені орнына бас бухгалтердің міндетін атқарушы етіп отырғызып кетті. Тұтынушылар одағының үш бөлмелі үйін маған берді. Сол екі ортада Ақаң облыстық басқармаға мен туралы ұсыныс беріп, аудандық Тұтынушылар одағы бас бухгалтер етіп бекітті. Сөйтіп, алғашқы қызметімізді бастап кеттік.

* * *

Жас кезіміз. Әртүрлі қызметкерлер істейді. Бас рабкооптың төрағасы Иосиф Иосифович Мозер деген болды. Бұл 1968 жыл болатын. Мен 1960 жылы «Шахтерде» істеген уақытта Иосиф Иосифович аудандық Тұтынушылар одағының бас бухгалтері еді. «Шахтердің» аға бухгалтерінен тапсырма алып барғанда, қарындаштарын ұштатып қоятын... Жұмыста ұрлық-қарлық, жетіспеушілік көп болып жатады. Тәртіп сұмдық. ОБХСС, Халық бақылауы, сауда инспекциясы, ревкомиссия дегендер бар. Солардың бәрі тексереді. Соның бәріне жүгіріп, білмегенімді үйреніп, білетіндерден сұрап алып, оқитынын оқып, нұсқаулықгарды жинап жүрем. Күні-түні солай болып жатты. Бір күні кабинетімде отыр ем, жаңағы Иосиф Иосифович қоңырау соқты. «Жарылқасын, мынадай-мынадай жағдай, осыны қалай шешу керек? Нұсқаулық бойынша қалай екен бұл?», – дейді. Шыны керек, тура сол уақытта мен оның сұрағына жауапты білмейтін едім. Тауып кеткенім сол, «Иосиф Иосифович, қазір қолым тимей жатыр, шаруамен кісілер келіп отыр еді. Мен сізге сәлден соң хабарласпи айтайын», — дедім. Кабинетімде ешкім жоқ. Нұсқаулықты тауып алдым да, егжей-тегжейлі оқып, бас рабкооп балансының жағдайын, цифрларын тиісті жерлерге телефон шалып, біліп алдым. Сөйттім де, қайта қоңыраулатып: «Иосиф Иосифович, бағанағы сұрағыңыз қалай еді? Кісілер болып, сізбен дұрыс сөйлесе алмадым, кешірім сұраймын», – деп қойдым. Сұрағын тыңдап алдым да: «Иосиф Иосифович, сіз маған ондай сұрақты қалай қоясыз? Кешегі аудандық Тұтынушылар одағының бас бухгалтері емессіз бе. Пәленбай жылғы тәжірибеңіз бар. Ал қазір бас рабкооптың төрағасысыз. Біліміңіз жетеді. Білмесеңіз, айтайын. Айтайын ба, жоқ, нұсқаулықты өзіңіз оқисыз ба?», – дедім. Ол кісі: «Айып етпе, Жарылқасын Бикенұлы. Мен қазір бухгалтерді шақырып алып мұны қараймын», – деді. Сөйтсем, сол уақытта жассынып, білім-білігімді тексеріп көргісі келген болуы керек.



* * *

Шаңырақ көтерген 1968 жылы Әнияш екеуміз бір демалыста Қарағандыға келдік. Бірінші барған үйіміз – Әнияштың нағашылары. Үй толған кісі, ет асылып жатыр. Бізді қарсы алып, төрге шығарды. Өздерінің балалары, Сапар мен Раукен сол үйде тұрады. Көшек те сонда, шахтада істейді. Амангелді совхозынан келіп жатқан Орақ пединститутта оқиды. Тұяқ политехта білім алып жүр. Біз келді деп, қазанға тағы да ет салды. Келіп-кетіп жатқан кісі. Біздің етіміз пісіп, оны жеп болдық дей бергенде,



Өмір сынақтарының сыры









тағы бір қонақтар келді. Сонда Бәя апамыз, марқұм, қолы ашық, тамағы дәмді еді. Үшінші қазан көтеріліп жатқанда, мен таңғалдым. Қаншама кісі келіп жатыр, соның бәрі төрде. Бікі ол кезде шахта директорының орынбасары, дүрілдеп тұрған кездері. Раукен де дәрігер болып қызмет істейді, Сапар шахтада. Балаларынан Света Астанада салық комитетінде, Ерлан (Алик), келіні Наташа, Қазақстанға белгілі кәсіпкер, қызы Мәдина – зоопарк директоры. Бұлардың балалары Чехияда, Канадада, АҚШ-та оқып келіп, елімізде қызмет жасап жатыр. Шахтердің айлығы көп, не ішем, не кием демейді. Жағдайлары өте жақсы. Кісілер келген үстіне келіп жатыр, Әнияшқа кетейік деймін. «Жоқ, бүгін біздің үйде қоныңдар. Кеншілер сарайы дәл алдымызда, барып кино көріңдер, қала аралаңдар», – дейді ана кісілер. Мен қоймадым. Кешірім сұрап, рахметімізді айттық та, Әнияш екеуміз шығып кетгік. «Қайда барамыз?» – дейді Әнияш. «Жәкіш пен Дәмеш апамыздың үйіне барамыз». Ол кісілер Ескі қала жақта тұратын. Әкеймен бала кезімде барғаным бар, соны ұмытпаппын. Барсақ, Жәкең мен Дәмеш апамыз үйінде екен. Балаларының бірі жоқ: Рафқат Көбетейде, Ырымжан мен Үмітжан тұрмыста, Кенжеш жол жүріп кетіпті. Жәкіш әкеміз біздің келгенімізге қуанып, шайын қойып жіберіп, әй-шайға қарамастан, бір ешкісін сойып жатыр. Әнияш табалдырығын бірінші рет аттаған соң, көрсетіп жатқан сый-құрметі ғой. Ондайды қалай ұмытасың? Сонда біз баламыз. 1968 жылы мен жиырма бесте, Әнияш жиырмада ғана. Екеумізді патшадай күтіп, жеке бөлмеге құс төсек салып берді.

* * *


...1968 жылы бас бухгалтер болып қызметке орналасқаннан кейін, Көбетейден аудан орталығына көштік қой. Иван Ивановичтің үш бөлмелі үйіне кірдік ге, Әнияштың анасы Бақытты қолымызға алдық. 1969 жылғы қаңтардың аяғы, жылдық есепті жасап, Қарағандыға келдім. Әнияш бала күтіміне байланысты демалыс алған болатын. Сәби күтіп жүрміз. 30 қаңтар күні төрағаның кадр жөніндегі орынбасары Хрипченко Иван Прокофьевич телефон шалды. Иван Прокофьевич шындықты, адалдықты, тәрбиелілікті ту еткен адам еді. Менен жиырма жастай үлкендігіне қарамастан. кейде сөзіме құлақ асуға арланып жатпайтын. Санасы биік, ойы терең осы бір жаннан көп үйрендім. Қызметге, саудада ненің не екеніне түсіндіріп, білгенін бүгіп қалмады. «Жарылқасын, әке болдың. Өмірге ұл келді», – деді ол тұтқадан сүйіншілеп. «Иван Прокофьевич, рас айтасыз ба, үйден бүгін ғана кеттім», – деймін таңырқап. Дәрігерлер мерзімі наурыздың басы деп еді. «Тұтынушылар одағының шопыры Аманкен Есенов досымның әйелі бүгін ұл туды, сонымен шатастырып тұрған жоқсыз ба?», – деймін. «Жоқ, неге шатасамын», – дейді ол. Ол уақытта үйде телефон жоқ, тікелей хабар ала алмайсың. Иван Прокофьевич болмаса, басқалар облыстық Тұтынушылар одағының телефонын да білмейді. Жылдамдатып үйге қайттым. Әнияш шынымен де перзентханада екен. Сөйтіп, 30 қаңтар күні әке атандым. Сәбидің атын әкем марқұм Әбілқасым деп қойды. Әбілқасым – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) тұңғышының есімі.

Өсіп-өніп жаттық. 1969 жылдың қысы, жазы өтті. Үйдің жанында жазда пай- даланатын ас үйіміз де бар. Үйдің төбесі шиферленген, бақшасы, қорасы салынған. Қызанақ, қияр, картоп егіп, суарып отырамыз. Қолда қой, сиыр, тауық пен қаз, үйрек ұстадық. Енем соларға қарап, жем-шөбін жинайды. Жаспыз, денсаулық бар. Таңертең тұрып, мал жайлаймыз.



Жарылқасын Бикенов









Одан кейін жұмысқа жүгіреміз. Түстің кезінде келіп, тағы да мал жайлаймыз.

Бұл – алғаш шаңырақ көтерген жылдар, қоғамға өз алдына бөлек отбасы ретінде еніп, қалыптасуымыз...

* * *

Сонау 1971 жылға дейін Нұрада жүргенде, Искаковтар әулетімен, Төлеутайұлы Рашид пен жары Күләшпен жақсы араластық. Анасы Балкен апамыз үлкен жүректі, бала-шағасына мол тәрбие берген, қазақтың әдет-ғұрпын әдемі ұстанған жан еді. Ол кісіні сыйлап, әрдайым төрімізден орын бердік. Ақсақалы Төлеутай ағамыз өмірден өтіп кеткен, мен ол кісіні көре алмадым. Дәулет деген баласы да ерте қайтыс болды. Ал Балкен апамен, әулеттің басқа балалары Сәуле, Дауыл, Роза, Жанналармен ара-қатынасымыз үзілген жоқ. Біздің Құтпан ағамыз бен Дәмежан апамыздың ұлы Төлеутайдан өрген немересі Жанна осы Рашидтің ұлы Жанатпен қол ұстасып, үйленеміз деген соң, өзара құда болып, соның басы-қасында болдық. Қазіргі күні олар әке-шешесіне бірнеше немере сүйгізіп отыр. Еліне қадірлі, қызмет істеп жатыр. Сол балалардың жетістіктерін көріп қуанамыз. Рашид Төлеутайұлы еліне белгілі азамат. Сот саласындағы қызметін Нұра ауданында бастады. Жеткен жетістіктері мен алған асуларына өзіміз куә болдық. Ақ-адал еңбегімен, маңдай терімен қызметі өсіп, республикалық деңгейдегі лауазым иесіне айналды. Көмек сұрап алдына барған ешкімді бөліп-жарған емес, адам баласынан қолынан келген көмегін аямайтын азамат. Соңынан ерген жастарға жол сілтеп, қазақ еліне қызмет етудің үлгісін көрсетіп жүрген адам. Рашидтің адамдығын, адалдығын көзіміз көрді. Бұл азаматқа қайда жүрсе де тілектес болып отырамыз.



* * *

Ерлі-зайыпты Ерсайын Зейнекешұлы мен Бақыт – біздің Рахаттың жан жолдастары. Өмірде қандай қиындығымыз, қандай жақсылығымыз болса, соның бәрінің басы-қасынан табылған Ерсайын күні бүгінге дейін бізді аға деп сыйлайды. Рахаттың тағы бір достары Топархан мен Айгүл Рақымбековтер еді. Топархан Нұрада парторг, инженер, қызметі өсе келе ауыл әкімі, аудандық Мәслихаттың хатшысы болды. Рахат дегенде шығарға жаны бөлек еді. Рахат қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай, жүрек талмасынан ол да бақилық болды...



* * *

Менің туыстарымның ішінде Итжан Байділдин деген кісі бар. Менімен аталас – Қалыбек. Зайыбы Рымтай екеуі Киевка кентінде тұрды. Кезінде әкем туысым деп іздеп барып, қона жатып жүретін. Сонда әкемді олар патшадай күтетін. Өле-өлгенше сыйласып өтті. Балалары Амангелді, Нұргелді, Жангелді, Хангелді, Есенгелді, Дәулеткелді, қызы Айгүл – бәрінің қызық-тойларының басы-қасында болдық. Ол кісі заманында Нұра совхозында еңбек етіп, кейін қайтадан аудан орталығындағы сақтандыру компаниясында зейнет демалысына шыққанша қызмет істеді.




Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет