Сүйек-бұлшықет жүйесінің аурулары Сүйек пен бұлшықет жүйесінің аурулары



бет1/13
Дата14.05.2024
өлшемі62,35 Kb.
#202200
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Байланысты:
14 апта


  • Сүйек-бұлшықет жүйесінің аурулары

Сүйек пен бұлшықет жүйесінің аурулары алуан түрлі. Оларды шартты түрде сүйек жүйесінің, буындар мен бұлшықеттердің аурулары деп жіктеуге болады.

Сүйек жүйесінің аурулары


Бұл топқа жататын аурулар дистрофия, қабыну, дисплазия немесе ісік үдерісіне негізделеді. Сүйектің дистрофиялық аурулары (остеодистрофиялар) токсикалық (Уров ауруы), алиментарлық (мыс., рахит — «Авитаминоздарды» қара), эндокриндік және нефрогендік («Бүйрек ауруларын» қара) топтарға жіктеледі. Олардың ішінде ең маңыздысы — паратиреоидтық остеодистрофия. Сүйек қабынса, көбіне оның кемігі іріңдейді (остеомиелит), сүйектік тінді туберкулез бен сифилис те жиі зақымдайды («Инфекциялық ауруларды» қара). Сүйектің дисплазиясы балаларда жиірек кездесіп, ересек адамдарда да ұшырасады. Сүйекте, әсіресе фиброзды дисплазия мен остеопетроз және Педжет ауруы жиі байқалады. Дисплазиялық аурулардың көбі сүйектің ісігіне ұласады («Ісіктерді» қара).

Паратиреоидтық остеодистрофия


Паратиреоидтық остеодистрофия (Реклингхаузен ауруы, генерализациялы остеодистрофия)— қалқанша маңы безінің қызметі артып (гиперфункция), бүкіл қаңқа зақымдалатын ауру. Көбіне 40-50-лар шамасындағы әйелдер, кейде балалар ауырады.
Этиологиясы. Паратиреоидтық остеодистрофия — біріншілік гиперпаратиреоз; қалқанша маңы безінде аденома (кейде карцинома) өскенде немесе бездің жасушалары көбейгендіктен дамиды. Біріншілік гиперпаратиреозды оның салдарлық нысанынан ажырата білген жөн. Салдарлық гиперпаратиреоз — бүйрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігінің, сүйектердің карцинома метастаздарымен ауыр зақымдалуының, т.б. да себептердің салдары. Сүйек патологиясының қалқанша маңы безінің гиперфункциясымен сабақтастығын алғаш А.В. Русаков (1924) дәлелдеп, оны емдеу үшін қалқанша бездің ісіктеріне операция жасауды ұсынды.
Патогенезі. Тым көп түзілген паратгормонның әсерінен фосфор мен кальций шайылып, сүйек тіні аз уақытта минералдарынан айырылады да (деминерализация), гиперкальциемия дамиды. Остеокластылар жанданып, сүйектің тінінде қуыстар (лакуналар) пайда болады. Әр жерінде фиброостеоклазия өрістеп, сүйектерді дәнекер тін жайлайды. Үдеріс эндост аймақтарында басым болады. Қалпынан тайып, құрылысы тым өзгерген жерлердегі сүйектік тіндер кезінде жетіліп, ізбестеніп үлгермейді, сондықтан остеоидтық тін тым көбейіп, әртүрлі қуыстар қалыптасады. Олардың ішіне қан толып, гемосидерин жиналады. Остеопороз дамып, тез арада қалыпты сиқынан тайып, сүйектер сынғыш келеді. А.В. Русаков алып жасушалы ісік (остеобластокластома) деп атаған, ісіктәрізді құрылымдар түзіледі. Олардың шынайы ісіктен айырмашылығы бар: негізгі үдерістерге жауап ретінде дамып, алып жасушалы гранулемалардан құрылады. Бұл құрылымдар қалқанша бездегі ісікті алып тастағаннан кейін жойылады.
Паратиреоидтық остеодистрофияның салдарынан гиперкальциемия дамып, ізбесті метастаздар қалыптасады. («Минералдар алмасуының бұзылуын (минералдық дистрофияларды» қара). Нефрокальциноз бен нефролитиаз орын алып, созылмалы пиелонефритке ұшыратады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет