Остеоартроз — буын ауруларының ең жиісі; оның негізі дистрофиялық үдеріс («дегенерация»). Егде тартқан әйелдер жиірек ауырады. Остеоартроз біріншілік (идиопатиялық) және салдарлық (мыс., эндокриндік аурулардан дамитын) нысандарға бөлінеді. Бұдан остеоартроз бірқатар ауруларды қамтитын жалпы ұғым екені байқалады. Бірақ біріншілік пен салдарлық остеоартроздарда айтарлықтай айырмашылық жоқ. Ұршық, тізе, сирақ-аяқ буындары жиірек, ал қолдың ірі буындары сиректеу зақымдалады. Үдеріс көбіне күрт немесе біртіндеп бірнеше буынды қамтиды.
Этиологиясы мен патогенезі. Оотеоартроз тұқымқуалап немесе жүре дамиды. Тұқымқуалайтын әсерден буынның шеміршегінде метаболизм генетикалық негізде өзгеріп, әсіресе оның матриксінде катаболизм бұзылады. Жүре болатын факторлардың ең маңыздысы — механикалық жарақат.
Классификациясы. Клиника-морфологиялық тұрғыдан, остеоартроздың даму барысы 3 кезеңге бөлінеді. I кезеңде буын күш түскенде ауырады. Рентген тәсілімен буындағы саңылаулар тарылғаны, остеофиттер пайда болғаны байқалады. II кезеңде буын үнемі ауырады. Рентген тәсілі буындағы саңылаулардың тарыла түскенін көрсетеді. III кезеңде буын үнімі ауырып қана қоймайды, шеміршегінің астында склероз өрістейді, жұмысы бұзылады.
Патологиялық анатомиясы. Остеоартроздың макробейнесі оның даму кезеңіне сәйкес келеді. Алғашқы (І) кезеңде буын шеміршегінің жиегі бұдырлы болып, тіні түтеленеді. Кейін (II кезеңде) шеміршектің әр жері ойыс (узура) немесе томпақ болады, сүйек өсіп, остеофиттер қалыптасады. Ауру меңдеген кезде (ІІІ кезең) шеміршектер жойылып, сүйектердің түйісетін жерлері ойылып, буын сиықсызданады. Буын жалғамдары қалыңдап, жұмсарады, қапшығының қатпарлары да қалыңдап, бүрлері ұзарады. Буын сұйықтығы күрт азаяды.
Остеоартроздың даму кезеңдерінің микробейнесі жан-жақты зерттелген (Копьева Т.Н., 1988). І кезеңде буындағы шеміршектердің жалпы құрылысы бұзылмайды, үсті мен аралық аймақтарында гликозамингликандар азаяды. II кезеңде шеміршектердің әр жері ойылыңқырап, жиегіне хондроциттер шоғырланып, гликозамингликандар барлық жерінде азаяды. Егер шеміршектің үсті ойылмаса, үстіңгі және аралық аймақтарында «бос ойыстар», ядросы бүріскен хондроциттер көбейеді. Үдеріс сүйектегі шеміршектің астына қарай өрістейді. Остеоартроздың ІІІ кезеңінде шеміршектердің үсті түгел, ал аралық аймақтарының шамалы бөлігі ғана жойылып, терең ойыстар пайда болады, олардың түбі аралық аймаққа жетеді. Терең ойысты аймақта гликозамингликандар тым азайып, ядросы бүріскен хондроциттер көбейеді. Шеміршектің астындағы сүйек одан ары зақымдала түседі. Остеоартроздың барлық кезеңінде буынның синовийлік қабықшасы қабынып (синовит), лимфоциттер, макрофагтар шоғырланады, фиброциттер де көбейеді. Синовиттің ақырында қабықшаның стромасы мен қан тамырлары шорланады.
Достарыңызбен бөлісу: |