Сүлейменова Зәуре Екпінқызы Қошанова Мараш Төлегенқызы


ІІІ тарау. Оқыту теориясы



бет4/8
Дата27.12.2016
өлшемі1,47 Mb.
#6129
1   2   3   4   5   6   7   8

ІІІ тарау. Оқыту теориясы

Лекция №1

Тақырыбы: Дидактика туралы түсінік

Жоспар:

      1. Дидактика туралы түсінік.

      2. Дидактиканың негізгі категориялары.

      3. Дидактиканың негізін салушылар.

Негізгі ұғымдар: дидактика, білім, іскерлік, дағды.

1. “Дидактика” деген термин гректің “дидактикос” деген сөзінен шыққан, қазақша мағынасы оқыту, үйрету дегенді білдіреді.

Дидактика педагогика ғылымының дербес бір саласы болып табылады. Дидактиканың зерттейтін пәні - білім беру мен оқытудың теориясы мен практикасы. Басқаша айтқанда, дидактика білім беру мен оқыту процесінің заңдылықтары мен ережелерін, мазмұны мен формасын, әдіс-тәсілдерін зерттейді. Оның негізгі мақсаты - нені оқыту керек және қалай оқыту керек деген сұрақтарға жауап беру.

2. Дидактиканың негізгі ұғымдары - білім, іскерлік, дағды. Білім деп адамның адамның табиғат пен қоғам заңдарын тануының нәтижесін, басқаша айтқанда, әрбір ғылым саласында жинақталған фактілер мен ұғымдар, заңдылықтар жүйесін айтамыз. Іскерлік деп білім негізінде оқушының белгілі іс-әрекетті орындай алу бейімділігін айтамыз. Дағды деп әрекеттің саналы түрде автоматтануын айтамыз. Бұлар бір-бірімен тығыз байланысты. Іскерлік пен дағды оқушының алған білімінің қаншалықты берік екенін көрсетеді.

3. Дидактиканың негізін салушы чех педагогы Ян Амос Коменский. Ол өзінің “Ұлы Дидактика” деген еңбегінде оқытуды жаңаша ұйымдастырудың теориялық негізін салды. Оның идеяларын әрі қарай жалғастырушы швейцар педагогы Иоганн Генрих Песталоцци бастауыш білім берудің теориясы мен практикасын дамытуда зор үлес қосты. Орыс педагогы Константин Дмитриевич Ушинский, қазақ халқының ұлы педагогы Ыбырай Алтынсарин бастауыш мектепте ана тілінде оқытуды ұсынып, бастауыш класс балаларына арнап оқулықтар жазған. ХХғ. басында А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, т.б. қазақтың ағартушы-педагогтары бастауыш білім берудің мазмұны, оқытудың ғылыми-методикалық негіздері туралы құнды педагогикалық еңбектер жазды. Әсіресе, Ж.Аймауытовты ерекше атап өту керек. “Тәрбиеге жетекші” (1924ж) деге еңбегінде тұңғыш рет дидактикаға қазақ тілінде былай деп анықтама береді: “Баланы оқытудың ережелерін, заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білімге тез жету шарттарын көрсететін педагогика бөлімі дидактика деп аталады”.

Практикалық тапсырмалар:

1. Я.Коменскийдің “ұлы Дидактика” еңбегімен танысу, керек жерін конспектілеу.

2. Ж.Аймауытовтың “Тәрбиеге жетекші” еңбегімен танысу, конспектілеу.

3. Өзіндік жұмыс орындау.



Лекция №2

Тақырыбы: Тұтас педагогикалық процестегі оқыту,

оның мәні және ерекшеліктері.

Жоспар:

      1. Оқыту процесі туралы түсінік

      2. Оқыту процесінің мақсаты

Негізгі ұғымдар: процесс, мақсат.

1. Процес бұл ілгері қарай қозғалыс және қандай болса да нәтиженің жетістігіне бағытталған бірізділік әрекетінің жиынтығы болып табылады. Оқыту процесі - тұтас педагогикалық процесті құрайтын екі процестің біреуі болып табылады. Ертедегі және орта ғасырдағы ойшылдар “оқыту”, “оқыту процесі” деген ұғымдарды “үйрету” деп түсіндірді. Тек ХХғ басында ғана “үйрету”, “оқу” деген түсініктер қатар айтыла бастады. Үйрету деп мұғалімнің оқу материалын игеруді ұйымдастыру қызметі болса, оқу - оқушының сол материалды игеру қызметі. Кейін оқыту ұғымына мұғалімнің жетекшілік қызметі, мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеті деген түсіінктер қосылды.

2. Оқытудың мақсаты тәрбиенің мақсатына ұқсас. Егер мақсат болмаса, оқыту процесінің нәтижесі де болмас еді. Сонда оқыту процесі - оқытудың мақсатын жүзеге асыратын процесс. оқыту процесінің негізгі мақсаты: мұғалім мен оқушылардың белгілі бір мақсатқа бағытталған өзара әрекеттесуінің барысында оқушыларға білім беру міндеттерін шешу. Бұл міндеттер төмендегідей:


      • Жалпы және кәсіптік білім беру мазмұнын, оқу жоспарын, оқу бағдарламаларын, оқу құралдарын жетілдіру, жаңарту;

      • Әрбір пән бойынша сабақ берудің сапасын арттыру;

      • Политехникалық білім, еңбек тәрбиесі мен оқыту, кәсіптік бағдар беру;

      • Жалпы білім беру мазмұнын ізгілендіру ;

Практикалық тапсырмалар:

1. Оқыту процесі туралы әртүрлі оқулықтардағы мәліметтермен танысу, оларды талдау.

2. Қазіргі кездегі оқытудың мақсаты туралы жазу.

Лекция №3

Тақырыбы: Оқыту процесінің ерекшеліктері.

Жоспар:


      1. Оқыту - тәрбие құралы

      2. Оқыту - қоғамдық құбылыс.

      3. Оқыту - танымдық процесс

      4. Оқыту - екі жақты процесс

      5. Оқытудың функциялары.

Негізгі ұғымдар: қоғамдық құбылыс, танымдық процесс, екі жақты процесс.

    1. Оқыту процесінде оқушыларға білім берумен қатар, ең алдымен тәрбие берілуі керек. Оқушыларға адамгершілік, еңбексүйгіштік, ақыл-ой, дене, т.б. тәрбие беру міндеті жүзеге асырылады. Соның ішінде оқыту, ең алдымен,ақыл-ой тәрбиесімен тығыз байланысты.

    2. Оқытудың мақсат-міндеттері, мазмұны қоғам қажеттіліктеріне қарай өзгеріп отырады. Қарапайым қоғамда оқытудың мазмұны да қарапайым: бала тек оқу, жазу, санау білсе жеткілікті. Қоғамның дамуына байланысты өндірістің, техниканың дамуына қарай оқытудың мазмұны да күрделенді, бұрынғы қарапайым білім өндірісте жұмыс істеуге жеткіліксіз болды. Оқу орындарында техникалық білім беріле басталды. ЭЕМ дамыған қазіргі қоғамда компьютерлік білімнің қажеттілігі туды.

    3. Оқытуда бала үнемі білмеуден білуге қарай жыжып отырады. Баланың танымдық қабілеттері - ойлау, есте сақтау, зейінділік, т.б. дамиды. Баланың оқуына күшті әсер ететін себептердің бірі -мотивтер. Мотив деп белгілі әрекетке итермелейтін, бағыттайтын себепті айтады.

    4. Оқыту процесіне мұғалім мен оқушы қатысады. Оқытуда жетекші рольді мұғалім атқарады. Алайда оқушы тек обьект қана болмай, субьект болуы керек. Оқытуда жақсы оқитын балалар белсенділік көрсетсе, үлгермеушілер енжарлық жасап, оқуға ешқандай күш жұмсамайды. Мұғалім балалардың бәрін де оқуға қызықтырып, ынталандыруы керек.

    5. Оқытудың 3 функциясы бар:

* білімдік -оқушыларды білім негіздерімен қаруландыру.

* тәрбиелік - адамгершілік, ұқыптылық, жауапкершілік, отансүйгіштік, т.б. қасиеттерді тәрбиелеу.

* дамытушылық - баланың таным қабілеттерін арттыру.

Практикалық тапсырмалар:

Оқытудың қоғамдық құбылыс екенін мысалдар арқылы дәлелдеу.



Лекция №4

Тақырыбы: Оқыту процесінің құрылымы

Жоспар:

1. Білім алудың мақсаты мен мотивін анықтау.

2. Жаңа оқу материалын қабылдау

3. Білімді бекіту

4. Білім мен дағдыны практикада қолдану

5. Оқушылардың БІД тексеру, бағалау



Негізгі ұғымдар: мақсат, мотив, құрылым.

1. Мотив әрекеттің себебін, ал мақсат әрекеттің нәтижесі қандай болуға тиіс екенін анықтайды. Баланың оқудағы негізгі мотивінің бірі - қызығу. Өйткені бала білім алуға қызықпаса, талаптанбаса, оны зорлап оқытуға болмайды. Баланы қызықтыру үшін білімнің мақсаты мен қажеттілігін түсіндіру керек.

2. Оқушының білімді меңгеруі жаңа материалды қабылдаудан басталады. Оқушылардың бұрынғы біліміне сүйене отырып, мұғалім оларды жаңа білімді қабылдауға дайындайды.

3. Оқыту процесінде оқушылардың алған білімін бекітіп отыру маңызды. Ол үшін өтілген материалды үнемі қайталап отыру қолданылады. Бекітуді ұйымдастырғанда түрлі жаттығулар, ойындар, көрнекі және техникалық құралдарды пайдалануға болады.

4. Білімді толық меңгеру оны практикада қолдануды керек етеді. Егер оқушы алған білімін практикада қолдана алмаса, бұл оның білімді үстірт қабылдағанын көрсетеді. Білім мен дағды түрлі практикалық және лабораториялық жұмыстарда кеңінен қолданылады.

5. Тексеру мен бағалау оқытудың әрбір кезеңінде қолданылады. Бұл арқылы оқушының біліміндегі жетістіктер мен кемшіліктер анықталады. Оқушының білім алудағы жетістіктеріне талдау жасап, айтып отыру маңызды. Дұрыс, әділ қойылған баға оқушының ынтасын арттырады, өз күшіне деген сенімділігін тудырады.



Практикалық тапсырмалар:

Оқыту процесінің құрылымының схемасын сызу, әр бөліктерінің арасындағы байланысты түсіндіру.



Лекция №5

Тақырыбы: Оқыту түрлері

Жоспар:

      1. Түсіндірмелі-иллюстрациялы оқыту

      2. Бағдарламалы (компьютерлік) оқыту

      3. Проблемалық оқыту

Негізгі ұғымдар: түсіндірмелі-иллюстрациялы, бағдарламалы, проблемалық.

1. Түсіндірмелі-иллюстрациялы оқыту басқаша дәстүрлі оқыту деп аталады. Оқыту түрлі көрнекіліктерді қолдана отырып, түсіндіру арқылы жүреді. Сабақта оқушы тыңдайды, қабылдайды, есте сақтайды. Т/и оқытудың пайдалы жақтары:

* уақытты үнемдейді;

* күрделі білімді қабылдауды жеңілдетеді;

* мұғалім мен оқушының арасындағы тікелей қарым-қатынас;

* оқу процесін тиімді басқару;

Т/и оқытудың кемшіліктері.

* оқушылардың дайын білімді жаттап алуы;

* оқушының өз бетімен ойлауына қажетті көңіл бөлінбеуі;

* жеке оқытуға көңіл бөлінбеуі;

2. Бағдарламалы оқытудың негізгі мақсаты - оқыту процесін жетілдіру, өзін-өзі тексеру мен өзін-өзі оқытуға көшу. Бұл оқыту машинамен және машинасыз оқыту болып екіге бөлінеді. Жетістігі:

* оқу материалының бөлшектенуі;

* оқушыныің өзіндік жұмысы;

* тұрақта тексеру;

* техникалық құралды пайдалану;

Кемшілігі:

* бағдарлама жасауға көп уақыт, күш кетеді;

* мектепте компьютер жетпейді;

3 Проблемалық оқытуда ең маңыздысы: проблемалы сұрақ қоя білу. Кез келген сұрақ проблемалы бола бермейді. Проблемалы сұрақтың дайын жауабы болмайды. Оқушы ойлану арқылы жауабын өзі табады.

Жетістігі:

* оқушылардың ойлауын арттырады;

* оқу еңбегіне қызықтырадыы;

* Өздігінен жұмыс істеуге үйретеді;

* жоғары нәтижеге жеткізеді;

Кемшілігі:

* оқушының іс-әрекетін басқару жеткіліксіз;

* масатқа жету үшін көп уақыт жұмсалады;

Практикалық тапсырмалар:

1. Тақырып бойынша әдебиеттерді конспектілеу.

2. Бір оқыту түрінің модулін құрып, оны қорғау.

Лекция №6

Тақырыбы: Оқыту заңдылықтары

Жоспар:


      1. Оқыту заңдылықтары туралы жалпы түсінік.

      2. Заңдылықтарға сипаттама.

Негізгі ұғымдар: заңдылық, қоғаммен байланыс.

1. Құбылыстар мен процестер арасындағы обьектілі, маңызды, қажетті, жалпы, берік, белгілі жағдайда қайталанатын өзара байланыс заңдылық деп аталады. Оқыту заңдылықтары сыртқы, ішкі, жалпы, жеке болып бөлінеді. Оқыту процесінің өзіне тән ерекшелігі бар: оқыту процесі тәрбиеге қарағанда оңай басқарылады, тез іске асырылады әрі нәтижесін тез байқауға болады.



    • Педагогикалық процестің заңдылықтары Ю.К.Бабанскийдің, И.Я.Лернердің, И.Ф.Харламовтың еңбектерінде кең көлемде баяндалған.

* Оқытудың қоғаммен байланыс заңдылығы;

* Оқыту, білім беру және дамудың өзара байланыс заңдылығы;

* Оқыту процесінде оқушылардың жас және дербес ерекшеліктерін ескеру заңдылығы;

* Оқытудың міндеттері, мазмұны, формалары мен әдістерінің өзара байланыс заңдылығы;



Практикалық тапсырмалар:

Оқыту заңдылықтарының тарихы туралы мәліметтерді жазу.



Лекция №7

Тақырыбы: Оқыту принциптері

Жоспар:

      1. Оқыту принципі туралы түсінік

      2. Оқыту принциптерінің негізін салған педагогтар

      3. Оқыту принциптеріне сипаттама

Негізгі ұғымдар: оқыту принциптері.

    1. “Принцип” термині латын тілінен аударғанда ереже, іс-әрекетке қойылатын негізгі талап деген мағынаны білдіреді. Сонда оқыту принциптері дегеніміз оқыту ережелері немесе оқыту процесіне қойылатын негізгі талаптар.

    2. Оқыту принциптерінің жүйесін тұңғыш ұсынған Я.А.Коменский. “Ұлы Дидактика” атты еңбегінде ол бірнеше оқыту принциптерін басшылыққа алуды ұсынады: табиғатқа сай болу, түсініктілік, көрнекілік. И.Г.Песталоцци ерекше бағалаған принцип - көрнекілік принципі. Көрнекілік баланың логикалық ойлауын жетілдіреді деп есептеген. К.Д.Ушинский оқытудың халықтық сипатына ерекше назар аударып, түсініктіілк принципін жақтаған. Ы.Алтынсарин оқыту принциптерін қазақ мектептерінің ерекшеліктеріне сай пайдалану керек деген.

    3. Оқыту принциптерінің жүйесі мына принциптерден құралған:

      • Ғылымилық

      • жүелілік және бірізділік

      • Саналылық және белсендіілк

      • Көрнекілік

      • Беріктілік

      • Ынталандыру (мотивизация)

      • Ізгілендіру (гуманизациялау)

      • Проблемалық

      • Интеграциялау (кіріктіру)

Практикалық тапсырмалар:

1. Оқыту принциптері туралы атақты педагогтардың пікірлерін жазу.

2. Жаңа принциптердің ерекшеліктерін сипаттау.

Лекция № 8

Тақырыбы: Мектептегі білімнің мазмұны

Жоспар:


      1. Білім беру мазмұны туралы түсінік

      2. Жалпы, политехникалық, кәсіптік білім

Негізгі ұғымдар: білім беру мазмұны, жалпы білім, кәсіптік білім, политехникалық білім.

1. Білім беру мазмұны - оқушыларды жан-жақты дамыту, ақыл-ойын, танымдық қызығушылығын қалыптастыру, еңбекке дайындау үшін белгілі типтегі мектепте оқытылатын білім мен іскерліктер жүйесі. Білім мазмұнына қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, ғылыми жетістіктер әсер етеді.

2. Жалпы білім - оқушылардың ғылым енгіздерін игеру процесі және нәтижесі. Жалпы білім мазмұнына оқытылатын пәндердің негізгі үш циклі кіреді: Ғылыми-жаратылыс, гуманитарлық, еңбек және дене дайындығы.Политехникалық білім беру оқушыларды аспаптармен, құралдармен жұмыс істеуге үйрету, компьютер, ЭЕМ -мен таныстыру, техника мен өндіріс жайлы түсінік беру, мамандық таңдау т.б. мәселелерді қамтиды. Кәсіптік білімнің негізі - жалпы және политехникалық білім. Осы білімнің енгізінде арнаулы орта және жоғары оқу орнын орнын бітіретін мамандардың жалпы ғылыми даярлығы кеңиді, сауаттылығы артады, өз мамандығын терең игереді.

Практикалық тапсырмалар:

1. Білім мазмұнын гуманитарландыру жайлы реферат дайындау.

2. Білім мазмұны жайлы құжаттарды конспектілеу.

Лекция №9

Тақырыбы: Білім беру құжаттары

Жоспар:


      1. Оқу жоспары

      2. Оқу бағдарламасы

      3. Стандарт

      4. Оқулықтар

Негізгі ұғымдар: оқу жоспары, оқу бағдарламасы, стандарт, оқулық.

Оқу жоспары - бұл оқу пәндерінің құрамын әрбір сынып және пән бойынша апталық сағат санын анықтайтын мемлекеттік құжат. Оқу жоспары қоғамның мектеп алдына қойған мақсатымен тығыз байланысты. Оқу бағдарламаларында білім мазмұны сипатталады, пәндер бойынша әр жылға оқытылатын курс тараулары мен тақырыптарына бөлінген сағаттар саны белгіленеді. Оқу бағдарламасы оқу жоспарының негізінде әрбір жеке пәндерге арналып құрылады. Мемлекеттік білім беру стандарты маңызды мемлекеттік құжат болып есептеледі. Онда оқушылар меңгеруге тиіс білімнің міндетті деңгейі көрсетіледі. Оқулық оқу бағдарламасының негізінде жасалады. Оқулық оқушыға білім берудің негізгі көзі. Оқулық арнаулы талаптарға сай болуы керек. Талаптардың күрделілігіне орай, соңғы кезде әр пәннен оқулықтардың бірнеше нұсқалары (вариант) шығуда. Дәстүрлі кітаптармен қатар, электронды оқулықтар, аудио-видео кассеталар, компакт-дискілер ге жазылған оқулықтар пайдаланылады.



Практикалық тапсырмалар:

1. Білім беру құжаттарымен танысу.



2. Мамандығына сәйкес оқулықпен танысу, оның мазмұнын бағдарламамен салыстыру.

Лекция №10

Тақырыбы: Оқыту әдістері

Жоспар:

      1. Оқыту әдістері туралы түсінік

      2. Оқыту әдістеріне қойылатын талаптар

      3. Оқыту әдістерін топтастыру

      4. Оқыту әдістеріне жалпы сипаттама

      5. Мұғалімнің оқыту әдістерін таңдай білуі

Негізгі ұғымдар: оқыту әдістері, сөздік, көрнекілік, практикалық әдістер.

    1. Әдіс деген сөз гректің “metodos” деген сөзінен шыққан, қазақша мағынасы - ақиқатқа, шындыққа жету жолдары дегенді білдіреді. Сонда оқыту әдістері дегенміз - оқытудың мақсатына жету жолдары. Оқыту әдістері “қалай оқыту керек?” деген сұраққа жауап береді. Оқыту әдістері мұғалім мен оқушының бірлесе жасайтын әрекеті. Педагогикалық энциклопедияда: “Оқыту әдістері - мұғалім мен оқушылар жұмысының тәсілдері, солардың көмегімен БІД-ны игереді, оқушылардың дүниетанымы қалыптасады, қабылеттері дамиды” - деп жазылған (ПЭ. 2-том, М. 1965, 812 бет). Ал философиялық сөздікте: “Әдіс, дәл жалпы мағынасында мақсатқа жету іс-әрекетін нақта ретке келтіру тәсілдері” деп жазылған (Ф.сөздік, М. 1963, 272 бет). Әдістің бөлігі тәсіл деп аталады. Сонымен бірге мұғалім оқу құралдарын пайдаалнады.

    2. Оқыту әдістеріне қойылатын жалпы талаптар мыналар:

      • оқытудың міндеттерін шешуге бағытталуы тиіс;

      • оқытудың тәрбиелік мәнін арттыруға көмектеседі;

      • мұғалім оқыту әдістері арқылы оқушыларды ғылыми әдістермен таныстыруға міндетті;

      • оқушылардың өздігінен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруы тиіс;

      • Мұғалім әдістерді қолдануда озат іс-тәжірибелерді пайдалануы керек;

    1. Оқыту әдістері педагогикада әлі толық зерттеліп болмаған тақырыптардың бірі. Сондықтан оларды топтастыруда әртүрлі пікірлер қалыптасқан:

      • Оқушылардың таным белсенділігіне қарай (М.Н.Скаткин, И.Я.Лернер)

      • Оқытудың мақсаты мен міндеттеріне қарай (М.А.Давыдов, Б.П.Есипов, Т.А.Ильина)

      • Тұтас педагогикалық әрекеттің тәсілдеріне қарай (Ю.К.Бабанский)

      • Әдістің логикалық және психологиялық сипатына қарай (Р.Г.Лемберг)

      • Мұғалім мен оқушылардың жасайтын әрекетінің ерекшеліктеріне қарай (В.Оконь)

      • Білім берудің көздеріне қарай (И.Т.Огородников, С.И.Перовский, Е.Я.Голант)

      1. Оқыту процесінде жиі қолданылатыны білім берудің көздеріне қарай жіктелуі:

      • Сөздік әдістер: түсіндіру, әңгіме, әңгімелесу, лекция, кітаппен жұмыс.

      • Көрнекі әдістер: демонстрация және иллюстрация.

      • Практикалық әдістер: лабораториялық, практикалық жұмыстар, әртүрлі жаттығу жұмыстары, ойындар.

    1. Сабақтың тақырыбы мен мақсатына, оқу материалының мазмұны мен көлеміне, оқушылардың дайындық дәрежесіне сәйкес, сабақтың құрылысы мен оқыту әдісін ұдайы толықтырып отыруды мұғалім өзі белгілеп, өзі таңдап алады. Мұғалімнің әдістерді таңдауы мына шарттарға байланысты:

      • Оқушылардың жас және дербес ерекшеліктері;

      • Сабақтың мақсаты мен міндеттері;

      • Қолда бар көрнекі және техникалық құралдар;

      • Мектептің географиялық орны;

      • Мұғалімнің шеберлігі;

Практикалық тапсырмалар:

1. Оқыту әдістерін топтастыру түрлерімен танысу

2. Мектепте мұғалімнің сабағына қатысып, оқыту әдістерінің қолданылуын іс жүзінде бақылау. Бақылау нәтижесін дәптерге жазып алу.

Лекция №11

Тақырыбы:Оқытуды ұйымдастыру формалары

Жоспар:


      1. Оқытуды ұйымдастыру формалары туралы түсінік.

      2. Оқытуды ұйымдастырудың тарихи формалары.

      3. Оқытуды ұйымдастырудың класстық-сабақтық формасы

Негізгі ұғымдар: оқыту формалары, класстық-сабақтық форма.

1. Оқытуды ұйымдастырудың формасы дегеніміз - мұғалім мен оқушылардың оқу әрекетіне қолайлы жағдай жасау үшін арнайы ұйымдастырылған, белгілі тәртіппен өтетін жұмыс. Оқытуды ұйымдастыру формасы - оқыту процесінің міндеттерін жүзеге асырудағы мұғалім мен оқушылардың іс-әрекеттерінің сыртқы көрінісі. Ұйымдастыру формасында оқытудың мақсаты, мазмұны, әдістері бірыңғай жүзеге асады.

Қоғамның даму тарихында мектептердің дамуына қарай оқытуды ұйымдастыру формалары да өзгеріп отырды.

2. Алғашқы оқыту формасы жеке-топтық болды. Бұл орта ғасырда шіркеулік мектептерде қолданылды. Мектепке оқушылар жылдың әр мезгілінде қабылданды. Әр жастағы балалар бір бөлмеде бірге оқығандықтан, топтық деп аталды. Ал жеке деп аталу себебі мұғалім әр оқушыдан жеке сұрап отырған. Бұрын қазақ жеріндегі молдалардың оқытуы осы жеке-топтық оқуға өте ұқсас. Өйткені әр жастағы балалар молданың алдында жүгініп отырған және әр баладан жеке сұралған. Оқытудың бұл формасының нәтижесі шамалы болғанымен, сол кездегі оқыту талаптарына сәйкес келген.

Англияда оқытудың сатылы жүйесі немесе Белль-Ланкастер жүйесі пайда болды. Оны ойлап тапқан Белль деген діни қызметкер мен Ланкастер деген мұғалім. Бұл мұғалімдер жетіспеген жағдайда өте қолайлы болды. ХХ-ғасырда Америкада Дальтон-план, Трамп-план деген оқыту формалары пайда болды. Кеңес дәуірінде Россия мектептерінде бригадалық-лабораториялық жүйе енгізілді

3. Оқытудың кең тараған формасы - класстық-сабақтық жүйе. Оның негізін салған чех халқының педагогы Ян Амос Коменский. Атынан көрінгендей, бұл жүйеде оқушылар жастарына қарай класстарға бірігіп, оқыту сабақ түрінде жүрді. Жүйенің ерекшелігі:



      1. Оқушылар классқа жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылады.

      2. Класстағы оқушылардың құрамы тұрақты.

      3. Жеке пәндер сабақ кестесіне қарай алмасып оқытылады.

      4. Оқыту оқу жоспарына, бағдарламаға және оқулыққа негізделіп жүргізіледі.

      5. Оқыту жылдың тұрақты бір мезгілінде басталып, аяқталады.

      6. Оқыту мұғалімнің басшылығымен жүргізіледі.

Практикалық тапсырмалар:

1. Қоғамның әр кезеңіндегі оқытуды ұйымдастыру формасының маңызын көрсету. Олардың кемшілігін атау.

2. Бір форманы зерттеп, хабарлама дайындау.

Лекция №12

Тақырыбы: Оқытуды ұйымдастырудың қазіргі кездегі формалары

Жоспар:


      1. Экскурсия

      2. Факультатив

      3. Үйірме

      4. Үйдегі оқу жұмысы

      5. Семинар

      6. Конференция

Негізгі ұғымдар: оқыту формалары, сабақ, экскурсия.

Қазіргі кезде оқытуды ұйымдастырудың сабақтан басқа формалары бар. Олар: семинар, экскурсия, факультатив, конференция, үйірмеүйдегі оқу жұмысы, өзіндік жұмыстар, өздігінен білім алу, т.б. Экскурсия - табиғатта, өндіріс орындарында, музейде, т.б. жерлерде өткізілетін сабақ. Оның мақсаты-оқушылардың сабақта алған теориялық білімдерін практикада жалғастыру, бекіту. Экскурсия алдын-ала дайындықты талап етеді. Қайда барамыз? Қандай мақсатпен? Экскурсияның тақырыбы мен мақсаты, қауіпсіздік шаралары оқушыларға түсіндіріледі. Экскурсия жоспары жасалады. Семинар көбінесе жоғары сыныптарда, өтілген лекциялардағы өзекті мәселені талқылау үшін ұйымдастырылады. Семинардың тақырыбы, сұрақтары мен әдебиеттер тізімі оқушыларға ерте беріледі. Тақырыпқа байланысты баяндама, реферат дайындауға болады. Семинарда сұрақтар ретімен талқыланады, оқушылар өз пікірлерін айтады, тыңдайды, сұрақ қояды, пікір алмастырады. Факультатив оқушылардың қызығушылығы мен сұранысы негізінде әртүрлі пәндерге сәйкес ұйымдастырылады. Онда оқушылардың пәнге бейімділігін ескере отырып, ғылым негіздерімен кеңірек таныстырады, кәсіби бағдар береді, кітаппен, анықтамалық әдебиеттермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады. Конференция тақырыптың ғылыми деңгейін көтеру мақсатын көздейді. Ол семинарға ұқсас, тек баяндамалардың саны көбірек болуы керек. Конференцияға бірнеше сыныпты біріктіруге болады. Үйірме жұмысының өзіндік ерекшеліктері бар. Ол оқушылардың пәнге деген қызығушылығын жетілдіреді, тапсырмаларды орындауға қолайлы жағдайлар жасайды. Оқушылардың үйдегі оқу жұмысы сыныптағы сабақтың жалғасы болып саналады. Үй жұмысының тәрбиелік мәні зор. Себебі, үй жұмысын күнделікті орындау барысында оқушы ұқыптылыққа, тәртіпке үйренеді, дербестігі артады, жауапкершілігі дамиды. Үй тапсырмасын дұрыс ұйымдастыру үшін мұғалім белгілі шарттарды ескеруі керек. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай үй жұмысының көлемі де әртүрлі болады. Оқушының өзіндік жұмыстары (самостоятельная работа) оқыту процесінің әрбір кезеңінде және үйдегі оқу жұмысында да орын алады. Өзіндік жұмыстар оқушының ойлау қабілеттерін арттырады, іскерліктері мен дағдысын қалыптастырады, өз бетімен қызмет етуге үйретеді. Өздігінен білім алу (самообразование) оқушыны өз уақытын тиімді жоспарлауға, үнемді пайдалануға, өзіне керек мәліметті іздеуге, кітапханада жұмыс істеуге үйретеді. Өздігінен білім алудың негізгі көздері: кітап, газет-журналдар, радио, теледидар.



Каталог: Книги
Книги -> 3. ҚАбдолов әдебиет теория – сының негіздері жоғары оқу орындарына арналған оқУ ҚҰралы мазмұНЫ
Книги -> “Қош,махаббат” Алматы 1988 жыл Ақынның жыр жинақтары
Книги -> Қазақcтан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Книги -> Көкшетау 2011 Құрастырғандар
Книги -> АҚША, несие, банктер
Книги -> А. А. Букаева 5В090200 Туризм мамандығына арналаған КӘсіби қазақ тілі
Книги -> М а 3 м ұ н ы қазақ тілі леқсикологиясына кіріспе қазақ лексикологиясының мақсаты мен зерттеу объекгісі лексика
Книги -> Қ а з а қ тіліні ң грамматикас ы 1 т о м Алматы, 1967
Книги -> Практикум по курсу грамматики английского языка для студентов 3-го курса, изучающих английский язык в качестве основной специальности


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет