2-дәріс. Сұраныс пен ұсыныс икемділігі. Салықтың әсері.
Дәріс жоспары:
Сұраныстың бағалық икемділігі.
Сұраныстың табыс бойынша және қиылысқан икемділігі.
Ұсыныс икемділігі. Икемділіктің практикалық мәні.
1. Сұранысқа және ұсынысқа әр түрлі факторлар әсер ететіндігі белгілі, бірақ олар бұл факторлардың ықпалына әркелкі реакция береді. Әдетте, сұранысты немесе ұсынысты талдау кезінде олардың абсолютті көлемдері емес, баға немесе басқа параметрлердің өзгеруіне деген реакциялары жиі ескеріледі. Бірақ сұраныс, ұсыныс көлемдері әр тауар үшін бөлек өлшем бірліктерімен (тонна, дана, метр, т.с.с) есептелетіндіктен сұраныс және ұсыныс көлемдерінің салыстырмалы көрсеткіштері қолданылады.
Икемділік ұғымын экономика ғылымына Кембридж университетінің профессоры Альфред Маршалл енгізген. Икемділік (elasticity – ағылшын тілінен аударғанда икемділік) қандай да бір айнымалы шаманың басқа шамаға реакция беру мөлшерін көрсету үшін пайдаланылады. Мәселен, математикада функцияның салыстырмалы өсіміне қатынасын икемділік деп атайды. Ал сұраныс функциясы үшін мұндай тәуелсіз айнымалылардың рөлін тауар бағасы, басқа ауыстырушы немесе толықтырушы тауарлардың бағасы, тұтынушы табысы атқарады. Тұтынушы талғамы мен таңдауы, тауар сапасының өзгерісі сандық өлшеммен анықталмайтындықтан олар икемділікті есептеуге қолданылмайды. Сондықтан икемділікті жоғарыда аталған параметрлер бойынша қарастырған дұрыс.
Сұраныс икемділігі сұранысқа әсер ететін сандық факторлар (баға, толықтырушы немесе өзара ауыстырушы тауарлар бағасы, тұтынушы табысы) 1%-ға өзгерген кезде сұраныстың қанша пайызға өзгеретіндігін көрсетеді. Басқаша айтқанда, сұраныстың өзгеріске ұшыраған нарық жағдайына бейімділік қабілетін оның икемділік дәрежесі сипаттайды. Икемділік абсолютті емес салыстырмалы көрсеткіш болып табылады. Мысалы, «Марс» шоколадының 50 теңгеден 80 теңгеге қымбаттауының салдарынан «Марсқа» деген сұраныс күрт азайып кетуі мүмкін. Ал егер кір жуғыш машина 30 теңгеге қымбаттаса, оны көп жағдайда тұтынушы елемейді де.
Жалпы алғанда, сұраныстың баға бойынша икемділігінің тікелей және қиылысқан икемділік, табыс бойынша икемділік, нүктелік икемділік және доғалық икемділік деп аталатын түрлері бар. Сұраныстың қиылысқан икемділігі де бағаға қатысты болғандықтан экономистер сұраныстың бағалық икемділігін тікелей және қиылысқан бағалық икемділік деп бөліп қарастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |