1.3-сурет Ұсыныс қисығы Ұсыныс қисығы (1.3-сурет) оң көлбеулі болады және ол баға мен ұсыныс көлемі арасындағы тура тәуелділікті көрсетеді. Кесте мәліметтері мен графиктен аңғарғанымыздай, тауар бағасы өскен сайын тауар ұсынысының көлемі артады және баға төмендеген сайын ұсыныс көлемі қысқарады. Ұсыныс заңының мәні де осында. Ұсыныс көлемінің сатылатын тауардың бағасынан тәуелді екендігі белгілі болды. Оған бағадан басқа да факторлар әсер етеді: өндіріс технологиясы, өнімді өндіруге қажетті ресурстардың бағасы, салықтық ставка мен салықтық жеңілдіктер, дотация, субсидия, нарықтағы бәсекелестердің саны мен олардың өнімдерінің сапасы т.с.с. Егер бағалық емес факторлар тұрақты болып, ұсыныстың көлеміне сол тауардың бағасы әсер етсе, өзгеріс ұсыныс қисығының бойында болады. Бұл өзгеріс ұсыныс көлемінің өзгерісі деп аталады (1.4а-сурет). Ал ұсынысқа бағадан басқа факторлар әсер етсе, ұсыныс қисығы оңға және солға қарай параллель орын ауыстырады. Бұл процесс ұсыныстың өзгерісі деп аталады (1.4ә-сурет).