Еңбек пен кәсіпке байланысты фольклор. Бұл топқа аңшылық пен бақташылыққа, диқаншылыққа қатысты айтылатын, сондай-ақ алуан түрлі жағдайлар туралы баяндайтын архаикалық әңгімелер жатады. Олар меморат түрінде, яки хикая іспетті болып келеді. Мұндағы басты кейіпкерлер – аңшы, мерген және әртүрлі аң-құстар.
Ғұрыптық фольклор. Бұл топ ежелгі заманғы діни нанымдар мен ырымға, салт-ғұрыпқа негізделген жанрлардан тұрады. Олар – арбау, алғыс, қарғыс, бәдік, бақсы сарыны, т.б. Бұл жанрлар ерте заманда таза магиялық функция атқарған да, ғұрыптық іс-әрекеттермен тығыз байланыста болған.
Ертегілер. Бұл топқа енетін жанрлар да ерте замандарда пайда болып, адамзат тарихының әр кезеңінде өзгеріске түсіп отырған, сөйтіп біздің дәуірге классикалық көркем фольклор түрінде жетіп отыр. Ертегілер көне мифтермен, хикаялармен, наным-сенімдермен тығыз байланысты, ежелгі мифологияны жетілдіре пайдаланып, қиялды араластырып, ғажайыптық сипатқа ие болған. Соның нәтижесінде осы жанрдың өзіне тән поэтика мен эстетикасы қалыптасқан, болмысты солардың тезінен өткізіп бейнелеген.
Аңыздар мен шешендік сөздер. Аңыз – фольклорлық прозаның ішіндегі ең тарихқа жақын жанр, ол кереметтіліктен ада десе де болады. Аңыздар әр кезде де туып отырады, сондықтан біздің фольклорда ежелгі заманда, сондай-ақ кейінгі уақыттарда пайда болған аңыздар қатар жүреді.
Батырлар жыры – көпсатылы жанр. Мұнда бірнеше дәуірдің болмысы, санасы, ұғымы қатар жүреді, яғни алғашқы қауымда пайда болған түсініктер мен соларға негізделген мотив, сюжеттер және кейінгі дәуірлерде туған пайымдар мен оқиғалар аралас болады. Батырлар жыры – ежелгі сюжеттер мен мотивтердің фольклорлану процесін толық көрсететін жанр. Сол себепті мұнда тұтастанудың барлық түрі бар: сюжеттік, ғұмырнамалық, шежірелік, тарихи және географиялық. Батырлар жыры – халық идеалының айнасы.
Ғашықтық жырлар. Бұл жанр бұрын "лиро-эпос", "тұрмыс-салт жырлары" деп аталып жүрді. Әлемдік ғылым қазір оны "романдық эпос" дейді. Сондықтан оны біз де синоним ретінде қолданамыз. Қазақтың ғашықтық жыры – көне жанрдың бірі. Оның төркіні ғұрыптық, дәлірек айтқанда тұрмыстық фольклормен байланысты.
Дастандар. Бұл жанр шығыс фольклоры мен әдебиетінің әсерінен пайда болған. Үнді мен Иранның ертеде және орта ғасырда кең тараған көлемді прозалық ауызекі, кейде қолжазба кітап күйіндегі, шығармалары дастан деп аталған
Өлеңдер. Фольклордағы әрі көне, әрі өміршең, яғни кез келген дәуірде, қоғамда туып, дамып, өзгеріп отыратын айрықша жанр – өлең. Қазақ қауымының өмірінде өлеңнің орны ерекше, сол себепті оның түрлері де көп: лирикалық өлең, тарихи өлең, қара өлең, нақыл өлең, өтірік өлең, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |