«Матла'ас-са'даин ва маджма'әл-бахрайны» бар. Онда Иран мен Орта Азияның Хулагу және Темір ұрпақтарының 1304-жылдан 1471-жылға дейінгі тарихы баяндалған. XIV-XV ғғ. шебіндегі Ақ Орданың құлдырауы кезіндегі Шығыс Дешті Қыпшақтағы оқиғалар туралы, Барақ ханның мемлекеттің ыдырауына қарсы әрекеті, Ұлықбектің заманындағы Моғолстан мен Мауараннахрдың өзара қатынастары туралы мәліметтер мен басқа да деректердің ынта-ықылас туғызатыны күмәнсіз.
Мұхаммед Хавенд-шах Мирхондтың (1433-1498) «Раузат ас-сафа» деген еңбегінің алтыншы томында Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның XV ғ. 20-шы жылдарынан басталатын тарихы жөнінде көлемді материал жеткілікті. В. В. Бартольд оның деректерін Ұлықбектің Моғолстанға жоғарыда аталған жорығын сипаттауға арналған жазбаларында келтірген. Мирхондтың бұл томының неғұрлым ертеректегі мәліметтері Темір мен оның ұрпақтарына, олардың Қазақстан аумағындағы саясаты на арналған. Оқиғаларды баяндауда, мысалы, Ұлықбектің нақ сол Моғолстанға жорығын суреттеуде және бұл мемлекеттің ішкі жағдайын көрсетуде орын алған, неғұрлым егжей-тегжейлі, еш жерде қайталанбайтын қиғаштықтар Мирхондтың әлдебір жоғалып кеткен түпнұсқа деректерді пайдаланғанын көрсетеді.
Темір ұрпақтарының тарихнамасында осы әулеттің өкілдері жазған еңбектер да бар. Бұлар – түркі тіліндегі, Әмір Темір шығарды деп саналатын «Темір ережелері» мен «Тарих-и арба улус», яғни төрт монғол ұлысының тарихы. Екінші шығарма Ұлықбек мырзаның басшылығымен және қатысуымен жазылған. Ұлы астроном-ғалымның бұл тарихи еңбегіндегі Жошы мен Шағатай ұлыстары туралы материалдар соңғы орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына тікелей қатысты. Ұлықбек Шағатай ұлысындағы 28 ханның және Жошы ұлысындағы 39 ханның есімдерін келтірген. Б. А. Ахмедовтің пікірінше, ХІІІ ғ. басында-ақ «өзбек» терминінің пайда болуы туралы, оның XIV ғ. Дешті Қыпшақтың батыс бөлігінде этноним ретінде қолданылғаны туралы мәліметтер ерекше құнды болып табылады.
3. Қазақ хандығының тарихы бойынша парсы тілді деректер. XVI ғ. белгілі тарихшы және әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулатидың