Нақты әлеуметтік зерттеудің міндеті - мәселені талдау мен шешуге бағытталған нақты мақсатты қондырғылардың жиынтығы. Зерттеу міндеті мәселенің талдауына арналған негізгі және негізгі емес талаптарды құрамына алады.
Мәселені реттеп, зерттеудің мақсаты мен міндеттерін анықтап, әлеуметтанушы өз зерттеу обьектісін таңдайды.
Әлеуметтік зерттеу обьектісі-әлеуметтік зерттеу бағытталатын құбылыс немесе ұрдіс. Мұндай құбылыстарды зерттеу нәтижесіңде олардың пайда болу себептері жөнінде жаңа ақпараттар алынады. Ғылыми ізденіске кіріспестен бұрын нені зерттейміз, кімдерден ақпарат аламыз, зерттеуді қай жерде өткіземіз, т.б. сауалдарға жауап қайтаруымыз керек. Осыған орай зерттеу жұмысының бірінші кезеңінде оның бағдарламасы мен әдістері дайындалады, ғылыми ізденістің бүкіл процесін ұйымдастыру мұқият ойластырылады, сүрыптау (кімдер зерттеледі) белгіленеді. Екінші кезеңінде адамдардың сол мәселе жөніндегі пікірлерін анықтайтын ақпарат жинақталады. Үшінші кезеңде алынған ақпарат қолмен немесе машинамен өндеуден өткізіледі. Төртінші кезеңде алынған ақпаратқа ғылыми талдау жасалады. Бесінші кезеңде алынған ақпарат қорытындыланып, оның нәтижесіне орай шешім қабылданады.
Әлеуметтану зерттеуі ғылыми ізденістің күрделілігіне қарай:
-барлаушылық,
-суреттемелік,
-талдаушылық болып үшке бөлінген.
Бұлардың арасында талдаушылық (аналитикалык) зерттеу әдісі күрделісі болып есептеледі. Ол терең ойластырылған бағдарламаны және тексерістен өтіп сыналған құралдарды (анкета, т.б.) қажет етеді. Талдаушылық зерттеу әдісі кезінде зерттелетін құбылыс суреттелумен қатар оны тудырған басты-басты себептер де анықталуы керек.
Суреттемелік зерттеу ізденістің өте қарапайым түрі болып есептеледі. Мұның басты мақсаты - зерттелетін құбылыс пен оның құрылымдық элементтері жөнінде мағлұмат алу.
Зерттеудің кеңінен тараған түріне барлаушылық зерттеу жатады. Ол күрделі бағдарлама дайыңдауды талап етеді, алайда шамалы көлемдегі зерттеу құралдарын қолданып, шағын топтарда сауалнама жұргізу мүмкіндігін сақтайды. Зерттеудің бұл түрі жедел ақпарат алуға бағытталған. Оның артықшылығы да осында. Мұндай зерттеуде қайсыбір терең процестер және олардың пайда болу себептері қарастырылмайды, керісінше, көзге көрініп тұрған ақпараттар жинақталатын болады.
3. Әлеуметтік зерттеудің теориялық және эмпирикалық ("эмпирия" — грек сөзі, "тәжірибе" деген мағына береді. Бұдан әрі тәжірибелік деп жазылады) типтері бар. Тәжірибелік зерттеу іргелі (фундаменталды) және қолданбалы (прикладной) болып екіге бөлінеді. Іргелі әлеуметтік зерттеудің басты мақсаттарының бірі зерттеліп қаралатын пән жөніндегі ғылыми түсінікті жетілдіру мен дамыту болып саналады. Қолданбалы зерттеу нақты бір әлеуметтік проблеманы шешуге арналады. Қолданбалы зерттеудің социоинженерлік сипатта болуы оның теориялық зерттеуден айырмашылығы бар екендігін де ашып көрсетеді. Өйткені соның нәтижесінде әрекет етудің нақты бағдарламасы жасалады.
Оны жүзеге асыру зерттелген проблеманы практикада шешуге бағытталады. Саясаттанушылар мен саясаткерлер, заңгерлер мен басқарушылар, экономистер мен бизнесмендер және басқа да социогуманитарлық бағдардағы мамандар эмпирикалық әлеуметтану зерттеулерінің нәтижесінде алынатын ақпараттарды белсенді тұтынушылар болып саналады. Сол ақпараттарды қолдана отырып, олар өздерінің практикалық және теориялық сипаттағы кәсіби мәселелерін шешеді.
Мәселені анықтау, әлеуметтік зерттеу обьектісі мен пәнін бөліп көрсетумен қатар гипотезарларды тұрлендіру формаластыру зерттеудің процедуралық кезеңі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |