11 Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық не қанды кек уәжі бойынша адам өлтіру (ҚР ҚК 99-бабы 2 бөлігі «11» тармағы)
Ұлт дегенді белгілі белгілі бір ұлтқа, яғни әлеуметтік-экономикалық, мәдени-саяси және рухани ортақтықты білдіретін адамдар тобына тиістілік деп қарастыруға болады. Ұлт түсінігін тар және кең мағынасында қарастыруға да болады. Бірнеше ұлттардан құралып, тұтастай алғанда бір ұлт ретінде қарастырылатын мемлекеттер де баршылық.
Нәсіл – бұл шығу тегінің және бастапқы аумақтық орналасуының ортақтығымен шартталатын,сондай-ақ тұқымдық белгілерінің ортақтығымен (терісінің, көздерінің, шаштарының реңімен, бас сүйегінің қалыбымен және т.б.) біріктірілген адамзаттың тарихи қалыптасқан тобы. Жалпы алғанда, жер тұрғындарын европеоид, негроид және монголоид атты үш нәсілге бөледі.
Дін – табыну нәрсесі болып табылатын тылсым күштерге және жаратылыстарға (құдайларға, рухтарға) деген сенімге негізделетін рухани түсініктердің жиынтығы ретіндегі қоғамдық сананың бір нысаны. Буддизм, ислам, иудаизм, христан діндері әлемдік діндер болып табылады. Сенімдердің әртүрлі жүйесі бірнеше мыңнан асады.
Өшпенділік – бұл күшті кектену, жақтырмау сезімі; бұл адамның оның қажеттіліктеріне, сенімдеріне, құндылықтарына қайшы келетін құбылыстарға берік, белсенді жағымсыз сезімі.
Өшпенділік өзінің нәрсесіне қатысты оған тиісті бағасын беруді ғана емес, сонымен бірге оған қарсы бағытталған белсенді әрекеттерді де пайда қылуға қабілетті. Өшпенділіктің пайда болуына әдетте одан бұрын оқиғалардың жағымсыз етек алуына байланысты өткір наразылық немесе жағымсыз күйзелістердің әлсіз ықпалдарының біртіндеп жинақталуы орын алады; осындай жағдайларда осы оқиғалардың нақты немесе солай деп ойланған себептері өшпенділіктің нәрсесі болады.
Араздық – бұл өшпенділікпен, жеккөрушілікпен әбден толысқан қатынастар мен әрекеттер.
Адам өлтірудің қарастырылып отырған түрі орын алады егер ол:
1) араздықты немесе алауыздықты арандату мақсатында жасалған болса;
2) өзге нәсілге, ұлтқа, дінге жататын адамдарға деген жаратпаушылық, өштестік, жеккөрушіліктен (мысалы дау-жанжал немесе төбелес барысында) жасалған адам өлтіру;
3) діннен бас тартқаны немесе әлдебір діни конфессияларға (секталарға) кіруден бас тартқаны үшін.
ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «11» тармағында көзделген адам өлтіру тікелей, сондай-ақ жанама қасақаналықпен де жасалуы мүмкін.
Қанды кек ежелгі әдет-ғұрыпқа негізделеді, оған сәйкес өзге рудың адамы өз руластарын өлтірген жағдайда, рудың барлық мүшелері одан кек алулары тиіс. Осынау әдеттің қауіптілігі оның өзге де адам өлтірулерді пайда қылып соның нәтижесінде «тізбекті реакция» орын алады. Бір қауымның, рудың, тайпаның (әдетте қанды кек ер адамдарға тиісті) өкілі таңдау жасауы тиіс: өзінің барлық руын қарғысқа қалдыру немесе өз руластарын өлтіргені үшін өзге рудан кек алу.
Қанды кек әдетін мойындайтын халық тобының өкілі адам өлтірудің берілген түрінің субъектісі болады, осының барысында кінәлі адамның тиісті ұлттың өкілі болуы міндетті емес.
ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің «11» тармағында көзделген адам өлтірудің жасалған орны қылмысты саралауға ықпал етпейді. Заң әдебиеттерінде халықтың кез келген тобының өкілі адам өлтірудің берілген түрінің жәбірленушісі болуы мүмкін деген пікір айтылып келеді.
Жәбірленушінің туысқандарының өздерін адам өлтірушіден кек алуға міндетті санауы сол себепті «тізбекті реакцияның» орын алып адам өлтірудің өз жалғасын табуы қанды кек әдетінің қауіпті құбылыс екендігін білдіреді. Туысқандары қанды кек әдетін ұстанбайтын тұлғаны өлтіру, біздің ойымызша, тиісті негіздер болған реттерде ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша адам өлтіру немесе кек алу мақсатындағы қарапайым түріндегі адам өлтіру деп саралануы тиіс.