Дәріс № 10 Коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделерiне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар Мақсаты: білім алушыларды коммерциялық және өзге ұйымдардың қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстармен таныстыру, олардың түрлерін мәлімдеу
Жоспар: 1. Өкілеттіктерді теріс пайдалану (250-бап).
Жекеше нотариустардың, бағалаушылардың, жеке сот орындаушыларының, медиаторлардың және аудиторлық ұйым құрамында жұмыс iстейтiн аудиторлардың өкiлеттiктердi терiс пайдалануы (251-бап).
Жекеше күзет қызметі қызметшілерінің өкілеттіктерін асыра пайдалануы (252-бап).
1.Қылмыстық кодекстің 250-бабында: «Коммерциялық немесе өзге де ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамның өз өкiлеттiктерiн осы ұйымның заңды мүдделерiне қарсы және өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында пайдалануы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi зиян келтiруге әкеп соқса»,- деп көрсетілген.
Қылмыстың тікелей объектісі- коммерциялық немесе өзге ұйымдардың бірқалыпты дұрыс басқару қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың қосымша тікелей объектісі-азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделері не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделері болып табылады. Өкілеттіктерді асыра пайдаланудың объективтік жағының мына төмендегідей бірнеше белгілері болады: басқару қызметін атқаратын адамның өз өкілеттіктерін осы ұйымның заңды мүдделеріне қарсы пайдалануы; іс-әрекет арқылы азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру.
Істелген іс-әрекеттер мен заңда көрсетілген зиянды зардаптың арасында себепті байланыстың болуы. Елеулі зиян келтіргеннен бастап қылмыс аяқталған деп саналады. Қылмыс құрамы материалдық.