Балық аулау құрал-жабдықтары
Балық аулау құрал-жабдықтары – мұхит, теңіз, көл, өзен, т.б. су алаптарынан балық аулауға арналған құралдар мен жабдықтар. Оған трал, сүзекі, қалталы жылымдар, ығызбай және құрма аулар, қабадан, қармақ, жарық түсіріп аулайтын құралдар мен электр қондырғылары жатады. Ертеде балықты сүңгі, шанышқы, гарпун (ұшы тастан, сүйектен, темірден жасалған), қаза (қамыстан тоқып таяз суларға салынады), т.б. құралдармен, түнде – буылған қамыстан жаққы жағып та аулаған. Кейін синтетикалық материалдардан тоқылған құралдар кеңінен пайдаланыла бастады. Балық аулау құрал-жабдықтары балық түрлерінің мекеніне, ерекшеліктеріне сай жасалынады. Мысалы, трал конус қалта пішінінде жасалып, оны сүйретіп жүру, көтеріп алу үшін кемеге арнайы қондырғылар орнатылады. Трал үйір-үйір боп жүретін треска, камбала, майшабақ аулауға қажет. Осындай шоғырланып жүретін балықтарды сүзекі және қалталы жылымдармен де аулайды. Сүзекі-жылымды суға тастап, кемемен біраз сүйретіп барғаннан кейін, табандық арқанын лебедкамен тартқанда, астыңғы жағы бүріліп қалталанады да, балық ішінде қалады. Оны кемеге тартып алу, көтеру, трюмге төгу жұмыстарының бәрі механикаландырылған. Ағынды суларда ығызбай аулар пайдаланылады. Ағын судың еніне қарай әрқайсысы 25 м болатын бірнеше ауды бір-біріне жымдастыра жалғап, өзенге көлденең салады. Бір жақ шетінің арқалығына қалтқы-бояқ, табандығына салдауыр байлайды да, арқалықтың екінші ұшын қайықтағы адам ұстап отырады. Мөлшерлі жерге дейін ығып барған соң, балығымен қоса тез суырып алады. Қос қанатында балық кірсе қайтып шыға алмастай етіп, бір-бірінің ішіне кигізіле бекітілген, конус тәрізді бірнеше қалтадан тұратын (әр қалтаның ауыз жағында оны керіп тұратын шеңбер шыбықтары бар) құрал түрлерін құрма тор, қабадан (не нәрете) деп атайды. Мұндай құралдар жағалауда өскен қамыс жиегіне, өзекшелерге құрылады. Электр жарығын су астына жіберіп, шоғырланған балықтарды сумен қоса кеме үстіне шығару үшін қуатты сорғылар орнатылған конус тәрізді шағын жылымдарды қолдану да жиі кездеседі. Шағын көлдер мен теңіз қолтықтарынан жарық түсіру тәсілімен аулағанда, электр жарығының орнына буылған қамысты жағады. Оның жарығына жиналған балықтарды ұзын сапты, жеңіл де ауқымды сүзекімен сүзіп не шанышқымен шаншып алады. Мұны жаққы жағу дейді. Ірі балық шоғырларын іздестіру үшін гидроакустикалық локатор қолданылады.Балық өңдеу – балықты сақтау және балықтан дайын өнім алу жұмыстарының жиынтығы. Өңделген балықтың дәмдік, тағамдық қасиеттері жақсарады, сақтау мерзімі ұзарады әрі тасымалдауға да қолайлы болады. Балық өңдеудің кең тараған әдісі – оны тоңазыту, суықта сақтау және мұз етіп қатыру. Балықты тоңазыту үшін көбіне мұз қолданылады, контейнердің ішіне балықтарды қаз-қатарымен қойып, арасына ұсақталған мұз (балық массасының 30 – 40%-ы) салады. Тоңазытылған балықтың дене температурасы –1 – 50С болады. Мұндай күйде балықты сегіз – он бір тәулік сақтауға болады. Ұзақ мерзімге (4 айға дейін) сақтау үшін балықты арнаулы тоңазытқыштарда –18 – 400С температурада мұз етіп қатырады. Балықтың дәмдік, тағамдық қасиеттерін жақсарту үшін тұздау, кептіру, қақтау, ыстау, консервілеу сияқты балық өңдеу тәсілдері қолданылады. Тұздау – балық өңдеудің ежелден келе жатқан, кең тараған әдісі. Тұз мөлшері балық етінде 10 – 15%-ға жету керек, мұндай жағдайда шіріткіш микроорганизмдердің өсіп-өнуі тоқтағанымен, балықты сақтау үшін қосымша антисептикалық заттар мен салқын температура қажет. Ыстау – тұздалған балықты 40ӘС-тан аспайтын температурада түтінмен өңдеу әдісі. Ыстау барысында балық кебеді, түтін балық етінің терең қабатына дейін сіңеді. Ыстауға көбіне арша, қарағай, емен, жаңғақ ағаштарының жаңқаларының түтіні қолданылады. Кептіру – тұздалған балықты одан әрі өңдеу әдісі. Балықты табиғи жағдайда немесе арнайы кептіргіш қондырғыларда кептіреді. Балықты консервілеу – балыққа томатты тұздық қосып немесе майға араластырып, қаңылтыр қалбырда ұзақ мерзім сақталатын дайын тағам алу әдісі. Балықтан жасалған консерві құрамында белок, май, кальций, фосфор, А, В, С, Д витаминдері бар. Консервілеу процестерінің қалдықтарынан жануарлар жеміне қосылатын балық ұны жасалады. Қазақстанда балық өңдейтін Атырау және Балқаш балық комбинаттары бар.[3]
Достарыңызбен бөлісу: |