3. Тәрбиелік: елін, жерін, Отанын қадірлеуге, адамгершілікке, адалдыққа,
еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, суреттеу, салыстыру, сұрақ-жауап, сөздікпен жұмыс, бағалау, бекіту, қорытындылау.
Сабақтың көрнекілігі: көркем әдебиеттер, рефераттар, бүктемелер.
Сабақтың формалары: жеке баламен, топпен, сынып ұжымымен жұмыс жүргізу..
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі:
1. Оқушылармен амандасу, түгелдеу;
2. Оқу құралдарын, сабаққа дайындығын тексеру;
3. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу;
4. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару;
5. Cабақтың мақсатымен таныстыру;
ІІ Үй тапсырмасын сұрау: Абайтану курс туралы түсінік.
ІІІ Жаңа сабақты түсіндіру:
Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының бір саласы
Абайтану — қазақ әдебиеттану ғылымының саласы. Абайтану Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық өнері, философиясы, қоғамдық, эстететикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерін қамтиды. Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды деуге болады.
Ахмет Байтұрсынұлы1913 ж. «Қазақ» газетінде басылған «Абай — қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» — деп Абайды аса жоғары бағалады.
Абай шығармаларын жинап, қағазға түсіріп, реттеп баспаға дайындау ісі ақын қайтыс болған соң ұзамай-ақ қолға алынғанын дәлелдейтін нақтылы деректер жетерлік. Жарық көруінен бірнеше жыл бұрын құрастырылып, 1909 ж. Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі (аударма өлеңдерін қосып санағанда) мен «Ескендір», «Масғұт» поэмалары басылғаны, яғни осы күнгі белгілі поэзиялық шығармаларының көрнектілері түгелге жуық қамтылды.
Бұл тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын. Абайдың бастамасы, алғашқы деректік арнасы ретінде осы 1909 ж. жарық көрген Абай шығармаларының тұңғыш жинағын, оған кірген Кәкітай жазған ақынның тұңғыш өмірбаянын айтуға болады. Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары бірлі-екілі ғана екенін және ақынның өз қолжазбалары сақталмай, шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткені ескерілсе, бұл тұңғыш жинақтың мәні зор екені анық. Басқа жекелеген қолжазбалардың көлемі шағын, оларда Мүрсейіт қолжазбасында жоқ өлеңдердің орны көп толыға қоймаған. Сондықтан олар қосымша деректер ретінде бағалануы орынды.
Ал кейінгі жинақтарды айтқанда, бір топ бұрын жарық көрмеген жаңа өлеңдері 1916 ж. ОрынбордаСамат Әбішұлы бастырған «Абай термесі» атты кітап та жарияланды. 1922 ж. Ташкентте, Қазанда басылған жинақтар бұрын жарияланған шығармаларды қамтиды. Ташкентте шыққан жинаққа сын пікір ретінде Ілияс Жансүгіров1923 ж. «Тілші» газетінде «Абай кітабы» атты мақала жазып, бір алуан қате басылған сөздерді қалай дұрыстап оқу керек екендігін нанымды дәлелдеді.
Ақынның көзі тірісінде 1903 ж. Санкт-Петербургте Бөкейханов берген мағлұматтар бойынша басылған «Ресей. Біздің Отанымыздың географиялық баяны» атты көптомдық жинақтың 18-кітабында А. Сидельников жазған мақалада: «Абай — қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың өкілі» деген баға берілгенін көреміз. Абай шығармалары жеке кітап болып басылғанға дейін-ақ халық арасына қолжазба түрінде және ауызша тараған. Байтұрсынов ақын өлеңдерімен 1903 ж. қолжазба арқылы танысқанын айтады. 1914 ж. Мәскеуде жарық көрген «Восточный сборник» атты кітапта Абайдың өмірі мен шығармалары туралы мағлұмат келтіріліп, бірнеше өлеңінің мазмұны орыс тілінде қара сөзбен берілген. 1914 ж. Санкт-Петербургте шыққан «По киргизской степи» деген кітабында Дмитрий Львович «Татьяна хаты» ел ішінде әнге салып айтылып жүргенін ескертеді.
Абай өлеңдері төңірегінде 20-жылдарда, одан кейінгі кездерде айтыс-тартыс көп болды. Осыған орай Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» атты 1913 ж. жарияланған мақаласындағы Абайға берген бағасы, ұлы ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы алатын орнын анықтауы, өнерпаздық өзгешелігін, асқан шеберлігін тануы шынайы ғұлама ғалымға тән айрықша көрегендіктің, білгірліктің, өлең сөздің қадірін терең бағалай алатын ақындық сезімталдықтың, талғампаздықтың үлгісі деуге лайық. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатовқа ілесе Абай шығармашылығы жайында үлкенді-кішілі мақала жазып, ақын өлеңдерін жұртшылыққа танытуға Н. Рамазанов, Ғ. Сағди, Ы. Мұстамбайұлы және Н. Н. Белослюдов, т.б. ат салысты.
Абай шығармашылығына қайтадан жүйелі, дәйекті түрде дұрыс көзқарастың қалыптаса бастағанын 1933 ж. Мұхтар Омарханұлы Әуезов бастырған жинақтан (мұнда Әуезов жазған ақынның өмірбаяны берілген) және 1934 ж. жарық көрген Ілияс Жансүгіров, Ахмет Жұбанов секілді белгілі әдебиет, ғылым қайраткерлерінің мақалаларынан байқауға болады. Әуезов Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерді. Ол «Абай жолы» эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүние жүзі оқырмандарына танымал әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек атқарды. Оның Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылымның мызғымас негізі болып табылады. 1933–57 ж. аралығында ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мүрсейіт қолжазбалары негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе, 1957 ж. «Ғылым» баспасынан жарық көрген, Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының Абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атау қажет. Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, сан алуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты.
20 ғасырдың 40–60-жылдарында Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі кең көлемде жүргізіліп, жаңа белеске көтерілді. Абайдың қоғамдық, эстетикалық, философиялық көзқарасын, психологиялық және педагогикалық пікірлерін, ақындық тілін, композиторлық өнерін, аудармаларын тереңдеп тексерген еңбектер жарық көрді. Солардың ішінде С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, М.С. Сильченко, Қ. Мұқамедханов, Ы. Дүйсенбаев, Т. Тәжібаев, Б.Г. Ерзакович, Х. Сүйіншәлиев сынды ғалымдардың еңбектері бар.
1970 ж. Абайдың туғанына 125 жыл толуына орай шығармаларының жинағын шет тілдерде кітап етіп бастыру ісі жандана түсті. Орыс тілінде Абай шығармалары 1940 жылдан бастап он бес рет жеке кітап болып басылды. 1945–60 жылдардың басында Абай шығармалары жеке жинақ болып өзбек (Ташкент), татар (Қазан), түрікмен (Ашғабад), қырғыз (Бішкек), моңғол (Ұланбатыр), қытай (Пекин), чех (Прага) тілдерінде басылып шықты.
1970 ж. украин (Киев), армян (Ереван), беларусь (Минск), молдаван (Кишинев) және латыш (Рига) тілінде жарық көрді. Сол жылы Мәскеуде «Прогресс» баспасында араб, ағылшын тілдерінде шығармаларының жинағы басылды.
Абайдың өмірі мен шығармалары туралы жазылған зерттеу еңбектерді, монографияларды, диссертацияларды түгелдей алғанда Абайтану сан алуан маңызды мәселелерді қамтитын, көп салалы ғылым болып қалыптасты. Басты мәселелер қатарында алдымен Абайдың өмір жолын зерттеу, оның шығармашылық жолының халықтық негіздерін, ұлттық сипатын айқындау, лирикалық шығармаларының, дастандары мен қара сөздерінің тақырыптық, идеялық, жанрлық, тілдік ерекшеліктерін, ақындық тұлғасын, суреткерлік әдісін, көркемдік шеберлігін тереңдеп ашып көрсетуге қатысты мәселелерді, сондай-ақ ұлы ойшыл ақынның дүниетанымын, қоғамдық, философиялық, эстетикалық көзқарастарын зерттеу мәселесі жатады. Бұларға қоса Абайдың шығыс, орыс, еуропа әдебиетімен шығармашылық байланысы, ақын шәкірттері, өнерпаздық дәстүрлерінің қазақ әдебиетінде жалғасуы секілді мәселелерге де үнемі назар аударылып келеді.
Кейінгі жылдарда Абай шығармаларын Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов секілді терең зерттеле бастаған әдебиетіміздің ірі өкілдерінің өнерпаздық жолымен жалғастыра қарастыруға мүмкіндік туды. Бұл ақынның 150 жылдық мерекесі қарсаңында жарық көрген еңбектерден анық байқалды. Осы мереке тұсында басылып шыққан ондаған іргелі зерттеулер Абайтанудың ғылыми-теориялық деңгейі бұрынғыдан да биіктей түскенін айқын танытты.
1995 ж. жарық көрген «Абай» энциклопедиясында ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық жолына қатысты қыруар деректер, құнды ой-пікірлер жинақталып, жүйелі түрге түсірілген. Абай шығармаларының ғылыми толық жинағы басылып шықты. Р.Сыздықова, Т.Әлімқұлов, А.Нұрқатов, М.Мырзахметов, Ж.Ысмағұлов, З.Ахметов, З.Қабдолов, Ғ.Есім, Т.Қожакеев, Ғ.Мұқанов және басқа да ғалымдардың зерттеулері Абайтану ғылымына елеулі үлес болып қосылды. Абай шығармаларын жариялау, зерттеу ісіне шет елдерде айрықша мән берілді. Қытайда профессоры Қабайдың «Абай және Абай шығармашылығы» атты еңбегі (Пекин, 1987), кейін Су Чжоусюннің зерттеу еңбегі мен Абайдың қара сөздерінің аудармасы жарияланды. Чех ғалымы П.Гржебичек Абайдың ақындық жолын арнайы зерттеді. 1995 ж. ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы барысында шет елдердің көптеген әдебиетшілері, қоғам қайраткерлері Абай шығармалары жайлы мақалалар, баяндамалар жасады. Парижде, Түркия қалаларында, Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Киевте, Минскіде, Вильнюсте, Ташкентте, Бішкекте, Қазанда ұлы ақынға арналған салтанатты мәжілістер мен ғылыми конференциялар өткізілді. Абай шығармалары Түркияда, Пәкстанда, Иранда, Қытайда басылды, француз, ағылшын, неміс және басқа тілдерге аударылды.
Достарыңызбен бөлісу: |