Екінші сүю – ақын шығармаларында желілі түрде таратылатын басты ой желісі «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айдар тағып, ерекше бөліп көрсетуінде жатыр.
Үшінші сүю – «Және сүй хақ жолы деп әділетті» деп 38 сөзінде Алланың бойындағы 8 сипаттан құдірет пен ғылымды біріктіріп алатын ғақылға (ақылға) Абай нақылия, ғақлия дәлелдерге сүйене отырып ұсынатын ғәділетке (әділетке) ерекше мән беретін үшінші сүюді көреміз. Абай танымындағы әділетті, яғни үшінші сүюді М.Әуезовтің мұсылмандық танымдағы әділеттен өзгешелеу жатады деп ескертуі көп нәрсені аңғартады.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңіне дейін-ақ үш сүю мәселесі жанама әрі тікелей аталып сөз етілген болатын. Бірінші, екінші сүю 27-қарасөз бен «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде нақтырақ әрі жанама түрде таратылады. Бірінші сүю Абайға дейін көне дәуір ойшылдары мен сопылық поэзияда молынан қамтылып жырланған көпшілікке танымал ұғым еді. Абай «Алла деген сөз жеңіл» (1896) өлеңінде нақтырақ, әрі тереңірек мән беріп махаббатпен жаратқан түп иеге жауап ретінде пенделері де махаббатпен сүю керектігін:
«Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін», - деп бірінші сүю туралы ойларын осымен шегереді, одан ары бұл мәселе туралы тоқталмайды. Бірақ екінші, үшінші сүю туралы өз ой пікірлері туралы өлеңдері мен қарасөздерінде желілеп, үздіксіз насихаттаумен болады.
«Осы үш сүю болады иманигүл,
Иманның асыл үш деп сен тақиқ біл.
Ойлан дағы үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына малың түгіл», - деп Абай қазақ қауымының рухани жағынан іштей тазарып ұстанар рухани жолының сенімді бағыт-бағдарын нұсқайды. Өйткені, абайтанудың бірегей білгірі М.Әуезов «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде ақынның ішкі нанымы, дүниетанымы, адамшылық жолындағы үгіті мен мораль философиясы жайлы танымы толық түрде айтылған деп біледі.
Үш сүю — Абай шығармашылығындағы діни сенімнің, жоғары ақылақтың асылы деп таныған адамгершілік қағидасы. Абай Құнанбаевтың “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” атты өлеңінде “Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті. Осы үш сүю болады имани гүл, Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл” — деген шумағында дін иманның, тағат-ғибадаттың негізгі қағидасын осы Үш сүю деп анықтайды.
Махаббат Абай шығармашылығын көктей өтіп, негізгі өзекті мәселені құрайтынын “Махаббатсыз дүние бос”, “Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі , Өзіне құмар қылған оның әмірі” деген жыр жолдарынан анық көреміз. Көкейкесті махаббат мәселесі Абай шығармаларының өзегі болуымен қатар, көптеген өлеңдерінде мейлінше жан-жақты ашылған және осы Үш сүю — иманигүл ұғымымен тұжырымдалған.
Сондықтан да Үш сүю адамдық кәмелеттіктің, ақылақтық қағидаттың, рухани кемелдіктің толыққанды көрінісі, адам бойынан көрінуге тиіс абзал қасиет ретінде анықталады.