ЖАЛҒАСЫ.
1.1.2.3. Лексикалық мағынаның құрамдас бөліктері. Зерттеушілердің қай-қайсы да сөздің семантикалық мағынасының өте күрделі екендігін мойындайды. Себебі, оны қалыптастыруға қисапсыз сыртқы факторлар мен ішкі факторлар қатынасады. Осылардың барлығының сыр-сипатын ашып, орын-орнына қою оңай шаруа емес. Бұл ретте лексикалық мағынаны құрамдас бөліктерге айырып-ажыратудың әдістемелік жағынан маңызы зор.
Мағына, шынтуайтына келгенде, бей-берекет, шым-шытырық жатқан әлем емес, бір жүйеге түсіп, бір тәртіпке бағынған, өзара тығыз байланысқан құрылымдық бөліктердің жиынтығы. Атап айтқанда, ол қандай бөліктер?
1.1.2.3.1. Денотаттық мағына. (заттық мағына)Сөздің жеке адамдарға бағынбайтын, белгілі бір қоғам мүшелеріне, сол тілде сөйлейтін адамдарға жаппай түсінікті мағынасы болады. Ол мағына өзімізді қоршаған дүниедегі заттарды, заттардың қарым-қатынасын, табиғат құбылыстарын, іс-әрекеттерді, тағы басқаларды бейнелейді де, сөз мағынасының негізгі ядросын жасайды. Сөздің ақиқат дүниемен, ондағы заттармен, құбылыстармен байланысып жататын мағынасын тіл білімінде денотаттық мағына деп атайды. Екінші сөзбен айтқанда, денотат дегеніміз - белгілі бір сөзді айтқанда, ойымызға келетін зат немесе оның белгілері. Мысалы, "үстел" дегенде көз алдымызға кейде үш аяқты, кейде төрт аяқты үсті тегіс, жазу немесе тамақ ішу үшін құрастырылған жиһаз келеді. Бұл - оның денотаттық мағынасы. Сөздердің тура (атауыштық) мағыналарынан басқа мағыналарында денотаттың сақталуы шарт емес.
Көптеген зерттеушілердің пікіріне қарағанда, денотаттық мағына іштей екіге бөлінеді: 1) материалды денотат; 2) идеалды денотат. Адам санасында өмір сүретін ұғымның негізін жасайтын шындық өмірдегі заттар мен құбылыстар материалды денотат деп танылса, сөздің мағынасы арқылы білдірілетін шындық өмірдегі заттар мен құбылыстар идеалды денотат деп есептелінеді. Материалды денотатты зерттеушілердің басым бөлігі референт деп атайды. Сөз мағынасында өмір сүретін идеалды денотат санадағы ұғыммен байланысады. Себебі, сөз құрамындағы дыбыстар материалдық дүние болғандықтан, түйсік туғызып, миды әрекетке түсіреді, өзіне сай келетін бейнені қайта оятады.6 Ал ұғым жалпыланған бейне - материалдық денотат арқылы ақиқат дүниемен, ондағы заттармен, құбылыстармен байланысып жатады.
Дүниедегі заттар мен құбылыстардың адамның сезім мүшелеріне түйсік туғыза алатын қасиеттері ғана денотаттық мағына жасай алады. Сезім мүшелері арқылы қабылданған түсініктер мида қорытылғаннан кейін заттың түп нұсқасына жуық көшірме бейне пайда болады. Материалдық денотат дегеніміз осы. Алайда дүниедегі заттар мен сол заттың адам санасындағы бейнесі арасына теңдік белгісін қоюға болмайды. Басқаша айтқанда, көшірме бейне фотокөшірме емес. Кейде сезім мүшелері арқылы алынған ұғым-түсінік заттың толық бейнесін жасауға жеткіліксіз болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда адамның өмір тәжірибесі, білімі көмекке келеді. Сол зат туралы адамзаттың түсінігі, білімі қаншалықты көп болса, көшірме бейне де сол затқа жақын бола береді. Қарапайым адамдар үшін тас - таудың қатты жынысының бірі болса, геологтар үшін тас - түрлі минералды түздардың жиынтығы. Геологтар тастың түсін көріп-ақ олардың құрылымдылық ерекшелігін, құндылығын анықтай алады.7 Осы себепті заттар мен құбылыстар туралы қарапайым, күнделікті өмірде қалың көпшілік қолданатын түсінік бір басқа да, ғылыми түсінік екінші бір басқа дейміз.
Сөздердің лексикалық мағынасы ақиқат дүниенің белгілі бір дәрежедегі көшірмесінен ғана жасалмайды. Себебі, тілде заттардың немесе түрлі құбылыстардың атауы болмайтын, заттардың арасында түрлі қатынастарды білдірмейтін дерексіз сөздер - зат есімдер бар. Адамзат миының артықшылығы сол - ойлау негізінде сезім мүшелері қабылдай алмайтын заттардың түрлі қасиеттерін анықтай алады. Мысалы, адам жақсы, жаман қасиеттерді сезім арқылы тікелей қабылдай алмайды, бірақ көп жылдық тәжірибе, әлеуметтік қоғамдық қарым-қатынас нәтижесінде бағамдайды.
Идеалды денотат ойдың бір элементі ретінде материалды денотаттың (референттің) құрамына енеді. Ол жалпыланып, нақты қасиетінен қол үзіп, лексикалық мағынаның да құрамдас бөлшегі бола алады. Осы себепті идеалды денотат сөздің лексикалық мағынасын ақиқат дүниемен байланыстырады. Бұл ретте адам санасындағы ұғым аралық қызмет атқарады. Идеалды денотатты екінші сөзбен ұғымдық мағына деп атауға болады. Түсініктірек болу үшін тағы бір мысал келтірелік.
Қасқалдақ деген сөзді естігенде екінің бірі "үйректің бір түрі" деп түсінеді. Бұл - оның идеалды денотаттық мағынасы. Адамдар өзара түсінісу үшін осы қарапайым түсінік жеткілікті. Ал материалды денотатта белгілі бір зат туралы барлық білім жинақталады. Айталық, қасқалдақтың тұмсығының үсті қызыл, тамағының асты ақ, дене пішімі үйректерден әлдеқайда кіші болатындығы, қамысты, қалың қоғалы көлдерде жасайтындығы, етінің кез келген басқа құстардан дәмді болатындығы, көктемде ұшып келіп, күзде ұшып кететіндігі – бәр-бәрі осы құстың бүкіл ерекшеліктерін қамтып тұр.8 Лексикалық мағына мен заттардың белгілері арасындағы тең түспеу қасиеті осылайша барлық сөздерде кездеседі.
Қамшы- Сигнификаттық (пайымдық) мағынасы – атты не есекті айдап жүргізу үшін қолданылатын ер-тұрманның бір құрамы. Денонтаттық мағынасы: таспадан әр түрлі нұсқада түйін өріп, тобылғы немесе басқа затқа саптап жасалған құрал.
Достарыңызбен бөлісу: |