1.1.2.2. Тілдік мағына. Санада қалыптасқан ұғым дыбыстық қабыққа оранғаннан кейін бір тілде сөйлейтін адамдардың барлығы анық түсінетіндей дәрежеге жетеді. Бұл, жоғарыда айтып өткеніміздей, логикалық категорияның тілдік категорияға ауысуы болып есептеледі. Олай болса, лексикалық мағынаның негізі - заттық-логикалық ұғым. Сөзбен бірге өмір сүретін заттық-логикалық ұғым тіл білімінің талабына орай атауыштық (номинативті) мағына деген термин сөзбен алмастырылады. Сөздің лексикалық мағынасы дегенде ең алдымен негізгі және туынды номинативті мағыналарды түсінеміз. Осы тұрғыдан сөзге заттардың, нәрселердің, құбылыстардың, амал-әрекеттердің, қимылдың, сапа, қасиеттердің, процестердің т.б. атауы деген анықтама беріледі. Сөздің лексикалық мағынасы дами келе өзіне лексика-грамматикалық және тілдік мағыналарды жамап алады. Тілдік мағына деп тілдік жүйе (морфологиялық, синтаксистік) негізінде қалыптасқан мағына элементтерін түсінеміз. Тілдік мағына өздігінен өмір сүрмейді, сөздердің лексикалық, грамматикалық мағынасымен тығыз байланыста болады, соған сүйенеді. Тілдік жүйе негізінде қалыптасқан мән-мағыналар өз ішінен екіге бөлінеді: 1) парадигмалық мағына, 2) синтагмалық мағына. Сөз мағыналары сөздік мағына, тілдік мағына, парадигмалық мағына, синтагмалық мағына деп ғылыми-зерттеу, оқып-үйрену мақсатында ғана бөлінеді, күнделікті өмірде олар бұлайша жіктелмейді, ажыратылмайды.
1.1.2.2.1. Парадигмалық мағына. Сөздік құрамдағы сөздер сөздердің қалай болса солай жинақтала салынған жиынтығы емес. Ақиқат дүниедегі заттар өзара байланысып, белгілі бір заңдылықтар бойынша сұрыпталып жатса, сөздік құрамдағы сөздер де солайша сараланады. Әлбетте, заттар арасындағы байланыс пен сөздер арасындағы байланыс тең түспейді.
Адам ойында өзара белгілі бір байланысы бар сөздер топ-топ болып сақталады. Сөйлеу яки жазу кезінде кім де болса топтасқан сөздердің ішінен (өз мақсатына қарай) біреуін іріктеп алып пайдаланады. Тең дәрежелі тіл элементтерінің арасындағы байланыс парадигмалық байланыс деп аталады. Мұндай байланыс тілдік жүйедегі сөздерді ойда топтастыру, жинақтау, мағыналарын саралау арқылы жасалады. Парадигмалық байланыстар негізінде анықталатын мағына парадигмалық мағына немесе сабақтастық мағына деп танылады.
Сөздердің арасындағы парадигмалық байланыстарды анықтаудың бірнеше жолы бар. Солардың арасында лексикалық элементтерді тақырыптық топтар мен лексика-семантикалық топтарға бөліп қарастырудың атқаратын рөлі үлкен. Тақырыптық топқа бір-бірімен семантикалық байланысы жоқ, ақиқат дүниедегі заттардың өзара қатынасы негізінде топтастырылған сөздер енеді. Мысалы, туысқандық атаулары: ата, ене, ана, бала, қыз, қарындас, жиен т.б; денедегі мүше атаулары: бас, көз, құлақ, қол, аяқ, бет т.б; төрт түлік мал атаулары: сиыр, бұзау, қой, қозы, саулық, тұсақ т.б; құс атаулары: қаршыға, бүркіт, қарлығаш, үйрек, қаз т.б; заттың түсін білдіретін сын ссімдер: ақ, көк, қара, торы, боз, күрең т.б; дәмді білдіретін сын есімдер: тәтті, ащы, қышқыл, дәмді т.б. Тіл-тілде тақырыптық топтардың саны өте көп. Жоғарыда санамаланған топтар экстралингвистикалық (сыртқы) мағынаға негізделген.
Сөздер іштей бір-бірімен семантикалық, байланысқа түсіп те парадигмалық қатынас жасай алады. Мұндай жағдайда белгілі бір топқа енген сөздердің лексикалық мағынасының барлығына бірдей ортақ мағына болады. Ортақ мағыналар кейде жуық, кейде қарсы, кейде ұштас мәндес болуы мүмкін. Осылардың арасында жуық мәндес сөздер айрықша орын алады. Мағынасы жуық, бірақ сәл ғана айырмашылығы бар сөздер синонимдер деп танылады. Синонимдер тіл-тілдердің барлығында да кездесетін кең таралған және ең көп қолданылатын тілдік категория.
Тілдердегі парадигмалық мағынаның тағы бір көрінісі - антонимдық қатарлар. Қарсы мәндес сөздер антонимдер деп танылады. Дүниені танып-білуде, оның қасиеттерін анықтауда заттардың түрлі сапаларын салыстыру, қарама-қарсы қоюдың қызметі мол. Кез келген сөз табына енетін сөздер синонимдік топ та, антонимдік топ та жасамайды. Антонимдер көбінесе сын есімдер мен үстеулердің есебінен қатар түзеді. Етістіктер мен зат есімдер де бұл процеске қатысады.4
1.1.2.2.2. Синтагмалық мағына. Сөз мағынасын қалыптастыруда парадигмалық мағынамен қатар синтагмалық мағына да үлкен қызмет атқарады. Сөйлеу не жазу кезінде сөздердің бірінен кейін екіншісінің келіп байланысуынан синтагмалық қатынастар пайда болады. Парадигмалық қатынас бір деңгейдегі тіл элементтерінің арасында (бірыңғай зат есім, не бірыңғай сын есім) болса, синтагмалық катынас әр текті тіл элементтері (зат есім,сын есім, етістік сс.) арасында ұшырасады. Синтагмалық мағына да парадигмалық мағына сияқты өздігінен өмір сүреді. Айтушы да, тыңдаушы да, күнделікті дағды бойынша, оның түп-төркініне қарамай, қолдана береді. Синтагмалық мағына тіркеске түсе алатын сөздердің барлығында да болады. Алайда ол арнайы ғылыми талдау жасалмаса, байқала бермейді, аңғарылмайды, парадигмалық мағына сияқты айқын көрінбейді.
Сөздер қатынас құралы болуы үшін синтагмалық қарым-қатынасқа түскенде қалай болса солай тіркесе салмайды, бір-бірімен әрі грамматикалық, әрі семантикалық жағынан тығыз байланысады. Басқаша айтқанда, олар грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаға арқа сүйейді. Бір-бірімен өзара байланысқа түсуі үшін сөздердің мағыналық құрамында бір семаның сәйкес келуі, яки ортақ болуы шарт. Бұл шарт сақталмаса, синтагмалық қатынас жасалмайды
Тілде мынадай заңдылық бар. Қашанда синтагмалық тіркес құраған сөздердің бірі екіншісінен мағыналық жағынан басымдау болады. Ол өзімен байланысқа түскен сөздің өзіне мағыналық жағынан сәйкес келуін, үйлесуін талап етеді. Синтагмаға тірек бола алатын сөз тіл білімінде өзекті сөз деп аталады. (мысалы түсінікті болу үшін фамилияны алайық). Сөйлем құрастырғанда өзекті сөз басты қызмет атқарады. Ол өз төңірегіне мағынасы үйлес, ортақ сөздерді топтастырады, жинақтайды. Өзекті сөз болу міндетін негізінен етістік атқарады. Өзге сөз таптарында мұндай сипат әлсіз.
Сөздердің бір-бірімен тіркесе алу қабілетін анықтауда лексикалық мағына мен грамматикалык форма ғана қатынасып қоймайды, баршаға ортақ тілдік норма да өз үлесін қосады. Сөйлеуші, яки жазушы грамматикалық, семантикалық байланысты әр сөйлемді құрастырғанда ойлап, талдап жатпайды. Ол өмірде бірнеше рет қайталанғандықтан, тілдік нормаға түсіп қалыптасады да, механикалық түрде қолданыла береді. Мысалы, іш, же етістіктері қоректенуді білдіреді. Бірақ қазақ тілінің нормасы бойынша нанды ішті, суды жеді тіркесі қолданылмайды. Іш етістігінің сұйық тағамдармен, ішімдіктермен байланысты қолданылуы оның мағына құрамында "шайнау", "тістеу" семаларының болмауымен байланысты. Же етістігінің мағына құрамында аталған семалардың болуы себепті қою тамақ атауларымен тіркесіп қолданылады: нан жеді, ет жеді, су ішті, сорпа ішті т.б. Мүжі етістігінің семантикалық мағынасында "тісі өтпейтін қатты тамақты шетінен біртіндеп жеу" семасы болғандықтан, сүйекті мүжіді тіркесі қолданылады. Қою тамақ болса да палауды, қамырды, помидорды "мүжіді" деп айтпаймыз.5
Сөйтіп, сөздер логикалық-ұғымдық, семантикалық, синтаксистік, тілдік норма жағынан үйлескенде ғана синтагмалық қатынасқа түсіп, бір-бірімен байланысады.
Осылардың арасында синтаксистік тіркесімділік қабілеті жетекші орын алады. Сөздердің логикалық-ұғымдық, семантикалық тіркесімділік қабілетін анықтаушы тілдік мағына синтагмалық мағына деп танылады. Қазақ тілінде оны тіркесімдік мағына деп атауға болады. Синтагмалық байланыс өзгерсе, сөз мағынасы да өзгереді. Кез келген сөздің мағынасын анықтауда синтагмалық қатынастардың атқаратын рөлі үлкен. Синтагмалық мағына сөздер жеке-дара тұрғанда байқала бермейтін, жасырын сипатқа ие. Синтагмалық байланысты кей әдебиеттерде сөздердің лексикалық тіркесімділігі деп те атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |