Тізбектелген сабақтар топтамасына Бағдарламаның «Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау» модулінің қолданылғаны жайлы
рефлексивтік есеп
Сабақ құрылымында оқушының өзіндік талдау жасау негізінде бір – біріне ұсыныс айтып бағалауы тізбектелген сабақтар топтамасында қалай жүзеге асырылғандығын таразылау үшін «Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау» модулін таңдадым. Бұл модульге сабақ барысында не үшін басымдық бергім келді?
Осы «Сындарлы оқыту теориясы» курсына дейін мен үшін мұғалімнің оқушы жұмысына баға қоюы анағұрлым орынды болып саналып,бір жақты бағалау, яғни білім нәтижесін анықтау мақсатында алынатын дүние болса, енді мен оны кең мағынада танып біле түстім. Сондықтан да мен осы модульге өткізілген сабақтар барысында көбірек көңіл бөлгім келді.
Александрдің «Сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес. Мұғалімдер жазбаша немесе ауызша түрде баға қою жолымен бағалайды. Олар қолданатын кез келген нысанның артында тек қана объективті немесе жеткілікті дәрежеде объективті емес нормалар мен стандарттар ғана емес, сондай-ақ баланың дамуы, оқуы және уәжі туралы түсінік, сонымен қатар өзін-өзі бағалау, қабілеттілік және күш-жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жатады» деп айтылған. (МАН, 52-б). Осы тұрғыда бағалау дегеніміз – одан арғы оқу туралы шешім қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызмет екенін ұғындым. Ал, бағалаудың негізгі мақсаттары:
Оқудағы құндылықтарды анықтау;
Жетістікке жеткендігін көрсететін кері байланыс орнату;
Сыртқы уәж бен ішкі уәжге ықпал жасау;
Болжау және сұрыптау;
Стандарттарды бақылау және орындау;
Оқыту бағдарламасының мазмұнын және оқыту стилін бақылау болып келеді.
Оқу үшін бағалау мен оқуды бағалау туралы негізгі ойым: оқу үшін бағалау оқушыны тұлға ретінде қалыптастыру үшін ролі маңызды. Себебі оқушы өзін-өзі бағалауы мен сыныптастарының бағалауы арқылы өзіне сыни көзқараспен қарап және өзіне есеп беру арқылы алдағы іс-әрекеттерін айқындайды. Сонымен қатар оқушыны оқу барысында мұғалімнің формативті бағалауы, яғни дер кезінде мақтап, мадақтап сүйемелдеуі оқушының оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын арттыруға үлкен септігін тигізеді. Бұл дегеніміз білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар және олардың мұғалімдері қолданылатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі (МАН, 54-бет) кеңінен орын алу керек деген сөз.
Мектептегі тәжірибе жинақтау кезеңінде өткізген сабақтарымда курс барысында талқылаған бағалаудың 12 қалыптастырушы стратегиясындағы топтық, жұптық, жеке бағалау түрлерін қолдандым. Атап айтсам, топтық бағалауда «Екі жұлдыз, бір ұсыныс», А бақылау парағы, «Бармақ арқылы» бағалау, «Мадақтау сэндвичі» мен өзін-өзі бағалауда «Бағдаршам», «Смаиликтер арқылы» бағалау сынды бағалаулар оқушылардың қызығушылықтарын арттырып, ілгері талпынуларына ықпал жасады. Аталған бағалау түрлері оқушының атқарған жұмыстарының кемшіліктерін дер кезінде анықтап, кері байланыс орнатуға үлкен септігін тигізді. Нәтижесінде оқушының білім сапасы артып, оқуға деген зейіні мен ынтасы қалыптасты.
Тізбектелген сабақтар топтамасы 4 сыныптың әдебиеттік оқу пәні бойынша халық ауыз әдебиеті тарауындағы «Бес ешкі», «Қорқыт», «Қарабатыр», «Ормандағы оқиға» тақырыптары қамтылған орта мерзімді жоспарлауды ұйымдастырудан басталды. Сыныптағы зерттеу жұмысын бастамас бұрын орта мерзімді жоспарлаудан күтілетін нәтижені айқындай отырып өзімді өзім тексере мадақтау арқылы формативті бағаладым. Екінші сабағым «Қорқыт» тақырыбында оқушы үшін қолжетімді әрі тиянақты болып келетін сабақтың мынадай оқу мақсатына негізделді : Қорқыт ата өмірі туралы білу; ертегі мен аңыздың айырмашылығын түсіну; жер-су аттарын картадан тауып үйрену. Осы арқылы сыныптың барлық оқушылары Қорқыт ата өмірі туралы біледі, оқушылардың көпшілігі ертегі мен аңыздың айырмашылығын түсінеді, ал тек кейбір оқушылар жер-су аттарын картадан тауып үйренеді.
Сынып ішінде жағымды ахуалды қалыптастыру оқушы арасында бір-біріне деген сенімді орнатады. Жаңа тақырыпқажол салу мақсатында алдымен оқушыларды топқа біріктіріп алғанды жөн санадым. Осылайша қима қағаздарды құрастыру арқылы топқа біріктіремін және жаңа тақырыпты ашамын. Ақын, жыршы, қобызшы деген сөздерді сабаққа деген қызығушылықтары арқылы лезде құрастырып белсенділік танытты. Осы сөздер арқылы топтарға біріктірілген оқушыларға «Ой қозғау» әдісінде сұрақ қою техникасын қолдану арқылы сұрақтар мазмұны мен деңгейі күрделендіріп отырды.
М: Халық ауыз әдебиеті үлгілеріне нелер жатады?
О: Ертегі, аңыз әңгімелер.
М: Ертегі мен аңыздың арасындағы айырмашылық қандай?
О: Ертегі халық аузында жүрген қиялға берілген әңгіме болса, аңыз нақты бір жағдайға байланысты қалыптасқан мазмұнды әңгіме.
М: осы ертегі мен аңыздың айырмашылығын жақсы түсіндірдің. Енді осыларға мысал келтіріп берші.
О: Ер Төстік, Толағай, Мақта қыз бұлар ертегіге жатады апай, ал аңызға тарихи әңгімелер жатады, солай емес пе ?
Мұғалім мен оқушы арасындағы аталмыш диалог арқылы оқушы да өзінің аңыз атауларын білмейтінін білдіртпес үшін менің өзіме қайта бағыттау сұрағын қойғаны қуантты.
Балаға ұсынылған материалды бейне көрсетілім арқылы ұсынса онда 30 % есте сақтау арқылы визуалды түрде қабылдайды. Сынып оқушыларының таным қабілеттерін ескере Қорқыт туралы бейнежазба көрсетілді. Не түсініп, нені көргенін, не айта алатынын анықтау үшін оқушыларға бейнежазбаға сәйкес жабық сұрақтар қойылды.
Қорқыт ата кім болған?
Қорқыт ата қандай аспап жасады?
Қорқыт ата қай жерде дүниеге келген? деген сияқты сұрақ-жауаптар белсенділік танытқан оқушыларға Жарайсың! Өте жақсы! Керемет! деген сөздерін айтып, мадақтап отырдым. Баланы мақтап отыру да керек, себебі, баланы мақтасаң, оның бойында ынта пайда болады. Бірақ баланы мақтай отырып, оның кемшілігін де айту керектігін басшылыққа ала отырып, оны түзету керек екенін ұмытпаған абзал. Сонда ғана біз баланың жан-дүниесі мен еркін ойлау қабілетін түсінеміз.
Топтағы оқушы рөлін бекітіп,уақытпен санаса жұмыс жасау негізінде топтық жұмыс басталмас бұрын «А бақылау » парақшасына уақыт бөлдім. «Таймкипер», «Хатшы», «Төраға», «Баяндамашы», «Топ басшысы» деген рөлдерді бөлісе жұмыс жасаған топ мүшелерінің ұсыныстары мен идеялары парақшаға түсіріліп отырды. Парақшада топ мүшелерінің өз міндеттерін дұрыс атқарып, белсенділік танытулары топ басшыларының бақылауымен жазылған. Оқылған парақшаны тыңдай отырып, бұл бағалау арқылы ұққаным, әрбір оқушы өзінің топта қалай жұмыс жасағанын аңғарады, рөлдік міндетіне бейімделеді және кез келген оқушы назардан тыс қалмайды.
А бақылау парағы
Бағалау өте маңызды мақсаттарға бағытталып, әртүрлі ақпарат ресурстарына сүйенуі тиіс. Яғни бала дамуын қамтамасыз ететін, сәйкес нұсқау тәжірибелерін ұсынып, қолданылуы тиіс. Осы орайда, жұптық жұмыстағы түрлі ақпараттық ресурстарға негізделе отырып жасалған сәйкестендіру тапсырмасы бойынша оқушыларға жұмыс соңында дұрыс жауап тақтадан көрсетілді. Оқушылар өз жауаптарының дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп «Бағдаршам» әдісі арқылы өздерін бағалай отырып, өз қателіктерін ойға түйе білді.
«Бағдаршам» арқылы формативті бағалауы
Сабақтың қорытынды бөлімінде пайдаланылған «Қос құты» әдісінде оқушылар аңыз бен ертегінің айырмашылығы мен ұқсастығын ажырата отырып, өз білімдеріне «Бармақ арқылы»формативті бағалау жүргізді. Сынып оқушыларының 90 пайызы бармақтарын жоғары көтерді.
Ыбырай Алтынсариннің «Қарабатыр» ертегісі бойынша өткізілген келесі сабағымның топтық жұмысына «Фишбоун» әдісін пайдалана отырып, 3 топқа тапсырма берілді. 3 топта Қарабатырдың елге қайтудағы кедергілері мен одан шығудың жолдарын балық қаңқасына топтаса отырып өз ойларын керемет орналастыра білген. Оқушылардың пікірлеріне тоқталсақ,
-Қарабатырдың аш болуы;
-Құстардан көмек ала алмауы
-Жаудың ортасында қалуы;
деп бере білсе, одан шығудың жолдарын
-Қой бағып жүріп, сүтімен қоректену;
- жаудан тығылып барып, қашу;
- құстармен дос бола білгенде:
деп көрсете білген және соңында «Туған жердің түтіні оттан да ыстық»деп түйінді ой білдіре берген. Бұл топтық жұмысты сырттай бақылау барысында ұққаным,топтық жұмыс жеке тапсырмаларды емес, анағұрлым күрделі тапсырмаларды шешуді көздейді. Сабақ кезеңдерінде «Фишбоун» әдісін алғаш қолдансамда оқушылар жұмыс жасауда өз ептіліктерін, сыни ойлау дағдыларыныңбар екенін бере білген. «Фишбоун» әдісін қолданудағы мақсатым, сын тұрғысынан ойлау модулімен ықпалдаса отырып, соның ішінде оқушының талдау дағдысына бағытталып отырды, талдау, жинақтау болған жерде оқушылар арасында диалог жүреді. Демек, сол күнгі сабақтан оқушы 50% меңгеріп кетеді.
Сабағымның өн бойында да «Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау» модулі көрініс тапты.Оған дәлел, «Фишбоун» әдісі арқылы жүргізілген топтық жұмысты «Мадақтау сэндвичі» арқылы бағалау жүргізілді. Аталған бағалау түрінде топтар бір-біріне сыни көзқарас таныта отырып, олардың жақсы жақтарын да көре білді. Алдағы жұмыстарға ұсыныс пікірлер де өздерінің тарапынан айтылды. Алайда бағалауға берілген уақыт 5 минутқа созылды. Бұған себеп, оқушылардың әлі де болса бағалауға, сын, пікір айтуға төселмегендігінен деп білдім.Дегенмен, формативті бағалауды сабақта қолдану баланың тақырыпты қалай меңгергенін білу үшін қажеттігін түсіндім. Осының нәтижесінде оқушылар өзгенің пікірін тыңдап, оны саралай білуге, тақырып аясын түсінуге, өз-өзіне және бір-бірін бағалауға бейімделгені байқалды.
Достарыңызбен бөлісу: |