2.2. 5-9 СЫНЫП АРАЛЫҒЫНДА СИНТАКСИСТІ ОҚЫТУДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН КЕРІ БАЙЛАНЫС ТҮРЛЕРІ
«Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасы білім алушысына қазақ тілін ана тілі ретінде тілдік қатынас және таным құралы ретінде оқытуды, сөз, сөз тіркесі, сөйлемнің мәтін түзімдік қызметін танытуды, тілдік бірліктердің табиғатына сай мәтін құратуды, мәтін құратудағы заңдылықтарды үйретуді, тілдік жағдаяттарда ауызша және жазбаша сөйлеудің нормаларын меңгертуді, әсерлі сөйлеудің лексика-грамматикалық тәсілдерін меңгертуді көздейді.
«Қазақ тілі» пәнінің оқу бағдарламасы функционалдық-коммуникативтік бағытқа негізделіп құрастырылды. Ол оқушылардың тіл туралы түсініктерін тереңдетіп, ұлттық мәдениет пен әлемдік мәдениеттің маңыздылығы туралы түсініктерін кеңейтеді.
Дәл бүгінгі таңда жаһандану дәуірінің ұлттық құндылықтарға төндіріп тұрған қаупі үнемі қаперде болуы ескеріліп, бүкіл ұлттық құндылықтардың ұйытқысы қазақ тілін оқытуда басшылыққа алынған тенденциялар, оларды жүзеге асыру жолдары мен тірек қағидалары мыналар:
1) қазақ тілін оқытуды мемлекеттің даму стратегиясымен бірлікте қарау;
2) тілді оқытуды белгілі бір пәндік дағдыларға емес, білім алушының тұлғалық қабілеттерін дамытуға бағыттау;
3) тілдік білім мен біліктерді ХХІ ғасыр адамының бойында сөйлеу мәдениетін, ойлау мәдениетін және адамгершілік мәдениетті қатар дамытуға, қарым-қатынас мәдениетін бейімдеп, құзыреттіліктер қалыптастыруға бұру;
4) тілді ұлт болашағының мәдени иммунитетін қалыптастырудың тетігі ретінде оқыту. Тілге деген жауапкершілік пен патриотизмді тәрбиелеуге жаңа прагматикалық көзқарас тұрғысынан келу, тілді оқытудың құндылықтық бағдарын сабақ барысында күшейту.
Кері байланыс әрекетін ұйымдастыруда көзделетін басты мақсат: Оқушының саналы ішкі рефлексиясын даярлау, сол арқылы қазіргі кездегі маңызды болып саналатын өз бетімен еңбектену, бәсекеге қабілетті болу, алғырлық сияқты қабілеттерін дамыту.
Сабақтағы кері байланыстың үш түрі бар. Бірінші – көңіл күй мен эмоциялық жағдайды анықтауға арналған кері байланыс. Көңіл күйді әртүрлі суреттер, смайликтер және бояу түстерімен анықтау. Мысалы, «Алма ағашы» деп алайық. «Алма ағашы» әдісінде оқушыларға сабақ басында түрлі-түсті алма беріледі. Сабақ соңында оны алма ағашына ілу керек. Жасыл түсті алма мен бүгін бәрін жақсы орындадым, сондықтан, көңіл күйім көтеріңкі, қызыл түсті алма мен тапсырманы орындай алмадым, көңіл күйім жоқ дегенді білдіреді. Ал «Бір сөзбен» әдісі барысында оқушылар берілген сөздердің ішінен сабақтағы жағдайын сипаттайтын қуаныш, немқұрайлылық, шабыт, зерігу, сенімсіздік, сенімділік, рахаттану, алаңдау сияқты сөздерден үш сөзді таңдайды.
Екінші, сабақтағы іс-әрекетке қатысты кері байланыс. Мысалы, «Табыс сатысы» әдісінде кәдімгі сатының суреті беріледі. 1-ші баспалдағы Мен ... білемін, 2-ші баспалдағы Мен ... түсінемін, 3-ші баспалдағы Мен ... жасай аламын.
Үшінші, оқу материалының мазмұнына берілетін кері байланыс. «Бұрын мен білмеуші едім. Енді білемін» деген сияқты ой-пікірлерін білдіру болып табылады. Мысалы, «Плюс, Минус, Қызықты». «Плюс» – оң әсер еткен фактілері, алған білімдері жайлы жазады. «Минус» – қолымнан келмей жатыр немесе түсініксіз болып тұр деген ойларын жазады. «Қызықты» дегенде бағанға өздеріне қызықты болған жайтты немесе көбірек білгісі келетін дүниені жазады. «Аяқталмаған сөйлемдер» әдісінде: Мен бүгін білдім... Мен бүгін сезіндім... Мен келесі сабақта білгім келеді ... – деген сөйлемдерді аяқтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |