Жунусбекова Д.А.
Бастауыш мектеп мұғалімі
Әлеуметтік желінің мектеп оқушыларына әсері: кері ықпалы мен тигізер әсері
Кез келген мемлекеттің болашағы жастар. Жастардың өмір сүру әдебін, қызығушылығы мен талпыныстарын, жетістіктері мен кемшіліктерін сараптай отырып мемлекеттің болашағын болжауға болады. Жастардың бүгінгі күні әлеуметтік-экономикалық мәселелері кеңінен талқыланып, шешу механизмдері іске асып жатыр. Дегенмен, біз қарастырған мәселе — жастарға зор пайдасы әрі мол зияны бар — «Әлеуметтік желі мәдениеті».
Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ саяси ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Р.Бердібаев «Экономика» республикалық апталық газетіндегі мақаласында әлеуметтік желі мәселесінің қоғам дамуына тигізетін кері әсерлерін талдап, шешу жолдарын көрсетеді. Интернет торабын, әлеуметтік желілерді ауыздықтау мүмкін емес. Алайда, қоғамның дұрыс дамуы үшін, жас ұрпақтың адами келбетіне, денсаулығына, ой-өрісіне келетін зиянды азайту мақсатында:
– отандық әлеуметтік желілерді дамытып, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету;
– интернеттің ұлттық ресурстарын, әсіресе қазақ тілінде балаларға арналған ресурстарды дамыту;
– педагогог ғалымдар тарапынан компьютерлік оқыту формаларын зерттеп, әдістемелік нұсқаулар жасау, сонымен бірге балалар, жасөспірімдер, ата-аналар арасында жүйелі түрде компьютерлік ойындармен, әлеуметтік желілермен аса әуестенудің зияндығы туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру;
– жасөспірімдер арасында ақпараттық мәдениет тақырыбына зерттеулер, арнайы курстар өткізу қажет.
Әлеуметтік желі үйдегі ас тұзы секілді. Күнделікті қолданыста өте қажет, бірақ мөлшерден көп қолданса денсаулыққа зиян. Бір ғана айырмашылығы — ас тұзын қолдану есебі, ережесі, мәдениеті қалыптасқан. Ал әлеуметтік желіні қолдануда бізде есеп те, ереже де, мәдениет те жоқ. Есеп пен ереже болмаған жағдайда мәдениет қайдан болсын. Мүмкіншілігі мол, зияны зор ғаламды торда ұстап отырған ғаламтор әлеуметті ұлттық дамудан айырады. Сондықтан желі қолданушылары үшін әлеуметтік мәдениеттің біркелкі жолын жүйелеп қалыптастыру, оны қоғам санасына сіңдіру жаһандану заманында жастарға жүктелетін маңызды миссия. Себебі әлеуметтік желіні көп қолданушылар да сол жастар.
Әлем бойынша сайттың қолданушылары 50 миллион екен. Бұған дейінгі заманда әлеуметтік желі болған жоқ, сәйкесінше ешқандай әдет, қағида қалыптасқан жоқ. Біздің пайымдауымызша, әлеуметтік желі мәдениеті мәселесін көтеру, шешу жолдарын ұсыну бүгінгі күні өзекті.
Жалпы, «Әлеуметтік желі мәдениеті» деген не? Әлеуметтік желі – ақпарат алмасу, қарым-қатынас жасау және уақыт үнемдеу құралы. Әлеуметтік желі мәдениеті – әлеуметтік желіні қолдану, кез келген әлеуметтік желі қолданушысы қандай әрекетті істеуге болатындығын немесе болмайтындығын айқындайтын, жасағалы отырған жұмыстың шегін белгілейтін жалпы қағидаттарының жиынтығы.
Қазіргі таңда әлеуметтік желінің жастар өмірінің күн тәртібінде алар орны орасан зор. Бұл – қауіп. Қарапайым жас (ол мектеп оқушысы, студент, жас маман) таңертең ұйқысынан тұрған сәттен-ақ әлеуметтік желіге қосылуға мүмкіндік беретін аппаратқа (телефон, планшет, ноутбок және т.б.) қарай беттейді. Содан сабақта, жұмыста, көшеде, үйде де желіде отырады. Түсте, кешке тамақтанғанда, үй тапсырмасын орындағанда, үй шаруасымен айналысқанда жастардың барлығы аталған істермен бірге, әлеуметтік желідегі шаруасынан қол үзбейді. Соңында, негізгі жұмыстары аяқталмайды және назар аударып орындамаған үй тапсырмасын көңіліне толық түймейді. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Еріншектен – салақтық, салақтықтан – надандық, Бірінен-бірі туады, Жоғалар сөйтіп адамдық» дегендей, еріншектікке таң атқаннан жіпсіз байлайтын осы әлеуметтік желі.
Осы орайда әлеуметтік желі мәдениетін қалыптастыруда ең басты ескеретін 3 мәселені ұсынамыз:
Қолдану уақытын белгілеу. Тәулігіне өтетін 24 сағаттың 8 сағатын – күнкөріс жұмысқа, 8 сағатын – ұйқыға, 8 сағатын – өзімізге пайдалы өзге ісімізге жұмсауымыз қажет. Ал әлеуметтік желіні тұрақты қолданушылар 24 сағаттың 6 сағатын – күнкөріс жұмысқа, 6 сағатын – ұйқыға, 6 сағатын өзіне пайдалы деп санайтын өзге істерге, ал қалған 6 сағатын әлеуметтік желіге арнайды. Бұл – қазіргі заманда үйреншікті жағдай.
Ақпарат қабылдау, тарату, түсіну жолдарын үйрететін арнайы курстар ашу. Өйткені жастар ақпараттың 90 пайызын дерлік әлеуметтік желіден алады. Алынған ақпараттың оң, солын ажырата алмай адасып жүреді. Оны желі арқылы таратады. Сонымен өздері адасып қана қоймай, қоғамды адастырады. Сөйтіп, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді».
Тіл тазалығын реттеу. Тіл сауаттылығының сақталып қалуы үшін әлеуметтік желі қолданушыларына арналған, қарым-қатынас жасау нормаларын үйрететін интернет-нұсқаулық жасау керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні деп түйгеніміз, кез келген жас азамат өзінің күн тәртібіндегі әлеуметтік желінің әкелер пайдасын пайымдап, зиянын зерделеп, онымен жүйелі түрде айналысу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |