«С.Сәдуақасов өзінің Мәскеудегі «Огонек» баспасынан шыққан «Жас Қазақстан» атты жинағында Абайға, Ақмоллаға, Байтұрсыновқа, Әуезовке ескерткіш орнату керектігін ұсынады»,– деп жазғырды.
Абай мен Әуезовке ескерткіш бар, ал Байтұрсынов пен Ақмолла туралы ұсыныс әлі де күшінде қалғанын еске сала кетеміз.
Сонымен, Әбдірахман Байділдин әскери барлаушы ма, жоқ па? Колчак армиясына қызмет етті ме, жоқ, мұның барлығы алаңғасар адамның аңғалдықтан туған аңызы ма? «Айыптау қорытындысына»:
«Байдiлдин студент кезiнде ұлтшыл жастардан құралған ақгвардияшылардың жасағына өз еркiмен кiрген, сонымен қатар Колчактың 3-армиясының қарсы барлау бөлiмiнiң жасырын агентi болған»,– деп жазу үшін де тұтқында отырғандардың біреуінің көрсетіндісіне сүйенуі тиіс болатын.
Біздің жорамалдауымызша, оған қылмысты істі қозғауға іліктескен суретке байланысты түсінік берген Д.Әділевтің:
«Байділдин мен Бірімжановтың және (?)...нің Ташкентте түскен суреттерін көрдім. Мен Омбыда Колчактан тығылып жүргенімде Байділдин мен Жанайдар Сәдуақасов келіп тұрды. Жанайдар екеуміз Колчакқа қарсы көтеріліс ұйымдастыруға дайындалып жатқамыз. Көтерілісті басып тастады. Омбыдан жасырын кетуге Байділдин көмектесті. Оның алдында ол Бөкейхановпен бірге Самар қаласындағы кеңеске қатысып келген»,– деген мағлұматы себепкер болған.
Өзге деректі былай қойғанда: “Ол Бөкейхановпен бірге Самар қаласындағы кеңеске қатысып келді»,– деген бір сөйлемнің өзі тұтқындауға жетіп жатыр еді. Алайда Әбдірахман Байділдиннің “партизан, большевик, мектептес досы” Дінше – Дінмұхамед Әділев мұнымен де шектелмейді, ГПУ-дің тергеушісіне одан әрі:
“Мен Байділдинмен патшаның тұсында Омбыдағы оқушы кезімде таныстым. Өзге де оқыған қазақтар сияқты ол да ұлтшыл болатын. 1918 жылдың басында, мен халықаралық пролетарлық 2-Омбы партизан отрядына ерікті жауынгер боп жазылған кезімде өзге де ұлтшылдар сияқты Байділдин де менің бұл әрекетіме қарсы болды, мені майданға аттанудан бас тартуға үгіттеді. 18-жылдың күзінде Омбы қаласына жеттім, онда ұзақ уақыт жасырынып жүрдім, Сәдуақасов Жанайдар маған үнемі қатынап тұрды. Бірде маған Байділдин де келді. Жанайдар Байділдинге сенімсіздікпен қарайтын, алайда одан қандай да бір қастандықты күтпейтін. Ол уақытта Байділдиннің белгілі бір саяси бет-бағдары қалыптаспап еді. Ол екі ойлы болып жүретін, кәдімгі ұсақ буржуазияның өкілі ғана қалпын сақтады. 1918 жылдың соңына ала Омбыда Колчакқа қарсы большевиктердің көтерілісі ұйымдастырылды, оған қазақтардың арасынан мен және Жанайдар қатысты. Көтеріліс жанышталды да маған Омбыда қалуға мүлдем болмайтын болды. 19-жылдың қаңтар айында ауылына демалысқа кетіп бара жатқан Байділдинге ілесіп Петропавл арқылы мен соның ауылына жүріп кеттім. Жанайдар Сәдуақасовтың куәлігімен Петорпавловскі қаласына бардық. Арада біраз күн өткен соң Байділдиннің ауылына да келдік. Казактар онда да тыныштық бермей, мені іздей берді. Содан Жетісуға (?) кеттім. Байділдин де кейін сонда келді. Біз онымен бір бөлмеде тұрдық. Смағұл Сәдуақасовпен, Әшім Омаровпен Байділдин жақсы таныс болатын. 1922 жылы мен қырда жүргенде ол Досмұхамедов пен Рысұловтың ұсынысы бойынша Орынборға қызметке ауысты», – деп қайыра түсініктеме берді.
Бұдан кейін Әбдірахман Байділдиннің Ташкентте түскен суретке қатысы баяндалады.
Осы мәліметке қайырған жауабында «Қалам» әдеттегісіндей:
Ә.Байділдин (жалғасы): «1921 жылы қараша не желтоқсан айында Қазаткомның сессиясына қатысу үшін Орынборға келдім. Әуелі Сәдуақасовтың, содан кейін Әділевтің пәтерінде тұрдым. Сәдуақасов маған жастарды ұлтшылдыққа үгіттейтін кітапшасымен таныстырды. Кітапшаны таратуға көмкектесуді өтінді. Әділев пен Әшім Омаров Сәдуақасовпен бірге істейтін. Смағұл Москваға кеткен кезде мен Әділевпен бірге тұрдым. Сонда мен Әділевтің бұрынғыдан өзгергенін, теріс жаққа бет алып бара жатқанын байқадым. Бөкейханов оның бөлмесіне күнде келетін, анекдоттар айтатын, шығыс халықтарының тарихынан мысалдар келтіретін, көркем шығармалар оқып беретін, сөйтіп оны тәрбиелеуді қолына алды. Сәрсенов те анда-санда кіріп кететін. Мені Меңдешевке қарсы айдап салды, мен келесі күні фракция құруды талап еттім, Меңдешевті бұрынғыдан да бетер айыптадым»,– деп саяси мінездеме беруден бастайды.
Әрі қарай «саяси пікірін» тек қана өзіне тән қазымырлықпен жалғастырып, Орынбор мен Ташкенттегі астыртын ұйымның арасындағы байланысшы болғанын:
Ә.Байділдин: «Әлі есімде, 1922 жылы мен Ташкентке комсомол сьезіне бардым. Байтұрсынов маған: Бірімжановқа тапсыр,– деп жабық хат берді, оны оқымастан мен Бірімжановқа апарып бердім. Мен Бірімжановтың пәтерінде тұрғанымда ол Қазақстандағы жағдайдың қандай екенін сұрастыра отырып, олардың Заки Валидовпен және Әнуар пашамен астыртын байланысының бар екенін, олармен байланыс орнату үшін Бірімжанов пен сол кезде Ташкентте тұратын Болғамбаевтің барып қайтқанын айтты. Олармен қоса Әділев те барыпты. Бұл туралы Қожанов жақсы хабардар болыпты. Айтпақшы Қожанов мені Қожановқа қарсы боп жүрген комсомол хатшысы Мұратбаевпен татуластыруды өтінді. Мұратбаев екеуміздің қарым-қатынасымыз жақсы еді. Ақыр соңында мен екеуін табыстырдым, істің мүддесі үшін олар бірге жұмыс істеуге тиіс еді.
Мен Қожановпен әңгімелескен кезде, ол маған қызық бір жайды айтты, мен одан өзімнің жақсы танысым Әділев туралы сұрадым. Қожанов: Әділев Ташкентке 1920-1921 жылдары келді, Қожановпен, Болғамбаевпен бірге қызмет істеді. Әділев өте қызу мінезді жігіт, ол бірнеше рет оның әптігін басуға тырысыпты, орынсыз бір нәрсеге ұрынып қалудан сақтандырыпты. Сөйтіп жүргенде ол басмашылар жағына шығып кетіпті, соңғы кезде қызылдардың қолына түсіп, қашып шығыпты, тауда жасырынып жүріп, жоғалып кете жаздапты, дертке шалдығып, денсаулығын жоғалтып алып, азапқа түсіпті, әбден титығы шығып барып осында оралыпты. Қожанов оны өзінің пәтерінде жасырып ұстапты, денсаулығы түзеліп, жазылған соң 1922 жылдың тамыз не қыркүйек айында шығарып салыпты. Мұның барлығы мені «Алашорда» жағынан әлдебір контрреволюциялық әрекет жүріп жатқандығына сендірді, осы бір лаңды іске санасыз түрде болса да мен де, яғни мына Байділдин де қатысты»,– деп (сонда, 3-том, 2-кітап, 67-68 беттер) баяндап, өзіне де, Әділевке де саяси қылмыскер ретінде баға берген.
Әрине, тергеу хаттамасы: «Осы бір лаңды іске санасыз түрде болса да мен де, яғни мына Байділдин де қатысты»,– деп еркінсіген астарлы мәнерді, стильдік көркемдік тәсілді көтермейтін. Соның арасынан: «Лаңкестік әрекетке қатысты», – деген сөз ғана кәдеге жаратылатын.
Солай болды да.
2.
Осынау бір тағдыр тәлкегіне ұшыраған азаматтың тұрлаулы, тұрлаусыз айғақтарын бұдан әрі қазбалаудың ретін таппадық. Тек өзінің барлық мінезі ашылатын, өзінің сөзін абсолютті шындық деңгейінде сезінетін және өзгелердің де солай қабылдауын талап ететін, кеңес өкіметі тарапынан да сондай бір астарсыз сенім күткен «Әбдірахман Байділдиннің – өзінің БКП (б) қатарынан шығарылуының негізсіз екендігі туралы БКП (б) орталық бақылау комиссиясына» 1929 жылы 20 маусым күні жазған өтінішін сәл қысқартып беруді лайық санадық. Себебі, осы «Өтініште» оны өлім жазасына алып келген оқиғаның жай-жапсары толық қамтылған. Ол:
«Қазақстанның басшы партия қызметкерлерін тексеру жөніндегі құрамында: Булин, Каримов және Богданов бар, БКП комиссиясы, мені партия қатарынан шығарды. Комиссияның шешімі төмендегідей:
Байділдин Әбдірахман, 1920 ж. БКП(Б) мүшесі. Партиялық билеті № 09552, 1898 жылы туған, байдың баласы, интеллигент, орта білімі бар, өлкелік комитеттің мүшелігіне кандидат, ҚазМУ-дың оқытушысы. 1917 жылға дейін оқыған, «Бірлік» алашордашыл жастар ұйымына қатысқан, Колчакқа белсенді түрде көмектескен. Колчак үкіметі тұсында Бөкейхановтың (Алашорданың көсемі) адъютанты ретінде Уфа және Самара қаласындағы демократиялық кеңеске қатысқан, алашорданың жасағы үшін қару мен киім алуға барған. 1919 жылғы Сібірдегі Колчак үкіметі тұсында Колчактің үшінші армиясы штабында қарсы барлаушы ретінде есепте тұрған. Ол мұны партияға өткен кезде жазған өмірбаянында жасырып қалған. Бұл туралы тек ұйымда өткен тексеру кезінде ғана айтты. Алайда үштікттің ол туралы мәліметі бұрын да бар болатын. Партия қатарында жүрсе де 1924-ші жылға дейін «Алашорда» қайраткерлерімен байланысын үзген жоқ. 1925 жылға дейін сәдуақасовшылардың ұлтшылдық тобында белсенді қызмет етті. 1925 жылдан бастап бұл топтан қол үзіп, партияның тура жолына түсті. 1925 жылдан бастап өлкелік комитеттің мәдени-ағарту науқанына белсенді түрде көмектесіп келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |