Бұл үкім шыққан кезде Мағжанның атасы Жұмабайдың да, әкесі Бекеннің де (Бекмұхамедтің де) шаңырағы ортасына түсіп еді. Ғадылша Қаһарманұлының мағлұматы бойынша, Жұмабайдан қалған тұқым-тұқиянның барлығы, соның ішінде: «Бекеннің 9 баласы түгелімен қуғынға түседі. Олардың басты айыптары – Мағжанның туысы болғандықтары. Мәселен, екі ағасы Әбәммүсілім мен Қаһарман, інілері Мұхамеджан мен Сәлтай «халық жауы» деген атпен тұтқынға алынды. Ал ең кіші інілері Қалижан мен Сабыржан 1930 жылы қырғыз ағайындарға барып, сол жақта қалып қояды... Осы Жұмабай әулетінен айдауда он жыл өмірін өткізіп, еліне қайтып келгені тек Мұхамеджан мен Сәлтай... Бекеннің тоғыз баласынан тірі қалған ешкім жоқ. Бекеннің ұл-қыздарынан ұрпақтар көп тараған, олар қазір Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Қарағанды, Ақмола және Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен облыстарында, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Солтүстік Осетияда тұрады. Ағамыз артына тұяқ қалдыра алмаса да, өлмес мұрасы қалды»,– деп жазады бір өкініш, бір жұбанышпен.
Сөйтіп, Мағжанның қаны орыс, қырғыз, тәжік, осетин ұлттарының тамырында соғып тұр.
Иә, бір өкініш, бір жұбаныш. Әлмисақтан бері сүзіліп келген тұқымның текті үрімі, махаббатшыл сұлу сезім осылай, үзілді.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ: «ЗАМАНЫНЫҢ СҰРҚЫЛТАЙЫ»
(Әбдірахман Байділдин)
1.
«Алашорда ісінде» тергеуге әрі тосын, әрі орынды тартылған бір түсініксіз тұлға, дәлірек айтсақ, түсініксіз тағдыр иесі бар. Омбыда С.Сейфулинмен, М.Жұмабаевпен, С.Сәдуақасовпен, Ж.Сәдуақасовпен, Д.Әділевпен қатар оқыған. Өмір жолын ұлт тағдырына араласқан алаш ұранды жас қазақтардың сапында бастаған. Тіпті, «Алашорда» үкіметін құру жолында Ә.Бөкейхановқа көмекші де болған. Замандастарының естелiктерi мен Ғалым Ахмедов дегдардың сыпаттауына қарағанда: мiнезi қызба, әлiптiң артын бақпай сөйлеп, соңынан өкiніп жүретін адам екен. Ол – тергеу барысында ерекше белсенділік көрсеткен және қиыннан қиысып келіп «сұранды» болған адам – Әбдірахман Байділдин.
Анкеталық анықтама: «32 жаста, қазақ, Петропавл уезінің “арғын” руынан шыққан, үйленген, орта білімі бар, ВКП /б/ қатарынан шығарылған, бұрынғы «алашордашы». Оны кеңес қызметіне тартқан Омбыда бірге оқыған сабақтасы Смағұл Сәдуақасов.
Қаншама түсiнуге тырысқанымызбен осынау адамның iс-әрекетiн ақтайтындай уәж таппадық. Еркіндікте жүргенде және партиялық тазалау кезінде өзі туралы: «Алашорда» жасағының қаруын вагонмен тасыдым, Колчактың барлаушысы болдым», – деп көпшілік арасындағы әңгімеде күлкі үшін айтып жүреді екен. Сондай-ақ: Мұхтар мен Смағұл Колчакқа қызмет еттi – деп баспасөз арқылы ашық жариялап, жазбаша куәлiк те берген.
Сонда Әбдірахман Байділдин қандай мақсат көздеді? Сауатты, аса намысқой, бірақ... «ырғасуға, бопсаға дәрменсіз» Байділдиннің түсініксіз, тіпті кейде алаңғасарлыққа бейім әрекеттерін замандастары оның әсіре мінезімен байланыстырған. Мұны ГПУ тергеушілері ұтымды пайдаланып, оған:
«Большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргiзу үшiн студент кезiнде ұлтшыл жастардан құралған ақгвардияшылардың жасағына өз еркiмен кiргенi, сонымен қатар Колчактың 3-армиясының қарсы барлау бөлiмiнiң жасырын агентi болғаны үшiн айып тағып», жауапқа тарттты.
Басында барлығы да бұған “Барлаушы!” деп кекетіп күле қараса керек, ақырында ол «күлкі» тез тиылып, ату жазасына алып келді.
Қисынды-қисынсыз сөйлеп, әр нәрсеге ұрынып, әр кімге айып тағып, «солақай сыншы» атанған Ә.Байділдинді ерекше мекеменің тергеушілері де жақтырмапты. Ол туралы тергеушілер ОГПУ-дің бастығы Мироновқа:
«Осындай міңкілшілдердің қатарына баспасөз бетінде Байтұрсынов пен Дулатовты жиі сынап жазатын сыншы Байділдинді қосуға болады. Астыртын контрреволюциялық ұйымның жетекшілерінің бірі бұл адам туралы: «…Байділдин күндіз Байтұрсыновты сынайды, ал кешке қарай Байтұрсыновтың және тағы басқа да алашордашылардың құпия жиналысына қатысады» – деп көрсетті»,– деп кекете мағлұмат берген.
Бұл да тағдырдың мазағы шығар. Әуелі көрсетінділерін еркіндікте жүріп жазғандықтан да «сырттан» атанған Ә.Байділдин, енді «ішке кіріп, іштен шалатын» сұқсыр болды. Өзінің қалай арбалғанын Ә.Байділдин:
«Хаттама. 1929 жыл, 6 шілде. Алматы. Мен, Байдилдин, Логачев жолдасқа жауап беруге ешқандай құлқым соқпай тұр. Себебі, кеше ол маған жолдастыққа жатпайтын мінез көрсетіп, менің намысыма тиді. Ол маған: сенің қамаққа алынуың өзіңді-өзің әшкерелеген аса қомақты құжаттарды қолға түсіруге мүмкіндік берді, сенің партиялығыңның түкке де керегі болмай қалды, мен ГПУ-да істеп жүргенде сенен де биік самғап жүрген “қырандарды” торға түсіргемін, – деп кіжіңдеді. Осыдан үш-төрт күн бұрын мені тергеуге алғандағы жұмсақтығын ұмытып, кеше өзінің маған деген қас-қабағын мүлдем өзгертті. Алдыңғы жолдары ол адам айтқысыз кішіпейілділік танытқан еді. Сөйтсем бұл тергеуші барып тұрған көзбояушы екен әрі мені жек көретін болып шықты. Міне, сондықтан да мен оған қандай да болмасын жауап беруден бас тартамын»,– деп баяндап, батыл мәлімдеме де жасады.
Өкінішке орай, бұл кезде «жасырынбақ ойын» аяқталып, «барлау ойыны» осылған болатын.
Сөйтіп, Ә.Байдилдин «өзін-өзі жау ретінде әшкерелегенін» кеш біліп, енді өзін-өзі ақтауға барынша жанталаса кірісті. Тергеуге қызмет еткен адамды тиісті дерек жинап болған соң, құпия мекеменің дәстүрі бойынша, оны түрмеден шығармай көзін құртуға тырысатынын қайдан білсін. Тергеушілер «Қалам» деген лақап ат берген Әбдірахманның да тағдыры соның керін құшты.
Мұның өзіндік мәнісі мынада. Тергеу ісіне Әбдірахман Байділдиннің 15-тен астам көрсетіндісі тіркелген, оның кейбіреуінің көлемі машинкамен басылғанда 45 парақтан (90 беттен) асады. Мұндағы әр пікір партиялық үрдіске тән «өткір, ұстамды, ашық» және әр сөзі шегелене жазылған. Жазуы ретті, ұқыпты, жүйелі. Оқиға күн-күнімен, сағат-сағатымен хатқа түсірілген. Әр сөзін құжатпен растап отырған. Әсіресе Смағұл Сәдуақасов пен Мұхтар Әуезовке келгенде қаламын батыра, айызын қандыра баяндайды. Көрсетінделер бірден машинкаға жазылды ма, жоқ, қолжазбадан машинкаға көшірілді ме, ол жағы бізге белгісіз. Авторлық жөндеулер жүргізілген. Соңына ала осы бағытта жарияланған мақалаларының ұзақ тізімі берілген. Өзінің Бутырька түрмесінің №90 камерасында жатқанын да ұмыт қалдырмапты. «Идеологиялық қисындарды» қырнап, басын қосып, тиiстi ғылыми түсiнiктеме беріп жарияласа, жұрттың ықыласын аударатын шежірелік жылнама сыпатындағы қомақты кiтап болатынына бiз кепiлдiк беремiз.
Соның ішінде, ҮІ томның 133-189-беттері аралығын қамтитын «Менің Алашордашыларға қарсы күресім және коммунистермен жүргізген жұмысым» атты жолдары тығыздалып, парақтың екі жағына бірдей машинкаға басылған 90 беттік ұзақ көрсетіндісінің мазмұны ерекше құнарлы. Бұл ұзақ көрсетінді 1929 жылдың 26 қазан күні басталып алғашқы аптада 133-149 беттері хатқа түскен. Ал қалған 150-160 беттері 2-қарашаға дейін, 176-189 беттері 20-қарашаға дейін тасқа басылған. Онда барлық алаш азаматтарына жеке-жеке тоқталып, олардың бәріне саяси тұрғыдан мінездеме беріп шыққан. Бутырканың №90 камерасында жазылған бұл мінездемелердің ерекшелігі сол, оны оқып отырып алаш азаматтарының бойынан ешқандай адамгершілік қасиет табу мүмкін емес.
Ұзақ баяндаулар мен мінездемелердің ыңғайына қарағанда тергеушілер Смағұл Сәдуақасовқа қарсы «Қаламның» қаламын қақпайлап, ойын бағыттап отырған. «Алашорданың» мүшесі болмаса да С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов туралы міндетті түрде қосымша сұрақ қойып, жауаптарын ұқыптылықпен хаттаған.
Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков Лениннiң қабылдауында болып, Солтүстiк облыстар Қазақстанға қосылғаннан кейiн, Семейге қазақ өкiметiнiң атынан Орынбордан арнайы өкiл боп келген Смағұл Сәдуақасов Сiбiр революциялық комитетiнiң Семейдегi құрамын таратып жiберген болатын. Ал сол жылдары Семейдiң губерниялық революциялық комитетiнiң секретары еді. Семейліктер «Кене», «Бүрге» деп атаған бойы бiр қарыс Ежовтың қолына ОГПУ-дiң тегеурiндi тiзгiнiнiң ұшы тиiсiмен «семейліктерді», соның ішінде өзіне үйреншікті және 1925 жылы қыркүйек айында В.В.Молотов мақұлдап берген «қазақ зиялыларын өзара қырқыстыру» (раскол) тәсілін пайдаланып, астыртын арандатумен болды. Жүсiпбек пен Халелдi қанды шеңгелiне түсірген соң Смағұл мен Мұхтардың арасына «Қаламды» – Әбдiрахман Байдiлдиндi сына етiп қаққан сияқты.
С.Сәдуақасовты қалайда түрмеге түсіру бағытындағы Голощекин мен Ежовтың тапсырмасын орындау үшін тергеушілер Ә.Байділдинді басында алдарқатып қолға түсірген. Кейіннен арбау, арандату, қорқыту басталған. Оған жоғарыдағы құжат куә.
Сондай-ақ, бұған қосымша ретінде тағы да «Алашорда әдебиетшілерінің идеологиялық ықпалы» туралы 12 парақ (24 бет) сыни пікір білдірген. Егерде айыпталу бағытындағы қыжылдарды қырнаса кәдімгі көркем пайым, сыни талдау болып шығар еді. Біз үзінді келтірумен шектелеміз:
«...1922 жылдан бастап «Алашордалшылар» көркем әдебиетке ерекше көңіл бөлді, ескі әдебиеттің үлгілері, пьесалар, өлеңдер, әңгімелер, фельетондар т.т. олардың көзқарастарын көпшілікке таратудың таптырмайтын тәсілі болды (бұл туралы толығырақ айтылған 25/ҮІІ - 1/ҮІІІ – 29 аралығындағы және 23.Х. 29 ж күнгі көрсетіндімді қараңыз). Ахмет Байтұрсынов жазушыларды бұл майданға белсене қатысуға шақырып: «Қазақ жазушылары өзінің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек»,– деп үндеу тастады («Партия» (- ?) журналының 1920 жылғы №5-6 санында жарияланған «Ложка дегтя в бочке» атты мақаладан алынған қиындыны қараңыз). Сол үндеуге қосылған М.Әуезов пен Д.Ысқақов өздерінің 1923 жылғы мақалаларында («Шолпан» мен «Сана» журналдарының 1923 жылғы сандарындағы олардың сын мақалаларын қараңыз) әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғысынан түсіндірді. Аймауытов, Кемеңгеров, Сәрсенбин де 1924-1925 жылдары жазған мақалаларында («Ақжол» газетінің 1924-1925 жж. тігіндісін қараңыз) тура сол жолды ұстанды. Алашордашыл бұл жазушылар өздерінің осы мақалаларында әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғыдан талдап қана қоймай, коммунист жазушыларды (Сейфуллинді, Мұқановты) үнемі мұқатып отырды...», – деп идеологиялық тұрғыдан айыптады.
Әрине, мұнда таза әдеби үрдіс мәселесі қамтылған. Бірақ түрменің көрсетіндісіне іліккен мағлұмат «қылмыстық айғаққа» жатады. Сол көрсетіндінің 178-бетінде М.Әуезовке::
«...Сол кездегі пікір таласының үлкен бір тақырыбы М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабі болды. Кітап Оқу-ағарту халық комиссариятының баспасынан басылып шығып, таратылуға дайын тұрды. Өлкелік комитеттің тапсыруы бойынша мен оған пікір жаздым. Мазмұны оның атына сай емес еді, онда қазақ әдебиетінің тарихы емес, ұлтшылдық бағыттағы түсініктемелер берілген ескі сарындағы әдебиет нұсқаларының жинағы. Мен мұны кітаптың өзінен сілтемелер ала отырып дәлелдеп шығып, дәл осы қалпында оны таратудың ешқандайда қажеттігі жоқ екендігі жөнінде қорытынды жасап бердім. Менің пікірім қазақ активтерінің арнайы мәжілісінде талқыланды, онда Тоқжігітов, Орынбаев, Нұрмақов және Жандосов менің Әуезовтің ұлтшылдық сарындағы кітабін таратпау туралы жасаған қорытындыма мүлдем қарсы сөйледі, алайда мәжіліске қатысқандардың көпшілігі: Юсупбеков, К.Тоқтыбаев, Нұржанов, Бекенов, Орманбаев және басқалары менің пікірімді қостап шықты (Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» туралы кітабына жазған пікірім мен мәжілісте айтылған сөздердің көшірмесін сол кезде ОГПУ-дің шығыс бөлімінің меңгерушісі Журавлев жолдасқа беріп, шара қолдануын өтінгемін). Сөйтіп менің ұсынысымның нәтижесінде Әуезовтің ұлтшыл кітабі таралымнан алынып тасталды»,– деп. ерекше тоқталады.
Иә, мұндай «ерліктер» ол уақытта жиі жасалды. Өкінішке орай ондай «бастаманы» ұйымдастырған С.Сейфуллин, І.Қабылов, С.Мұқанов сияқты ұлттың рухани қайраткерлері еді. Олар М.Әуезовтің «Әдебиет тарихын» сынай отырып, өздері тура соның үрдісімен «қазақ хандығы мен билер әдебиетінің үлгілері тарихын» жазып шықты. Басты тықырыбымыз түрме тарихы туралы болғандықтан да, бұл арада оған тоқталып жатпаймыз. А.Байділдин осы көрсетіндісінде:
Достарыңызбен бөлісу: |