Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет44/242
Дата22.12.2021
өлшемі8,42 Mb.
#494
түріБағдарламасы
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   242
Тергеуші – Попов».

Бұдан кейін осы мәселелер сан қайтара тәптіштеліп сұралған. Біз тергеу барысындағы психологиялық көңіл ауанын тереңірек беру үшін көрсетіндіні толық келтіреміз:



«№ 2370 тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған Мұхамеджан Тынышбаевтан 31–жылдың 3 қазан күні қосымша алынған тергеудің хаттамасы:

Маған қойылған сұрақтарға беретін жауабым мынау: ұйымның кеңесінде оған ат қою туралы ешқандай мәселе көтерілген емес. Бірінші отырыстан кейін (ол 22-жылы болды) мен Шымкент қаласындағы отбасыма кеттім. Ұйымның не істеп, не қойғанынан бейхабармын».

Бұл сапар – М.Тынышбаев үшін ауыр сапардың бірі еді. Сол жолы оның әйелі Гүлбаһрам жұртты емдеймін деп өзі де өмірін қиды. Жас қалған балаларды орналастыру да үлкен тауқыметті іс болатын. Ол туралы Дәулет Мұхамеджанұлы Шейхәли профессор Әбу Тәкеновке берген сұхбатында:



«...Ескендір аға (Мұхамеджанның үлкен ұлы – Т.Ж.) өз естеліктерінде, бізбен сөйлескенде де, шешесі Гүлбаһрам (Алматыдағы белгілі фельдшер Бақи Шалымбековтің қызы) 1923 жылы Шымкентте тырысқақ (холера) ауруын емдеу кезінде инфекция жұқтырып өлгенін, сондықтан денесін кислота құйып өртеп жібергенін айтқан еді. Одан көп кейін өзінің құмық досы профессор Шейхалидың қарындасы Әминаға үйленгенін есіне алып: «Әмина әкеме жақсы жар болып, 1932 жылы Воронежге айдалғанда да әкеммен бірге кетті», - деген болатын», – деп еске алды.

М.Тынышбаев (жалғасы): «21-жылдың аяғында Ташкентке келгенімде бір-екі рет отырысқа қатысқаным бар. Онда Ташкентке астыртын келген Заки Валидовке қандай көмек көрсету туралы мәселе қозғалды. Ұйымға ат қою жөнінде сөз болған жоқ. Үмбетбаев Алдаберген Самарқандағы Валидовке қалай барып қайтты, онымен бірге Ташкентке қалай келді, соның жайы айтылды. Сондай-ақ Қазақ педагогика институтындағы үйірме мүшелерінің құрамында Қожамқұлов пен Мұсаевтің бар екендігін маған Досмұхамедов айтты. Үйірменің жетекшісі Кәрім Жәленов болды. Мен одан үйірме немен айналысатынын сұрағанымда ол бұл туралы ашып ештеңе айтпады. Міне, менің үйірме мүшелігіне өтуімнің бар рәсімі осы. Ол кезде Жәленов мені жете білмейтін, сондықтан да именген болар. Қайтып ол жөнінде сұраған емеспін. Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмұхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады.



Ташкент пен Алматыдағы топтар туралы айтарым мынау: Ермеков Әлімхан мен Досмұхамедов Халел екеуі 29-жылы араздасып қалды да, бір-бірімен қырғиқабақ боп жүрді. Ташкенттік қазақтар екіге бөлінді, бір тобы Ермековті жақтады, екіншісі Досмұхамедовті қостады. Кім қайсысын жақтады, оны білмеймін. Менің ойымша олар рулық белгі бойынша жіктелген болуы мүмкін. Алматыдағы топ пен Ташкенттегі топтың арасындағы әңгімеде Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Бірімжановтың және де басқалардың тұтқынға алынуы туралы және семейліктер оған ташкенттік топты кінәлап отырғаны сөз болды. Ермеков кінәлілердің қатарына мені де қосақтап жіберіпті. Досмұхамедов Халел: Орынбор ұйымының тұтқындалуына семейліктер, соның ішінде Ермеков пен Ғаббасов тікелей кінәлі, – деп олардың өзін жазғырды. Осы мәселе жөніндегі Досмұхамедов пен Ермековтің және олардың жақтастарының арасындағы аса жайсыз айыптасулар 28-29 жылдан бастап мен тұтқындалғанға дейін (1930 жылдың тамызына дейін) толастамады. Мен Досмұхамедовпен, Ермековпен жеке-жеке сөйлесіп: «Болар іс болды, енді оны өзгерте алмайсың, тым кешігіп қалдық. Өздерің аман қалдыңдар, енді қалайда арандап қалмау керек», – деп татулыққа шақырдым. Тұтқындалғанға дейінгі олардың қырғиқабақ болғаны сондай, бір-бірінің әр қадамын жазғырып отыратын. Досмұхамедов пен Қашқынбаев (Көшкінбаев па –?) хат алысып тұратын. Ал Ермековті Мұхтар Әуезов жақтады (Бұл туралы М.Әуезов өзінің жауабында ашық жазады –Т.Ж.).

Күдерин Ташкентке 24-жылы кетті. 20-21 жылдары студенттік ұйым құрылмаса керек. Оған ұйым жайын мен айтқан шығармын. Өйткені ол маған ру жағынан ең жақын адамның бірі. Әрбір мәселе жөнінде менімен ақылдасып отыратын. Орташалардың ұйымын құратындығы туралы маған ештеңе айтпады. Күдеринмен мен өткен жылы Алматыда кездестім. Шымкенттегі оқиғалар жөнінде құлағдар еткенімді бұрынғы көрсетіндімде көрсеткемін. Ташкентте тұрған кезімде Қазақстандағы жағдайлар туралы Күдеринге айтқан да шығармын. Қазақтарды жазалау, әсіресе, 1916 жылғы көтеріліс аса қатыгездікпен жүргізілді деп. Мұны айтпау мүмкін емес. Одан басқасы нақты есімде жоқ. Алматыдағы кездескен адамдармен арадағы әңгімемді бұрынғы жауабымда көрсеткенмін. Тілеулинді танымаймын да, білмеймін де. Ол туралы осы абақтыда отырғанда естідім».

Осы көрсетіндіде аты аталған Жұмақан Күдерин Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтында математикадан сабақ берген. Әкесінің соңынан арызданып, тек әкесі үшін ғана емес, мұқым алаш қайраткерлерінің ақталуына Кеңес тұсында ат салысқан аз ұрпақтың бірі Жұмақан Күдериннің қызы Л.Ж.Күдерина. Аяулы азамат арудың бұл хатына Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары Тілеулиевтің өзі Ж.Күдерин туралы мәліметтің сақталмағаны туралы хабарлаған. М.Тынышбаев та: «Маған туыстық жағынан ең жақын адам еді», дегеннен асып ешқандай артық мағлұмат бермеген. Осы орайда табанды ізденуші, мұрахаттардың шын жаны күйері Болат Нәсеновтің аталған жинағындағы Ораз Жандосовтың тергеуге берген жауабында Жұмақан Күдерин туралы:



«Мен 1935 жылы ұйымның мүшесі, Қожановпен тікелей байланысты бұрынғы алашордашы Жұмақан Күдеринмен қарым-қатынасымды қайта жалғастырып, оны жұмысқа алдым. Күдерин Анненковтың бандысының құрамында қайрат көрсеткен белсенді алашордашының бірі. Қаракерей руының көсемі, Тынышбаевтің оң қолы, атаман Анненковтың құрамындағы алашордашылардың төрағасы. Анненковтың бандысы талқандалғаннан кейін: «Қытайға өтіп кетсем бе, жоқ, кеңес өкіметінен кешірім өтінейін бе?», – деп екіойлы болған Күдерин ауылда ұзақ жасырынып жүрді. Ақыры соңғы шешімге келіп, араға кісі салып, менімен байланысты. Мен оны 1921 жылы жер реформасы тұсында ұлттық іске тарттым. 1922 жылы Күдерин Ташкентке кетті, кейіннен контрреволюциялық әрекеті үшін сотталды, жазасын өтеген соң, 1935 жылы маған келді»,– деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 75-бет) мағлұмат береді.

Өкінішке орай қандай қызметке алғанын атап көрсетпеген.

М.Тынышбаев (жалғасы): «Алдыңғы тергеу жауабы кезінде мен қатты қалжыраған едім. Сонымен қатар өзгелердің теріс көрсетіндісі де шатастырды. Сондықтан да менің көрсетінділерімде жаңсақтықтар кетіпті. Айтайын дегенім, мен 22-жылдан кейін ешқандай да ұйымға мүше болған емеспін. Бұл нақты шындық. Тек кеңес өкіметі мен партияның кейбір шараларына наразылығын білдірген бұрынғы алашордашылардың пікірлес адамдарының тобы ғана болды. Сын пікірлер айттық. Мысалы, Халел Досмұхамедов 28-жылғы байларды тәркілеу науқаны туралы: «Бұл дұрыс, кеңес өкіметі бұл науқанды орынды жүргізіп отыр», – деді. Сондықтан да мен ешқандай да ұйымға қатысқан да, сөйлеген де емеспін. Оларға қатысым да жоқ. Мені бандитизммен айыптау тым ұшқарылық. Өйткені мен ешқашанда бандиттікпен айналысқан жоқпын. Ал Үлкен Алматы округіндегі матайлар мен қаракерейлердің қозғалысына келсек, бұл әйтеуір рулас екен деп жорта айтқандық. Олардың қозғалысы мен шекара асып кетуіне менің қатысым жоқ. Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз».

Жауаптардың астарына қысқаша түсінік: Д.Әділевтің «астыртын ұйымның тізімі мен құрылымын сызған» көрсетіндісін тергеуші Х.Досмұхамедовке: «М.Тынышбаев сызып берді», – деп сендірген. Ал «Алқа» әдеби үйірмесін «астыртын ұйым» деп көрсеткен. Сөйтіп, Тынышбаев пен Досмұхамедовті бір-біріне қарсы қоюға ұмтылған. Сондай-ақ, шекараға жақын орналасқан матай мен қаракерей елінің сырт асып кетуіне: М.Тынышбаев жетекшілік етті, астыртын үгіт жүргізді»,– деген айып тағып, Лепсі уезіндегі біраз адамдарды ұстап, түрмеге қамаған.

«Айыптау қорытындысында» жоғарыдағы көрсетінді:

«Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға және басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан «найман» руының байларына хабар бердiм (Тынышбаевтiң жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 125-парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207-парақ)»,– деген мазмұнда «өңделіп» жазылған.

М.Тынышбаевтің: «Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз», деп өзі ерік бергеніне сүйене отырып, мұны біз де жала деп қабылдаймыз.

4.
Алаш ардагерлерінің тағдыры қандай жолдан, қандай қолдан өткенін, 1928 жылдың қазан айынан басталып 1932 жылдың сәуір айында аяқталған „қылмыстық істің” барлық болмысын көрсету мақсатында бір-бірін қайталайтындай көрінетін, бірақ әр қайсысының „өзіндік орыны бар” құжаттарды қауым назарына ұсынуды жөн көрдік.

Зады тергеудің бет алысына және айғақтарының жеткіліксіздігіне өздерінің де көзі жеткен ерекше бөлімнің адамдары жауапқа тартылғандардың жауабына қанағаттанбаған әрі тергеу басталысымен «астыртын ұйымның әшкереленгені» туралы Голощекиннің атышулы мәлімдемесін жоққа шығарудың амалын таба алмаған тіміскілер «қылмысты істің» көлемін ұлғайтып, «ұлттық қозғалыс» ретінде көрсетуге тырысып, оған жаңа «айыптылар мен күдіктілерді» тартқан. Оны І томның 457-бетіне тігілген «Қамауға алынғандардың тергеу мерзімін ұзарту туралы. 1930 жылғы 20-қараша күнгі» мына түбіртек растайды.



«Алматы. ПП ОГПУ-дің ерекше бөлімінің 1-бөлімшесінің бастығы: Тергеу жүргізу ісі туралы УПК-нің 116 бабына сәйкес №2370 іс бойынша қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымын құрғаны үшін УК-тің 58-7, 58-11, 59-3 баптары бойынша айып тағылған азаматтар:

1. Тынышбаев Мұхамеджанның, 2. Мұрзин Мұхтардың, 3. Мырзабаев Рамазанның, 4. Ақбаев Әбілхамиттың, 5. Ақбаев Мұраттың, 6. Омаров Әшімнің, 7. Қадырбаев Сейдазымның, 8. Омаров Ғаббастың, 9. Сұлтанқұлов Атбасардың, 10. Ыбыраев Абылдың, 11. Сырттанов Дәрібектің, 12. Токин Хамиттың, 13. Досмұхамедов Халелдің, 14. Мұсаев Шынәлидің, 15. Ақаев Серікбайдың, 16. Ахметов Ілиястың, 17. Ермеков Әлімханның, 18. Қожамқұлов Наширдың, 19. Күдерин Жұмақанның, 20. Қадырбаев Қалмақанның, 21. Ақбаев Жақыптың, 22. Қашқынбаев Исаның, 23. Мамырбердин (келесі хаттамада – Меңгелин) Алдабектің, 24. Бұралқиев Мұстафаның, 25. Досмұхамедов Жаһаншаның, 26. Әуезов Мұхтардың, 27. Сүлеев Біләлдің, 28. Кемеңгеров Қошмұхамедтің, 29. Кенесарин Әзімханның, 30. Өтегенов Садықтың үстінен қозғалған істі мерзімінде аяқтаудың мүмкін еместігіне және куәларды шақырып, барлық оқиғаны анықтау керектігіне байланысты Қаулы етемін:

2370 іс бойынша жоғарыдағы жауапқа тартылғандарды тергеу түрмесінде ұстауды 1932 жылдың бірінші қаңтарына дейін созу туралы СССР ИКОМ-на ұсыныс жасалсын. Бұл туралы тәртіп сақтау орындарындағы тергеудің жүргізілуін бақылайтын прокурорға хабарланды.






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   242




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет