Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


ОО ОГПУ-дің бастығының орынбасары – (Дьяков). ОО-нің 4 бөлімі бастығының көмекшісі – (Паволицкий)”



бет49/242
Дата22.12.2021
өлшемі8,42 Mb.
#494
түріБағдарламасы
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   242
ОО ОГПУ-дің бастығының орынбасары – (Дьяков). ОО-нің 4 бөлімі бастығының көмекшісі – (Паволицкий)”, – деген ілеспе бұйрық жолданды.

Үштіктің бұл бұйрығы олардың бәрін де ату жазасына бастап апарды.

Бұдан кейінгі Мұхамеджан Тынышбаевтің тағдырына қатысты деректерді өзіміз көрген, білген, осы кітапта пайдаланылған деректерді өзара бөліскен, пікір алысқан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Ескендір Мұхамеджанұлы Тынышбаев, Еңлік Мұхамеджанқызы Тынышбаева, Дәулет Мұхамеджанұлы Тынышбаев сияқты абзал жандармен арнайы әңгімелердің негізінде авторлық тұрғыдан сараласа да болар еді. Алайда өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап архивтен табылған әрбір жаңа деректі бір-бірмізге ертелі-кеш сүйіншілеп хабарлайтын, алғаусыз мұрахат алмасып, ағымыздан жарылатын профессорлар Әбу Сақтағанұлы Тәкеновтің, Кеңес Нұрпейісұлының, архив оқымыстылары Ақыжан Игенбаевтің, Бейсенбай Байғалиевтің, Зияда Ижановтың, Марат Хасанаевтің, Федор Осадчийдің, Мұхамеджан Тынышбаевтің бауыры Болат Тәуімбетұлының асыл рухтарын еске ала отырып, сол бір зерделі де қымбат күндердің белгісі ретінде осы түрме әфсанасындағы бәрімізге ортақ оқиға туралы солардың жазбаларын пайдаланғанды дұрыс көрдім.

«Алашорда» қайраткерлерінің қайта жарияланған мұраларының дені аталған ғалымдардың еңбегінің арқасында сексенінші жылдардың аяғында және тоқсаныншы жылдары басылымдарда жарияланды. Біріміз тапқан деректі екіншіміз көшірісіп, жарияланымға ұсынатынбыз. Алаш азаматтарының әдеби мұраларының ақталуына 1988 жылдың қаңтарынан бастап сәуір айының соңына дейін бейресми сарашы (эксперт) болған біз үшін де намысты шара болғандықтан да, бұл ағаларымыздың сөрелерін шаң қаптырмай әлсін-әлсін қағып, жаңа деректерді іздестіруге «жұмсап», сирек мұрағаттарды 1988-2001 жылдардың аралығында өзіміз бір пұшпағын илеп жүрген «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдарына үзбей ұсынып тұрдым.

Кеңес өкіметінің тұсында «тұрымтай боп тұсына, балапан боп басына кеткен»» алаш қайраткерлерінің ұрпақтары әр тұстан табылып, хабары шыққанда олардың елмен байланысуына себепкер болған да осы жандар еді. Солардың ішінде «Таглаг» пен «Сиблагта» ұя басып қалған Дәулет Тынышбаев, Бектұр Аймауытов, үйіріне қосыла алмай қалған Жанақ Аймауытов пен Муза Аймауытова, А.Күдерина (өкінішке орай есімін есіме т? сіре алмадым – Т.Ж.) сияқты ақиықтың түлектері Алматыға келгенде бірге қарсы алысып, қонақжайға орналастырып, Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова мен Гүлнар Міржақыпқызына жолықтырып, дәм бөліскен ауыр да аяулы сәттеріміз де ортақ еді. Болат Тәуімбетұлы бір сөзді не деректі тиянақтау үшін сонау бірінші Алматыдан орталыққа күн сайын екі келуге ерінбейтін. Бозбала шағында олимпиядалық деңгейде өнер көрсетуге дейін ұмтылған Болат 1956 не 1957 жылы (дәл қай жыл екенін нақты есіме түсіре алмадым – Т.Ж.) Олимпиядалық іріктеу жарысына жол жүрер алдына нағашысы М.Тынышбаевтің «Күнделігі» мен жазбаларын қазіргі мұражай-үйінде тұратын Мұхтар Әуезовке әкеп береді. Арада жыл өткенде қайыра келгенде ұлы жазушы дәптерді өзіне беріп, мұқият сақтауды, әзірше бұл мәселенің жабық күйде тұрғанын айтады. Дәптердің сыртына өз қолымен: «Жарықтық! Күнің әлі туады. Келер күндер сенікі!», деп жазып қойыпты. Өкінішке орай сол дәптерден құпия жағдайда көз жазып қалғандай көрінуші еді біздерге.

Бұл оқиғаларға ол кісілердің шәкірттері де белсене араласты. Әсіресе, Бейсенбай Байғалиевтің мұрағаттас та, мұраттас та қарындастары, Әбу Тәкенов пен Кеңсе Нұрпейістің шәкірттері Света Смағұлова мен Гүлбану Жүгенбаеваның ізденістері тиянақты да нәтижелі және жалғасты болды. Олар әлі де алған беттерінен бұрылған жоқ. Жолдары олжамен ұзарсын! Марқұм Б.Байғалиев дүниеден өткен соң сол адамның рухының құрметін еске ала отырып құрастырған Мұхамеджан Тынышбаевтің «Таңдамалы» жинағындағы алғысөзінде Гүлбану Жүгенбаева тергеу үкімі шыққаннан кейінгі алаш көсемінің тағдыры туралы:



«М.Тынышбаев алдымен Воронеж қаласына жер аударылды. Мұнда ол зайыбы (үшінші қосағы – Т.Ж.) Әмина Ибрагимқызы Шейх-Әли және кенже ұлы Дәулетпен келіп, Москва – Донбасс темір жолы құрылысында жұмыс істеді. Жер аударылу мерзімі 1935 жылдың жазында аяқталған соң, М.Тынышбаев қуғын-сүргіннің мұнымен тоқтамайтынын жақсы түсініп, зайыбы мен баласын Уфа қаласындағы Әмина Ибрагимқызының туыстарына жібереді. Өзі Батыс Қазақстанның территориясы арқылы Ташкентке, үлкен қызы Фатанад-Бануге келеді. Ташкентте көп аялдамай, Қандыағаш – Гурьев темір жолы құрылысына жұмысқа орналасады. Бірақ денсаулығының нашарлауына байланысты ұзамай Ташкентке қайтып оралады. Сонда оны 1937 жылы 21 сәуір күні Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқынға алды», деген мағлұмат береді.

Жоғарыда аталған оқымыстылардың көз қиығы түскен бұл деректерді күдіксіз қабылдауға болады деп есептеймін. Сондықтан да жанұясы – біреу, жарұясы – үшеу болған Мұхамеджан Тынышбаевтің балаларының тағдыры да өте тауқыметті болды. Үш ұядағы ұл мен қыз бірін-бірі білмей, көрмей өсті, кейбіреуі өзінің туған бауырлары бар екенін білмей өмірден өтті. Оған себепкер – әуелі тағдыр, содан кейін кеңестің зұлматы. Алғашқы құдай қосқан қосағы қазақ даласына, соның ішінде Жетісу өңіріне белгілі фельдшер Бақи Шәлімбековтің қызы – Гүлбаһрам Бақиқызы. Сауатты, сенімді, мейірбике әйел. Ол: «1921 (бір деректе – 1923 жыл, түрмедегі көрсетіндіге жүгінсек, 1921 жылға орайласады) Шымкентте адамдарды тырысқақ (холера) індетінен емдеу кезінде инфекция жұқтырып алып қайтыс болған, сондықтан да денесін кислота құйып өртеп жіберуге мәжбүр болған» (Ескендір Мұхамеджанұлының мағлұматы). Гүлбаһрамнан – Ескендір атты бір ұл, Фатанад-Бану, Динарзада атты екі қыз қалады. Әкелерін қолдарынан түрмеге жөнелткен бұл екі қыз да тағдыр тауқыметін қатты тартып, жүрекке түскен жаралары емделмеген күйі өмірден озды.

Ал Ескендір Мұхамеджанұлының тағдыры басқаша қалыптасты. Осынау бекзаттығы мен өжеттігі тумысынан құйылып туған, әкесі Мұхамеджан тергеушілерге «қарасүйекпін» деп жазса да ақсүйек, жиырмасыншы жылдардың тілімен айтқанда «нағыз қаратаяқ» азаматпен бірге әкесінің ақталу қуанышын туған елінде бірге тойлап едік. Сондағы білгеніміз бен басылымдардағы, соның ішінде В.Маричеваның «Әкем үшін жауап бергім келеді» атты сұхбатындағы деректерді жинақтай баяндағанда Ескендір аға өзінің әңгімесін тамағын қырнап қойып (қолдан тыныс алдыратын қондырғымен жүретін):

«– Әкем Воронежге жер аударылған соң өгей шешем Әмина Ибрагимқызы ініміз Дәулетпен бірге сонда кетті. Қаланың шетінен пәтер жалдап тұрды. Мен сол кезде өзімнің түсірген фильміме қыруар ақша алған соң бірден Воронежге тарттым. Әкемді Москва – Донбасс темір жолының құрылысына жобалау бөлімінің инженері ретінде жұмысқа алыпты. Ол үнемі: «Мұнда бір түсініспестік кеткен. Бәрі де анықталған соң Қазақстанға қайтып барамыз», - деген үмітін үзбеді. Жанашырларым маған: «Воронежге барма, тіпті, біраз уақыт әкеңнің бар екенін ұмыт», - деп кеңес берді. Маған жұмыс берді, фильмдерім үшін жақсы қаламақы төледі, үнемі: «Әкесі үшін баласы жауап бермейді», - деп ескертіп отырды. Ал мен: «Әкем үшін жауап беремін! Жауап бергім келеді және оның әр сөзіне, әрбір іс-әрекетіне де жауап беремін!», - дедім. Жиырма бір күн ғана комсомол болдым, аудан хатшысы әкемнен бас тартуымды өтінді. Оның тұмсығы бет болды. 1934 жылы мені түрмеге отырғызды. Он жыл өмірім бір түрмеден екінші түрмеге, Соловкиден Беломор-каналға, одан басқа гулагқа ауысумен өтті. Мерзімімді Төменгі Тагильде аяқтадым. Қалтамда көк тиыным жоқ. Ромен Карменге: «Ақшам жоқ, қайда барарымды да білмеймін», – деп хат жаздым. Алматыға келсем тағы да қамап қоюы мүмкін. Кармен ақша жіберіп, Ташкентке баруыма кеңес берді. Ташкентте «Таһир мен Зуһра» фильмін түсіріп, жолым ашылды. Ал «Казахфильмдегі» «Оның уақыты келеді» атты фильм түсіріп, өмір мен өнерге кеткен есемді қайырдым. Әкемнің 1937 жылы тағы да тұтқындалғанын ұзақ жылдар бойы білгемін жоқ. Оны 1959 жыл 29 қыркүйек күні атылғаннан кейін 19 жылдан кейін ақтады», деп баяндайтын.

Бірінші зайыбы Гүлбаһрам қайтыс болғаннан кейін төрт жылдан соң досы, дәрігер Сәдуақас Шәлімбековтің жесірі, қазақша қайырғанда қайын бикесі Әзизаға үйленеді. Одан туған қызы Еңлік Мұхамеджанқызы 1926 жылы дүниеге келді. Зиялы Әзиза апай ұзақ жылдар бойы туған әкесінің кім екенін жасырып келіп, 1976 жылы, яғни, Еңлікке Мұхамеджанқызы 51 жасқа толғанда ғана айтады. Еңлік Мұхамеджанқызымен жоғарыда аталған оқымысталардың қатарында сапарлас болып, кішілік танытып жүрген кезіміз де болды. Әкесі туралы ашылып сөйлеспейтін, сырын ішіне сақтаған, мінезді тек ретінде есімізде қалыпты. Шындығында да әже атанғанша әкесін әке деп сезінбегеніне өзі де ыңғайсызданған шығар. Алғашында біздің ойымызға мұндай ыңғайсыздық болар деген алаң кірмепті.

Мұхамеджан Тынышбаев туралы бұл түрме әфсанасын мынадай нысаналы естелікпен аяқтағым келеді. «Алашорданың» Жетісуда туын тіккен Лепсі, Сарқант елі Мұхамеджан Тынышбаев ақталып, кітаптары жарық көріп, қашан Темір жол институтына есімі берілгенше тумаларын жатырқап жүрді. Оның басты себебі, ардагердің туған жері Қарғалыда М.Тынышбаев «қарақшы» ретінде әшкерелеген, Тынышбай қарияны және Мұхамеджанның туған туыстарын атып өлтірген әйгілі «қызыл партизан» ағайынды Мамонтовтардың «ерлігін мәңгі есте қалдыруға» арналған «Черкас қорғаны» атты іргелі ескерткіш пен шағын көрсетпе бар болатын және «партизандардың тұқымының» кеудесі басылмаған кез еді. Қалайда кешігіп барып сол ауылда тұратын мал дәрігері болып істейтін бажамыз, Алдиярдан барып қосылатын Мұхамеджанның інісі Қазтай Ескелдинов маған хабарласып, атасы М.Тынышбаевтің мерейтойы есебінде салтанатты шара ұйымдастыратынын, соған орай ғалымдар ғылыми конференция өткізгілері келетінін, менің соған көмектесуімді өтінді. Бас тартатын іс емес. Дереу Кеңес Нұрпейісұлына, Әбу Тәкеновке, Федор Осадчийге, Бейсенбай Байғалиевке, Болат Тәуімбетке, Ақыжан Игенбаевқа, Марат Хасанаевқа хабарласып, сол күні ғылыми конференцияның тақырыбын бөлісіп алдық. Бәрі де дайындалды. Күтпеген оқиға, сол жылдары жылы табысып, мені бауырына баса бастаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамыз: Ескендір Мұхамеджанұлы екеуі жасынан дос екендігін, өзін Тынышбаевтің шәкірті есептейтінін, Қапалдағы санаторийге демалуға бара жатқандарын, содан Қарғалыдағы салтанатқа қатысатынын, ғалымдардың баратынына қуанатындығын, сонда кездесуге уәде беретінін айтты. Бұл бізге берілген тапсырма болатын. Сонда да Марат пен Болат, Ф.Осадчий, Ақыжан аға бара алмады. Кейін олар бұған қатты өкінді. Оның есесіне Еңлік апаймен дидарласа жүрудің сәті түсті. Салтанат та, конференция да, бәйге де сәтті өтті. Димекең мен Ескендір аға екеуі өзара қалжыңдасып қойып бар қызыққа қатысып, Алматыда кездесетін болып Үшаралға аттанып кетті. Біз Алматыға келіп шаңымызды қағып жатқанда Димекеңнің баласы Дияр жылап тұрып, ел ағасының Алакөлде қайтқанын хабарлады...

Иә, жақсының жаны да жақсының жолында мәңгілік ұясына қонды. Араға жыл салмай Ескендір аға да дүниеден озды.

Мұхамеджан Тынышбаевтің үшінші жамағаты құмық қызы Әмина Ибрагимқызы Шейх-Әли мен одан туған ұлы Дәулет туралы профессор Әбу Сақтағанұлы Тәкеновтің «Түркістанда» жарық көрген «Тынышбаевтің екінші ұлы табылды» деп аталатын соңғы жарияланымын ықшамдап ұсынуды парызым деп есептеймін. Жоғарыда аты аталған оқымыстылардың бәрін ортақ көңіл-күйге бөлеген бұл мақалада Мұхамеджан Тынышбаевтің жанұясының тауқыметті де трагедиялық тағдыры толық қамтылған.



Ә.Тәкенов: «...Бұл арада бірнеше жұмбақтың сырын ашуға тура келеді. Біріншіден, Мұхамеджан Тынышбаевтің «халық жауы» таңбасынан арылғанына (1956) да 40 жыл болыпты. Дәулет оны біледі екен. Екіншіден, оның ағасы – халық артисі, тұңғыш қазақ кинооператоры Ескендір Тынышбаев 1995 жылы 1 көкекте ғана дүние салды. Сонда Ескендір інісінен хабардар болмағаны ма? Мәселе сонда, хабардар болған. Оған дәлел – Дәулеттің Ескендірмен бірге түскен суреті. Фотосурет 1968-1969 жылдары Уфада өткен Қазақстан мәдениетінің онкүндігінде түсірілсе керек. Ал одан бері де 30 жылға таяу уақыт өтіпті. Бірақ ағалы-інілі Тынышбаевтар араласпағанға ұқсайды. Соңғы жылдары М.Тынышбаевтің кітаптары да жарық көріп, оған ескерткіштер қойылып, туған жерінде ас берілді (біз жоғарыда айтып өткен салтанат). Астанада (Алматыда – Т.Ж.) оның атында көше де бар. Бірақ Дәулет бұл жөнінде хабарсыз болып шықты, ал ағасы Ескендірдің қайтыс болғанын да біздің хатымыздан естіпті. Бізге жолдаған екінші хатында ол өзінің елмен байланысы болмағанын былайша баяндапты:

«Ескендірдің өлімі туралы сіздерден үлкен өкінішпен естідім, онымен хат-хабар алысуды маған жазбапты (ол менің кінәмнан емес), сондықтан біз оның туыстарынан да қайғылы хабарды уақытында ести алмадық. Ол мені Қазақстанмен ойша ғана байланыстыратын. Өзінің қарындастары жайында да маған ештеңе айтпай кетті. Мені Қазақстанмен байланыстыратын бір-ақ нәрсе, ол – Ресейдің паспорты. Онда: «ұлты – қазақ, туған жері – Алматы, әкесі – Мұхамеджан», – деп жазылған».

Мұхамеджан да, кейін Ескендір де жас азаматтың болашағына «халық жауы» деген атақ зиянын тигізбеуін ескеріп, Дәулеттің Шейхали атын алып жүруін ойласа керек. Ескендір аға өз естеліктерінде, бізбен сөйлескенде де, шешесі Гүлбаһрам (Алматыдағы белгілі фельдшер Бақи Шәлімбековтің қызы) 1923 жылы Шымкентте тырысқақ (холера) ауруын емдеу кезінде инфекция жұқтырып өлгенін, сондықтан денесін кислота құйып өртеп жібергенін айтқан-ды. Одан көп кейін өзінің құмық досы профессор Шейхалидың қарындасы Әминаға үйленгенін есіне алып: «Әмина әкеме жақсы жар болды. 1932 жылы Воронежге айдалғанда да әкеммен бірге кетті», – деген болатын. Әминадан ұл қалғанын айтпап еді. Оның мәнін енді ғана түсіндік. «Халық жауы» атанған адамға жақын жүру қауіпсіз еместігін Ескендір аға өз басынан өткерген еді. Ол 1934 жылы әкесіне – Воронежьге барып, қайтар жолында Мәскеуде КГБ-нің тырнағына іліккен болатын. Сөйтіп өмірінің он жылын Соловецкіде, Ақтеңіз-Балтық каналын да, Төменгі Тагилда ГУЛАГ лагерлерінде өткізді.

Осы арада 80-жылдардың соңында Ескендір ағаймен алғашқы танысқаным есіме түседі. Мен М.Тынышбаевтің еңбектерін жинап шығарғым келеді деген ойымды білдіріп, әкесі жайлы кейбір естеліктерін тыңдадым. Содан бері Ескендір ағаймен етене жақындастық. М.Тынышбаевтің Сарқандағы асында да бірге болдық (Тіпті 1995 жылы жаңа жылмен құттықтап телефон соққаны бар). Мұхамеджан Тынышбаевтің туған жеріндегі осы жиынға еліміздің белгілі қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев ағамыз да қатынасып, сөз сөйледі. Ол кісі кезінде Мұхамеджан Тынышбаевқа тиесілі құрмет, дәріптеу жасай алмағанына өкініш білдіріп еді. Өмірінде инженер Тынышбаевпен кездесе де алмапты. Өкінішке орай, бұл Димаш ақсақалдың халық алдындағы соңғы сөзі болып шықты.

Ескендір ағай өте сақ кісі болатын, көрінгенге сыр ашпайтын және саясатқа сенбейтін. Сондағы маған қойған шарты: бір-біріміздің үйімізге қатынаспайық, кездесу үшін телефон арқылы келісіп, үйден тыс жерде сөйлесуіміз керек. Осы шарт әр уақытта сақталып келді. Бұның бәріне: туыс-бауырларды бір-бірінен, ата-ананы балаларынан айырған, тіпті аты-жөнін де жасыруға мәжбүр етіп, араларын алшақтатқан сталинизм, тоталитаризмнің сұм заманы кінәлі еді...



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   242




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет