Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет86/105
Дата05.02.2022
өлшемі7,42 Mb.
#14563
түріБағдарламасы
1   ...   82   83   84   85   86   87   88   89   ...   105
Сәкен өткендегі хандарды, әсіресе Абылай әулетін қанша жамандаса да, шындықты да шынайы баяндаған болатын. Ақын «Көкшетау» поэмасында:
Орта жүз «ақ патшаға» бағынғанда,
Патшаға хан ұрпағы жағынғанда.
Қасым хан бармай қалған, туыстары
Патшадан байғазы алып тағынғанда.
Кене хан Қасымұлы қырға көшкен,
Үстінен туыстары шағынғанда.
Патшаға қарадың деп елді шапқан,
Хандығын Абылайдың сағынғанда, –
деп жазып еді.
Иә, мұның бәрі әрі толғау, әрі естелік. Бір есептен, Ғабит ағамыздың осы күнге дейін Кененің соңына шырақ алып түсе беретіні сол кезде қалыптасқан біржақты көз қарасын қайталауынан ба деп қаласыз. Жазушы өзінің соңғы көлемді туындысы «Ұлпанда» да Кенені кемітіп өтті. Бұл шығармада Кененің онша қыстырыла қоятындай қисыны жоқ та сықылды еді. Қайтсе де Ғабеңнің атқан оғы сүйегін кейінірек қырғыз манаптары Қызылсу жағасындағы көрінен суырып тастаған Кенеге тиіп жатыр» - деп өз ойын кейінгі күнмен ұштастырады.
Сәкен мен Ғабиттің ар туын ұстаған Жайық марқұмның бұл сөзінде ащы шындық бар. «Хан Кененің» сақналық тағдырына бұл екі жазушы да кері ықпал жасады. Қалайда бұл қойылым қазақ зиялыларының арасында үлкен пікір таласын тудырды. Қ.Жармағамбетов ол туралы кейін:
«1928 жылы жазған «Хан Кене» пьесасында М. Әуезов Кенесары Қасымовтың қозғалысын ұлтшылдық тұрғыдан бағалап, оның бандаларының туысқан қырғыз халқына жасаған шапқыншылығын басынан аяғына дейін ақтап шықты. 1934 жылы осы пьесаның драма театрында қойылуымен байланысты республикалық газеттерде әртүрлі түсініктегі әртүрлі авторлардың мақалалары жарияланды. Ғ. Мүсрепов «Социалистік Қазақстан» газетінің 1934-жылғы июннің 24-25 күндеріндегі санында жарияланған мақаласында: «Хан Кене» пьесасы ұлтшылдықты үгіттейді, көрші отырған екі республиканың еңбекшілері арасындағы советтік туысқандық – Сталиндік достық сезімге араздық пен сенімсіздіктің шоғын тастайды - деп, өте орынды бағалады. Мүсрепов мақаласында қырғыз халқына жасаған Кенесары жорығының реакцияшыл екендігі туралы да мәселе көтерілді. Бірақ газет те, автор да пьесаның театр сахнасынан аласталуына разылық білдіріп, саяси мәні терең жатқан мәселені принципті дәрежеге шейін көтермеді» - деп «өкініш» білдірді.
Шындығына көшсек, дау мен күдік, айтыс пен тартыс, идеологиялық айыптаулар «Хан Кене» сақнаға қойылмай тұрып-ақ басталып кеткен еді. Өзге емес, Орталық партия комитетінің жауапты қызметкері, «сақналық қойылымға басшылық етіп жүрген» Ғ.Мүсрепов: «Хан Кенені» сақнаға шығару – саяси арандату, қырғыз бен қазақтың арасына араздық тудыру, Кенесарының хандық тұғырын дәріптеу, орысқа қарсы пікір тудыру – деген мағынада көкек айының ішінде Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянға «Жабық хатты» жолдап та қойған болатын. Бұл хат арнайы бақылауға алынды. Демек, спектакль қойылмай тұрып-ақ оған қарсы көзқарас қалыптасты. Жоғарыдағы «Жабық хатты» пайдаланудан көрі Ғ.Мүсреповтің, С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған ашық пікірлерін жарыстыра беруді жөн көрдік. Бұл – қазақ көркем ой иелерінің сол кездегі ой-өресін, көзқарасын, тарихи таным тұжырымдарын танытады. Ең алғаш пікір білдірген Ғ.Мүсрепұлы:
«Қазақ драма театрының көптен әзірленіп, он ойланып, жүз толғанып сахнаға шығардық деген Мұхтардың «Хан Кенесін» оқу комиссарияты уқытша тоқтатып, түзеттіргелі отыр. «Хан Кененің» шымылдығы көтеріле бергенде тоқтап қалуы тоғышарлар арасында өсек-әңгіменің тақырыбы болып жүргенімен, жұртшылығымыз үшін пайдалы жұмыс. «Хан Кенені» бұл күйінде қоюдан тоқтату театрымызға да, Мұхтарға да өте пайдалы, орынды жұмыс болды. Тексеріске салып, түзетуден ешбір шығармаға пайдадан басқа зиян келмейді. Бұған ешбір жазушы жәбірленбеуі керек. Әсіресе «Хан Кене» секілді ескі қарым-қатынастарды көрсетуге арналған шығармаларға қатаң сын көзімен қарағанға жәбірленетін орын жоқ.
Театрмыз «Хан Кенені» алтынмен аптап, күміспен күптеп, мұны бір айта қаларлықтай етіп шығаруға бар күшін салған сияқты еді. Барлық саяси қырағылығын, сахна шеберлігін осы «Хан Кенеден» аямай-ақ қимылдаған сияқты еді. Бірақ, жұртшылығымыздың күткен жерінен шығара алмаған. Театр да, жазушы да сақнаға қоюдан бұрын тексеріскен әдебиет жұртшылығымыз да «Хан Кенеге» терең сын көзімен қарап, түзету жолдарын көрсете алмаған, таба алмаған. Оған бір себеп: театрдың «Хан Кенеге» кір жұқтырғысы келмегені, сыңаржақтығы болған-ақ шығар (мұны болмады дей алмаймыз). Бірақ терең сын айтып, түзету жолын сілтеушілер де болған жоқ. Әйтпесе Мұхтардың қара басы толық сын естіп «Хан Кенені» түзетуге асық-ақ болып жүрді.
«Хан Кененің» желісі бұдан 3-4 жыл бұрын тартылып қалған болатын. Ол кездегі Мұхтардың жолы бүгінгі Мұхтардың жолынан басқа еді. Мұны айтып жату онша орынды болмағанымен «Хан Кене» еріксіз айтқызды. Мұхтардың ол кезде көздеген нысанасы да, мақсаты да басқадай. Мұхтар: «Қазір көздегенім - «Хан Кене» арқылы хандықтың құлағанын, оны көпшілік қарсылығының қалай құлатқанын көрсету» - дейді. Мұнысына өз қара басымыз әбден сенеміз, шыны деп білеміз. Бірақ «Хан Кенені» жазған кездегі (30-жылдың аржағы) Мұқтардың көздеген мақсаты - Кенесары, Наурызбайлардың құлағанда да өзгеше ерлікпен құлағандарын көрсету болатын. Аяулы ерлердің моласына бір түнету арқылы жұртты бір күрсіндіру болатын. «Хан Кене» қазір театр қойған күйінде осы ескі қалпынан көп өзгерген жоқ. Театр мен Мұхтардың биылғы қосқандары, түзеттік дегендері, аз-мұз сөзін жаңартқандары пьесаның бұрынғы бағытын өзгерте алмаған. Шуда жіппен жамаған ескі-құсқы болған да, одан аса алмаған. Мұхтардың қазіргі көздегеніне де, біздің тілегімізге де әкеле алмаған. Сондықтан «Хан Кененің» қойылуын тоқтатып, түзеттірейін деп отырған оқу комиссариятының бұл ісіне театр да, Мұхтар да жәбірленбей, қуанулары керек. Оқу комиссариатының өзі-өз болғалы мұндай іске қатынасып, жақсы пьесаны сынағысы келгені қуантатын іс, жаңалық. Біздің міндетіміз де бұл ісіне жәрдем беру, жақсы пьеса жасау, бұл жөнінде азды-көпті пікірімізді ортаға салу».
(...) «Хан Кенені» шу деп сахнаға шығарғанда театр да, оқу комиссариаты да асығыстық істеді. «Хан Кене» жайындағы ойласуды керек ететін пікірлерге құлақ аспады. Көрер көзге-ақ, басқа пьесаларды ысырыңқырап қойып «Хан Кенемен» бір жарқ ете түскісі келді. Орынбек жолдас осы «Хан Кене» арқылы театрдың бағытын, жолын белгілеймін дегенді талай-ақ айтып жүрді. Төңкерісшіл театрдың бағыты мен жолын «Хан Кене» арқылы, «Еңілік-Кебек» арқылы белгілеймін деудің өзі қате болатынын ұғынғысы келмеді. Біздің драма театрымыз өзі-өз болғалы ескі пьесаларды жаңа пьесалардан анағұрлым жақсы қойып келеді. Мұның өзі біраздан соң театрды кейін тартатын, ескі тұрпаттарды (образ) пайымдап, жаңадан қашықтата беретін нәрсе болып шығатынын ескермеді. Өйткені, жаңа пьесалардағы жаңа қарым-қатынастарды, жаңа адамдарды тереңдетіп көрсетуге талпынудың орнына ескі шаңдақты шыңдай беру, театрды ілгері сүйремейді. Театрдың шеберлігі «Түрксіб», «Майдан», «Тартыс», «Талтаңбай» секілді пьесаларға салынып, театрдың бағытын, жолын осылар арқылы белгілеу керек. Театрдың жолын белгілеу деген – саяси мәселе. Жеңіл қарауды көтермейтін мәселе. Мұны белгілеу театрдың өз қолында ғана емес.
Біздің театр биыл қысқысын жаңа пьесаларды шеттетіп, бар тілеуі «Хан Кененің» үстінде болды. «Хан Кенеге» сын көзімен қарай алмағаны да сол сыңар жақтылықтың салдары. «Ән-күй театры жұртты аударып әкетіп барады» деген күндесу де болмай қалмаған шығар. Әйтеуір «Хан Кене» арқылы оңай ғана жарқ ете түсуді тым-ақ дәстүрлеп жүргендігі айқын еді. Ойланудан гөрі даурығу жағы басым болып келді де, «Хан Кенеге» ұрынды. Ұрынды дейтініміз, терең сын арқылы терең түзетудің орнына ұсақ-ұсақ жамаумен түзетіп, сахнаға шығара салды. Сол асығудың, ұрынудың арқасында жұртшылық алдына бір салып алуды да артық көріп, бірден билет сатып шығындарын көтерді. Театр «Хан Кенені» қоюда сүріне қалса, ол әншейіндегі ұшыраса салатын жеңіл сүріну емес. Мойынға қаупі бар, мойын үзілу қаупіне ұқсас сүріну болатынын ұғынбады. Бұл асығыстың қате болғанын театр да, оқу комиссарияты да енді ұғынып отырған болулары керек» - деп әңгімені әріден бастайды да «Хан Кенені» қалай түзету керек?»- деп сұрақ қойып, одан әрі пікір суыртпақтайды.
Әрине, мәселенің бар кілтипаны сол «суыртпақта» жатыр. Бұл «суыртпаққа» С.Сейфуллин де қатысты. Ол да әңгімені қойылымдағы Кенесары-Наурызбай бейнесінің «асыра сомдалуынан» бастады:
...«Хан Кене» алғаш театрда көрсетілген күннен бастап мен бұл туралы пікірімді ашық айтқан едім. Біздің ағарту, мәдениет істерімізді басқаратын орындардың шақырған кеңестерінде де «Хан Кене» туралы пікірімді айтқан едім. Баспасөз басқармаларының сұрауы бойынша сол пікірімді енді совет жұртшылығының алдына жазып салуға тура келіп отыр.
«Хан Кенені» Алматыдағы жұртың көбі көрді. Бұл пьесенің, қысқасынан айтқанда, мазмұны мынау: Кенесары ұлы жүз ішінде әкесіне ас береді. Сол аста өзі хан көтеріледі. Қырғызды бағындырамын деп, соғыс қылып қырғыздан жеңіліп, Наурызбай екеуі қолға түсіп, тұтқында өлтіріледі.
Әрине, жазушы өзінің жазуына нені тақырып қылып алса да ықтияр өзінікі. Ал, бірақ, біздің совет жұртшылығы да ол тақырыптың көрсетілуіне қалай қарайтындығын, қалай түсінетіндігін айтуға тиіс.
Дұрысталып, толық тарихы жазылмаған Қазақ АССР республикесіне тарихи кітаптар қажет нәрселердің бірі. Тарихи әңгімелерді қолға алуы Мұхтардың дұрыс қызмет қылғандығы деп білемін. «Хан Кене» дұрыс көрсетілмегенімен, тарихымыздың белгілі бір дәуірінің мәселелерін көтеріп отыр, сонысының өзі пайдалы зат.
Енді «Хан Кененің» өзіне келейік. Кенесары, Наурызбайдың қырғызбен соғысқанын тақырып қылып алып, бүйтіп көрсету өте келіссіз нәрсе болғандығы театрда айқыннан-айқын көрінді.
Бірақ, мүмкін кейбіреулерге келісті болып та көрінген болар, ол ғажап емес. Жұрттың сана-сезімі әлі бір қалыпта емес. Біреуге теріс көрінген нәрсе, екінші біреуге оң көрінуге де мүмкін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   82   83   84   85   86   87   88   89   ...   105




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет