Кейіпкерлер жақсы көрінген. Кененің ақыл-айласы таусылып, тұйыққа, жарға қамалған жері көрінгендіктен, ақыл-ой, айла-амалының еркіндеп, өршіп тұрған кезі көрінбегендіктен Кене кейпі түгел көріне алмай тұр ғой деп ойлаймын. Бұл, әрине, қозғалыстың өрісі мен байланысты ғой. Інісі, қарындасы, батырларының кейпі жақсы көрінген. Пугачеев пен Кенесары қозғалысы бір-біріне ұқсас емес болса да, сондағы қозғалыстың басталып, өсіп-өнуін жазған әдісі маған аса ұнайды. Қысқаша айтқанда пьесаны толықтандыру керек. Бұл пьесаның тақырып жағынан тарихи маңызы, күштілік жағынан орыны үлкен ғой. Сөз жоқ жақсы жазылған. Әзірше осымен тоқтап, өз ойымды ауызша айтқанда толықтырып айтармын. Рахымжан. 16. ХІ-33. » - деп жазылған. Достық ниеттегі бұл пікірді талдап жатпаймыз. Тек пьесаны сақнаға шығарар алдында тілектес адамдарға оқытып, пікірлерін білуге ұмтылғанын еске сала кеткіміз келді. «Хан Кене» спекталі 1934 жылдың 21 маусымы күні сақнада қойылды. Спектакльге ерекше көңіл бөлініп, оның әсерін үстеу барысында қосылған қосымша көріністер мен музыкалық сүйемелдеулер трагедияның әсерін күшейтіп, төбе құйқа шымырлататындай дәрежеде қойылды. Наурызбайдың сақнаға ақ боз ат мініп шығып атойлауы, оның соңынан мойындарына бұршақ ілген, көгенделген әйелдер мен жас сәбилер көрінісі қанды оқиғаның қатыгездік сыпатын басым етті. Сол сақнада сәбилердің бірі болып «ойнаған» Бақыттыжамал Қалибекқызы Қуанышбаева:
«Тұңғыш рет спектакльге арналып арнайы киім тігілген қойылым – «Хан Кене» спетаклі. Қалибек – Кене, Елубай – Наурызбай, Жүсіпбек – ақын бейнесінде ойнады. Сонда жаудан түскен олжаларды көрсеткенде балаларды бұршаққа тізіп өткізетін сцена бар. Театрдың директоры Орынбек Беков соған барлық актерлердің балаларын қатыстырды. Күләш Байсейітованың сіңілісі Рыстай да бар. Көрермендердің кейінгі айтуына қарағанда, ол көрініс сондай әсерлі, аянышты шыққан көрінеді. Әке-шешемізге еліктеп, өзімізше тырысып, айтқандарын бұлжытпай сақнада орындайтынбыз. Осы спектакльде сүйекпен, алтынмен өрілген шаңырақ есімде қалыпты. Әкем Қалибек ауылға барғанда Сәдірбек байдың күміс белбеуін, кісесін, алтын зерлі бақанын, қасқыр ішігін алып келген. Сол пайдаланылды. Кісені Серағаң – Серәлі Қожамқұлов күні кешеге дейін тағып, сақнаға шығып жүрді. Спектакль жүріп жатқанда сақнаның сыртында шешем босанып, ұл тапты. Оны Қалибек ойын біткенде бір-ақ естіді»,- деп еске алады.
Шындығында да спектакль сондай шынайы тұрғыда қойылды. Ондағы жоқтаулар мен елдің Сарыарқамен қоштасулары оркестрдің сүйемелдеуімен, әйелдердің хорымен, балалардың жылауымен астасып, көрермендердің жағасын ұстатқан сияқты. Тіпті С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсрепов сияқты өнер табиғатын білетін ересектер де осы көріністі ұмыта алмаған. Оған атақты шежіреші дегдар Жайық Бектұровтың төмендегі естелігі дәлел:
«1934 жылы жазда Алматыда М. Әуезовтың «Хан Кене» атты әйгілі пьесасының алғашқы қойылымын көрдік. Сахнаның алғашқы ашылуын Ғабит Мүсірепов ағамыз басқарды. Кенесары болып Қалибек Қуанышбаев, Науан (Наурызбай) болып Елубай Өмірзақов ойнады. Қаллекей ағамыз қызыл барқыттан шынтаққа жететін жеңді қамзол киіп, алты қанат ақбоз үйдің төрінде жастыққа бір шынтақтап жантайып жатқанда, Елубай цирктің ақбоз атын сахнаға арқыратып мініп шыққанда, республикамыздың театрға жиналған басшылары, Сәкен бастаған жазушы қауымы – бәрі де бір ғасырдай бұрын өткен уақиға тап қазір шынымен көз алдарына келгендей тыныстарын іштен алып, сахнаға қадалды да қалды. М. Әуезовтің осы пьесасындағы оқиғалар менің үлкендерден бала күнгі естіген аңыз-ертегіммен көбінде сәйкесіп отырды. Қалибек жұрт көзінде Кенесарының дәл өзі болды да шықты. Жас шамасы да дөп келеді. Кенесары қырық төрт жасында опат болған ғой. Қолға түскен Кене бүйірінен оқ тиіп, шала серпіліп жатқан арыстандай көрінді. Науан болып ойнаған Елубайдың сахнада ат үстінен ақыруы, екпіні, қаһары ертедегі ер Науанның дәл өзі болды да қойды. Елубайдың жасы Науаннан сәл үлкенірек. Сөйтсе де оны жұрт нағыз Наурызбай деп түсінді. Елубайдың өнерінде, тұтықпалылау сөзінде шадыр мінезділік, өңінде қаһарлы кескін,
ожар пішін болатын. Соның бәрі оны ызалы Науан етті де қойды.