Ал енді екіншіден, олай болмағанмен, енді «Хан Кене» пьесесінің өзін талқылайық. «Хан Кененің» мазмұнын қысқаша айттық:
Кенесары–Наурызбай әкесіне ас беріп, хан көтеріліп, қырғызбен соғысып, жеңіліп тұтқынға түсіп, тұтқында өлтіріледі. Міне осы уақиғаның өзі «Хан Кенеде» тарихи жаңа социалшылдық шындық ретінен жарамды болып көрсетілген бе?
Менің пікірімше, бұл уақиғаның өзі де пьесенің тарихи социалшылдық шындық ретінен жарамды болып көрсетілмеген. Жарамды болып көрсетілмегені былай тұрсын, зиянды, ұлтшыл сезім оятатын жат пьеса болып шыққандығы айқын көрінді.
Ұлтшылықты жасыл түске мысал қылып, социалды шындықты қызыл түске мысал қылсақ – «Хан Кене» пьесесі үлкен жасыл жайманың әр жеріне қызыл, қызыл болғанда қошқыл қызыл жамаулар жамаған сияқты болып шыққан. Және ол жамаулары орынсыз жапсырылып, дөрекі ақ жіппен көктей салған сияқты болып шыққан. Және, жасыл жайма – құлпырған жасыл асыл жібек сияқты болып шыққан да, қызыл жамаулар – қошқыл бояулы, арзан жұқа қызыл мата сияқты болып шыққан. Театрға келген жұрттың көбі әлгі қошқыл қызыл жамауларға көңіл тоқтатпайды. Көңілін жасыл жайманың көлеміне тоқтатады. Көлемді жасыл жібек жайманың құлпырған әсерлі түрі аңқау жұрттың көбін елтітіп әкетеді.
Ал, атын атап айтайық: «Хан Кене» пьесесіндегі суреттелетін негізгі басты адамдар: 1 – Кенесары, 2 – Наурызбай, 3 – Кенесарының қарындасы Бопай қыз. Екінші қатардағы адамдар: 1 – қырғыз Кәрібоз, 2 – қазақ Бұғыбай басшы, 3 – Ағыбай батыр, 4 – Сыпатай батыр және басқалар.
Кенесары қандай адам болып суреттелген? Кенесары «қиырға көз салған» қайыспас болаттай ер болып суреттелген.
Наурызбай қандай адам болып суреттелген? Ол қарап отырған аңқау жұрттың көбі: «Тек әттең сабырсыздығы-ай» дейтін, қылшылдаған екі жүзді ақ алмастай, тасыған, жұлқынған қайратына ие болмаған, өлімнен кірпік қақпайтын батыр болып суреттелген.
Бопай қандай болған? Ал, Бопай – бүкіл Кенесары ниетінің, Кенесары тобының, Кененің өзінен соңғы ішкі ұйтқысы, қозғаушысы, рухы болып суреттелген. Қысқасы, мұның үшеуі де, аңқау жұрттың көбі: «Тек Наурызбайдың сабырсыздығы болмаса», « Ер болсаң, батыр болсаң Кенесары мен Наурызбайдай бол, қыз болсаң Бопайдай бол!» - дерлік адамдар болып көрінеді – басталуынан ақырына шейін.
Әкелеріне ас беріп, Кенесарыны хан көтерген бірінші пердеде, биікке тігілген жамбыны садақпен атысқанда, еш бір батыр түсіре алмаған жамбыны, өрулі шашы тоқпақтай болып беліне түскен Бопай қыз қар садақты шірене тартып атып түсіреді. Атып түсірген жамбысын Кенесарыны хан көтеріп жұртқа үгіт патуа айтып, батасын берген ақсақалға әкеп береді. Пьесенің ақырына шейін, Бопай ылғи Наурызбайды ақылға шақырып жүреді... Бұйрық қылады. Кенесары тобының бір ауыздылығын, ынтымағын сақтауға күш салады, сол ниетпен «ханның қызы болса да қараға бас иіп», бүкіл қолдың басшысы Бұғыбаймен жақын болып, оның көңілін табады. Қырғызбен соғысқанда, дағдарған, жасыған батырларды қайрап, қырғызға шабуға – аранға айдайды. Ақырында Кенесарының тобы әлсіреген кезде, қашып кетпек болған Бұғыбайды – «сүйген», «тамыр» батырын «қашасың» деп жарып тастайды. Мен, «Хан Кене» пьесесі ең алғашқы күні ойналғанында болдым. Бопай қыздың әлгідей істеріне аңқау жұрттың көбі сүйсініп, қол шапалақтап отырды. Наурызбай да пьесе басынан ақырына шейін аңқау жұрттың көбін аударып әкетеді. Наурызбай қырғызбен соғысып жатқанда, бір қысылған жерде, ағасы Кене ханға айыпты болып қалғанда, ағасы оны өлімге бұйырады. Батырлар ханнан Наурызбайдың күнәсін соғыс үстінде кешіруін сұрайды. Хан кешірім бермейді. Наурызбай: «Әмірің екі болмасын бұйрығыңа, өлімге ырзамын, тек тілейтінім – мені қоя бер, мына жауыңның – қырғыздың қолынан өлейін!» - дейді. Батырлар да соны сұрап өтінеді. Кене хан бұл тілектерін береді. Сол арада, Наурызбай жалма-жан ақ боз атқа мініп, алмас қылышын жарқылдатып топтың арасына жетіп келіп, топты қыздырып, жандырып, ойнақтаған ақ боз аттың үстінде «хан Абылайдың аруағын» айтып Кене ханның бұйрығын айтып, «өлімнен ердің тайсалмайтынын» айтып қырғыздарға атылып жөнеледі. Бұл арада театрда қарап отырған аңқау жұрттың көбі көтеріліп қызып қол шапалақтағанда театрды солқылдатады.
Кенесарының қолы әлсірейді, дулаттар біртіндеп майданды тастап кетеді, Наурызбай шатыр жанындағы тастың басына шығып «Сары Арқа» әніне салып мұңайып өлең айтады. Өлеңі, әні қазақ жерлерімен қоштасқан сияқты болады... Қасына ағасының қызы келеді. Наурызбай қарындасын құшақтап, Абайдың «Желсіз түнде жарық айындағы» екі ғашығындай сүйеді. Сол кезде қобыздың сарнаған күйі естіледі. Наурызбай селт етіп тыңдай қалады. Мұңайып, қобыз күйін тыңдап, қарындасын ертіп шатырға жөнеледі. Қарындасына: «Қалқашым, ана күйді есітесің бе... Қорқыттың күйі ғой! ...» - дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |