Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет32/38
Дата09.11.2016
өлшемі7,37 Mb.
#1379
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   38

1) Жұмабаевтің стипендиясын жауапты қызметкерлерге төленетін жалақымен теңестіруді, 2) Жолақысын өтеу үшін және үй-ішімен барып орналасқанша бір рет жәрдемақы төлеуді, 3) Жоғарыдағы аталған оқу орынына ауысу үшін Петорградқа жолданған іссапарын Мәскеуге ауыстыруды», – ұсынады.

Бұл Баянхат қандай нәтиже берді, ол жағы бізге беймәлім. Тергеу ісінде бұл туралы М.Жұмабаев:



«1923 жылы Ташкентке ауыстым, онда Оқу-ағарту халық комиссары Қожановтың жолдауымен Қазақ оқу-ағарту институтына оқытушы болып орналастым. әрі Қазақ ғылыми комиссиясына мүше болып сайландым. 1924 жылы Москваға барып әдебиет-көркемөнер институтына түстім, ол оқу орынына жолдама бергендер Нәзір Төреқұлов пен профессор Поливанов. Поливанов өзінің досы профессор Ричиге хат жазып берді. Сонымен қатар Қазақ ғылым комиссиясының да жолдамасы болды. Оқудың бірінші жылы Түркістаннан стипендия алып тұрдым. Кейін орталық баспада қызмет істеп жүргендіктен де ол стипендияны алып тастады. Орталық баспаға Төреқұлов алды, онда әдеби қызметкер міндетін атқардым», – деп жауап берген.

«Мағжан» атты алғашқы монграфияның авторы Шериаздан Елеукенов: қазақ үкіметінің есебінен 20 сом стипендия алып тұрған, – деген мағлұмат береді. Зады, бұл осы алғашқы оқу жылының шәкірттік нәпақасы болса керек.

Бізге мәлімі – Мәскеуде де Мағжанның қу жанына тыныштық болмады. Пролетар жазушыларының қазақ ассосациясы құрылып, оның құрамына тек қана кедей табынан шыққандар қабылданды. Олар Мағжан, Мұхтар, Жүсіпбек сияқты «оқып туған байшыл-буржуазиялық идеологияның құйыршықтарының тамырына балта шабу үшін» шабуылға шықты. Тіпті Сәбит Мұқановтың:

«Халық алдында Мағжанның және өзге алашордашылардың халыққа жау екендігін әшкерелеу... мақсатымен 1924 жылдың басында Орынборда Мағжанға әдеби сот жасауына тура келді».

Сотта басты айыптаушы болып сөйлеген шешен өзінің «Өмір мектептері» атты ғұмырнамалық шығармасында:



«1. Жұмабаев қазақ халқының, онымен қатар, қазақ халқына қамқор болып отырған Совет өкіметінің қас жауы деп танылсын. 2. Оның барлық шығармалары оқылудан алыну өкіметтен сұралсын. 3. Бұдан былай советтік баспасөз бетінен Жұмабаевтың шығармаларына орын берілмесін», – деп қаулы шығарғанын жазады.

Қыза келе Сәбит Мұқановтың балтасының жүзі Абайдың өлеңдерін де отап тастады, сөйтіп, ұлы ақынның есімі «қара тақтаға жазылды».

Мұның барлығына себепкер болып отырған басты кілтипан – 1922 жылы Бернияз Күлеевтің құрастыруымен Қазан қаласында, 1923 жылы Сұлтанбек Қожановтың алғысөзімен Ташкентте басылған Мағжан Жұмабаевтің «Өлеңдер» жинағы еді. Бернияздың «сыршыл сөзімен» және Сұлтанбектің:

«М. Жұмабайұлының өлеңдері қазақ әдебиетінде үлкен орын алған деп санап басып отырмыз. М.Жұмабайұлының өлеңдерімен оқушылар бұрыннан таныс. Әдебиеті жаңа аяқтанып, әдебиет тілі енді жасалып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екені анық. Осы күнге дейін Түркістанда қойшылар тілі саналып келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын бай, жатық, таза, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады. Сондықтан біз Мағжан өлеңдерінің саяси мәнісінен гөрі, әдеби мәнісін көбірек көзде тұттық. Сол жақтарын ескеріп, Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін марксизм дүние тануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына, суреттеу жағына көбірек көз салуы керек, тарих мәнісіне жете түсінуі керек. Бұл кітапқа М.Жұмабайұлының баспасөз майданына шыққаннан бергі жазған өлеңдерінің көбісі кірді. Басу жағынан түзей алмай отырған кемшілігіміз: қай өлеңнің қай жылы һәм қай шарттарда жазылғандығын көрсете алмауымыз. Сүйтсе де М. Жұмабайұлының өлеңдері әдебиет тарихындағы соңғы 10-15 жылдағы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады деп ойлаймыз. Түркістан қазағына арнап, Абайдан кейінгі екінші бастырып отырған әдебиет кітабымыз осы М. Жұмабайұлының өлеңдері. М. Жұмабайұлы өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиет тану жағынанн пайдасы көп болады деп сенеміз», – деген саси астарлы пікірлеріне қарамастан «қаратаяқтардың» өкілінің поэзиясын «тапшыл қарабалақтар» қабылдамады.

«Қара қазақтың» батырақ ақындарының пікірімен санаспай қазақ ақынының жинағын Қазақстаннан сырт жерде шығару олар үшін «шетелдік идеологиялық үстемдік, басыну» болып табылды. Бұл аламаннан Мәскеудегі Күншығыс баспасының бас редакторы Нәдір Төреқұлов бастатқан қазақ қызметкерлері мен студенттері де тыс қалуды «ар санады». Өзі «қазақтың Пушкині» деп танып әдебиет институтына жолдама берген, кәсіби баспа маманы ретінде қызметке алып отырған ұлтшыл ақынның шығармашылығына бейнесі жат бейтаныстықпен шүйлігуі түсініксіз. Ол 1924 жылы 24 қараша күні алпысқа жуық «оқырман» қатысқан жиналыста Сұлтанбек Қожанов алғысөз жазған Мағжанның «Өлеңдер» жинағы туралы баяндама жасап, талқылады, жәй талқыланған жоқ, талқандады. Қол астында істейтін ақынның өзін шақыруды ар санады. Тек Жәкен Сәрсенбин ғана қарсы шықты.



Сонымен, «дүние астан – кестен болды». Өмiр де, өнер де тығырыққа тiрелдi. Не iстеу керек? Ұлттың рухын өлтiрмей, жанын қалай таза ұстау керек? Бұл талқылау мен талқандалу ұлт жазушысын қатты ойлантты. Жәкен Сәрсембинмен екеуара әңгімеде әдеби үйірме құрудың қажеттігі туралы ой туындайды. Ұлт ақыны алты алаштың азаматтарына атой салып:

«Қазақ әдебиетi тоғыз жолдың торабында тұрды. Артында бiр жол, алдында мың жол. Мың жолдың iшiнде өзен өрлегенi де, шөлiркегенi де, барса – келерi де, барса – келмесi де бар. Қазақ әдебиетiн мынау мың жолдың тарауына алып келiп, аңыртып тұрған – тұрмыс. Аңырып тұрған тұрмыс - қазақ тұрмысы орыс тұрмысымен, орыс тұрмысы арқылы Еуропа тұрмысымен соқтығуы; қазақ әдебиетiнiң орыс әдебиетiнiң екпiнiне, орыс әдебиетi арқылы Еуропа әдебиетiнiң екпiнiне кез келуi «тас пен жапалақтың» кез келуi. Жапалақ өлмек.

Әрине, қазақ тұрмысы қирамақ, әрине, қазақ әдебиетi өртелмек. Бiрақ, бiзге молда болатын Еуропа әдебиетiнiң өзi де бiр молда емес, мың молда. Алыстағы анау Еуропаны қоялық, көршiмiз орыс әдебиетiн алалық. Оның да өткен дәуiрлерiн бүркеп, осы күнгi дәуiрiн алалық. Осы күнде пролетариат төңкерiсi дәуiрiнде, кеңес өкiметiнiң өзiнде орыс әдебиетiнiң мың бағыты бар. Бәрiнiң жалауы қызыл, ұраны – төңкерiс, алды – ортақшылдық сықылды... Алайда, искусство, ән – оның бiр саласы. Әдебиет туралы түрлi бағыттың (өзiнше – Т.Ж..) бiр ұғымы бар. Искусство бар, ән болмақ, – деген бағыттан бастап; искусство жоқ, ән болмақ емес, бұрын болса да бұдан былай болмақ емес, болуға тиiстi емес, – деген бағытқа шейiн бар.

Оның iшiнде, бiз дүние астан-кестен болған заманның адамымыз. Жұмыр жердiң бетiндегi шiрiк қауды өртеп, өртең шығару үшiн қылыш, найзаны қолдан түсiрмей, майданда жүрген әскердеймiз. Әйелiмiз де, ерiмiз де саясатшылмыз, шаруашылмыз, әдебиетшiлмiз, тегiс әскермiз. Әскер болуға мiндеттiмiз. Төңкерiс iсi осыны тiлейдi. Тұрмысы да осыны тiлейдi.

Бiрақ майдандағы әскердiң әрбiр тобының да, әрбiр таптың да бес мiндетi болмақ. Әрбiр топ өзiнiң iсiн дұрыс атқарса ғана, жалпы әскер соғыста ұтып шықпақ. Бұл топ өз мiндетiн атқара алмаса, өз мiндетiн ұмытып, көптiң дүрмегiмен, айғай-аттанның желiгiмен лап қойып кете барса, майдан құр ойранға айналмақ. Қазақтың жазушылары да аз әскердiң кiшкене бiр қанаты. Үркердей бiр тобы. Бiрақ олардың мойнында жалпы әскерлiк мiндеттен басқа бес мiндет бар: Жазушылықтың, ақындықтың өз мiндетi бар. Жазушыларымыз әскерлiк мiндетiн бiлiп, ақындық мiндетiн бiлмесе, атқара алмаса ақын емес. Ақындықты бiлiп, әскерлiктi бiлмесе әскер емес.

Қазақ елi Еуропа мәдениетiнiң көзiмен қарағанда мәдениет қоры, әдебиет қоры жоқ, кедей ел болғандықтан, бiздiң жазушыларымыз әскерлiк, азаматтық мiндетiн ұмытып, құр ақындыққа қадалып қалуы мүмкiн. Әсiресе, ақындық мiндетiн бiле алмай, жалпы айғайдың екпiнiмен кетуi де мүмкiн. Әдебиеттi айғай ғана деп, ақындықты – үгiт-насихат қана деп ұғуы. Мысалы, әдебиет, не дiншiлдiк бәдуамы, не дiнсiздiк деп, әйтеуiр, бәдуәм деп ұғуға мүмкiн... Үлгi боларлық орыс әдебиетiнiң түрлi тарауының тұрақсыз бiр тарауына, не барса келмесiне, не ұзамай құрып кететiн сиырдың шұбырындысына түсiп кетуге мүмкiн. Осы мүмкiндiктердiң шет пұшпағын көрiп, әдебиет қазанының бiр құлағына жармасып жүрген, тоғыз ойланып, тоқсан толғанып, төмендегi пiкiрлердi ортаға салуымызды борышымыз деп бiлдiк.

Бұл құрғанымыз сегiз қанат боз орда, алты қанат ақ отау емес, «абылайша». Майдан анық, жорық дәуiрiнде дағарадай орда да, айдан ақ отау да құрып отыруға болмайды. Аттан дәуiрiне «абылайша» керек. Жорық «абылайшасы» керек (жорықта тiгiлетiн қос). Басы жаңа тұрмыс орынына «абылайша» қалып, бәрiмiз сиятын боз орда тiгiлер. Бұл келешектiкi. Әуелi баспана «абылайша!». Оқушы! Жақсы келдiң. «Табалдырықты» аттап, төрге шық. «Алқаға» кiр!», деп ұран тастады.
Бұл – «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң «Табалдырық» атты бағдарламасының кiрiспе үндеуi. Оны жазған – ақын Мағжан Жұмабаев болатын.

Ақындық асқақ көңiлмен екпiндете жазылған бұл үндеудiң астарында терең мән жатыр едi. Ол тұстағы әрбiр науқанның өзiн «майдан» деп атау рәсiмге кiрiп кеткендiктен де, әр саланың адамдары өзiн «әскер есебінде» сезiнуi заңды және мұны Мағжан жарым-жартылай мысқылмен айтып отыр. Негiзгi түйiнi:



қалайда Мәскеудегi әріптестерi сияқты бiр көркемдік мақсатты ұстанған өнер адамдарының басын бiрiктiру. Өйткенi сол тұстағы жалаң әлеуметшiлдер мен қызыл жалаулы «жасасыншылдар» мәдениеттiң түп тамырына балта шауып, ежелгі мұраның бәрінен бас тартты. Тек қана «жасасынды» желеу еттi.

Бұл өнердi өлтiрудiң ең бір отамалы шарасы едi. Екiншi, Мәскеудегi қазақ оқығандары мен студенттерiнің:



«Мағжанның шығармалары қазақ кедейдерiне қарсы үгіт-насихат құралы», деген қаулы қабылдап, барлық баспасөздерге хат жазды.

Ол хат бүкіл Қазақстанды дүрліктіріп, Мағжанға және ұлтшыл жазушыларға қарсы науқан басталды да кетті.

Ақынның намысын қоздырған және оны «Алқа» атты әдеби үйiрме құруға мәжбүр еткен де сол жағдай.

Ол майданға «жеке әскер» ретiнде емес, «абылайшасы» бар әдеби топ ретiнде аттануға қамданған. Сондықтан да ол өзiнiң ойын айқындай жазып, қанаттас қаламгерлерден ақыл-кеңес сұрады.

Тергеушiлерге берген жауабында М.Жұмабаев:

«Алқа» үйiрмесiн құруды студенттердің талқылауынан кейін ойыма алдым және оның «Табалдырық» атты бағдарламасын 1924 жылы желтоқсанның аяғында баста, 1925 жылы қаңтар айының басында жазып бітірдім. Бағдарламаны сол кездегi Мәскеу студенттерi Сәрсенбин мен Сегiзбаевқа оқып берiп, талқылаттым, өзгертулер енгiздім. Содан кейiн барып жан-жаққа тараттым», деп жауап берген.

Әрине, тергеушiлерге: «Алқаның» алдына қойған ешқандай саяси мақсаты жоқ, тек қана әдеби мүддеден туындады, деген лаж айтады. Бұл орынды да, өйткені, негiзiгi мақсат – өнерден туындап отыр.

Сөйтіп, тергеушілердің айтуынша – «астыртын ұйым, ал шын мағынасында «Алқа» атты әдеби үйірме өмірге келді. «Астыртын ұйымды», яғни, әдеби үйірмені құрған Мағжан Жұмабаев пен рабфактың студенті Жәкен Сәрсенбин және ақын Аманағали Сегізбаев. Бұған енді тек қана қара күйе жағып, тонын теріс айналдырылған:

«Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды», – дегізетін көрсетінді ғана жетпей тұрды.

Әрине, мұның ар жағы әккі тергеуші үшін түсінікті. Түсініктісі сол, бұл үйірме Совет Одағындағы жүздеген әдеби-творчестволық үйірменің бірі ғана болатын. М.Горькийдің өзі «ОПОЯЗ»-ға жетекшілік етті. Солардың үлгісімен КазАПП-тың жанкешті қарсылығына ұшыраған «байшыл, өткенді көксеген ұлтшылдар» – өздерін де, өнерді де қорғау үшін «Алқа» атты әдеби үйірме ашуға ұмтылды. Сол мақсатқа орай шығармашылық бәсекеге түсті.

Мағжанның “Батыр Баян”, «Қойлыбайдың қобызы», Мұхтардың «Көксерек», «Қилы заман», Жүсіпбектің “Күнікейдің жазығы», «Ақбілек» іспетті кесек туындылары сол жылдары жазылды. Үйірме өз алдына саяси мақсат қойған жоқ. Таза өнерді қолдап, таптық мүддеден гөрі көркемдік шеберлікті жоғары қойды. «Жалаң ұраннан арылып, саф өнермен сусындауды” (М. Әуезов) мақсат тұтып, «Сана» мен «Шолпан» журналына жариялау арқылы сол идеяларын жүзеге асыруды ойластырды. Көркем әдебиет туралы Ж.Аймауытовтың, Қ.Кемеңгеровтің, С.Сәдуақасовтың, А.Байтасов пен Д.Ысқақовтың, Ә.Мәметованың, Ы.Мұстамбаевтің орайлас пікірлері тұтаса жарияланып, «тапшыл табашылдардың» бетін қайрды. Соның ішінде «Тікен» атты «тікен сыншы» Сәкенге:

«Тапшыл ақынбыз деп жүрген «ақындардың бет жуары» Сәкен мен Сәбит (Мұқанұлы) қой. Сәкеннің біраз өлеңдерінде суретшілік бар болғанымен, табанды пікір жоқ. Сәкен қара қазақтың қолына түспейтін «асау тұлпар» болып жүрген. Комиссарлықтан түскен күн үні өшкен Сәкенді қалай тапшыл ақын дейміз? Сегіз жылдай айқайы таусылмаған, кемпірге үгіт-насихат айтып отырған, өлең жазудың техникасын білмей, соқыр түйедей шалып отыратын Сәбитті қалай ақын дейміз?», – деп қадалды.

Ал Ыдырыс Мұстамбаев өзіне тән тура мінезбен:



«Сәбит мақаласының аяғын: «Абайдың ар жағында да қазақтың жақсылы-жаманды әдебиеті болған. Сол әдебиеттер сарқылып келіп, Абай заманында бір қазық қағып өтті. Осының кезеңіне Абай кез келген соң, даяр табақтың иесі, даяр тоқпақтың ұрушысы, даяр қазықтың қағушысы боды да жүре берді», – деп бітіреді... Жөн, жөн, Сәбит!!! Онан да қазақша: «Абай – арамтамақ», – деп бір-ақ айтсаңшы. Көп сөз сөйлеп әуре болып жататын не бар?», – деп бетке айтты.

Қанша жерден «жолдастық сын» тұрғысынан айтылса да мұндай пікірлер жауапсыз қалмады. Оның зардабы бірге емес, мыңға тиді. Әсіресе, сері де шамкөс Сәкен Халық комиссарлары кеңесінің төрағалығынан кеткеннен кейін 1925 жылдың 13 – 20 мамыр аралығындағы Кеңестің ІІІ құрылтайынан кейін:



«Қазақстандағы жағдайлардан, өз жайымнан Сталин, Куйбышев, Молотов жолдастарға арыз бердім. Сталин жолдаспен ауызша сөйлестім, сөйлескенде барлық мән-жайды айттым («үкімет билігінің алашордашылар – С.Сәдуақасов пен С.Қожановтың қолына көшкендігі туралы – Т.Ж.).Үлкен орындардан түсірілгендердің оқуға сұранатын әдеті бар ғой. Бұл ретпен мен де: «Комакадемияға оқуға кіргізіңіз», дедім. Мен осы сөздерді айтқан соң Сталин жолдас: «Комакадемияға орналастыру оп-оңай, бірақ Қазақстанның халі өзің айтқандай болса, сіздердің Қазақстаннан қашуларыңыз керек емес. Қайта қатты белсеніп істеулеріңіз керек, менің мәслихатым осы», – деген кеңес алады.

«Үкімет билігі С.Сәдуақасов пен С.Қожанов сияқты алашордашылардың емес», Сәкен Сейфуллин сияқты төңкерісшілдің қолында тұрғанда, ұлтының тең жартысы ашаршылықтан қырылып жатқанда «Қазақ халық комиссары қырға шығып, 5-6 ай бойы демалғанын, сол уақыттың ішінде халық комиссарының кеңсесіне бір де бір рет бас сұқпағанын» (Г.А.Коростылев), ақ боз атсыз «қарға адым жердегі жиналысқа да аттап баспайтынын, ешқашан ешқандай мәселеге араласпайтынын, мәселе де қоймайтынын» (А.Жиханов), әрине, Сталинге жеткізген жоқ. Одан көрі алаш азаматтарын арандату тиімді еді (Д.А.Аманжолова, На изломе (Алаш в этнополитической истории Казахстана, А.2009. стр. 388).

Араға апта салмастан Т.Рысқұлов пен С.Сейфуллиннің баянхатының негізінде Сталиннің «Ақ жол» журналы туралы хаты» жарияланады. Күзге қарай «алашордашыларды аластатып», қазақ қайраткерлерінің өтініші бойынша Голщекинді Қазақстанға жіберді. Басылымның атын ауыстырып алған Сталиннің қарапайым қатесін түзетуге Орталық комитеттің де, өлкелік комитеттің де, екі «арызшының» да дәті жетпеді. Тура сол кезде «Ақ жолды» жабу туралы қаулы да шықты. Ғалым Шериаздан Елеукеновтің сыни ой өзегінен бұл салыстырудың астарында «Қу жақтың» Қазақстанға келуінің «жоғарыдағы себепкерлерін» мекзеу бар. Олар: жақсылықты күтіп – жаманатқа, көсемді күтіп – Қужаққа тап болды.

Иә! Қандай ұқсастық десеңші! Сексен алтыншы жылы да осы жағдай қайталанып еді-ау! Тарихтан сабақ алмаппыз. Айтпақшы сол тарихтың беті кешігіп ашылды емес пе. Біздің мына жиырма жыл бойы салыстыра жинақтаған жанталасты жанығуымыздағы салыстырулпр мен талдаулар сол үшін қолға алынып отыр ғой. Кейде жаныңды жеген жегіден: «Осының бәрі кімге керек, не үшін жанымды қинаймын?», – деген торығудан сондай ойлар жарыққа алып шығады (Бұл мәселелер туралы бірінші кітапта барынша кең салыстырыла талданып, «Ақ жол» туралы қаулының мәтінін түгелдей біз құрастырған «Алаш ақиықтары» (2006) атты деректер жинағында ғылыми түсініктерімен қоса жариялағандықтан да, осы сілтемемен шектелеміз).

Сөйтіп, «Алқаның» бағдарламасы – қиял, жұмысы – жоба күйінде қалды. Жоғарыдағы екі журнал да («Сана» мен (Шолпан») көркемдік-идеялық жат ұстанымы үшін жабылып тынды. «Әйел теңдігі» мен «Жаңа мектеп» журналында жарияланған М.Жұмабаевтің өлеңдері мен Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің әңгімелері, Ә.Бөкейхановтың аудармалары, Ы.Мұстамбаевтің, Д.Ысқақовтың сыни мақалалары жалғасын таппай, тоқтатылды. Оның есесіне, 1927 жылы шыққан С.Сейфуллин ұйымдастырған КазАПП мүшелерінің «Құс жолы» атты жинағында «Алқа» мүшелерінің «жон терісін сыпырған» бес-алты мақала қатар басылды. Саяси айып тағуға соның өзі де жетіп жатыр еді. Солай болды да. Ондағы айыптаулардың пәрмені сот үкімінен бірде-бір кем соқпады. Әдеби пікір алысудың өзі «жаға жыртысудың» бір түріне айналды. Әсіресе, Мағжанның ақындығы туралы жарыса жарияланған «таңқиттар» (сын) таланттың танауын тіліп жатты. Оған көбік ауыз Голошекин де араласып кетті. Ол 1927 жылы Бүкілқазақстандық ҮІ конференцияда:

«Ескі интеллигенцияның арасында сменовеховшыларды еске түсіретін қозғалыс бар. Сендер Жұмабаевтың «90» жөніндегі әйгілі өлеңін білетін шығарсыздар, ол өзі 90 жағында болғандықтан, 90 туралы жазады, ал көпшілік бұл сан шынайы екен деп алданып қалады. Олар 100 деп еді, жеңіліп қалды, енді 90 деп күңіренуде, бізге жақсы істерімен келсе, біз олардың арқасынан қағамыз, алайда 90-ды басқалардың қолдамауы қажет екенін аңғарту үшін біз арқасын сипап қана қоймай, бір мезгіл соққыға да жығып аламыз», деп («Советская степь» газеті, 1927 жыл, 21 қараша, Ш.Елеукенов, Мағжан, 90-бет ) ойқастады.

Сәбит Мұқановтың Мағжан Жұмабаев пен Мұхтар Әуезов түрмеден қайтып оралғанда соларға жазған хатында да осы «сменовеховшылар» туралы ұзақ түсіндіреді. Шындығында да, М.Әуезов айтқандай, Голощекин келісімен Қазақстандағы дәуір де, уақыт өлшемі де, құндылық та, көзқарас та өзгерді. Мұны «ұсыныс жасаушылардың» өздері де кеш аңғарып, бармағын тістеп үлгере алмай қалды.

Әрине, зияткер қауым еріксіз қаламнан бас тартты. Соған қарамастан көркем өнер туралы пікір таластары ушығып келіп, өлім жазасына ұласты.

Қауіпсіздік комитетіндегі хаттамаға сүйенсек, 1929 жылы 20 шілде күні Мағжан Жұмабаев тұтқындалып, жауапқа тартылыпы. Ал зиялы зерттеуші Шерияздан Елеукенов айналымға түсірген дерек бойынша Мағжан Жұмабаев 1929 жылы 6 шілде күні Қызылжар қаласында тұтқындалып, төмендегі ілеспе хат арқылы Алматыға жөнелтіледі:



«№ 6333 2 ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің КССР бойынша Алматы қаласындағы өкіліне. 1929 жыл, шілде.

Үстіміздегі жылы 6 шілде күні тұтқынға алынған белгілі ұлтшыл қазақ ақыны Жұмабаев Мағжанды сіздерге жіберіп отырмыз. Пәтеріндегі тіпту кезінде оның ішінара өмірбаяны жазылған қалың дәптерден басқа ештеңе табылмады... Байтасов Абдолла Петропавловск қаласы шеңберіне көзге түспеді. Қалың дәптер «Қосымша» ретінде жіберіліп отыр. ОГПУ округтік бөлімі бастығының орынбасары В.Никеров. Ш/Б өкілінің көмекшісі Губайдуллин» (Ш.Елеукенов.Мағжан, 109-бет).

Көзі қарақты, ойы сергек, жадуалға қабілетті, алғашқы тергеулердің мазмұнымен таныс оқырман М.Жұмабаевті тұтқындауға шығарылған қаулының хаттамасын мысқылмен оқитыны анық. Онда М.Жұмабаевтің өміріне қатысты жоқ, тек Д.Әділевке тағылған айыптау қорытындысын көшіре салған. Оқыңыз (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):



«Қаулы: 1929 жыл, 20 шілде. Мен, Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың Шығыс бөлімінің Қазақ АССР-і бойынша өкілетті өкілі бастығының көмекшісі Саенко № 6 тергеу ісімен танысу барысында мынадай қылмысты істің ұйымдастырылғанын анықтадым:

1. Жұмабаев Мағжан кеңес өкіметіне қарсы күрескен және Орта Азиядағы басмашылар қозғалысымен байланысы бар астыртын ұйымның жұмысына белсене қатысқан;

2. Бұл астыртын ұйым Сырдария округіне қарасты Сарысу ауданының көлемінде қастандық әрекетпен айналысып жүрген ағайынды Әділевтердің бандысымен астыртын байланыста болған.

3. Астыртын ұйым біраз жылдан бері кеңес үкіметінің науқандық шараларына тұрақты түрде іріткі салып, мәдениет және шаруашылық жұмыстарына кедергі жасады, сондықтан да Мағжан Жұмабаевті Қылмыстық кодекстің 58 бабының 7, 11 тармақтарына және 59 бабының 3 тармағына сәйкес айыпты деп тауып, соған орай  128, 142, 147 баптарды басшылыққа ала отырып:

1883 жылы туған, ірі бай тұқымынан шыққан, жартылай феодал, партияда жоқ, үйленген, бұрын істі болмаған, бұрынғы алашордашы, Петропавл кеңес-партия мектебінің оқытушысы М.Жұмабаевті жоғарыда аталған қылмысты істерін мойындату үшін тергеуге алуды, соған орай Петропавл кеңес-партия мектебіндегі қызметінен 29 жылдың 15 шілдесінен бастап қызметтен босатуды мақұл деп тауып, Қаулы қабылдадым.

Тергеу ісіне кедергі келтірудің алдын алу мақсатында Жұмабаев Қазақ АССР –інің ОГПУ –нің комендатурасына қамаққа алынсын.

ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығының орынбасары Саенко. Тергеушілер: Логачев, Альшанский (қолдары)».

Тергеу ісімен таныса отырып, айып қорытындысындағы жалғыз ғана жанама деректің растығына көзіміз жетті. Ол – Мағжан Жұмабаевтің Омбы қаласындағы гимназияда Дінше Әділевтен бір саты жоғары курста оқығаны ғана. Тергеу барысында өзге айғақтар қаперге де алынбады. Демек, бұл айыптаулар нақты айып емес, желеу күйінде қалған.

Әрине, «жаппай құрбандық шалу» науқанына ұшырағандардың негiзгi «кiнәсi» ұлтын сүйгендiгi, ұлты үшiн күйгендiгi, ұлтының рухани мұрасын сақтап қалу жолындағы күресi екендiгi түсiнiктi.

Ал, осы төртiншi «майдан мәдениет майданы» саласындағы, «Алашордашылардың» қылмыстары мынады еді:



1. Жауапты орындарға кiрiп алып, кеңес өкiметiне жат идеяны насихаттап, оны «Алқа» арқылы жүгезе асырды.

2. Жоғары оқу орындарының шәкiрттерiне оқулықтар жазып, арандатуға ұмтылған әрекеттерiн жандандырған.

3. Әдебиеттiң таптық мүддесiн мойындамады.

4.Ұлтшы-буржуазиялық иделогиялыны көркем шығармалары арқылы насихаттаған. Сөйтiп, пролетариаттық мәдеиеттi мансұқ етіп, хандар мен феодалдық еркiндiктi, еркiн замандағы қазақтың бостандығын мадақтаған.

Міне осындай «қылмыстық желеу» олардың тұтқындалуына себеп болған. Мұның барлығы оқырманға таныс байбаламдар. Сондықтан да мәселенi тергеу барысындағы қолға түскен, тәргiге алынған хаттар мен құжаттарға сүйенiп отырып баяндаймыз. Тергеу ісіндегі неше түрлі жала мен арыздардың, қолхаттардың, жасанды «доностардың», дәлелсіз қыздырмамен айтыла салған айыптаулардың барлығы да қызыл сөзге, даурықпаға құрылды. Бұл ретте тергеушiлердiң тонын терiс айналдырған сөзiнен айнаға терiс түскен бейне деп ұққан жөн. Ондай дөрекi бұрмалауларға қосымша түсiнiк берiп жатпаймыз. Беттесулердің ішінде аты-жөні кездесіп қалатын ақын-жазушылардың куәландырған көрсетінділері – олардың абырой-атағына көлеңке түсірмесе, көңілді көтермейді.

Өкінішті. Бірақ шындық солай.Жаланың жалынына қанатын күйдірген жалғыз Мағжан емес еді.

2.

Анкеталық анықтама: Жұмабаев Мағжан Бекенұлы (Бекмұхамед), 1893 жылы 25 маусымда Ақмола облысы Қызылжар уезі Сарыайғыр болысы Сасықкөл ауылында ауқатты жанұяда туған. Қызылжар (Шалақазақ, 1905 –1910), Уфадағы Ғалия медіресесінде (1910 – 1911) оқи жүріп орыс тілінен қосымша дәріс алған (Міржақып Дулатов дайындаған), содан кейін Омбы мұғалімдер семинариясында (1914 – 1917) оқыған. 1918 – 1922 жылдары Петорпавл уездік мұғалімдер курсында дәріс оқыған, сонымен қатар «Бостандық туы» газетінде қызмет істеген. 1922-1923 жылдары Ташенттегі Қазақ оқу-ағарту институтында оқытушы болған. 1923-1927 жылдары Москвадағы әдебиет институтында оқыған, Шығыс баспасында әдеби қызметкер боп істеген. Әскер қатарында болмаған, жылжымайтын меншік мүлкі жоқ. «Алаш» партиясының оқу-ағарту комиссиясының мүшелігіне сайланған. 1927 жылдан ұсталғанға дейін Қызылжардағы Қазақ педагогикалық техникумі мен Кеңес-партия мектебінде орыс тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен дәріс берген.



Өмірлік шындықты жандүниесімен астасып жатқан көркем ойлау жүйесі арқылы қабылдайтын тума талант иесі тергеу сұрақтарына да ақындық көзқараспен жауап береді.

М.Жұмабаев, 1929 жыл, 14 шілде (Д.Досжанның жарияланымы бойынша): «Өзімнің ұстанымым бойынша, шамамен 1911 жылдан бастап Москваға келгенге дейін, дәлірек айтсам, 1924 жылға дейін ұлтшылдық көзқараста болғаным рас. Ұлтымның аянышты тағдырына жаным ауыратын. Москваға келгеннен кейін көзқарасым елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір коммунистік танымға бір табан жақындағаным рас, бірақ, ол ойымды дәлелдейтін нақты дәйегім жоқ. Қайталап айтамын, менің ұлтшылдық көзқарасым тек қана ұлтшыл сарындағы шығармаларымда ғана көрініс берді, яғни, менің ұлтшылдығым өлеңдерім мен мақалаларымнан байқалатын, бұл туындыларым басылымдарда жарияланып, халыққа кеңінен таралды, олардың көңілінен шықты. Мысалы, «Батыр Баян» атты поэмамда ұлтшылдық сарыны барынша айқын көрініс тапты...».

Қазақта еуропалық үлгідегі лирикалық жинақтың алғашқы қарлығашы Мағжанның 1912 жылы Қазан қаласында жарияланған «Шолпан» атты жыр жинағы. Бұл жинаққа дем салған, ұлтының көркем сөзінің ой ұйытқысы болуға баулыған адам – қазақ халқының жүрегін «Қазақ қызы» романы арқылы жылытқан татар әдебиетінің тұрлаулы тұлғасы Ғалымжан Ибрагимов. «Ұлтшылдық көзқарасым 1911 жылдан басталды» деп көрсетуі де Мағжанның Уфада Ғалымжанмен танысқан және одан кейін Міржақыптан орыс тілінен еркін дәріс алған тұсына дәл келеді. Демек, оның ұлтшылдық санасы зиялыларға тән көркем ойлау деңгейінде қалыптасқан.

Соған орай, Мағжан «Алқа» әдеби үйірмесінің мақсат-мүддесін, іс-әрекетін саясаттан қаншама саяқсыта сырттаттып:

«Бағдарламаны сол кездегi Мәскеу студенттерi Сәрсенбин мен Сегiзбаевқа оқып берiп, талқылаттым, өзгертулер енгiздім. Содан кейiн барып жан-жаққа тараттым», деп жауап бергенімен, тергеушілер одан саяси астар іздеп:

Осы ретте айта кетеріміз, 14 томдық тергеу ісін түгелдей көшіріп шығыу мүмкін емес, оның қежеті де жоқ шығар. Дегенмен де маңызды-маңыздыларын ғана іріктеп алып ек. Сондай іріктеу сәтінде біздің назарымыздан тасада қалған Ж.Сәрсенбиннің 1929 жылы 5 мамыр күнгі жауабы алаш зерттеушісі Д.Қамзабекұлының көз қиығына ілігіпті. Онда Ж.Сәрсенбин:





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   38




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет