Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет37/38
Дата09.11.2016
өлшемі7,37 Mb.
#1379
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38

Iстiң ақырында дауысқа салғанда – дауыс ұлттық тегiне қарай екiге бөлiндi. Iшiнара кейбiреулерi болмаса, қазақтардың барлығы қостап дауыс бердi, ал, кейбiр қалыс қалған жеке адамдарды есептемегенде, орыстардың барлығы қарсы болды. Мәселе сол күйi шешiлмей қалды. Бiрақ та, кейiннен бәрiбiр 3-4 дауыс артық алған Сәдуақасов Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына өттi».
Бұл мәселе Смағұл Сәдуақасовпен алдын-ала келісіліп алынған сияқты. Істің бәрі де соның ықпалымен және соның күрес жолының бағытымен қақпайланып отырған. Бұл өте бір ауыр кезең еді. Қазақстанның үш түрлі өкімет билігінде (Батыс облыстар – Орынборға, солтүстік облыстар – Батыс Сібірге, оңтүстік облыстар – Түркістан өлкесінде) қалуы өзара түсініспеушілікті тудырды және ұлттық мүдденің тұтастығын сақтауға кесірін тигізді. Әсіресе, Сібір төңкеріс комитетіне қараған Шығыс және Солтүстік губерниялардың ахуалы өте нашар еді. Жаңа орыстандыру мен қоныстандыру саясаты жүріп жатқан. Төңкеріс тек орыстарға ғана қатысты сияқты көрініп, қазақтар қызметтен шеттетіліп жатыр еді.
Ә.Байділдиннің «іске тігілді» деп атап көрсеткен хаттамасы және оған берген тиянақты түсініктемелері, деректері кеңес өкіметінің қылмыстарын әшкерелейтін «құпия құжат» болып табылады. Ұзақ та аса маңызды бұл мәліметтер осы басылымның «Жегі» атты бірінші бөлімінде арнайы талданғандықтан да және осыдан кейінгі Мұхтар Әуезовтің тергеуіне қатысты тарауда тағы да пайдаланатын болғандықтан да, бұл ретте оның жеке басына қатысты түрме тағдырын баяндаумен ғана шектелдік.

Үкім тергеу ісінің ҮІІ томының соңына тіркелген:


«ОГПУ (сот) коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгі кеңесінің хаттамасынан көшірме.

Тыңдалды: №78754 іс бойынша айыпталған: Байтұрсынов Ахмет пен Міржақып Дулатовты ҚЕ 58/2,58/4,58/11,58/10 баптары бойынша, ... Байділдин Әбдірахманды – ҚЕ 58/1,58/13 және 58/10 баптары бойынша .... (жиыны 42 адам Т.Ж.) айыпты деп тапты.

Қаулы еттік: Байтұрсынов Ахмет, ... 13. Байділдин Әбдірахман АТЫЛСЫН.

Іс архивке тапсырылсын. ОГПУ-дің хатшысы қолы.”
Осымен ОГПУ-дің тергеуі мен соты аяқталған. Ал қалған сөз, яғни, Әбдірахман Байділдиннің түбіртекке тігілген «аса құпия» хаттамалары сіздердің назарларыңызға келесі кітапта ұсынылады.

Тарих бұл адамды ар-ождан тұрғысынан қалай ақтайды? Оның жолын бiлмеймiз. Мұндай үкiмдi айту – бiзге де ауыр. Бiрақ ол кiсiнiң әрекетiне жекжаттары мен үрiмдерiнiң ешқандайда кiнәсi жоқ екенi анық. Сондықтан да заманның диiрменiне түскен тағдырды тәлкек етудiң өзi де қисынсыз. Ол өзiнiң жазасын өзi алды, өзiне өзi өлiм жазасын кестi. Бұл да зауалдың бiр түрi. Алаш қайраткерлерінің жанын күйдiрген жан иесi туралы бұдан артық сөз қозғауды лайық деп таппадық.


30. 05. 09.

АРЫЛУ


(Қорытынды орынына)

Сонымен, арасында аз үзіліс жасап барып үш жыл бойы қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан жинақтаған «Алашорда» қайраткерлеріне қатысты тергеу ісін көшірген дәптердің соңғы беті де жабылуға жақын қалды. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан ұл мен қыздар жаппай қудаланып, партия, кеңес қызметкерлерінің арасынан да ұлтшылдар табылып, тергеу жүргізіліп жатқан тұста жасырын жазылып алынған (ішінара таспаға түсірілген) қатираның соңына – әр томға, әр адамға, әр жауапқа қатысы қысқаша сипаттамалар жазылыпты. Зады, КПСС Орталық Комитеті «қазақ ұлшылдығы» туралы қаулы қабылдап жатқанда да осынау «аса құпия құжаттарды» жариялаудың мүмкіндігі түптің-түбінде туатынына сенген сияқтымыз.

Сол күндердің әсерінен туған алаң ба, жоқ, бұл құжаттар қайтып қолға түспейтініне көз жеткендіктен бе, әлде аяулы алаш зиялыларының бейнесін жүректе сақтап қалуға деген шексіз ыстық сезім бе, кім білсін, түрме психологиясына қатысы бар-ау деген ойларымыз бен ескертпелер де қағазға түсіпті. Дәл қазір нақ сол кездегідей аңсарлы болмағанымен де, бұл жазбалардың ұмытыла қоятындай жөні жоқ екен, келер жылдардың зерттеушілері де зер сала жүретін ой ұшқындары бар екен. Әсіресе, алаш зиялыларының тағдырына ықыласты зиялы қауым үшін танытар емеуіріні мен айтар астары да бар сияқты. Сондықтан да, «Ұраным – Алаш!..» атты әфсананың тікелей жалғасы болып табылатын үшінші бөлімдегі пайымдаулардың арнасы бұрынғы «әннен өзгерек» болатындықтан да, деректердің жиналуы, салыстырылуы, жазылуы жиырма жылға созылған кітаптың қорытындысын дәптердегі сол сипаттамалармен аяқтауды жөн көрдік.

Тергеу ісімен танысу, барлық елеулі оқиғалар сияқты кездейсоқ әрі табиғи түрде басталды. «Табиғи болуының» себебі, алаш идеясы бала жасымнан маған таныс, тіпті, Мұхатр Әуезовтің «Абай жолындағы» Әзімхан бейнесі мен Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуіндегі» алашорда қайраткерлері туралы підеректерді салыстырып, ұлт көсемдерінің жағымды бейнесін салыстыра әдеби кеш өткізіп, мектеп қабырғасынан айға жуық шеттеп қалғанымыз да бар болатын. Университетте курстың тең жартысы: «Тарихымызды білгіміз келеді», – деген желеумен шет тілі пәні ретінде араб тілін оқыдық. Айтуған Шәйімов, Мұратқан Қаниев, Құрманғазы Бексайынов, Дәуітәлі Стамбеков, Нұрқасым Әмірғалиев, Несіпбек Айтов, Жанболат Әуіпбаев қатарлы курстастар ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде «Айқап» пен «Қазақ», «Ақ жол», «Сана», «Әйел теңдігі», «Құс жолы», «Қазақ тілі» басылымдары мен сол жылдары шыққан сирек кітаптарды алдырып оқитынбыз. Кейін бұлардың біразы сырт тартып кетті. Тек Құрманғазы ғана «Ақ жол» газетіндегі публицистика» деген тақырыпта дипломдық жұмыс қорғады. Ал біздің ынтамыз үдей түсті. Ұстазымыз Рымғали Нұрғалиев С.Бегалиннің, С.Машақовтың, Ж.Елебековтің үйіндегі М.Дулатовтың «Оян, қазақ», Ж.Аймауытовтың «Жан жүйесі», Мағжанның «Өлеңдері» сияқты кітаптарды үйінен шығармай оқытты. Қазақ журналистикасының «ақ бас бурасы» (Несіпбек қойған), профессор Қайыржан Бекхожин біздің бірінші курстағы «Айқап» журналындағы публицистика» атты курстық жұмысымызды студенттердің олимпиядасына ұсынып, республикалық марапатқа ие болдырғаны да бар.

Сөйтсек, аяулы ұстазымыз бізге «ен салып» жүр екен. Күзде шақырып алып: «Мен саған бір сыр айтамын. Келіссең де, келіспесең де тісіңнен шығарма. Өзің маған шәкірт болғың келе ме? Ендеше мен бір сенімді шәкірт іздеп жүр едім. Өлеңді Сырбай мен Қалижан да жазады. Мен ғана емес, бүкіл қазақ қарыздар менің ұстаздарым бар еді. Солардың парызын өтейін деп әр жылдары екі шәкірт дайындап едім. Біреуінен ештеңе шықпады. Екіншісі ауылға кетіп қалды. Енді саған таңдауым түсіп тұр. Сен оларды біліп жүр. Мен саған олардың еңбектерімен қайдан, қалай танысудың жолын көрсетемін», – деді. Өрекпіген жүрегімізді басып үлгергенше университеттің сол кездегі ректоры Өмірбек Жолдасбековке алып барып, табан астында ұлттық кітапханаға ілеспе хат жаздырды. Одан ұлттық кітапханаға апарып, сирек қордың емес, арнайы құпия қорда істейтін Сәуле Мұсатайқызы Ақынжанова апаймен жеке таныстырды. Тоғыз айдан кейін өзі емтихан алып, ризашылығын білдіріп: «Олардың заманы келеді. Біз көрерміз, көрмеспіз, бірақ сол кезде сен дайын бол», – деп батасын беріп еді.

1987 жылы қаңтар айында Жазушылар одағының жанынан Құқық комиссиясын құрып, төрағалыққа бекітіп, желтоқсан оқиғасына қатысты деректерді жиып, хабардар етіп отыруды тапсырған және жоғарыдағы жайдан мағлұмдар Олжас Сүлейменов 1988 жылы қаңтар айында бізді сол кездегі жоғары соттың төрағасы Тамаз Айтмұхамедовке жіберіп: «Міне, күні туды олардың. Ұстазыңның үмітін ақтайтын кез келді. Алаш қайраткерлерін ақтауымыз керек. Сен солардың тергеу ісімен танысып шығып, әдеби эксперт бол», – деп еді. Күрделі кездің қиын үкімдеріне қол қойып жүрген жоғары соттың төрағасы: «Біздің ұлтымызға жаны ашымайды дейсіңдер ме? Дайындалып келген үкімге қол қоямыз. Біз қоймасақ, басқаға қойдыртады. Олжас жібесе – саған сенемін. «Алаш» қайраткерлерінің тергеу ісін қарап жатырмыз. Жоғары сот мүшесі Қазықан Кенжебаев айналысып отыр. Сонымен бірігіп өзіңе керекті деректермен таныс. Бізге де кеңес бер», – деді. Қазыхан екеуміздің қатар оқығанымызды және оның келіншегі Гүлнар Сейітбекқызы мен менің әйелім Әмина Сейітқызының кластас екенін білген соң: «Ендеше күнде таңертең сағат оннан бастап келіп менің бөлмеме отыр. Сағат үште босат. Қалғанын Қазыхан ұйымдастырады», – деді. Сөйтіп, бұл дәптердегі алғашқы көшірмелер Жоғары соттың кеңсесінде түсіп еді. 1988 жылы көкек айында «алашорданың» 14 мүшесінің азаматтығы ақталып, О.Сүлейменовтің атынан Г.Колбинге Қ.Кенжебаев дайындаған бір жарым беттік хат жолданды. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков хатшы болып келе қалды да, 4 қарашада бас прокурордың ресми қарсылығы жасалып, академик Ж.Әбділдин бастатқан үкімет комиссиясы құрылып, іс қайырымен аяқталды. Сөйтіп, әулие Хайрекеңнің – алаш ардагерлерінің, менің – Хайрекеңнің алдындағы парызым өтеліп, ұлт көсемдері ақталды.

Кейін Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары С.Қ.Әбдірахмановтың рұқсатымен 1988-1992 жылдары аралығында және 1997 жылы комитеттің архивімен барынша еркін отырып танысуға мүмкіндік алдым. Сөйтіп, бұл деректер Қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы ғимаратының солтүстік қанатындағы 2-қабаттағы 14-бөлмеде жазылды. Қауіпсіздік комитетінің полковнигі Қараби Мұхаметқалиев пен Шыңғыс Салықбаев сынды азаматтар бізге барынша еркіндік берді. Сол үшін де оларға ілтипат білдіремін. Алаш идеясының саңлауын сезуге мүмкіндік берген мектептегі әдебиет пәнінің мұғалімі Жәңгір Исайыноваға, тарих пәнін санама сіңірген Сағынтай Керімқұловқа, сынға салып сынақтан өткізген Исабек Шыңғысбаевқа, құпия түрде санама сіңірген Рымғали Нұрғалиевке, Мұхтар Мағауинге, қадірменді алаштың «ақ бас бура» ардагері Қайыржан Бекхожинге, сол ұстаздың парызын өтеуге жағдай жасаған Олжас Сүлейменовке шәкірттік, інілік тағзым. Алаш мұрасын жатқа білетін, жоғарыда аталған Гүлнардың әкесі Сейітбек Нұрқанов ағамыз менің өкіл әкем Әлкей Марғұланның алпыс жасқа толғанда айтқан: «Осы бір айтулы күні ең алдымен, менің кім болып шығатыныма көзі жетпей, өздерінің асыл арманымен өмірден өткен өзімнің ата-анамды есіме алғым келеді», – деген сөзін осы жолдар жазылып жатқанда біздің есімізге салды. Өкіо әкемнің сол сөзін мен да әке-шешеме қаратып айтқым келеді. Өйткені, Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың атының тізгінін бір-ақ рет ұстап, сол үшін түрмеге түссе де, өмір бойы атын қастерлеп өткен Құдакелді Жұртбайұлының да рухы осы жолдарды жазға, кезде бізді қолдап отырғаны кәміл.

Бұл әфсананың осындай рухани тарихын еске ала отырып, енді, дәптердегі сыпаттамаларға орын беремін.

Тергеу: контрреволюциялық-террорлық, басмашылық ұйымның (жетекшісі Дінмұхамед Әділев); кеңес үкіметіне қарсы құрылған Орынбордағы астыртын ұйымның (жетекшісі Ахмет Байтұрсынов); шет ел интервенциясының күшіне сүйенген Ташкенттегі контрреволюциялық ұйымның (жетекшісі Мұхамеджан Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов) «қылмысты істерін» өзара байланыстырып, дабыл қағарлықтай әшкерелеу бағытында жүргізілген. Голощекин тергеу үрдісін бақылап отырған. Одан алынған мәліметтерді тергеу қорытындысы шықпай тұрып-ақ баяндамаларына пайдаланған.

Тергеу жауаптарының мазмұнынан тұтқындалған адамдардың еркіндікте жүрген кезіндегі өзара қарым-қатынасы, деңгей-дәрежесі анық аңғарылады. «Алашорда» үкіметі мүшелерінің, яғни, самодержавие тұсында түрменің дәмін татып, сынақтан өткен, алғашқы топта тұтқындалған қайраткерлердің жауаптары бір ыңғайда, бір мағынада, аумағы өлшемді ұғыммен берілген. Олар сөз арасына кездейсоқ адамдардың атын атамаған, жанама оқиғаларды кіріктірмеген. Идеясы, мақсаты, күрес жолы, сенімі мен пайымдары да ұқсас Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Халел Ғаббасовтың, Елдес Омаровтың жауаптары бір жерден шыққан. Бір қызығы, тергеушілер оларды «жүздік жақындықтарына» қарап топқа бөліпті (мысалы, бірінші топ – А.Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, Елдес Омаров; екінші топ – Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов; үшінші топ – Мұхамеджан Тынышбаев, Жұмақан Күдерин, Біләл Сүлеев). «Қазақы қарға тамырлық» бұл адамдарға тән емес екенін тергеушілер ескермеген сияқты.

Керісінше, жауапқа тартылғандар бір-бірін жақтыра бермейтінін тергеушіге «ұмытпай ескертіп отырған». Мысалы, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ә.Ермеков бір-бірімен сөйлеспейтіндігін атап көрсетеді. Алайда Ә.Ермеков ауруханада жатқанда Х.Досмұхамедов оның көңілін сұрай барғаны сөз арасында білініп қалады. Сондай-ақ М.Әуезов: «М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті «Сұғанақ сұр» атты шығармамда сынағанмын», – дейді. Тұрар Рысқұловтың бажасы Жаһанша Досмұхамедовтің адресі арқылы Сарымолдаевқа жолдаған хатты оның рұқсатынсыз Қожановқа оқытып, оның тінту жүргізгені қамтылған өмірлік шындықты көркем шығармаға арқау еткенін мекзей отырып, сол арқылы«қазақы әдіске салып» олар туралы айғақ беруден бас тартқан. Сондықтан да мұндай көрсетінділер абайлап пікір қорытуды талап етеді.

Әлихан Бөкейхановтың жауабы қысқа да нұсқа. Ойын шымырлата қорытып, бүкіл «Алашорданың» тарихын: Маған «Алашорданы» білесіз бе?, – деп сұрақ қойма. Мен – «Алаш» партиясы мемн «Алашорда» кеңесінің төрағасымын, «Алашорда» үкіметінің төрағасымын. Сондықтан да оның іс-әрекетіне толық жауап беремін. Ал «Алашорда» кеңес өкіметін мойындап, оның бұрынғы іс-әрекеті ешқашанда жауап бермейтіні туралы Ленин қол қойған келісімнен кейін, ол үкіметтен тарихтан кетті. Егерде Лениннің қолы өзі өлген соң жүрмей қалса, онда үшінші адам болып Сталин қол қойған. Ол келісім күшін жойған жоқ. Жойса, келісім бойынша, маған хабарлар еді. Мен Сталиннен ондай хат алғамын жоқ. Әлде сендер оны мойындамайсыңдар ма? Онда маған жазбаша жазып беріңдер. Ал жазбасаңдар, демек, ол келісім күшінде, одан да келесі сұрағыңа көш, – деген мазмұнда жауап берген. Бұл кісінің мысы қашанда басым басым тұратынын көрген жанның бәрі (Әлкей Марғұлан, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова) айтып еді. Тіпті тұтқындауға келген «жандыаларлар» да оны басына алмапты. Оған кеңес тұсында алаш тарихынан жабық тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тарихшы Жақсалиевке Лиза Әлиханқызы Бөкейханова айтып берген: «Әкемді ұстауға сауылдап кіріп келгенде саспастан: – Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Мәдениетті кісілер дәстүр аттамайды», – деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: – Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?, – деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: – Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат», – деді де маған қарап: – Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса – келместің» командировкасы», – деді сбаырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге баба алмады. Мен соған таң қалдымн», – деген оқиға толық дәлел. Жауап алынған жетпіс адамның бәрі де: «Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады және астарлап сөйлейді», – деп жауап берген. Ал өзі: «Мен тек Байтұрсыновпен, Дулатовпен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын», – деп жазыпты.

Ахмет Байтұрсыновтың да жауаптары сондай сөзге сараң, байыпты, тек Дінше Әділевпен беттескенде ғана: «Кілті ішіне салынған шифрлы хатты сендей пысықайлардан көрі Дулатов пен Бөкейхановқа сеніп тапсырған болар едім», – деп қабағын шытқан. Мағжанды: ол – ақын ғой. Ақындар жеңілтек келеді. Сондықтан да онымен пікір алыспаймын; Тұрарды: ол – большевик қой, ал мен большевиктерді ұнатпаймын; Сұлтанбекті: ол – коммунист қой, коммунистер мені жек көреді. Жалпы, бұл екеуімен сөйлесетін ортақ тақырыбым жоқ. Олар ғылыммен айналыспайды. Ал бос сөзден тойғамын – деп өзінен аулақтата жауап берген. Сол арқылы оларды тергеу аясынан сырт қалдырып отыр. Әйтпесе, Тұрар мен Сұлтанбекті уақытша болса да татуластырғаны дерек арқылы дәлелденген шындық.

Тағдырдың мына мазағын қараңыз, тергеу ісімен танысып отырғанда, Ахаңды ұстап, тергеп, ату жазасына кесіп, үкім шығарып, «үкім орындалды» – деп жазған адамның ауыл-аймағын, ағайын-туысын жақсы білетін боп шықтық. Талай адамға, оның ішінде менің жан досым Жәнібек Кәрменұлына істеген жақсылығы үшін сүйініп те жүретінмін. Тіпті сонау жетпісінші жылы дастан да жаздырмақ болды ғой деймін. Баласы хабарласып, оңашада жай-жапсарды біліп, үнсіз қалғаны, енді жария етесіз бе? – дегендегі сұраулы жанары біздің жүрегімізді шымырлатты. Азаматты жерге қарататын емес, өзгені қайдам, біз ол кісінің атын атамауға іштей бекіндік. Ол үшін кешірім өтінемін. Ал: куә ретінде тартылған, Ахаңның атылуына себепкер болған Ғайнижамал Қабдалиеваның өзі бізді ізлеттіріп, басынан кешкенін айтып бергенде, төбе шашымыз тік тұрды (Бұл оқиға бірінші бөлімнің қорытындысы ретінде берілді. Қайталап бір көз қиығын салсаңыз, сіздің де жүрегіңізді шымырлататыны анық). Ал Ахаңның Нұржанов деген тергеуші жерлесі: «Мен Байтұрсыновтан жауап алдым. Сонда бір апта дайындалып барғанда, білімім үш сағатқа қана жететін», – деп баспасөздерде естелік айтып жүрді. Біз оны қаперге ілмедік, өйткені, 1928-1931 және 1937 жылғы тергеу істерінде ондай есімді кездестірмедік.

Рухани әкеміз санайтын Ахаңның қызы – Шолпан Ахметқызы Байтұрсыновамен Бейсенбай Байғалиев марқұм архивтің оңаша бөлмесінде таныстырып еді. Әкесінің атын өзгертпей алып жүргенінің өзі сол тұста біз үшін құбылысты қасиет еді. Байыппен орашолақтау сөйлетін мұңлы жанарына сондай бір махаббатпен сүйіне қараушы едім. Ахаң туралы бір туысқанының естелігін өз қолыммен өңдеп жазып, «Жұлдыз» журналына жариялап ем. Сөйтсем, бауырдың бәрі мен ойлағандай тату болмайды екен. Өкініштісі, әкесінің ақталғанының қызығын алаңсыз қызықтауға, «өлсең – жоқтасатын, тірі жүрсең – күндейтін» ағайындары мүмкіндік бермеді. Кеңес өкіметі тартып ала алмаған фамилиясын ағайындары тартып алғысы келді. Оған арыстандай күркіреген ақын ағамыз Сырбай Мәуленов дегдар да араша түсе алмады. Құқық комиссиясының атынан кепілдік-куәлік те жазған жайымыз бар еді. Ақыры ар сотынан аман шыққан аяулы халық қызы ағайынның арсыз сотын көтере алмады. Шерлі жүрек сыр беріп, жарылып кетті.

Міржақып Дулатов – өжет пікірінен тергеу барысында да қайтпапты. Тергеуге барғанда да қырынып, киімінің қыртысын жазып, кеудесәін тік ұстап барады екен. Тек Аманкелдінің қазасы тұсындағы жауаптарында албырап қалғандығы, есімде жоқ деп – кібіртектегені байқалады. Ал халық ауызында: Аманкелдінің қазасына Сейдазым Қадырбаевтың, Бақытжан Қаралдиннің қатысы барлығы айтылып қалатын . Біз танысқан тергеу ісінде ондай мағлұмат кездеспеді. Керісінше, қызыл партизандардың өз қолынан оққа ұшқанына көзіміз жете түскен сияқты. Ал Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова осы архив мұрағаттарымен танысу барысында ең жақын тілеушіміз, кеңесшіміз, сенеріміз болды. Әсіресе, адамдардың өмірбаянын анықтауда өлшеусіз көмек көрсетті. Тек, Міржақыптың бажасы Ахмет-Сафа Юсуповтың «құпия тыңшы» ретінде атылғаны жанына қатты батты. «Сондай ақ көңіл, қимас, сенімді адам еді», – деген сәбилік сенімнен айырылу қиын да болған шығар. Біздің: Тергеу мекемесінің қандай ойы барын біліп отыру үшін, мүмкін, алаш азаматтары әдейі рұқсат берген болар, – деген уәжімізге сенді. Шындығында да, ол «тыңшылық мәлімет бермегені үшін» ату жазасына кесілген. Демек, ділі берік жан – деуге негіз бар.

Дінмұхамед (Дінше) Әділев тұтқынға түсісімен өзін «тұрақты мекені мен жұмысы жоқ», «әр топтың соңында жүрген», «жай бандит, тентек, бұзық емес», «қазақ ұлтының бастандығы үшін күрескен шыншыл саяси тұтқын» ретінде ұстаған. Соны дәлелдеу барысында қыза-қыза келіп камерада отырып саяси платформа жасап, ұйымның кестесін сызып, астыртын ұйымның «түрмедегі көсеміне» айналған. Жауаптарына және мінездеме берген адамдардың сөздеріне, біздің де жинастырған естеліктеріміздегі пікірлерге қарағанда қызба мінезді, өжет, қызықты да қиын оқиғаға құмар, әйтеуір ұлтжанды, бауырмал, «балалық тентектігі басылмаған» (М.Дулатов, С.Қожанов) ширақ жігіт. Оның көрсетінділерінің барлығын көшіріп шығу мүмкін емес. Менің қаламыма ілікпеген бір жауабында:

«Тұрар Рысқұлов Қызылорда қаласына келді. Кісілер кіріп-шығып, асығыс жөн сұрасып жатты. Міржақып Дулатов екеуміз сәлем беруге бірге бардық. Міржақып мені ауыз үйде қалдырып, Рысқұлов екеуі оңаша бес минуттай сөйлесті. Іле бөтен кісілер келіп қалып, Рысқұлов соларды қарсы алуға шығып кетті де, әңгімелері үзіліп қалды. Сыртқа шыққан соң Міржақып Дулатов маған (Дінмұхамедке – Т.Ж.): «1922-жылғы Ташкенттегі ұйым туралы сөз бастап, енді түсіндіре бастап едім. Үлгермедім», – деді», – деген мағлұмат беріпті.

Бұған қарап Рысқұловтың астыртын ұйымға қатысы бар деп пікір түюге бола ма? Мұндай дүдәмал деректер Д.Әділевтің әр көрсетіндісінде кездеседі.

Сондай-ақ, Қараноғай мен Діншеге қатысты жарияланымдардың негізділігіне қарамастан, «түрме әфсанасына» қатысты көзқарастарын білдіруге келгенде ол азаматтардың өз пікірлерін жалпылама айтып, жадағайлатып, ашық бояп жіберетіні де көңілге алаң кіргізеді. Шындығында да, Дінше өмірін тағдырына тапсырған күрмеулі тұлға. Бізге Діншенің немере туысы, соның ішінде Жаңаарқа ауданында шаруашылық басқарған Нұрғали деген азамат сол оқиғаның өткен жерін сексенінші жылы көрсетіп еді. Ол кезде Діншені тұңғыш театрдың директоры ретінде алғай жазып, алғаш баспа жүзінде атын атап ек. Көңілдің сол ыстық табын тергеу құжаттары суытып жібергенін несіне жасырайық.

Халел Ғаббасов – түрменің өзінде де шындық үшін күресіп, пікірін дәлелдеп, заңды талаптарынан бас тартпаған. Тергеушілер де ерегесіп, оны өзгелерден бөлек жеке камерада ұстаған. Сөйтіп жүйкесін жұқартқан. Соған қарағанда: ату жазасына кесілген үкімді естісімен, кешірімді күтпей, өз еркімен өмірден бас тартқан-мыс – деген қауесет те бар. Туған інісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Араб Ахметжанұлы Ғаббасов ағамыз біз хабарласқанда жасының ұлғайғандығын айтып (ол кезде тоқсанды алқымдап қалған), түсінік беруден бас тартты. Ал Шыңғыс елі бұл азаматты жат санап, соңына іздеу салмады. Сөйтіп, белгілі тұлға белгісіз күйінде қалып келеді. Ал біз ауылдасы ретінде білгеніміздің барлығын «Бәйбіше – Тоқал тарагедиясы» атты тарауда қамтуға тырыстық. Мүмкін, келешекте зерттеушілерден жолы болар.

Елдес Омаров – өзіне тағылған айыпты «өзінің жеке көзқарасы» ретінде дәлелдеуге ұмтылған. Мамандығына орай, әр сөзін есеппен айтып, жаубын дұрыс шығарып, қорытындыны өзі жасап, қисынын шығарып отырған. Әттең, дейтіні – артында ұрпақ қалмағаны және әйелінің тергеуге жанай тартылғаны.

Жүсіпбек Аймауытов – шығармашылығы арқылы көркем көзқарасын жеткізуге ұмтылған. Бір өкініштісі, өзінің соңғы романы жаңа экономикалық саясатты бейнелейтінін, ондағы кейіпкер – капитализмнің тілін білетін, жаңа экономикалық саясат тұсында капитал жиған қазақтың байы,– деп көрсетеді. Сол қолжазбаны 1934 жылы Евгения Аймауытова Ғабит Мүсіреповке аманат етіп тапсырыпты. Ал ол қаламгердің тура сол тақырыптағы атақты шығармасынан Ж.Аймауытовтың жазу мәнері бірден байқалады. Өзі: «Менің ұстазым – Жүсіпбек. Ана романды соған еліктеп жаздым», – деп бізге де, басқаларға да, баспа жүзінде де айтып қалғаны бар. Күмәннан құдай сақтасын. Әйтеуір Аймауытовтың сол романы жоғалып кетті. Енді табыла қоюы неғайбыл. Ж.Аймауытовтың сол жылы атылып кетуіне «ежелгі ерегесі бар «Ежовтың» кесірі тиді ме. Әйтеуір Бекдуллаев деген шәкіртінің: «Шымкентте көтеріліске шақырып жазған үндеу Аймауытовтың қолтаңбасына қатты ұқсайды», – деген сөзі себепкер болғаны анық. Қауіпсіздік комитетінің адамдары ол үндеуді Д.А.Қонаевқа, С.Мұқановқа, Ғ.Мүсіреповке көрсетіпті. Жүсіпбектің қолтаңбасымен таныс екі жазушы бұл хатты Ж.Аймауытовтың жазғанына күдікпен қараған.

Мағжан Жұмабаев өзін түрмеде де ақын ретінде ұстаған. Оның көрсетінділерілеріндегі сөздерінен көркем ойдың табы шарпылып тұрады. «Алқа» әдеби үйірмесінің «Табалдырық» атты бағдарламасының суретке түсірілген қара қағазы (негативі) сақталған. Біз оны көшіріп алып жария еттік.

Кәрім Жәленовтің жауабы нақтылығымен және дәлелімен назар аударады. Батыс «Алашорданың» ұйытқы тұлғаларының бірі бола тұра жауаптары тек қосымша мәселелерді қамтумен шектелген.

Ғазымбек Бірімжанов – Ташкенттегі қазақ зиялыларының шешімімен «Аштыққа ұшырағандарға көмек» қаржы жинау үшін Бұқараға барған. З.Валидовпен Бұқарада және Берлинде кездескен. Алайда осы екі оқиғаны елеусіз ғып баяндағаны сондай, нақты мағлұмат алудың өзі қиынға соғады. Оның есесіне Ғ.Бірімжановтың «түрікмен ұлтшылдарымен байланысы анықталып», айдауда жүрген жерінен Ашғабатқа жөнелтіліпті.

Хайреддин Болғанбаев өзінің тікелей З.Валидовпен жолығу үшін Бұқараға барған сапарына: «Оқулықтармен қамтамасыз етудің жайын қарастыру үшін ісспарға жіберді», – деген желеу айтады. «Алашорданың» атынан жолдаған құпия хат туралы А.Байтұрсыновпен беттесу кезіндегі қисындары тым шашыраңқы. Алдыңғы пікірін дәлелдемеген, не оны жоққа да шығармаған.

Ахмет-Сафа Юсупов тергеу үкіміне қарағанда: «төтенше комиссияның алашордашылардың ішіне енгізілген тыңшылық қызметін атқармағаны үшін» ату жазасына кесілген. Соған орай жауаптары да қысқа. Тұрмыстық жайдан басқа мәлімет бермеген. «Маған айтқан жоқ», «білмеймін», «сәлемдестім, бірақ әңгімелескемін жоқ» деген сыңайда жауап қайырған. Сонда да әлгі екіұшты мағлұмат бұл адам туралы қандай да бір қоғамдық пікірді қалыптастыруға тәуекел жасатпайды.

Мұхамеджан Тынышбаевтің жауаптары ұзақ әрі шашыраңқы, аңғал баяндалған, ойының етек-жеңі жиналмаған, Сөзі де, жазуы да созылмалы, немкеттілік басым. Оның саясаткерлігін түрмелестерінің ешқайсысы мойындамайды. Алғашқы көрсетінділерінде өзіне тағылған барлық айыптарды мойындайды. Бірақ та кейінгі жауаптарында одан бас тартып: «Менің ол жолы денсаулығым нашарлап тұр еді. Не айтқанымды, неге қол қойғанымды түсінбедім. Енді бәрі есіме түсіп отыр», – деген уәж білдірген. Ол: Жетісу өңіріндегі төңкеріске дейінгі оқиғаларға шолу жасап, Шкапскиймен бірігіп 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті жазалуға шыққан әскердің зардабын жоюға қатысқанын, атаман Анненковпен үш рет кездескенін, оған қызмет көрсетуден бас тартқанын баяндайды. Ташкенттегі астыртын ұйымға: астыртын ұйым емес, пікірлестер мәжілісі – деп қарайды және Валидовпен кездескенін мойындайды. Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен бетпе-бет кездескеннен кейін алдыңғы көрсетінділерінен бас тартқан. Жандосов пен Рысқұловты туған бауыры есебінде санаған. Оларға шәкірт кезінде қамқорлық көрсеткен. 1914 жылы Тұрардың оқуын жалғастыруы үшін елден қаржы жиып беріпті.

Ең көп сұрақ-жауап алынғандар М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов және Ә.Ермеков. Олардың бұл жауаптары кейін айыптау үкімінде үзінді-үзінді ретінде пайдаланылған.

Жазба жауаптарына қарағанда: Х.Досмұхамедов – іскер, сөзге ұтымды, жазуы анық. Бірінші жауабында өзінің астыртын ұйымға қатысын мойындап, болашақ қазақ республикасының мемлекеттік құрылымына дейін баяндап бергенімен, келесі сұрақтан бастап оның барлығын жоққа шығарған.Мағлұматтық тұрғыдан алғанда деретер мол.

Жаһанша Досмұхамедов – өткір, орынды сөйлеп, мақал –мәтел қосып, тура кесіп айтады. Заңға жетік. Жазуы да анық, баяндауы да ширақ, нақты. Алғашқы тергеуден бастап бірбеткей мазұнда жауап берген. Басы артық көрсетулер жоқ.

Әлімхан Ермеков – қызба, күйіп-пісіп сөйлейді, күйіп-пісіп жазады. Өткір. Тергеушілерден жасқанбаған. Пафоспен сөйлеуге бейім. Өзінің Ленинмен кездесуін, Ежовпен таныстығын сөз арасына сыналап кіріктірген. Кеңес өкіметінің саясатын қолдай жауап қайырып отырған. Оның кейін газетте жарияланған ашық хатының екі нұсқасы тергеу ісінде сақталған.

Иса Қашқынбаев – еркін сөйлеп, еркін формулировка жасайды. Жауаптарының барлығы да алдын-ала жөнделіп, өңделген сияқты әсер қалдырады.

Мұрзин Мұхтар – нағыз ер мінезді, тік сөйлеп, келте қайырады. Жауаптарының барлығы: мен тыңшы емеспін. Өсек жинамаймын Сондықтан да ештеңені есімде ұстамаймын – дегенге саяды.

Мұхтар Әуезов басында өзін сыпайы ұстаған. Тергеу соңында «жіби бастағаны» сезіледі.

Жақып Ақбаевтың көрсетінділері тергеушілердің сұранысын қанағаттандырмаса керек. Бір-екі сараң да қысқа өмірбаяндық шолумен тәмамдаған. Бұдан әрі қазбалауға денсаулығы да мүмкіндік бермесе керек. Санитарлық бөлімде жатқан.

Әбдірахман Байділдин – Ғалым Ахмедов дегдардың айтуы бойынша ұшқалақ, жаңғалақ, шамшыл адам болған көрінеді. Сол рас сияқты. Әр көрсетіндісі машинкамен есептегенде 30–40 параққа жетіп жығылады. Қағазшыл, әсіре әсершіл, жанталасқан жан сияқты. Қалайда М.Әуезов пен С.Сәдуақасовты жек көріншті етуге тырысып, әшкерелеп баққан. Ол да жанына сая таптырмаған. Тергеушілер оған «Қалам» деп кекесінді ат қойған. Армансыз пайдаланған соң ату жазасына кесілген және үкім орындалған. Ол партия тазалауы жүрген кезде: «Мен бір кезде Колчактың қарсы барлауында істегемін», – деп мақтанып қалса керек. Сол сөзі өзінің түбіне жеткен.

Әрине, түрмедегі тұтқындардың жанын жалдап берген айғақтарының шындығына толық сенудің қисыны жоқ. Дегенмен де жиырма-отыз адамның пікірінің орайлас келуіне қарап, С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы шиеленістің себебі: Қазақстан мен Түркістанның қосылуы турасында екеніне көз жеткізуге болады. Тергеу ісіндегі сұрақтар мен көрсетінділердің бестен бірі осы үш қайраткер туралы. Алашордашылар бұл үш азаматты да бағалаған. Іш тартқан. А.Байтұрсынов оларды татуластырған. Бірақ кейіннене араларына Сталиннің өзі сына қақты. Голощекин өзінің республикадағы беделін нығайту үшін осы үш азаматты бір-біріне қарсы қойған сияқты. Т.Рысқұлов ортақ Түркістан республикасын құруды, ал С.Қожанов солтүстіктің халқын оңтүстікке қоныстандырып, Ташкентті астана етіп, тәуелсіз Қазақстан республикасын құруды, С.Сәдуақасов оңтүстік пен солтүстікті қосып Ресейдің құрамындағы дербес Қазақстан автономиясын құруды ұсынған. Орыс «коммунист-колонизаторлары» С.Қожановтың ұсынысын қолдап: солтүстік облыстарға референдум жүргізу арқылы жер межесін өткізіп, санақ жүргізіп, жергілікті ұлтты оңтүстікке ысырып, Сарыарқаны Ресейдің құрамында алып қалуды мақсат етті. Сол мақсатпен Ежов Мәскеуден арнайы келіп, комиссия құрды. Бұл шараға комиссия мүшесі С.Сәдуақасов пен Ә.Ермеков тойтарыс беріп, қазіргі Қазақстан территориясын сақтап қалды. С.Сәдуақасов Т.Рысқұловқа: «Сталинге арқа сүйеп, ұлттық мүдделерді ұмытты, әйтеуір Қазақстаннан басқа республика құру үшін жанын сап жүр, «Алашордашылардың» соңына тыңшы қойып, зиялы қауымды жікке бөліп жүр, коллективизацияны тездетуді жүзеге асырмақ, жергілікті өнеркәсіп орындарын ашуға құлықсыз, бәрін өзі отырған Мәскеуден шешкісі келеді», – деген кіна таққан.

Әрине, мұның барлығы жеке бастарының мүддесі үшін емес, елі үшін түскен ерлердің ерегесі еді. Үшеуінің де мүддесі бір, күрес жолы, амалдау тәсілі басқа. Бұл үшеуіне қарағанда Меңдешевтің, Сейфуллиннің, Нұрмақовтың көзқарастары мүлдем басқа. «Алашорда» қайраткерлерін әшкерелейтін «Тар жол, тайғақ кешудің» тура сол тергеу ісі жүргізіліп жатқан кезде жазылып, жариялануы кездейсоқ үндестік деуге жатпайды. Ол да өзінің үгіт-насихаттық міндетін атқарды. Саяси сақнаға О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, І.Қабылов, Е.Ерназаров сияқты қолжаулықтар шықты.

Біз қарастырған жиыны 14 томның кейбір беттері жыртылған екен. Онда қандай деректердің «қолды болғаны» белгісіз. Тергеу мекемесіне тыңшылық еткен «салпаңқұлақтардың» аттары көрсетілген мағлұмат болуы да ықтимал. Сондай әрекетке ұмтылып, жанталасып жүрген бір «қадірлі» зиялыны қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан көзіміз шалып қалғаны бар. Сонымен қатар, үшінші топ боп саналатындардың айғақтары жинақталған №06610 істің бірінші томы біздің қолымызға берілмеді. Соған қарағанда ол томға құпия орынның әр түрлі тәсілмен жиған мәліметтері, тыңшылар мен мағлұмат беруші куәлердің, жеке адамдардың «жымсымалары» тігілсе керек. Тергеу хаттамалары 420-беттен басталады. Онда тергеудің айғағы үшін жиналған «доностар» сақталып, кейін жойып жіберілуі әбден мүмкін. Бұл топтағылардың жауаптары кейде үйлесіп, кейде үйлеспей, қарама-қайшы келіп жатады. Ол түсінікті де. Бірінің сырын бірі ашқысы келмеген, немесе не айтуы керектігін болжай алмаған. Мысалы, А.Байтұрсыновтың тобындағылардың бірде-біреуі З.Валидовпен байланыс жасағанын мойындамаған, ал екінші М.Тынышбаевтің тобындағылар бірде мойындап, бірде бас тартқан. Тек: «Өзара аразбыз», – дегенді ғана желеу еткен. Бұл оларды өзара арандатудан сақтаған. Әрине, ол да «астыртын ұйымның жұмыс әдісінің» бірі. Жоғарыдағы жайлардың анық-қанығын нақты анықтау үшін тергеу деректерін тарихи құжаттармен тиянақты түрде салыстырып барып пайым жасау қажеттігі туындайтыны өз-өзінен түсінікті. Бұл еңбектің ұзақ жыл жазылмай жатқаны да сондықтан.

Тергеу ісі төрт жылдан аса созылды. Мұны создырып отырған Голощекин екені анық. Сол төрт жылдың ішінде «Алашордашыларды» әшкерелейтін үш жинақ шығартты. Сонда да Мәскеуге жолданған сот үкімі:«тергеу барысындағы айғақтары жеткіліксіз» деген бұрыштамамен бір рет кері қайтарылған. Ерекше оқыс көрінетін және түсініксіз жайт: осы 71 айыпталушының ішінен Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің, А,Юсуповтің, Х.Ғаббасовтың, Ж.Аймауытовтың жоғары жазаға кесіліп, сол жазаның орындалып кетуі, яғни, атылуы. Қай жағынан алса да олардың салмағы А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтан басым түспейтіні, «айыптарының» өзі де олардан көрі жеңіл екені түсінікті. Үкімнің қаулысында: Д.Әділев – басмашылармен, Ә.Байділдин – Колчактың қарсы барлауымен байланысып, кеңес үкіметіне қарулы қарсылық жасамақ болғаны үшін, ал А.Юсупов – төтенше комитеттің «Алашорданың» ішіне кіргізілген тыңшысы бола тұра дер кезінде хабар бермегені үшін ату жазасына кесіліп, үкім шұғыл орындалған. Солардың қатарына Ғаббасов пен Аймауытовтың қосылып кетуі тағдырдың тәлкегі болса керек. «Аймауытов атылған жоқ. Түрмеде ауырып қайтыс болыпты-мыс» – деген қауесет те бар. Бірақ тергеу құжаттары оны растамайды.

Тергеу аяқталардың алдында ғана 20 адам «қылмысы дәлелденбегені үшін», «айғақтардың жеткіліксіздігінен» бостандыққа шығарылады. Сондай-ақ: «Құмға сіңіп кетіп, қоныс аударушылармен соғыс ашпақ болған» С.Өтегенов пен барлық «қылмысын мойындаған» И.Қашқынбаев «айғақтары жеткіліксіз болғандықтан да» бостандыққа шығарылған. Солардың ішінде тергеуде берген қорытындылары өте тиянақты, бар қылмысын мойындаған Иса Қашқынбаев та бар. Бұған пәлен деп жіп тақпасақ та, қаперге ала кетуге тура келеді.

Сонымен «Қазақ ұлтшылдарының кеңес өкіметін құлату үшін құрылған контрреволюциялық астыртын ұйымы» туралы «Алашорда ісінің» тергеуі толық аяқталып, соғыс жағдайында қолданылатын әскери-дала сотының үлгісіндегі «үштіктің» қарамағына жіберілді. Ал тергеу хаттамалары «өте құпия» деген бұрыштамамен қауіпсіздік мекемесінің мұрағатына жолданды. Сөйтіп, жиыны бас жылдан астам тергеу қысымын көрген жиыны 71 алаш азаматы қазақ үшін үш миллионға жуық адамынан айырылған ең қасіретті 1932 жылдың – ашаршылық пен азаптың табалдырығын аттады.

Олардың бұдан кейінгі тағдыры мәскеулік жазалау мекемелерінің ырқына көшті. Қанша құзырлы «саяси басқарма» болcа да, коллегияның қаулысы Орталық партия комитетінің бөлімдеріне жіберіліп, арнайы партиялық кеңесте қаралып, мақұлданатын. Сөйтіп, үкім шығаруға партия, үкімет (прокуратура), сот қызметкерлері, яғни, «үштік» шартты түрде ғана қатысатын. Сондықтан да, Қазақстанда бұл істі «айналымға түсіріп», бұранданы бұрап не босатып отырған Голощекиннің өзі болатын.

Тергеу ісі Мәскеудің қарамағына көшкенде олардың екпіні басылып қалды. Оны М.Дулатовтың түрмедегі «Қолхатынан» анық аңғаруға болады. Мұның басты себебі – Қазақстанда жаппай ашаршылық жүріп жатқан тұста Голощекиннің қаққан қазығының түбі босап келе жатыр еді. Сол тұстағы қалыптасқан саяси жағдайға, партия мен мемлекет құрылымындағы жіктелу жүлгесіне, жазалау шараларының науқандық сыпатына, кеңес және алаш қайраткерлерінің өзара қарым-қатынасына, жалпы сол тұстағы тарихи-психологиялық барлығудан (стресске) мағлұмат беретін құпия құжаттардың мазмұнына назар салсақ, тура сол 1931-1932 жылдары жалпы кеңес өкіметінің идеологиялық қысым айылы сәл босаң тартыпты. Үштіктің ату жазасын жаппай қолдануы азайып, жоғары жазаны шоғырландырылған лагерьлерге ауыстыруға бет алғаны байқалады.

Алайда Жазалау машинасы іске қосылып кеткендіктенде, оның бетін толық қайтару мүмкін емес еді. Дегенмен де, Сталиннің осындай босаңсыған «қас-қабағына» қарамастан тергеу астындағы «екінші қатардағы» тұлғалар Х.Ғаббасовқа, Ж.Аймауытовқа, А.-С.Юсуповқа, Ә.Байділдинге, Д.Әділеевке қарата шығарылған ату жазасын орындатып тынуға кім мүдделі еді және кімнің құзырлы мүмкіндігі болды? Мәскеуде «Алашорда» қозғалысы мен оның қайраткерлерін білетін, осы тергеу ісіне жақсы жағынан болсын, мейлі жазалау тұрғысында болсын, «кеңес бере алатындай» адам кім еді?

Ең бірінші «Кене» – Ежов еске түседі. Ол Семейде губкомда жүргенде – М.Дулатов, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Орынборда қызмет еткенде – А.Байтұрсынов, С.Сәдуақасов, Қызылордада – С.Қожанов, С.Мыңбаев сияқты қазақ қызметкерлері оны «коммунист-колонизатор» ретінде әшкерелеп, иықтарымен ығыстырған еді. Әсіресе, Семей губкомын таратқан С.Сәдуақасовқа ерекше тісін басқан. Мәскеудегі орталық комитеттің қарамағына барып, құқық мекемелері дәргейіне көшкен соң «алашордашылардың» тергеу ісін желеу етіп «майданға еркін араласқан». Оған «Алаш ісіне» қатыстылар үштіктің үкімімен сотталып жатқан кезде Днепропетровскіден Кремльге «қызмет бабымен» шақырылып», таңертең аман-есен кіріп, кешке табытқа салынып шыққан, «кәсіптік улану» деп диагноз қойылған С.Сәдуақасовтың күдікті өлімі дәлел. Жұртты күдіктендірмес үшін М.И.Калинин сияқты «Кремльдің қаңбақ шалын» жерлеу рәсіміне қатыстырған. Бұл туралы С.Мұқановтың естелігінде нақты шындық айтылған. Әсіресе, Ежовпен ежелден ерегесі бар Х.Ғаббасов пен Ж.Аймауытовтың өзгелерден ерекшелініп атылып кетуінің өзі сондай күмән тудырады. Ал 1924 –1925 жылдардағы жер межелеу кезіндегі комиссия төрағасы ретінде қатысып, солтүстік облыстарды екінші рет Ресейдің құрамына кіргізуге ұмтылысының алдын кескен С.Сәдуақасов пен С.Қожанов бастаған қайраткерлер Ежов үшін «басмашы» ғана болатын. Ал идеологиялық майданда онымен ымыраға барған, ортақ шешім қабылдауға ықпал бөліскен, «таныстығы бар, бұған кепілдік бере алатын» Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезовке «кешірім жолының» ұсынылуында да сондай бір «адамдық фактордың» емеуіріні танылады.

Тергеудің үкіміне ықпал жасай алатын екінші адам Тұрар Рысқұлов еді. «Саяси бағдарын Сталиннің ырқына ықтап анықтайтын» (өз сөзі) саясаткердің Сталинге құпия түрде жазған жасырын мәлімдемелеріндегі: а) Алашордашылардың соңына тыңшы қоюды, ә) олардың З.Валидовпен астасқан жасырын ұйымдарын (өзін ақтай отырып) әшкерелеуді, б) С.Қожанов пен С.Сәдуақасовты саяси сақнадан шеттетуді, в) байларды тәргілеу мен колхоздастыруды тездетуді, г) Қазақстандағы партия мүшелерін тазалауды «жергілікті ерекшелікті ескере отырып қатаң жүргізуді», д) өзінің З.Валидовпен таныс екенін, Сұлтанғалиевпен хат алысқанын, Қазақстандағы қазақ қызметкерлерінің ұлтшылдық әрекеттерін дер кезінде «орталық комитетке, Сталин жолдастың жеке өзіне хабарламағанына» қатты өкінетінін, оған кездейсоқ оқиға ретінде қарауды өтінген «қолданба қызмет хаттары» әр қилы ойға жетелейді. Т.Рысқұловты: жиырмасыншы жылдары саяси-жазалау науқанынан кездейсоқ тыс қалды, таза ұлтшылдық бағыт ұстанды, ашаршылық тұсында қазақ халқының мүддесін қорғап хат жазды (нағында ол хат ашаршылық өтіп кеткеннен кейін, Голощекин орнынан түскеннен соң оның қызметтен алынуын негіздеуге тиісті партиялық тапсырмамен, ашаршылықты «абыроймен жүргізген» Ораз Исаевтің мәлімдемесі негізінде жазылған еді) – деген сияқты үгіт-насихаттық басылымдардың ықпалы нақты тарихи шындықтың бетін бүркеп кеткен жайлары да бар екенін ескеруіміз керек. Өйткені мұнда бірдің, мыңның емес, миллиондардың, соның ішінде ұлттың тағдыр тауқыметі жатыр.

Сонымен үштіктің үкімі шықты.

Таланттың тағдырын талқыға салған, тұлғаларды тұқыртқан жазалау науқанының кезектi бiр науқаны былай аяқталды:





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет