Тәрбиелеу және оқыту мазмұны
5 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу және оқыту олардың денесін, ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық дамуын, денсаулығын нығайтуға және білімін, білігін мен дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Ересек топта Үлгілік оқу жоспарына сәйкес апталық оқу жүктемесі 17 сағатты құрайды, ұзақтығы 25-30 минут. Осы жастағы балаларды тәрбиелеу және оқыту мазмұнын игерту білім беру салаларын кіріктіру жолымен және заттық-дамытушылық ортаны қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
Мазмұнды жабдықталған заттық-кеңістіктік-дамытушы орта әр баланы жан-жақты дамытуды ұйымдастырудың негізі болып табылады және әр бала өзінің ұнайтын ісімен айналысатындай етіп ұйымдастырылуы тиіс. Құрал-жабдықтарды бөлімдер бойынша орналастыру балаларға шағын топтармен ортақ мүдделеріне қарай (құрастыру, сурет, театрландырылған ойын әрекеті, эксперимент) бірігуге мүмкіндік береді. Бөлімдер танымдық әрекетті белсендіретін материалдармен жабдықталуы тиіс: дамытушы ойындар, техникалық құрылғылар мен ойыншықтар,үлгілер, тәжірибелік-зерттеу жұмысына қажетті заттар– магниттер, ұлғайтқыш әйнектер, серіппелер, таразылар, қолдан ойыншықтар жасауға арналған табиғи материалдар. Балаларды сауаттылықты меңгеруге ынталандыратын, әлеуметтік мүдделері мен танымдық белсенділігін дамытуға ықпал ететін материалдар кеңінен қолданылады.
«Денсаулық» білім беру саласы
Балабақшада мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың өмірін ұйымдастыру олардың маңызды әлеуметтік қажеттіліктерін ескере отырып құрылады, балалардың гигиена саласындағы түсініктері мен біліктері бекітіледі және тереңдетіледі.Тәрбиешінің міндеті – мәдени-гигиеналық дағдылардың қалыптасуына ықпал ету, балаларды мәдени-гиеналық ережелерді қызығушылықпен орындауға ынталандыру. Құнды гигиеналық дағдыларды нығайтуда мақал-мәтелдер, тақпақтар қолданады. Балаларды гигиеналық мәдениетке тәрбиелеу бойынша жұмысты тәрбиеші отбасымен тығыз байланыста жүзеге асырады.
Бағдарламада жүру, жүгіру, секіру, лақтыру,еңбектеу, өрмелеу, тепе-теңдікті сақтау, сапқа тұрудың түрлерінде қимылдарды үйрету қарастырылған.
Педагог әр негізгі қимыл түрін 2-3 ұйымдастырылған оқу қызметінде балаларға меңгерту үшін күрделі элементтерді орындау барысында үйретудің тәсілдерін және ұйымдастыру формасын ауыстырып отырады.
«Коммуникация» білім беру саласы
Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тілінің дамуына енжар лексика есебінен кеңейтілетін бай сөздік қор тән болып келеді. Балалардың көпшілігінде тілдің грамматикалық құрылымы қалыптасқан және олар біртіндеп мәтіннің грамматикасын меңгере бастайды (сөйлемдерді байланыстыратын құралдарды қолданады; мәтін құрастыруда кіріспе және қорытынды сөйлемді құрастыра алады).
Педагог белсенді сөйлеуді, қарым-қатынасты, тілді меңгеру үлгілерін игертуге жағдай жасайды. Баланы мектепке дайындаудың қажеттігін ескере отырып, фонематикалық естуін және дыбысты дұрыс айтуын, қолдың ұсақ моторикасын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Аталған жастың ерекшелігі-шығармашылық әрекетті дербес талқылауға, бағалауға деген ұмтылыс, еліктеушілік.
Балалар адамгершілік, табиғат, жануарлар, құрдастары туралы тақырыптарға арналған түрлі жанрдағы шығармаларды мұқият тыңдайды және талқылайды. Шытырман оқиғалы және ғылыми-танымдық әдебиетке қызығушылық танытады. Оқиғаларды ойдан құрастыра алады, ауыспалы мағынадағы сөздерді түсінеді және қолданады.
«Коммуникация» білім беру саласына «Драма» ОҰҚ енгізілген.
Балалар өздерінің орындаушылық біліктерін жетілдіреді, серіктестік сезімін дамытады. Қоршаған ортаны бақылай отырып (адамдардың, жануарлардың мінез-құлықтарын, олардың интонацияларын, қозғалыстарын) бақылайды.Қиялды дамыту үшін келесідей тапсырмаларды орындайды: «Теңізді елестетіңіз, құмды жағалау.Біздер жылы құмда жатырмыз, күнге күюдеміз. Біздің көңіл күйіміз жақсы.Аяғымызды теңселттік, оларды түсірдік, жылы құмды қолымызбен аршыдық» және т.б. Қолдағы тәжірибе негізінде емін-еркін жағдайда, балалардың қиялын ояту, дамыту, ойдан шығару, суырып салып айтуға үйрету.
Таныс мәтіннің басы мен аяғын өзгерте алады, кейіпкерлер тап болатын жаңа оқиғаларды ойлап таба алады.Ымдау мен пантомимикалық этюдтар және дене қимылдарын есте сақтау этюдтары қолданылады.
Балалар ертегілерді безендіруді ойлап табуға кіріседі, олар бейнелеу ісінде көрініс табады.Драмалауда балалар өзін өте эмоционалды көрсетеді және драмалау үрдісінің өзі нәтижесіне қарағанда баланы тікелей баурап алады.
Спектакль қойылымдарын ұйымдастыру мен өткізу шығармашылық үрдістің қатысушыларын ынтымақтастырады, оларды ортақ істе серіктес, әріптес етеді.Театрландырылған қызметті дамыту жөніндегі жұмыстар мен балалардың шығармашылық қабілетін қалыптастыру елеулі нәтижеге алып келеді.
Театрландырылған қызмет үрдісінде қоршаған ортаға деген ерекше эстетикалық қарым-қатынас қалыптасады, ортақ психикалық үрдістер дамыйды: қабылдау, елестету, қиял, зейін қою, есте сақтау және т.б.
«Драма» ОҰҚ мазмұнын дайындау кезінде келесідей әдістемелік тәсілдерге назар аудару керек, мысалы:
· балаларға өздігінен екі ойыншығы бар мәтінді ойлап тауып оны ойнауды ұсыну керек;
· балаларға таныс ертегіні оқып беріп оларға сол кейіпкерлермен жаңасын ойлап табуды ұсынады;
Педагогтың басшылығымен жас әртістермен жұмыс келесідей сипатта жүзеге асады:
1.Шығарманың кейіпкерлерімен танысу:Ол не туралы? Ондағы басты оқиға қандай? Олар қайда тұрады? Олардың үйі қалай көрінеді?
2.Олардың сыртқы түрі, киімі, мінез-құлық мәнері, бір-бірімен өзара қарым-қатынасы:рөлдерді бөлу; кейіпкердің ауызша портретін құрастыру; кейіпкерлердің ойлап табылған қылықтарын талдау.
Әрбір балаға кейіпкердің интонациясын таңдауды ұсынады және кейіпкерді бейнелейді (мысалы, егер әтеш сенімді болса, ол қатты айқайлайды, сөздерін қанаттарымен қолдап, қанаттарымен қағып, тапап тастай, көзіне тура қарайды және т.б.).
1.Мәтінмен жұмыс: әдеби шығарманың көркемдігімен жұмыс, лайықты іс-қимылды анықтау, ойын кеңістігінде кейіпкердің қозғалыстарын, қимылын, орындау екпінін, ымдау, интонацияны анықтайды.
Педагог сұрақ қояды: Неге кейіпкер осылай сөйлейді? Ол осы сәтте не туралы ойлайды? Оның қу екенін қалай көрсетесіз? Педагогтың негізгі міндеті мәтін сөздерінің мазмұнынында не жасырынып тұрғандығын балаларға түсіндіру.
1.Театр кастюмдерін дайындау; гримді қолдану арқылы бейне жасау.Сахнада: әрбір мінез-құлық, көзқарас, сол рөлдің рухани мазмұны барлығы айқын болу керек. .
Балалар кейіпкердің бейнесін бет әлпеті, денесі арқылы бейнелеп балалар театрында жетістікке жетіп, өзінің мүмкіндіктерін сезіне алады.
Педагог балаларға рөлді өзі таңдауды ұсынады. Рөлді бөлгеннен кейін, кейіпкердің сыртқы бейнесі мен мінез-құлқына сәйкес қиялды оятады.
Сахна қойылымындағы оқиғаларға кеңірек мінездеме беріледі. («Сенің кейіпкерің қандай?», «Оның қу екенін қалай көрсетесіз?»).
Кейіпкерді суреттеуден қозғалысқа өтеді (Ал сенің кейіпкерің қалай қозғалуда?).Одан кейін барлық балаларға бұл кейіпкердің қозғалысын қайталау ұсынылады.
Спектакль барысында ескерту жасап олардың іс-әрекетіне жол беруге болмайды.Қойылым аяқталғаннан кейін педагог шығарманың авторын атайды, егерде балалар осы спектаклді өздері ойлап тапқан болса, салтанатты түрде әрбір баланы атай отырып, қатысушыларды салтанатты түрде таныстырады (мысалы, «рөлді орындаған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі және халық әртісі Марат Ыбыраев!!!»).
Балалар ду қол шапалақтайды.
Жас әртістің өзімен жұмыс істеуін арнайы жаттығулар түрінде жүзеге асырып, жаттаудан кейін ойын әрекетінде қолданылады.
Бұлшық еттерге күш түсіру жаттығулары:
- ағаш «кесу»;
-«ауыр» чемоданды алып жүру;
-өсіп тұрған алмаға жету, оны жұлып алып тез арада тығу және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |