Дәріс №5. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мысалында критериалды бағалау жүйесін енгізудің отандық тәжірибесі
1. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұсынған оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа жүйесі
2. Еліміздегі критериалды бағалау жүйесінің ерекшелігі
1. Әр кезеңде білім мен білікті тексеру әр түрлі жолдар арқылы жүзеге асырылады. Жылдан жылға баға қоюдың тәсілдері, түрлері, бақылау-өлшем іс –шаралардың мазмұны мен оны өткізу құрылымы, оқушыларға әсер ету шаралары, уәж ету элементтері және де басқа факторлар өзгеріп отырады.
Көп уақыт аралығында бағалау оқушылардың жетістіктерін басқа оқушылармен салыстырудан тұрды және бұл тәсілдің келесі кемшіліктері бар:
- оқушыларға, мұғалімдерге және ата-аналарға түсінікті оқыту жетістіктерін бағалаудың нақты критерийлерінің болмауы;
- мұғалімдердің бағаны сыныптың орташа білімін ескеріп қоюы;
- қойылған бағалар оқушылардың пән бойынша оқу бағдарламаның әрбір бөлімдері бойынша алған білім, білік, икем мен дағдыларын айқындап көрсетпеуі, яғни әрбір оқушының оқу траекториясын анықтауға мүмкіндік бермеуі;
- қорытынды бағаны қою барысында ағымдағы бағалардың ескерілілуі, яғни оқытудың соңғы нәтижесін бағалаудың объективті болмауы;
- оқушылардың оқуға деген уәждемесін тудыратын мұғаліммен олардың арасында байланыстың жоқтығы.
Бұл мәселелерді шешу үшін «Назарбаев зияткерлік мектептер» дербес білім беру ұйымы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа жүйесін әзірлеп енгізіді.
«НЗМ» ДББҰ іс- әрекетінің стратегиялық бағытының бірі- ең үздік отандық және халықарарық тәжірибе кіріктірілген білім берудің жаңа мазмұнын әзірлеу болып табылады. Білім беру мазмұнының ажырамас бөлігі оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың объективті және шынайы жүйесі болып табылады.
«НЗМ» ДББҰ оқушылардың оқудағы жетістіктерін бағалаудың тұтас жүйесін құрды. Ол отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына түсу кезінде жоғары бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін әрбір оқушыны конкурстық іріктеуден бастап мектепті бітіріп шыққанға дейін сүйемелдейді.
Зияткерлік мектептерінде оқу жетістіктерін бағалау қалыптастырушы және ішкі жиынтық бағалау, жетістіктерді мониторингілеу жолдарымен критерийлік тәсіл негізінде жүзеге асырылады, ол оқушылар бастауыш, негізгі және жоғары мектептерді аяқтағаннан кейін жиынтық аттестаттау кезінде сырттай жиынтық бағалау жолымен оқу үдерісін бір жыл бойы және жылдар бойы қадағалауға мүмкіндік береді.
Зияткерлік мектептерде оқыту үдерісі Кіріктірілген оқыту бағдарламасы және Кембридж Университетінің сарапшыларымен бірлесіп жасалған пәндер бойынша оқыту бағдарламасының негізінде ұйымдастырылған. Жаңа мазмұн алған білімді қолдана білу, ақпаратты іздестіру, өңдеу, талдау және бағалай білу дағдылары, сын тұрғысынан ойлау, эксперименталдық, зерттеу, инфокоммуникациялық дағдылар, коммуникативтік (тілдікті қоса алғанда) дағдылар, жеке және топта жұмыс істей білу сияқты дағдыларды дамытуға бағытталған.
«НЗМ» ДББҰде қолданылатын критериалды бағалау моделі оқу жыл бойында оқушылардың оқудағы прогресі және үлгерімі туралы деректерді жинаудың үш түрі арқылы жүзеге асырылады. Олар қалыптастырушы бағалау, ішкі жиынтық бағалау, сыртқы жиынтық бағалау. Қалыптастырушы бағалау мен ішкі жиынтық бағалау мектепте бағалауды құрайды, сонымен бірге межелік және жылдық бағаларды қою үшін қолданылады.
Қалыптастырушы бағалау тоқсан бойы күнделікті сабақ беруде үнемі жүргізіледі және сабақтың бөлінбейтін бөлігі болып табылады. Қалыптастырушы бағалау оқушылардың білім деңгейін өлшеу үшін қолданылады және сабақты жоспарлауда көмек көрсетеді.
Оқушылардың қалыптастырушы бағалау нәтижелері «қол жеткізді» (оқыту мақсаттары) немесе «ұмтылуда» айқындамалары түрінде тіркеледі. Әрбір сабақта баға қоймау нашар баға алудан қорқатын оқушылардың беймаза күй кешуін болдырмауға, оқудағы мақсаттарға қол жеткізуде деңгейінің өсуі үшін үнемі жұмыс жасауына, ал мұңалімнің оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, сабақты жоспарлауды түзетуіне мүмкіндік береді.
Ішкі жиынтық бағалау – тоқсан ішіндегі оқыту ақпараты блогын зерделеуді аяқтаған кезде білімді, икемділікті және дағдыларды қолдану деңгейін айқындау және тоқсандағы, оқу жылындағы жиынтық бағаны айқындау үшін қолданылады.
Ішкі жиынтық бағалауды ұйымдастыру үшін «НЗМ» ДББҰ-ның Педагогикалық өлшемдер орталығының мамандары бағалау құралдарын: тесттердің спецификациясы мен тапсырмалар жиынтығын әзірлейді. Тестілік спецификация пәндер мен сыныптар бойынша жұмыс құрылымының сипаттамасы мен тапсырмалар үлгілерінің қамтиды және мұғалімдердің талқылауы үшін және оқушыларды дайындау үшін мектептерге алдын ала беріледі. Ішкі жиынтық бағалау тапсырмалары мектептерге оны өткізер алдында жіберіледі.
Оқушылардың қалыптастырушы және ішкі жиынтық бағалау үдерісінде оқыту мақсаттарына қол жеткізу нәтижелері тоқсандағы және оқу жылындағы қорытынды бағаларды айқындау үшін пайдаланылады (30:70 пайыздық арақатынаста).
Сыртқы жиынтық бағалау оқыту сатысындағы оқу ақпараты блогын зерделеуді аяқтау кезінде білімді, икемділікті және дағдыларды қолдану деңгейін айқындайды және оны бастауыш, негізгі және жоғарғы мектептерден кейін Тәуелсіз бағалау органы жүргізеді. Сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері 30% (қалыптастырушы), 40% (ішкі жиынтық) және 30% (сыртқы жиынтық бағалау) пайыздық арақатынаста бір жылдағы қорытынды бағаны айқындау үшін қолданылады.
Бағалау үшін критерийлер қолданылады. Критерийлер дескрипторлармен сипатталады, оларда (әрбір нақты жұмыс үшін) оқу тапсырмаларын орындау нәтижелері іс жүзінде қалай болуы керектігі туралы нақты түсінік беріледі, ал дескрипторға сәйкес бағалау – бұл оқушының осы мақсатқа жақындау деңгейін айқындайды.
Бағалау 4 критерий бойынша жүзеге асырылады.
Тілдік емес пәндер бойынша:
− «Білу және түсіну»;
− «Білімді қолдану»;
− «Анализ, синтез, зерттеу»;
− «Коммуникация».
Тілдік пәндер бойынша:
− «Оқылым»;
− «Тыңдалым»;
− «Айтылым»;
− «Жазылым».
Оқушылардың оқу жетістіктерін бірыңғай бағалауды жүзеге асыру үшін Кембридж университетінің Халықаралық емтихан Кеңесінің сарапшыларымен бірлесе отырып қалыптастырушы бағалау кезінде оқыту мақсатына қол жеткізетін «табыс критерийлері» деп аталатын критерийлерді әзірлеу мен стандарттау жүзеге асырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |