85. Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі - Іле Алатауының әсем ландшафтарын қорғау, өсімдік жамылғысы мен жануарлар әлемін сақтау, туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылған. 1996 ж. Алматы облысы Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының аумағында орналасқан Қаскелең, Пригород, Түрген орман ш-тарының негізінде құрылған. Орт. – Таусамалы а. Ауданы 202 мың га, ол Алматы қ-нан оңт-ке қарай Іле Алатауының (Тянь-Шань) солт. беткейінде, батыста Шамалған өз., шығыста Түрген өз-нің аралығындағы ұзындығы 120 км, ені 30 – 35 км аймақты алып жатыр. Оның құрамына 4-Ақсай, Медеу, Талғар және Түрген орман ш. аумағындағы аласа, орташа және биік тау ландшафтары енеді. Климаты биіктік белдеулер бойынша өзгереді: тау етегіндегі далалық белдеу ылғалды, жазы құрғақ әрі ыстық, қысы жылы, қары жұқа; аласа және орташа тау аймағы ылғалды әрі ыстық; альпі және субальпі шалғындары белдеуінде ылғалд. өте жоғары. Орт. жылдық жауын-шашын мөлш. 550 – 600 мм. Саябақ теңіз деңгейінен 600 – 4540 м биіктікте орналасқан. Ең биік шыңы – Конституция (4540 м) және Қазақстанның 25 жылдығы шоқысы (4494 м). Ең үлкен мұздық – Дмитриев мұздығы (ауданы 17 км²). Түрген, Есік, Талғар, Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы, Ақсай, Қаскелең өзендері ағып өтеді. Олардың бастауларында моренді көлдер бар, көпшілігі маусым айында суға толып, қысқа қарай тартылып қалады. 2500 м биіктікте Үлкен Алматы көлі орналасқан, оның ауданы 1 км² , тереңд. 39,3 м. Үлкен Алматы өз-нің су алабында орналасқан радонды Алмаарасан және кремнийлі-термалды Горельники мен Таутүрген бастаулары бар. Жері негізінен қара топырақты. Саябақтың флорасында 1 мыңнан астам өсімдік түрі бар, оның 500-ден астамы жапырақты орман, 400-ден астамы – қылқан жапырақты орман алқаптарында өседі. Бұл өсімдіктердің 36 түрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” тіркелген (мыс., Алматы кекіресі, Сиверс алмасы, Мушкетов түйесіңірі, т.б.). Қоректік өсімдіктерден: Тянь-Шань сұлыбасы, шалғын қоңырбас, беде, сиыржоңышқа, т.б.; илік – қымыздық, рауғаш, таран, т.б.; дәрілік – түймешетен, өгейшөп, шырғанақ, бақбақ, т.б.; эфирлі-майлы – аюбалдырған, арша, жусан, т.б.; жеміс-жидектерден – өрік, алма, таңқурай, бүлдірген, бөріқарақат, долана, т.б. өседі. Жануарлар әлемі де өте бай. Омыртқасыздардың 8 класқа бірігетін 2 мыңнан астам түрі белгілі. Барылдауық қоңыздардың 252, стафилинидтердің 180, жапырақ жегіштердің 102, күндізгі көбелектердің 145, жарғаққанаттылардың 110, қазғыш жабайы аралардың 97, құмырсқалардың 33, шаншарлардың 30 түрі анықталған. Омыртқасыздардың 24 түрі (мыс., Түркістан туркомиласы, әшекейленген жүйрік қоңыз, шығыс ахраноксиясы, Іле хош иісті отын кескіш қоңызы, т.б.) Қазақстанның “Қызыл кітабына” тіркелген. Омыртқалы жануарлардың 245 түрі, олардың 8 түрі балықтар; 4-еуі – қосмекенділер; 8-і – бауырымен жорғалаушылар; 178-і – құстар; 47-сі – сүтқоректілер. Бұлардың ішінде балықтардың 4, қосмекенділердің 2, құстардың 11, сүтқоректілердің 7 түрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Саябақ аумағында Талқыз және Түрген ескі қалашықтарының орны сақталған. Түрген шатқалында ертедегі темір дәуірінің зираттары мен Есік өз-нің бойында сақ қорғандары бар. Бутаков сарқырамасы, реликті мүк басқан Шыңтүрген шыршалары да табиғат ескерткіштері болып саналады. Соңғысында мүк астында, 30 – 40 см тереңдікте қалыңд. 2 – 3 м болатын мәңгі мұз қабаты бар. Әсем табиғаты, алуан түрлі флорасы мен фаунасы бар саябақтың қоршаған ортаны қорғауда алатын орны ерекше.
86. Бесшатыр қорғандары.
Достарыңызбен бөлісу: |