87. Черкасск мемориалды музей-үйі. «Черкасск қорғанысы» мұражайы Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мәдениет министрлігінің шешімімен 1968 жылы 1 қаңтарда азамат соғысы жылдарындағы ұрыс өткен жерде (1918-1919ж.ж.) құрылған. «Ұрыс кеңесі» ғимаратында ашылды. 1978 жылы осы ұрыс болған жерде жаңа тарихи-мемориалды мұражай кешені салынды. Азамат соғысы ардагерлерінің естеліктері көмегімен 1918-1919 жылдардағы соғыс қимылдарының көріністері - бас қолбасшы М.С.Никольскийдің, хатшының бөлмесі, «Ұрыс кеңесі» мүшелерінің отырыс залы қалыпқа келтірілді. Азамат соғысының аяқталуына 70 жыл толуы қарсаңында «Черкасск қорғанысы»мұражайы толық жөндеуден өткізілді. Қазақтың тұңғыш инженері, Турксіб теміржолын салушы, қоғам қайраткері, тарихшы және өлкетанушы, заңсыз репрессияға ұшырап, өлген соң ақталған жетісулық жерлесіміз Мұхаметжан Тынышбаев туралы жаңадан экспозициялық кешенді көрме ашылды. Мұражай жұмысының басты ерекшеліктері мұражайға келушілерді Жетісу өңірінің өткен тарихымен таныстыруға негізделген.
Мұражайға келіп кетушілерді сол кездегі Жетісу облысының әкімшілік-аумақтық шекарасы көрсетілген карта, Жетісу уезі бойынша орналасқан өнеркәсіп орындары мен Жетісу облысы мен басқа да облыс халықтарының ұлттық құрамы туралы деректер бей-жай қалдырмасы анық. Бірінші залда 1922 жылы 22 сәуірде жарыққа шыққан «Правда» газеті; Жетісу жерінде Кеңестік билікті орнатуда белсенді атсалысқан Жетісулық большевиктердің: П. М. Виноградовтың (1889 - 1932), Тоқаш Бокиннің (1890-1918), А. П. Емелев'тің (1894-1919), М. Масанчидің (1887-1938), А. Березовскийдің (1888-1918), К. В. Овчаровтың (1880-1918), Т. Утековтың (1970-1925) портреттері; «Известия» газеті; «Жер туралы декрет», «Бейбітшілік туралы декрет» құжаттары және «Ескі Лепсі өкіметі жойылсын», «Бейбітшілік жасасын!» деген жазулары бар тудың муляжы келушілердің қызығушылығын тудыратын тарихи жәдігерлердің бірі болып саналады.
Сондай-ақ мұражайға келушілердің назарына Ресейдің орталық губерниялары: Чернигов, Полтавск, Харьковтан қоныс аударылып келген орыс халықтарының ағаштан жасаған үйінің кескіндеме көрінісі мен тұрмыста қолданылатын заттары: қыштан жасалған ыдыс түрлері, ыстық шоқпен қыздырып киім үтіктейтін үтік, «Зингер» іс тігін машинасы, кестелеп тігілген орамалдар мен ер және әйел адамдардың киім-кешектері қойылған.
Мұражайдың келесі залы «Черкасск қорғанысы» аймағындағы ұрыс оқиғасы жайлы. Көрермендерді «Черкасск қорғанысының» карта-схемасы (1918-1919 жылдардың қыркүйек айлары), жауынгерлер Л. Х. Коряктың (1889-1947), В. С. Довбняның (1895-1932), «Черкасск қорғанысы» әскерін басқаратын Андреевск эскадронының командирі Т.Г. Горбатовтың (1896-1923), Лепсі атқару комитетінің төрағасы С. Подшиваловтың (1880-1937) фотопортреттері қызықтырады.
Сонымен бірге көрме қойылымдарының қатарында сол кезеңдегі құжаттар көшірмесі, суреттер, соғыс қарулары мен 3, 6 дюймдік снарядтар жарықшақтары, оқтардың гильзалары мен сарбаздардың әскери формалары орын алған.
1919 жылы кулак Н. Калашниковтың қолшоқпарларымен аяусыз өлтірілген РКП (б) мүшесі, Солтүстік Жетісу фронтының революциялық әскери кеңесінің председателі 1892 жылы туған А.А. Шавровтың өмірінен сыр шертетін құжаттар да жинақталған. Абишев Габдулла – Черкасск қорғанысының мүшесі, 1918 жылы Покатиловкаотрядының штабында аудармашы қызметін атқарған. Черкасск қорғанысы сарбаздарымен бірлесіп Солтүстік Жетісу фронтымен байланысқа шығу жорықтарына қатынасқан. Күдерин Жұмахан Маусымбайұлы (1891-1938) – уезд жер өндеу бөлімінің бастығы. Черкасск қорғанысы тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың бірі – Көтібаров Әли Итаяқұлының (1831-1926) өмір деректері де келушілерді қызықтырады. 1897 жылы Петербургте әскери-медициналық академиясын бітірген. 1917 жылы қырғыз, орыс шаруалары депутаттарының Түркістан өлкелік атқару комитеті Кеңесінің мүшесі болды. 1918-1919жж. Черкасск қорғанысы лазаретінің бастығы болып қызмет атқарды. Ә. Көтібаров Черкасск қорғанысы орталығында әскери лазарет ашқан, құрамында 2 дәрігер, 4 фельдшер болған.
Залдағы тағы бір көрнекті қойылымдардың бірі, ол – «Сөнбес жұлдыздар нұры» атты тұрақты экспозициялық қойылымы. М. Тынышбаевтың туғанына 115 жыл толуы мерейтойына арналған қойылымда жерлесіміздің өмір жолдары мен атқарған еңбектері туралы деректер жинақталған.
Келесі көрме залы «Черкасск қорғанысы» ардагерлерінің бейбіт күнгі өмір деректерінен мағлұматтар береді. Онда М.А.Гарбузов, К.З.Гайворонский, П.Ф.Остапенко, Н.Шульга, З.В.Косаченконың өмір жолдарын баяндайтын фотосуреттер мен мұрағаттық құжаттар көшірмелері ұсынылған.
Азамат және Ұлы Отан соғысының ардагері, «Черкасск қорғанысы» колхозының председателі, «Социалистік Еңбек Ері» Иван Федорович Венедиктовтың (1933-1956) еңбекпен өрілген жылдары, қол жеткізген табыстары туралы құжаттары мен қолданған заттары (колхоздың құнды құжаттары мен касса ақшаларын сақтайтын сейф-кресло) қойылған. Өмір жолы жас ұрпақ үшін ерлік үлгісі болатын Черкасск қорғанысының ең жас мүшесі, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, кейіннен «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған (1947 ж.) Мойсеенко Василий Тарасович туралы құжаттар жинақталған. Бейбіт күнде бақытын еңбектен тапқан, Ұлы Отан соғысына қатысушы, алғашқы ерлік сабақтарын «Черкасск қорғанысы» окопында алған, медицина ғылымдарының кандидаты Шулешова Анна Ефремовна жайлы деректер орын алған.
Лепсі уезінің 13 елді мекені тұрған аумақта Черкасск қорғанысы соғыс қимылдарының негізгі бақылау пункті болғандықтан, осы соғыста қаза болғандар мен қатысушыларға арналып 1973 жылы 12 шілдеде «Черкасск жері жүректерде мәңгі сақталады» атты мемориалды кешені ашылды. Мемориалды кешен мұражайдан, Батырлар аллеясынан және мемориалдан тұрады. Мұражай қоры 2040 көрме қойылымдарынан (экспонаттардан),оның ішінде 1512 негізгі қордан және 528 ғылыми көмекші құралдардан құрылған. Мұражай көрме қойылымдарының соңы мұражайға келушілер тарапынан жәдігерлерді толықтыру мен құжаттар алмасу және сыйлықтар ұсыну бөлімімен аяқталады.