Туякбаева айгуль шаймуратовна



Pdf көрінісі
бет8/21
Дата09.10.2024
өлшемі1,53 Mb.
#205973
түріДиссертация
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21
Байланысты:
Туякбаева-А.Ш.-Диссертация

 
1.2.
Қазақ кино өнеріне фольклордың ықпалы 
Кино өнеріндегі фольклорлық тақырыпты саралау үшін фольклорлық 
поэтиканы түсіну аса маңызды. Себебі, фольклор – ең алдымен тарих 
еншісіндегі рухани мұра. Ал, тарихи поэтиканы генетикалық поэтиканың 
баламасы деп айта аламыз. Бұл туралы фольклортанушы Виктор Гусев: 
«Фольклором мы называем ту форму практически-духовной деятельности 
народных масс, которая по своей природе объективно представляет образно-
художественное воспроизведение действительности и выражает отношение к 
ней народа с помощью образных средств, не нуждающихся в общественном 
закреплении» [87, С. 77], – деп жазған. Ендеше фольклор мен әдебиеттің түрлі 
жанрлары мен бағыттарының, көркемдік пішіндері мен құрылымдарының, 
сюжеті мен поэтикалық формулаларының бастау көзі байырғы синкретизмге 
барып тірелетіндігі дау тудырмайды. 
Қазақ топырағына кеш келген кино өнеріне көркемдік, философиялық 
бағыттар, зерттеушілік, ізденушілік және танымдық қасиеттер тән. Бүгінгі 
таңда кино дыбыстық-көріністік ақпарат көзі ретінде көрерменге сан түрлі 
тақырыптағы шығармаларды ұсынып отыр. Яғни, кино өнерінің қолжетімділік 
қасиеті жоғары. Фильмдер кинематографияға қатысы жоқ ортада да түсіріле 
береді және мұның нәтижесі тек кинотеатрларда көрсетіліп қана қоймай, 
теледидарда, тіпті үй жағдайында, көше алаңдарында таспамен жеткізіледі. Сол 
сияқты «таза» көркем ақпаратты кинокартиналар ғана емес, бейнефильмдер де 
шынайы көркемдікпен жасалады әрі мазмұнды идеяны жеткізетін суретті 
фильмдерді де бере алады. Сонымен бірге бүгінгі кинематография әртүрлі 
салалардың 
бір-бірімен 
сабақтастығын, 
бірнеше 
арнаға 
(ғылыми 
киножарияланымдық, 
кинопублицистикалық) 
бағытталған 
қоғамдық 
көзқарасты білдіреді. 
Қазақ киносының тууы мен қалыптасуы туралы көптеген ғылыми еңбектер 
жарық көрді. Соның ішінде қазақстандық кинотанушылар ұлттық киноның 
тарихын жанрлары мен тақырыптары бойынша нақты кезеңдерге бөліп, 
сұрыптады. Өнертану кандидаты, профессор Бауыржан Нөгербек фильмдерді 
«фольклорлық фильм», «тоталитарлық фильм», «тоталитарлық емес фильм», 
«тоталитарлыққа қарсы фильм» деп төрт топқа бөлген [9]. Фольклорлық 
фильмдер ретінде ұлттық эпос, ертегі, аңыз, сонымен қатар фольклор 
мәтіндерінің түпнұсқасын немесе үзінділер келтіре отырып жасаған 
кинокартинарды атауға болады. Бұлардың қатарына «Махаббат туралы поэма», 


31 
«Қыз Жібек», «Көксерек», «Тоғызыншы ұлдан сақтан», «Құлагер», «Күнә», 
«Біржан сал», т.б. жатқыза аламыз.
Өмір мен шығармашылықтағы басты мәселе ол – тек осы екі әлемнің 
арасындағы айырмашылықты сезініп қана қоймай, олардың өзара байланысын 
тану. «Өнер өмірдің көркем көшірмесі десек», күнделікті тұрмыстық 
оқиғалардың, адам өмірінде кездесіп жататын әрбір жағдайдың көркемдік 
көрінісі жазушының немесе сценаристің қиялынан туындап жатады. Аңыз бен 
ертегіден, эпостық жырлар мен батырлық дастандардан қорытылып, театр 
сахнасына немесе экранға шыққан дүниелер жалпы тұрмыс пен өнердің өзара 
тығыз байланысын, қарым-қатынасын анық байқатады. Бұдан ертегінің киноға 
келместен бұрын әдеби сценарийге айналатындығын және соны жанды 
туындыға айналдыратын кинематографистердің шығармашылығы мен 
ізденістеріндегі жауапкершілікті танимыз.
Драматургия – әдебиет жанрларының бірі болғандықтан кез келген 
киноертегі әдеби ертегіге негізделеді. Тіпті киносценарий фольклорлық мәтін 
мен халық ауыз әдебиетін қолданғанның өзінде міндетті түрде фильмге 
айналуға тиісті әдеби ертегіден алынған материалмен жұмыс жасайды. Көп 
жағдайда белгілі бір фильмдердің негізгі сценариіне түпнұсқаға сүйенген 
немесе фольклордан алынған материал жатады. Сол киноертегі фольклорлық 
қағидаға емес, әдеби сценарийге сәйкес құрылуы қажет.
Жалпы қазақ киносының өркендеуіне ғылыми-шығармашылық тұрғыдан 
да, қайраткерлік тұлғасымен де өнертану кандидаты, профессор Камал 
Смайылов елеулі үлес қосты. Оның қаламынан көптеген ғылыми мақалалар, 
«Фильм осылай туады» және «Қазақ киносының тарихы» атты оқу құралдары 
жазылды. Ғалым ретінде көптеген кинотүсірілім жұмыстарын талдап берген 
К.Смайловтың еңбектерінде 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың 
басында Қазақстанға арналған алғашқы кинофильмдердің түсіріле бастағаны 
айтылған. Олар: «Бүліншілік», «Дала әуені», «Жұт», «Түрксіб», «Қаратау 
құпиясы», «Жау іздері», т.б. К.Смайылов: «Сол кездегі, қазақ даласында болып 
жатқан қайғылы да, қуанышты да құбылыстарды кинотаспаға түсіріп, болашақ 
ұрпақтарға өмір кезеңінің шын бейнесін қалдырудан асқан арман болсын ба?...» 
[25, 140 б.], – деп жазады. Шынында, ұлттық рухымыз, тарихи тамырымыз, 
ерекше мәдениетіміз жөнінде ауызбен айтып жеткізе алмайтын дүниелер 
нақтылы дәлел-дәйектер арқылы кинокамераның күшімен өрнектелді. 
Қазақстанның киношежіресін жасаған орыс операторларының атқарған 
қыруар еңбектері ерекше құрметтеуге лайық. Атап айтқанда: Марк Беркович 
(«Мы здесь живем», 1957; «Наш милый доктор» 1958; «В одном районе» 1960; 
«Песня зовет» 1961; «Алдар көсе» («Безбородый обманщик»), 1965; «Ангел в 
тюбетейке», 1968; «У подножья Найзатас», 1969, «На диком береге Иртыша» 
(1959); режиссер, оператор Яков Смирнов («Академик Сатпаев» (1967), «Быль 
Каспийская» (1958), «На целинных землях Казахстана» (1954) деректі 
фильмдер); оператор Иван Александрович Чикноверов «Советский Казахстан» 
(1950), «Вена» (1945), «Победа на Юге» (1944) (деректі фильмдер) есімдері мен 
олардың атқарған қыруар еңбектері құрметтеуге тұрарлық. Сол жылдары 


32 
алғаш түсірілген деректі кинода қазақтың тұңғыш операторы Ескендір 
Тынышбаев «Знай наших!» (1985), «Табунщица» (1974), «Курмангазы» (1974), 
«Поет Ермек Серкебаев» (1965), «Мы из Семиречья» (1958), «Его время 
придёт» (1957). т.б. деректі фильмдерді түсірді.
Жалпы алғанда кино өндірісінің пайда болуына әрі қалыптасуына 
Қазақстан мәдениетінің басқа салаларының түрленуі өз әсерін тигізбей қойған 
жоқ. Басқа өнер салаларымен кино өнерін салыстыратын болсақ, әдебиет пен 
театрдың, бейнелеу өнері мен музыканың көркемдік қасиеттері мен өзіндік 
ерекшелігінен 
айырмашылығы 
киноның 
құрама 
өнер 
болып 
қалыптасқандығында болып отыр. Елімізде кино өнері мен кино өндірісінің 
пайда болуы және қалыптасуы XX ғасырдың екінші жартысында кең етек алды, 
яғни, ол кезең әлемді күрт және түбегейлі өзгерткен ғылыми-техникалық өрлеу 
уақытына сәйкес келеді. Осы кезеңде «психологиялық әсер ету» күші басым 
болып, кино өнерін зерттеушілердің жаңашыл тобы осы мәселеге көбірек назар 
аударды. Мұның нәтижесінде өз замандастарының бейнесін көріп отырған 
көпшіліктің ортақ ойы болашақты жақсарту жолындағы адамдарды 
тәрбиелеуде санаға әсер ету күшінің мықты болғанын растап отыр. Демек, кино 
өнерінің басқа өнер түрлеріне қарағанда тұлға қалыптастыруға ықпалы зор. 
Дәстүр мен объективтік шындықты қамтымай тек қана санада болады-мыс 
дейтін идеалистік философиядағы субъективтік құбылысты барлық елдің 
ғалымдары жан-жақты зерттеген. Айталық, отандық ғалымдарымыз 
Қ.Нұрланованың [69], Бақдаулет Аманов пен Әсия Мұхамбетованың [19], 
Нұрила Шаханованың [88], Аманкелді Нарымбаеваның [89], Едіге 
Тұрсыновтың [90], Сейіт Қасқабасовтың [15; 91] т.б. іргелі еңбектерін айрықша 
атап өтеміз. Соңғы жылдары бұл зерттеулерге ерекше назар аударылғаны тегін 
емес. Көбінде рухани мәдениеттің жаңғыруы барысындағы бұл құбылысты 
қоғам өмірінде бар түрлі үдеріске байланысты, сонымен қоса жалпы 
адамзаттың дамуына үлес қосатын әрі өмірде маңызды тірлікті көрсететін 
мәселелерге қатысты қарастыруға болады. Сондықтан дәстүр қасиетіне, оның 
әлеуметтік өмірдегі орны мен роліне, сол сияқты ғасырлар бойы сақталған 
салттың әлеуметтік мәдениеттің феномен ретіндегі кешенді көрінісіне қатысты 
мәселелер кімді болмасын қызықтыратыны анық. Фильмнің түсірілуін қолға 
алған қазақ киногерлері ізденісінің даму жүйесіне орай айтатын болсақ, ондағы 
«дәстүрлік сипатты» емес, ертегі мен аңыздардың экрандалуын сөз еткен 
орынды. Ол әртүрлі жанрларда түсірілген шығармаларды жасауға шешім 
табатын, кинофильмнің бейнелік құрылымын көрсететін белгі ретінде 
қарастырылады. 
Қазіргі таңда Елбасы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» 
бағдарламасы аясында айқын болғандай өнердің, оның ішінде кино өнерінің ата 
салты мен дәстүріне шынайы көңіл бөліп келгенін әрі алда атқаратын қыруар 
істердің барын өзекті мәселе ретінде көрсетуге ұмтыламыз [2]. Негізінен 
халықтың азаматтық тарихы, оның рухани байлық қоры мен өнері бірден 
жасалмайды. Оның қалыптасуы мен дамуына көп уақыт қажет екені анық. 


33 
Жалпы отандық кино өнерінің қалыптасу тарихы 1938 жылы шыққан ең 
алғашқы «Амангелді» фильмінен басталады. Сол кездері қазақтың классик 
жазушылары Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов азамат соғысының 
батыры Аманкелді Иманұлы туралы түсірілетін фильмге сценариін жазып 
береді. Аталмыш шығармадағы негізгі ерекшелік басты кейіпкердің бойынан 
еркіндікке ұмтылыс, туған жері мен ел-жұртына деген жанашырлық, бейбіт 
өмірді аңсау, сол жолда нақтылы әрі мағыналы іс-қимыл жасау, сөздегі және 
айтыс-тартыстардағы кекесін, қарсыласын шешендік өткір тілмен осып отыру 
тәрізді дала қазағына тән қасиеттер басым көрсетілген. Яғни, киногерлер 
Аманкелдінің көркем бейнесіне нақты этнопсихологиялық қазақ мінезін 
сыйдырған. Сол уақытта «бұл фильм қазақтың төл шығармасы немесе төл 
шығармасы емес» деген сарында айтыс-тартыстың орын алғаны белгілі. 
Аталмыш сауалға К.Смайлов: «Бұл фильмді қазақтың тұңғыш көркемсуретті 
фильмі деп тани аламыз ба? деген сұрақ туындайды. Санай алмаймыз дейтіндер 
де жоқ емес. Олардың пікірінше, түсірген режиссерлері орыс киносының 
азаматтары, фильмнің негізі болмысы біздікі емес, қазақтарда ол кезде 
киностудия болмаған. Ал, екінші жағынан оның сценарийін жазған қазақ 
жазушылары, фильмге түскен де қазақтың мықты актерлері, музыкасы қазақша, 
таза қазақ даласының өмірін, тұрмыс-салтын, киім-жиһаздарын алғаш рет 
экранда көрсетті. Демек, бұл – қазақтың тұңғыш фильмі, қазақ киносының 
тарихының бастауы» [14, 9 б.], – деген жолдармен түсінікті түрде жауап 
қайырған.
Фильм түсіру идеясы туындағаннан кейін, яғни дайындық жұмыстары 
кезінде оның халықтық болмысының нақты шешімінің табылуы барлық 
шығармашылық топты қызықтырады. Режиссері Михаил Левин қазақ 
кинематографиясында жарыққа шыққалы отырған алғашқы фильмнің маңызы 
зор екендігін және өте жауапты іс болатынын жақсы түсінді. Екінші 
режиссерлік қызметке кинематографияда тәжірибесі мол кәсіби шеберлер Марк 
Беркович пен бас операторлық қызметке Хечо Назарьянц шақырылған. 
Шығарманың идеясына, басты қаһарманның ұстанған принципі мен тарихи-
әлеуметтік орнына лайықты келетін музыканы сол кезде енді ғана көрініп, 
таныла бастаған музыкатанушы, композитор Ахмет Жұбанов жазды. 
Актерлердің көпшілігі театр сахнасында айтырлақтай тәжірибе жинақтаған, 
ым-ишарат, қимыл-әрекет, мимика, т.б. меңгерген орындаушылар болды. Олар 
камера алдына келгенде сахнадағы жұмысынан киноға түсудің өзгеше тәсілді 
қажет ететінін мойындаған. Театр сахнасында қолданып жүрген әдіс-амалдар 
киноға келмейді, яғни, кинематографияның сұранысы басқа, шынайы амалдар 
мен іс-қимылдарды, кейіпкердің бейнесіне толықтай енуін талап етеді. Шындап 
келгенде, кино өнерінің өзіндік канондары бойынша актердің шеберлігі өте 
жоғары деңгейде болғанымен олар экран алдында өз мүмкіндіктерін, қабілет-
қарымын, ізденістерін кеңейте түсуге мәжбүр болды. Бірақ режиссердің жете 
түсіндіруінің, роль орындаушылардың аянбай жұмыс жасауының нәтижесінде 
ұрпаққа мұра болып қалатындай әрі тарихи маңызы бар көркем шығарма 
дүниеге келді. 


34 
Фильмнің сюжетіне келсек, оқиға желісі Азамат соғысының жетекшісі 
Аманкелді Иманұлының өмірі мен оның халқының бейбіт, азат өмір сүруі 
жолында жасаған игі істерінің төңірегінде өрбиді. Қазақ кинематографистері 
халықтық кейіпкерді толыққанды кинобейнеге айналдыру үшін қажетті 
материалдарды 1916 жылғы Торғай даласында ұлт-азаттық көтеріліс кезінде 
орын алған тарихи шындықтан алған. Бұл туралы Б.Нөгербек: «Романтизация 
жизни и подвига легендарного народного героя, попытка дать характер 
Амангелды в развитии – руководитель национально-освободительного 
движения, степной батыр Амангелды Иманов не сразу становится убежденным 
революционером-большевиком, красным командиром – во всех этих 
драматургических коллизиях нетрудно уловить прямое кинематографическое 
влияние экранно-драматургического построения российского фильма «Чапаев» 
режиссеров-однофамильцев Георгия и Сергея Васильевых» [10, С. 115], – деп 
жазады. Жалпы шығармадағы оқиғалар тізбегінің қызыл әскер көтерілісінің 
елге жақындағанынан көрініс бере бастайтыны рас.
Шығармадағы негізгі шиеленіс жерді тартып алу, орыстандыру саясаты 
және патшалық армияның қара жұмысына дала қазақтарын зорлықпен жегуге 
қарсылықтан, ел арасындағы наразылыққа байланысты өрбиді. Кино тілімен 
айтсақ, осы фильмде сценарийлік тізбені жасауға әсер ететін міндетті 
атрибуттың бірі – махаббат, шынайы сүйіспеншілік сезім. Балым мен 
Аманкелді болмыстарындағы ұқсастық пен олардың өмірлік ұстанымдары ұлт 
батырының елі мен жері үшін, сүйгені үшін шайқасқа бет алуына себепші 
болады. Балым мен адал достарының қолдауын сезген, түсінген Аманкелді 
қанаттанып, жүздеген әскердің қолбасшысы атанады. Бұл кинофильмдегі батыр 
қалыңдығының көркемдік бейнесі халықтық-эпикалық ертегілер мен тарихи 
шығармаларда кездесетін Томирис, Назым, Құртқа, Қарашаш, Бопай сынды ер 
мінезді қыздар мен әйелдер болмысының негізінде жасалған. 
Осы тұста қарастырып отырған тақырып барысында аталмыш 
кинотуындыға қатысты көпшілікті қызықтыратын негізгі мәселеге тоқталуды 
жөн көріп отырмыз. Бұл – ұлттық кино өнерінің туғандығын білдіретін 
«Амангелді» фильмінде халқымыздың салт-дәстүрлері қалай көрініс 
тапқандығы туралы. Ең алдымен айтпағымыз, аталған фильмнің өткен 
ғасырдың 30 жылдарындағы кеңестік идеологияның қылышынан қан тамып 
тұрған уақытында, ұлт зиялыларының кейбірі кінәсіз қуғынға ұшырап, кейбірі 
атылып жатқан қиын-қыстау кезеңде түсірілгендігі. Сол кезеңде қазақтың 
ұлттық салт-дәстүрін ең ықпалды үгіт пен насихат құралы саналатын кино 
өнері арқылы одақтық үлкен экранға шығарып, көрсетудің өзі көзсіз ерлікке 
пара-пар әрекет болатын. Әйтсе де сценарий авторлары, ұлт жанашырлары 
Б.Майлин мен Ғ.Мүсірепов өздеріне берілген тарихи мүмкіндікті қалт 
жібермей, қазақ ұлтына ғана тән құндылықтарды өзге халықтарға таныстыру 
мақсатында кинотуындының өн бойына халқымыздың салт-дәстүрлерін 
сыналап кіріктіруге ұмтылған. Фильмді көріп отырғанда алдымен көзге түсетіні 
– ата кәсібіміз болып табылатын ұсталық өнерді көрсетуге айрықша мән 
берілгенін байқаймыз. Сарбаздарына қайқы қылыш пен қалқан, найза соғып 


35 
жатқан Аманкелдіні батырлығымен бірге патшалық Ресейдің қазақ азаматтарын 
қара жұмысқа алу әрекетіне қарсы шыққан ер ретінде де, халық көтерілісін 
қару-жарақпен қамтамасыз етуші далалық өндіріс иесі ретінде де, он 
саусағынан өнер тамған қарапайым қазақ ұстасы ретінде де танимыз.
Кинода қазақ театр және кино өнерінің хас шебері, майталман актер Серке 
(Серәлі) Қожамқұловтың сомдауындағы (эпизодтық роль) ата-бабасынан бері 
сақталып келе жатқан киелі кәсіпті жалғастырып, қазақи, дала ұстаханасының 
көрігін қыздырған шебердің бейнесі ардагер Аманкелді Иманұлына арналған 
фильмнің өн бойына желі болып тартылып, басты кейіпкерлермен бірге ірі 
көрініспен беріліп, алдыңғы қатарға шығарылған. Тарихи-өмірбаяндық 
туындының шешуші шайқастарды бейнелеген кадрларында Аманкелдінің 
соғыс қаруларын жасаушы бесаспап ұсталарының көтерілісшілерді шиті 
мылтықтан гөрі сол заманғы қарулардың әлдеқайда жетілдірілген түрі – 
винтовкамен қамтамасыз ете бастағаны көрініс тапқан. Бұдан фильм 
авторларының ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан қазақтың 
ұсталық кәсібінің уақыт өзгерісі мен заман сұранысына сай үнемі, үздіксіз 
дамып, жетіліп отыратын өміршеңдігін меңзегенін байқау қиын емес. 
Тағы бір назар аударатын жәйт, фильмде қазақ халқының дәстүрлі ұлттық 
сайысы – көкпар тартысын көрсетуге де назар аударылған. Негізінен көкпар 
тарту – ұлтымыздың төл ат спортының ішіндегі ең танымалы, әрі қызықты түрі. 
Сонымен қатар мұнда жігіттердің күші мен олардың ептілігі, атты ауыздықтай 
білуі, сол сияқты көкпарға қатысушы аттардың қалай бапталғандығы мен 
үйретілгендігі байқалады. Алайда фильмдегі көкпаршылар тартысының бір 
тұста ғана көрініс табуын мемлекеттік идеологиялық қыспақтық жіті 
қадағалауының салдарынан едәуір қысқартуға ұшыраған деп болжауға болады.
Дегенмен сценаристер мен режиссерлер туындының ұлттық бояуын 
қалыңдатып, көркемдік нақышын айшықтау үшін көкпардың қызықты деген 
тұстарын біршама көрсеткен. Себебі, ұлттық кино өнері басқа халықтарға 
ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктерді көрсете алуымен құнды. 
Жалпы ұлттық дәстүр мен жөн-жоралғыларды өнер арқылы көрсету, 
насихаттау – барлық елдерге тән құбылыс. Бұл сол елдің, сол халықтың салты 
мен дәстүрінің, әдеті мен ғұрпының өміршеңдігін білдіреді және мұның келер 
ұрпақ үшін аманат, рухани қазына ретінде де маңызы жоғары. Сол сияқты біз 
атап өткен мысалдар, Торғай даласына кеңестік үкімет орнату жолында 
белсенділік көрсеткен қызылдар комиссары шеніндегі Аманкелді баһадүрдің 
өмірі мен қызметін көрсетіп, бейнесін жасауда көптеген тарихи деректер 
бұрмалануға жол берілгенімен, аталмыш фильм аты аңызға айналған қазақтың 
халық батырының тау тұлғасын асқақтатуымен, сондай-ақ, ұлттық салт-
дәстүрлерімізді қисынын тауып, өзге жұртқа таныстыруға деген ұмтылысымен 
құнды. 
Негізінен танымдық мағына рухани салаға қарағанда, өнер саласында 
өзгеше қызмет жасайды. Оның қарапайым тілмен жеткізетін дүниені бейнелеу 
тіліне аударатын қасиеті бар. Сол бейнелеу тіліне аударылған халық ақынының 
айтары көрерменге қазақтың ұлттық кинематографиясының тарихындағы елдің 


36 
тұрмыс салтынан көрініс беретін, соғыстан кейін түсіріліп, теледидар 
экрандарына шыққан «Жамбыл» фильмі арқылы жеткізілді. Режиссер Ефим 
Дзиган мен сценарий авторлары Николай Погодин, Әбділдә Тәжібаев 
кинофильмде ақын Жамбыл Жабайұлының төңкерістен кейінгі жылдардағы 
аласапыран уақытты басынан өткізген өмірі арқылы қазақ халқының тұтас бір 
тарихи кезеңін қамтып көрсеткен. 
Бір эпизодта көзін алақанымен жауып, үнсіз егіліп отырған Жамбыл одан 
кейінгі көріністе ақырын көтеріліп, бақшасына шығады. Оны алдында ғана 
баласы Алғадайдың өлімі жөнінде келген қаралы хабар есеңгіретіп тастаған. 
Сол сұмдық хабарды айтып келген қолбасшының сөзін әрі қарай естігісі 
келмеген ақын қолына домбырасын алып, соғыс тауқыметін айтып келіп, одан 
әрі баласын жоқтайды. Осы әдеби сценарий үзігін қойылымның шарықтау шегі 
деп қарастырсақ, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы монтаждан 
кинематографияның экспрессивтік бейнеге толы поэтикасын көреміз. Осы 
тұста киноны театр және кино режиссері, сценарист, өнер теоретигі Сергей 
Эйзенштейннің «атракциондар құрастырылымы» тәсілімен [92] әрлендіргені 
байқалады.
Кезінде көрермендердің ерекше ықыласына бөленгеніне қарамастан 
«Жамбыл» фильміне көптеген сыни мақалалар да жазылған. Фильмге деген 
қызығушылық ең алдымен, атақты халық ақынының есіміне байланысты 
туындағаны айқын. Барлық газет пен журналдардағы фильмге арнап жазылған 
мақалаларда қысқаша болса да жағымды бағалар кездеседі. Бірқатар 
жазбаларда шығармашылығы халық ойымен ұштасқан Жамбылдың өзі туралы, 
оның мағыналы өмірі, өлшеусіз суырыпсалмалық таланты туралы пікірлер 
кеңінен айтылған. Негізінен барлық дерлік айтыс ақындарының кәсіби 
шеберлігіне суырыпсалмалық өнермен қарулану талабы қойылған және олар 
болып жатқан немесе аяқ астынан туындаған оқиғаға, ойға музыкалық-
поэтикалық өнер, эпикалық жанр, яғни өлең мен жыр арқылы сол мезетте 
жауап табуға мүдделі болған. Бұл туралы Г.Омарова былай деп түйіндеген: 
«Способность с первого раза запомнить песню или кюй с одного 
прослушивания рождает в последующем исполнении их другими музыкантами 
естественную многовариантность данного «опуса» и раскрывает саму 
импровизационную природу творчества» [86, 146 б.]. Жамбылда өзінің бір 
ортада айтқан өлеңдерінің келесі жерге барғанда халқымен қосыла шырқағанын 
аталмыш фильмдегі көріністерден көре аламыз. Демек, бұл ақын өлеңдерінің 
халық үшін маңыздылығын және Жамбылдың ақындарға қойылатын талаптың 
үдесінен шыға білгендігін байқатады.
Ал, фильмде жасалған бейне туралы, оның жетістігі мен олқылықтары, сол 
кемшін тұстардың сүйкей салған қарапайым әңгімеден туындағандығы, яғни 
жалпы сөздермен беріле салғандығы жөнінде нақты ескертпе жасағандар да 
жоқ емес. Сондай пікір білдірген автордың бірі – кинорежиссер Вера Строева: 
«Фильму о Джамбуле нельзя не предъявлять ряда существенных упреков. 
Действие развивается без напряжения, многие линии теряются, окружающие 
Джамбула персонажи часто очерчены только пунктиром» [34, С. 9], – деп 


37 
жазған. Кәсіби маманның пікірі орынды айтылған. Расымен де мұнда сюжеттік 
құрылым шиеленіске жетпеген. Көркем фильмдегі бейне мен оның ішкі 
болмысы тұтастай қабыспаған және шығармада тақырып пен идея арасындағы 
өзара мазмұнды байланыс жоқ. Дегенмен аталмыш фильмнің қазақ көрермені 
үшін құндылығы жоғары. Кинофильмнің халықтық сипат алып, ел тұрмысын 
анық көрсетуін, ауыл адамдарының күнделікті тіршілігін нанымды бере 
білгенін сценарий авторлары мен режиссердің бүгінге дейін салт түрлерін 
жоғалтпай келе жатқан елдің шынайы пейілін қамтығандығы деп қабылдаған 
дұрыс.
Оның бергі жағында, қазақ халқының дәстүрлі тыныс-тіршілігі мен рухани 
мәдениетінің кино өнерінде көрініс табу тақырыбы қозғалғанда «Қыз Жібекке» 
дейінгі ең бірінші айтылуға лайық фильмдердің бірі әрі бірегейі – осы 
«Жамбыл» фильмі екенін ұмытпауымыз керек. Жанры жағынан өмірбаяндық 
кино санатына кіретін бұл фильмдегі «ХХ ғасырдың Гомері» атанған басты 
кейіпкердің өзі қазақ елінің тарихындағы тұтас бір дәуірдің символына 
айналған ұлы тұлға екені мәлім. Сондықтан Жамбылдың өмір сүрген уақыты 
мен өсіп-өнген ортасын суреттеу барысында фильмнің өн бойынан қазақ 
халқының салт-дәстүрі, мінез-құлқы, дүниетанымы мен киім кию үлгісі тәрізді 
ұлттық ерекшеліктер анық аңғарылып тұрады. Атадан балаға мирас болып келе 
жатқан өнердегі дәстүр сабақтастығы – аталған фильмге алтын арқау болған 
басты тақырып. М.Әуезов «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп бағалаған, ал, 
Жамбыл ақынның өзі «Сөздің пірі Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай!» деп пір 
тұтқан қазақтың кемеңгер айтыс ақыны, жыршы, жырау Сүйінбай Аронұлы 
ХІХ ғасырдың соңғы кезеңінде, яғни, өмірден өтер шағында өзінің шәкірті жас 
Жамбылды шақыртады. Ел алдында бала ақынға батасын беріп, домбырасын 
сыйға тартады. Сол күннен бастап, рухани ұстазының аманатын арқалаған 
адуынды ақын қасиетті домбыраны қолынан тастамай, ел аралап, жалынды 
сөздерімен халықтың рухын көтеріп, отарлаушылар мен бай-манаптардың 
қарапайым жұртқа жасап отырған озбырлығын жыр жебесімен түйрей жүріп, 
әшкере етеді.
Қазақтың ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа, бабадан балаға мұра болып 
жалғасып келе жатқан ұлттық өнерінің киесіндей болған домбыра-аманат 
Жамбылды жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы алапаттардан аман 
сақтады, небір қиын сәттерден атақ-абыроймен алып шығып, өркениетті заман 
өнерінің шырқау биігіне көтерілуіне ықпал етті. Отызыншы жылдардың 
соңында сол кездегі кеңестер одағының астанасы болған Мәскеу қаласында 
қазақ өнерінің онкүндігі өткені тарихтан белгілі. Осы өнер байқауында 
Сүйінбай бабаның үкілі домбырасын қолына алып, үлкен сахнадан қазақ елінің 
толағай табыстарын, ұлттық рухымыздың ұлылығын толғаған суырыпсалма 
жыр сүлейі – Жамбыл ақынның есімі барлық әлемге мәшһүр болды. Ендеше 
«Жамбыл» фильмі ең алдымен, тарихта жоғалмайтын із қалдырған биік 
тұлғаның бойына тұтас бір ұлттың бір ғасыр бедеріндегі тарихын, мәдениеті 
мен мінез-құлқын сыйғызып суреттеуге деген ұмтылысымен құнды. Екіншіден 
– фильмнің айтар ойын шашыратпай, ата дәстүріміздің аясында әрі кино 


38 
өнерінің талаптары мен заңдылықтарына сәйкес: оқиғаның басталуын, дамуын, 
шарықтау шегін және шешімін Сүйінбай ақыннан бастап бас кейіпкер 
Жамбылға мұра болып қалған домбыраның төңірегінде ойнатуы бұл фильмнің 
ұлттық-рухани құндылығын сол дәуірдегі өзге кинотуындылардан даралап 
тұрғаны анық. 
Экранның адамға тікелей және кедергісіз әсер ететіні соншалық, оның 
көрерменге терең ой салып, өткен тарихты еске алатын, эмоционалдық 
белсенділік тудыратын, адамның тұтастай тұлғалық көзқарасын сезіндіретін, 
яғни өз өмірінен хабар беретін қасиеті бар. Осындай өзгеше сипаттағы қазақ 
киносының бірі – «Ана туралы аңыз». Бұл фильмде ұлттық дәстүрдің колориті 
мен канондарын бойына жиып, ар мен ожданды өмірдің қиын-қыстау күйбең 
тірлігінен жоғары қойған пошташы әйелдің жалғыз ұлын майданға аттандырған 
кездегі ауыр тұрмысы көрсетіледі. Мұнда соғыстың зардабын тартқан Ана 
бейнесін сомдаған театр және кино артисі, сахна және экран шебері Әмина 
Өмірзақова кейіпкерінің басындағы ұлына деген ыстық сезімін, барша қайғы 
мен қасіретті басынан кешіре отырып, тіпті жалғыз ұлынан айырылған сәтінде 
де күш жинап өмір сүру керектігін сезінеді. Бұл – қазақстандық кино қайраткер, 
режиссер Александр Карповтың режиссерлік шеберлігінен туындаған бірегей 
көркемфильм. Жалпы қандай болмасын көркем шығармада басты қаһарманның 
образы өзге кейіпкерлердің көлеңкесінде қалса, сахналық шығарманың 
көркемдік деңгейінің де, кино экраны арқылы көрсетілетін туынды сапасының 
да жоғары болмасы анық еді. Ал, аңыз актрисаның аталмыш фильмдегі жасаған 
Ана бейнесі, оның бет-жүзіндегі, көңіліндегі кірбің бояулары, психологиялық 
күйзеліс сәттеріндегі іс-қимылы мен мимикасындағы нанымды өзгеру үрдісі 
әрбір буын көрерменнің көз алдында жатталып қалды. Осы тұста 
Ә.Өмірзақованың шығармашылығын жіті зерттеген Зухра Исламбаеваның 
талдауына назар аударуды жөн көріп отырмыз. Театртанушы: «Майданнан 
келген бір қара қағаздың бүкіл бір ауылға ортақ қайғы екенін сезінген ана – 
Өмірзақова сол елмен бірге күңіренеді, күрсінеді, жылайды. Орта білімі 
болмағанмен адамдық, аналық сезімге бай ана майданнан келген хаттарды 
алдымен балаларға оқытып алады. Егер амандық хат болса белгі қойғызып, 
жамандық хабар, яғни қара қағаз болса оған белгі соқпайды. Өйткені мұндай 
хабарды естірту оңай емес. Ал, ол үшін жақсы хабарды естірту үлкен бақыт. 
Ондайда жымия күліп, сүйінші сұраған ана – Өмірзақовадан ел ештеңесін 
аямайды. Күміс білезік, сақина, орамал дейсің бе, барын беруге даяр. Олар 
пошташы ананың жолын тосып жақсылық хабар күтіп сарылады. 
Жақсылықтың жаршысы болғанға не жетсін. Ең жаманы майданнан келген 
қарақағазды онсыз да зар жылап жүрген көңілі жаралы халыққа қалай 
жеткізбек? Ананың қиналатын жері де осы тұс. Баласының өлімін анаға қалай 
естіртеді? Өрімдей жап-жас келіншекке күйеуінің қазасын қалай айтпақ? 
Негізінен қазақ халқында әйел заты қаралы хабарды жеткізбеген. Амал қанша, 
қиын уақыт. Мұндай кезде елдің еңсесін көтеретін бір адам керек, ол – 
пошташы ана. Осындай психологиялық тебіренісі мол күрделі бейнені 
сомдаған Ә.Өмірзақованың жанарынан қиындыққа төтеп берер қайсарлық анық 


39 
байқалады. Актриса кейіпкерінің ішкі күйзелісін түсіне отырып, фильмнің 
трагедиялық бояуын қоюлатқан.
Шығарманың трагедиялық шарықтау шегі – ананың жалғыз ұлынан 
қарақағаз келу тұсы. Сол сәтте дүниеден безінген ана – Өмірзақова соғысқа 
қарғыс айтып, жер бетіндегі бүкіл ана атаулының жиынтық бейнесін береді. 
Қайғысын өзі ғана көтерген ана көпшіліктің көзінше ішкі мұңын, қасіретін 
байқатпайды. Керісінше, елді жұбатып, басу айтып, олардың қайғысын бөлісіп, 
сабырлы болуға шақырады» [93, 188-189 б.б.], – деп жазған өзінің ғылыми 
еңбегінде. Расында оқиғаның әрбір желісін, әрбір қатпарын, әртүрлі сюжеттік 
көріністерді сан қырлы бағытта түсіріп, табиғи көрсете білген оператор Асхат 
Ашраповтың асқан шеберлікпен екінші қатардағы кейіпкерлердің қамыққан 
көздерін ірі масштабта суреттеп беруінен елдегі соғыс қасіретінің аса ауыр 
болғанын, осы тауқыметтің зардабын тартпаған бірде-бір адамның қалмағанын 
байқауға мүмкіндік бар. Кинода халық Совинформбюроның жаңалығын асыға 
күтеді, соғысқа кеткендер туралы ойлап, солар үшін қайғырады. Негізінен 
А.Карпов деректі фильм элементтерімен бірге көркемфильмге тән поэтиканы 
кірістіре отырып, адам баласы үшін ең қасиетті сезім – ана жүрегінің лүпілі 
екенін, мұның әлемдегі баға жетпейтін әрі адал сезім екенін түсінікті түрде 
жеткізе білген. Ол қазақ әйелінің сабырлы болмысын, оның бойындағы 
жігерлілік қасиетін, қандай қиындық болмасын қасқайып, қарсы тұра алатын 
күш-қайратын ұтымды көріністерді паралельді құрастырма (монтаж) арқылы 
жеткізген. 
Еліміздегі кинематографияның қалыптасуы мен дамуына қазақ әдебиетінің 
көрнекті өкілдерінің зор үлес қосқандығы ұлттық кино тарихынан белгілі. 
Мысалы, М.Әуезов «Абай әндері», «Райхан»; Ә.Тәжібаев «Жамбыл», «Ол 
Шұғылада болған еді»; Ғ.Мүсірепов «Аманкелді», «Махаббат туралы поэма», 
«Жауынгер ұлы», «Қыз Жібек»; Ш.Құсайынов В.Абызовпен бірігіп «Қыз бен 
жігіт», «Біз осында тұрамыз», «Ертістің жабайы жағасында» кинофильмдеріне 
сценарий жазды. Сонымен бірге олар – тек қана сценарий жазумен шектелген 
жоқ, «Қазақфильм» киностудиясы жұмысының жаңғыруына да көп еңбектерін 
сіңірген тұлғалар. Аталмыш жазушы-драматургтердің қазақ топырағындағы 
кино өнерінің қарқынды дамуы жолында жасаған игі істерінің нәтижесінде 
ұлттық кино өнері этникалық үлгі ретінде де мағыналы дамуға үлкен қадамдар 
жасады. 
Өнердегі гнесологиялық мағына өзінің толық мәнін бір мезетте жалпы да, 
жалқы да, тікелей де, жанама да туындайтын экрандық бейнеден алады. Сәтті 
шыққан сондай бейненің бірі – Алдар көсе. Басты қаһарманның аты берілген 
фильмнің режиссері, қазақ кино өнеріндегі ең алғашқы режиссер – Шәкен 
Айманов. Отандық кино өнерінің хас шебері, режиссер, КСРО халық артисі 
Ш.Айманов қазақ аңыздарының ішіндегі өте танымал тұлға туралы кинофильм 
түсіруді қолға алғанда неғұрлым ұтымды эпизодтарды таңдаған. Фольклор 
тақырыбындағы халықтық фильм түсіруді көздеген режиссердің басты кейіпкер 
ретінде сол халықтың ішінен шыққан қу, қандай қиын жағдайда болмасын 
мойымайтын, тапқырлығымен, әзілімен, ақылдылығымен түрлі тығырықтан 


40 
сәтті шығып отыратын елдің сүйіктісіне айналған «көсе» Алдарды алуы тегін 
емес. Кейбір Орталық Азия (түркімен, өзбек, татар) халықтарына ортақ 
саналатын Алдар бейнесінің сөзге шешендігімен, ерекше көрегендік қасиетімен 
халыққа жақын тұратыны рас. Жалпы фольклордағы аталмыш кейіпкердің 
негізгі мақсаты – қарапайым ел мен жұрттың сөзін сөйлеп, олардың әлеуметтік 
мәселелерінің оң шешілуіне ықпал ету, байлардың сараңдығын әшкерелеу. 
Киношығармада Алдардың осындай көркемдік образы келісті суреттелген. 
Ш.Аймановтың өзі сомдаған Алдар көсе – мейірімді, ақылды, адал, жан 
дүниесі таза, ақкөңіл адам. Киноның тілімен айтқанда, режиссер әрі роль 
орындаушы экран алдында көркем бейне жасаудағы маңызды саналатын 
көрініс пен дыбысты шебер үйлестіре отырып, әділдікті ту еткен, туған халқына 
шын жанашыр жанның бейнесін нанымды жеткізеді. Кескіні, бет жүзі, 
мимикасы сайқымазақтыққа негізделсе де көрермен Ш.Аймановтың шебер 
ойынына сенеді, онымен бірге өмір сүреді. Алдар көсе бір жағынан – 
домбыраға қосылып, ән айта алатын әнші, яғни өнер адамы ретінде көрінсе, 
екінші жағынан онда Сламбек, Дүйсенбайлар сияқты мақтаншақтар мен 
өркөкірек, қуыс кеуделердің жүзіне шындықты қасқайып тұрып айтатын 
азаматтық қасиеттер басым. Жалпы қазақ халқының ауыз әдебиеті – бастауын 
ерте кездерден алған шығармашылықтың бір түрі. Ендеше әрбір жігіттің, әрбір 
ер-азаматтың бойында болуға тиісті суырыпсалмалық өнер – сол кезден-ақ бар 
салт. Бұл фильмде осындай импровизациялық өнердің де куәсі боламыз. 
Фильмдегі басқа әлеммен байланыс жасайтын, яғни «жындарға» немесе 
«қауіпті перілерге» қарсы күреске баратын «бақсы» бейнесіндегі Алдар – 
Ш.Айманов көріпкел де бола алады. Яғни, бұл кейіпкердің бойында өнердің 
бірнеше түрі тоғысқан.
Қоғамның 
руханилығы 
мәселесін 
қарастыру 
бүгінгі 
таңда 
кинематографияның алуан түрлі қатынастарымен байланысты болғандықтан ол 
сол кинематографиялық мәдениетті көркем үлгілеудің мүмкіндіктерін 
пайдалану үшін аса маңызды болып келеді. Кино көріністердің сауатты және 
сан алуан тәсілдерін пайдалана отырып, фильмнің көркемдік шешіміндегі, 
құрылымдық жүйесіндегі еркіндік, ракурсының дәлділігі, композициялық 
түйінінің болуы, жарықтың дұрыс әрі нақты берілуі, сәтті операторлық 
түсірілім және актердің шынайы ойынының экранда әдемі берілуі арқылы 
әсерлі фильм жасауға болады. Соның жарқын көрінісі ретінде «Алдар Көсе» 
фильміндегі қазақ театр және кино өнерінің көшбасшысы саналатын Елубай 
Өмірзақов жасаған бақсы бейнесін айта аламыз. Оның экран алдындағы қимыл-
әрекетін басталысымен-ақ әндетіп, бірте-бірте жылдамдата дөңгеленіп, шапшаң 
қимылдауы көрерменге фильмді қызыға көруге мүмкіндік берді. Алдар мен 
бақсының арасында өтетін бұл эпизодты көшпелі кезеңдерден пайда болған 
шамандық дәстүрдің көркемдік көрінісі дейміз. 
Қазақ киносындағы классикалық үлгілердің қазіргі заманауи фильмдерден 
басты айырмашылығы һәм артықшылығы ондағы салт-жоралғылардан бастап, 
рухани мәдениетімізге дейінгі 
ұлттық ерекшелеріміздің сала-салаға 
тарамдалмай, бір мазмұнға қызмет етуінде, біте қайнасып, біртұтастық 


41 
табуында жатыр. «Алдар көсені» осы айтылғандардың бір мысалы ретінде 
қарастыруға болады. Жанры тұрғысынан алғанда, отандық кинокомедия 
қарлығаштарының алғашқыларының қатарында аталатын бұл фильмнің 
мазмұнында философиялық драманың да жүгі бар. Киноның алғашқы 
көрінісінде-ақ басты кейіпкерлердің бірі – атасына сәлем беруге келген 
Қарашаштың: «Қараша тауды қар алғалы қанша жыл болды? Бұл таудың етегін 
қар шалғалы неше жыл болды? Бұл таудың басынан бұлақ аққалы қанша жыл 
болды?» деген сарындағы астарлы сауалдары қазақ халқының ықылым 
замандардан бері келе жатқан терең пәлсапалык мәні бар шешендік өнерінің 
классикалық үлгілерінің көрінісі болып табылады. Оның бергі жағында, 
фильмнің финалында соққыға жығылып, сол елдің қожасы Жаманбайдың 
жиналған жұртты күлдіре алсаң босатамын деген уәдесіне орай айтқан жан 
тебірентерлік монологы – Алдар көсе ел ойлағандай, қаңғып жүрген жәй 
сайқымазақ емес, оның мінезі мен іс-әрекетінен халықтың мұң-мұқтажын жете 
сезінетін, өзінің азамат ретінде ел алдындағы жауапкершілігін терең түйсінетін, 
елдің әр азаматының бар ауыртпашылығын жанына жақын қабылдайтын, бай-
манаптар мен кедей-кепшіктердің арасындағы әлеуметтік теңсіздіктерге қарсы 
қалт кетпес қарулары – асқан айлакерлігімен, уытты тілімен, ащы мысқылымен 
жанқиярлықпен күресіп жүрген ой-өрісі терең, рухы бай, парасатты азаматтың 
тұлғалық бейнесін бұлтартпай ашып тұр. Фильмде Алдардың мінезіндегі 
халықшылдық, отансүйгіштік, гуманистік-оптимистік сипаттар бояуының 
қанықтығына, өзінің жеке басының емес, керісінше кедей жұртшылықтың ар-
намысы үшін ерлікке, батырлыққа барғандығына куә боламыз. 
Ұлттық киноның басты құндылығы ондағы көрсетілген жоралғылардың 
санымен ғана емес, бірінші кезекте, құнарлы тілімен, мәнерлі сөзімен, сөйлеу 
мәдениетімен, артистердің ойын шеберлігімен өлшенсе керек-ті. «Алдар көсе» 
фильмі мұндай көркемдік талаптарды қалт жібермеген. Мысалы, өз еркінен тыс 
ұзатылып бара жатқан Қарашаштың «сыңсуын», Алдардың монологы мен 
астарлы сауалдарын, ауылын жау шапқан ақсақалдың «Ауылымызды жау 
шауып, қазан-ошағымызды ойран қылды. Бас сауғалап барамыз» деп таусыла 
сөйлеуін, сол сияқты осындай диалог-монологтарды роль орындаушылардың 
шебер әрі мағыналы астар бере жеткізуін, т.б. – сөз қадірін білетін әрбір 
қазақтың көңілінен шығатын ұлттық сөйлеу мәдениетінің үлгілері деп білеміз. 
Бұл тұрғыдан алғанда, қазіргі қазақ киноларының «Алдар көседен» үйренері 
көп. Себебі, заманауи ұлттық киноөндірісінде көптеп түсіріліп жатқан кинолар 
мен сериалдардағы сөздің ешқандай мәні мен мағынасының жоқтығы, 
актерлердің сөйлеу мәнерінде ешқандай эмоцияның болмауы, яғни сөздің 
ешқандай сезімсіз салқын орындалуы, нақты бір қоғамдық-әлеуметтік 
мәселелердің қамтылмай, жеңіл сюжет-оқиғаларға баса назар аударылуы, т.б. 
ойландырады. 
Негізінен сахнагерлердің, суреткерлердің, жалпы шығармашылық 
адамдарының кинокартиналардың көркемдік жағын іздестірудегі, өзекті 
мәселелерді шешудегі жетістіктеріне қажымас әрі тиянақты еңбектің 
нәтижесінде жететіні белгілі. Сондай тұлғаның бірі – Ш.Айманов та қазіргі 


42 
уақытта қазақ көрерменінің сүйікті фильмдеріне айналған классикалық көркем 
дүниелерді асқан режиссерлік көрегендікпен жасады. Олар: «Алдар Көсе», 
«Қыз бен жігіт», «Тақиялы періште», «Ән қанатында», т.б. белгілі 
кинокартиналарда көрініс тапты. Киноөнерінде екі маңызды компонент бар. 
Олар: ұтымды құрастырылым мен шебер актерлік ойын. Ш.Айманов 
фильмдеріндегі негізгі кейіпкерлерді сомдаған актерлер С.Қожамқұлов («Шоқ 
пен Шер», 1972; «Алдар Көсе», 1966; «Ән қанатында», 1964), Ә.Молдабеков 
(«Қыз Жібек», 1970; «Тоғызыншы ұлдан сақтан», 1984; «Қан мен тер», 1978), 
К.Кенжетаев («Біздің сүйікті дәрігер», 1957; «Қыз Жібек», 1970; «Гауһартас», 
1975), Ә.Өмірзақова («Ана туралы аңыз», 1963; «Тақиялы періште», 1968), т.б. 
актерлер парасатты, өмірге оптимизммен қарайтын адамдардың ролін орындап 
қана қойған жоқ, олар өздерінің қаһармандарымен бірге өмір сүрді, сөйтіп, 
ұлттық мәдениет пен руханиятқа адал қызмет етті. 
Неміс кинотанушысы Зигфрид Кракауэрдің: «Фильмы выполняют свое 
подлинное назначение тогда, когда в них запечатлена и раскрыта физическая 
реальность» [94, С. 15], – деген сөзі бар. Әрине бұл – шындық. Түсіру алаңында 
камера (яғни, оператор) өтіп жатқан оқиға барысындағы қолайлы сәтті ұтымды 
пайдаланып, қысқа уақытта көрінген көріністің де маңызын ашып бере алса, 
онда кино өнері өзінің функциясын орындаған болып табылады. Осындай 
шапшаң көріністерге толы экрандық шығарма – қазақ топырағында алғаш рет 
балалар туралы фильм түсірген режиссер Абдулла Қарсақбаевтың «Менің атым 
Қожа» картинасы. Мұнда режиссер балалармен және жасөспірімдермен тіл 
табысып, кейіпкерлердің мінезін, ауыл баласына тән таза да аңғал көңілдерін, 
қандай жағдайда да қысылып-қымтырылмайтын болмыстарын, ойламаған 
жерден шығаратын одағай істері мен қылықтарын шеберлікпен жеткізген. 
Фильмнің оқиғасы мен жекелеген көріністері ұтымды әрі нанымды жасалған. 
Мысалы, ерке болса да арманы биік, ауыл мектебінің үздік оқушысы Қожа атты 
жасөспірім қатарластарымен қалжыңдасып, ойына келген оспадар істерімен 
үнемі келеңсіздікке ұшырап жүреді. Бірақ оның жасаған әрбір теріс әрекеті 
оның бұзақылығынан емес, керісінше, аңғалдықтан, аңғырттықтан туындап 
жатады. Сондықтан оның әзілі мен қалжыңын өзі білетіндей ұғынатындар 
шамалы. Дегенмен сыныбындағы өзге оқушылар мен барлық мұғалімдер үшін 
«бұзақы» атанған балаға оның жан дүниесін, балалықтан туындаған шалалық 
деп түсінетін және Қожаның әкесін жақсы танитын ұстазы Оспан Рахманов 
ерекше сенім білдіреді. Кинода Қожаның ролін кескіндеген қала баласы Нұрлан 
Сегізбаев саф өнерімен көрерменін тәнті етті. Қожа – Н.Сегізбаев өзінің таза 
көңілімен, бірбеткейлігімен, тентектігімен бірге ғашық болуымен де, кей 
сәттерде сенгіштігімен де көпшілікті бірден баурап алады.
Әкесіз өскеніне қарамастан Қожада ер мінезділік қасиет бар, ол қандай 
күйге түссе де қапаланбайды, егілмейді, езілмейді. Фильм басталғаннан аяғына 
дейінгі аралықта біз баланың мінезін, сол мінездің әртүрлі жағдайда өзгеру 
үрдісін түрлі көріністер легі арқылы байқаймыз, оның қабілеттілігін, 
қайсарлығын және бірбеткейлігін көреміз. Кей сәттерде өзінің не істеп жүргені 
жөнінде терең ойланатын, өзіне-өзі күлетін кездері де бар. Қожа – Н.Сегізбаев 


43 
айналасындағылардың айтқан сөздері мен пікілеріне құлақ аспайды, өзін үлкен 
жігіт тәрізді сезініп, тезірек ерте ержетуге тырысады. Бейнекамераның әсерлі 
түсіруіндегі үйден жүгіріп шыққан Қожаның биікте тұрған құртты алу көрінісі 
сол уақыттағы жеткіншектердің балалық шағының барынша таза, албырт 
болғанын байқатады. Ал, мектепке қарай жүгірген Қожаның үйден шыға 
салысымен әжесінің кимешегіне бетін сүртетін сәті әжесін ерекше жақсы 
көретін баланың тірлігінен хабардар етеді. Мұны А.Қарсақбаев бала жүрегінің 
лүпілі секілді ырғақпен бірде алыс, бірде жақын көрініспен береді. Зағи 
Құрманбаеваның ойынындағы сол әже ұлынан қалған жалғыз тұяқты мейлінше 
адалдыққа баулуға тырыса отырып, оның кейбір еркелігіне де себепші болады. 
Немересін уақытында тамақтандырып, ұқыпты киінуін қадағалап отыратын да 
осы әжесі. Жалпы көркем шығармадағы әже мен немере арасындағы байланыс 
арқылы режиссер ұрпақ жалғастығына деген қазақ халқының ерекше құрметін 
жеткізеді. 
Ұрпақ жалғастығының өзіндік процесі жаңа буын мүшелерінің бойына өз 
халқының және барлық адамзаттың осыған дейінгі жақсы қасиеттерін сіңіріп, 
қоғамның рухани құндылығының жан-жақтылығы жаңа шарттармен байытып 
отыруға күш салады. Әлемдік деңгейдегі психологтар В.А.Крутецкий [95], 
Л.С.Выготский [96], А.Н.Леонтьев [97], С.Л.Рубинштейн [98], Д.Б.Эльконин 
[99], К.К.Платонов [100] және т.б. баланың адамгершілік болмысы оны 
қоршаған ортаның, адамдардың ара қатынасы арқылы қалыптасады деген ой 
қалдырады. Бала мейірімділік пен сыйластық, адамдардың бірін-бірі түсінуі әрі 
бір-бірінің пікірімен санасу бар жерде және сол адамдардың біріне-бірі қол 
ұшын созатын, көмек бере алатын жағдайында еркін әрі ақылды болып өседі. 
Мұны О.П.Терехованың: «В среднем и старшем школьном возрасте, как 
доказывают исследователи, у подростков происходит усвоение общественных 
норм, осознанно проявляются такие нравственные качества, как чуткость, 
сочувствие, отзывчивость, милосердие, забота, дружба» [56], – деген сөздерінен 
байқауға болады.
«Менің атым Қожада» бала тәрбиесіне қойылатын осындай 
талаптар бар. Яғни, Дж.Кракауэрдің пікірі бойынша, экранның бар мүмкіндігін 
пайдаланып, еркін түрде көрсетуге болатын көріністер жеткілікті.
Шығарманың материалы автордың шынайы көңіл бөлген әрі сол оқиға 
туралы қызықты әңгімелеп, суреттеу үшін жан-жақты зерттеген тұрмыстық 
шындықтан алынған. Балаларға арналғанына қарамастан бұл картинада 
шарықтау шегінің тетігі болатын махаббат үштігі бар. Олар: Қожа, Жанар, 
Жантас. Фильмдегі негізгі шиеленіс бір мектепте, бір сыныпта оқитын осы 
Қожа мен Жантастың арасында болады. Қожаның оны ұнатпайтын себебі, өзі 
сияқты ол да Жанарға ғашық. Жантас дөрекілік жасап, Қожаны Жанардың 
алдында төмендеткісі келгенімен, бірақ ол ойы жүзеге аспай, керісінше өзіне 
таяқ болып тиеді. Сөйтіп, өзі ыңғайсыз, орынсыз жағдайларға қалып жатады. 
Мәселен, бір эпизодта барлық балалар дем алу үшін үзіліске шыққанда 
Жанармен оңаша қалған Жантас оған суреті бар кітапты көрсетіп, онда 
жазылған оқиға туралы қызықты әңгіме айтып жатады. Сол сәтте қалтасынан 
айырсадақты (рогатка) суырып алған Қожа шиыршықталып, сияға малынған 


44 
қағаздан «оқ» жасайды да оған атып қалады. Ал, сияға батырылған «оқ» 
Жантастың бетіне барып тиеді. Сөйтіп, Қожа қарсыласын «жеңеді». Алайда ол 
осы теріс қылығының бір ұшы Жанарға тиетінін білген жоқ. Пионер галстугі 
сия болған Жанар Жантасқа қосылып, жылап қоя береді. Дегенмен Қожаның 
тапқырлығы, «кек алу» жолындағы қолданған әдісі сыныптасынан басым түсіп 
отыр әрі бұл көрініс ауыл баласының типтік бейнесін де беріп тұр. Жалпы 
кинокартиның психологиялық жағынан маңызды тұсы фильм балалар үшін 
түсірілген және балалар арасындағы арақатынас туралы. Бірақ шығармадағы 
сюжет тізбегі үлкендер үшін де жасалған деуге негіз бар. Себебі, бүгінгі бала – 
болашақ үлкен азамат, қоғам иесі. Демек, көркем шығармадағы оқиға-
көріністер – өмірге кірпіш болып қаланып, өзі өмір сүріп отырған қоғамның 
тұтқасын ұстаған әрбір азаматтың бала кезде басынан кешкендері. 
Фильмдегі тағы бір қызықты әрі маңызды эпизодтың бірі – Қожа мен 
Сұлтанның шопандар тойының нағыз қызған шағына келуі. Аппақ киіз үйлер 
тігіліп, алтыбақан, бәйге, көкпар тәрізді ұлттық ойындар ойналып жатқан 
жайлаудың көркі керемет әсерде көрініс тапқан. Режиссер, ұстаз Александр 
Мазаевтың: «Праздновать – значит свободно общаться и коллективно 
переживать идеальные устремления, которые на время как бы стали 
реальностью, а следовательно, ощущать полноту жизни индивидуальной и 
коллективной, пребывающей в состоянии гармонии с собой и окружающим 
социальным и природным миром» [101, С. 11], – деген пікіріне сүйенетін 
болсақ, «Менің атым Қожа» фильміндегі жайлауында өтіп жатқан мерекедегі 
ұлттық шаралардың халықтық негізін тануға болады. 
Негізінен 
экран 
арқылы 
бедерленуі 
өзгеше, 
бояуы 
қанық 
кинематографиялық нысандар болады. Мәселен, ат жарыс, қыз қуу, күрес, 
алтыбақан, әсем тербелген қайыңдар, сылдырлап аққан бұлақтар, айтыс өнері 
мен би түрлері, т.б. кино тілінде жанды суреттеледі және мұның тарих пен 
дәстүрді насихаттаудағы маңызы зор. Аталмыш кинода осындай ойындар мен 
дәсүрлердің көрініс табуынан А.Қарсақбаевтың бала психологиясы мен оның 
тәрбиесіне оң әсерін тигізетін ұлттық нақышты сипаттайтын көркем туынды 
жасаудағы тапқырлығын танимыз. Шығармада Сұлтанның үгіттеуімен күреске 
түсіп, қайсысы жеңілсе де сыйлықты бөліп алуға келісуі, қанша қарсы болса да 
Қожаның келіспеске амалының қалмауы, сол сияқты тойға келген 
сауыншылардың (бұл топтың ішінде Қожаның анасы да бар) арасынан әйелдің 
Қожаны танып қоюы, сол сәтте айранын ішіп, барлық тамағын тауысып кеткен 
киіз үй иесінің бұларды ұрыға теңеуі, Сұлтанның қашып кетіп, ұсталып қалған 
Қожаның барлық кінәні өз мойнына алуы – бір қарағанда қызықты әрі күлкілі 
көріністер. Алайда бұл бала Қожаның сатқындықпен алғаш кездесуі еді. 
Кинодағы ғажап дүниелерімен бірге режиссер А.Қарсақбаев барлық 
кейіпкерлер мен бас кейіпкер – баланың болмысы арқылы қазақ ұлтына тән 
шынайылық, аңғалдық, тазалық, әділдік, адалдық, танымдық, қабілеттілік, 
жанашырлық, ержүректілік сынды қасиеттерді нанымды жеткізе білген. 
Осындай ізгі қасиеттерді бір Қожаның бойынан кездестіруге болады. Аталмыш 
шығарма жөніндегі К.Смайыловтың сөзімен айтсақ: ««Менің атым Қожа» – 


45 
қазақ балалар киносының таңдаулы туындысы деп айтамыз. Оның басты 
қасиеті – кішкентай кейіпкерлердің табиғи мінездері мен әрекеттерін шынайы 
көрсеткені. Әлем балалар әдебиетіндегі Том Сойердің бейнесін осы фильмнің 
басты кейіпкері – Қожаның мінез-қылықтарынан тек қазақша болмыспен 
көреміз. Ол небір жоқ нәрсені ойлап таба беретін, өзін еркін ұстайтын батыл да 
қиялшыл бала. Б.Соқпақбаевтың тамаша повесінде оның характері осылай 
берілген» [14, 28 б.].
Жалпы бойында бала психологиясына тән балалық, шалалық, тапқырлық, 
гуманизм бар, сол сияқты ұлттық фольклор, оның ішінде қазақ халқына тән 
мінездік ерекшелік және сол кезеңде кеңестік құрылымның құрамында тәуелді 
өмір сүргенімен ұлттық салт-дәстүр қаймағының бұзылмай сипатталуы басым 
атамыш фильмнің көркемдік деңгейі режиссерлік шешім, операторлық 
түсірілім, актерлік ансамбльдің шебер ойыны жағынан биік тұр. Осындай 
тәрбиелік мәні зор көркем туындымен өскен әрбір ұрпақтың бойында 
отансүйгіштік, адалдық қасиеттердің орын алатыны ақиқат. Режиссер Абдолла 
Қарсақбаевтың да қазақ әдебиетінің алыбы, балалар пихологиясына жетік
Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін қолға алудағы негізгі 
мақсатының бірі осы болды және сол мақсат орындалды да. 
Жалпы зерттеуге алынған «Аманкелді», «Жамбыл», «Ана туралы аңыз», 
«Алдар көсе», «Менің атым Қожа» фильмдері ең алдымен ұлттық дәстүр 
ерекшелігін ашып көрсетуімен құнды саналады. Барлығы дерлік кеңестік 
кезеңнің қоғамдық-психологиялық тұрғыдан қысымға жол берген тұсында 
жарыққа шыққанымен бұлардың бойында қазақ халқына ғана тән бояулар мол. 
Мәселен, халық батырының сом тұлғасы суреттелген «Аманкелдідегі» 
көкпардың көрінісінде, ақындық пен жыршылықты бойына жиған жыр 
алыбының бейнесі кескінделген «Жамбылдағы» айтыс пен суырыпсалмалық 
өнерде, фашизмге қарсы күрескен қиын-қыстау кезеңде адамдық болмысынан 
ажырамаған ананың биік болмысы көрінген «Ана туралы аңыздағы» ұлттық 
лиро-эпостық жырларда суреттелететін ержүрек, батыл әйелдердің типтік 
бейнесінде, тапқыр әрі кедейлер жанашырының әлеуметтік бейнесі жасалған 
«Алдар көседегі» бір бойында бірнеше қасиеті мен өнері бар, әділдікті ту еткен 
қудың халықшыл кескінінде, ана мен әже тәрбиесінде өскен баланың 
бойындағы аңғалдықты, албырттықты білдіретін «Менің атым Қожадағы» 
алтыбақан, бәйге, қазақша күрес, т.б. сияқты ұлттық ойындарда ұлттық 
фольклордың негізі бар. Мұның кеңестік уақыттың өзіндік саяси 
ұстанымдарынан тыс жасалған, сценарий авторлары мен режиссерлердің 
ұлттық көзқарасынан туындаған тәсілдер мен шешімдер екендігіне ешкім дау 
туғыза алмайды. Жалпы аталмыш картиналардың барлығы да әртүрлі 
мінездерді көрсете отырып, ұлтқа тән болмысты, қазақ халқының ертеден 
қалыптасқан салты мен ғұрпын насихаттауды да назардан тыс қалдырған жоқ. 
Сондықтан қазақ кинематографиясының алтын қорына кіретін мұндай 
туындылардың рухани құндылығы жоғары деп айта аламыз. Сол сияқты ұлттық 
классикалық туындылар арқылы дәстүр мен салттағы ерекшеліктерге әртүрлі 


46 
бағытта, әртүрлі жанрда үнемі назар аударып отырса, оның өміршеңдігінің арта 
түсері хақ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет