48
2
ҚАЗАҚ
КЕҢЕСТІК
КИНО
ӨНЕРІНДЕГІ
ҰЛТТЫҚ
ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ КӨРІНІСІ
2.1. Ұлттық құндылықтардың экрандалуындағы эстетикалық
ерекшеліктер
Қазақстанда кино өнері пайда болған алғашқы жылдары қазақтың ұлттық
кинематографиясы бірден дами қойған жоқ. Себебі, елімізде кино
мамандарының тапшылығы және бұл өнерді жасайтын құрал-жабдықтардың
саны жағынан кемшін болуы аталмыш өнердің қаз тұруына кедергі келтірді.
Дегенмен Ресей, Украина, Белоруссия сынды сол кездегі одақтас елдер
кинематографиясының қазақ киносының дамуы мен қалыптасуына ықпалы зор
болды. Сол уақыттың идеологиясына сәйкес кино өнері де коммунистік
құрылысты насихаттап, кеңестік тұлғаларды қалыптастыруды көздеді.
Көптеген деректерде келтірілгендей, кеңес дәуіріндегі фильмдердің барлығы
дерлік елде коммунизм құру саясатын ұстанып, еңбек ерлерін дәріптеуді
алдыңғы кезекке қойды, көркемфильмдер идеясының басым бөлігі сол
тақырыпқа арналды. Өз Отанының патриоттары бейнесіндегі кейіпкерлер
көбінде октябряттар, пионерлер, комсомолдар, коммунистер, сол сияқты
Азамат, Ұлы Отан соғысының батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері және т.б.
болды. Кинотанушы, өнертану кандидаты
Гүлнар Әбікееваның пікірінше:
«Основным показателем социальных изменений в обществе является в
кинематографе образ главного героя. Он – носитель культурной идентичности
и социальной активности. В советскую эпоху он носитель официальной
идеологии» [102]. Сондай кейіпкерлері бар қазақ киносы ретінде
Ш.Аймановтың «Қазақфильм» киностудиясында 1968 жылы түсірілген
«Тақиялы періште» музыкалық комедиясын атап көрсете аламыз. Рольдерде
Әмина Өмірзақова, Әлімғазы Райымбеков, Шолпан Алтайбаева, Раиса Лунева,
Әубәкір Исмаилов, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова сынды белгілі
өнерпааздар мен әншілер ойнады.
Бұл фильмде еңселі, сом денелі, жұмсақ мінезді, мейірімді жағрапия
пәнінің мұғалімі Тайлақтың бейнесінен қазақ жігітіне тән батырлық,
ержүректілік сияқты қасиеттермен бірге ұяңдық пен жігерсіздікті де көреміз.
Ш.Айманов фильм жанрының табиғатын ашу мақсатында басты кейіпкерді
Тайлақ деп атапты. Режиссер осы орта жасқа келіп қалған жігіттің шынайы
болмысын ашу үшін оның күлкілі қимыл-әрекеттерімен бірге қарама-қарсы
отырған анасының ренішті күйін параллельді монтаж тәсілімен жеткізе білген.
Шығармадағы оқиға желісі кейбір шығыс елдерінің дәстүрі бойынша анасының
баласына қалыңдық тандап беруіне құрылған. Сол жолда Тана апа небір
психологиялық қиын сәттер мен қызықты оқиғаларды бастан кешеді. Әрине
адам баласының бақытты болуы жолындағы қиындық бірден нәтиже бермесі
анық әрі өмірдің қызығынан гөрі қиындығын көп көрген анаға қыздардың бірі
ұнаса, енді бірін қабылдау мүлдем қиын. Алайда Тайлақ анасының көңіліне
жақпаса да өзі ұнататын Айшаны жақсы көреді. Тана апаның ол қызды
49
қабылдай алмайтын, өзі ғана білетін ішкі сыры мен себебі бар. Осы арқылы
режиссер шиеленісті күшейте түседі. Әрине мұндай көріністердің көрерменді
баурап алатыны сөзсіз әрі мұндай әрекеттер мен қайшылықтардың кімді
болмасын қызықтырып, алдағы болатын оқиғаға ынтықтыра түсетіні белгілі.
Бұл жерде Ш.Аймановтың көрермен жұртшылықтың психологиясын тани білу
қасиеті байқалып тұр.
Фильмде «періштеге» тұрмысқа шыққысы келіп, әрекет жасап
жүргендердің бірі – сыра сатушы, қитұрқы әйел Алтыншаш. Негізінен кеңестік
кезең тұсында, яғни 1960 жылдары мұндай жеңіл жүрісті, шылым мен
ішімдікке құмар қыздар мен әйелдерді кино арқылы көрсетуге тыйым
салынған. Жоғарыда атап өткеніміздей, сол кездің идеологиясы бойынша
адамдардың барлығы білімді, еңбеккер, партияшыл, коммунист болуы керек.
Өнердің барлық түрінде осындай тұлғаларды дәріптеу, насихаттау орын алды.
Ал, фильмдегі Алтыншаштың бейнесі мұндай идеологияға мүлдем сәйкес
келмейді. Демек, бұл Ш.Аймановтың батылдығын көрсетеді. Ұзақ әрі
қиындығы мол қалыңдық іздеуден ештеңе шығара алмаған ана фильмнің
шарықтау шегінде ақыры баласын ұнатқан қызды келін етуге бел байлайды.
Бұл жан дүниесі таза, аналық мейірімі мол Тана апаның жалғыз ұлының
бақытты болуы үшін өткенді жүрек түкпіріне жасыруға тиіс екендігін
түсінгеннен кейінгі шешімі еді.
Жалпы ананың, оның ішіндегі қазақ әйелінің биік болмысы мен таза
бейнесін суреттеуге арналған көркем шығарманың құрылымында қазақтың
ұлттық менталитеті мен мінезіне лайықты бояулар көптеп кездеседі. Әсіресе, ең
алдымен көзге түсетіні – Тайлақтың басындағы қазақ оюларымен көмкерілген
тақия, ананың қамзолы мен жаулығы, оның ата дәстүрді берік ұстанған
принципі, т.б. Фильм бастан-аяқ күлкі тудырумен бірге адам өміріндегі мұңды,
мінездері тоғыспайтын адамдардың бойындағы өзгеше қырларды, ана мен бала
арасындағы риясыз қарым-қатынасты және адам бойындағы, тұрмысындағы
ұлттық құндылықтарды көрсетуімен ерекше бағалы.
Кеңестік кезеңнің кейбір дара ұлыстардың ұлттық ұстанымдарына сәйкес
келмейтін өрескел саясаты белең алып тұрған шағында режиссер Ш.Айманов
өзінің «Тақиялы періште» фильмінде құдаласу салтын ашып көрсетпесе де
қазақ халқының дәстүрінде бар қалыңдық таңдау үрдісін астарлап жеткізеді.
Кинематографияның қоғамның рухани дамуындағы орнының маңызын
сипаттай отырып, оның мәдениеттегі ролінің сан қырлылығын танимыз.
Мұндағы аса маңыздысы және өте қажеттісі орындаушылар сомдаған
кейіпкерлер, олардың сценарий жоспарындағы әрекеттері мен өзара қарым-
қатынасы болып табылады. Осыдан кейін ғана әртүрлі мінез-құлықтар
айқындалып, тұлға мен қоғамның руханилығы тұрғысында қарастырылатын
лирика, поэтика, дәстүрлік, батырлық, тарихилық сынды көркем үлгілер көрініс
табады. Кинематография қоғамдық сананың маңызды элементі ретінде сол
қоғамдық тұрмыстық табиғатына қарай тиімді немесе жасанды болып та
көрінеді. Әрине «ойды экрандау» жолдары әртүрлі болуы мүмкін, оның ішінде
сол ойды сипаттау үшін түсірілген оқиғаны беру тәсілі де әр режиссердің өз
50
шеберлігіне сай құрастырылады. Сондай көркемфильмнің бірі – соғыстан
кейінгі ауыртпалық, сталиндік қиын жылдардың тұрмысы суреттелетін
«Көзімнің қарасы». Мұның режиссері – қазақ кино өнерінде өзіндік орны бар,
шығармашылық ізденісі айқын, белгілі өнер қайраткері Сатыпалды
Нарымбетов.
Фильм бір қарағанда, қарабайыр әрі қызықсыз көрінуі мүмкін. Сталиндік
зұлмат уақыттағы ащы шындық, яғни бала Ескеннің кішкене қазақ ауылындағы
бейбастақтықты өз көзімен көріп қалуы суреттелетін шығарма баланың сол
ауыр кезеңнің тұрмысын еске алуын ірі көрініс арқылы көрсетумен басталады.
Бірте-бірте камера айналып, орта көріністерге көшеді. Одан әрі он жастағы
Ескеннің әрбір қоңырау сайын анасының омырау сүтін аңсап, үйіне қарай бет
ала жүгіргені беріледі. Алайда өсіп кеткен ұлы үшін ұялатын анасы оны жұрт
көзінен тығып емізеді, ал, ерке, шолжаң болып өскен Ескен болса ештеңені
тыңдамайды, тыңдағысы келмейді де. Анасына жүгіріп бара жатып өткен-
кеткендерден уақыт сұрайды, бірақ қажетті жауабын ала алмай әрі қарай жүгіре
береді. Жолда еврей ұлтының баласы Юра Маминмен кездесіп қалып, қатты
таңырқаған оны «Қазақтың ауылында бұл қайдан жүр?» деген сұрақ мазалайды.
Ал, олар сталиндік репрессия кезінде «халық жауы» атанып, қазақ жеріне жер
аударылған бейкүнә адамдар болатын. Мұндай отбасылар ол кезде қазақ
ауылдарында көптеп кездесетін.
Қай халықтың болмасын өзіне тән белгілі діліне (менталитетіне) сәйкес
қоғамдық қызметінде өзінің моралдық үрдісі, өзінің рухани-адамгершілік
мәдениеті, өзінің тұрмыстық өмір салты болады. Олардың барлығы ұзақ уақыт
бойы жинақталған әрі халық өмірін жақсартатын дәстүр мен салтқа толы
келеді. Осы тұста Г.Әбікееваның: «Процесс самоидентификации нации и
восстановления целостного национального образа мира начинается с
реконструкции устойчивых положительных образов» [13, 47 б], – деген пікіріне
сүйенсек, қазақтың әрбір буын өкілінің тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін
С.Нарымбетовтың бұл фильмінде қазақи болмыс салт пен жоралғылардың
негізіне құрылған көптеген эпизодтар бар. Өзінің төмен әлеуметтік тұрмысына
қарамастан тағдырдың жазуымен бөтен елді паналауға мәжбүр болған Юраның
отбасына мейірімділік, кеңшілік көрсету тек қазақ халқының табиғатында бар.
Яғни, қонақжайлық – қазаққа ежелден салт болып қалыптасқан өзгеше қасиет.
Бұл туралы С.Қасқабасов [15], Г.Омарова [86], С.Нұрмұратов [3], Қ.Нұрланова
[69], т.б. ғалымдардың зерттеулері мен ғылыми мақалаларында кең түрде
айтылған. Олардың барлығы да қазақ мінезіне тән осы қонақжайлықтың өзі
үлкен мәдениет екендігін атап өткен. Сонымен бірге дала жұртының тұрмыс-
тіршілігінің өзі қонақ күтуге де, кәде жасауға да ыңғайлы. Мәселен, көшпелі
қазақ жұртының киіз үйінің оң жағы ертеден келе жатқан салт бойынша бос
қалдырылатын, яғни бұл – сәлемдесе келген немесе ұзақ жолдан ат терлетіп
келген қонақтардың орны. Үйдің ортасындағы үш аяқты темір ошаққа қазан
асылып, төрге төселген текеметтің, кілемнің үстіне айнала көрпеше салынып,
ортаға дастархан жайылатын. Қазақтың дәстүр-салтын тереңнен зерттеген
ғалым, қоғам қайраткері, этнограф, публицист Өзбекәлі Жәнібеков өз
51
зерттеуінде: «Жаз айларында, әсіресе аса қадірлі қонақ күтетін сәтте, үйдің
ортасына жайылған алаша, кілем, текеметтердің үстіне жозы қойылып, айнала
төселген көрпешеге қонақтардың жайғасып отыруына ыңғайластырылған
төсеніш ретінде әр жерден ішіне жүн, қыл салып, арнайы тоқылған кілем
жолағымен немесе мәуітімен тысталған жер жастықтар тасталған. Дәм жозыға
жайылған дастархан үстіне берілетін. Сонау замандардан ата-бабамыздан келе
жатқан салт-дәстүрді қазақ халқы бүгін де жалғастыруда. Жол-жоралғыларды
былай қойғанда халық қонақжайлылығын жоймай, қайта жетілдіріп келеді»
[103, 63 б.], – дейді. Расында да ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан
қонақжайлылық қасиеттің өзі әрбір буын ұрпақ үшін рухани қазына, атадан-
балаға аманат ретінде өзінің өміршеңдігін жойған жоқ. Осындай ұлттық
нақышты бедерлейтін көріністерді, туысқандық пен бауырмалдықты бойына
сіңірген қазақ халқының философиялық ұстанымын бұл фильмнен байқау қиын
емес.
Сол сияқты кинодағы эпизодтарды: шаш ал десе, бас алатын НКВД
адамдарының жапондықтардың Ескеннің ата-анасының үйіне келетінін естіп
алып: «қай кезден бастап олар көршісіне жиі келетін болды?» деп сұрақтың
астына алуын, балалардың бір баланың электрик әкесінің жеңіл жүрісті
әйелмен көңілдестігін көріп қалуын, өзі тектес балалармен бірге бағананың
басына шығып, ауыл клубындағы өздеріне кіруге рұқсат етілмеген бір
фильмнің эпизодын көріп қалуға тырысуын, т.б. шебер көрсеткен режиссер
аталмыш шығармадағы түрлі ортада өскен адамдардың тағдыр тоғысын,
әртүрлі буын өкілдерінің өзара қарым-қатынасын, олардың әлеуметтік ортасын,
сонымен бірге қазақ жеріндегі қоғамдық ауыр атмосфераны сауатты жасай
алған.
Жалпы адамның ойы өнердегі түпкі мәселелерді ауқымды зерттемелер
арқылы тануды, көркем бейнені соншалықты өзгеріске түсірмеуді талап етеді.
Ал, идея автордың өзінің адамгершілік көзқарасын білдіретін шығарманың
негізгі ойы. Ол материалды терең зерттеуге жетелейді. Яғни, автор
көзқарасының осы немесе өзге бір өмірлік дерекке сүйенген адамгершілік пен
этикалық үдерістерінің шындыққа деген квинтэссенциясы (тұтастығы) болып
табылады. Идея авторға бағынышты, оның ойы, зиялылығы, адамгершілік
пиғылы, психикалық болмысы, өзге құмарлықтары басқа да тұлғалық
қасиеттеріне тәуелді. Бұл ой тарихшы, ғалымдар В.Литвиненко мен
О.Назарованың: «Реализм как высшая форма отношения искусства к
действительности неисчерпаем, и поиски, которые ведут авторы в этот период,
идут в рамках реализма. Это «движение» внутри реализма» [104, С. 405], –
деген тұжырымына саяды. Сол сияқты С.Нарымбетовтің фильмі де өткен
ғасырдың 1950 жылдарындағы кезең көрінісінің толық сипаттамасы саналады.
Бұл шығармада өскелең ұрпақ тәрбиесіне қатысты ой, яғни қоғамға қызмет
ететін адал адам тәрбиелеу идеясы бар және мұны қазақ халқы өмір сүрген
кеңестік уақыттың ащы шындығына сапар деуге де негіз бар.
Белгілі бір этностың мәдениетіне зерттемені сол қоғамның бір саяси
құрылымнан екіншісіне өткен кезінде жүргізген тиімді. Сол сияқты аталмыш
52
халық мәдениетінің белгілі аспектілерінің қайнар көздерін саралау ежелден
келе жатқан рухани-адамгершілік өмірінің байқалмаған тұстарын толықтыруға
мүмкіндік береді және бүгінгі күнде маңыз алып отырған этникалық
құндылықтарды сақтау мен жаһандық тұрғыдан дамытуды жоспарлауды жүзеге
асырады. Әрбір халықтың ұлттық мінезіндегі өзіндік ерекшелік, табиғи
болмысындағы өзгешелік, ұстанымдары мен өмір сүру канондары бір-біріне
ұқсамайды және сол ұқсамайтындығымен де маңызды. Сондай өзгеден
айшықталып тұратын ұлттық бояуды барынша әсерлеп насихаттау үрдісі
мәдениеттің барлық салаларында көрініс тапқан. Соның бірі – әрине кино өнері.
Ал, сценарист, продюсер, режиссер Болат Мансұровтың «Құлагер»
кинокартинасында басты кейіпкер, елінің жоғын жоқтап, мұңын жырлаған
Ақан сері бейнесі алғаш экранға шықты. Бұл фильм қазақ халқының сана-
сезімінің оянғанын, сол уақыттағы кеңес үкіметіне сатылған, қарапайым елді
қанаған екіжүзді бай-манаптар мен би-болыстардың шынайы бейнесін нақты
деректер арқылы көрсеткені үшін көптеген жылдар бойы көрермен назарына
ұсынылмай, экранға шықпай қалды. Яғни, репрессияға ұшыраған деуге әбден
болады. Дегенмен қанша тыйым салынғанымен қазақ кинокартиналарының
этнокейіпкерлері жарыққа шығып, даналық, сабырлылық, шешендік сияқты
қасиеттерді көрсете алды.
Режиссер Толомуш Өкеевтің 1973 жылы түсірген «Көксерек»
кинокартинасы көркем шығарманы экрандау кезіндегі қазақ халқының
фольклорлық дәстүрін өзінше қайта түрлендірген туынды саналады. Бұл фильм
адамгершілікті-этикалық, тұрмыстық-қоғамдық қақтығыстарға құрылған.
Қайшылыққа толы кинокартина адам мен табиғаттың байланысын, нақтырақ
айтсақ, түз тағысының сом бейнесін суреттейді. Мұндағы адам мен қасқырдың
драмалық қарым-қатынасынан қасқырдың еркіндікті сүйетіні, тек қана даланы
мекендейтін тағылық болмысын тану қиын емес.
Жалпы әдеби шығарманы экрандаудың өзіндік жолдары мен ережелері
бар. Шығармадағы әрбір нәзік иірімдерді, адам психологиясының астарын,
оның күйзелісі мен толқынысын, табиғаттың тылсым күшін, т.б. шынайы
суреттеу режиссерден үлкен қажырлылықты, сезімталдықты, көрегендікті
қажет етеді. Ол теория мен тәжірибені қатар ұштастырып, жанды дүние
тудыруы тиіс. Яғни, қоюшы-режиссер кино жанрының мүмкіндігін кеңінен
қолдана отырып, әдебиетті үлкен өнерге сауатты түрде айналдыруы керек. Осы
қағиданы қалт жібермеген Т.Өкеев те әдеби шығарма мен экрандаудың
арасында айырмашылықтың болатынына баса назар аударыпты. Режиссерлік
шешімде М.Әуезовтің шығармасындағы ойды тікелей экранға көшіре
салмағаны және әдеби шығарманы киноға айналдыруда қазақ халқының
фольклорлық дәстүріне мән бергені сезіледі. Жазушы сұр күшіктің туғанынан
бастап соңғы ауыл иті Аққасқамен айқасына дейінгі драмалық өмірін баяндаса,
фильм режиссері қасқыр мен оны қоршаған адамдар қатынасындағы қарама-
қайшылықты көрсеткен. Бас кейіпкерлер – Ақанқұл мен бала Құрмаш.
Фильмнің тұла бойында түз тағысына деген олардың қайшылықты қатынастары
жіпке тізгендей баяндалады.
53
Режиссер ойының көрерменге нақты әрі нанымды жетуі үшін актерлік
ансамбльдің орны ерекше. Мықты өнерпаздардың көркемдік құндылығы
жоғары дүние жасайтыны да белгілі. Осындай үрдісті ұстанған Т.Өкеев ең
бастысы роль орындаушыларға, олардың талантына баса назар аударды.
Ақанқұлдың роліндегі КСРО халық артисі, Қырғызстан Республикасының
халық артисі Сүйменқұл Чокморовтың шеберлігі кезінде кино сыншыларының
зерттеу нысанына айналды. Соның ішіндегі қырғыз кинотанушысы Гульбара
Толомушованың зерттеуінде: «Актер Сүйменқұл Чокморовқа ерекше грим
салынған: ақкірген шоқша сақалы, желден тотыққан қалың, тікенді бет терісі,
сықсиған суық көздері. Фильм түсірушілер Ақанқұлдың ішкі дүниесіндегі
қасқырмен ұқсастығын ғана емес, сыртқы да пішінін келтіруге тырысқан»
[105], – деп жазылған. Жалпы актердің түр-тұлғасы, мінез-болмысы қатал
кейіпкердің кескінімен үндес келген.
Сол сияқты Т.Өкеев психологиясы терең, қуанышты сәттерінен гөрі
күйзелісі басым, тұйық мінезді, экран алдында сомдалуы аса күрделі он жасар
Құрмашты кескіндейтін Қамбар Уәлиевті таңдауда да қателеспепті. Жас
артистің аса қиын саналатын эмоционалдық өтпелерді шебер жасап шыққаны
сонша мұндай күрделі бейненің толық драматизмін беру оның қатарластары
үшін дәл сол жаста өте қиын болар еді. Ал, Қ.Уәлиев болса С.Чокморовпен
артистік тартыста тік тұрып әрі жеңіске жетті. Екі орындаушы да бірін-бірі
толықтырып, экрандық ғұмыры ұзақ дүние тудырған.
Осы «Көксерек» фильмінің әсерлі сәттері туралы К.Смайылов: «Фильмде
қызық та ғажап оқиғалар, көріністер көп. Құрмаштың қойларымен бірге тау
арасындағы қорада түнейтін оқиғасын алайықшы. Қасқырдың қойға қалай
шабатынын талай естіп жүрсек те көзбен көруіміз осы болар. Көздері отпен
шағылысып, жарқырай жанған қасқырлар баланың көзін ала, тіпті кейін оны
елеместен қойларды бас салып, жайрата бастайды. ...Осы фильмде қолда
өсірілген қыран бүркіт қызыл түлкіге аспаннан сорғалай құйылып, бүріп
түседі... Мұны түсіру үшін де түсіру тобы көп бейнет шегіп, ұзақ шыдап бағуға
тура келді. Ақыры, экранда алғаш рет бүркіттің түлкі алғаны көрінді» [14, 59
б.], – деп еске алады. Демек, қазақтың аңшылық дәстүрі де аталмыш фильмнің
ұлттық сипатын тереңдетуге негіз бола алған.
Жалпы «Көксерек» фильмін аң мен адам арасындағы байланысты, адам
мінезіндегі көзге байқала бермес бұлқыныстарды, әлеуметтік ортаның
қайшылықтарын көрсете отырып, ұлттық салт пен сананың өміршеңдігін
меңзеген көркем туынды деп айта аламыз.
Ұлттық салт пен жоралғыларды әсемдеп, көркемдеп көрсеткен сондай
картинаның бірі – есімі барлық қазаққа мәшһүр Сұлтан Ходжиковтың «Қыз
Жібегі». Мұнда әсіресе, қыз бен жігіттің арасындағы нәзік қатынас, үйлену
тойына қатысты жоралғылар мен ырымдар мейлінше жоғары деңгейде
көрсетілген. Шығармадағы халықтық сарын туралы Г.Әбікеева: «В фильме
Кыз-Жибек после длительного промежутка времени (40, 50, 60-е годы), когда в
кино звучала какая угодно, но не казахская музыка, здесь зазвучали домбра,
кобыз другие национальные и музыкальные инструменты, а так же народные
54
песни, близкие душе каждого казаха. Образ Кыз-Жибек в исполнении
замечательной актрисы Меруерт Утекешевой на долгие годы стал идеальным
женским образом в кино Казахстана: символом женственности, красоты,
отваги, справедливости и жертвенной любви. Каждый народ в ходе своей
истории создает такие образы носители национального духа и национального
характера» [13, С. 77], – деп жазған. XVI ғасырдағы көшпелі халықтың мәдени
тұрмысын әсем бояулармен айшықтап берген лирикалық кинокартина
көрерменнің ерекше қошаметіне бөленді.
Осы фильмнен де қазақтың кең пейілін, дарқан көңілін байқауға болады
әрі аспанмен астасқан әсем таулардың, сарқырап аққан өзендер мен тап-таза,
айдын көлдердің кескіні экранда шығарманың идеясына, мазмұнына қарай
суреттелген. Ауыл-ауылдың үнемі ауысып отыратын мекен-жайлары (қыстау,
жайлау) кімді болмасын табиғаттың таңғажайып сұлулығы мен ерекше
құбылысынан рахат алуға мүмкіндік береді. «Мать и сын», «Шыңдағы
шынарда», «Мы из Семиречья», т.б. фильмдерінің режиссері С.Ходжиков
шығармашылығының соңғы кезеңінде қазақ әдебиетінің жауһарлары саналатын
ғашықтар жыры тақырыбын таңдапты.
Ал, тақырып дегеніміз
–
шынайы өмірлік материалды талдаудың алдын
алатын әрі көркем суреттеудің белгісі ретінде ұғындыратын немесе ол туралы
сөз ететін мәселені мазмұндау белгісі. Тақырып автордың осы материал үшін
ең маңызды сәті әрі бұл идеяға қарағанда ауқымды келеді. Бір тақырыпқа түрлі
фильм жасалуы мүмкін, бірақ әрқайсысының идеясы, сюжеттік құрылымы
әртүрлі болады. Кинематографияда ұлттық рухани-мәдени болмысты беру
арқылы сөз өнерінің қасиетін сақтай отырып, ойды жеткізуге мүмкіндік бар.
Өздеріне қойылған міндеттің маңыздылығын түсінген қазақ режиссерлері
көшпенді халықтың өмір- салтының барлық ғажайып сұлулығы мен
қиындығын кино өнерінің ғаламат әлеміне енгізе алды. Бұл үрдіс ұлттық кино
өнерінің классикалық үлгісі саналған «Қыз-Жібек» кинолентасынан басталды.
С.Ходжықов көшпенділердің салтын, рәсім-жоралғысы мен дәстүр-ғұрпын,
олардың рухани-материалдық бай мұрасын аталмыш шығарманың ауқымына
жекелеген панорамалар және орта-ірі, алыс-жақын ракурстар арқылы сыйғыза
алған.
Оқиғасы, тартыс желісі күрделі фильм бастауын прологтан алады, онда
махаббат символы, бейбітшілік және келісім белгісі саналатын аққу қанға
малынған күйінде жерге құлап түседі. Одан әрі сәбидің жылаған дауысы мен
домбыра үні анық естіліп, Отан туралы ән шырқалады. Қираған бесік, ортаға
түскен шаңырақ, құлаған балбалдар мен қызыл құмыра, бұлардың барлығы сол
төңіректегі күйзелістен хабар береді. Бұл жерде өлгенін жоқтап, қайғы тұтып
жатқан тек Шекті руы ғана емес, бүкіл қазақ күңіренеді. Осы эпизодтардан
қазақ жеріндегі бітпеген және бітпейтін араздықты, дұшпандықты білдіреді.
Аталмыш көріністер бірінен соң бірі композициялық тұтастықта келісті
шешімін тапқан. Кинотанушы Раушан Оспанованың мақаласында: «Фильм
«Кыз Жибек» начинается неожиданным, резким сопоставлением жизни и
смерти. Монтажная фраза – земля дающая жизнь всему живому, и алая кровь,
55
окропившая ее, клекот испуганных лебедей, предсмертный порыв скакуна,
вдовы и сироты, словно черные камни, застывшие на склонах холма,
разоренный аул, шанырак, символ дома, жизни, брошенный в степи – выявили
ход художнических обобщений: на земле дарящей жизнь, вновь свершилось
зло. Пролог этот весьма существен для понимания общего замысла фильма. В
художественном исследовании вечной проблемы добра и зла, обобщенно-
философский смысл фильм, предостережение людям: не губите, берегите
любовь» [34, С. 173], – деген жолдар бар. Яғни, бұл прологты фильмнің жалпы
мағынасын ұғыну үшін аса қажет метафора деп айта аламыз.
Қоғамда, адам өмірінде жиі кездесетін ақ пен қара тартысы сынды мәңгілік
бітіспес мәселелердің жауабын табу жолындағы көркемдік ізденістер сол қоғам
мен адамды жауыздықтан сақтау, сақтандыру философиясына байланысты
болса керек. Ал, сондай қоғами-адами контрасттар салыстыру үшін аса қажет.
Ол оқиғаны немесе болмысты толыққанды әрі тереңірек көрсетеді. Мұны
фильмдегі Төлеген мен Бекежанның қақтығысынан аңғарамыз. Бұлардың
арасындағы тартыстың негізі сұлу Жібекке талас болғанымен мұның астарында
қазаққа тән руаралық шиеліністің де болуы әбден мүмкін.
Фильмде үнемі қайталанап тұратын сарындар болады. Олар – картина
бойы жиі қолданылатын әрі оқиғаны немесе қаһарман мінезін тереңдететін,
күшейтетін бейне немесе дыбыс. Әуен жақсы әсер ету үшін кемінде үш рет
қайталануы керек. Егер сол әуен жақсы қолданылса ол міндетті түрде көрермен
назарын болып жатқан оқиға-көріністің маңызды тұсына аударады. Аталмыш
фильмде өте қызықты әрі әсерлі эпизодтардың бірі әрі әуеннің қайталануы
садақ атқан Жібектің күйеу жігітті және тігілетін жас отаудың орнын таңдап
алу сәтінде беріледі. Ерте кезеңдерді бұл некелесудің маңызды белгілері
саналған және садақты жеткізу жігіт пен оның ағайын-туысына міндеттелген.
Мұны А.Төлеубаев: «Обычай сватовства при помощи выпущенной стрелы
существовал у сагайцев, эвенков, бурят, где во время свадебного ритуала
невеста держит стрелу и от стрелы происходит зачатие ребенка» [20, С. 26], –
деп түсіндіреді. «Қыз Жібек» фильмінің шарықтау шегі де осы садаққа
байланысты өрістейді.
Негізінен ертедегі бабаларымыздың түсінігі бойынша, күнделікті
қолданылатын пышақ немесе садақ және басқа да сұғылатын, кесетін заттар
әртүрлі қасіреттерден, көз тиюден, дуадан, аурудан сақтайды. Сол сияқты
қазақ, моңғол, қалмақ, татар халықтарында күйеу жігіт немесе қалыңдық атқан
садақтың жебесі қайда түссе сол жерге жұбайлардың отауы тігілген. Ал,
түркітектес халықтарда садақ сынық болса немесе ол ұрланып кетсе жас
жұбайлардың болашақ тағдыры дұрыс болмайды деген наным-сенім болған.
«Қыз Жібекте» көзін байлап, садақ ату арқылы күйеу жігіт пен киіз үйдің
тұратын орнын таңдаған сұлу Жібектің сүйгені Төлеген қапыда көз жұмған
сәтте отауға Бекежан кіріп келіп, садақты сындырады. Яғни, бұл – ошақтың
өшкені деген сөз.
Қазақ халқының құда түсу, үйлену салтына, оның жөн-жоралғысына
ерекше мән бергенін жіті зерттеген кино шеберлері «Қыз Жібек» фильмінде
56
осы дәстүрдің шынайы түсірілуіне баса назар аударыпты. Көп жағдайда жігіт
алдын-ала қызға құда түскеннен кейін және қалыңдықтың қалың малы төленген
соң ғана үйленетін болған. Егер кәмелетке толмаған жастар ата-анасының
рұқсатымен шаңырақ құрса, ал, бірін-бірі ұнатқан, кәмелетке толған қыз бен
жігіт өзара ортақ келісім арқылы неке қиған. Дегенмен ата салт бойынша
қандай жағдайда да жігіт құда түсуге міндетті. Фильмде батыр Төлеген әкесі
Базарбай бата бермесе де сүйгеніне өзі құда түсуге келе жатып, бақталасы
Бекежанның қолынан мерт болады. Бұл жерде автор мен режиссер қазақ жұрты
үшін атаның берген батасының да маңызды екендігін меңзейді.
«Негізінен кино және театр өнерде «ремарка» деген ұғым бар. Оның
функциясы болған жағдайдың барлығын егжей-тегжейлі тізімдеп жеткізу емес,
негізгі әрекеттерді сипаттай отырып, оның экрандық шешімін қарастырады.
Сонымен бірге ол ассоциациялық көрініс береді. Ал, режиссер мен оператор
жазылған сценарийді тек түсіретін жәй адам емес, олар – нағыз суреткерлер»
[106, 41 б.]. Сондай шығармашылық тандемнің нәтижесінде «Қыз Жібек»
кинолентасында «бата беру», «отқа табыну» сияқты басқа да ұлттық салт-
жоралғылар өте айқын әрі сауатты түсірілген. Сырлыбайдың елінде болып
жатқан тойда Жібек пен Төлеген өз киіз үйлерінің табалдырығын мейлінше
еңкейген күйде аттайды. Осы сәттегі жеңгесінің ерітілген майды отқа құюы
«ошағың сөнбесін» деген мағынаны білдіреді. Демек, отбасын құрудың осы
отқа табынудан басталауы да тегін емес. «Отқа табыну» салтының мәні мен
маңызы туралы тәңіршілдікті жан-жақты зерттеген ғалым Рафаэль Безертинов
өзінің «Тенгрианство – религия тюрков и монголов» атты еңбегінде: «Огонь
считался в юрте частицей солнца (огня небесного). Очагу, находящемуся в
центре юрты, придавалась округлая форма (солнечный диск). Тепло, исходящее
от солнца и огня, их яркое свечение, краски порождали между ними известные
аналогии. Солнце и огонь, их связь с представлениями о жизни, о развитии
потомстве переносились и на женщину, как прародительницу, хранительницу
потомства. Огонь – очаг всячески сберегался и содержался в чистоте,
нерадивое отношение к нему могло привести к тому, что он сердился и
«уходил» из юрты. Огонь считался родовым божеством, но и каждая семья
имела свой семейный огонь, и смешивать его с огнем другой семьи, занимать от
соседей считалось грехом, даже нельзя было варить пищу в посуде, стоявшей
ранее на чужом огне» [107, С. 90], – деп жазған. Режиссер де отты «көзден,
жамандықтан қорғайды» деп түсінген түркітектес халықтардың осы отты
ерекше қастерлегенін фильмде әдемі жеткізеді.
С.Ходжиков аталмыш фильмінде қазақ халқының жылқы жануарын қалай
баптап күтетініне, оны «Жеті қазынаның» біріне балап, серігі ретінде ерекше
құрметтейтініне де маңыздылық беріпті. Белгілі кино және театр режиссері
Виктор Пұсырманов фильмнің түсірілімі кезінде жылқыларды қалай таңдап
алғандарын және оларды қалай пайдаланғандарын жиі айтып отыратын.
Тарихшы, этнограф Жағда Бабалақұлының зерттеуі бойынша: «Қазақ халқы,
әсіресе, әрбір жігіт аттың 300 түрін білген, олардың жүрісінен немесе
қарғығанынан, алысқа шапқанынан батырлар алыстан көрсе де оның жасын,
57
түсін, тегін, бояуын, сонымен бірге аттың иесін де анықтай алған» [108]. Сол
сияқты жылқыны байтақ даланың барлық шеті мен шегін байланыстырушы,
жақындастырушы және жаумен шайқасқанда ер жігіттің қанаты, қайраты мен
күші деп пір тұтқан. Көрермен шығарманың басынан аяғына дейін Төлегеннің
де, Бекежанның да, Шегенің де, тіпті қыз-келіншектердің де ат үстінде
отыруынан, оны күтіп-баптаған қимылдарынан, Жібектің бар мұңын Ақ боз
атына білдіруінен жалпы қазақтың өмір-тұрмысының жылқы малымен тығыз
байланысты болғандығына куә болады. Фильмде ең көп тараған аттардың түрі
пайдаланылған, мысалы, Жібектің аты «Ақ боз ат» «Ақ шаңқа» тобына жатады,
ал Төлеген мінген қаршын айғыр «Қасқа жорға» болған. «Қыз Жібек» фильмін
көрген әрбір көрерменді сайын далада бауырын жаза көсілгене шапқан осындай
тұлпарлардың шабысы айырықша әсерге бөледі. Тіпті бұған күмбірлеген
домбыраның үні қосылғанда ерекше толқытқан. Яғни, мұндай көріністердің
әсерінің күшті әрі өзгеше болатынын режиссер алдын ала түсінген және сол
әдістерді орынды қолдана білген.
Әрине дәстүр мен салттың, шығармадағы лирикалық оқиғалар тізбегінің
табиғатпен байланыста болатыны анық. Сұлу табиғаттың, тау мен тастың,
сылдырап аққан бұлақтың немесе өзеннің бейнесі, оның дауысы киноэкран
алдында өзінің әсемдігін одан сайын арттыра түсетіні де белгілі. «Табиғат
көріністері де өз алдына бір ғажап дүние!», – деп тамсана жазады осы фильмнің
түсірілуіне мұрындық болған «Қазақфильм» студиясының директоры
К.Смайылов, – «эпос бойынша Төлеген сонау Алтайдан Жайыққа сапар шегіп,
бүкіл Қазақстанды кесіп өтеді. Ендеше фильмде бүкіл Қазақстан көрінісін
көріп, Төлегеннің көзімен, Төлегеннің ізімен жүріп өтеміз» [14, 45 б.]. Демек,
аталмыш фильмде қазақтың Жаратылыс тудырған күміс көлдері мен өзендері,
көгілдір таулары мен шатқалдары, гүлмен көмкерілген ен даласы бар. Таңбалы
тасы бар Ұлытау, әр сәтте әртүрлі түске боялатын Ақтау, заңғар биік Алтай,
шалқыған Жайық, көсілген кең дала – барлығы да өзінің мәнді орнын тапқан.
Іле жағасы, Күртінің көлі ғана емес, Көкшенің көгілдір өлкесі, сонымен қатар
Қарқаралы мен Алатау да фильмге ерекше сұлулық берген.
Жалпы «Қыз Жібекті» этнографиялық үлгіге бай әрі фольклордың өзіне
тән мүмкіндігін баса көрсеткен бірден-бір классикалық фильм деп нақты айта
аламыз. Оның бір себебі, мұнда өркениетті, мәдениеті озық елдер біле
бермейтін қазақтың оюлы текеметтері мен кілемдері, көште қолданатын
бұйымдары, киіз үйлері мен оның жабдықтары, киім-кешектеріндегі әсем
үлгілері бар. Барлық кейіпкерлер киімдерінің эскизі ұлттық нақышта, сол
қаһармандардың әлеуметтік орнына, жас ерекшелігіне лайықты сызылған.
Ашық түсті матадан тігілен костюмдер көздің жауын алып, шығармаға әсем
көрік беріп тұрса, қыз-келіншектер таққан алқа-бұйымдар олардың сұлулығын
арттыра түскен. Осы кинода Жібектің анасы Айгөздің ролін сомдаған актриса
әрі фильмнің суретшісі Гульфайруз Исмаилова «Осы кинопоэмада
кейіпкерлердің
ұлттық
киімдері,
қыздардың
түрлі-түсті
көйлектері,
қамзолдары, қолдан тігілген кимешектер, үкі тағылып, ұсақ моншақпен
көмкерілген сәукелелер әрі күміс және алтын әшекейлер қазақ қыздары,
58
әйелдері әрі әжелерінің ішкі жан дүниесімен қабысып онан сайын сұлуландыра
түскендей» деп еске алып отыратын. Суретшінің айтуы бойынша фильмдегі
ұлттық киімдер мен актер-актрисалардың шебер ойыны қабысып,
кинокартинаның көркемдік деңгейінің биік болуына мүмкіндік жасаған.
Сол сияқты шығармада жырау бейнесінің де әлеуметтік орны бар.
Жыраудың кесек тұлғасын келісті жасауынан халық поэзиясының өкілінсіз
мұндай кең масштабтағы эпикалық дүниенің туындамасын түсінген сценарий
авторы Ғ.Мүсіреповтің көрегендігін аңғарамыз. Халық жырауларының типтік
бейнесіне көтерілген Төлегеннің досы Шеге жазушы, ғалым Едіге
Тұрсыновтың: «Жырау были одинаково связаны со всеми родами и племенами,
входившими в союз племен (ханство). Жырау были также членами совета биев,
который давал наставления хану и народу всего ханства, регулируя отношения
между ханом и его подданными» [109, С. 241], – деген анықтамасына сай
шыққан. Негізінен жыраулардың шығармашылық бейнесі өздерінің әлеуметтік
жағдайымен тығыз байланысты. Ол нақты тарихи немесе қоғамдық
жағдайларда ғана сөз алып, салмақты әрі маңызды мәселелерді шешуге ықпал
жасайды, табиғаттың әртүрлі құбылыстары мен стихиялық сипатын түсіндіреді,
әлемдегі өзгерістерді жеткізеді, адамгершілік пен этиканы, батырлық, ерлік
істерді, махаббат сезімдерін, т.б. жырға қосады. Жыраудың сөзі мен пікірі
әсіресе, халық басына қатер төнген қиын кезеңдерде маңызды. Ендеше
аталмыш фильмді түсірушілер Жағалбайлы руының жырауы, біртуар актер
Әнуар Молдабеков сомдаған Шеге ролі арқылы халық даналығын бере білген.
Кинокартинада Шеге махаббаттың адал жаршысы, шынайы дос кейпінде
көрінеді. Шеге – Ә.Молдабековтің әсіресе, сұлу Жібектің Төлегеннің садақ
оғын жазбай танығанына сүйсініп:
Уай, біздің оқ, біздің оқ,
Атқан қолдан айналдым.
Қадалыпсың жерге кеп,
Қадалған жерден айналдым.
Ақ орамал желбіреп,
Орамалдан айналдым.
Уа, таңдаулы оқ – біздің оқ!
Төлеген сенде арман жоқ...» [110, 301 б.], –
деп келетін жыр жолдарын ерекше шабытпен орындауы Төлеген мен
Жібектің бір-біріне деген ғашықтық сезімдерінің өте нәзік әрі адал екенін
дәлелдей түседі. Шығармадағы Шеге бейнесінің тарихи-әлеуметтік орны, оның
шешендігі мен көсемдігі аталмыш фильмнің философиялық сипатын
тереңдеткен.
Рухани болмысы мен мәдениеті ерте кезден-ақ қалыптасып, дамыған қазақ
халқы жүз бен руға бөліне отырып, өздерінің түп тамырын нақтылап алған.
Ұлы, Орта және Кіші жүздің әрқайсысына түрлі рулар тиесілі және олардың
әрқайсысының өз таңбасы, туы, ұраны, билері бар. Жаугершілік замандағы
59
сырттан келген жаудан сақтану, қорғану мақсатында пайда болған бұл жүйе
сонымен қатар елдегі қолайсыз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
«Қыз Жібек» фильмінде Төлегеннің өлімін жеткізген Бекежан үш жүздің
билерінің қатал шешімімен елден аластатылады. Демек, бұл – дала адамдары
даланың заңына бағынады деген сөз. Мұны кеңестік уақыттың дара ұлттардың
тарихына, ата дәстүріне немқұрайлы қарайтын саясатының аясында түсірілген
фильмге осындай ұлтқа тән нақыш-бояуларды қисынды қолдана білген автор
мен режиссердің ерлігі деген жөн. Шынайы сезімді, сатқындықты, мейірімділік
пен адалдықты, ең бастысы, ұлттық идеяны насихаттаған фильм жарыққа
шыққан жарты ғасырға жуық уақыттың ішінде қаншама буын ұрпақты ұлттық
санада тәрбиеледі және мұның болашақ көрермен үшін де рухани
құндылығының жоғары болары сөзсіз.
Экранның ерекшелігі – кеңістік пен уақытқа сай әрекеттердің шындығын
көрсете алатындығында. Алғашқы кездерде кинематография затты, адамның
қимыл-әрекеттерінің сыртқы пішінін, оның сезімін, кейіпкер мінез-құлқындағы
өзгерістерін тексеріп әрі олардың ой-қиялдарына жүгінген болатын. Яғни,
экран адамның, болып жатқан оқиғаның сыртқы және ішкі үдерісін көрсете
алады. Түсірілетін телевизиялық бағдарламаның немесе фильмнің негізгі
белгілерінің бірі – өмірдің шынайы болмысын айқын көрсету. Осы қағиданы
негізге алатын болсақ, «Қыз Жібек» лиро-эпостық поэмасының желісі бойынша
жасалған кинокартинада қазақ халқының білімдарлық, көрегендік қасиеті,
руханият пен мәдениетке деген құштарлығы, ұстанған принциптерінің
нақтылығы әрі шынайылығы көрініп тұр. Кеңестік кезеңдегі қазақ
кинематографиясында ұлттық құндылықтарды экрандау ерекшелігімен қайта
жасау негізінде шығарылған фильмдер үлгісіндегі ең бір тамаша белгісі «Қыз
Жібек» картинасын атауға болады. Шығарманың мәні жөнінде Г.Әбікеева:
«Вестернизация казахского кино произошла прежде всего как протест против
колонизируемой страны против советизации» [13, С. 33], – деген пікір жазған.
Демек, бойында ұлттық колориті бұзылмаған бұл поэма өткен, бүгін және
болашақ арасындағы дәстүр жалғастығының үзіліссіз байланысына кепілдік
бере алады.
Жалпы қазақ кинематографиясы ұлттық дәстүрді сақтау мен оны ұрпаққа
жеткізу үдерісіне аса жауапкершілікпен қарап отыр. Алайда қазіргі уақытта
Канн, Оскар, Ника, Шәкен жұлдыздары, Бастау тәрізді бірнеше халықаралық
кинофестивалдардан жүлделі оралып жатқан кейбір фильмдердің «Келинка
Сабина», «Молитва Лейлы», «Кайрат – чемпион девственник», т.б.
қазақстандық көрерменнің көркемдік-эстетикалық талаптарын қанағаттандыра
алмай жатқаны рас. Ал, жоғарыда атап өткен «Қыз Жібек» (С.Ходжиков),
«Атамекен» (Ш.Айманов), «Құлагер» (Б.Мансұров), т.б. фильмдерді қазақ кино
өнерінің бастауында тұрған, бойында ұлттық намыс пен көрегендік қасиет
қатар ұштасқан режиссерлер түсіргендіктен классикалық рухани мұра ретінде
әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Мұндай фильмдердің ғұмыры ұзақ
болмақ. Сол сияқты еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары түсірілген
60
фильмдерден ұлттық болмыс пен салт-дәстүрді, жөн-жоралғыны, патриоттық
сезімді ашып әрі анық көрсетуге мүмкіндік туғанын көреміз.
Кино өнерінің құдіреті сол көрермен экрандағы оқиғаларға еніп, өзі ішінде
жүргендей әсер алады немесе ойдағы сапырылыс өмір қарбаласына ұқсап
кетеді. Демек, киноның көркемдеуші құралдары көрермен жұртшылықтың ішкі
сезімін тудырады. Зерттеушілер бір ауыздан кино өнерінің эстетикалық,
тәрбиелік әрі адамгершілік қасиеттерге жетелейтін әсері көрерменнің
көзқарасы арқылы қалыптасады деген тұжырым жасайды. Бұдан шығатын
қорытынды, кинематография адамдардың көркемдік көзқарасы мен
ұстанымдарына қатты әсер етеді.
Сол сияқты кино өнері мен әдебиеттің өзара байланысының нәтижесінде
адамның қабылдауы да ерекше жақсарады екен. Бұған дәлел ретінде повесттер
мен
романдардың
және
басқа
әдеби-драматургиялық
жанрлардың
экрандалғанын айтсақ та жеткілікті. Орыс жазушысы Леонид Андреев осыдан
ғасырға жуық уақыт бұрын «Кинематография барлық әлем әдебиетін тас-талқан
етті» деген болатын. Алайда қазір оның бұл ойымен келісе қою мүмкін емес,
өйткені әдебиеттің рухани күші, өнердің барлық түрін әр дәуірдің өзіндік үніне
сай дамытуға ықпалы жойылған жоқ. Әдебиеттің киноға немесе драмалық
спектакльге, музыкаға, бейнелеу өнеріне айналу үрдісі әлі күнге дейін
жалғасып келеді және мұның тоқтауы мүмкін емес. Ф.Достоевскийдің
«Идиотын» әлемде ондаған елдер экранға шығарса, У.Шекспирдің шытырман
сюжетіне бет бұрмаған режиссер кемде кем. Шерлок Холмс бейнесінің кино
экранында жетпіс рет көрінгені жөнінде деректер бар. Әлемде Ж.Верн,
А.Дюма-әкесі,
Р.Л.Стивенсон,
Р.Киплинг,
Ж.Б.Мольер,
Л.Н.Толстой,
А.Н.Островский, т.б. әдебиет классиктерінің шығармалары сценаристер мен
қоюшы-режиссерлер үшін таптырмас қорға айналады. Түрлі тақырыптағы,
әртүрлі идеяға негізделген олардың шығармалары сан қырлы мінездерді,
әртүрлі уақыт адамдарының тарихи-әлеуметтік тағдырын кинематографияның
өзіндік тәсілдері арқылы барынша ашып көрсетуімен құнды саналады. Яғни,
экрандау жұмысы кинематографияның бөлінбес бөлшегі ретінде әдебиет пен
кино өнерін тығыз байланыстырып, небір идеялар мен бейнелерді эстетикалық
әрі табиғи түрде жеткізеді.
Әлемдік кинематографияда бар бұл үрдіске өткен ғасырдан бастап қазақ
киногерлері назар аудара бастады. Олар қазақ әдебиетінің жауһарларын кино
тіліне аударуда өздерінің ізденісін көрсетіп отырды. Мысалы, М.Әуезовтің
«Көксерек» режиссері Т.Өкеев), «Қаралы сұлу» режиссері Е.Шынарбаев,
С.Мұқановтың «Ботагөз» режиссері Е.Арон, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер»
режиссері Ә.Мәмбетов), М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» режиссері С.Тәуекел,
«Шолпанның күнәсі» («Күнә», режиссері Б.Шәріп), Ә.Кекілбайдың «Кек»
режиссері Д.Манабай), С.Елубайдың «Ақ боз үй» режиссері Б.Омар),
С.Санбаевтың «Аруана» режиссері В.Пұсырманов, Д.Исабековтың «Гауһартас»
режиссері Ш.Бейсембаев), Ғ.Мүсіреповтің «Боранды түн» режиссері
С.Сүлейменов, С.Нарымбетовтың «Ассалаумалейкум Атлантида» («Көзімнің
қарасы», режиссері С.Нарымбетов), т.б. – фильмдер қазақ киносының ең
61
таңдаулы мұраларынаң қатарында тур. Бұлардың қайсысында болмасын елдің
әр кезеңдегі тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, мінез-құлқы, табиғи биік болмысы,
мәдениеті мен өнері таза күйінде жеткізілген.
Ал, ұлттық киноның туу әрі даму тарихында ең алғашқы режиссер Шәкен
Айманов аталмыш өнердің рухани қайнар көзін халықтың көне мәдениетінен
алу керек деп есептеген. Мұның бастауын Қорқыт күйлерінен, Абай мен
Махамбеттің жырларынан, Ш.Уәлиханов пен М.Әуезовтің шығармаларынан
іздестірген жөн. Хроникадан, киножурналдардан, республика туралы түсірілген
алғашқы деректі фильмдерден бастау алған қазақ киносы бірте-бірте
«Амангелді», «Райхан», «Абай әндері», «Алтын мүйіз», «Жамбыл» сияқты
көркемсуретті классикалық фильмдерге ұласты. Бұлардың барлығы дерлік
ұлттық болмысты, ата дәстүрді, ертеден қалыптасқан ұлттық ұстанымдарды
көрсетуге негізделген кинотуындылардың қатарында тұр.
Қазіргі таңда ұлттық кино өнерін екі жақты қарастыруға болады: біріншісі
– ертеден келе жатқан халықтық сипаттағы өнер, екіншісі – жаңа заманның
сұранысына қарай дамып келе жатқан фильмдер. Ауыз әдебиетіндегі жыр-
дастандар, ертегі-аңыздар мен үйлену тойларында орындалатын беташар, жар-
жар, сыңсу, т.б. – «қазақ» сөзімен біте қайнасып келе жатқан дәстүрлер. Ал,
проза, поэзия, музыка, драматургия, көркемсурет, би, театр, кино бұлар –
адамзаттың даму үдерісінің саты-сатысында қоғамдық өзгерістерге,
өркениеттік құрылымдарға қарай дамып келе жатқан өнер түрлері. Осы
салалардың қай-қайсысында болмасын ұлттық болмыс пен реңктің белгілері
басым. Ертөстік, Қобыланды, Алпамыс сынды ертегінің батыр кейіпкерлерінің
көркемдік бейнесі ғасырдан-ғасырға ауыз әдебиеті арқылы жетіп, бүгінгі күнге
дейін ұлттық рухты биіктетіп келеді. Сонымен қатар адал махаббатқа, үлкен
сүйіспеншілік сезімге арқау болған «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан», «Еңлік –
Кебек», «Біржан – Сара», т.б. жырлар халықтың рухани байлығына өлшем
болған көркем дүниелер.
Кез келген ертегінің киносценариі – әдеби шығарма, яғни, әдеби ертегі. Ол
тікелей фольклорға сүйеніп жазылса да немесе оған тек қана ертегі желісі
алынса да, қалай болғанда да сол материалдан тәрбиелік мәні жоғары
киноертегі шығару міндеті алда тұрады. Қазақ киностудиясының осы бағытта
түсірген фильмі – «Тоғызыншы ұлдан сақтан» ертегісі (1986). Бұл – Қазақстан
режиссерлерінің алдыңғы шебінде қызмет атқарып, халқымыздың мәдени-
рухани өміріне мол үлес қосқан режиссер Виктор Пұсырмановтың алғашқы әрі
сәтті түсірген шығармасы. Кеңестік уақытта түсірілгеніне қарамастан бұл
фильмнің декорациясы мен киім үлгілеріне ұлттық нақыш негізгі өзек болған.
Шығармада барлық ертегіге тән сюжет – мейірімділік пен жауыздық арпалысы
суреттеледі. Әрине финалда адалдық, қайырымдылық, мейірімділік сияқты
асыл қасиеттер жеңіске жетеді.
Бүгінгі таңда кинематография біздің көз алдымызда өнердің басқа түрлері
сияқты көптеген өзгерістерге түсіп жатыр. Сол сияқты киноертегі жанры да
өзгерістен құралақан емес. Фильм балалардың психологиясына оң әсер ету,
шығарманың тәрбиелік ықпалын байқату және жас жеткіншектерді
62
қызықтырып, тарту мақсатында көктемдегі табиғаттың әсем бейнесін айнала
көрсетумен басталады. Одан кейін бірте-бірте кейіпкерлер екіге жарылып,
табиғатты жаңартатын «Ақкемпір» пайда болады. Ол өзінің қыздарымен жерді
гүлдендіріп, әсем табиғатты тербеп оятады, барлық жерді көк шөпке
толтырады, өзендердегі қатқан мұздарды ерітіп, таза мөлдір судың шығуына
ықпал жасайды. Ал, оған қарсы күш Тасбол жолындағының барлығын қиратып,
табиғаттың сұлулығын бүлдіреді, адамдарды үйілген тасқа айналдырады.
Өздерін «тасқа айналдырып жібереді» деп қорқатын, сиқырлы күші
барлығынан мықты деп ойлайтын оның екі қызметшісі Тасболдың айтқанын екі
етпей орындайды. Фильмде кейіпкерлердің көркемдік бейнелерін және өзінің
идеясын барынша ашып жеткізу үшін режиссер аңыздық әзілдерді алған.
Мұнда жағымсыз қаһармандар сиқырдың шектен тыс құдіретті күшімен билік
жүргізеді. Мысалы, көрермен кез келген адамды мүлдем басқа кейіпке
айналдыра алатын, сан құбылған түрлі дауыстармен сөйлей алатын Айдаһар,
Қаражал тәрізді ертегі кейіпкерлерінің әлеміне еніп кетеді.
Фильмнің оқиға-көріністері фабуланың жалпы өріс алуына байланысты
бірте-бірте дами түседі. Шығармадағы жағымды кейіпкердің бірі – Тасболдың
сұлу, бірбеткей, ақылды қызы Күнікей. Оның әкесінің ойымен, мінезімен келісе
бермейтін тұстары көп. Әсіресе, жан дүниесі таза, мейірімді, адал адамдарға
өшпенділікпен қарайтын әкесінің өзіне ұнамағандардың барлығын тасқа
айналдырып жіберетіні Күнікейді қатты алаңдатады. Ал, оның тас мұнарасына
кезектесіп келетін Тасбол қызметшілерінің бар арманы – қалай да сұлу қыздың
назарына іліну. Айдаһар жер асты суларының дыбысы естіліп тұратын ыдыс
сыйласа, Қаражалдың сыйы – жауын шақыратын сиқырлы тас. Бірақ Күнікейге
бұлардың ешқайсысының керегі жоқ, оның барлық арман-мақсаты – кімді
болмасын өзінің жүрек қалауымен, шынайы сезіммен жақсы көру.
Фильм басталғандағы Ақкемпір жасаған сұлулықтың барлығын қатыгез
Тасбол тасқа айналдырғанда сиқыршы кемпір оған «сенің ажалың қарапайым
малшының баласының қолынан болады» деп ескертеді. Мұны естіген Тасбол
өзінің қызметшілерін ел аралатып, жылқышы отырған ауылды іздеп табуын
тапсырады. Олар ақыры жылқышы Ержан тұратын ауылға келіп, оның сегіз
ұлы бар екенін, тоғызыншысы енді ғана дүниеге келгенін жеткізеді. Тасболға
керегі де сол, ұлдарын құлдыққа алып, ал Ержанның өзін байлыққа
кенелтпекші болып үгіттейді. Бірақ туған балаларын байлыққа айырбастағысы
келмеген жылқышы оған келісім бермейді. Бұған қатты ашуланған Тасбол
Ержанды тасқа айналдырып жібереді. Ал, жоғалып кеткен әкелерін іздеуге
шыққан оның ұлдары бұған Тасболдың кінәлі екенін біліп, тікелей
сиқыршының еліне аттанады. Оларды күтіп отырған Тасбол өзінің қызына
оларды ұстап беруін өтінеді. Алайда Күнікей бұдан мүлдем бас тартады. Сол
кезде Ержанның дауысымен сөйлеп, жылқышының сегіз баласын зынданға
түсіріп жіберген Айдаһар олардың жан-жағын шыға алмайтындай бекітіп
қояды. Сөйтіп, ол Тасболдан Күнікейді өзіне әйелдікке беруін сұрап, оның
қайтарымына тұтқында жатқан Ержанның сегіз ұлын оған қызмет етуге
міндеттейтініне және олардың әкелерін мәңгіге ұмыттыратынына уәде береді.
63
Тасбол Айдаһардың аталмыш шарттарымен келіседі, ал Күнікей әкесінің бұл
шешіміне қарсы шығады. Яғни, бұл жердегі тартыс әкесі мен қызының
арасында өрбиді.
Өзіне көмектескісі келген Қаражалды ақылмен пайдаланған Күнікей оның
Тасболдың сиқырлы жүзігін ұрлап, өзіне жеткізуін өтінеді. Сөйтіп, қолына
түскен жүзікті Ақкемпірге береді. Сол кезде Айдаһар жер бауырлаушы барлық
жәндіктерге ұмытшақтық әкелетін сиқырлы дәрі жасауға бұйрық береді. Бірақ
мұның тамырын табу қиын. Жыландар мұң, үрей, ауру, алдау, қызғаныш, т.б.
жағымсыз қасиеттердің тамырын алып келеді. Ал, тасбақа болса бұған мүлдем
қарсы. Сол үшін Айдаһар оны суы тартылып қалған құдыққа лақтырып
жібереді. Ақырында ұмытшақтықтың тамыры табылып, одан сиқырлы дәрі
жасалады.
Шығармадағы негізгі шиеленісті тудырушы және сол тартыстың бастан-
аяқ өзегі болған Тасболдың зұлымдығы әрбір көрініс сайын арта түседі.
Жылқышы Ержанның тоғызыншы ұлының бар екенін есіне салған Айдаһар:
«Билеуші де сәбиден қорқа ма?» деп кекесінмен сұрағанда ғана бір сәтке болса
да тыншығандай болады. Ал, бұл кезде оған қарсы күш ретінде ертегінің басты
кейіпкері, жылқышының ең кенже ұлы ержетіп қалған болатын. Фильмнің
фабуласы бойынша тоғызыншы ұл әкесі мен сегіз ағасын іздеп шығады. Бұл
сапарға шығуына көпшілік қарсы болғанымен, өмірдің ащысы мен тұщысын
қатар бастан кешкен көреген әжесі Еркенжені аттандырады. Осы тұста сол
аруана жер, су, от, алғашқы айдың сәулесі сияқты барлық тылсым дүниеге
жалбарынып, немересіне көмектесуін сұрайды, дұға оқиды.
Ерлік жасауға кішкене кезінен құмар Еркенженің жолында Ақкемпір мен
қыздары кездесіп, Еркенже мен Айсұлу екеуінің арасында сүйіспеншілік сезім
орнайды. Осы сәтте Қаражал мен Айдаһар Тасболдың қашып кеткен қызы
Күнікейді тауып алады. Бірақ араларында талас туып, олар бір-бірімен алыса
кетеді. Алайда сол кезде Тасболдың қызына көмекке Ақкемпір келеді. Ертегінің
қызықты көрінісі де осы тұс. Ол Қаражалды қарғаға, Айдаһарды жыланға
айналдырып жібереді.
Аталмыш қаһармандық жыр айнала қоршаған дүниенің тылсым күштерін
білуді, тек қана қалыңдық үшін күресуді дәріптемейді. Сонымен бірге ел
қорғауды, елі мен жерін сыртқы жаудан азат ету идеясын алға тартады. Мұнда
батырлардың айқасатыны лирикалық жырлардағыдай алып күштер (мыстан
кемпір, дию, жын-шайтан, жезтырнақ, аждаһа, т.б.) емес, шынайы адамдар.
Яғни, бұл жерде көркемдік-типтік сипаты бар «қалмақтар», «қызылбастылар»
жағымсыз кейіпкерлер ретінде танылған. Жалпы аталмыш кинокартинаны
шеберлікпен түсірген режиссер В.Пұсырманов сиқырлы ертегіні неғұрлым
шиеленіскен оқиғалы сюжеттермен толықтырған. Бұл әдістің өз көрерменін
қызықтыра түсетіні және жас жеткіншектерді батырлыққа, батылдыққа үйретіп,
олардың патриоттық сезімін арттыратыны анық.
Сөйтіп, Тасболға бара жатқан Еркенже атынан айырылады, бірақ оның
қолында жауға қарсы тұруға көмектесетін қасиетті домбырасы бар. Жас батыр
сол
домбырасы
арқылы
іштегі
сезімін
ақтарады.
Қарсыласынан
64
қорықпайтынын жырға қосады. «Тоғызыншы ұлдан сақтан» деп жауға
қарсылығын, өзінің мықтылығын білдіреді.
Жалпы қазақ халқы ұлттық музыка аспабы саналатын домбыраны
ғасырлар бойы кие тұтқан және бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасын тауып
келеді. Бұл біріншіден – ер жігіттің, оның ішінде сал-серілердің негізгі серігі
саналады, екіншіден – халықтың зары мен мұңына өзгеше үн қосатын қасиеті
бар, үшіншіден – тарихты жалғастырушы функциясын айта аламыз. Ұрпақтан
ұрпаққа мұра ретінде берілетін домбыра өзінің сиқырлы үні арқылы рухани
күш беріп отырады деген түсінік бар. Фильмде техникалық мүмкіндіктерді
қисынды пайдаланған В.Пұсырманов шайқаста қолданатын жауынгерлік
қарудың орнына Еркенженің осы монологын домбыраның әуезді үнімен
жымдастыру арқылы жаудың бетін қайтарады. Еркенженің қашып келе жатқан
өз ағаларын кездестіргенімен олардың тоқтау сөзіне көнбей, Тасболдың
патшалығына қарай жүгірген сәтінде де қолына басты қаруы – домбыраны
алып, әндетеді. Еркенже ағаларының сезімдерін оятып әрі олардың бойындағы
дұғадан арылуы үшін бар күшін жұмсайды.
Ол ағаларының кім екендерін, бұл жерге не үшін келгендерін естеріне
түсіруге тырысады. Жас батыр қасиетті домбырасы мен өлеңі арқылы
туыстарын құтқарады. Жалпы шығарманың композициялық құрылымы сауатты
жасалған және әрбір оқиға-көріністер сол тұтастықтан өрбіп отырады.
Негізінен композиция – таза техникалық қиындықтарды жеңуге
көмектесетін құрылым. Сонымен бірге композиция – жасау, құрастыру,
байланыстыру,
шығармашылықтың
заңды
құрылымы,
оның
белгілі
бөліктерінің ара қатынасы арқылы тұтас дүниенің жасалуы. С.Эйзенштейннің
айтуы бойынша, композицияда ең алдымен, автордың мазмұнға қатысты
ойларын жүзеге асыруға жәрдемдесетін ғажап құрылым бар және мұның
көрерменді де автордың көзқарасымен қарауға бағындыратыны сөзсіз [111. С.
104]. Ал, сондай тұтастыққа негізделген ертегі жанры қиял ғажайып әлемнің
болмысын танытады. Оның халықтың ой-қиялына ерекше жақын екені айқын.
Бұл – бұлжымас қағида. Сол сияқты экран үшін шығарма жасау кезіндегі
кездесетін қиындықтардың бірі – ішкі драматургиялық тұтастыққа жеткізу
десек, «Тоғызыншы ұлдан сақтан» кинокартинасы автор мен режиссердің
тұжырымына толық жауап бере алады. Өйткені оның құрылысы,
драматургиялық желісі қисынды көріністер арқылы өрістеп отырады. Барлық
қаһарманның бейнесі өзіндік мінездермен көмкеріліп, өздерінің тарихи-
әлеуметтік орнын ақтай алған. Ендеше аталмыш шығарма идеясы жағынан да,
қоғамдық-адамзаттық мәселелерді суреттеуі тұрғысынан да үлкен маңызға ие.
Аңыздар, онда орын алған рәміздер, ишараттар, санадағы толқын,
кейіпкерлердің психологиялық көңіл күйі, қаһарманның тереңнен ойлауы және
қоршаған әлемді қабылдауы, ассоциативтілік (олар туралы әртүрлі деңгейде аз
жазылған жоқ) – осының барлығы көркемдік бейнені жасаудың қызметін
байыту үшін неғұрлым тиімді және саналы адамның ассоциативтік ойлау
қабілетіне сай келеді. «Интеллект человека требует от искусства решения
коренных проблем через масштабные обобщения, что, естественно, не могло не
65
привести к изменению художественного образа. Появился тип искусства, где на
смену описанию многочисленных событий приходит углубленное раскрытие
духовного мира героев» [104, С. 406], – деп жазады ресейлік ғалымдар
В.Литвиненко мен О.Назарова. Демек, қоғамдық мәдениетті арттыратын әрбір
суреткердің өз қаһарманының рухани әлемін айқара ашып көрсетуге мүмкіндігі
зор. Ол үшін шығармашылық ізденістің жан-жақтылығы қажет. Осындай
ізденісті В.Пұсырмановтың аталмыш еңбегінен байқаймыз.
Өскелең
ұрпақтың
рухани
талғамын
арттырып,
мәдениетін
қалыптастыратын мұндай туындылардың сюжетімен таныстыруды бала кезден
жүзеге асырған жөн. Мұны мектеп оқушыларының оқу бағдарламасына
енгізуді уақыт талап етіп тұр. Г.Әбікеева өзінің шәкірттеріне «Надо десять
лучших фильмов о казахском фольклоре, о строении казахской нации
включить в школьную общеобразовательную программу» деп әр сабақ сайын
айтып отыратын. Бұл пікірден мектептің оқу бағдарламасына жоғарыда аталған
фильмдерден басқа да қазақ фольклорын насихаттайтын шығармаларды
міндетті түрде енгізу қажеттігі сезіледі. Себебі, ауыз әдебиеті, фольклор
бұлардың барлығы – ұлттық әдебиеттің, нақтысын айтқанда қазақ ұлтының
бастауы саналады. Біздің халықтың әдебиетін, мәдениеті мен өнерін тереңдетіп
оқыту үшін қажетті материалдар А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, С.Қасқабасов,
Е.Төлеубаев, А.Мұхамбетова, К.Ш.Нұрланова, Е.Тұрсынов, Ш.Ыбыраев,
Б.Қоқымбаева, т.б. ағартушы-ғалымдардың еңбектерін негізге алуы тиіс.
Сонымен қатар ұлттық идеямен өмір сүрген, ағартушылық қызметтерін қазақ
халқының рухани-мәдени тұрғыдан қалыптасуына бағыттаған Алаш
қайраткерлерінің шығармашылығын оқыту да аса маңызды.
Қоғамдық сананы қалыптастыруға ықпалы зор кинематография өзінің
табиғатына қарай тиімді немесе жасанды болып көрінеді. Кино өнерінің көп
қатпарлы құбылысын пәлсафалық деңгейде сараптау бізге әлем мен адам
туралы жетілдірілген тәсілді ұсынып, өнердің танымдық көкжиегін ашады.
Сонымен бірге біз киноның құрылысын салыстырмалы, әсірелеу, қас қағымдық
тәсілдер негізінде сараптай отырып, бүгінгі ойлау үрдісінің экран арқылы
қарқынды даму барысын аңғаруға тырысамыз. Бұған жоғарыда талданған
кинотуындылардың мазмұны, идеялық ауқымдылығы, тақырыбының өзектілігі
мүмкіндік береді.
Әлбетте тарихи жағынан маңызды болғанымен рухани құндылығы,
көркемдік
деңгейі
сын
көтере
бермейтін
кинотуындылар
қазақ
кинематографиясында жоқ емес. Бірер мысал келтіріп көрейік. Мәскеудегі
Бүкілодақтық
Кинематография
институтын
Сергей
Герасимовтың
шеберханасынан бітірген Ермек Шынарбаев экрандаған М.Әуезовтің «Қаралы
сұлу» әңгімесін кезінде киногерлер режиссерлік шешімін тапқан киношығарма
деп қол соға қабылдаған болатын. Алайда сұлу келіншектің ішкі жан
күйзелісін дәл тапқан туындыны телеарна арқылы көрсеткен кезде бұл фильм
халық тарапынан қолдау тапқан жоқ. Себебі, мұнда режиссер қазақ халқының
болмысына жат қылықтарды ашық көрсеткен. Кино жанрының қыры мен
сырын, оның өзіндік тілін жетік меңгерген Е.Шынарбаев қазақтың ұлттық
66
психологиясына, тұрмыс салттық ережелеріне, дәстүріне, этикалық мәдениетіне
мүлдем назар аудармаған. Фильмде атқа қонған жігіттер баса шауып, киіз үйдің
іргесіне келіп тоқтайды. Сол сияқты мұнда жоқтау айтқан әйелдер түгел қара
киінген. Ал, қазақ дәстүрінде өлімді қара киіммен емес, ақ киіммен арулап
шығарған. Қаралы сұлу қолындағы қамшымен жас жігітті бетінен ұра
бастайды, бұл көріністі кинотілінің үрдісі бойынша шешуші белгі деп түсінген
жөн. Бұл да режиссердің қателігі болып табылады. Өйткені халық дәстүрінде
әйел адам ер кісіге қарсы шығып, қол көтермеген. С.Эйзенштейннің пікірі
бойынша, «Белгілі бір сахнаның композициялық құрылымын өзінің мазмұны
мен ерекшелігімен маңыз алатын тұсынан алып шешімін табу керек. Соның
өзінде ол бөліктің өзі тақырыптың ішкі динамикалық көрінісі ретінде таң
қалдырып қана қоймай, қатты әсер беруі қажет» [111, С. 568]. Ал, «Қаралы
сұлу» фильмінің негізгі бағыты, режиссердің айтар ойы түсініксіз болып
қалған. Осындай кемшіліктердің орын алуынан аталмыш фильм қазақ кино
тарихынан өзіндік орнын анықтай алған жоқ.
Негізінде қазақ мәдениетінің тарихына жаттанды стереотиптер, догмалы
тұжырымдар орасан кеселін тигізіп жүр. Осы уақытқа дейін «халқымыз
қараңғы еді, мәдениеті төмен еді, революцияға дейін сорлы еді» деген сияқты
қате пікірлердің орын алып келгені рас. Алайда Абай, Ыбырай, Шоқан, Біржан
сал, Ақан сері, Шашубай, Жамбыл, Құрманғазы сияқты дара тұлғалар пайда
болған топырақтың қасиетсіз болуы мүмкін емес еді. Осындай ата дәстүрден
аттаған келесі шығарма – Бүкілодақтық Кинематография институтын Игорь
Таланкин шеберханасынан бітірген Едіге Болысбаевтың «Қойтас» фильмі.
Мұның басты кейіпкері – ақжарқын, таза көңілді адамдармен кездесіп, рухани
құндылықтармен сусындағысы келген суретші жігіт алыстағы ауылға келеді.
Босағаны аттамай тұрып дәм татпаған қазақтың киіз үйінің жанына келіп су
сұраған жігітке әжей бір кесе айран ұсынады. Бұл жерде режиссердің ұлттық
дәстүрден хабарсыздығы көрініп-ақ тұр. Ата салт бойынша үйге келген қонақ
жасына қарамай ең алдымен төрге шығарылып, құрмет көрсетілген. Ал, асығыс
мейман босағаны аттап, нан ауыз тиген. Негізінен бұл – көшпенділер
заманынан қалыптасқан дала заңы. Көптеген ғалымдардың пікірі бойынша,
халықтың ойы мен ұлттық болмысы тұтасып жатуы керек. Алайда аталмыш
фильмде режиссердің өз ойына өзі қарсы шыққаны байқалады. Ауылға ұлттық
құндылықтарды білуге, руханият пен мәдениетті зерттеп, шығармашылығына
қажетті ұлттық бояуларды меңгеруге келген жас жігіттің керісінше ата салттан
тыс әрекеттерге тап болуынан фильмнің идеялық мазмұнына нұқсан келгенін
байқау қиын емес.
Жалпы қазақ халқының ұлттық құндылықтарын экрандау ерекшелігі
қоғамның рухани дамуы үшін барлық тарихи даму сатыларындағы дәстүрлерді
көрсетуге жол аша алады. Демек, кинематографияның басты функциясы –
көрермен аудиториясының қалауын ескеру, оның рухани-мәдени қажеттілігін
анықтап, сол негізде жұмыс жасау және ең бастысы – ұлттық құндылықтарды
насихаттау. Өйткені фильм жазба әдебиетке қарағанда көрерменге тікелей
көзбе-көз әсер етеді және қандай идея немесе қандай тақырып болмасын
67
көпшіліктің тез қабылдауына ықпалы зор. Сол сияқты кинематография белгілі
бір ұлттың, қоғамның бүгінгі күнін өткенімен немесе өткенін болашақпен кино
тілі арқылы байланыстыратын қасиетке ие. Оның әрбір кезеңнің тұрмыстық-
психологиялық портретін жасауға да қауқары жетеді.
Ұлттық салт-дәстүрдің эстетикалық мәнін байқататын, сол сияқты кино
өнерінің сұлулығы мен әсемдігін көрсететін «Тақиялы періште», «Қыз Жібек»,
«Көксерек», «Тоғызыншы ұлдан сақтан» фильмдері арқылы көрерменнің
эстетикалық сезімі мен талғамының артатыны анық. Өйткені жақсы мен жаман,
ақ пен қара, болымдылық пен болымсыздық тартысында адамның таным-
түсінігі ақыл мен эстетикаға негізделеді. Соның барысында мәдениет пен
өркениет, рухани болмыс қалыптасып, қазақтың ұлттық ерекшеліктері
айқындалады. Сол тұрғыдан алғанда жоғарыда аталған фильмдердің мәні мен
маңыздылығы, рухани-мәдени құндылығы айқын.
Достарыңызбен бөлісу: |