1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы ғылыми білім – сот-сараптамалық зерттеулердің әдістемелерінде іске асырылған, мазмұны ғылыми білімді құрайтын арнаулы білім саласы;
2) сарапшының қорытындысы – Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес ресiмделген, сот-сараптамалық зерттеудiң барысы мен нәтижелерiн көрсететiн құжат;
3) сот-сараптама қызметi – сот сараптамасы органдары мен сот сарапшыларының сот сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі қызметі;
4) сот-сараптама қызметiмен айналысуға арналған лицензия – Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жеке тұлғаға сот-сараптама қызметiмен айналысуға беретiн рұқсат;
5) сот-сараптамалық зерттеу әдістемесі – сот сараптамасының белгілі бір тегінің, түрінің нысанасына жататын мән-жайларды анықтау үшін сот сараптамасы объектілерін зерделеу кезінде қолданылатын әдістер жүйесі;
6) сот-сараптамалық зерттеу әдісі – сот сараптамасының нысанасына жататын мән-жайларды анықтау үшін сот сараптамасы объектілерін зерделеу кезінде қолданылатын қисындық және (немесе) құрал-саймандық операциялар (тәсілдер, әдістер) жүйесі;
7) сот сараптамасы – шешілуі үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында арнаулы ғылыми білім негізінде жүргізілетін қылмыстық, азаматтық істердің немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдарын зерттеу;
8) сот сараптамасының нысанасы – сот сараптамасын жүргізу жолымен анықталатын қылмыстық, азаматтық істерді не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді шешу үшін маңызы бар мән-жайлар;
9) сот сараптамасы объектiлерi – заттай дәлелдемелер, құжаттар, адамның денесі мен психикалық жай-күйі, мәйіттер, жануарлар, үлгілер, сондай-ақ сот сараптамасы жүргізілетін іс материалдарында қамтылған сот сараптамасының нысанасына жататын мәліметтер;
10) сот сараптамасы органдары – Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сот-сараптама қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк заңды тұлғалар;
11) сот сараптамасы органының басшысы – сот сараптамасы органының сот-сараптама қызметіне басшылықты жүзеге асыратын адам (сот сараптамасы органының бірінші басшысы, сот сараптамасы органы аумақтық бөлімшесінің басшысы);
12) сот сарапшысы – осы Заңның талаптарына сәйкес келетiн, қылмыстық процестi жүргiзушi орган (адам), сот не әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берiлген орган (лауазымды адам), прокурор, нотариус Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сот сараптамасын жүргiзудi тапсырған адам;
13) сот сарапшысы мамандығы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу саласындағы сот сарапшысының ғылыми құзыреттілігі;
14) үлгiлер – сот-сараптамалық зерттеу жүргізу және сарапшының қорытынды беруі үшін қажетті, тірі адамның, мәйіттің, жануардың, заттың, нәрсенің қасиеттерін бейнелейтін материалдық дүние объектілері.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2013 № 113-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
2-бап. Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметi туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу және Азаматтық iс жүргiзу кодекстерiнен, Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Сот-сараптама қызметiнiң мазмұны
Сот-сараптама қызметiнiң мазмұны:
1) қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот сараптамасын жүргізуді;
2) сот сараптамасы саласындағы ғылыми зерттеулерді;
3) сот сараптамасын ғылыми-әдiстемелiк және ақпараттық қамтамасыз етудi;
4) сот сарапшыларын iрiктеуді, кәсiптік даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды қамтиды.
4-бап. Сот-сараптама қызметiнiң мiндеті
Сот-сараптама қызметінің міндеті қылмыстық, азаматтық істер бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді арнаулы ғылыми білімді қолдану нәтижелерімен қамтамасыз ету болып табылады.
Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.07.2013 № 113-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
5-бап. Сот-сараптама қызметiнiң принциптері
Сот-сараптама қызметi:
1) заңдылық;
2) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау;
3) сот сарапшысының тәуелсіздігі;
4) сот-сараптамалық зерттеулердi жүргiзу кезінде ғылыми-техникалық құралдар мен әдiстердi пайдалануға жол беру;
5) сот-сараптамалық зерттеулердiң жан-жақтылығы, толықтығы және объективтілігі;
6) сот сарапшысының кәсіптік әдебін сақтау принциптеріне негізделеді.
6-бап. Сот-сараптама қызметiн жүзеге асыру кезіндегі заңдылық
Сот-сараптама қызметi Қазақстан Республикасы Конституциясының және осы қызметтің құқықтық негізін құрайтын өзге де нормативтiк құқықтық актiлердің талаптары дәл орындалған жағдайда жүзеге асырылады.
7-бап. Сот-сараптама қызметiн жүзеге асыру кезінде адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау
1. Сот-сараптама қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделері сақталған жағдайда жүзеге асырылады.
2. Адамның құқықтары мен бостандықтарын уақытша шектеуді талап ететін сот-сараптамалық зерттеулер тек қана заңда белгіленген негіздерде және тәртіппен жүргізіледі.
3. Сот сараптамасы органының немесе сот сарапшысының әрекеттері (әрекетсіздігі) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін не заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін шектеуге әкеп соқты деп санаған адам көрсетілген әрекеттерге (әрекетсіздікке) заңда белгіленген тәртіппен шағым жасауғақұқылы.
8-бап. Сот сарапшысының тәуелсiздiгi
1. Сот сарапшысы сот сараптамасын жүргізу кезінде іс жүргізу тұрғысынан дербес, сот сараптамасын тағайындаған органнан (адамнан), сот сараптамасы органының басшысынан және басқа да адамдардан тәуелсіз болады.
2. Сот сарапшысы жүргiзiлген зерттеулердiң нәтижелерiн негiзге ала отырып, қорытынды бередi. Бұл ретте ол Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалып, жол берiлетiн зерттеу құралдары мен әдiстерiн таңдауда дербес болады.
3. Сот сарапшысына құқыққа сыйымсыз ықпал етуге және оның заңды қызметіне кедергі келтіруге жол берілмейді және заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2013 № 113-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
9-бап. Сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу құралдары
мен әдiстерін пайдалануға жол беру
Сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдар мен әдістерді қолдануға, егер олар:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында тiкелей көзделсе немесе олардың нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе;
2) ғылыми жағынан дәлелді болса;
3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса;
4) қауіпсіз болса жол беріледі.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2013 № 113-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
10-бап. Сот-сараптамалық зерттеулердің жан-жақтылығы,
толықтығы және объективтiлiгi
1. Сот сарапшысы сот-сараптамасын жүргізу кезінде өзінің арнаулы ғылыми біліміне негізделген, объектілерді жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін барлық шараларды қолдануға міндетті.
2. Сот сарапшысының қорытындысы жалпы жұрт қабылдаған ғылыми және практикалық деректер негізінде жасалған қорытындылардың негізділігі мен дәйектілігін тексеруге мүмкіндік беретін ережелерге негізделуге тиіс.
11-бап. Сот сарапшысының кәсiптік әдебін сақтау
Сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде сот сарапшысының кәсіптік әдебінің нормалары сақталуға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |