2 КӨРКЕМ МӘТІНДЕРДЕГІ ОККОЗИОНАЛ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР
2.1 Фразеологиялық тұлғалардың контаминациясы арқылы ОФ жасау
Жазушы кейде фразеологиялық сөз орамдарының лексикалық құрамын, семантикалық құрылымын қайта жаңғырту мақсатында оның әсер-ықпалын күшейте түсу үшін, ФТ-ға жаңа бір көркемдік эстетикалық сапа беру жолында олардың мағынасы бір-бірімен тоғысып, лексикалық құрамдары жымдасып жататын контаминация тәсілін қолданады. Бұл туралы А.М. Бабкин: «екі дербес тіркес негізінде окказионал сипат беретін жаңа фразеологиялық тұлға пайда болатындығын білдіреді» дейді [50, 28 б.]. Мұндай лингвистикалық құбылысты ғалымдар әр түрлі жолмен қарастырады. Мәселен, В.А. Маслова оны «бір элементтің екіншісіне әсер етуі, оның алғашқысының үнемі немесе тосын байланыста болуы нәтижесінде екеуі тоғысады», – деп қарастырса, [51, 139 б.], О.С. Ахманова «тілдік тұлғаның семантикалық немесе формалық өзгерісіне әкелетін, я болмаса жаңа тұлға туындататын, бір-бірімен не ассоциациялық, не синтагматикалық қатарда тоғысатын тілдік тұлғалардың әсері», – деп түсіндіреді.
Лингвистикалық түсіндірме сөздігінде контаминация (лат. сontamination –араласу) – семантикалық, қызметтік, құрылымдық жақындық негізінде екі тіл бірлігінің элементтерінің сөйлеу кезіндегі араласуы [52, 110 б.] деген анықтама берілген. Бұл құбылыс ең алдымен фразеология саласына тән, ең бастысы ол ауызекі сөйлеу тілін сипаттайды және ол әдеби нормадан ауытқу болып есептеледі.
Контаминациялану нәтижесінде нақтыланған образ немесе стилистикалық реңктегі ФТ-ның инварианты сақтала ма немесе жаңа ФТ пайда бола ма деген мәселе талас тудырады. Мысалы, А.И. Молотков мынадай көзқарасты ұстанады: «ФТ-ның контаминациясы дегеніміз – бұл жаңа тұлға туындатпайтын бір немесе екі ФТ-дағы жанасу» [53, 105 б.]. Контаминация тәсілі түрлі амалдар арқылы жасалады. Көптеген жағдайда контаминацияланудың басты себебі фразеологизмдердің мағыналық жуықтастығы мен олардың экспрессиясиялық тепе-теңдігі болып табылады. Тұтастай алғанда, бұл мәселе контаминацияланып отырған фразеологизмдердің түрін ескеру арқылы шешілуі тиіс. Егер ФТ-ның контаминациясы тұлғалардың семантикалық жуықтастығына негізделсе, онда жаңа ФТ пайда болмайды, тек қана ФТ-ның семантикасында кішігірім өзгеріс болады да, эмоциялық-экспрессивтік көркемдік, нақтылық және көрнекілік әсері ұлғаяды.
Қазақ тілінде бұл мәселені Н. Уәлиев шолып өтеді. Ол: «Көркем проза контексінде кездесетін контаминация тәсілінің стилистикалық қызметі ерекше. Мұндайда екі түрлі фразеологизмнің сыңарлары сыйыстырыла қолданылады» -дейді [22, 66 б.]. Осы пікірлерге сүйене отырып, екі ФТ-ның контаминациялануы яғни, бірігуі арқылы туған жаңа окказионал фразеологиялық тіркестерге мысал келтірелік:
Солардың арасында он екі – он үш жастардағы жалпош көйлек жалақ бала Мақұл танауын көтеріп, кеудесін ұрғылайды. (О. Сәрсенбаев, 7 б.). Сөздікте танауын көкке көтерді – өз-өзіне сыймай, ешкімді менсінбей дандайсыды, мақтанды [44, 492 б.], кеудесін қақты – өр мінездікке салынды, көкірек көтерді; мардымсыды [44, 250 б.] деген мағынаны білдіреді және бұл тіркестер мағыналас мәндегі фразеологизмдер қатарына жатады. Танауын көтерді – танауын көкке көтерді; кеудесін ұрғылайды – кеудесін қақты осы мысалдағы алғашқы компонент өз алдына дербес ФТ эллипсиске ұшыраған, мұның екінші компоненті де дербес ФТ, оның етістігі субституция әдісі арқылы жасалған. Танауын көкке көтерді + кеудесін қақты = танауын көтеріп, кеудесін ұрғылайды.
- Ана қараңдар, Қиқу апамыз кәрі жынына мініп алып, жортып барады -деді орындығында отырып-ақ. (Ж. Сабыржанұлы, 34 б.). Мұнда кәріне мінді (ашуға мінді) – кәрі жыны қозды (ашуы келді, ашулы айбарға көшті) [44, 243 б.] қос фразеологиялық тіркестерінің бірігіп кетуінің арқасында кәрі жынына міну секілді жаңа тіркес туындаған, бұл жерде де эллипсис тәсілі қолданылған. Осы ойға табанын нық басқан Ғалияның өмірден ендігі алмақ болған ләззәті – Біржанның қымызын сата отырып, уақытын ойын, сауық, әзілмен, ән-күймен өткізу еді (С. Мұқанов, 28 б.). Ойға салды ойланып қарады, пікір таразысына өлшеді [44, 411 б.]; табан тіреді – тоқтамға, шешімге келді [44, 485 б.] фразеологизмдерінің етістікті тұлғасы алғашқысында (салды) қысқарып, кейінгісінде басқа сөзбен ауыстырылған. Осылайша сыйыстыру әдісі арқылы жасалған окказионал фразеологизмдердің эксперссиялық реңкі басым болып, бұрынғысынан да күшейе түскен.
Жұмыс барысында пайдаланылған картотекаларға қарағанда, ОФТ-лардың көбінесе сатиралық мәтіндерде жиі пайда болатындығына көз жеткіздік. Енді эмотивтік бағыттағы сөйлеу мәтіндерінде қолданылған фразеологиялық контаминацияға қатысты бірнеше мысалдар қарастырайық. Сөйлеу мәтінінің осы түрлері мәтіннің прагматикалық құрылымында автордың өзіндік көзқарасының болуымен сипатталады, осыған орай осы жанрларда контаминацияның кез келген түрі мәтіннің семантикалық, стилистикалық, прагматикалық ерекшеліктерімен және автордың интенциясымен қамтамасыз етілген. Сондықтан да фразеологиялық мағынада ФТ-ның окказионалды контаминациялануының өзгеруі заңды құбылыс. Осыған орай тұлғаның және бүкіл мәтіннің көркемдігі, образдылығы, көрнекілігі мен эмоционалды-экспрессивтік реңкі күшейеді, ирониялық және эмотивтік әсердің пайда болуы жүйеленеді. Мысалы: Мақтағанға малданып, биіктепті, Емешегі езіліп, иіп кетті (К. Әмірбек, 54 б.). Емешегі езілді – қатты құмартты, қатты сүйді, құштар болды [44, 162 б.]; емшегі иді тіркесі сөздікке енбеген, бірақ қалыпты фразеологизмдер қатарына кірген, жалпы қолданыста бар. УФТ құрамындағы емешегі езілді тіркесіне иіп кетті компонентін қосу арқылы семантикалық мағынасы өзгерген окказионал тіркес туындаған.
Достарыңызбен бөлісу: |