Шарабай – құм. Жосалы ауылының шығысында, Сырдария өзенінің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.
Шобанқазған – елді мекен атауы. Көмекбаев ауылдық округінің құрамында. Елді мекен Көмекбаев ауылынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Шобан қазған - Әлім руының бір аталығы.
Шошқакөл – жолайрық, Жосалы кенті әкімшілігіне қарайды, аудан орталығынан батысқа қарай 9 шақырым жерде орналасқан.
Бұдан жүз жылдай бұрын сол маңайда жабайы қабандар мекен еткен көл болған. Сондықтан халық сол жерді Шошқакөл деп атап кеткен.
Шұқырқазған – артезиандық құдық. Тұран ойпатында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Шұқыр руы қазған құдық» мәніндегі атау.
Шірік-Рабат – көне қала орны. Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 200 км жердегі Жаңадария өзенінің ескі арнасында орналасқан. Оны алғаш 1867 жылы археолог П.И.Лерх ашқан. 1946-49 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеген. Шірік-Рабатты зерттеуде ғалым-археологтар С.П.Толстов, Л.М.Левина, Б.И.Вайнберг бес жерден қазба жұмыстарын жүргізді. Ұзындығы – 800 м, ені – 600 м болып келген жазық төбеде орналасқан қала 42 га жерді алып жатыр. Төбе бірнеше қатар дуалдармен, екі қатар бекініс жүйесімен күшейтілген. Алғашында қала тайпа көсемдері өмір сүріп және жерленіп отыратын бекініс қызметін атқарып, кейіннен тұрақты үлкен мекенге айналған. Бекініс қамалда барлығы төрт қорған болған.
Ізтелеу – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстігінде, Тұран ойпатында. Кісі есімінен қойылған атау.