Тасбөгет жолайрығы – Кеңес Одағы кезінде Тасбөгет елді мекені (разьезд № 88) Қамбаш ауылдық кеңесінің құрамында, одан кейін Аралқұм ауылдық округінің құрамында болған.
2005 жылы Сапақ ауылдық округі құрылып, қазір осы округке қарасты елді мекен. Тасбөгет жолайрығы аудан орталығынан 15 шақырым қашықтықта, ал округтен 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазіргі таңда елді мекенде 22 отбасы тұрып жатыр. Халық саны – 91 адам. Елді мекен теміржол бойында орналасқандықтан, тұрғындар жолдың екі жағына шоғырланған. Елді мекеннің өндіріс орындары, клуб, кітапхана, медициналық пункт жоқ, тек қана Сапақтағы № 69 орта мектепке қарасты бастауыш мектеп бар. Тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен айналысады.
Таңсықбай– құдық. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Тасарық – ауыл. Арал қаласынан оңтүстікке қарай 85 км жерде, Қамыстыбас көлінің шығысында. Бұрынғы атауы – Жаркөл ауылы. «Екі жиегі таспен өрілген арық» мәніндегі атау.
Тасқұдық – құдық. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде. Тереңдігі – 2 м, шығымы – 170 л/с. Құдықтың тасты жерден қазылуымен немесе таспен өріліп, шегенделуімен байланысты аталып, сол құдық қазылған жерге берілген атау.
Тасқұдық – құдық. Арал теңізінің солтүстігінде.
Тастақ - ауыл. Арал қаласынан батысқа қарай 120 км жерде, Сырдария өзенінің атырауында. «Тасты жер, тас көп кездесетін жер» мәніндегі атау.
Тастүбек – елді мекен. Арал қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 80 км жерде, Көктырнақ түбегінде орналасқан. Бұрынғы Тастүбек балық колхозының орны. Теңіз жағасында бекіре балығы мекендеген үлкен тастар көп болған. Бұл тастар қазір әлі де бар, сондықтан бұл жерді «Тастүбек» деп атаған.
Тастүбек – қыстау. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында.
Тәмпі – қыстау. Арал Қарақұмының оңтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Тәуір – жер атауы. Қазір онда ел тұрмайды. Бұрын балықшылар қоныстанған. Тәуір Нұрбай деген байдың Қалиядан туған Абыланың баласының есімі.
Тезқұдық – бұлақ. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында.
Тербенбес– таулы төбе. Сексеуіл ауылынан шығысқа қарай 15 км жерде. Абс. биіктігі – 208 м. Ертеректе теңіздің жағасы болған деседі. Халық арасында су тасқаны болған кезде таудың етегіне қоныс тепкен адамдар тау басына шығып, аман қалған деген аңыз бар. Сол кезде бесікте құндақталған сәби теңіз бетінде тербетіліп қалап қойған. Содан Тербенбес деп аталған деген аңыз бар.
Тербенбес – темір жол бекеті. Сексеуіл ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 10 км жерде.
Тоғыз артезиан алабы – жер атауы. Арал теңізінің солтүстігіндегі Үлкен және Кіші Борсық құмдарының аралығында орналасқан жерасты сулы өңір. Алап жалпы қалыңдығы – 70-100 метр болатын палеоген құмды шөгінділерінің қойнауында қалыптасқан. Суының Арыны күшті болғандықтан кей жерлерде шапшып шығады, бірақ су өнімі аса көп емес. Тоғыз артезиан алабының табиғи қоры 10 млрд. куб метр. Артезиан суы әзірше пайдаланылмайды.
Тоқабай– ауыл. Арал қаласынан шығысқа қарай 50 км жерде. Кісі есімінен қойылған атау.
Тоқыбай – көл. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Сырдария өзенінің бойында.
Томарлы – құдық. Баршақұмның оңтүстігінде. «Томары көп, шоқатты жер» мағынасын аңғартады.
Тораңғылы – мүйіс. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағасында. «Тораңғы ағашы өскен жер» мағынасындағы атау.
Төртқара– құдық. Баршақұмның оңтүстігінде. «Төрт төбе, қарайған шоқы орналасқан жердегі құдық» мәніндегі атау.
Төртқұдық – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұмның батыс бөлігінде.
Төртқұлақ– бейіт. Шыбықты ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 24 км жерде. Төртқұлақ – бейіттің бір түрі.
Тұрсын – қыстау. Арал қаласының оңтүстігінде, Қамыстыбас көліне жақын. Кісі есімінен қойылған атау.
Тұрсынбике– ауыл орны. Арал қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 17 км жерде. Кісі есімінен қойылған атау.
Тұщыбас – шығанақ. Арал теңізінің солтүстігінде. Құрлыққа 30 км-дей сұғына еніп жатыр, енді жері – 11 км. Ең терең жері – 19 м. Батыс жағалауы Құланды түбегінің аласа құмды жағасына, шығысы Қаратүп түбегіне жалғасады. Түбі құмды, терең жеріне қалың лай шөккен. «Су тұщы шығанақ, көл» мағынасындағы атау.
Тұщыбас – көл. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Сырдария алабында, Бөген ауылынан шығыста 2 км жерде орналасқан. Ауданы – 12,6 шаршы км, ұзындығы – 11,5 км, енді жері – 2,9 км, терең жері – 5,5 м. Құмайтты жағалауы жайпақ. Оңтүстігі батпақты. Сырдария өзені қатты тасығанда көл деңгейі көтеріліп, аумағы ұлғаяды. Көл бірімен-бірі каналдармен жалғасқан 3 бөліктен тұрады. Жағалауында қамыс өседі. Батыс жағалауы биік бұйра құм, оңтүстік бөлігі жазық.