Түсшеген – құдық. Баршақұмынң оңтүстігінде.
Тырнақбай – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұм өңірінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Тілеужан – құдық. Арал қаласынан солтүстікке қарай 21 км жерде. Кісі есімінен қойылған атау.
Ухайтам – төбе. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұмынң батыс бөлігінде. Абс. биіктігі -109 м.
Ұзақбай – қыстау. Баршақұмынң оңтүстігінде.
Ұзынқайыр – жер атауы. Арал теңізінің қазақстандық бөлігіндегі арал. Арал ауданы жерінде Ұзынқайыр аралдары екеу. Оның біріншісі – Қасқақұлан аралының батыс шетінен 15 км-ге созылып жататын, ені – 1,5-2,0 км болатын құмқайыр. Қиыр солтүстік мүйісінде 400-дей тұрғыны бар елді мекен болды.
Екіншісі – Ұялы аралының шығысында 4,0 км жерде теңіз ішінде орналасқан. Ұзындығы – 16 км, ені – 0,7-1,2 км. Солтүстік-шығысынан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатқан жалаңаш қайыр. Мұнда отырықшы ел болған жоқ. Тек Ұялы, Көзжетпес және Қасқақұлан балық ұжымшарларының балықшылары көктемгі лайбалықта (мамыр айы) осында қоныстанып жатып, балық аулады. Негізгі аулайтын балығы – қаяз. Қазіргі Ұзынқайыр аралы теңіз суының тартылуына байланысты жағалаумен бірігіп кетті.
Ұялы Аралы – жер атауы. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауындағы арал. Кезінде (1980 жылға дейін) арал жағалаудан 8 км қашықтықта жататын. Ұзындығы – 18 км, ені – 25 км-ге жететін. Ол Арал теңізінің оңтүстік-шығысындағы Сұлу бұғазының солтүстік жағасында орналасқан. Теңіз толық кезінде мұнда Ұялы аралы болды. «Құстардың ұясы мен жұмыртқасы көп кездесетін (жер)» мәніндегі атау.