Паралингвистикалық тəсілдердің 3 түрі бар:
фонациялық — ырғақ, тембр, дауыс қаттылығы, кідіріс орнына жұмсалатын дыбыстар (мысалы, е-е, м-м), сөйлеу мəнері, жергілікті, əлеуметтік немесе идиолектілі дыбыстардың жасалуының ерекшеліктері;
кинетикалық — дене қимылы, сөйлеушінің бет-əлпетінің қозғалысы;
графикалық — жазу (почерк) ерекшелігі, əріптер мен тыныс белгілері қолтаңбасының түрлері, əріп таңбасын айырбастайтын қосымша символдық белгілер (&, §) жəне т.б..
Паралингистикалық амалдар мынадай қызмет атқарады:
қосымша ақпарат беру (жағдайға байланысты бас изеп қолдау\қолдамау, фонациондық сипаттамалар арқылы баға беру т.б.);
вербалды элементтің орнына қолданылады (мысалы, басын шайқау немесе таңдайын қағу арқылы жағымсыз ым-ишараны білдіру);
ортақ мағынаны білдіру мақсатында вербалды əдістермен қатар қолданылады (мысалы,«Маған анау кітапты əперіп жіберіңізші» деген сөйлемді сілтеу ишарасы арқылы қол сілтеп көрсетуге болады. Көзге көрініп тұрған болса, бұл жерде кітаптың авторын немесе атауын айтып жатудың қажеті жоқ [4].
Паралингвистикалық амалдар хабарлаушы (немесе жазушы) жайында ақпарат беруі мүмкін, яғни оның əлеуметтік, жыныстық, жастық белгілерін, мінез ерекшеліктерін, сонымен қатар этнолингвистикалық құрамын анықтайды.
Паратілдік көріністер біздің қоғамымызда түрлі жағдайлардан көрінеді. Мəселен, адамдардың сəлемдесуінің өзінен бірнеше ерекшеліктерді де байқауға болады. Бүгінде ер адамдармен қатар əйел адамдардың да қол беріп сəлемдесуі дағдыға айналған. Əйел адамдардың ер адамдармен қатар деңгейде қол беріп амандасуы олардың қоғамдағы лауазымды дəрежесіне байланысты екендігін білдіреді. Бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде Шымкенттен əйел адамдардың қол беріп амандасуын жиі байқадым. Басқа ұлттарда, мысалы, шешендер, тəжіктерде қазіргі таңға дейін қарама-қарсы жыныс өкілдерінің қол беріп амандасуына тыйым салынған. Еуропалық біраз мемлекеттерде қол беріп сəлемдесу қолданылмайды, олар вербалдық компоненттегі сəлемдесуді қолданғанды жөн санайды. Қол берусіз амандасу түрі бізде жақын таныс емес адамдар немесе мүлдем таныс емес ер адамдарға амандасқан кезде, сонымен қатар еңбек ұжымына қолайлы кезде, отбасында жəне т.б. жағдайларда орын алады. Бұл дегеніміз барлық келтірілген жағдайларда сөйлеусіз амандасу болмайды деген емес. Алыстағы адамдар басын изеп амандасады, салт аттыларда да сəлемдесу ерекшеленеді, олар ат ер- тұрманынан сəл көтерілу арқылы, бір-біріне қарап, оң жұдырығын кеуде тұсына қойып амандасады.
Паралингвистикалық амалдар арқылы көптеген көңіл-күйді білдіруге болады. Мысалы, сағыныштан көптен күткен адамды құшақтауға оқталсаңыз, дене артқа жылжып, қолдар жан-жаққа ашылады, көздеріңіз жайнайды, езуіңізге күлкі үйріліп, көзіңізге жас та келуі мүмкін; асықпай, жылы тембрмен «Қымбаттым!» немесе «Жаным!» т.с.с. жылы сөздерді айтасыз. Ал, керісінше болған жағдайда қолдар жылдам, тез жиналып, дауысыңыз қатқыл шығады, сөйлем жағымсыздықпен айтылады: «Қымбаттым!». Жағымсыз көңіл-күйде дауыссыз дыбыстар екі еселенді. Мағынасын ұғып көріңіз: «Мен сені дəл осылай істейді деп ойламап едім!».
Қарым-қатынас үдерісінде паратілдік амалдар біздің айтайын деген ойымызды алдын ала білдіріп, сөйлеу əрекетіне дайындайды. Мысалы, ең алдымен көз, қолдар, дене қимылдайды, содан кейін барып, сөйлем пайда болады. Өмірдің қозғалыс заңына сəйкес, қимылымыз бізді сөйлеуге алдын ала дайындайды. Алдымен сұхбаттасушыға қарай басымыз бұрылады, содан кейін ғана сіз оған сұрақ немесе өтінішіңізді білдіре аласыз. Мысалы:
Қияс сөйлемеген Ұржанды аузына алды ғой, көке, — деп Əнапия қаймыға тұрып сөз қосып еді, Нұртаза арс етті:
Сен немді түсіндің. Ей, сорлы неме, қатыннан да сөзден де жұрдай мақрұм қаларсың-ау! —деп зекіген Нұртаза, енді Сүлейменге бұрылды.
Мақан ежелгі құйтырқы қу түлкі емес пе... Енді, сөзді тым ушықтырмай алас-күлес бітіріп, Қорамсадан кек алудың тəсілін ойлау керек» (С.Жүнісов. Ақан сері).
Алайда мимика, пантомимикасыз айтатын сөйлемдік жағдаяттар бар (мысалы, белгілі бір қажетті жұмыстан бас алмай диалог құруымызға болады). Бұл кезде де іске паратіл — интонация қосылады. Себебі паратіл екі түрге бөлінеді: кинесика жəне фонация.
Ым-ишара, іс-қимыл, дауыс арқылы адамның сезімдік дүниесіне тереңінен үңіліп, білуімізге болады. Мысалы:
- Балым, масқара-а, таң атып қалыпты. Не қара басып білмегенбіз, — деп күбірледі. Балхадиша күлімсіреп, жай ғана қарады да, лəм демеді. Жеңгесі тықырши бастады.
Балхадишамен сөйлесіп отырып, анда-санда көз қиығын тастаған Ақан мұны сезіп қалды.
Балым, айналайын, біраз отырдық қой, ендігəрі үйден шығармай қояды, кетейікші, — деп сары келіншек жалынып, қыңқылдай берді. Бағанадан бері үйіндегі күйеуін де ұмытып, есі шыққан əйелдің ендігі түрі адам аяғандай. Тағы да біраз қыңқылдап, онысымен ештеңе өнбеген соң, қорқытуға көшті. Ал сен кетпесең мен кетемін, жауабын өзің берерсің.
Бара бер, мен кейін... Қасқыр жемес, — деп Балхадиша зілмен жеңге бетін қайырып тастады.
Құдай-ай, енді қайтейін, таяқ жейтін болдым-ау, — деп кемсеңдеген əйелдің көзі есік жақтағы тура өзі секілді бір келіншекке түскенде мүлдем зəресі ұшып кетті. Ана əйел де ернін жымқыра тістеп, бір жұдырығымен екінші жұдырығын түйміштейді. Онысы «тұра-тұр бəлем, үйіңе барған соң байыңнан сыбағаңды аларсың» дегені болар. Ол да Балхадишаның екінші үлкен жеңгесі еді» (С.Жүнісов. Ақан сері).
Кез келген қимылдың ажырамас екі түрлі жағы болады — психикалық жəне физикалық. Бұл екі түрлілік іс-қимыл құрылымы, бір жағынан, қимыл «заттай-техникалық» шешімге бағытталса (мысалы, үстел үстінен кітапты алу), ал, екінші жағынан, қимыл осы іске, затқа, қоршаған ортаға екінші бір адамның қатысын білдіреді (жолдасыңды оятып алмай үстел үстінен кітапты алу). Демек, тұрмыстағы қолданыста кітапты алу еркіндікті білдірсе, ал байқап алу сезімді анықтайды. Міне, осы қимылдың мағыналық құрылымы, позициондық тон, қарым-қатынасты білдіреді.
Қарым-қатынас үдерісіндегі паралингвисткалық амалдардың екі түрлі ерекшелігі бар. Бір жағынан, олар сөйлемдерді үнемдеуге көмектеседі. Біз, мысалы, сатушыға қарап «анау кітапты (кез келген затты) көрсетіп жіберіңізші», — дей саламыз. Бұл жерде оны толық сипаттаудың қажеті жоқ жəне артық сөз қолданбаймыз. Екінші жағынан, олар сөзбен айтылмағанды, мəтінастын жасырып, сөйлем көп мағыналылығын, оның стилистикалық бейнеленуін, сезім, қатынас жəне т.б. толықтырады. Мəселен, «Білесіз бе?!» деген сөйлем мағынасын интонация, ым-ишара, қозғалыссыз түсіну қиынға соғады.
Паратілдік амалдар арқылы адамдардың қарым-қатынасын, бір нəрсені ұнату-ұнатпауын, жақсы көру, жеккөру т.б. сынды қасиеттерін білуге болады. Мəселен, дəрісханада студенттерге оқытушы дəріс оқыған жағдайда оқытушы үнемі студенттердің тақырыпты қалай тыңдап отырғандығына назар аударып отыруы тиіс. Мұндай жағдайлар көбіне тақырып қызықтырмаған жағдайдан туындауы мүмкін. Соған сай ол аудиторияны көз қиығымен, бар жан-тəнімен ұға бақылап отырғаны дұрыс. Мұндай əрекет оқытушының педагогикалық шеберлігін аңғартады. Бұл оқытушының дикциясын өзгерту арқылы (дауыс көтеру немесе созу), көзін алайту немесе партаны тықылдату т.б. əрекеттерінен көрінеді.
Коммуникациядағы паратілдік амалдар баяншы не қабылдаушы арқылы беріліп тұрған ақпаратты толық мəнінде түсінуге мүмкіндік береді, қарым-қатынасқа түсушілер сөздерінің экспрессивті-эмоционалдық реңкін арттырады.
Прагмалингвистика теориясы мен зерттелуі
Достарыңызбен бөлісу: |