1894-1933 ХІХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінің тарихында іргелі орны бар ағартушы-демократ ақындардың бірі. 1913 жылы «Айқап» журналында ақынның «Қиялым» деген өлеңі жарияланды. Бұл – ақынның баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Осы кезден бастап өз заманының маңызды мәселесінің бәріне үн қосқан ақын өлеңді үзбей жазады. 1915 жылы Уфа қаласында «Ұсақ-түйек»деген атпен өлеңдерінің алғашқы жинағы жарық көрді. 1919–1922 жылдар арасында қазақ ауылдарында мұғалім, халық соты қызметтерін атқарды. 1928 жылдан бастап С. Дөнентаев «Қазақ тілі» газетінің редакциясындажұмыс істеп, барлық күш-жігерін қазақ әдебиетін дамытуға жұмсайды. Ал 1957 жылы шығармаларының академиялық жинағы шықты. С. Дөнентаевтың ақындық қызметі екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңі – 1912–1918 жылдар арасы, екінші кезеңі – кеңес дәуіріндегі шығармашылығы, яғни 1918–1928 жылдар арасы. Ақынның «Заман кімдікі», «Досқа», «Замандастарға», «Балалық» және т.б. өлеңдері халықтың азаттыққа ұмтылу арманын суреттейтін реалистік шығармалары болды. Ақын шығармалары тақырып, жанр, көркемдігі жағынан да әр алуан болып келеді. С. Дөнентаев өз дәуірінің қоғамдық шындығын кең жырлаған, қазақ әдебиетінің өткір сатиралық стильді қалыптастырған ірі суреткер ақын. Сәбит революциядан бұрын, 1913-1917жылдар арасында жазған өлендерінің бір сыпырасында халықты,жастарды оқуға , мәдениетке , дүние тану өнер-білімін, техниканы, ұлы орыс халқының оқуын, мәдениетін үйренуге, сонда үлгі алуға шақырып, үгіттейді. Мысалы,ол «Замандастар» деген өлеңінде:
Жабысайық өнерге, Ынтықпай, қарап өленге, Өзіміз керек демесек, Керек қып бізді келер ме? Сақтанбасақ бір қақтар, Келешек мырза келерде, Жумулы болып көзіміз, Ізденбесек өзіміз. Білімінен білгендер Келіп бізге берер ме. Ұмтылайық оқуға, Айналмай көр-жер қоқымға…-дейді. Осы сияқты, ол «Талап» деген өлеңінде де халықты, жастарды оқуға, білімге, талаптылыққа, техника үйренуге шақырады. Ақынның бұл өлеңі мынадай:
Әр дәулет саған даяр етсең талап , Бақ келмес іздеп сені жатсақ қарап. Нұр жауар талаптыға деген қарттар, Жүргенге жөргем бар ғой бұрыннан ақ Жалғызғызбын, жарлымын деп қорғаланбай, Сал құлаш бір өзіңді жүзге балап. Әр бірі талаппенен тауып жатыр, Дүниеде нелер өнер көрсең санап… Оның «Қожа», «Ауырған арыссы», «Ужеген қасқырға»,.Көзі тоймаған ит», «Екі теке «Бозторғай» мысал өлеңдері кейбір адамдарда болатын аңқаулық, өрескел қылықтардан, өсек-аяң,өтіріктен, жағымпаздық немесе бірді-бірді соғыстыратын айлакер сұм істерден аулақ болуға үйретеді.Ондай жағымсыз әрекеттердің адам баласына жат жақтарын әжуа, мазақ етіп, мейлінше әшкерлейді. Сәбит мысалдары көңілге қонымды, әрі терең мағыналық, күлдіргілі болып келеді.
Мұны оның «Бозторғай» деген мысалының сюжет мен мазмұнынан көруге болады.Ақын мұнда патша үкіметінің әкімдерін келістіріп сынаған. Оның басқа мысалдары да осылай болып келеді. Сәбит мысал жанрына шебер ақын деуге болады.
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәбит Дөнентаев өз дәуірінің шындығын ешкімге ұқса¬май сатиралық жанрда дамытты. Октябрь революциясына дейінгі шығармаларында еңбекшілердің құлдыққа, қорлықта өткен өмірін зор өкініш, аянышты күйзеліспен суреттейді. Ал совет дәуіріндегі өлеңдерінде көсеміміз Ленин бейнесін, революция жеңісін, кешегі жалшылардың бақытқа жетіп, қоғам өміріне араласуын жырлайды.
Мақала, очерк, фельетондарында жаңа өмірдің келелі міндеттеріне тоқталып, оған қарсылық білдіретіндерді аяусыз әшкерлейді. Ақын қаламынан туған «Әйел теңдігін қалай түсіну керек» (1924), «Хат танымаған қатарға қосылмайды» (1924), «Баспасөз күшейсін» (1926), «Әуелі шаруа оңалу керек» (1924); «Қытайда әлеумет соғысы» (1924), «Саясат дүниесінде» (1924), т. б. мақалаларында әйел теңсіздігі, ауыл тіршілігі, халықаралық саясат туралы айтылады.
«Көркемтай» деген әңгімесінде (1924) жетім баланың көрген қорлығы, аянышты өмірі суреттеледі.
Жастардың білім алуының орнына құр сенделіп, жалаң сөз қуып жүргенін «Екеуі де дұрыс» атты оқшау сөзінде (1925) мінеп - шенейді. И. А. Крыловтың, Ғ. Тоқайдың, т. б. бірсыпыра өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Ақынның балаларға арнаған өлеңдерін екі бағытта қарастыруға болады. Оның бірі - тікелей балалар әдебиетіне жататын туындылар болса, екінші бір тобында бала көзқарасымен қарай отырып, үлкен әлеуметтік мәселе көтереді. Осы орайда «Балалық», «Балалықты сағыну», «Ұры мен баласы» сынды өлеңдерін атап өтуге болады.