М. Жұмабаевтың әдеби зерттеу мақалаларын сараптаңыз
30-шы жылдардың бірінші жартысындағы қазақ әдебиет сыны Сәкен, Мағжан, Мұхтар төңірегінде шыр айналып, басқа салаларға назар аудармаған екен деп түсініп қалуға болмайды. Өзінің идеялық-эстетикалық өрісі мен өресін айқындау үшін талай талпыныс жасағаны, әр түрлі өңірге жарығын түсіре бастағаны сол кезде жарияланған көптеген мақалалардан анық байқалады. Қазақ поэзиясы философиялық биікке XIX ғасырдың соңына қарай Абай арқылы көтерілсе, XX ғасырдың басында ұлттық әдебиетіміздегі осы Абай шыңына Мағжан да иықтаса қатар қонды. «М. Жұмабаев – әлемдік деңгейге көтерілген күшті ақын. Оны мұндай биікке көтерген – негізінен қазақтың ұлттық поэзиясының нәрлі құнары Ол – өзіне дейінгі қазақ поэзиясын жақсы білген, керегін алған, үздіктерінен үйреніп, оларды әрі карай дамытқан жаңашыл ақын.» (Д.Ысқақұлы). Мағжан Жұмабаев қазақ әдебиетін арнайы зерттемесе де, оның кейбір өкілдері жайлы мақалалар жазып, пікірлерін білдіріп отырған. Ақынның «Ақанның өмірі», «Ақан сері сөздері»атты екі бөлімнен тұратын «Ақан сері» атты көлемді мақаласынан, сондай-ақ Базар жырау, Әбубәкір Дибаев, Б. Күлеев, А. Құнанбаев хақында білдірген ой-пікірлерінен оның жалпы әдебиет, әдеби мұра жайлы көзқарастары анық көрінді.
Мағжан Жұмабаев «Қазақ» газетінің редакторы, түрколог, қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсынұлынан және Шығыс мәдениетімен де Батыс мәдениетімен де жан-жақты, терең сусыңдаған аса дарын иесі Міржақып (Мир-Якуб) Дулатовтан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір қырына көтеріледі.Әдеби еңбектері: «Педагогика» (Орынбор, 1922). «Сауатты бол» (Ташкент, 1923); «Алтын хакім Абайға» (1912); «Ақан сері», «Бернияз Күлеев», «Базар жырау», «Әубәкір ақсақал Диваев» т.б. мақалалары. Абайдың әдеби тілді түрлендірудегі қайталанбас талантына баспадан 1909 жылы шыққан өлеңдер жинағынан оқып, табынған Мағжан Абайға арнап: «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген 6 шумақ, 24 тармақтан тұратын өлең жазады. Сөйтіп, ақын Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы орнын анықтап, талантын мойындайды. Мағжанның бұл өлеңі қазақ поэзиясында ғана емес, ұлттық әдебиеттану ғылымындағы абайтануға жасалған сәтті қадам еді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдар аралығындағы әдеби процеске белсене атсалысқан атақты ақын Мағжан Жұмабаевтың 1922 жылы алғаш рет Орынборда жарық көрген «Педагогика» атты ғылыми зерттеу еңбегінің өзі сөз өнеріне тікелей қатысты. Мұнда ұлт пен ұрпақ тәрбиесіне байланысты айтылған ғылыми тұжырымдардың бәрі төл әдебиетіміздегі туындылардың көркем мәтінін талдау арқылы түйінделеді. Әсіресе, адамның жан тілі (психология), ішкі сезім көріністері, жан сырының дене қозғалысы арқылы сыртқа білінуі т.б. сияқты психологиялық бейнелеу құралдары жөніндегі теориялық ойлары қазақ әдебиеттану ғылымында бұрын-соңды арнайы әңгіме болмаған мәселелер. Айталық, осындай сапарларда жиналған әдеби мұралар мен жеке ақын-жыраулардың өмірі мен өнердегі тарихи мәліметтерді ғылыми тұрғыдан жүйелеп, бір ізге түсіруде М.Жұмабаев үлкен еңбек сіңірді. Зерттеуші ғалым, әсіресе, ақын-жыраулардың өлеңдері мен қара сөздерінің көркем мәтіндеріне, ондағы сөздік қор мен тілдік қолданыстарына ерекше мән беріп, олардың тұрақты (канондық) мәтінін қалыптастыру мәселесін күн тәртібіне қойды. Өзі зерттеген Ақан сері, Базар жырау, Бернияз Күлеев, т.б. шығармаларының толық мәтінін жинап, жариялауға зор үлес қосты. Бұл еңбектерде әдеби мұралардың жанрлық түрлері, стильдік ерекшеліктері, жеке ақындардың шығармашылық зертханасы, тілдік қолданыстары, қаламгерлік қасиеттері, әдеби тілдің тазалығы т.б. сияқты әдебиеттану ғылымының күрделі мәселелері қарастырылады. Мәселен, бұрындары әдеби мұралары жиналмаған Ақан серінің жырларын ер арасына барып, жинап, оның өмір дерегінен бастап, әрбір ән-жырлардың шығу тарихы, сол кездегі ақынның көңіл-күйі, хал-жағдайы, өмір кезеңдері, жалпы шығармашылық-психологиялық ахуалы жайында кеңірек ғылыми мәліметтер келтіреді. Мақалаға кіріспес бұрын автор Ақан серінің көзін көріп, сөзін естіген, жырын жаттап, соны жазып берген тірі мұрағат көздеріне, яғни ел ақсақалдарына деген алғысын жеткізеді. Мырзалыұлы Баялы, Шыңғысұлы Қоқыш, Бозайұлы Ысмағұл, Самыратұлы Қазы т.б. сынды қариялардың білгендерін жазып алып, сол төңіректе ой толғайды, өлеңдеріне сараптама жасайды. «Ақанның өмірі» деген бөлімшеде оның оқып, сауат ашуынан бастап, серілік құрып ән шығарып, жыр жаза бастағанын, өмірінде кездескен қилы-қилы тағдырға байланысты туған жыр толғауы жайында толық ғылыми деректер келтіріледі. Ал «Сөздері» (шығармашылығы деген мағынада – Г.П.) деген бөлімде ақынның қолда бар жырларын талдау жасалады. Біздіңше, автор Ақан серінің «... сөздерінің мінезін білдіріп, түрлерін көрсетуді» мақсат тұтқан секілді. Алайда, ақынның жырлары түгел жиналмағандықтан, үш-төрт жүз жол өлеңімен шектеліп, сол бойынша оның ақындығын шолуға тура келген. Мағжанның өзі де ақын болғандықтан Ақан сері өлеңдеріндегі кемшіліктерді бірден байқайды, әсіресе ол тіл тазалығының сын көтермейтінін, өзге елден енген сөздердің көптігін қатты сынға алады. Алайда, оған кінәлі ақын емес, сол кездегі тіл шұбарлығы, қазақ арасына орыс, араб, парсы сөздерінің көп енгендігінің кесірі екендігін дәлелдейді. М.Жұмабаевтың әдебиеттануға арналған тағы бір зерттеу еңбегі – «Бернияз Күлеевтің шығармашылығы туралы». Мұнда автор өзінің замандасы әрі әріптесі, жаңадан жақсы жырларымен танылып келе жатқан талантты ақынның өмірбаяны, қызметі, не бәрі 20-ақ жасқа келген қысқа өмірінде отты, жалынды жырлары туралы ғылыми мәлімет беріледі. Ол Бернияз Күлеевтің ақындық табиғатын былай береді: «... Ұшқын бетінде жарыққа шыққан жас Бернияз әдебиетіміздің сол табиғи жолымен шықты. Бірақ екпін тым күшті еді. Біраз өлеңдері басылған соң-ақ, оқушы оған жалт беріп қарап қалған еді. Екпіні зор еді» (349-б.). Жарқырап келген екпінімен елді еткізген ақынның өзі көзі тірісінде де аз жарияланып, тек 1922 жылдарда «Еңбекші қазақ», «Өртеңде» бірнеше өлеңдері мен «Қызыл Қазақстанда» бір поэмасы басылып, Бернияздың ақын болып қалыптасып қалғандығын, өлең құрылысы мен жалпы қисынын меңгеріп, шеберлігі шыңдалғанын айтып, осындай отты, талантты ақыннан тосыннан айырылып қалғанына қапалық танытады. Әдеби мұраны жинауға өзі де белсене атсалысқан М.Жұмабаев сол ұлттық рухани дүниелерді жинаушыларды да кеңінен насихаттаған. Осындай мақсатта жазылған мақаланың бірі – «Әубәкір ақсақал Диваев». Ақын халық мұрасын жинаушы Диваевтың еңбегін жоғары бағалап, әсіресе екі ел арасындағы әдеби байланыстарды нығайтудағы еңбегін ерекше атап көрсетеді: «Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жорасы... Ол күндерде қазақ-қырғыз тілінде газет, журнал жоқ болғандықтан, Әубәкір жинаған әдебиет орыс тіліне аударылып, орыстың газет-журналдарында бастырып отырған». М.Жұмабаевтың әдебиетке деген адал көзқарасын, оның әрбір мұрасына деген жанашырлығын танытатын тағы бір шағын мақаласы – «Базар жырау». Тегінде талантты танып, бағалай, таныта білу де ұлылықтың бір белгісі болса керек, базар жыраудың қолда бар 4-5-ақ өлеңімен қазақ әдебиеттану ғылымындағы тарихи орнын анықтап берген М.Жұмабаев екені бүгінде тарихтан белгілі болып отыр. «Теңіз тамшыдан танылады» дегендей осы аз ғана өлеңін талдау арқылы «сөзге жүйрік, ойлы ақын» Базар жырау әдеби айналымға енді. Ақынның қияға бай, сөзге шешен, тілі өткір екендігін әрбір өлең жолдарындағы сөз саптаулары арқылы дәлелдеген зерттеуші талантты дер кезінде таныта білу деген қағиданы да еске салатындай. Мәселен, өлім босағасында тұрып Базар жыраудың айтқан ұзақ өлеңінің ішінде мынадай шабытты ой, шешен сөз, тың теңеулер бар: Дүние, бір толқыттың, бір қорқыттың, Айырылып аждаһадай ақыр жұттың. Болғанда бізге жолдас сертің қайда. Достықты құшақтасқан неге ұмыттың... Құлаштап дүние сені қармансақ та, Кері келгенге ұқсайды-ау, Қорқыттың... Міне, осы өлең мәтіні Базардың терең ойлы ақын екендігін дәлелдесе керек-ті. Базардай қазақы сөзге шебер ақынның ұмытылып кетпеуіне жанашырлық пен жауапкершілік танытқан автор бұл мақаласында әдебиетті дәуірлеуге деген өз көзқарасын білдіре кетеді: «... Осы күні біздің оқушыларымыз қазақ әдебиеті десе, Абайдың бергі ақындарды ғана көреді. Әдебиетті білсе де, ақындарды білмейді», – дей келе ол ақындардың туындыларының кітап болып басылмағандығын, ел арасында насихатталып, баспасөзде сын жазылмайтынын айтады. Және Абайға дейінгі ақын-жыраулардың өмір деректері мен шығармаларының ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, жиналмағандығы мен баспа бетін көрмегендігі болмаса олардың ақындық шеберліктері мен сөз өнерін жасаудағы білім деңгейлері жоғары екендігін ескертеді. М.Жұмабаевтың жоғарыда аталған еңбектері ұлттық әдебиеттану ғылымына қосылған зор үлес. Әдебиет тарихы, әдеби мұра, оны жинаушылардың ерен еңбегін бағалау және жеке ақын-жыраулардың өмір деректері мен шығармашылығын мәтіндік тұрғыдан танып, зерттеп, ғылыми жүйеге түсіру т.б. жөніндегі теориялық тұжырымдары, ойлы пікірлері сөз жоқ бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылыми үшін құнды.